Қазақстандағы «соғыс коммунизм» саясатының мәні мен ерекшелігі


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1 «ӘСКЕРИ СОҒЫС КОММУНИЗМ» САЯСАТЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕН ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДА ЖҮРГІЗІЛУІ
1. 1 Азық-түлік диктатурасы мен ауылшаруашылық өнімдерін даярлаудың жоспарлы жүйесінің ендірілуі . . . 13
1. 2 «Әскери коммунизмнің» өнеркәсіп пен еңбек саясатындағы көрінісі . . . 22 2 «ӘСКЕРИКОММУНИСТІК» ЖҮЙЕНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК- ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ САЛДАРЛАРЫ
2. 1 Әлеуметтік және экономикалық дағдарыс . . . 31 2. 2 «Әскерикоммунистік» жүйенің саяси дағдарысы . . . 41
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 50
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 54
КІРІСПЕ
Диплом жұмысының өзектілігі. Егеменді Республикамызды дамытуда бүгінгі таңда нарықтық экономика мен қоғамдағы қайта құрулар мәселесінің өзектілігі арта түсуде. Әлемдік өркениеттің тарихи даму сатысында экономиканы нарықтық басқару үлгісі мен демократия негізгі жетістікке айналды. Бүгінде қазақ қоғамы стратегиялық таңдау жасап, демократиялық реформалар мен нарықтық қайта құрулар арқылы даму жолына түсті. Алайда әлеуметтік бағдарланған экономиканы қайта құруда қоғамдық дағдарыстар мен қайшылықтардың алдын алу мәселесінің туындайтыны заңдылық. Өтпелі кезеңнің қиындықтары мен нарықтық қатынастарға өту үрдісінің заңдылықтарын игеруде өткен тарихымызға жүгінетініміз сөзсіз.
Осындай мәселелердің дүниетанымдық, идеологиялық бастауларын қарастыруда Қазақстан тарихындағы «әскери коммунизм» деп аталатын кезеңнің маңызы зор. «Әскери коммунизм» саясаты қоғамдық дамуға айтарлықтай ықпал етті. Себебі сталинизм мен «әміршіл-әкімшіл жүйенің» идеялық бастаулары «әскери коммунизмнен» басталды. Қазақстандағы «соғыс коммунизмі» саясатының тарихы толықтай қайта қарауды қажет етеді. Ол үшін осы саясаттың қалыптасуының идеологиялық, әлеуметтік-мәдени және құқықтық негіздерін талдау, «соғыс коммунизм» терминінің мәнін айқындау қажет.
«Әскери коммунизм» терминін алғаш рет ғылыми айналымға Қазан төңкерісіне дейін ресейлік марксист А. А. Богданов енгізген болатын. Богданов «әскери коммунизм» түсінігін әскермен байланыстырды. Ол «капитализм жүйесіне енген әскери-коммунистік ұйымдастырудың дамуы мен майданнан тылға таралуына назар аударды. Әскер - авторитарлық типтегі тұтынушы коммуна, ал «әскери коммунизм» - «авторитарлы реттелетін бұқаралық паразитизм мен жоюды ұйымдастыру» деп түсіндірді [1; 335] .
Ресейлік большевиктер «соғыс коммунизм» жүйесін өткір азаматтық күресте жеңіске жету мен билікті сақтап қалудың құралы ретінде пайдаланды. Белгілі бір кезеңде халық комиссарларының мәскеулік үкіметі осы жүйе арқылы негізгі мақсатқа жетудің жолдарын іздестіре бастады. Осылайша, халық шаруашылығы мәселелерін әскери әдістер арқылы шешу жолдары енгізіледі. Қазақ халқы еркінен тыс осы тәжірибенің құрбанына айналды. Ауыл шаруашылығы мен экономикада қайшылықтарға әкеліп, 1920-шы жылдардың соңы - 30-шы жылдардың соңында «әскери коммунизм» идеясы жаңа сталиндік идеямен алмастырылады.
Мәселенің өзектілігі «соғыс коммунизм» саясатының тарихи үрдістегі орны мен маңызын қайта қарау қажеттілігінен туындайды. Бүгінгі таңда түбегейлі саяси өзгерістер нәтижесінде тарихи шындықты қалпына келтіру мүмкіндігі туып отыр. Кеңестік кезеңде жалған тарихнамалық тұжырым түбірлі социалистік қайта құрулар үрдісінің тек жағымды тұстарын насихаттап, Кеңес үкіметінің Қазақстан мен Орталық Азияда жүргізген саясатының отарлық сипатын бүркемеледі. Сонымен қатар, «соғыс коммунизм» саясатының тәжірибесі бүгінгі нарықтық экономиканы қалыптастыру, дамудың реформалық жолын дамытудың маңыздылығын айқындауда мәні зор. Осы саясаттың Қазақстанда жүргізілу себебі мен барысын айқындау қажеттілігі туындап отыр. «Соғыс коммунизм» саясатының өлкедегі ықпалы мәселесінің толық зерттелмегендігі оның өзектілігін арттыра түседі.
Диплом жұмысының зерттелу деңгейі. Қазақстандағы «соғыс коммунизм» саясатының жүргізілуі мәселесі толық зерттелген жоқ. Дегенмен, мәселенің бірқатар тұстары қазақстандық және ресейлік зерттеушілер еңбектерінде жарық көрді. Тарихнамалық талдау көрсеткендей, еңбектердің басым көпшілігін кеңестік мектеп өкілдерінің зерттеулері құрайды. Мәселеге қатысты ғылыми әдебиеттерді зерттеуші Е. Медеубаев өзінің «Қазақстандағы «соғыс коммунизм» саясаты (1918-1921 жж. ) » атты диссертациялық еңбегінде төрт кезеңге топтастырады. Бұл кеңестік тарих ғылымының дамуына ықпал етіп, көрініс тапқан елдегі қоғамдық-саяси өмірдегі өзгерістермен байланысты. Бірінші кезең 1920-шы жылдарды, екінші кезең 1930-шы 50-ші жылдардың басы, үшінші кезең 1950-ші жылдардың ортасынан 80-ші жылдардың ортасына дейін және төртінші кезең 1985-ші жылдан Қазақстанның саяси тәуелсіздігін алғанға дейінгі уақытта жарық көрген еңбектерді қамтиды [2; 5] . Жалпы алғанда, «соғыс коммунизм» мәселесіне қатысты еңбектерді ХХ ғ. 20-шы жылдарынан 50-ші жылдарға дейін, 50-80 жж. және тәуелсіздік жылдарындағы еңбектер деп үш кезеңге топтастыруға болады.
«Соғыс коммунизм» мәселесіне байланысты алғашқы еңбектер В. И. Ленин есімімен байланысты. Алайда олардың тек методологиялық маңызы бар. Зерттеуде Лениннің РК(б) П-ның Х съезінде жасаған баяндамасында «соғыс коммунизміне» берген ретроспективті бағасы қолданылады [3; 57] . Өз еңбектерінде автор «соғыс коммунизм» саясатының Кеңес билігін нығайтудағы рөліне баса назар аударды [3; 220] . Дегенмен, кез-келген саясаткер секілді өзі басқарған үкіметтің жүргізген іс-шараларын ақтауға тырысты.
Экономикалық бағыттың күрт өзгеруі мен жаңа экономикалық саясатқа көшу «соғыс коммунизм» саясатының мәнін толықтай ашу қажеттілігін туғызды. Л. Н. Крицман өз еңбегінде «соғыс коммунизм» кезеңіндегі халық шаруашылығы салаларының жағдайына сипаттама беріп, Кеңес үкіметінің азамат соғысы жылдарындағы материалдық ресурстарды мобилизациялауының әдістері мен тетіктерін ашып көрсетеді [4; 96] . Зерттеуші тұжырымдары утопиялық сипатта болғанымен, еңбек «соғыс коммунизм» мәселесі бойынша алғашқы және негізгі зерттеулердің бірі болып табылады.
Ю. Ларин [5], Д. Кузовков [6], Э. Квиринг [7], В. Милютин [8], В. Сарабьянова [9], М. Фрумкин [10], секілді экономист ғалымдардың еңбектері партиялық идеологиялық ұстанымдар толық орнамаған кезеңде жарық көрді. Бұл автордың еңбектерінің ерекшелігі - зерттеушілер «әскерикоммунистік» шаруашылық жүйенің әртүрлі тұстарын ашық талдап, жағымсыз тұстарын көрсетті. Осы кезеңде отандық тарихнамада Түркістандағы азамат соғысы жылдарындағы шаруашылық құрылыс мәселелері туралы еңбектер жарық көре бастады. Кеңес үкіметінің Түркістанда 1918-20 жж. жүргізген шаруашылық саясатының ерекшеліктері алғаш рет Г. Сафаровтың «Отарлық революция» (1921 ж. ) еңбегінде көрсетілді. Автор тарихи материалдар негізінде «Түркістанда орыс революциясының отарлық сипат алғандығын» дәлелдейді [11; 101] . Бұл еңбекті оқуға кеңестік кезеңде тыйым салынған еді.
ТАКСР-ның экономикасының 1920 ж. жағдайы «Түркістан республикасының шаруашылық өмірінің очерктерінде» беріледі [12] . Мәселенің жекелеген тұстары Т. Рысқұлов [13], Н. Төреқұлов [14], С. Брайнин мен Ш. Шафиро [15] еңбектерінде көрсетіледі. Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси тарих туралы мол мәлімет беретін еңбектер авторларының бірі М. Шоқай Кеңес үкіметінің сауда саясаты туралы жазады [16] . «Соғыс коммунизм» тақырыбына кеңестік Ресей ғалымдары да тоқталды. Тарихшы М. Н. Покровский «Пролетарлық диктатураның жеті жылы» еңбегінде «соғыс коммунизм» туралы өз көзқарасын білдіреді [17] . «Соғыс коммунизмінің рөлі мен мәнін түсінуде тарихи үрдісте Мәскеуде өткен Коминтерннің алтыншы конгресіндегі пікір-таластың «Правда» беттерінде жарияланған материалдарының маңызы зор. Экономист Е. Варга «Капитализмнен социализмге өту кезеңі» мақаласында «Пролетариат диктатурасының КСРО-дан тыс пайда болған барлық жағдайында әскери коммунизм - ереже, ЖЭС - ерекшелік болып табылады» деп тұжырым жасайды [2; 9] . Ресми билік мұндай идеяларды дер кезінде жоюға тырысты. Себебі бұл «соғыс коммунизмінің» Кеңестік Ресейдегі тәжірибесіне қызығушылық туғызатын еді.
И. В. Сталиннің жеке басына табыну культі мен тоталитарлық жүйенің күшеюіне байланысты тарих ғылымында партиялық догмалар арта түседі. И. В. Сталин 1928 ж. БК(б) П-ның шілде Пленумында: «Соғыс коммунизм» пролетариат диктатурасының соғыс жағдайы мен интервенцияға байланысты жүргізген саясаты» [18; 146-147] деп баяндайды. 1938 ж. жарық көрген «БК(б) П тарихы. Қысқаша курсында» Кеңес үкіметі «соғыс коммунизмін» соғыс жағдайына байланысты жүргізді және уақытша сипатта болды деп қорытындылайды [19; 260] . «Соғыс коммунизмінің» мәжбүрлілігі мен уақытша жүргізілу сипаты туралы тезис бұл мәселені толық талдап, белгілі бір баға беруге кедергі жасады [20; 140] .
1950 жылдың ортасында партияның ХХ съезінен кейін қоғамдық танымда бірқатар өзгерістер орын алғаны белгілі. Осы кезеңде П. И. Лященко [21], И. А. Гладков [22], И. Челяпов [23], Ю. К. Авдаков [24], Д. Баевский [25], т. б. еңбектері жарық көрді. «КОКП тарихы», «КСРО-дағы азамат соғысының тарихы», т. б. көптомдықтар мен оқулықтарда Кеңес үкіметі мен партияның Азамат соғысы жылдарындағы ресурстарды мобилизациялауға қатысты жүргізген экономикалық іс-шаралары жан-жақты баяндалады. Дегенмен, идеологиялық ұстанымдар мәселеге объективті баға беруге кедергі келтірді. Г. Ф. Дахшлейгер өз мақаласында Түркістанның аудандарында барлық ұмтылыстарға қарамастан азық-түлік салғырты принципі бойынша сауда өнімдерін даярлау толықтай жүзеге аспағандығы туралы дұрыс қорытынды жасаса [26; 25], зерттеуші П. Тугов азық-түлік салғыртының Қазақстанда 1918 ж. енгізілгендігі және кедейшілік комитетінің белсенді жұмыс істегендігі туралы қате тұжырымдар жасайды. Автор «өнеркәсіпті национализациялаудың лениндік жоспары Қазақстандағы отарлық экономиканың аяқталуына нүкте қойды» - деп жазады. Дегенмен, П. Тугов өз кезегінде көп мөлшердегі тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізді [27; 58] .
1960-80 жж. «соғыс коммунизм» тарихнамасы жаңа зерттеулермен толықты. Т. Елеуов «Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнауы мен нығаюы» [28] еңбегінде өлкедегі социалистік қайта құрулар жөнінде беймәлім деректерді қолдана отырып, Қазақстандағы 1918 жылға дейінгі өнеркәсіпті национализациялаудың жүзеге асуы туралы баяндайды.
Бұл мәселенің тарихнамасына 1966 ж. жарық көрген А. С. Елагиннің «Қазақстандағы азамат соғысы жылдарындағы социалистік құрылыс» атты монографиясы айтарлықтай үлес қосты. Автор мұрағат және сол кезеңдегі мерзімді баспасөз деректері негізінде Кеңес үкіметінің шаруашылық саласында жүргізген саясатын талдауға тырысады. Зерттеудегі: «Нан және ет салғырты қоныстанушы орыс-украин және егін шаруашылығымен айналысатын отырықшы қазақ шаруаларына салынды, көшпелі қазақ ауылында жүргізілмеді» деп жазғанмен, құжаттық деректер қарама-қайшы мәлімет береді. Әскери бюрократиялық жүйе көшпелі шаруаларға шаруашылық түрінің ерекшелігіне қарамастан, астық салғыртын салды. Автор азық-түлікті даярлауда тауар айналымының рөлін негізсіз асыра бағалайды [29; 278] . 1921 ж. ауыл шаруашылығының дағдарыстық жағдайын көрсеткенімен, оның негізгі себептерін айқындамайды. Басқа да кеңестік әдебиеттердегідей Елагин еңбегінде де «соғыс коммунизміне» қатысты оқиғалар біркелкі жоспармен баяндалады. Қазақстан халқының басым бөлігінің қолдауына ие болған Кеңес үкіметі жекеленген тап жауларының қарсылығына төтеп бере отырып, экономика мен мәдени құрылыста социалистік қайта құруды ойдағыдай жүргізеді.
А. Нүсіпбеков[30] пен К. Нүрпейісов [31] монографияларында бай мұрағат деректері негізінде Қазақстандағы 1917-1918 жж. жұмысшылар бақылауын ұйымдастыру мен өнеркәсіпті национализациялауға байланысты үрдістер баяндалады. Бұл мәселе Б. Қадиевтің [32] диссертациялық зерттеуінде кең талқыланады. Автор статистикалық деректер негізінде көптеген фактілер келтіреді. Алайда Қазақстан экономикасын дамытуда национализациялаудың маңызына бір жақты баға береді.
Осы кезеңде «соғыс коммунизм» саясатының бірқатар мәселелерін қамтыған Қазақстан мен Орталық Азиядағы Азамат соғысы тарихына байланысты ұжымдық еңбектер жарық көреді. Осы жылдары аталмыш мәселеге байланысты ортаазиялық республикалар зерттеушілерінің еңбектері жарияланады. Жалпыодақтық тарихи әдебиетте «соғыс коммунизм» тарихына байланысты жазылған Е. Г. Гимпельсон еңбектерінің маңызы зор. Зерттеуші ресми идеологияның шеңберінде «соғыс коммунизм» саясатының большевиктік партия идеологиясымен жоспарлы түрде немесе табиғи түрде орын алғандығын анықтауға тырысады [33] . Зерттеуші Е. А. Амбарцумов 1921 ж. көктемде орын алған саяси дағдарыстың себебін аша отырып, «ескі әдістер мен даму тұжырымдамасының жарамсыздығы - үкімет дағдарыстың негізгі себебі болып табылады, «соғыс коммунизмінің» басты тәжірибелік кемшілігі - сауда салғырты жүйесінің шаруалардың өндірісті дамытуға қызығушылығын жойып қана қоймай, әділетті қарсылығын туғызуда» деп жазады [34; 18] .
«Әскери коммунизм» мәселесі батыс тарихнамасы өкілдерінің еңбектерінде көтеріледі. Зерттеуші Р. Пайпс еңбегі тарихи публицистика жанрында жазылған деректік, тарихнамалық негізінің көлемділігімен ерекшеленеді [35] . Ағылшын тарихшысы Э. Карр «соғыс коммунизм» мәселесіне байланысты тарауында осы саясаттың негізінде халық шаруашылығын басқару ерекшеліктеріне тоқталады [36] . Жалпы батыс тарихнамасында «соғыс коммунизм» мәселесі Кеңестік мемлекет тарихының кешенді бөлігі ретінде қарастырылады. 1980 жылдың аяғы - 90 жылдың басында қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы орын алған демократияландыру үрдісіне байланысты тарих ғылымында сапалы өзгерістерге бастама болған жаңа еңбектер жарық көре бастады. Ш. Мұхамединаның мақаласында Қазақ АКСР-ның халық шаруашылығының жағдайы Кеңес үкіметінің экономикалық саясатын талдау негізінде көрсетіледі. Автор 1921-1922 жж. аштық пен Қазақ АКСР-дағы шаруашылық құлдыраудың нақты «соғыс коммунизм» саясатының салдары болғандығын дәлелдейді. Ғылыми мақалада дәйекті фактілер мен құнды статистикалық мәліметтер келтіріледі [37; 130] .
Қазақстан саяси дербестікке қол жеткізгеннен кейін өз тарихы мен өткеніне жаңаша көзқараспен қарай бастады. «Ақиқат», «Қазақ тарихы» т. б. отандық басылымдарда жаңа көзқарастағы мақалалар жариялана бастады. Тарихшы О. Қоңыратбаевтың «Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі» зерттеуінде Кеңес үкіметінің сауда саясаты егжей-тегжейлі талданады [38] . Аталмыш мәселеге байланысты зерттеуші Ж. Б. Абылхожиннің еңбегі жарық көрді. Сыни-тұжырымдық қайта қарау негізінде автор «соғыс коммунизм» саясатының мәні мен салдарын жаңаша тұрғыдан баяндайды [39] . Мәселеге қатысты іргелі еңбек - зерттеуші Е. Медеубаевтың «Қазақстандағы «соғыс коммунизм» саясаты (1918-1921 жж. ) диссертациялық еңбегі болып табылады [2] . «Соғыс коммунизм» кезеңіндегі еңбек міндеткерлігі мен осы саясаттың әлеуметтік-саяси дағдарысы, жаңа экономикалық саясатқа өту алғышарттары т. б. мәселелер тәуелсіздік жылдары жарық көрген Л. Гривенная [40], Ф. Қозыбақова [41], А. Бегалиева [42], Е. Медеубаев [43] сынды зерттеушілердің ғылыми мақалаларында талданады. Жалпы алғанда, мәселенің тарихнамасы «соғыс коммунизм» саясатының толық зерттелмегендігін және объективті баға берілмеуіне байланысты ғылыми танымдық маңызы, зерттеуді қажет ететін тұстарының айқындалуы осы тақырыпта диплом жұмысын жазудың маңыздылығын көрсетеді.
Диплом жұмысының деректік қорын негізінен ғылыми айналымға қайта ендірілген ҚРОММ, Алматы, Ақмола, Ақтөбе облыстарының мұрағат құжаттары құрайды.
Диплом жұмысында ҚРОММ қорларының құнды материалдарының маңызы зор. Атап айтқанда, Кеңес үкіметінің сауда, аграрлық салада жүргізген саясатқа байланысты. № 224, Қазревкомның сауда бөлімі № 1193, Қазақ өлкелік комитетінің әскери сауда бюросы (№ 406) қорларының деректері пайдаланылды. Ауылшаруашылық өнімдерін даярлаудың жоспарлы жүйесі мемлекеттік салғырт түрлеріне байланысты деректер Қазревкомның ішкі істер бөлімінің қорларында (№ 353) кездеседі. «Соғыс коммунизм» мәселесін зерттеуде Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери революцияның комитет қорының (№ 14) материалдары ерекше маңызды. Қорда өлкедегі түрлі салым салу мен өнім даярлау жөнінде мазмұнды құжаттар бар. Ревкомның орталық аппаратының есептері мен хаттамаларында қала мен ауылдық жерлерде жеке меншікті тәркілеу, реквизициялау тәжірибесі анық бейнеленген.
Кеңес үкіметінің Қазақстандағы еңбек саясаты туралы мәліметтер № 83 қордағы құжаттар кездеседі. Онда республиканың халық шаруашылығында еңбектің милитаризацияланған жүйесінің ұйымдастырылу барысы бейнеледі. Орталық және Шығыс Қазақстандағы ірі өнеркәсіп орындары мен көліктің национализациялану жағдайы № 138 ҚАКСР кәсіподақтар кеңесінің қоры құжаттары арқылы анықталды. Атап айтсақ, № 918 қордың № 2, № 3 істерінде Екібастұз қорғасын-мырыш зауыты, Риддер мекемесінде қалыптасқан жағдай туралы мәліметтер бар.
«Соғыс коммунизм» кезеңіндегі Қазақстан қалаларының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жөніндегі коммуналды шаруашылықтың Бас басқармасы қорының материалдары кең көлемде мәлімет береді (№ 878) . Мұрағат құжаттарының көпшілігі шығу жағынан бірдей және нақты, партиялық және әлеуметтік бағытталған болып табылады. Құжаттарда оқиғалар большевиктер партиясы мен басқару жүйесінің тарапынан баяндалады. Олардың негізгі кемшілігі де осында. Сол себепті қойылған міндеттерді орындауда іздеу және сараптау жұмысы жүргізілді. Деректердің негізгі бөлігін сол кезеңде әлеуметтік қызмет атқарған партиялық, кеңестік шаруашылық және әскери мекемелердің құжаттары құрайды. Сонымен қатар, жоғарыда келтірілген қор құжаттары үзінді ақпаратты бейнелейтіндіктен, зерттеудің тұтас, объективті мазмұнын құру үшін түрлі деректер қолданылды. Бұл ең алдымен «Қырғыз республикасының өнеркәсібі бойынша статистикалық мәліметтердің жинағы», «КСРО-ның 1911-24/25 жж. тау және тау-кен өнеркәсібі бойынша статистикалық мәліметтердің жинағы» секілді статистикалық құжат жинақтары болып табылады.
Қазақстандағы «соғыс коммунизм» саясатын зерттеуді фактологиялық негізді баспасөз материалдары мәліметтері толықтырады. Диплом жұмысында «Правда», «Жизнь национальности» т. б. газет-журналдар деректері қолданылды. Жалпы алғанда, мәселенің деректік қоры тақырыпты зерттеудің негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері . Диплом жұмысының негізгі мақсаты - Қазақстандағы «соғыс коммунизм» саясатының мәні мен ерекшелігін айқындау. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық мәні мен отарлық сипатын ашу. Зерттеу жұмысында мемлекеттің ұсақ шаруашылығының өндіріс саласына ықпал етуі, кәсіпорындардың национализациялануы және «соғыс коммунизм» саясатының салдарлары мәселелері басты назарға алынады. Ол үшін төмендегідей міндеттер қойылды:
- Қазақстанның әртүрлі аудандарында Кеңес үкіметінің сауда диктатурасының жүзеге асу ерекшеліктерін айқындау;
- Мемлекеттік салғырт жүйесінің ұйымдастырылу барысы мен түрлерін, «әскерикоммунистік» шаралардың аграрлық саладағы ықпалын көрсету;
- Өнеркәсіпті национализациялаудың әдістері, өндіріс күштерінің құлдырау себептерін айқындау;
- «Әскерикоммунистік» жүйенің ҚАКСР-мен ТАКСР қалаларындағы элементтерін, экономикалық ықпалын анықтау;
- «Соғыс коммунизм» саясатының экономиканың аграрлық сауда саласындағы әдістері мен экономикалық-демографиялық салдарын зерттеу;
- Қазақстан территориясында орын алған 1920-1922 жж. антикеңестік көтерілістің себептерін айқындау.
Диплом жұмысының теориялық-методологиялық негізі. Диплом жұмысында міндеттелген мәселелерді зерттеуде сол кезеңнің тарихи жағдайын зерттеуді мақсат ету және тарихи үрдістер мен құбылыстарды нақты жағдайлармен тығыз байланыста қарастыруға бағытталған тарихилық принципі басшылыққа алынады. «Соғыс коммунизмнің» мәні мен идеялық бастауларын түсінуде шығармашылық даму принципінің маңызы зор. Бұл принцип «соғыс коммунизм» жүйесінің қалыптасуы қызметі мен дағдарысын зерттеуде көрініс табады. Жұмыста салыстырмалы ретроспективті, кешендік-статистикалық зерттеу әдістері қолданылады. Ғылыми таным объектісі «соғыс коммунизм» жүйесінің негізгі құрылымдық элементтері негізі мен бірлігінде қарастырылады. Мәселені зерттеуде тарихи оқиғаларды сыни және объективті тұрғыдан бағалауға тырыстық. Диплом жұмысы жалпы адамзаттық, гуманистік құндылықтар мен ҚР-ның саяси егемендігі идеологиясына негізделеді.
Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Диплом жұмысында 1918-1921 жж. Қазақстандағы «соғыс коммунизм» саясаты тарихы обьективті тұрғыдан қарастырылады. Жұмыста азық-түлік салғыртының ауылдарда енгізілуі; қала халқының «соғыс коммунизмі» кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайы; национализацияланған өнеркәсіптің экономикалық жағдайы т. б. мәселелері қарастырылады. «Соғыс коммунизмнің» саяси-экономикалық жүйесін құруға бағытталған Кеңес үкіметінің экономикалық шараларының сипаты анықталады. «Соғыс коммунизм» саясатының жүргізілу барысы мен салдарлары мәселесіне Қазан революциясы мен қоғамды дамытудың большевиктік үлгісі мәнін қайта қарау негізінде объективті баға беруге ұмтылыс жасалады.
Диплом жұмысының хронологиялық - территориялық шеңбері . Диплом жұмысының хронологиялық шеңбері - 1918-1921 жж. Кеңес үкіметі билігінің бастапқы кезеңінен РК(б) П-ның Х съезінен кейінгі орын алған экономикалық саясаттың шұғыл өзгеруіне дейінгі уақытты қамтиды.
Диплом жұмысының құрылымы кіріспе, екі тарау, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 «ӘСКЕРИ СОҒЫС КОММУНИЗМ» САЯСАТЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕН ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДА ЖҮРГІЗІЛУІ
- Азық-түлік диктатурасы мен ауылшаруашылық өнімдерін даярлаудың жоспарлы жүйесінің ендірілуі
Азамат соғысы большевиктер партиясын «соғысушы партияға» айналдырып, «соғыс коммунизм» саясатының қалыптасуына алып келді. Алғашқы күннен бастап Қазревком әрекет қимылда жүрген армияны азық-түлікпен жабдықтау, астықты және басқа тамақ өнімдерін Орталыққа, Түркістан АССР-на жеткізу, яғни «соғыс коммунизм» саясатының басты мәселесінің шешу ісімен айналысты. Бұл саясаттың мәні - өнеркәсіпті жаппай национализациялау, басшылықты орталықтандыру, тіршілік үшін маңызды тауарлардың бәрін бөлу, т. б. Бұл жүйе Кеңес үкіметінің декреттері мен қараларының жүзеге асуы барысында қалыптасты. «Соғыс коммунизм» саясатының қалыптасуына ең алдымен идеологиялық догмалар ықпал етті. Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқынан тартып алынған жер көлемі - 45 млн. десятинаны құрады. Бірінші дүниежүзілік соғыс өте көп мөлшердегі шикізат, мал өнімдерін шығындады [44; 216] . Алайда өлкенің халық шаруашылық өмірі социалистік тәжірибе алаңына айналды. Алғашқы «әскерикоммунистік» шаралардың бірі - ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау болды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz