Қазақстан Республикасына шетел жұмысшыларын жұмысқа тарту мәселесі: халықаралық құқықтық қырлары


«Қазақстан Республикасына шетел жұмысшыларын жұмысқа тарту мәселесі: халықаралық құқықтық қырлары»
Кіріспе . . . 3
І тарау Халықаралық еңбек көші-қонының түсінігі мен құқықтық табиғаты
1. 1. Халықаралық еңбек көші қонының теориясы мен түрлері . . . 7
1. 2. Еңбек көші қонын мемлекеттік және құқықтық реттеу мәселесі . . . 14
ІІ тарау Қазақстан Республикасына шетел азаматтарын жұмысқа тартудың құқықтық негізі
2. 1. Қазақстан Республикасындағы халықаралық еңбек көші-қонының өзекті мәселелері және оларды заңнамалық реттеу жолдары . . . 24
2. 2. Халықаралық еңбек көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясат және еңбек миграциясы мәселелері бойынша Қазақстанның шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы . . . 30
2. 3. Еңбек көші-қоны туралы қазақстандық заңнамаға талдау . . . 37
Қорытынды . . . 44
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 46
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасының әлемдік экономикалық қоғамдастыққа тең серіктес ретінде кіруі басқа факторлармен қатар халықаралық жұмыс күшінің көші-қонымен байланысты екені сөзсіз. Өйткені тәуелсіздіке ие болған соңғы 18 жылда Қазақстан аумағына жұмыс істеу мақсатында келіп жатқан шетелдік жұмысшылардың саны жылдан жылға артып келеді. Бұл орайда халықаралық көші-қон процесі жаһандық сипатқа айналған құбылыс болғаны анық. Осы жағдайларға байланысты бүгінгі таңда Қазақстан еңбек көші-қонының жалпы әлемдік процестері мен оған байланысты проблемалардан шет қала алмайды. Қазақстан халқының сыртқы көші-қонының қарқындылығы, бағыттылығы, сипаты алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда айтарлықтай өзгеруде. Адамның еркін жүріп-тұру құқығын іске асырудағы бұрынғы шектеулер алынып тасталды. Сонымен бірге қазіргі әлемді жайлаған экономикалық дағдарыс, бірқатар елдерде өмір сүру деңгейінің төмендеуі халықтың көші-қонға деген экономикалық сұранысын едәуір күшейтіп отыр.
Көші-қонның, әсіресе еңбек көші-қонының күрт өсуі көптеген елдер үшін шын мәнінде айтарлықтай қатерге айналды. Еңбек көші-қонының мәселелері, оның негізгі үрдістері мен салдары әлемдік қоғамдастықтың басқа да мемлекеттеріндегідей Қазақстаннан да еліміздегі қазіргі қоғамдық тәртіпке, ішкі келісім мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа әсер ететін теріс ықпалды еңсеруге барабар. Сондықтан пәрменді құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық шаралар қолдануды талап етеді.
Еңбек көші-қонын реттеу жөніндегі мемлекеттік саясат стратегиялық тұрғыдан мемлекет басымдық берген салаларда (нанотехнологиялар, биотехнологиялар, ақпараттық жүйелер, көлік және коммуникациялар және басқа да индустриялық-иновациялық қызмет салаларында) жұмыс істеу үшін жоғары білікті шетелдік кадрларды тартуды көздейді. Келісім-шарт негізінде жұмыс істеу үшін қазақстандық мамандардың шет елдерге шығуына да мүмкіндіктер бар. Бірақ бұл процесте ең алдымен еліміздің мүдделері мен мақсаттарына қауіп төндірмеу жағы көзделуге тиісті.
Еңбек миграциясымен байланысты қарым-қатынастардың күрделілігі және көпқырлылығы ұлттық еңбек нарығының жағдайына ғана емес, сонымен бірге демографиялық жағдай мен ұлттық қауіпсіздікке де елеулі түрде ықпал етуі әбден мүмкін екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты, мигранттардың еңбегін рационалды әрі орынды пайдалануға бағытталған сапалы заңнаманы қалыптастыру, еңбекші мигранттардың құқықтарын халықаралық нормаларға сәйкес еш кедергісіз жүзеге асыруға жағдайлар жасау және оның негативті салдарына жол бермеу айрықша өзекті мәселелер болып табылады деп ойлаймыз.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қазақстан Республикасына шетел жұмысшыларын жұмысқа тарту мәселесі, оның халықаралық-құқықтық қырлары бүгінгі таңда өзекті болып табылатынына күмән болмайды деп ойлаймыз.
Тақырыптың зерттелу дәрежесі. Осы жұмыста көтерілген мәселелер заң ғылымында бұған дейін де қаралған. Әсіресе кеңестік дәуірде және ресейлік авторлармен жазылған еңбектер бар. Атап айтқанда, халықаралық миграция мәселелеріне қатысты еңбектері бар мына авторларды атауға болады: Иванов С. А. Аметистов Э. М. Мингазов Л. Х., Каламанов В. А., Моисеенко В. М. Мигас В. В., Нечай А. А. және т. б.
Ал, отандық заңгерлер мен ғалымдардың қатарына М. А. Сарсембаев, С. Ж. Айдарбаев, Ж. М. Аманжолов, М. Б. Құдайбергенов, А. А. Салімгерей, Т. К. Ерджанов, Ж. Т. Сайрамбаева, Т. Сеитов және т. б. жатқызуға болады.
Жоғарыда аталған ресейлік авторлардың еңбектері кеңестік кезеңде жазылған, одан бері халықаралық көші-қон аясына қатысты құқыққолдану тәжірибесі жаңарып, жаңа халықаралық келісімдер мен нормативтік актілер қабылданды. Еңбек миграциясына қатысты ресейлік және отандық авторлардың мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары да бар. Дегенмен де отандық заң ғылымында халықаралық еңбек көші-қонының құқықтық негіздеріне кешенді құқықтық талдау жасаған еңбек жоқ. Осы айтылғандардың негізінде халықаралық еңбек миграциясына қатысты теорялық мәселелерді қарастырып, зерттеу уақтылы және өзекті болып табылады.
Жұмыстың мақсаты Қазақстан Республикасына шетел жұмысшыларын жұмысқа тартуды мемлекеттік-құқықтық реттеу бойынша ұсыныстар қалыптастыру болып табылады.
Аталған мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттерді шешу белгіленді:
- Халықаралық еңбек көші қонының теориясы мен түрлерін талдау;
- Еңбек көші қонын мемлекеттік және құқықтық реттеу мәселесін зерделеу;
- Қазақстан Республикасындағы халықаралық еңбек көші-қонының өзекті мәселелері мен оларды заңнамалық реттеу жолдарын зерттеу;
- Халықаралық еңбек көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясат пен еңбек миграциясы мәселелері бойынша Қазақстанның шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығына талдау жасау;
- Еңбек көші-қоны туралы қазақстандық заңнамаға талдау жасау.
Жұмыстың объектісі Қазақстан аумағына шетелдік жұмыс күшін тартудың құқықтық механизмі . Пәні - ұлттық заңнама және халықаралық келісімдер мен конвенциялар, олардың халықаралық миграцияға қатысты шарттарын бекіту, орындау барысында туындайтын қатынастарға әсер ету процесі.
Зерттеу әдістері. Белгіленген міндеттерді шешу үшін автор жалпыға ортақ ғылыми зерттеу әдістерін қолданды. Атап айтқанда, кешенді және жүйелі талдау, салыстырмалы-құқықтық талдау әдістері. Жұмыс теориялық талдауды сынауға негізделген және құқыққолдану процесінің логикасына тәуелді.
Қорғауға шығарылатын негізгі ережелер.
- еңбек көші-қонын басқару саласында сапалы мемлекеттік саясат әзірлеп, жүргізу, көші-қон процестерінің айқындығын және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, заңсыз еңбек көші-қонының алдын алу, сондай-ақ ұлттық еңбек нарығының шетелдік жұмыс күшіне деген қажетін уақтылы белгілеу мақсатында Қазақстан Республикасында көші-қон процестерін үйлестірумен және реттеумен, оның ішінде еңбек көші-қоны мәселелерімен шұғылданатын арнаулы уәкілетті мемлекеттік орган құру қажет;
- Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасының 2007-2015 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасында көрсетілген ережелерді, сондай-ақ ұлттық бірдейлік пен ел қауіпсіздігін сақтау және дамыту шеңберінде көші-қон процестерінің теріс зардаптарын азайтуды ескере отырып, «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасының жаңа редакциясын әзірлеу керек;
- республикамызда тұрақты негізде жұмыс істей алатын жоғары білікті және кәсіби қызметкерлерді Қазақстанға тартудың тетіктері жетілдірілу керек, көші-қон заңнамасын және халықаралық шарттардың, оның ішінде халықаралық конвенциялардың нормаларын ұлттық заңнамаға имплементациялауды, сондай-ақ шетел мамандарын жергілікті кадрлармен алмастыруды іс жүзінде қолдану мәселелерінде шетелдердің тәжірибесі зерделенгені жөн;
- еңбекке байланысты көшіп келушілер Қазақстан аумағына еңбек нарығының талаптарына қатаң сәйкес және жалдаушы ұйымдар мен жеке адамдардың тарапынан кепілдікпен жіберілетін, оның ішінде ұлттық кадрларды даярлау және шетелдік жұмысшыларды ауыстыру бойынша жіберілетін, сондай-ақ еңбекке байланысты көшіп-қонушылармен еңбек келісім-шартын жасауға жұмыс берушіні ынталандыруға бағытталған көшіп келу заңнамасына өзгерістер енгізу уақыт талабы болып табылады;
- көшіп-қонушыларды тіркеу тұрғылықты жері бойынша емес, жұмыс істейтін жері бойынша жүзеге асырылатын және жұмыс берушінің ресми өтініші негізінде ресімделетін заңнаманы өзгертудің мүмкіндігін зерделеу қажет;
- еңбек көші-қонының және заңсыз еңбек көші-қонының ауқымы туралы статистикалық деректерді жақсарту мақсатында халықаралық ұйымдармен бірлесіп ТМД еңбек нарығындағы сұраныс-ұсыныс деректерінің мемлекетаралық банкін құру қарастырылу керек деп есептейміз;
- белгіленген тәртіпті бұрын бұзған шетелдік мигранттардың Қазақстанға қайта келуін шектейтін нормалар заңнамада көзделуге тиіс.
Жұмыстың теориялық және тәжірибелік маңызы. Бұл жұмыстың теориялық маңызы онда халықаралық көші-қон процесін құқықтық реттеу аясында еңбек миграциясына анықтама беру және оның құқықтық негіздерін талдау талпынысымен анықталады. Кейбір ұсыныстар мен қорытынды ойлар халықаралық еңбек құқығының құқықтық табиғатын ашатын мәселелерді қамтиды және осы мәселені теориялық тұрғыдан зерттеу жұмыстарында пайдаланыла алады.
Бұл жұмыс халықаралық құқық, халықаралық қатынастар, қауіпсіздік саласында мамандар дайындайтын заңгерлік оқу орындарында оқу-әдістемелік, оқу құралдарын дайындау барысында пайдалы болары анық. Бұл оның тәжірибелік маңыздылығын айқындайды.
Жұмыс кіріспеден, 2 бөлімнен, 5 тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жалпы көлемі - 47 бет.
І тарау Халықаралық еңбек көші-қонының түсінігі мен құқықтық табиғаты
1. 1. Халықаралық еңбек көші қонының теориясы мен түрлері.
Соңғы онжылдықтарда орын алып отырған көші-қон процесстерінің жиілеуі сандық көрсеткіштермен де, сапалық өзгерістермен де сипатталады: еңбек мигранттары қозғалыстарының нысандары мен бағыттары өзгеріске ұшырауда. Адамзаттың шаруашылық және әлеуметтік-мәдени өмірінің күрделенуі мен , сондай-ақ өткір ұлтаралық қарама-қайшылықтардың, елдер мен халықтар арасындағы тікелей қақтығыстардың, төтенше жағдайлар мен дүлей апаттардың салдарының бір көрінісі болып халықтар мен еңбек ресурстарының әртүрлі нысандағы ірі масштабтағы ішкімемлекеттік және мемлекетаралық қозғалысы табылады. Бұл - әлемдік өркениетпен және халықаралық еңбек нарығымен тұрғылықты жері мен жұмыс орнын таңдауға берілген тиісті құқықтар мен мүмкіндіктерді пайдаланатын еркін мигранттар. Бұл - өзінің туған жерін, өз үйін белгілі бір жағдайларға байланысты тастап кетуге мәжбүр болған босқындар мен мәжбүрлі мигранттар.
Халықаралық деңгейдегі көші-қон процесстерінің ерекшеліктері мен салдарын, олардың ауқымын жақында ғана сезінген әлемдік қауымдастық көші-қон ағымының өткір мәселелерін шешу мен ұжымдық реттеу жөніндегі көптеген мемлекеттердің іс әрекеттерін үйлестіру қажеттілігімен кездесті.
Еңбектің халықаралық бөлінісі белгілі бір өнімді өндірудің жекелеген мемлекеттерде тұрақты топтасуын көздейтін еңбектің елдер арасында қоғамдық аумақтық бөлінуінің ең жоғарғы дәрежесі ретінде әртүрлі елдерде әртүрлі көлемдегі еңбек ресурстары мен біліктілік құрамының болуын көздейді. Халықаралық еңбек бөлінісін кең мағынада талқылау адамзат қызметінің жекелеген түрлері ретінде оқшаулау міндетті түрде оның кейінгі кооперациясын білдірмейді. Ал, егер ондай кооперация орын алса, ол екі түрлі нысанда жүзеге асырыла алады: еңбек бөлінісі негізінде өндірілген тауарлармен халықаралық алмасу (халықаралық сауда) немесе тікелей еңбектің мемлекетаралық қозғалысы (халықаралық еңбек көші-қоны) .
Жұмыс күшінің қозғалысына қатысты бір мемлекеттің аймақтары арасында орын алатын ішкі көші-қонды және бірнеше мемлекетті қамтитын сыртқы көші-қонды ажыратуға болады. Халықаралық еңбек құқығы мен экономика ғылымдары жұмыс күшінің сыртқы миграциясы мен оның экономикалық себеп-салдарын зерттейді. 1
Халықаралық көші-қон мәселелерін зерттеуде пайдаланылатын негізгі түсініктер төмендегідей:
- жұмыс күшінің миграциясы - еңбекке қабілетті тұрғындардың экономикалық және басқа да себептерге байланысты бір мемлекеттен басқа мемлекетке кем дегенде бір жылдан астам уақытқа қоныстануы.
- Иммиграция - еңбекке қабілетті адамдардың тиісті мемлекетке оның аумағынан тыс жерден келуі.
- Эмиграция - еңбекке қабілетті адамдардың тиісті мемлекет аумағынан кетуі.
- Миграциялық сальдо - иммиграция мен эмиграцияның айырмашылығы.
- «Ми ағыны» - жоғары білікті кадрлардың халықаралық миграциясы.
- Реэмиграция - эмигранттардың өзеліне тұрғылықты жеріне оралуы.
Жұмыс күшінің халықаралық миграциясы жүздеген жылдар бұрын пайда болып, елеулі өзгерістерге ұшырады. Халықаралық миграция мәселелерін теориялық зерттеу белсенді түрде ХХ ғасырдың 60 жылдарынан кейін экономикалық өсім моделдерінің аясында басталды. Оның негізгі идеясы болып жұмыс күшінің халықаралық қозғалысы өндірістің бірден бір факторы ретінде экономикалық өсім ырғағына ықпал ететіндігі, оның себебінде еңбекке ақы төлеу деңгейіндегі мемлекеттер арасындағы айырмашылық табылады. Әрбір адам өз еңбегінің шекті өнімін алады және тұтынады деген көзқарасқа негізделетін неоклассикалық ұстанымды ұстанушылар эмиграция қабылдаушы мемлекеттің әл ауқатын арттыруға алып келеді, бұл орайда мемлекеттің экономикалық дамуы сол қалпында қалады немесе кем дегенде нашарламайды деп есептейді.
Неокейнстік бағытты ұстанушылар миграция нәтижесінде жұмыс күшін, әсіресе жоғары білікті жұмысшыларды, экспорттаушы елдің экономикалық жағдайы нашарлау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Осыған байланысты халықаралық қауымдастық тарапынан «ми ағынына» салық енгізу, одан түсетін табысты Біріккен Ұлттар ұйымына беріп, оны жаһандық даму қажеттіліктеріне жұмсау да ұсынылған. Соңғы жылдары миграция мәселелерін талдаудағы негізгі ой мемлекеттің экономикалық өсімінің эндогендік факторы ретінде адам капиталын аккумуляциялауға ауысты. Жинақталған адам капиталы экономикалық дамудың маңызды алғышарты болып табылады. Осыған орай халықаралық миграция әртүрлі елдер арасындағы экономикалық өсім темпіндегі ерекшеліктердің бірі ретінде айқындалады.
Басқа елдің (немесе бір мемлекеттің басқа өңірінде) аумағында болу уақытына қарай тұрақты, уақытша және маятниктік миграцияны ажыратады.
Тұрақты (ұзақмерзімді) миграция тұрақты тұруға кеткен немесе келген адамдардың санымен сипатталады. Бұл орайда кейбір елдерде шетелдік егер ол тиісті елде белгілі бір уақыт тұрып жатса (жоқ болса) иммигрант (эмигрант) деп есептеледі.
Уақытша (қысқа мерзімді) миграция азаматтығын және тұрғылықты жерін өзгертпей ағымдағы қажеттіліктерге байланысты кіріп-шығуды білдіреді. Бірақ, кейбір мемлекеттерде уақытша мигранттар есебінен маусымдық жұмысшыларды шығарып тастайды.
Маятниктік миграция уақытқа байланысты миграцияның ерекше бір түрі болып табылады. Ол жұмысшылардың жұмыс орнына бір өңірден басқа өңірге жылжуын және адамның тұрақты тұратын жерінен бір аптаға дейін ғана болмауымен сипатталады.
Миграцияның экономикалық әсеріне тоқталмай кетпеуге болмас. Жұмыс күшінің халықаралық миграциясы экономикалық та, экономикалық емес те себептерге байланысты жүзеге асырылуы мүмкін. Экономикалық емес себептерге саяси және діни себептер, мемлекеттердің бірігуі мен таралуы, табиғи апаттар, соғыс жағдайлары, экологиялық проблемалар, жеке сипаттағы себептер жатады. Осы аталған және басқа да көптеген экономикалық емес себептер жұмыс күшінің елеулі мемлекетаралық қозғалысына алып келуі мүмкін және алып келіп жатыр. Олар экономикалық себептерге байланысты орын алатын жұмыс күшінің халықаралық миграциясы сияқты экономикалық салдарға ие. Экономикалық себептердің түп негізінде еңбекке ақы төлеудегі мемлекеттер арасындағы айырмашылық жатыр. Жұмыс күшінің көші-қоны әртүрлі елдердегі еңбекке ақы төлеуді біркелкілендіруге алып келеді.
Еңбек ресурстарының шетелге халықаралық миграциялануының нәтижесінде ерекше қасиетке ие тауар - жұмыс күші қозғалады. Оның басқа тауарлардан басты ерекшелігі - жұмыс күшінің өзі басқа тауарларды өндірудің негізгі факторы болып табылатындығында. Жұмыс күшін экспорттайтын, яғни жұмысшылар эмигрантталатын мемлекет, әдетте, сондай экспорт үшін эмигранттардың табысының бір бөлігін өз еліне аудару түріндегі өзіндік ақы алады. Көп елдердегі еңбек ресурстарының шартты артықтығы сияқты жағдайларда жұмыс күшін сыртқа шығару жұмыссыздықты төмендетуге көмектеседі, шетелден ақша түсімдерінің келуіне септігін тигізеді. Ал, екінші жағынан, жоғарыкәсіби жұмыс күшінің, мамандардың сыртқа кетуі экспорттаушы елдердің технологиялық потенциалының азаюына, олардың жалпы ғылыми және мәдени деңгейінің төмендеуіне алып келеді. 2
Тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, халықаралық миграция - жаңа құбылыс болып табылмайды. Статистика мен шекара жүйесінің дамымаған жағдайларында халықаралық мигранттардың көші бірнеше жүздеген жылдар бойы мемлекеттік органдар тарапынан мүлдем есепке алынбаған. Бүгінгі таңда да өндірістің маңызды факторы болып табылатын халықаралық көші-қонның нақты көлемі мен ауқымын анықтау күрделі екені сөзсіз.
Еңбек ресурстарының мемлекетаралық көші-қонының мейлінше қолайлы сандық көрсеткіштері болып төлем балансында көрініс табатын көрсеткіштер табылады. Бұл жағдайда резидент емес болып тиісті мемлекетте бір жылға жетпейтін уақыт болатын тұлға табылады. Егер адам тиісті елде бір жылдан астам уақыт болса, онда ол статистикалық есепке алу мақсатында резидент ретінде тіркеледі. Төлем балансының сатистикасында жұмыс күшінің миграциясымен байланысты көрсеткіштер ағымдағы операциялар балансының бір бөлігі болып табылады және үш бап бойынша сараланады:
- Еңбек табысы, жұмыспен қамтылғандарға төленетін төлем - резиденттер үшін атқарылған және олармен төленген, жеке резидент емес тұлғалармен қолма-қол ақшалай немесе заттай алынған еңбек ақы немесе басқа да төлемдер. Бұл категорияға резиденттердің резидент еместерді жұмысқа жалдаумен байланысты зейнетақылық, сақтандыру және өзге де қорларға төлейтін басқа да барлық төлемдері жатады. Резидент емес жеке тұлғалар қатарына тиісті мемлекетте бір жылға жетпейтін уақыт болатын барлық шетелдік жұмысшылар, соның ішінде, маусымдық жұмысшылар, шекаралас көрші елдерден уақытша табыс үшін келетін жұмысшылар, сонымен қатар шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің жергілікті персоналы жатады.
- Мигранттардың көші-қоны - мигранттар өздерімен бірге басқа елге көшкенде алып жүретін мүліктерінің құнының бағалық ақшалай эквиваленті. Бұл орайда эмигранттар мүлкін заттай шығару тауарларды елден экспорттау ретінде көрсетіледі, ал оның бағалық ақшалай эквиваленті (осы экспорт үшін төлем сияқты) - осы бап бойынша.
- Жұмысшылардың аударымдары - мигранттардың ақшасы мен тауарларын өз елінде қалған жақындарына жөнелтуі. Тауарларды жөнелткен жағдайда олардың бағалық құны есепке алынады.
«Еңбек табысы» мен «мигранттардың көші-қоны» және «жұмысшылардың аударымдары» атты баптардың арасындағы басты айырмашылық - «еңбек табысы» атты бапта резидент еместердің, яғни тиісті мелекетте уақытша орналасқандардың табысы ескеріледі. Сонымен бірге «мигранттардың көші-қоны» мен «жұмысшылардың аударымдары» атты баптарда резиденттердің, яғни өз елінен кетіп қалған және шетелде кем дегенде бір жылдан астам уақытқа қалып қойған мигранттардың табысы мен шығысы көрсетіледі. Осы екі бап ағымдағы операциялар аясында жеке төленбеген аударымдар тобына біріктіріледі. Жеке төленбеген аударымдар - бұл мигранттар шетелге кеткенде өзімен бірге алып жүретін мүліктің және оның артынан өз еліне жөнелтетін тауарлардың бағалық ақшалай эквиваленті. Ол «мигранттардың көші-қоны» мен «жұмысшылардың аударымдарын» қамтиды.
Тәжірибе жүзінде сол бір немесе өзге халықаралық аударымдарды нақты қай бап бойынша бекіту керектігін анықтау қиынға соғады. Белгілі бір адам бастапқы кезде шетелге уақытша табыс табу үшін барып, артынан нақты бір себептерге байланысты бір жылдан астам уақытқа кідіріп, мигрантқа айналып кетуі әбден мүмкін. Және керісінше, шетелде тұрақты тұру үшін кеткен адам өзінің мүлкін жұмысшы аударымы ретінде ресімдеп, артынан бір жылға детпейтін уақыт ішінде өз еліне қайтып келуді шешеді. Мұндай жағдайларда қолданылатын жалпы ережеге сәйкес есепке алу шекараны іс жүзінде кесіп өту фактісі бойынша жүргізіледі, және егер артынан ол есепке алу жазбасы дұрыс толтырылмаған болса да оны әдетте қайта қарамайды.
Орта есеппен алғанда, жылдық миграциялық сальдо ХХ ғасырдың 90-жылдарының ортасына қарай шамамен 1 млн. адамды құрады. 3 Яғни, қабылдаушы елдерде сыртқа кетушілермен салыстырғанда келушілер орта есеппен алғанда 1 млн. адамға артық болған. Әдетте, әлемдік экономикалық жағдай тұрақтанғанда миграциялық сальдо азаяды, және керісінше, экономикалық дағдарыс уақытында миграциялық сальдо артады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz