Ат әбзелдері, ер тұрмандар, қару-жарақтар


Пән: Өнер, музыка
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 41 бет
Таңдаулыға:   

ЖОСПАРЫ беттері

Кіріспе 3-10

І-тарау. Ат әбзелдері, ер тұрмандар.

1. 1. Ат әбзелдері, ер тұрмадардың сипаттамалары,

құрылымы 11-21

1. 2. ОММ қорындағы ат әбзелдерінің сақталуы,

қалпына келтіру және көрнекіленуі 22-29

ІІ-тарау. Қару-жарақтар

2. 1. Қару жарақ түрлері. Атаулары, сипаттамалары 30 - 43

2. 2. ОММ қорындағы қару-жарақтардың аақталуы,

қалпына келтіру және көрнекіленуі 44-47

Қорытынды 48 -49

Әдебиеттер тізімі 50-51

К і р і с п е

ЕР ҚОСУ- қазақ шеберлері игерген ер-тұрман жасайтын кәсіп түрі. Ежелден көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы үшін ат көліктің негізгі түрі болғандықтан, ер-тұрман жабдықтарының алатын орны ерекше болды. Қазақ отбасында жараған барлық балаларына түгелдей ер-тұрман дайындайтын. Ал, кейбір кісілер ер бала туысымен-ақ атақты ершілерге қосқан ер-тұрман дайындататын болған. Ер бала 4-5 жасқа толғаннан кейін шағын ер “ашамайға” отырғызып, атқа мінуге үйреткен. Ашамай үлгісі ҚРОММ-нің 2-ші залында қойылған. Ер балаға арнап жасалған ашамай ерлердің үлгілері де музей қорының коллекциясына еніп отыр. Ер қосу ісін кәсіп еткен шеберді қазақтар “ерші” дейді. Қалалық және қалаға жақын маңда тұратын ершілер ер-тұрманды өз үйінде, өз заттарынан жасап, базарларға апарып сатқан. Көшпелі ауылдарда тұратын ершілер көбіне тапсырыс берушінің үйінде жасаған. Тапсырыспен жасаған ерге күрделілігіне қарай қой, құлынды бие алған. Ер-тұрман жасаушылардың құрал-саймандарын үш топқа бөлуге болады. Ердің соқа басын қосу үшін - ара, балта, шот, ойыс, жүзді шот, қуысқұлақ, үскі, ыңғыру, пышақ, түрпі, қашау, балға, тістеуік сияқты құралдар; ердің жұмсақ жабдықтарын жасау үшін пышақ, біз, мүйіз сызғыш, былғары бетіне өрнек түсіру үшін - темір талшықтары мен өрнекті ағаш қалыптары; ердің темір және күміс әшекейлерін жасау үшін темір ұсталары мен зергерлердің саймандары толық пайдаланылды. Қазақ ершілері кей жағдайда бір ердің жұмысын екі-үш шеберге бөлді. Мысалы, бір ердің ағашын ерші шапса, екінші шебер - қайыс, былғары жабдықтарын, үшінші, күміс әшекейін зергер жасап беретін. Көпшілік жағдайда ер-тоқым бүкіл жабдықтарымен бір ершінің қолынан шығып та жатты. Ер-тоқым жасауға ағаш, темір, жез, алтын, күміс, асыл тастар, түрлі-түсті шынылар, сүйек, былғары, көн, шұға, барқыт, киіз, қыл, тарамыс, желім, тоз сияқты заттар пайдаланылды. Ер-тұрмандардың жасалу ісінде Қазақстан жерінің әр өңіріне қарай қалыптасқан аймақтық ерекшеліктері болды. Осы ерекшеліктеріне қарай ерлер “қазақ ері”, “шошақ бас ер”, “үйрекбас ер”, “құранды ер”, “қозықұйрық ер”, қазық бас ер”, “қан бас ер”, “найман ер” деп бөлінді. Бұлардың ішінде қазақ арасында кең тарағаны - “қазақ ері” . Қазақ ері Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Қостанай, Орал, Қарағанды облыстарында кеңінен қамтылды. Қазақ ері қайың ағашының бес бөлегінен қосылады, яғни екі қас, екі қаптал және орта ағаш деп аталатын бөлшектер жеке-жеке шабылып барып біріктіріледі. Қазақстанның орталық және солтүстік облыстарындағы ершілер ердің қастарын жуан қайыңның шірімеген түбінен шабқан. Бұл үшін бірнеше қайың кесіндісінің қабығын аршып кептіреді немесе шірімеген қайың түптері кездессе, оны топырағынан арылтып, арамен кескілеп, қас шығатын жерлерін таңдап алады. Біраз уақыт жел қағып, дегдігеннен кейін дайындалған кесінділердің барлығын балтамен немесе шотпен ойып жеңілдетіп алып тағы да кептіреді. Ер бөлшектері шабылып болып, тек өңдеу жұмыстары қалғанда тұзды суға қайнатып алып көлеңкеде кептіреді. Тұзды суда қайнатылған ағаш еш уақытта қаңсымайды, жарылмайды. Ердің барлық бөлшектері өңделіп дайын болған соң, оларды арнайы қалыпқа салып қайыстырады да, қас етектері мен қапталдардың астасатын тұстарын қуысқұлақпен тесіп, шегелейді. Шегені, әдетте, қаңылтырдан немесе жезден түтікше тәріздендіріп жасайды. Ердің орта ағашы әр уақытта таспамен жан-жағынан көктеліп орнатылады. Кейде қазақ ерлерінің барлық бөлшектері таспамен көктеу арқылы біріктіріледі. Қосылған ердің сыртын түрпімен, пышақпен, шыны сынықтарымен қырнап өңдейді. Қазақ ерін қосу технологиясында аймақтық ерекшеліктер байқалмайды, олардың ерекшеліктері пішіні мен әшекейлеу тәсілінде болып табылады. Қазақ ерін қосудың осы тәсілін кезінде белгілі этнограф-ғалым Х. Арғынбаев жазып алған. Қазақстанның солтүстік аудандарында ерлерге арналған ерді қайыңның безінен шабатын ершілер кездескен. Бұйраланған қайың безінен қосылған ерді өсімдік майымен майлап, реңін келтірген. Мұндай ерлер көп әшекейді қажет етпеген. Ерлерге арналған ердің алдыңғы қасы көбіне айшық етіп ойылып, айшықтың екі басына және қастың ортасына ақық тастарды орнату ісі етек алған. Ерлердің ерін әшекейлеуге мүйіз бен сүйек те жиі қолданылған. Сүйектерді алдын-ала өңдеп дайындап алып, ердің алдыңғы және артқы қасына белгілі бір симметриялық тәртіппен орнатады. Өзінің сыртқы пішіні жағынан аздап болса да ерекшелеу қазақ ерінің бір түрі - Алматы облысының оңтүстік-шығысы мен Семей облысында кездесетін ерлер. Бұлардың жалпы кескіні, әшекейлену және өңделу тәсілдеріне қарағанда, қырғыз және Алтай-Саянда мекендейтін Сібір халықтарының ерлеріне ұқсайды. Бұл ерлердің қасы да етегінен жоғары қарай қушия көтеріледі де, дәл төбесі дөңгеленіп бітпей, үсті түзуленіп, йығы бұрышталып шабылады. Артқы қасы алдыңғысына қарағанда кейін қарай сәл ғана көлбеу орналасады. Әдетте мұндай ерлер төрт бөлек ағаштан шабылады, орта ағаш тұтас шығырылып, бір-бірімен қайыс таспа арқылы көктеліп біріктіріледі. Жамбыл облысының оңтүстік-шығысы мен Алматы облысының оңтүстігін мекендейтін қазақтар арасында көп тараған ердің бір түрі - шошақбас ер деп аталады. Шошақбас ерді 4-5 бөлек қайың, қарағаш немесе емен сияқты берік ағаш кесінділерінен шауып қосады. Ердің жеке тұстарын бір-бірімен шеге арқылы ұстатады. Ерді сәндеу мақсатымен оның алдыңғы қасының айнала шеттерін күміс, жез сияқты металдармен көмкереді. Сүйекпен, мүйізбен де әшекейлейді. Мұндай ерлердің үстіне былғарыдан немесе киізден көпшік шегеленеді. Шошақбас ер жасау ісінен Алматы облысы Кеген ауданының ершілері көзге түседі. Жамбыл және Алматы облысының кейбір жерлерінде шошақбас ерді бір бөлек қарағаш кесіндісінен тұтас шауып шығарады. Бұл үшін ердің ұзындығындай қарағаш кесіндісін бірнеше күн суға салып, жібітіп алып, балтамен шауып, кейін шоттармен өңдейді. Өңдеп болған соң, тұзды суда қайнатады. Бұдан кейін көлеңкеге қойып кептіріп, түйе көнімен қаптайды. Құранды ер - көбінесе Оңтүстік Қазақстанда, Қарағанды облысының шығыс жағы мен Ақмола, Қостанай және Алматы облысының оңтүстік аймағында кездеседі. Мұндай ерлер 18-20 бөлек ағаш кесінділерінен құралып жасалады. Құранды ер жасау үшін терек, жиде, тал сияқты жұмсақ әрі мықты ағаштар қолданылады. Мұндай ағаштарға желім де тез сіңіп, жақсы желімденеді. Құранды ер бөлшектерінің өзіне тән атаулары болды. Алдыңғы қастың негізі болып табылатын оқпан - екі бөлік ағаштан құралады да қастың оң жақ, сол жақ беттерін құрайды. Оқпанның арт жағынан жапсырылып екі бетті біріктіретін бөлігін желкебасар десе, алдыңғы қастың бүркіт қабақтанған екі айыр басын қас , артқы қасын керсен дейді. Оның ортасы бір бөлек шабылады да, екі шетіне қанат деп аталатын қосымша қондырғылар желімделеді. Екі қасты қапталдармен ұштастыру үшін ердің екі жағынан ұзыншақтау қоспа ағаш қиыстырылады. Ердің үстін жауып тұратын бөлігін орта немесе бел ағаш деп атайды. Алдыңғы қастың түбінен қаптал басының үстіңгі жағынан кепіл ағаштар жапсырылады, ал, қас пен қапталдың аралығынан тіреуіштер қойылады. Ердің мұндай бөлшектерін бір-бірімен біріктіру үшін олардың астасатын жерлерін алдын-ала тегістеп бірнеше қайтара желім жағып кептіреді. Желімделген бөлшектер әбден кепкенше ауыр нәрсемен бастырып немесе арнаулы қысқашпен қыстырып қояды. Ердің негізгі сүйегі әбден кепкеннен кейін оған түгелдей тарамыс талшықтары араластырылған желім үш қайтара жағылады. Желімге кендірден алған жөке араластырып ердің ағашын қаптай бекітуді кей жерде « пайлау » дейді. Әрбір желім қабаты көлеңке жерде кептіріледі. Ал, қыстың күні жылы үйде кептіреді. Жарылып кетпесін деп күн көзінге шығармайды, қыста отқа жақындатпайды. Ердің мұндай түрлері де ҚРОММ коллекциясына еніп отыр. Құранды ердің сырты қалың былғарымен қапталып, алдыңғы қастың бетіне түрлі әшекейлер қондырылған. Үйрек бас ер - күміспен әшекейлейтін қазақ ерлерінің бір түрі, алдыңғы қасы үйрек басына ұқсата жабылған.

Ер қосу өнерінен ел арасында Павлодар облысынан Әбдікәрім Есалиннің, Баянауыл ауданынан Қадыр Байжановтың, Мақаттың, Шығыс Қазақстанда Нәби Кәрібаевтың атағы шыққан. Қазақстанның қай жері болмасын әйел ерін жасауға үлкен мән берген. Әйел ері мініс құралы ретінде, тұрмыс қажеттілігін өтеп қана қойған жоқ, ол халықтың эстетикалық талғамын, тіршілікке деген құлшынысын арттырды десек артық болмайды. Әрі ер-тоқым ұзатылар қыз жасауының басты бөлігі болды. Ұзатылар қызға, қыз ата-анасы аты шыққан ерші-ұсталарға, зергерлерге күншілік жерден келіп, немесе өз үйлеріне алдыртып тапсырыс берген. Жасалған ер-тоқым тапсырыс берушінің көңілінен шығып жатса ұстаны қадірлі қонақ ретінде күтіп сый-сыйапат берген. Әйел ері қашанда сүйегі ауыр, әшекейі мол болып жасалатын. Әйел ерлерін жасауға ершілер өнерін, ал жасатушылар қаржысын аямаған. Әйел еріне керек жабдықтар тоқым, үзеңгі, құйысқан, өмілдірік, жүген, айыл, тартпа бәрі бір ғана шебердің қолынан шығатындықтан, олардың ісі біркелкі болатын. Әйел ерінің алтындалған түрі өте сирек кездеседі. Күмісті темір бетіне шабу, қақтау, кіріктіру тәсілдері арқылы орындаса, алтындау әдісін жалату арқылы орындаған. Осындай алтындалған әйел ерінің керемет бір үлгісі біздің Орталық Мемлекеттік Музейдің коллекциясына еніп отыр. Бұл әйел ері барлық жабдықтарымен қоса атақты Шығыс Қазақстандық ерші, қаракерей-байжігіт Нәби Кәрібаевтың қолынан шыққан. Бұл ер-тоқымды Көлбай қажының арнайы тапсырысымен 1937-1938 жылдары Қытайдың Цинзянь өлкесінде жасаған /КП 9148/. Ел аузындағы мәліметтер бойынша Нәби ұста Көлбайдың үйінде алты ай бойы тұрып жасаған. Ер сүйегін дайындау кезеңін қосқанда тоғыз ай уақыт кеткен. Еңбек ақысына құлынды бие алған көрінеді. Көлбай қажының ұрпақтары қазірде Семей облысының Ақсуат ауданында тұрады. Ұрпағының бірі Бекмұрзаевтың кезіндегі музей қызметкерлеріне айтуы бойынша ер-тоқымды 100 қой беріп өздеріне қайтарып алған. Бұл ерге керекті жабдықтардың бәрі бір Нәби ұстаның қолынан шыққан. Ер әдеттегі әйел ерінің пішініне сәйкес алдыңғы қасы биік, артқы қасы отыруға жайлы көлемді келген. Ердің алдыңғы және артқы қастары күміс қақталған темір пластинкалармен жабылып, бетіне өсімдік тәріздес оюлар бейнесі жүргізілген. Күмістелген пластинкалардың ортасынан әртүрлі ажурлы өрнектерді ойып алып отырған, және бұл оюлар көріну үшін астынан қызыл барқыт салынған. Пластинкалар бетіне алтын жалатылып, қызыл түсті шыны әшекейлер қондырылған. Алдыңғы қасының үсті мен төменгі жиектеріндегі күмістелген көмкерулерге араб таңбасымен ұста төмендегідей қолтаңба қалдырған:

«Қажекем бұйырған соң істеп бер деп,

Кәрібаев Нәби ұста соққан ері,

Нақыштап неше түрлі бұтақ гүлден,

Мүбәрәк құтты болсын Қажағаңа,

Көрген жан тамаша етіп қалсын таңға,

Болғанын байқап білер,

Көзі ашық көңілі зерек милы адамға». Бұл ер-тоқымның жиынтығы қазіргі таңда Орталық музейдің құнды коллекциясының бірі болып отыр. Музей бұл ер-тоқымды 1956 жылдың 10 тамызында 2500 сомға сатып алған. Айтып отырған ер-тоқым барлық жабдықтарымен 2 залға қойылған. Әйел ерінің алдыңғы қасына бірден үшке дейін түрлі-түсті шынылар немесе ақық, маржан сияқты табиғи тастарды орнату тәсілі Қазақстанның барлық аймағында кездесті. Түрлі түсті шыныны шеберлер қолдан құйған. Ол үшін шыныны балқытып, оған бояу қосып, арнаулы қалыпқа құйып ерге орнатарда астына шүберек төсеген. Тапсырыс берушінің қалауына қарай кей ерде тастың саны 20-30-ға жетіп жатты. Орталық Музейде сақталған әйел ерінің бірінде 31 көз орталылған /КП - 9670/. Бұл ерге қондырылған маржан тастардың араларына көгілдір эмал құйылған. Қолда бар деректерге қарағанда әйел ерлерін әшекейлеудің бірнеше тәсілінің болғандығы белгілі. Әйел ерінің алдыңғы артқы қастары тұтасыман күміс шабылған темірмен қапталып, бетіне өткір бізбен қошқар мүйіз, сыңар мүйіз, геометриялық фигуралар және өсімдік тәріздес түрлі өрнектерді ойып салады. Күміс астына салынған шұға немесе барқыт әсерінен ойылған ою айқын көрінеді. Оюлар сызу (гравировка) арқылы да түсіріледі. Ерлерге арналған қазақ ерлерінің сүйегі жұқа және ықшам болатындықтан, олар өте жеңіл келеді. Күміс әшекейлері де шағын, ықшамды болады.

Әдеб: Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. - Алматы. Өнер, - 1987. ; Тәжімұратов Ә. Шебердің қолы ортақ. Алматы: Қазақстан, - 1977. Т. Картаева.

Еліміздегі ең іргелі, әрі көне музейлердің бірі - 1730-жылы Орынбор қаласында негізі қаланған Қазақ Өлкелік музейінің, бүгінгі Орталық Мемлекеттік музейі деп аталатын музейдің бай қоры 175 жыл бойында қалыптасып, қазір де ел арасынан жиналған көне жәдігерлер арқылы толықтырылумен келеді.

Музейтанудың зерттеу нысанасы музей, музей ісі, музей заты десек те, осылардың негізгі атауын, ұғымын беріп тұрған музейдің өзі айналып келгенде музей затынсыз құрылмақ емес. Ендеше, тақырыпқа өзек болып отырған аталмыш музей жәдігерлері қазақ мәдениетінің заттық элементтері ретінде едәуір мән-маңызға ие екендігі сөзсіз.

Музей қызметі қоғамдағы өзгерістермен, қоғам дамуымен тығыз байланысты өрбіп отыратындықтан әр заманның алдына қойған мақсат-мүдделеріне сай музей ісі де сол қоғамның жаршысы іспетті қызмет атқаратыны мәлім. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда ұлттық мұраны қастерлеуге ерекше ден қойылуда. Осы тұрғыда, әсіресе 2000-жылдан бері еліміз көлемінде тарихи-мәдени жәдігерлерді зерттеу мен жинақтау маңызды болып келген болса, Елбасының қолдауымен 2003-жылы қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасының іске асырылып келе жатуы тарихи-мәдени жәдігерлердің жинақталуына, олардың зерттелуіне игі әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз.

Музей - жәдігерлерден тұрады десек, онда осы мұраны сақтау да музей ісіндегі негізгі де өзекті мәселе екені даусыз. Қорлардағы музейлік заттарды сақтау негізінен 4 түрлі сақтау жүйесіне сүйенеді. Олар а) температуралық-ылғалдылық ережесі; ә) ауадағы зиянды заттардан сақтау ережесі; б) жарық түсу тәртібі; в) музейдегі биологиялық режим.

Заттарды осы айтылған ереже, нұсқаулар бойынша сақтап қана қоймай оларды дер кезінде қайта қалпына келтіру, консервациялау, яғни, қорғап қалу да аса маңызды.

Тақырыптың өзектiлiгi . Музейлік зат тұрғысынан болсын, этнологиялық тұрғыдан болсын, қазақтың дәстүрлі ат әбзелдері, қару-жарағына қатысты бүгiнде шешуiн таппаған мәселелер аз емес. Олар осы уақытқа дейiн музей ісі және этнография саласында арнайы зерттеу объектiсі ретінде қарастырылған емес. Ер тұрман, ат әбзелдері жылқы, жылқы шаруашылығына қатысты бірер этнографиялық зерттеулерде қарастырылса, тарих және әскери тарих ғылымында қару-жарақ әскери iстiң бiр бөлiгi ретiнде ғана қарастырылған. Әрине тарихи еңбектерде авторлардың мақсаты мен мiндетi басқа болғаннан кейiн, бұл мәселелер зерттеудiң өрiсiнен тыс қалып қоюы түсiнiктi. Этностың дәстүрлi мәдениетiндегi ат әбзелдерінің, қару-жарақтың алатын орны мен мәнi, оның қызметi музейлік тұрғыдан, ғылыми қарастырылған жоқ. Мұның бәрi осы тақырыпты ғылыми тұрғыдан зерттеуге бiржақтылық бағыт берiп, өзiнiң керi әсерiн тигiзiп келдi.

Қазақ халқының қару-жарағын, ат әбзелдерін қазақтың дәстүрлi халықтық мәдениетiнiң контекстiнде қарастыру арқылы ғана оның музейлік-этнографиялық басқа элементтермен байланыстары ашылып, жоғарыда аталғандардың этнос дүниесiне қатыстылығы көрсетiледi.

Ат әбзелдері мен қару-жарақты музейлік зат ретiнде алып қарастыру этникалық қауымның санасын және оның ерекшелiктерiн жаңа қырынан тарихи тұрғыда саралауға мүмкiндiк бередi. Ат әбзелдері, қару-жараққа тән этникалық ерекшелiктер, қару-жарақ арқылы этностың басқа халықтармен туыстық, тарихи-мәдени байланыстарының және этностың өзiнiң дәстүрлi дүниетанымының көрiнiс табуы ден қойдырады. Жалпы методологиялық және теориялық тұрғыдан да, және оның практикалық жолын анықтау жағынан да олардың сақталуын, насихатталуын, этномәдени функциясын зерттей отырып дәріптеу бүгiнгi күнгi маңызды да өзектi проблема. Болашақта осы бағыттағы ғылыми зерттеулер музейтану ісінің маңызды компонентi болып қалыптаса алар едi. Ат әбзелдері, қару-жарақты музейлік зат ретiнде алып қарастыру - осы мәселелерге қатысты ғылыми танымның аясын кеңейтiп, тақырыпқа қатысты ғылыми проблемалардың тың өрiсiн ашады.

Дәстүрлi ат әбзелдерін, қару-жарақты музейлік зерттеу обьектісі ретiнде алып қарастыру барысында қазақтың осы аталғандарға қатысты халықтық кәсiби терминдерiн зерттеу, оларды ғылыми айналысқа енгiзу , солардың ғылыми термин боларлық мүмкiнiшiлiктерiн ашу да бүгiнгi күннiң көкейкестi мәселелерiнiң бiрi.

Тарихнамалық шолу . Қазақ қару-жарағының, ат әбзелдерінің зерттелуi XVIII-XIX ғасырларда әртүрлi мақсаттармен Қазақстанда болып, қазақтың тұрмыс салтын зерттеген орыс және европа зерттеушiлерi П. И. Рычковтың, Дж. Кестльдiң, Т. Аткинсонның, П. С. Палластың, И. Г. Георгидiң, И. И. Фальктiң, В. В. Радловтың, А. И. Левшиннiң, С. Б. Броневскийдiң, Б. Залесскийдiң т. б. еңбектерiнен бастау алады. Олардың зерттеулерiнде қазақ халқының қару-жарағына, ер-тұрмандарына қатысты маңызды этнографиялық мәлiметтер жинақталды. Бiрақ бұл авторлар көбiне қазақтар қолданған қару-жарақ түрлерiн жалпы сипаттаумен шектелдi.

Отандық ғылымда аталмыш тақырыптар бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, музейлік заттарды зерттеу обьектісіне айналдырған ғалымдар қатарында ең әуелі Ә. Марғұлан, Х. Арғынбаев, С. Қасиманов, Ә. Тәжімұратовтардың есімін атауға болады. Әсіресе, Ә. Х. Марғұланның «Казахское народное прикладное искусство» деп аталатын 3 томдық еңбегі қазақ қолөнерінің асыл жауһарларын түстеп, жеке дара сипаттап жазған алғашқы да, бірегей еңбек болып табылады. Ал, музей ісі мен музейлік заттарға қатысты еңбек жоқтың қасы.

Қазақ қаруын шын мәнiсiнде этнографиялық тұрғыдан алғашқы зерттеушiлердiң бiрi қазақтың тұңғыш ғалымы Ш. Ш. Уәлиханов едi. Оның «Вооружение киргизов в древние времена и их военные доспехи» атты зерттеуiнде және басқа еңбектерiнде XVIII-XIX ғғ. қазақтың суық және от қаруының түрлерi, олардың атаулары, қолданылуы туралы мәселелер көтерiледi және сол кездегi қолданыста болған нұсқалардан тiкелей салынған суреттерiн де бередi. Қазақстандық тарихнамада ең алғашқы рет тiкелей қазақтың XVII-XIX ғғ. қару-жарағына қатысты мәселелер 1969-жылы шыққан Г. И. Семенюктiң еңбегiнде, 1971 жылы К. Смағұлованың қазақтардың XVII-XIX ғғ. қару-жарағына арналған мақаласы басылды. Бұл салада Санкт-Петербургтағы Археология және этнография музей қорындағы қазақ қаруларының үлгiлерiн зерттеген В. П. Курылевтың еңбегiн айрықша атауға болады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Аяқ-киімге арналған былғары
Бөкей хандығы
Алматы қаласы музейлеріндегі ат әбзелдері мен қару-жарақ қоры коллекциялары
Аяқ-киімге арналған былғары туралы
Аяқ-киімге арналған былғары.ер-тұрмандық былғары.техникалық былғары
Қыпшақтардың мәдениеті мен өнері
Тасмола археологиялық мәдениетінің әскери қару-жарақтары және ат әбзелдері
Қазақ қол өнері
Сақтардың мәдениеті туралы
Мектеп оқушылар сәндік қолданбалы өнер үйірмелерінде оқыту әдістемесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz