Еліктеу сөздердің фоносемантикалық сипаты


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 47 бет
Таңдаулыға:   

РЕФЕРАТ

Диплом жұмысының тақырыбы: Еліктеу сөздердің фоносемантикалық сипаты.

Диплом жұмысының көлемі: 42.

Диплом жұмысында пайдаланылған әдебиеттер саны: 39.

Жұмыстың құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен және қорытындыдан тұрады.

Жұмыстың нысаны: Қазақ тіліндегі еліктеу сөздердің фоносемантикалық сипаты.

Диплом жұмысында қолданылған тірек сөздер: еліктеу сөздер, еліктеуіш сөздер, бейнелеуіш сөздер, семантика, фоносемантика, имитатив және этимология.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері . Еліктеу сөздердің өз алдына жеке-дара сөз табы екенін нақтылау және олардың семантикалық топтастырылуына тоқталу, сонымен қатар еліктеу сөздердің семантикалық ерекшеліктерін айқындау - зерттеу жұмысының негізгі мақсаттары. Диплом жұмысының міндеттеріне еліктеу сөздерді фоносемантикалық тұрғыдан зерттеу мен еліктеу сөздердегі дауысты дыбыстардың мағына өзгерту мәселелері жатқызылды.

Диплом жұмысында қолданылған әдіс-тәсілдер. Дайын материалдарды мақсатқа сай іріктеу, бір жүйеге келтіру, саралау, зерттеу барысында жинақтау, сипаттау, жүйелеу, салыстыру және алты операциядан (тәсілден) тұратын С. В. Воронин ұсынған фоносемантикалық талдау әдісі жұмыста кеңінен қолданыс тапты. Сонымен бірге, индуктивтік, жүйелеу, сипаттама, салыстырмалы, салғастырмалы т. б. тәсіл мен әдістер пайдаланылды.

Диплом жұмысының дереккөздері. Зерттеу еңбектері, отандық ғалымдардың диссертациялық зерттеулері, оқу құралдары, сондай-ақ ғылыми мақалалар.

Жұмыстың нәтижелілігі. Жалпы жұмыс барысында еліктеу сөздердің фоносемантикалық сипатына талдау жасай келе, келесі мәселелер анықталды:

1. Еліктеу сөздердің өз алдына жеке сөз табы ретіндегі ерекшеліктері;

2. Еліктеу сөздердегі дауысты және дауыссыз дыбыстардың мағына өзгертуде рөлі.

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

І. ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ СЕМАНТИКА МӘСЕЛЕЛЕРІ . . . 6

1. 1 Еліктеу сөздердің семантикалық жағынан топтастырылуы . . . 6

1. 2 Еліктеу сөздердің жасалу жолдары . . . 10

1. 3 Еліктеу сөздердің семантикалық ерекшелігі . . . 18

ІІ. ЕЛІКТЕУ СӨЗДЕРДІҢ ФОНОСЕМАНТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ . . . 23

2. 1 Еліктеу сөздердегі дауысты дыбыстардың фоносемантикасы . . . 23

2. 2 Еліктеу сөздердегі дауыссыз дыбыстардың фоносемантикасы . . . 33

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 39

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 40

КІРІСПЕ

Диплом жұмысының өзектілігі. Қазақ тілінде басқа сөз таптарындағы сөздерден фонетикалық, грамматикалық, әсіресе, семантикалық жақтан ерекшеленіп, өз алдына жеке-дара тұрған тарс [ етті ], борс [ етті ], жымың-жымың [ етті ], бүрсең-бүрсең [ жүрді ], алба-жұлба [ болды ] сияқты көру, есіту қабілетінен пайда болған сөздер бар. Бұл сөздер - ғылыми-публицистикалық әдебиеттерден гөрі, көркем әдебиетте көп кездесетін, айтайын деген ойды дәл, көркем жеткізу жағынан ерекше мәні бар, тілімізге әрдайым әсемдік, ықшамдылық, көріктік сипат беріп тұратын, шығарма тілін бейнелеп, мәнерлеп тұратын сөздер.

Еліктеу сөздер - шығуы, құрылысы жағынан ешбір сөз табына ұқсамайтын, бірақ қазақ лексикасында өзіндік үлкен орын алатын ертеден бері қолданылып келе жатқан сөздер. Осындай рөлі бар бола тұра, зерттелуі басқа сөз таптарына қарағанда кенже қалған. Түркі системалы тілдердің құрамына енетін қазақ, өзбек, чуваш, якут, қырғыз, қарақалпақ тілдерінің өзіндік ерекшеліктеріне қарай еліктеу сөздер бірде одағай, бірде үстеу сөздер тобына ендіріліп, түрліше қарастырылып келген.

Тюркологияда еліктеу сөздерді зерттеуші ғалымның бірі - Л. Н. Харитонов якут тілінің еліктеу сөздерін арнайы зерттеп, ол жайында бірнеше ғылыми еңбек жазып, якут тілінің еліктеу сөздерін өз алдына жеке сөз табы ретінде таныған. Л. Н. Харитонов еңбектерінде еліктеу сөздерді семантикалық ерекшелігіне байланысты дыбыстық еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер деп екі топқа бөледі.

Түркі системалы тілдердің ішінде еліктеу сөздерді алғаш арнайы зерттеген және еліктеу сөздердің тілде алатын орнын бірінші рет сөз еткен чуваш тілді ғалым Н. И. Ашмарин болды. Алғаш кезінде Н. И. Ашмарин еліктеу сөздерді гректің мимема деген сөзімен атап, бірнеше еңбектер жазған. Н. И. Ашмарин чуваш тілінің еліктеу сөздерін . семантика жағынан қарастырып, оларды дыбыстық еліктеуіштер; қимыл - қозғалыстық, түрлі түстердің көрініс бейнелері; сөйлеу, дыбыстау аппараттарынан шыққан дыбыстарға еліктеуден пайда болған еліктеуіштер; дене - организмінде пайда болатын сезім - құбылыстардыц бейнелері және баланың тіліне байланысты еліктеуіштер сияқты бес салаға бөледі. Н. И. Ашмарин өзінің еңбегінде еліктеу сөздердің тамақ қуысында, мұрын қуысында және ауыз қуысында пайда болатын жолдарына арнайы тоқталады. Бүл ғалым чуваш тілдерінің еліктеу сөздерін морфология саласынан да зерттеп, 115 түрлі топқа бөліп қарастырған.

Еліктеу сөздер жайында А. Н. Кононовтың еңбектерінен де кездестіруге болады. А. Н. Кононов «Өзбек тілінің грамматикасы» атты еңбегінде еліктеу сөздерді өз алдына сөйлем мүшесі бола алмайтын, тіпті негізгі сөздерге көмекші де қызмет атқара алмайтын категория ретінде танып, еліктеу сөздерді одағайдың бір тобы етіп қарастырады.

Еліктеу сөздер түркі тілдерінің біразында арнайы зерттеліп, өз алдына жеке сөз табы ретінде танылды. Атап айтсақ, С. Құдайбергеновтің «Қырғыз тіліндегі еліктеу сөздер», М. Худайкулиевтің «Түркмен тіліндегі еліктеу сөздер», Р. Кунгуровтың «Қазіргі өзбек әдеби тіліндегі еліктеу сөздер» деген зерттеу еңбектерінде еліктеу сөздердің өзіндік ерекшеліктері мол, ешбір сөз табыша ұқсамайтын жеке категория екенін жан-жақты дәлелдеп, тоғызыншы сөз табы етуді ұсынады.

Ахмет Байтұрсынұлы белгілеген, Құдайберген Жұбанов шылау терминін қосқан сегіз сөз табы 1930 жылдарға дейін танылып, ғылымда қолданылып келді, бірақ ол сегіз сөз табының ішінде еліктеу сөз табы жоқ.

Осы ғылымда қалыптасқан пікірде сөз таптары толық қамтылмай жүр деп алғаш батыл айтқан Ахмеди Ысқақов болды. Бұл мәселе 1948 жылы көтерілді. Ол 1948 жылы «Халық мұғалімі» журналында (№6) «Еліктеуіш сөздер туралы» деген мақала жазды. Осы мақалада А. Ысқақов еліктеу сөздердің одағай қатарына қате қосылып жүргенін жан-жақты дәлелдеді және еліктеу сөздердің ешбір сөз табына ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктерін санамалап, оларды тілдік деректермен анық көрсетті. Сонымен бірге, 1952 жылы «Қазақ тілі грамматикасында» Ахмеди Ысқақов еліктеуіш сөздерді жеке сөз табы деп берді (А., «Мектеп») Міне, бұл нағыз үлкен ғылыми жаналықтың танылуына жол ашты.

1954 жылы «Қазіргі қазақ тілі» (А., «Мектеп») атты тұңғыш ғылыми грамматикасында 9 сөз табы берілген, олар: 1) зат есім, 2) сын есім, 3) сан есім, 4) есімдік, 5) етістік, 6) үстеу, 7) еліктеуіш сөз, 8) көмекші (шылау) сөз, 9) одағай.

Бұл ғылыми грамматикада еліктеу сөздер деген терминді бұл сөз табының жалпы атауы ретінде қолданып, оның ішінде мына мәселелер сипатталған: 1) еліктеуіш сөздер туралы қысқаша түсінік; 2) еліктеуіш сөздер; 3) бейнелеуіш сөздер; 4) еліктеу сөздерден жасалатын туынды сөздер. Ғылыми грамматикада «Еліктеу сөздер туралы қысқаша түсінік» деген тақырыпта еліктеуіш сөздердің басқа сөз таптарына ұқсамайтын ерекше сөздер, қолданыста белсенді сөздер екені айтылған және еліктеу сөздердің еліктеуіш пен бейнелеуіш деген екі топқа бөлінетіні сөз болған.

Демек, А. Ысқақов еліктеуіш сөздер жеке сөз табы деп 1948 жылы мақала жазып, дәлелдеп қана қоймай, оны мектеп грамматикасында (1952 жылы) сөз табына қосты, 1954 жылы ғылыми грамматикада оның теориялық негізін жасады.

Ахмеди Ысқақовтың еліктеу сөздер дербес сөз табы деген пікіріне алғаш үн қосқан, еліктеу сөз табына арнап еңбек жазған ғалымдардың алдыңғы қатарында болған ғалым - Шора Шамғалиұлы Сарыбаев. Шора Сарыбаев 1950 жылы «Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер» деген кітап шығарды (А., «Мектеп») . Бұл еңбек мектеп мұғалімдеріне үлкен көмек көрсетті. Өйткені бұл жаңа мәселені оқыту үшін оның жайы-күйін мұғалім алдымен өзі түсіну керек, оқулықтағы деректер өте қысқа болды.

Қазақ тілінің еліктеуіш сөздері морфологиялық жағынан қарастырылып жүйеленгенімен және де фоносемантика ғылымы негізінде жаңаша үрдісте зерделенгенімен, қазақ тілі сөздік қорының көптеген лексика-семантикалық, тақырыптық және категориялық топтары осы тұрғыдан әлі зерттелмеген.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаттары ретінде еліктеу сөздердің өз алдына жеке-дара сөз табы екенін нақтылау және олардың семантикалық топтастырылуына тоқталу, сондай-ақ еліктеу сөздердің семантикалық ерекшелігін айқындап беру мәселелері қамтылған. Еліктеу сөздерге фоносемантикалық тұрғыдан зерттеу жүргізуді, олардың дауысты дыбыстарының мағына өзгертудегі рөлін анықтауды зерттеудің міндеттері қарастырады.

Диплом жұмысында қолданылған әдіс-тәсілдер. Дайын материалдарды мақсатқа сай іріктеу, бір жүйеге келтіру, саралау, зерттеу барысында жинақтау, сипаттау, жүйелеу, салыстыру және алты операциядан (тәсілден) тұратын С. В. Воронин ұсынған фоносемантикалық талдау әдісі жұмыста кеңінен қолданыс тапты. Сонымен бірге индуктивтік, жүйелеу, сипаттама, салыстырмалы, салғастырмалы т. б. тәсіл мен әдістер қолданылды.

Диплом жұмысының дереккөздері. Зерттеу еңбектері, отандық ғалымдардың диссертациялық зерттеулері, оқу құралдары, ғылыми мақалалар.

Зерттеудің нысаны. Қазақ тіліндегі еліктеу сөздердің фоносемантикалық сипаты.

Жұмыс нәтижелілігі: жалпы жұмыс барысында еліктеу сөздердің фоносемантикалық сипатына талдау жасай келе, келесі мәселелер анықталды:

1. Еліктеу сөздердің өз алдына жеке сөз табы ретіндегі ерекшеліктері;

2. Еліктеу сөздердің дауысты және дауыссыз дыбыстарының мағына өзгертудегі рөлі.

І. ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ СЕМАНТИКА МӘСЕЛЕЛЕРІ

1. 1 Еліктеу сөздердің семантикалық жағынан топтастырылуы

XIX ғасыр мен XX ғасырдың бірінші жартысында қазақ тіл білімі (жалпы түркологияда) өкілдері, негізінен, грамматикалық категориялардың табиғатын анықтаумен ғана шектелді. Тілдің фонема, лексика салалары болса, оқулықтың талабынан әрі аспай, программа шеңберінен шыға алмады. Тек алпысыншы жылдардан кейін ғана тілдік элементтерді жан-жақты зерттеп, бірінің екіншісімен байланысын анықтау, басқа пәндермен байланыстырып, солардың жетістігін пайдалану сөз бола бастады. Осы бағыттағы жаңа саланың бірі - семантика.

Семантика гректің «Semantikos» (белгілеуші) деген сөзінен алынған, қазір «сөз мағынасы» деген түсінікпен тең дәрежеде қолданылып жүр. Сондықтан да оқулықтарда семантикаға сөз мағынасын зерттейтін лексиканың бір саласы деген анықтама беріледі. Тіл білімінің басқа салаларына қарағанда семасиологияның пән ретінде зерттеле бастау тарихы онша ұзаққа бармайды, ал түркологияда өте кенже пән болып саналады. Сол үшін де семасиологияның негізгі мәселелерінің көпшілігі зерттелмеген. Зерттелгендерінің өздері де әрі қарай талдай түсуді қажет етеді. Семасиологиялық зерттеулердің қиындық туғызатын екінші бір жағы да бар. Ол - түркі тілдерінде семантика терминдерінің әлі де анықтала қоймағандығында [1, 3] . Мысалы, семасиология сөз мағынасын зерттейді дедік. Бірақ сөз мағынасының да күрделі түсінік беретіні, оның лексикалық және грамматикалық мағынаның арақатынасын оқулықтарда салыстырып, айырмашылықтарын санап көрсетумен ғана шектеліп жүрміз. Негізінде олардың айырмашылықтары болғанымен, бастарын біріктіріп, тілдік категория ретінде қолданылуына себепші болатын белгілері де аз емес. Ең басты ортақ белгісі - олардың екеуі де объектив дүниедегі заттар мен құбылыстарға қатысты, оларды өздерінде белгілі дәрежеде сәулелендіріп, адам ойын абстракциялау қызметімен байланысты болады. Сонымен бірге олардың айырмашылықтары да бар. Лексикалық мағына мен грамматикалық мағынаның ең басты айырмашылығы - олардың абстракциялану дәрежесі мен берілу формаларында [1, 4] .

Қоғам мүшелерінің өзара пікір алысуы, негізінен, дыбыстық тіл арқылы болатындықтан дыбысталу тілдің, оның ішінде, сөздің ең негізгі элементінің бірі екендігі даусыз. Тіпті жас балалардың мағынамен байланыспаған былдырап түрлі дыбыс шығаруын баланың тілі шықты, сөйлей бастады деуіміздің өзі де осы дыбысталудың тілдің негізгі элементтерінің бірі екендігін білдіретін бір белгі. Әрине жас баланың былдырлап сөйлеуінде мағына жоқ екендігін барлық адам біледі, сонымен бірге түрлі дыбыстардың басын құрап былдырай бастауы тілінің шыға бастауы екендігі де анық [1, 17] .

Еліктеу сөздердің түрлері. Еліктеу сөздер мағынасы жағынан айналадағы әр түрлі дыбысқа және жеке қимылға, іс-әрекетке еліктеуді білдіруіне байланысты еліктеуіш сөздер және бейнелеуіш сөздер болып екіге бөлінеді.

Еліктеуіш сөздер . Табиғатта заттардың қозғалуы, бір-бірімен қақтығысуы, соғылуы сияқты алуан түрлі қимыл, амал-әрекеттердің нәтижесінде әр түрлі дыбыстар пайда болады. Оларды біз құлақпен естиміз. Сол дыбыстарға еліктеу арқылы пайда болған сөздер еліктеуіш сөздер деп аталады. Мысалы: Боз, күрең, жирен, ала, шұбар, Өтеді ауыздығын қарш-қарш шайнап (Ж. Ж. ) . Ырғалып қарға қарқ етті, ірімшік жерге салп етті (А) . Еліктеуіш сөздер көмекші етістікпен (көбінесе ет көмекші етістігімен) тіркесіп жұмсалады. Мысалы: тырс етті, сарт етті, қыңқ етпеді, топ ете түсті, қор ете қалды, гүрс ете түсті, саңқ етті т. б. Еліктеуіш сөздер қайталанып, қосарланып та жұмсалады. Ондайда көмекші етістікпен тіркесіп, онымен бір қызметте немесе жеке тұрып қимылдың амалын білдіреді. Мысалы: тарс-тұрс етті, дүңк-дүңк етті, ырс-ырс етеді, сарт-сұрт болды, шаң-шұң болды, арс-арс етеді, қорс-қорс етеді және қарш-қарш шайнайды, гүрс-гүрс шығады, бырт-бырт шайнайды, шарт-шұрт сынды, пыр-пыр ұйықтайды т. б.

Жоғарыда айтылғандай, еліктеуіш сөздер деп табиғатта ұшырасатын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-біріне қақтығысу-соқтығысуларынан туатын дыбыстарды, сондай-ақ, жан-жануарлардың дыбысталу мүшелерінен шығатын әр түрлі дыбыстарды есіту қабілеті арқылы белгілі-белгілі түсініктер ретінде қабылдаудан болған және сол түсініктердің атаулары есебінде қалыптасқан сөздерді айтамыз. Мысалы: Мылтық тарс етті; қарға қарқ етті деген сөйлемдерді алсақ, ондағы тарс деген сөз мылтықтың атылуынан туған дыбыстың атын білдірсе, қарқ деген сөз қарғаның дыбыстау мүшесінен (қарқылдауынан) шыққан дыбыстың атын білдіреді. Демек, бұл екі сөздің екеуіне де жансыз және жанды заттардан шыққан дыбыстар негіз болған. Бірақ бұл дыбыстардың қайсысы болса да, әрине, сол дыбыстардың дауыстарын дәлме-дәл етіп айтуға тырысудан туған әрі дыбыстық бейне, әрі сол бейненің атауы ретінде қалыптасқан дыбыстар. Заттың құрылымдық бөлшектерінің ерекшеліктеріне қарай, жерге түскендегі дыбысы я дүңк, я тыңқ, я діңк, я тоқ, я тық . . . етіп естілуін тілмен дәлме-дәл айтып жеткізу қиын-ақ. Дегенмен, осы дыбыстар дыбыстық бейне ретінде де, сол бейнелердің атаулары ретінде де қалыптасқандықтан, оларды біз сөздер есебінде қабылдаймыз. Оның бер жағында, бұл дыбыстар, қайсысы болса да, жалаң дыбыстар емес, күрделі дыбыстар. Ал осы күрделі дыбыстар белгілі-белгілі табиғат дыбыстарының таңбалары есебінде қабылданып, тиісті сөздерге айналған. Оған көркем әдебиеттен кейбір мысалдар келтірейік.

А. Ысқақов еңбегінде мынадай мысалдарды ұсынады: «Дәл сол кезде түп қарағаннан аса бере, алдына жас қызыл қозы топ ете түсті (М. Әуезов) ; Қасқыр тыпырлап жатқан қозыны көре сала, ырр етіп барып бас салды (бұл да) ; Қозы екі қомағай ауыздың кергісінде қанжоса болып дар-дар айрылды. Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды. Қапа ш-құпаш қорқ-қорқ етіп қомағай қанды ауыздар асайды (бұл да) . Осы сөйлемдердегі топ, ырр, дар-дар, сырт-сырт, қорқ-қорқ сөздері де тиісті дыбыстарды есітуден пайда болған түсініктерді білдіреді. Сондықтан бұлар да, әрине, еліктеуіш сөздерге жатады [2, 378] ».

Бейнелеуіш сөздер - табиғаттағы заттардың қозғалысын, күйін көру арқылы сипаттайтын, бейнелейтін сөздер. Мысалы: Аттылар бұрылып келіп, дөңгелене отырған жиынға жапыр-жұпыр сәлем берісіп амандасып қалды (М. Ә. ) . Кенеттен шыққан дауысқа Ботагөз «е» деуге үлгермей, жүрісін кілт тоқтатып, жалт қарады. (С. М. ) . Селк ете қалды кең далам, Селк ете қалды дау іші. (Ж. Ж. ) .

Берілген мысалдағы жапыр-жұпыр сөзі бірнеше адамның (аттылардың) бірінен соң бірі рет сақтамай-ақ тез-тез сәлем беруін, кілт сөзі бірден, тез тоқтауды, жалт шапшаң бұрылып қарауды, селк сөзі бейғам даланың (тау ішінің) бірден шоши қозғалуын білдіріп тұр.

Еліктеуіш сөздер есіту қабілеті арқылы пайда болатын түсініктердің аттарын білдірсе, бейнелеуіш сөздер табиғатта кездесетін белгілі-белгілі елес, құбылыстарды көзбен көру қабілеті арқылы туатын түсініктердің аттарын білдіреді.

Мысалы: Ырғалып қарға қарқ етті; ірімшік аузынан салп етті деген сөйлемдерді алайық. Мұндағы қарқ деген сөз - қарғаның дауыстауынан естілген дыбыстың атын аңғартатыны, соған сәйкес, еліктеуіш сөз сол түсініктің атауы болатыны жоғарыда айтылды. Ал осы салалас сөйлемнің екінші жартысындағы салп деген сөз дыбысты емес, қарғаның аузынан ірімшіктің жерге қарай түсіп бара жатқан я түскен кезіндегі көрініс елесін, сол көріністің бейнесін білдіреді. Екінші сөзбен айтқанда, салп деген сөз ірімшіктің жерге тез түсіп бара жатқан кезінде көзбен көру қабілеті арқылы қабылданған көріністің, оның бейнесінің атауы есебінде қызмет етеді.

Екінші бір мысал алайық: Кенеттен шыққан дауысқа Ботагөз «ә» деуге үлгермей, жүрісін кілт тоқтатып, жалт қарады (С. Мұқанов) дегендегі кілт және жалт деген сөздер де қалай тоқтағандықтың және қалай қарағандықтың бейнесін көрсетеді [2, 379] .

Бейнелеуіш сөздер көмекші етістікпен (көбінесе ет көмекші етістігімен) тіркесіп жұмсалады. Мысалы: Жалп ете түсті, жалт қарады , қалт етті, ербең етті т. б. Бейнелеуіш сөздер қайталанып, қосарланып, көмекші етістікпен тіркесіп жұмсалады. Мысалы: маң-маң басты, жалт-жұлт етті, жылт-жылт етті, жарқ-жұрқ етті, далаң-далаң жүгірді, бүгжең-бүгжең жүрді, қызараң-қызараң етті, қиқаң-қиқаң етті, ербең-ербең етті [3, 108-111] . Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де қайталанған екінші сыңарының ашық дауысты дыбысы қысаң дауысты еріндікке айналып, іс-қимылдың бейнесінің бірде олай, бірде бұлай болып алмасып отыратынын білдіреді, мысалы: жалт-жұлт, жалп-жұлп, қалт-құлт т. б.

Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де түбіріндегі дауысты дыбыстың ашық я қысаң болуы немесе жуан я жіңішке болуы сол сөздердің мағыналарына әсер етеді. Мысалы, От жалт етті және от жылт етті дегендердегі жалт деген сөзден көру қабілетінің күшті екендігі аңғарылса, жылт деген сөзден көріністің әлсіз болатыны аңғарылады.

Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де түбіріндегі дауысты дыбыстардың ашық болуы қозғалыс пен әрекеттердің еребейсіздігін, дөкірлігін, оңтайсыздығын, епсіздігін білдірсе, дауысты дыбыстырдың қысаң болуы әрекет қозғалыстың мардымсыздығын, өнімсіздігін білдіреді. Мысалы: арбаң-арбаң, талтаң-талтаң, тарбаң-тарбаң, одыраң-одыраң деген сөздердің мағыналарын сол реті бойынша ербең-ербең, тылтың-тылтың, тырбың-тырбың, едірең-едірең деген сөздердің мағыналарымен салыстырып байқауға болады. Алдыңғы топ пен соңғы топтың мағыналарында, әрине, айырмашылық бар. Өйткені Нұрқожа талтаң-талтаң басып келеді екен (С. Мұқанов) деген мен Нұрқожа тылтың-тылтың басып келеді екен дегендердегі талтаң-талтаң мен тылтың-тылтың дегендердің мағыналары тең емес.

Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де түбіріндегі дауысты дыбыстардың жуан я жіңішке болуы олардың мағынасында айырмашылық болатынын аңдатады, мысалы: жалп-жалп етеді деген мен желп-желп етеді дегеннің, осыдан туған жалпылдайды және желпілдейді деген сөздердің мағыналары тең емес. Алғашқы көріністен күшті, дөрекі, епсіз бейне байқалса, соңғыда әрі нәзік, әрі майда бейне елестейді [2, 378] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тіл біліміндегі еліктеуіш сөздердің теориялық ілімнің пайда болуы
Еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер
Қазақ топонимдерінің фоносемантикалық сипаты
Көркем мәтіндегі мәтінтүзуші фоносемантикалық және лексика-семантикалық факторлар
Түркі тілдерінен енген сөздер
Қазақ тіліндегі кірме сөздердің сөзжасаудағы қызметі
Қазақ және орыс тілдеріндегі гүл атауларына салғастырмалы талдау
Туынды эмоционалды сөздер
Арқас - тарихи тау
Әдеби мәтінді талдаудың бағыттары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz