Мақыш Қалтайұлының шығармашылық өмірбаяны


Жоспар:
Кіріспе 3
1. Мақыш Қалтайұлының шығармашылық өмірбаяны
1. 1 Мақыштану мәселелері 4
1. 2 Өмір белестері 5
2. Мақыш Қалтайұлы шығармашылығы
2. 1 Сыншылдық және ағартушылық бағыт 8
3. Мысал өлеңдері 10
Қорытынды 13
Қолданылған әдебиет
Кіріспе
Ш. Сәтбаева тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында былай деген еді: «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің аса ірі тұлғалары, ақын- жазушылардың - Шәкәрім Құдайбердиевтің, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Сәбит Дөнентаевтың, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің, Спандияр Көбеевтің, Ғұмар Қарашевтің, Нарманбет Орманбетовтің, Шәңгерей Бөкеевтің, Бернияз Күлеевтің, Әріп Тәңірбергеновтің, Нұржан Наушабаевтың, Мақыш Қалтаевтың, Әкірам Ғалымовтың, әнші-композитор, ақындар өмірі мен шығармашылығы байсалды, объективті монографиялық зерттеулер, кандидаттық, докторлық диссертациялар жазылуын күтіп тұр». Осы аталған ақындардың көпшілігінің әдеби мұрасы жаңаша көзқараста зерделеніп әдебиет тарихындағы орындары айқындалды. Біз нысан етіп отырған Мақыш Қалтайұлының да әдеби мұрасы, ақындық болмысы, шығармашылық бағыт-бағдарына қатысты айтылған құнды пікірлер, тұжырымдар аз емес.
Қазақ әдебиеттану ғылымын әр қырынан зерттеген М. Әуезов, С. Мұқанов, Б. Кенжебаев, Ы. Дүйсенбаев, Ә. Дербісалин, Қ. Сыдиықов, У. Қалижан, Д. Қамзабекұлы [2] және басқа да зерттеуші, ғалымдардың еңбектерінде ақын мұрасына тоқталып, азды, көпті өз ойларын білдіреді. Мұны мақыштану саласында жасалған игі қадамдар деп атап өтуіміз керек. Негізінде Мақыш Қалтайұлының артына қалдырған мұрасы өте мол, өзінің көзі тірісінде-ақ Қазан қаласы баспаханаларында «Қалтайұлының қазақ ахуалынан бахыс еткен манзумасы» (1907), «Біраз ғибрат сөз . . . » (1910), «Қазақтың айнасы» (1910), «Насихат қазақия» (1911), «Бар оқиға» (1912), «Тура жол» (1912) атты төл туындылары топтастырылған кітаптары мен «Сақ уа Сұқ халдері» (1913) және «Айна» (1913) аударма кітаптары жарық көрген болатын. Бұл жинақтарда Мақыштың өлеңдері мен толғаулары, мақалалары, аударма туындылары қамтылған.
1. Мақыш Қалтайұлының шығармашылық өмірбаяны
1. 1 Мақыштану мәселелері
Мақыш Қалтайұлы мұрасы жайында ой-пікір айту өткен ғасырдың елуінші жылдарынан басталады. Ақынның бұл кезеңдегі бірден-бір зерттеушісі - филология ғылымының
докторы, профессор Бейсембай Кенжебаев. «Әдебиет және искусство» журналының 1950 жылғы он екінші санында ғалымның «Мақыш Қалтаев» атты көлемді мақаласы басылды. Мақыш шығармашылығы зерттелуінің алғашқы қадамы болып табылатын мақалада зерттеуші ақынның Қазан қаласы баспаханаларында басылып шыққан кітаптарын саралай сүзіп, әрқайсына жеке- жеке тоқталып, қысқаша аңдатпа жасайды, жалпы шығармашылығына шолу жасап, өлеңдерінің тақырыптық-идеялық мәнін, мазмұнын ашып көрсетеді: «Мақыш дүниелік ғылым-білімнің, өнеркәсіптің, байлық-дәулеттің, мәдениеттің қажетін, пайдасын ұғады; қоғамның, халықтың шаруашылық, мәдениет жөнінен ілгері дамуын көксейді; жұртты оқуға, мәдениетке, ғылым, өнеркәсіп үйренуге, отанның өркендеуі жолында қызмет етуге үндейді. Осы тұрғыдан қарап Мақыш қазақтың үйлену, ауру-сырқауды емдету жөніндегі ескі, зиянды ғұрып-әдеттерін сынайды; бектік-феодалдық қалып сарқыны болған надандық, жалқаулық, мансапқорлық, даукестік, партияшылдық сияқты жаман, кертартпа мінез-құлықтарын сынайды. Соларды дін негізінде, низам жолымен жаңғыртуды, түзетуді жөн көреді», деп ақын өлеңдерінің ағартушылық, сыншылдық бағыттағы мән-мазмұнын сипаттай отырып оның шығармашылық бағытын айқындап, саяси-дүниетанымдық көзқарасына әсер еткен саяси-тарихи жағдайларға, заман келбеті, дәуір тынысына тоқталады: «Мақышқа бір жағынан 1905 жылы болған буржуазияшыл-демократиялық революция, екінші жағынан империалистік соғыс, социалистік революция қарсаңында болған саяси-әлеуметтік жағдайлар қатты әсер еткен. Оның саяси ой-пікірі барған сайын өсіп, буржуазияшыл-
ағартушылық бағыты ілгерілеп отырған. Тұтастай алғанда, Б. Кенжебаев жоғарыда сөз болған мақаласынан бастап өмірінің соңына дейін Мақыш Қалтайұлына қатысты зерттеулерден қол үзген жоқ.
Ғалымның докторлық диссертация қорғау барысында жазған «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» (1958) атты монографиясында, осы еңбегінің негізінде жоғарғы оқу орнында оқитын студенттерге арналып жазылған «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (1966, 1976, 1993) оқулықтарында, сонымен қатар «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» (1973), «Әдебиет белестері» (1986) сияқты күрделі зерттеулерінде
Мақыш шығармашылығы, өлеңдерінің тақырыптық-идеялық ерекшеліктері жайында тың пікірлер білдіріп, оның өмірі, әдеби мұрасына қатысты құнды деректермен толықтырып отырды. Алпысыншы жылдары М. Қалтайұлы ақындығы жайында біраз сөз айтқан Ысқақ Дүйсенбаев болды. Қазақ әдебиеті тарихына қатысты көптеген еңбектер жазған Ы. Дүйсенбаев Мақыш мұрасын арнайы зерттемесе де, сөз арасында оның шығармашылығына, ақындық өресіне тоқталып, өзіндік ой-пікірін білдіріп отырды. Зерттеуші Мақыш туралы бірінші рет 1963 жылы шыққан «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалары» атты оқулық-хрестоматияда сөз қозғады. Кейініректе 1965 жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихында» (2- том, 2- кітап) және «Эпос және ақындар мұрасы» (1987) атты зерттеуінде еш өзгеріссіз қайталанып басылды. Мақыш мұрасына қатысты пікір білдірген алпысыншы жылдардағы зерттеулердің бірі - А. Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі» (1966) еңбегі. Абайдың әдеби мұрасын жан-жақты талдап, оның өзінен кейінгі ақындардың шығармашылығына тигізген әсерін зерттеген ғалым М. Қалтайұлының ағартушылық бағыттағы өлеңдерін Абай өлеңдерімен салыстыра отырып мазмұн, идея жағынан бір-бірімен ұштасып, сабақтасып жатқанын дәлелдеп көрсетеді [7, 175 ] .
Сондай-ақ, ХХ ғасыр басындағы қаламгерлердің әйел теңдігі тақырыбындағы туындыларын тілге тиек ете отырып: «Осы тақырыпқа Мақыш Қалтаев пен Әкірам Ғалымов та көп жазды» [7, 178 ], деп бір-екі сөзбен ғана қайырады, Мақыштың бұл тақырыпта жазған туындыларының аты түстеп айтылмайды. Мақыш өлеңдерінде (әсіресе «Насихат қазақия», «Бар оқиға», «Біраз ғибрат сөз», «Тура жол» жинақтарында) араб, парсы, түркі тілдерінен алған сөздер көп кездеседі. Демек, М. Қалтайұлы көптеген тілдердің элементтері араласқан қоспа тілде жазған. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағымның тууы, дамуы, оның ұлт зиялыларына әсерін терең зерттеген «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым» (1998) деген еңбегінде әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының докторы У. Қалижанұлы діни-ағартушы ағым өкілдері Ақмолла Мұхамедярұлы, Әбубәкір Кердері, Нұржан Наушабаев, Шәді Жәңгіров, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтермен бірге Мақыш Қалтайұлының да әдеби мұрасын жаңаша көзқарас үрдісінде пайымдайды. Түйіндеп айтсақ, жоғарыдағы зерттеуші-ғалымдардың Мақыш шығармашылығы жөніндегі ой-пікірлері ақын мұрасын тануда, оның әдебиеттегі орнын айқындауда сөзсіз алға басқандықтың белгісі. Сонымен қатар бұл зерттеулер ақын мұрасының идеялық-эстетикалық нысанасын, көркемдік әлемін тереңірек зерттеуге жол көрсетеді, бағыт сілтейді.
1. 2 Өмір белестері
Мақыш Қалтайұлының өмірі туралы деректер оның өз туындыларында кездеседі. Ақынның өзіне сөз беретін болсақ «Қалтайұлының қазақ ахуалынан бахыс еткен манзумасы» (1909) жинағындағы «Атым-Мақыш…» деп басталатын өлеңінде:
Атым - Мақыш, Қалтай дер атам атын,
Бабам аты Едіге, қазақ - затым.
Ақмола дүр дуаным, қыпшақ - руым
Әр жерде сияхлықпен болды жүруім.
Туған жер Есіл, Нұра болса дағы,
Қушоқы деген жерде бүгін тұруым [25, 2 ], -деп өзінің ата-бабасы, туған жері, руы жайында айтып өтеді. Бұл деректерді «Насихат қазақия» (1911) жинағындағы «Руым - қыпшақ…» деп басталатын өлеңінде нақтылай түседі.
Руым - қыпшақ халқы, асылым - қазақ,
Әр қауымға жәһилдіктен болған мазақ.
Дуаным Ақмолаский, Қараөткел дүр,
Болысым Жайықбаев ғизатлу зат.
Атым - Мақыш, Қалтай дер атам атын,
Бабам - Едіге, жас келді қырыққа жақын [23, 46 ] .
Яғни, ақынның өзі «Мың сегіз жүз алпыс тоғыз уәлидәнім» (туған жылым) деп айтып өткендей, сол кездегі әкімшілік аймақ бойынша Батыс Сібір генерал-губернаторына бағынатын Ақмола облысы, Ақмола уезінің Жайықбаев болыстығына қарайтын Қараөткелді жайлаған қыпшақ руының ішінде 1869 жылы туған. Ақынның дүниеге келген кезі - бұрынғы хандық билеу заманы жойылып, ел арасынан сайланған аға сұлтандық билік те жарты ғасырға жетпей өзгертіліп, қазақ даласы ұсақ болыстықтарға бөлшектеніп, биліктің барлығы патша шенеуніктерінің қолына көшкен дүрбелеңді ХІХ ғасырдың екінші жартысы. Мақыш әкесі Қалтай, арғы атасы Едіге - барлығы да орта қолды кедей адамдар болған. Жас кезінде Мақыштың өзі де
Мен Мақыш Ақмоланың пақырымын,
Мал басқа бай болмаған тақырымын, - деп өзі айтқандай жоқшылықтың тауқыметін көп тартады. Бірақ ол кедей екенмін деп төмендемейді, қай кезде де, кімнің алдында болса да еңсесін тік, жоғары ұстап бар мақсатын білім алуға, ғылым іздеуге жұмылдырады. «Қазақтың айнасы» (1910) жинағындағы «Дүниенің керектігі хақында» өлеңінде былай дейді:
Әулиенің сөзімен мал жимадым,
Мұхтаж болып жанымды көп қинадым…
Ғылым - ғизат, дүние - өлексе, деп.
Байларға басымды иіп көне алмадым
Ғылымның ғиззат, құрмет өзінде деп,
Дүниелер, ағанияға (байлыққа) көз салмадым.
Расында Мақыш кисе киімге, ішсе тамаққа жетпейтін шағын дәулеті бола тұра ешкімге жалынышты болмаған, өзінің адал еңбегімен күн көріп, жиған- тергенін білім алуға жұмсайды.
Мақыш алғаш сауатын ауыл молдасынан ашып, қадим мектебінде оқып хат таниды. Мақыш Абдолла мүдәрристен 1894-1897 жж. аралығында үш жылдай дәріс тыңдап ислам тарихы, мәдениеті жайында кең мағлұмат алады. Абдолла Мақыштың ғылым-білімге деген құштарлығын танып, оған басқа шаһарларға барып оқуға кеңес береді. Сөйтіп ұстаз кеңесімен Мақыш оқу-білім іздеп алдымен Қызылжар, Көкшетау жағын аралап, Троицкі қаласынан барып шығады. Мақыштың Троицкі шаһарына келіп Зейнолла ишан медресесіне түсіп оқудағы мақсаты мүрид болып сопылық бауырластыққа кіру емес, жоғарыда өзі «Маша Аллаһ біз тұрып бұл шаһарда, қайттық асыл отанға білім жыя» деп айтып өткеніндей білім алу болғандықтан, сопылық ілімді де осы мақсатта оқып үйренеді. Сопылық ілімнің ғылыми-теориялық жағына айырықша ден қойып Зейнолла мүдәристен дәріс тыңдайды. Белгілі мұсылман ғұламаларының жалпы дінге, соның ішінде сопылық ілімге қатысты ғылыми, діни-пәлсапалық еңбектерімен танысады. «Ихийаның» төртінші жүз нұсқасында, Ғазалидің бір айтқан сөзін тыңда:
«Мал, мәртебе, кәсіппен әһл-әулет,
Шын дұшпан, фитна деген әрбір құлға» [22, 13 ], - дейді ақын «Біраз ғибрат сөз…» кітабындағы өлеңінде.
Хақиқи өлмей қалмас ешбір пенде,
Ғанимет біл, болғанда жаның тәнде.
Өлсе дағы өлмейді деген сөз бар,
Жақсы есімін соңғыларға қалдырғанда [22, 13], деп өзі айтпақшы, артына елеулі мұра қалдырған ақын 1916 жылы небәрі 47 жыл өмір сүріп көз жұмады. Біз бұл жерде қаламгер өмірбаянының алғашқы соқпағын салуды мақсат еттік. Оның өміріне қатысты ашылмаған беттер әлі де болса жетерлік. Оның бәрін қайта қарап, ақынның ғылыми өмірбаянын зерделеп зерттеу болашақтың үлесінде.
2. Мақыш Қалтайұлы шығармашылығы
2. 1 Сыншылдық және ағартушылық бағыт
М. Қалтайұлы шығармашылығы негізгі үш саладан: поэзия, аударма, публицистикадан (әзірге екі мақаласы белгілі - Ә. Ә. ) тұрады десек, соның ішіндегі ең сүбелі саласы ақынның поэзиясы. Бүгінгі күн тұрғысынан алып бағалағанда Мақыш өлеңдерінің идеялық-тақырыптық ауқымы кең, өзіне тән ерекшелігімен қайшылығы бар мол мұра. Негізгі мотиві - қазақ қоғамы, оның әр алуан тұрмыс-тіршілігі, адамдары, олардың арасындағы қоғамдық қатынастар, адал еңбек, адамгершілік-имандылық секілді сан түрлі өмірлік мәселелер. Дәлірек айтқанда, өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның қат-қабат сырларын өлеңдеріне арқау еткен. «Жалпы алғанда Мақыштың ізгілік, ағартушылық, демократтық пікірі басым, - дейді Б. Кенжебаев. Қазақтың Қазан төңкерісінен бұрынғы молда ақын-жазушыларынан қазақ өмірінің бірталай күрделі мәселелерін қозғаған, реалистік бағытта бірталай көтерілген, сыншыл реализмге жақын келген осы- Мақыш Қалтаев» [26, 51] . Ғалымның бұл пікірі ақын өлеңдерін нақты саралаудан туған баға деп білеміз. Шындығында да Мақыш өлеңдерінде сыншыл реализмге тән сыр- сипаттар аса мол.
Айнадай көрсетемін жұрттың мінін,
Қорқып ішке жимаймын сөздің шынын.
Жақын - алыс, дос, дұшпан бәрі бірдей,
Сөйлеймін жалтақтамай хақтың құлын.
Немесе:
Ауыруға ащыдан дуа қылар,
Табиғаты көрсе де қанша салтын.
Ащы айтты деп ашуы келгендердің,
Бола қалмас қасында жүзім жарқын.
Қисығын көре тұрып ішке сақтап,
Басылмас сөйлеп алмай біздің қарқын, - деген өлең жолдарынан ақынның өз ортасын, қоғамдық құбылыстарды сөз еткенде, заманның ащы мәнін ашуда ешкімнен тайсалмай әр оқиғаға өзіндік бағасын айта білетін шыншылдығын байқаймыз. Ақын қоғамдағы қандай да болмасын кемшілікті нысанаға алғанда, оны жеке дара алып қарамайды. Жоғарыдағы келеңсіздіктерді сөз еткенде ол бір адам басындағы кемшілік деп емес, бүкіл қоғам басындағы дерт деп типтік сипат бере сомдайды. Өз халқының басқа ел қатарына іліге алмай жұртқа мазақ болып отырғаны да «Шариғатын қойса да ғұрпын қоймайтын» парықсыздардың надандық әрекеттерінен деп шенейді. Ақынның пікірінше қоғамның дамуы барысында халық тұрмысына енген жаңалықтардың бәрі бірдей оңтайлы жағдай туғыза бермейді, керісінше сол қоғамдағы адамдар өміріне, тұрмысына кері әсерін де тигізеді. Бір сөзбен айтқанда, Мақыш Қалтайұлының сыншыл реализміне тән ерекшеліктер дегенде, ең алдымен оның өлеңдеріндегі діни-оянушылық, жәдитшілдік сияқты жаңашылдық-көркемдік ізденістер көзге түседі. Ақын шығармашылығындағы осындай сыншылдық идея белгілі бір дәрежеде өз дәуірінің жүгін арқалап, міндетін жүзеге асырғаны ақиқат. Мақыштың ағартушылық бағыттағы идеялары «Ғылым үйрету парыздылығы», «Орысша оқу керектігі», «Ғылым әдептері», «Бар оқиға», «Сахарадағы мешіттер», «Оқу парыз балаларға», «Басқа жұрттар қандай халде», «Өз пайдамызды білмейміз» сияқты өлеңдерінде жарқырап көрінеді. Бұл өлеңдерінде ақын қоғамның кертартпа жақтарын, надандықты сынап-міней отырып, одан құтылудың бірден-бір жолы өнер-білімге ұмтылу, кәсіп жасап еңбек ету деп халықты оятуға әрекет етеді, қазақ қоғамының заман талабына сай болмай артта қалуының себебіне үңіліп, озық ойлы елдерден үлгі алуға шақырады. Бұлардың бәрінің идеялық мазмұны, ақынның негізгі идеясы - діни оянушылық, жәдидшілдік тұрғысынан қарастырылады. Ақынның ағартушылық идеясының қалыптасуына өз дәуірінің талап- тілектерінен туындаған қоғамдық-саяси әлеуметтік жағдайлар әсер етті. ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасырдың басы Ресей мұсылмандары үшін рухани жандану кезеңі болды. Ұзақ уақыт бойы бодандық тепірешін көрген түркі халықтары арасынан шыққан жаңа зиялылар қауымы отарлық саясатпен тиімді күресу үшін барлық түркі халықтарын ынтымақтастыққа шақырды. Олар өз мүдделерін қорғау, ұлт намысын түсіндіру үшін бар пәрменімен халық санасын оятуға, ұлтжандылық ілімін таратуға әрекет етті. Ақын халықтың заман талаптарына ілесе алмай өнер- білімнен кенже қалып отырған қараңғылығын олардың өмір сүріп отырған ортасынан, айналасындағы ескі көзқарасты дүмше молдалардың надандығынан көреді. Мақыш «Сахарадағы мешіттер» өлеңінде өз заманындағы ескі оқыту жүйесінің жайын былай суреттейді:
Тәртіп жоқ, емтихан жоқ шуылдасып,
Оқу деп ойнап жатыр талабалар,
Әдепсіздік, жанжал мен қу төбелес
Болады неше түрлі ғалабалар . . .
Сағаттың жиырмасы ойын, ұйқы,
Төртеуін оқыған боп болар харап,
Екі ай сафсатамен күн кешіріп,
Жазғытұры еліне кетер тарап.
Жатқанға мәз болса да медреседе,
Жаны ашып кім оқытқан қадағалап . . .
Қартайғанша қаңғырып хатты білмей,
Жүргенге ескі оқумен қылмаймыз сын.
Он жыл өйтіп оқуды оңдырмаған,
Көрерсіз бар емес пе айтқанда шын.
Ағартушылыққа ерекше мән берген Мақыш халықтың заман ағысымен ілесе алмай артта қалғанына, қараңғылығына күйзеле отырып, оның басты себебі заман талабына сай оқу-білімнің жоқтығы, ескі жүйенің ол ұсынысты орындай алмайтын әлсіздігінен деп біледі. Сондықтан ақын услу жәдидті барынша қуаттап халықты жаңа талаптарға сай білім алуға шақырады, жаңа оқудың жүйелі білім берудегі ерекшеліктерін ашып көрсетеді. Мақыш - негізінен бала оқытқан жаңа пікірлі молла, сондықтын да оның ақындығы осы ұстаздық ісі мен идеясына сай келіп жатады. Осының барлығы ақынның сөз болып отырған өлеңінде анық сезіледі. Бұдан ақынның өзінің де жас ұрпаққа білім берген кезде әр оқушысын зерделей бағып, әрқайсысының психологиясын терең тануға тырысқан, өзіндік оқу-тәрбиелік әдіс-тәсілі бар ұлағатты ұстаз болғанын аңғару қиын емес. Сондай-ақ, Мақыштың ұстаздық қызметі негізінде өз тәжірибесінен жинақтаған ойларын тұжырымдай отырып, оны өлеңдеріне арқау етіп, оқу-тәрбие ісін ғылым ретінде тануы, оның өлеңдерінің тақырыптық-идеясын танытатын шығармашылық ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Түйіндеп айтқанда, ақынның дінге көзқарасы оның шығармашылығының өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Бұл оның өмірге, дүниеге, қоғамға деген көзқарасының өзіндік танымын, бағыт-бағдарын ашып көрсетеді. Сондықтан ақын қоғамның әделетсіздігін, тұрмыстағы әралуан жақсылық пен жамандықтың бәрі дінге немқұрайды қарауымыздан дейді. Өмірлік мәселелерді дін жолы, шариғат қағидаларымен түсіндіреді. Ақынның шығармашылық бағыт-бағдары, ағартушылық мұраты да осы сипатта көрінеді.
3. Мысал өлеңдері
Мақыш Қалтайұлы поэзиясының бір саласы - мысал өлеңдері. Мысал жанрының қазақ әдебиетінде ерекше қарқынмен дамып, әдеби процесте айрықша маңызға ие болған кезеңі - ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы. Жазба әдебиетте Дулат Бабатайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтар бастап дүниеге әкелген соны жанр Ахмет Байтұрсынов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сияқты т. б. ақын-жазушылар шығармашылығында жалғасын тауып қазақ әдебиетіндегі мысал жанрының тұтас жүйесі көрініс берді. Осы кезде қазақ қоғамында жүріп жатқан саяси- әлеуметтік, шаруашылық өзгерістер рухани жандану мен серпілістер мысал жанрының күрт дамуына әсер еткен қозғаушы факторлар болды. Зерттеуші Т. Қожакеевтің сөзімен айтқанда: « . . . дәуірдің жұртты ағарту, тәрбиелеу идеясына қарай ХХ ғасырдың басында мысал жанры, әсіресе дидактикалық мысалдар бірінші қатарға шықты» [11, 43] . Ақын мысалдары Қазанда 1910 жылы «Біраз ғибр ат сөз . . . » деген атпен жарық көрді. Онда «Қой, сиыр, ешкі, арыстан . . . », «Сабырсыздық», «Есектің ойнауы», «Аз үміт көп зарар берер», «Бал құрты мен шыбын», «Жақсылыққа жамандық», «Фақырлық, байлық», «Садақат» атты барлығы сегіз мысал өлеңі қамтылған.
Ақын мысалдарында негізінен адамдар бойында кездесетін теріс қылық, жайсыз мінездерді әртүрлі аңдар, құстар кейпінде, кейде адамның өзін қатыстырып («Жақсылыққа жамандық») суреттей отырып, одан қажетті қорытынды жасап, ғибрат, моральмен түйіндейді. Кітаптың өлеңмен жазылған беташарында ақын мысал жазудағы басты мұраты, негізгі бағытын былай аңдатып өтеді:
Риуайатын рауиннің баяндаймын,
Білмегеннен ерініп аянбаймын.
Қанша ғажиз болсам да әр ісімде,
Бір Алладан басқаға таянбаймын.
Қанағат, тауфиқ бізге жолдас болса,
Бергені көп Алланың үлкен баймын.
Қанағат, тауфиқ жағы тақыр болса,
Адамның азғыны боп қалғандаймын [22, 2], - деген жолдарда ақынның адамгершілік ой-мұраттары жатыр. Мақыштың жұртқа үлгі-өнеге беру, ақыл айту ниетімен жазған мысалының бірі «Қой, сиыр, ешкі, арыстан» деп басталатын «қиссасы». Онда қой, сиыр, ешкі, арыстан төртеуі аңға шығып, әрқайсысы жеке-жеке тұзақ құрады. Кімнің тұзағына аң ілінсе, тең ғып төртке бөліп жейік деп кеңес құрып уағдаласады. Қой құрған тұзаққа бір киік түсіп, оны арыстанға барып жеткізеді. Мақыш мысалдарының сюжеттері Эзоп, И. А. Крылов мысалдарымен, кейбіреулері классикалық Шығыс әдебиеті үлгілерімен, енді біреулері әлемдік фольклормен астасып, тоқайласып жатса да, ақын оны өзінше дамытады. Оның мысалдарының сыры көтерген тақырып, қозғаған мәселелерінен көрінеді. Негізінен адамгершілік тақырыбына, әділетсіздікті, мінез-құлықты түзетуге арналғандықтан, ақын мысалдарында өткір сатирадан гөрі өнеге айту, ғибраттау сияқты дидактикалық ой басым. Мұның барлығы құр риторикалық ақыл айтумен емес, персонаждардың іс-әрекеті, қимылы арқылы көрсете отырып, пікірді тұспалдап жеткізеді, соңында ғибрат айтады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz