Байырғы түркі жазба ескерткіштеріндегі әлеуметтік- саяси рәміздер және оның Қазақстанның өркениеттік дамуымен сабақтастығы


Пән: Саясаттану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 28 бет
Таңдаулыға:   
  1. Байырғы түркі жазба ескерткіштеріндегі әлеуметтік- саяси рәміздер және оның Қазақстанның өркениеттік дамуымен сабақтастығы

Дүниетанымның алғашқы бастамасы біз кімбіз, тегіміз кім, қайдан пайда болдық, қай жолмен жүреміз, қайда барамыз деген сауалдардан бастау алады. Байырғы түркілердің дүниетанымы бойынша Тәңірі мен қара жерден кейін адам баласы жаратылған. Адам баласы жаратылған соң, көп ұзамай мемлекеттік билік орныққан. Мемлекеттік биліктің басында отыру, елді ұстап тұру көк Тәңірісінің бұйрығымен қағандардың, бектердің, елтеберлердің еншісіне жазылған. Елді басқаруда түркілер Тәңірмен, қасиетті Жермен және билеуші қағанмен тығыз байланыстырады. Мұндағы ел, ел басқару мәселелерін біз Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің негізінде қарастырамыз.

Байырғы түркілер өздерінің мемлекетінің құрылуы мен пайда болуына келгенде нақты және әпсаналық көзқарастарда болды. Олардың түсініктері бойынша түркі елі әлемнен кейін жаралған ең ежелгі, көне мемлекет. Бұл елді түркілердің ұлы құдайы Көк Тәңірі жаратқан деп сенді. Сондықтан, оны «Тәңір елі», мәңгі ел деп атады. Түркі дінінің өзегі болып табылатын «Ил (ел) » сөз «бейбітшілік», «илхан» (елхан) «Бейбітшілік қағаны» деген болатын. Байырғы түркілер өздерінің қайталанбас ерекше саясатын осындай жолмен жүргізді. Көне түркі мемлекеті қасиетті культтің біріне айналды. Оған қарсы шығу ауыр күнә болып саналды. Әрине, олардың көзқарастары бойынша мемлекет халықтан (түрк будуннан) бірінші емес. Мемлекет этностың өмір сүріп тіршілік етуі үшін қажетті құралы болып табылады. Оны болашақ ұрпақ үшін мәңгілік сақтау керек болды. Оның жойылуы жалпы түркі этносының жойылу қасыретімен тең болды.

Түркі халқының түсінігі бойынша байырғы түркі елі, әлемнен кейінгі Көк Тәңірі жаратқан ең ежелгі, көне мемлекет. Сол себептен оны Тәңір елі, «Мәңгілік ел» деп атады. Түрік дүниетанымының өзегі болып табылатын «Ил (ел) » сөзі «бейбітшілік» деген мағынаны білдірсе, «илхан» (елхан) «Бейбітшілік қағаны» деп аталатын. Түркілердің бас бостандығы мен еркіндігі, өмір сүру қағидалары, жалпы ел, жер, елдік, бірлік мәселелері «Мәңгілік ел» нысанасымен байланыстырылады. Осы Тәңірі жаратқан «Мәңгілік елдің» біртұтастығын сақтау жолында білікті данышпан қағандардың ұлағатты қасиеттерді бойына сіңіру қажеттігін айта отырып, тасқа қашап, оны келешек ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Байырғы түркілер барлық ішкі-сыртқы саясаты мен «арнайы» идеологиясын осындай жолмен, яғни, «Мәңгілік ел» саясатымен жүргізді.

«Түркілер халықты билеудің әлемдік үлгісін жасаған. Ол - «Мәңгілік ел» үлгісі. «Мәңгілік ел» нысанасы - «Тәңір тауының сағасын мекендеп келе жатқан, көшпелі түркі жұртының ұлы арманы, түркі әлемі мен руханиятының ұйытқысы. Өйткені «ел мен «елдік ұғымын ұйытқан мәйектің ата тегі-Тәңір, ана тегі - Ұмай ана, заттық негізі - жер мен су. «Мәңгілік ел» нысанасы-мәңгілік рухани аңсар, ол түркі тегінің тұтастығы мен тәуелсіздігінің кепілдігін қамтамасыз етуге арналған - тектік, тазалық пен еркіндік идеологиясы. Ал ұлттық тәуелсіздік исі түркі әлемінің рухани еркіндік нысанасы» [183, 381 б. ] . 183Жұртбай Т. Өлімші халықты тірілткен. Мәңгілік ел нысанасы // Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер. - Алматы: Ғылым, 2001. - 584 б .

М. Қашқари «мен Тәңірінің дәулет ұясын түріктер бұржысында жаратқандығын және ғарышты солардың заманы үстінде айналдырғанын көрдім. Тәңірі оларды «Түрік» деп атады және оларды мемлекетке еге қылды; Заманымыздың хаһандарын түріктерден шығарып, дәуір, халықтың ақыл-ерік тізгінін солардың қолына ұстатты; оларды адамдарға бас қылды; хақ істерде соларды қолдады; олармен бірге күрескендерді әзіз қылды, әрі түріктер ішінен оларды барша тілектеріне жеткізіп, жамандардан, зұлымдардан қорғады. Түріктердің оқтарынан сақтану үшін, олардың жолын берік тұту әрбір ақыл иесіне лайықты уа парыз іске айналды. Өз дертін айту уа түріктерге жақын болу, жағу үшін, оларға түрік тілінде сөйлесуден пайдалы жол қалмады. Кім өз дұшпандарынан ажырап, түріктерге сағынып, мұңайып келсе, түріктер қанатының астына алып, қауіптен құтқарады, олармен бірге басқалар да қамқорлық, пана табады» - деп жазады [184, 90 б. ] .

184 Қашқари М. Түрік тілінің сөздігі: 3 томдық. - Алматы: Хант, 1997. - Т. 1. - 592 б.

Тіпті, түрік атауының өзі мемлекет, билік ұғымдарымен байланыстырылған. Бұл туралы белгілі зерттеуші, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы былай деп жазады. « . . . Тürüк атауы «tör»-билік, өкімет, «öк»-өктем, күшті, қайратты, жүректі деген мағына беретін екі түбір сөзден құралғанын дәлелдейді. Тürüк − өктем билік, өктем үкімет, өктем төр деген мағына береді» [13, 59 б. ] . 13 Сартқожаұлы Қ. Байырғы түрік жазуының генезисі. - Астана: Арыс, 2007. - 304 б.

Бұл бір билікке бағынып, тілі, ділі, діні, әдет-ғұрпы бірдей тайпалар орнатқан қағанатын «түрүк» деп атаған түркі қағанаты болды.

«Түрүк елі [Тürük Eli] - V-ХІІ ғасырлардағы Еуразиядағы ең құдыретті империяның (этносаяси іргелі бірлестіктің) ресми атауы. «Түрік қағандығы» дегеніміз - шартты ғылыми атау. Түрік бітік тілінде «Түрүк Елі» делінген.

«Түрік» сөзі көне түрік бітіктастары мен ескерткіштерінде «түрік, төрүк» деп жазылған. Бұл сөздің мағынасы сол дәуірлердегі қолданыстық мәні «төре заңы бар ел, төрелік, билікті ел» деген рәміздік-нышандық негізде қалыптасқан атау болса керек. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш «түрік» атауы - этнополитоним, яғни этносаяси атау. Зерттеушілер түрік сөінің шығу тегін «берік, мықты, күшті», «семіз», «туу», «төркін», «дулыға», «төр, төр жақ», «бастапқы» және т. б. мағыналы сөздерден туындаған деп жорамалдайды» [14, 11 б. ] . 14 Базылхан Н. Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. ІІ-том. Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Енисей, Талас) . Алматы: Дайк-Пресс, 2005. - 252 б.

Байырғы түркі жазбаларындағы дүниетанымдық ұстанымдар, атап айтқанда, бытыраған елді саяси бірлікке шақыру, бір орталыққа бағындыру идеясы диалектикалық сипатта болғандығы ақиқат. Түркі халқы алқымды, оның жерінде тұтқа қалмайды дейді Тоныкөк. Жұқаны жуандату, үзілгенді жалғау, кедейді бай қылу, ашты тоқ қылу, міне көне түркі данасының сезімталдықпен пайымдаған қарапайым диалектикалық қарама-қарсылықтардың бір-біріне айналу нәтижелері. «Жауымыз, − дейді Тоныкөк, төңірегімізде айналып ұшқан жыртқыш құс сияқты, біз жемтік сияқты едік». Бұл мәселелерді өзгерту үшін не істеу қажет? Әрине жемтіктен жыртқышқа, яғни әлсізден әлдіге, қорқақтан батырға, әлжуаздан алыпқа айналу керек. Олай болмаған күнде түркі халқы тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетеді. Тоныкөк ойшыл осыны мәңгі есте ұстауды ескертеді. «Табғаш, оғыз, қытан - бұл үшеуі қабысар (қосылар) . Сонда екі ортада қалатын біз, өз іші-сыртын қорғалағандай болатын біз. Тозған жұқа таптауға оңай, тозған жіңішке үзуге оңай. Бірақ жұқа қалың болса бүктейтұғын алыпты, жіңішке жуан болса үзетұғын алыпты» - дейді Тоныкөк [176, 74 б. ] . 176 Өмірәлиев К. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы көне түркі әдеби ескерткіштері. - Алматы: Ғылым, 1985. - 325 б. Біз бұл үзіндіден сандық және сапалық өзгерістердің өзара байланысын сол кездегі жаугершілік замандағы тіршілік үшін жанталастың бай тәжірибесінен жіті танып білген дананың пікірлерінен ой түйеміз. Жеңілген жақтың бектері құл, ханшасы күңге айналады. Ұланғайыр кеңістікті игеріп, өз дербестіктері үшін сан алуан жауларымен соғыса, тайталаса жүріп, адамзат тарихынан өшпейтін мәдени игіліктер жасаған, уақытында дүниенің төрт бұрышындағы халықтарды жаулап, өздеріне тәуелді етіп, басы барды игізіп, тізесі барды бүктірген көрегенді қағандар мен парасатты көсемдер Бумын қаған мен Естемидің жолын ұрпақтары біліксіздікпен басқарғандығы үшін табғаштарға тәуелді болғаны бізге мәлім. Бұл туралы Күлтегін жазба ескерткішінде былай деп беріледі: « . . . Қағандық қағанынан айрылды, табғаш халқына бек ұлдары құл болды, сұлу қыздары күң болды. Түркі бектері түркі атын тастап, табғаш бектердің табғаш атын ұстап, табғаш қағанға бағынды» [176, 61 б. ] .

Күлтегін ескерткішінде тасқа басылған VІ-VІІІ ғасырлардағы Түркі қағанатының жүріп өткен белестерін белгілі ғалым Х. М. Әбжанов үш кезеңге бөліп көрсетеді:

«Бірінші дәуір түркі қағанатының пайда болғанын табғаштарға тәуелдікке түскенге дейінгі кезеңді қамтып жатыр.

Екінші дәуір-түркілердің табғаш билігінде жүрген жылдар.

Үшінші дәуір - табғаш бұғауынан шығып, түркі мемлекеттігін қайта қалпына келтірген және этникалық территориясын ұлғайтқан заман.

Үш дәуірдің де басты өлшемі ретінде азаттық идеясы алынған. Азаттықтан айрылған мемлекетке келетін болсақ, ең басты апат - халқының қырылуы мен ар-намысының тапталуы, әдет-ғұрпының бұзылуы екені айдай анық айтылады. Азаттықты ұстап тұрудың кепілі ретінде үш күштің бірлігі алға тартылған. Бірі - ел басқарған қағанның білімді де білікті болуы, оның бұйрығы мен заңдарының түзулігі: екіншісі - халықтың ауыз бірлігі, таққұмарлық, аштықта тоқтықты түсінбейтін, тоқтықта аштықты ойламайтын жаман пиғыл-қылықтардан ада жүру; үшіншісі - елін, жерін қорғай алатын батырларға сүйену. Мұның сыртында халықаралық ахуалды жіті қадағалап отырудың, көрші елдердің пиғыл, ой-жоспарын қапысыз танып-білудің мемлекет қауіпсіздігіне тікелей қатысты екендігі де назардан тыс қалмаған» [185, 140 б. ] 185 Әбжанов Х. М. Күлтегін жазуы: тарихи сана мен таным //Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер. − Алматы: Ғылым, 2001. − 584 б.

Мәселен, немістің белгілі философы Альфред Вебер «орталық Азиядан шыққан көшпелі халықтардың Қытай, Үндістан және батыс елдеріне баса көктеп жетуі (ежелгі дүниенің осынау ұлы мәдениеттері көшпелілерден жылқыны пайдалануды үйренді) дүниенің үш атырабына да бірдей ықпал етті, ат үстіндегі көшпелі халықтар дүниенің кеңдігін таныды. Олар ежелгі дүниенің ұлы мәдениеті бар мемлекеттерін жаулап алды. Қиын-қыстау тіршілік пен қауіп-қатері мол жорықтар арқылы дүниенің жалғандығын түсінді, үстем нәсіл ретінде олар дүниеге ерлік пен трагедиялық сананы орнықтырып, оны эпос ретінде жария етті» - деп тұжырымдайды [165, 46 б. ] 165 Карл Ясперс. Смысл и назначение истории. -Москва, 1991. 658с.

Олар елі мен жері үшін жасаған шабуылдарын мақтанышпен жеткізеді. Отанының сүйіспеншілігі мен қолдауына ие болған дана қаған ішкі жағдайды ретке келтірумен қатар, көрші елдермен де қарым-қатынас жасап, сол дәуір кезеңіндегі келісім шарт үшін қажетті біліктілік пен сауаттылықты қапысыз таныған. Көршілес елдермен мәмілегерлік қарым-қатынас талаптары мен принциптік шарттарын ұстанған. Тарихи мағлұматтарға көңіл бөлсек, түркілердің сол замандағы қуатты елдердің экономикалық-мәдени дамуына өз үлесін қосқанын байқаймыз. Мәселен, көрші табғаш елімен қарым-қатынасы туралы табғаш халқының сөзі майда, бұйымы асыл, алтын, жібек сияқты қымбат дүниелерді шексіз бергендігі туралы айтылады. Дегенмен түркілердің дана көсемдері мен батыл қаған, будундарын табғаштар қозғай алмаған. « . . . Білгіш қаған еді, алып қаған еді. Бұйрықтары да білгір еді, өздері ер болған екен. Бектері және халқы түзу еді. Сол үшін елін сонша билеген екен. Елді ұстап, заңды жасаған. Өздері ажалдарынан қайтыс болған» [150, 60 б. ] . 150 Күлтегін Тоныкөк: Ежелгі түркі рун жазбалары. - Алматы, Өлке, 2001. - 144 б.

Осы мәтін жолдарынан түркілердің өздерінің әдет заңдары, мұрагерлік дәстүрі болғанын байқаймыз.

Сонымен қатар, Орхон-Енисей жазуларында «құт» концептісі жиі кездеседі, оның анықтамасына мән берер болсақ, байырғы түркі тілі мен қазіргі түркі диалектісіндегі «құт» сөзі бірқатар мағыналардан тұрады. Құт - бұл рух, рухани күш, сәттілік, бақыт, игілік ұғымдарымен қатар, саяси биліктің қуаты мен мемлекетті басқарудың күші деген мағынаны да білдірді. Байырғы түркілер «құт» ұғымын рухани бастау ретінде қабылдады. Біз бұл жерде «құт» сөзінің саяси биліктің күш-қуаты болып табылатын мағынасын ашып көрмекпіз. Дәлел ретінде Ж. Баласағұнның «Құтты білік» еңбегін алып қарасақ, ондағы құт концептісінің мағынасы жоғары биліктің ұлылығын білдірді. Онда «құт» елді әділетті, біліктілікпен басқару білімімен айшықталды. Түркілердің дүниетанымы бойынша «құт» категориясы қандай да бір нақты саяси билік құқымен ғана емес, сонымен қатар рухани күш-қуатпен, қасиетті мәнмен байланысты болды. Махмұд Қашқари еңбегінде «құт» бақыт, байлық, ырыс, дәулет, жан саулығымен анықталады. Ол құтты адамға Тәңірі сыйлайды дейді «Тәңірім берсе ұлына бақ, құт-дәулет, Ісі оңалып, көтерілер күнде өрлеп». Ислам діні қабылданғанға дейінгі кезеңде Орталық Азияда түркі мемлекетінінің көпшілігі құт сөзін ел басқарушының титулы мен атымен байланыстырды. Түркі жұртында құт сөзін ел басқарушының титулы мен атымен байланыстырды. Мысалы, шығыс ғұн мемлекетінде жоғары билеушінің мәртебелі титулы «Тәңірқұт» деп аталғаны белгілі. Сол сияқты түркі мемлекетіндегі «шад» титулы (бақыт, қуаныш), «құтлұқ» титулдары құт сөзімен астарласып жатқанын байқауға болады.

«Жан Поль Рудың зерттеулері бойынша, рух - көктің сыйы, несібесі ретінде ұлұғ, құт тарапынан берілген. Құт - рух, өмірлік қуат, азық, бақыт, несібе және т. б мағыналарды білдіреді. Құт Көктегі «сүт көлінен» келгендіктен де, ол сүттей таза. Әлемдегі барлық болмыста құт бар. Құт - бақыт» [139, 92 б. ] . 139 Ғабитов Т., Әлімжанова Ә. Исламға дейінгі түрік халықтарының мифологиясы мен діни сенім-нанымдары // Қазақ халқының философиялық мұрасы. Жиырма томдық. 1-том Астана: Аударма, 2005. - 439-482 бб.

Құт ұғымын түркі дүниетанымындағы тәңіршілдіктің метафизикалық ұғымының бір концепциясы ретінде қарастырған зерттеуші философ Н. Аюпов «құт ұғымы табиғи және рухани бастамадан тұратын өмірлік күш-қуатты білдіреді, онда тәңірдің бастама болып табылатын бірлігі көрініс табады. Бірақ «құт» кез келгенге берілмейді. Өз халқына қызмет еткен адал адамдар ғана құтқа ие болады» - деп жазады [186, 42 б. ] . 186 Аюпов Н. Г. Метафизические основания тенгрианства // Саясат. № 4. -2005.

Оңтүстік Сібір түркілерінің дүниетанымы бойынша құт болмыс аясында жалпы мағынаға ие болған ұғым. «Құт - жалпы түркі сөзі. Ежелгі түркі тілінде оның мынандай мағыналары болды: 1) «жан, өмірлік күш-қуат, рух»; 2) «бақыт, игілік, береке, амандық-саулық, сәттілік, табыс»; 3) адамгершілік, ұлылық. Қазақ қарақалпақ тілдерінде құт ұғымы: 1) «өмірлік күш-қуат, рух»; 2) мал-жанды сақтайтын, тұмар; 3) «бақыт». Қырғыз тілінде бұл сөз: 1) «қара- қызыл түсті қоймалжың зат бөлігі, немесе түтін шығатын саңылаудан түсетін, адал жақсы адамға бақыт әкелетін ұғым» (дүниеге келгенде қолына ұйыған қанмен туылатын кейіпкер туралы сюжет болуы мүмкін) ; 2) «мал мен жанды қорғаушы»; 3) «кішкентай идол, пұт»; 4) «өмірлік күш, рух, жан»; 5) «бақыт, сәттілік, береке». Хақас және алтай тілдеріндегі құт - «жан, рух, өмірлік күш-қуат» (моңғ. хutag − «бақыт, ырыс-береке»; тунгус. Gutu − «бақыт», корей. Құт-«шамандық әдет-ғұрып»және т. б) [187, 72 б. ] . 187 Традиционное мировоззрение тюрков Южной Сибири. Человек. Общество /Львова Э. Л., Октябрьская И. В., Сагалаев А. М., Усманова М. С. − Новосибирск: Наука. Сиб. отд-ние, 1989. - 243 с.

Сондай-ақ, құт категориясын дәстүрлі қазақ дүниетанымындағы семантикалық негіздің бірі ретінде қарастырған Н. Шаханова құт ұғымының дамуын тағдыр, несібе, бақыт секілді абстрактілі мағынамен байланыстырады [188, 198 б. ] .

М. Макао «құт» сөзінің бастапқы мағынасы «қаған тағдыры», «бақыт», «сәттілік» емес, Тәңірі қағанға аса ықылас салатын «харизмалық» қасиет дейді. Ғалымның пікірі бойынша харизмаға ие болған адам, Аспан тарту еткен билікпен, айрықша рухани күшпен ерекшеленіп, білікті, дана, ержүрек қасиетімен көріну керек. Әйтпесе қаған мен оның кеңесшілерінің басынан құт кетеді [189, 43 б. ] . 189 Масао М. The T’u-chuen Concepte of Sovereign // Acta Altaica. Bulletin of the institute of eastern Culture. - Tokio: Tht toho Gakkai, 1981. - 382 р.

Сонымен қатар, түркілер хан тағына да ерекше мән берген. «Тас мәтінде «el esir ilgeri gondi - ел хан тағы ілгері қонды деп жазып қалдырған. Көшпелі түрік қоғамы жаз уақытында ең бір шұрайлы нулы сулы жерлерге барып жайлайтын болған. Сол кезде хан Ордасымен бірге есірді (хан тағын) алып жүреді. Сонда Орда ілгері көшкенін «ел ілгері қонды» деген сөйлеммен тас бетінде жазып қалдырған. Түріктер «Хан Ордасы» деген атаудың орнына «есір» (хан тағы) атауын синоним ретінде қолданған. » Ескерткіштердегі мәтіннен кейін 450 жылдан кейін де көк түркілердің биліктің іс қызметіне байланысты саяси атауларды Шыңғыс өкіметінің іс қызметіне қолданып қалыптастырған. Олардың қатарына «түріктердің ел (мемлекет), ulus (ұлыс), tör (өкімет, билік), бөгу (дін), qayan (қаған), gan (хан), qatun (қатын), tamya (таңба), esir (хан тағы), elči (елші), orun (орын), qoruq (қорғаныс, қоршау), turyaq (түнгі қарауыл) т. с. саяси атауларды Шыңғыс империясы байырғы түркі тілінен өзгертпестен алып пайдаланған» [13, 74 б. ] . 13 Сартқожаұлы Қ. Байырғы түрік жазуының генезисі. - Астана: Арыс, 2007. - 304 б. Сонымен хан тағы түркілер дүниетанымында аса бір маңызды астарлы рәміздік ұғымды білдірді. Бұл жөнінде белгілі ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының пікіріне сүйенер болсақ, «есір (хан тағы) биліктің, бірліктің ынтымақтың рәмізі. Көшпелілерде ханның хан екенін кепілдендіретін тоғыз асыл қазынасы (рәмізі болған) . Олар: хан тағы (есір), хан тәжі (taz), белбеу (kise), қанжар (kesig), ту (tuy), аčа (asa), мөр (tamya), орда (orda), иелік (oq, oyušy) . «Цаган түүх» (Ақ тарих) атты тарихи нұсқада Ханның тоғыз асыл қазынасын (рәмізі) тәптіштеп келіп: «сегізіншісі, Ханның қасиетті есірі (тағы) болмақ. Бұл деректер ақ киізге отырғызып хан көтергеннен кейін ол тұлғаны хан ретінде танитын 9 асыл қазына (тоғыз нышанын) беріп, киіндіріп отырғызып, ресми түрде жариялаған соң билікті қолға алатынын көрсетіп отыр. Сонда, ханды хан ретінде танытатын бір және бірегей нысаны есір (хан тағы) болған» - деп жазады [33, 76 б . ] . 33 Леви-Стросс К. Структурная антропология. - М. : Наука, 1983. - 536 с.

Білікті данышпан, парасатты қағанның ел мен жер тағдырындағы орны мен атқарған қызметі хақындағы мәселелер Орхон-Енисей жазбаларының басты көріністерінің бірі. Білге қаған Күлтегін мен Тоныкөктің жәрдемімен түркілерді бірлестіру үшін бар күш қайраттарын жұмсады, көктүрік елінің жауларымен күрес жүргізді. Бұл жазбалардың рәміздік дүниетанымдық астарларына мән берсек, ел басқарудағы басшының қандай болу керектігін айшықтайды. Ұлы дала кеңістігін мекендеген көк түріктер өз тәуелсіздігін қорғау жолында алуан түрлі саяси шараларды қолдана отырып, елді жаулардан сақтап, адамзат тарихында мәңгі із қалдырған игіліктер жасады. Байырғы жазба ескерткіштердегі елдік мәселесіне қатысты әлеуметтік-саяси пайымдаулар өркениетті мемлекет құру өресімен сәйкес келетінін аңғарамыз.

Қағандардың ел басқарудағы көрегендігі, әділ басшы болуы ел болашағының кепілі. Ал, ел басшылары жеке басының ғана қамын ойлайтын, өзімшілдікке берілген, табансыз, екі жүзді жандар болса, елдің қисайған жүгі түзелмей, құлдырай беретінін, бардың жоқ болып кететінін ата-бабаларымыз мәңгі өшпестей етіп, тасқа жазып, өмір сабағын бар ақиқатымен айтып кеткен. Бұл түркілік дүниетанымның этикалық астары болып табылады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ұлттық ұстаным және Қазақстандағы ұлтаралық қарым-қатынас
Түркілердің мәдени мұрасының еуропалық және исламдық әлемге әсері
Мәдениет теориясы пәнінен дәрістер кешені
Қазақ әдебиттану ғылымында көне түркі ескерткіштерінің әдеби тұрғыдан зерттелуі
Қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеялары
Орхон - Енисей ескерткіштерінің зерттелуі
Қайырымды қалаға теріс қалалар
Қазақ спортының дамуындағы ұлттық патриотизм идеясы
Қазақ тіліндегі антропонимдердің тарихи-этномәдени тұрғыдан қарастырылуы
Қазақ антропонимдерін зерттеудегі тіл мен мәдениет сабақтастығы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz