1837-1847 жылдардағы Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліс


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 14 бет
Таңдаулыға:   

Жоспар

  1. Кіріспе

Кенесарының шығу тегі

  1. Негізгі бөлім
  1. 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліс, оның таптық және ұлттық құрамы;
  2. Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіру;
  3. Көтерілістің жеңілу себептері
  4. Қазақтың ең соңғы ұлы ханы.
  1. Қорытынды

Керемет саясатшы және көтеріліс маңызы.

Кіріспе

Абылайдың қалмақ Хоша ханымнан Қасым сұлтан туады. Қасымның бірінші әйелі Кіші жүз Алтын руынан - Қанат. Осы бәйбішесінен Есенкелді, Саржан. Екінші әйелі Нұрымбет керейдің Құрбан батырының қызы Бибі. Бибіден: Бопы, Кенесары, Ағадай, Көшек.

Сонымен Кенесары Орта жүздің саяси өмірінде жүз жыл бойы басшылық рөл атқарған шаңырақта дүниеге келіп тәрбиеленді. Бекмаханов Кенесарының 1802 жылы қазіргі Көкшетау аңғарында дүниеге келгендігін жазады және ел аузындағы жырлардың бірінде туғанда тым кішкентай болғандығы, соған байланысты Шоқай би оған “Кене сары” деп ат қойғандығы айтылатынын келтіреді.

Бибі тоқтасқан соң өзінің сіңлісі - Асылтасты күйеуі Қасым ханға алып береді. Осы Асылтастан Наурызбай туады. Бірақ анасы тым ерте өліп, Наурызбай жетім қалады.

Қасым төренің төртінші әйелі - арғын Көксалдың қызы. 1825 жылы өледі. Одан Алтыншаш, Кенжебике деген екі қыз қалады. Бесінші әйелі: жаугершілікте қолға түскен қалмақ қызы болған. Одан - Үсен…

Кенесары атқа мінуді және садақ тартуды бала кезінен үйренеді. Жас кезінен батылдығымен, ержүректігімен ерекшелінеді. Ол “атасы Абылайға тиісті жерлер үшін” күресетіндігін және “атасының жолымен жүретіндігін” ашық және бүкпесіз жариялаған. Кейіннен Абылай есімі Кенесары әскерінің жауға шапқандағы ұраны болғаны көпшілікке белгілі. Жас Кенесарыға әкесі Қасым сұлтанның да үлкен ықпалы болды.

Ғұбайдолла сұлтан да, атақты ағасы Саржан да Кенесары Қасымұлымен бір қатарға тұра алмайды, М. Красовскийдің пікірінше, ол “ақылы жөнінен атасынан кем түскенімен, одан да, әкесінен де мінезінің өрлігімен асып кетіп, бүкіл далаға әйгілі болды”.

Қасымның бүкіл өмірі әкесі Абылайдың ісін жалғастыру үшін тынымсыз күреспен өтті. Қасымтөре әулеті жарты ғасырға жуық уақыт бойы қалың елдің патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы қарулы күресін бастап келді, туған жердің тәуелдсіздігі жанқиярлықпен қорғады. Қасымханның алты ұлінің бесеуі, ханның өзі де, осы шайқаста қаза тапты. Қасымның немерелері де қайғылы жағдайға кезікті.

Қасым сұлтанның отбасы қазақ хандығының тәуелсіздігіне ұмтылған қоғамдық күштердің ең жарқын өкілдері болды. Мішһүр Жүсіп айтқандай: “Қасым Абылайұлы әулетінен басқалардың бәрі өз қарақан бастарының ғана қамын жеді, өзге ештемені де ойламады”.

Ханның сырт келбеті, түр-сипаты туралы архивтік деректер жоқ. Тек 1838 жылы Ақтау бекінісіне шабуыл жасау, бауырларын құтқару кезінде оны көрген кісілердің бір ауыз көрсетпе-сипаттамасы кездеседі. Ол былай берілген: “… Шайка же метежниковь состояла не более из 300 человекь, которая подь руководством самого Султана Кенесары Касимова, он росту средняго, сухощавь, и несколько курнось…”.

Кенесарының некелеп алған үш әйелі болған. Бірінші әйелі Күнімжаннан үш бала: Тайшық, Жағыпар, Ахмет. Екінші әйелі - Кенесарының өзіне тете інісі Ағадай 1823 жылы он тоғыз жасында қайтыс болғандықтан өлер жылы үйленген Жаңыл ханымды Кенесары әмеңгер ретінде некелеп алады. Осы Жаңыл ханымнан бес бала болған. Олар - Омар, Оспан, Әубәкір, Сыздық, Жәкей. Үшінші әйелі - Мәуті, ол жастай қалады. Мәутіні Есенкелдінің баласы Жәңгір алады. Одан Шәді ақын туады.

Кенесарыны зерттеуші М. И. Стеблин-Каминская “Ағасы Саржан бастаған көтерілісшілер қатарында ең алғаш 1825 жылдың 8 қазанында болған орыс-казак әскер күшіне қарсы шайқаста ерекше батыл да жігерлі қимылымен айрықша көзге түскен бірден-бір есім” дейді.

1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліс, оның таптық және ұлттық құрамы

Патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы бағытталған көтерілістердің бір дәуірде (ХІХ ғасырдың 20-50 жылдары) болғанына қарамастан, олардың арасында өзара байланыс бомауын қалай түсіндіруге болар еді деген сауалдарды да жиі естиміз. Шындығында, Бөкей ордасын қамтыған Исатай, Махамбет басқарған 1836-1838 жылы көтеріліс пен Кенесары қозғалысы шамамен алғанда, бір мегілде басталды. Біріншісі - 1836, екіншісі - 1837 жылы.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында патша үкіметінің ұлттық және отарлық саясатына қарсы бағытталған көтерілістер мен Кенесары қозғалысының түпкі мақсаттары бір болды. Ол қазақ жерін күшпен басып алуға қарсылық көрсетуден туған еді.

Қасым сұлтан мен оның балаларының қаза табуы, бой көрсетулердің алдыңғы кезеңі стихиялы, ұйымдаспаған сипатта болғанына қарамастан, Орта жүзде әкімшілік-саяси жаңалықтардың қатаң енгізілуі жағдайында отаршылдыққа қарсы күрестің жалғастырылуына тың тыныс қосты, қазақ жерлерін біріктіруші Абылай хан ұрпақтарының тар өрісті рулық, әулеттік мүдделерін екінші қатарға ығыстырып, қозғалысқа неғұрлым айқын көрінген халық-азаттық сипатын берді. Бұл күресті енді Абылай немерелерінің бірі - сұлтан, кейін хан тағына отырған Кенесары Қасымұлы басқарды.

Кенесары тарихи аренаға Қазақстанның 1822, 1824 жылдардағы сібір және орынбор қазақтары туралы Жарғылардың қабылданғанына қарамастан саяси оқшаулығын сақтауды жалғастырған аудандарының тәуелсіздігіне патша әскерлерінің жаппай аттаныстары салдарынан қатер төнген жағдайда Абылай ханның ісін жалғастырушы ретінде келді. Сондықтан да көтеріліс жасаған сұлтанның басты мақсаты Абылай хан кезіндегі Қазақстанның аумақтық шектерінің тұтастығын қалпына келтіру, “дуандарды” тарату, Ресей құрамына әлі кірмеген жерлердің толық дербестігін сақтап қалу болды.

“Айлакер, ерекше сипатты саясатшы” ретінде Кенесары сұлтан құдіретті Ресей державасымен күрес қазақтың үш жүзінің күштерін біріктіруді, едәуір құрбандықты, әскери ғана емес, дипломатиялық та күш-жігер жұмсауды талап ететінін жақсы білді. Ол халық қозғалысынан бөлініп қалған жекелеген сұлтандардың, старшындардың, билердің бетімен кетушілігін аяусыз басып, Ресей саясатын қолдағандарды қатаң жазалағанмен, бәрі бір патша өкіметімен түсініспеушіліктерді, негізінен алғанда, бейбіт жолмен шешуді жақтаушы болып қала берді. Соғыс тұтқындарына, соның ішінде орыстарға да төзімділікпен қарады, олардың кейбіреулері оған қызмет етті, Ресей елшілерін сыпайылықпен қабылдады, қырғыздармен тайталас кезеңінде мінез танытқаны болмаса, өз әрекеттерінде қатыгездікке жиі жол бермеді. Дегенмен, көтеріліс мүдделерін сатып кеткендер, әскери тәртіпті бұзғандар оның қаһарына ұшырап отыруы жиі болып тұрды.

Ақылды саясатшы Кенесары сұлтан Ресейге қарсы ұзаққа созылып, титықтататын қарулы күрестің бүкіл қиындығын ұғынып, Сібір және Орынбор әкімшіліктерімен келіссөздер жүргізу арқылы үздік дипломатиялық қасиеттерін көрсетті.

Кенесары үш жүздің дәстүрлі топтарын, рулық бөлімшелерін біріктіруге барлық амалдарды қолданды, дегенмен бұл мақсатқа азаттық күрестің 1844-45 жылдардағы ең шырқау биігіне көтерілген кезеңінің өзінде де қол жетпеді.

Көтерілістің ең басынан-ақ қазақ шонжарлары қарама-қарсы екі лагерьге бөлінді: олардың үкімет қолдаған бір бөлігі отаршылдық әкімшіліктің қолдауына сүйеніп, омбы және орынбор әкімшіліктерінен әр түрлі пұрсаттылықтар алуға тырыса отырып, өздерінің саяси дұшпандарын күйретуге ұмтылды. Кенесары Жетісуға барғаннан кейін азаттық күресі жетекшісінің өз туыстары, Абылай ханның балалары Сүйік, Әли, Әділдер көтерілісшілер жөнінде ымырасыз көзқарас ұстанды. Кейіннен қару кезеніп тұрғанда Ресей үкіметіне көтерілісшілердің келгенін “хабарлау” туралы міндеттемеге қол қойған 27 би мен сұлтандардың көпшілік бөлігі сол кезде Жетісудағы көптеген ру бөлімшелерін басқарған Абылай ұрпақтары болатын. Старшындардың, билердің, сұлтандардың бір бөлігі, соның ішінде Орта жүзде де қарсы әрекет жасағанына қарамастан, Кенесары үш жүз қазақстары руларының едәуір бөлігін өз туы астына біріктіре білді. Көтерілісшілердің ұйытқысы Орта жүздің қатардағы көшпелілері болды.

Қазақтар көтерілісі әуел бастан-ақ бұқаралық сипат алды. Тегінде XVІІІ ғасырдың аяғындағы XІX ғасырдағы азаттық қозғалыстары тарихында бұл - қазақ рулары қоныстанған негізгі аудандарды қамтыған бірден-бір көтеріліс: оған Орта жүздің ру бірлестіктеріне қоса, Кіші жүздің шекті, жағалбайлы, табын, алшын, шөмекей, жаппас және басқа рулары, Ұлы жүздің үйсін, дулат және басқа рулары қатысты. Кенесарыны үш жүздің ханы деп танудың мұрағат деректері арқылы расталатын фактісі оның ұлт мүдделерін бірден-бір, жоғары дәрежеде білдіретін, бүкіл халық сайлаған билеуші ретіндегі өкілеттілігінің заңдылығын дәлелдейді.

Көтерілістің қозғаушы күші қазақ шаруалары болды. Мемлекеттілікті қалпына келтіру жолындағы күреске қатардағы егіншілер де, старшындар да, сұлтандар да тартылды. Қазақ жерлерін әскери отарлауға, қоқан бектерінің зорлық-зомбылықтарына қарсы жалпыға бірдей күрес көтеріліске азаттық сипат берді. Өкінішке қарай, Кенесарыны қолдау жөнінен билердің, старшындардың, сұлтандардың бәрі бірдей дәйекті болмай шықты: негізгі күштердің басқа аудандарға шоғырландырылуы мен үнемі жылжып отыруына қарай рулық белгілері бойынша жинақталған жекелеген топтар негізгі ұйытқыдан бөлініп қалып отырды.

Қатысушылар құрамы түрлі ұлт өкілдерінен: қазақтар, орыстар, өзбектер, қырғыздар, поляктар және басқалардан құралды.

1837 жылы қараша айында Кенесары Қасымұлы Петропавл (Қызылжар) қаласынан шыққан керуенге еріп келе жатқан Ақтау бекінісі казактарының тобына тұңғыш рет шабуыл жасап, патша үкіметіне ашық қарсылық білдірді. 1838 жылдың көктемінен көтерілісшілердің патша жазалаушы қолдарымен қақтығыстары жиіленді. Көтеріліске Қойлыбай-Шағрай, Жанай, Қалқаман, Темеш, Тыналы және басқа да Ақмола округі өңірінде көшіп жүрген қазақ рулары белсене қатысты. 1838 жылы мамыр айының 26-сы күні Кенесары отрядтары Ақмола бекінісіне тұтқиылдан шабуыл жасады. Патша үкіметінің сойылын соққан сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы және Қарбышев бастаған бекініс гарнизоны Ақмоланы қорғап қала алмады. Көтерілісшілер бекіністі өртеп жіберді.

Көтерілістің қарқындылығы сондай, тіпті патша үкіметіне жіберілген жеке қазақ сұлтандары да мал-бастарын аман сақтау үшін алғашында көтеріліске қосылды. Солардың ішінде Баянауыл округінің ірі феодалы Мұса Шорманов, сұлтандар Бабатай, Елемес Жайнапов, т. б. кейіннен жазалаушылар жағына шығып кетті. 1838 жылдың жазы мен күзінде Орта жүздің қазақтарының негізгі бөлігі Кенесары туы астында шоғырланды. Бір қызығы Кенесары сұлтан осы жылдары патша үкіметімен барлық талас мәселелерді бейбіт жолмен, келіссөзбен шешуге тырысқан қайраткер болғанына көз жеткіземіз. Кенесарының тартыстан бас тартып, арадағы қайшылықтарды шынайы дипломатиялық жолмен шешуге ынтық болғанын бірқатар деректер дәлелдейді.

Император Николайға жолдаған хатында: “бұрынғы бүкіл Қазақ даласының иесі Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасымовтан”, ал Батыс Сібір генерал-губернаторына арнаған хатында “хан Абылайдың ұрпағы Кенесары Қасымовтан” дегінген.

Жазалаушы топтардың қорқытып, үркіткеніне қарамастан, Кенесары бастаған 1837-1847 жылдардағы азаттық қозғалысқа Орта жүздің би, батыр, сұлтандарының басты бөлігі қатысты. 1839 жылы Сібір казактарының шекаралық комиссиясының құжаттарына Кенесарыны қолдаушылар тізімінде Көкшетау округінің белді ақсүйектері: сұлтандар Ниген, Қанқожа Уәлиевтер, ханша Айғаным Уәлиева, Тани Тортаев бар еді. Сонымен қатар осы тізімде Кенесарыны қолдаған басқа да 15 болыстық, ауылдық старшындар көрсетілген.

Көтерілісті қолдап қана қоймай, Кенесарымен бірге көшіп жүргендер ішінде: Кенжеғалы болысының старшыны сұлтан Кенжалы Аспендияров, сұлтандар Әбділдә, Төрежан Абылаевтар, Ақмола округі бойынша сұлтандар: Күшік, Жанай, Жадай Айшуақовтар, билер: Аққошқар Кішкентаев, Сайдалы Жанмурзин, Амангелді, билердің балалары: Қойлыбай, Үмбетай, Баянауыл бойынша 18 сұлтан, 18 би, 7 старшындар тізімге енгізілген.

Отаршыл әкімшіліктің қазаққа қарсы жасалған барлық қылмыстарын жіпке тізіп жатпай-ақ Кенесары көтерілісін басу, ол қайта қалпына келтірген хандықты құлату мақсатында жасалған жорықтардың қанды іздері архив деректерінде сайрап жатқанын айтсақ та жеткілікті. Қазақтардың жазалаушы отрядтардан көрген қорлығы, төгілген қан, шеккен шығыны жөнінде Кенесары Орынбор әкімшілігінің бастығы генерал-майор Генске 1841 жылы жолдаған хатынан көруге болады.

Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіру

1841 жылдың қыркүйегінде қазақтың үш жүзінің ықпалды билер, сұлтандары Кенесары Қасымұлын қазақ жерінің ханы етіп сайлады. Қазақ мемлекеттілігі қайта қалпына келтірілді. 1841 жылдың күзінде көтерілісшілер қоқандықтардың едәуір күштері орналасқан Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт, Жүлек бекіністерін қоршады. Қоқандықтардың бірнеше бекіністерін алу бостандық жолындағы күрескерлерді жігерлендірді. Тіпті қозғалыстың басты ошақтарынан алыста көшіп жүрген төртқара және шекті рулары да оны бүкіл қазақ ханы деп танитынын хабарлады.

1841-1842 жылдарда Кенесары шоғырлары Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргізді. Созақты, Сауранды алып, Қоқан хандығының елірме әуселесін басты. Қоқандықтар келіссөз жүргізуге мәжбүр болды. Осыдан кейін барып соғысты тоқтатқан Кенесары Торғай маңындағы ордасына қайтып оралды.

Ал, 1843 жыл Кенесары хан үшін аса күрделі болды. Кенесары Орта жүзден Кіші жүзге өтіп, Мұғаджар тауына бекінді. Оны Төртқара, Шекті, Жағалбайлы, Табын, Тама рулары, тағы басқа рулар қолдады. Кенесарыға қарсы Орынбордан әскери старшын Лебедевтің, полковник Дуниковскийдің жазалаушы отрядтары шығады. 1843 жылдың қыркүйегінде қанды соғыс болады, бірақ патша әскерлері Кенесарының отрядтарын жеңе алмайды. Бұған жауап ретінде Кенесары да күтпеген жерден, тұтқиылдан шабуыл жасап, жылдам шегініс амалын қолданады. Мұның өзі оған көп артықшылықтар берді.

Қорыта айтқанда, патша ұлықтары ұлан-ғайыр аймақтың ана шетінен бір, мына шетінен бір шығып, өздерін судағы балықтай сезінетін көтерілісшілерге қарсы жекелеген отрядтардың мәнді ештеңе бітіре алмайтындығына 1843 жылы көзі жетті.

1844 жылы Орынбор мен Батыс Сібір генерал-губернаторларының әскери күштерін бір орталықтан басқарып, тізе қоса қимылдап, Кенесарыны түбегейлі талқандау жоспары жасалынды.

Басы бәйгеге түскен Кенесары, әрине, бұл жағдайлардан хабарсыз емес еді. Кенесарының әскери өнері 1844 жылғы соғыс операцияларында өте айқын көрінді. Ол орыс қолбасшыларының қателіктерін шеберлікпен пайдаланып, өз отрядтарын қоршаудан аман алып шығып, сонан кейін дұшпанға елеулі моральдық соққы беріп отырды. Мәселен, 1844 жылы Тобыл өзені аймағында Кенесары әскері қазақ ішіндегі патша өкілдері сұлтан Ахметтің адамдарын қырып салады да, 14 тамызда Екатеринск станциясына шабуыл жасайды. Бекіністі жойып, адамдарын тұтқындайды. Қолға түскен заттарды алып, тез арада ізін жасырып үлгереді. Осыдан кейін Орынбор қазақтары арасында Кенесары "жеңілмейтін батыр" ретінде аталып кетеді.

Бірақ 1844 жылы 21 маусымда Кенесарының басты күшінің Жантөрин әскерін талқандап, бір шайқаста 44 сұлтанды өлтіруі Ресей жағын берік ұстаған феодалдардың Кенесарыға деген өшпендігін керемет күшейтті.

1845 жылы Николай І патша Кенесары хандығын әлсірету үшін даланың ішін үңгіп Ырғыз, Торғай бекіністерін салуға жарлық берді. Осылай Жайық, Елек бойларында бұрын салынған қамалдар мен әскери бекіністер шебі кең өріс, жалпақ даланы қақ бөліп, Ұлытауға дейін ұзарды. Бірде Орынбор, енді бірде Омбы жағынан шыққан жазалаушы экспедициялар көтерілісші ауылдарды, дұрысында, Кенесары хандығын қанша шапса да оларды бағындыра алмаған еді. Қайта қалпына келтірілген Қазақ мемлекеттілігі "өз бастарын қорғап", соғыса жүріп, өз заңдарымен өмір сүре берді.

Империяның отаршылдық билігі едәуір берік орныққан Ертіс, Есіл, Жайық шептері бойындағы аудандарды қоспағанда, Кенесары құрған мемлекет өз билігін бүкіл Қазақстан аумағына таратқан дәстүрлі мемлекет болды.

Салық жинау: малшылардын зекет, диқандардан ұшыр жинау тәртіпке келтірілді. Патша отрядтарымен қантөгіскен қақтығыстардың жалғасуы материалдық және өзге де құралдарды қажет етті, әлбетте, бұл салық ауыртпалығының ұлғайтылуына әкеп соқты.

Кенесарының мемлекеті қазақтардың егіншілікке көшуін көтермеледі. Ол егіншілікті бірден-бір және “күнкөрістің молшылық көзі” деп білді. Кенесарының сауда саясатының да өзіндік ерекшеліктері болды. Көпестер керуендерінен алынатын баж едәуір кіріс келтіретінін көрген хан оларды тонауды тоқтатты, кейде керуенбасыларын өзі қабылдап, тауарлар алып өткені үшін баж төлеуден жалтарғандарға қосымша салықтар салып отырды.

Бұрынғы мемлекеттік құрылыс едәуір қайта ұйымдастырылды. Жоғары кеңесші орган ретіндегі Хан кеңесі халық мүдделеріне берілген батырлардан, сұлтандардан, туыстарынан тұрды. Бірақ шешуші дауыс Кенесарының өзінде болды. Хан кеңесіне, негізінен алғанда, азаттық күресінің мүдделеріне адал, сол кездің өзінде-ақ халықтың ақылды да шебер саясатшылар деп тануына лайық болған жеке ерлігін, дипломатиялық қабілетін көрсеткен адамдар кірді.

Хан кеңесі шешімдерінің, үндеулерінің ауылдарда таралуын, түсіндірілуін және орындалуын арнаулы басқару қызметі қадағалап отырды. Мемлекет басында болғанында Кенесары шыққан тегіне қарамастан, теңдесі жоқ жеке қасиетін көрсеткен адамдардың басқару ісіне тартылуын көтермелеп отырғандығы тарихтан белгілі.

Кенесары жекелеген жасақтарына әскери кеңестің мүшелері, атақты батырлар басшылық еткен ұрысқа қабілетті қалың қол ұйымдастыра білді. Кенесарының жүздіктерге және мыңдықтарға бөлінген әскері ұзаққа созылатын дала соғысы жағдайларына бейімделген болды. Оның жеке өзі қадағалап отырған қатаң тәртіп, оның айтарлықтай қысқа уақытта жауынгерлерінің толық жиналуын қамтамасыз етуіне мүмкіндік берді.

Хандық басына келген соң Кенесары қазақ жерлерін азат ету жолындағы күресті бұрынғысына қарағанда қарағанда неғұрлым батыл жалғастырды.

Көтерілістің жеңілу себептері

Ақыры, патша үкіметі Кенесарының көнбейтінін көріп, Сібір жақтан да, Орынбор жақтан да әскер шығарып, Кенесарыны жан-жақтан қыспаққа алды. Сарыарқаға күн сайын қаптап келген солдаттар Кенеге тыныштық бермеді. Кенехан ешбір жерге түпкілікті қоныс теуіп, тұрақтай алмады. Енді ол Алатауға бет түзеп, қоныс аударды.

Өзінің жақтастары арқылы Ресей үкіметі мен Жетісу билеушілерінің бір тобының арасындағы мәмлеге келуді аңғарған Хан 1846 жылдың қысында Іле өзенінің мұзынан өтіп, Жетісу жеріне кірді. Жетісудың ол кезде Ресейге бағынбаған кезі. Кенесары Жетісу қазақтарын патша үкіметіне қарсы көтермек болды. Жиренайғыр, Күрті, Ырғайты, Қарғалы және Ұзынағаш бойында тұрақтап, осы өңірдегі қазақ ауылдарына үндеулерін таратты. Ресеймен қарым-қатынастарды үзіп, көтеріліске қосылуға шақырды.

Патша отаршылдарымен он жыл бойы шайқасып, қалжыраған Кенесары Шудың бойынан уақытша жер алып, қыстап шығу үшін қырғыз ханы Орманға хат жазып, елші жібереді. Бұл тұста патша әкімшілігі Кенесарының төңірегіне тор құрып үлгерген еді. Ол қырғыз манаптарының және патшаға адал болып жүрген қазақтың бай шонжарларының басын қосып Кенеханға еңсесін көтертпейтін ең соңғы соққы беруге әзірленді.

Көптеген тарихшылар Кенесары мен қырғыз манаптарының ара қатынасын айта келіп, патша үкіметіне қарсы ондаған жылға созылған күрес кезінде әскері әбден әлсіреп, өз мекені - Сарыарқадан айырылған Кенесарының сол кездегі шама-мүмкіндіктерін ескермей, қырғыз жерін басып алмақ болды деп тұжырым жасайды. Ал, шындығында Кенесарының басты мақсаты Қытайға өтіп, Ғұбайдулла хан байланыс жасап тұрған император Даогунға арқа сүйеу еді. Кенесары өлісімен ақ патша үкіметінің Ғұбайдоллаға бостандық беруі жайдан-жай болмаса керек. Архив материалдары Кенесарыны тұтқындау алдан-ала жоспар бойынша жүзеге асқанын дәлелдейді.

Кенесарыға қарсы Ресей патшалығы мен қырғыз манаптарының күш біріктіруі жөнінде Сібір қазақтары шекара бастығының аға адъютанты капитан Жоховтың есаул Нюхаловке 1847 жылы ақпан айында жазылған хатында ашық айтылған.

Әлихан Бөкейханов 1923 жылы Ташкентте жарыққа шыққан "Материалы к истории Кенесары Касымова" атты кітабында Халигулла Әлібековтың сөзіне сүйене отырып, Кенесары Қасымұлының соңғы күндерін сипаттайды. Халигулла Әлібеков Кенесарыны өлтіруге қатысқан адамдардың бірі. Куәгерлердің сөзіне қарағанда Кенесары қырғыз бен қазақтың арасындағы араздық үшін өлтірілгені байқалмайды. Бұл кітапта Кенесарының қырғыздарға істеген жауыздығы турасында нақты айғақтар жоқ, бұндай өсекті сатқындығы үшін патша өкіметінен күміс медаль алғандар өздерінің қанды істерін жасыру үшін әдейі таратып отырған.

Кенесары тек Қытайға қарай бұзып өтуге ұмтылды, оның алдына патша үкіметімен астыртын байланысқан қырғыз манаптары мен қазақ сұлтандары кесе-көлденең тұрды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт - азатт козгалыстын басталуы
Қазақ халқының 1837-1847 жылдардағы азаттық қозғалыстың жақтаушылары және қарсыластары
ХҮІІІ – ХІХ ғасырлардағы ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАРЫ
Кенесары бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық күресі
18-19 ғғ. Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілістер
Қазақ халқының ұлт азаттық жолындағы күресі
Исатай - нағыз батыр
1836-1838 ЖЫЛДАРДАҒЫ ХАЛЫҚ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ТАРИХЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі (XVIII – XIX ғғ.)
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz