Интернеттің журналистикаға әкелген жаңалығы


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3-5
I ТАРАУ.
Интернеттің ғаламдық жүйеге айналуы және БАҚ-ғы жаңа сипаты . . . 6-23
ІІ ТАРАУ.
Қазақ тілді сайттардың даму ерекшеліктері және шығармашылық қырлары . . . 24-50
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 51-53
СІЛТЕМЕЛЕР КӨРСЕТКІШІ . . . 54-55
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 56-57
КІРІСПЕ
Әлемді уысында ұстаған интернеттің БАҚ-қа келгеніне де біраз болды. Келді де ақпарат алудың бүкіл жүйесін өзгертті. Журналистің онсыз да жедел қызметі одан сайын ұшқырланып сала берді. Төрткүл дүние ашсаң - алақаныңда, жұмсаң жұдырығыңда. Бізде қазақ тілінің көсегесін көгерту туралы әңгіме қозғала қалса, оның шектеулі мүмкіндіктері жайлы айтып, қара аспанды басымызға төндіріп қоятынымыз бар. Дегенмен, оны дамытуға тым мүдделі емес сияқтымыз. Сондықтан, осы бітіру жұмысымның тақырыбын “Интернеттің журналистикаға әкелген жаңалығы” деп алып, онда көптеген түйткілді мәселелерді көтердім. Сондай-ақ, оның шешу жолдарын көрсеттім. Мәселен, “Интернеттің ғаламдық жүйеге айналуы және БАҚ-ғы жаңа сипаты” деп аталатын бірінші тарауда бүгінгі интернеттің жай-жапсары ғана емес, онда әлемдік деңгейде интернеттің жедел ақпарат көзіне айналуы және оның төрткүл дүниенің кез-келген бұрышына жеткізілуі туралы жан-жақты қарастырылады. Ал “Қазақтілді сайттардың даму ерекшеліктері және шығармашылық қырлары” деп аталатын екінші тарауда отандық сайттарды бүгінгі қызметі және олардың қарқынды дамуы жайында кеңірек журналистік ізденіс жұмыстары баяндалады. Рас, жыл өткен сайын қазақ сайттары интерентті жаулап алып барады, алайда олардың қызмет көрсетуі әлде де көңіл көншітпейді. Айталық, мазмұны төмен материалдар, қауесет әңгімелер, жеке басқа қол сұғушылық көптеп кездеседі. Демек, біздегі интернет классикалық деңгейге жете қойған жоқ.
Жаһандану процесінің дамуымен электронды ақпарат құралдарының, әсіресе, телевизияның қоғамдық санаға әсері ұлғайып келеді. Ол тек әсер етіп қана қоймай, сонымен қатар, қоғамдық пікірді қалыптастырып, өз қожайынының саясатын жүргізетін құрал болып отыр. Кейде бұл құрал жеке тұлғалардың өз пайда, мүддесіне қызмет ететін тетік ретінде қаралатыны да шындық. “ҚР БАҚ туралы” Заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікір қалыптастыруға тікелей әсер етуіне болмайды. Қоғамдық пікірді баспасөз, телерадио материалдарына сүйене отырып, әр азамат өзі қалыптастыруы қажет. Алайда, қазақстандық ақпарат құралдары бүгінде өзінің біржақты ақпараттық функциясынан алшақтап кеткен. Газет-журнал, телерадио арналарды бизнес, табыс көзі ретінде қарастыру тенденциясы Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінде байқалып отыр.
Кез-келген Интернет-жоба бұқаралық коммуникация құралы болып табылатындығына қарамастан, олардың кейбіреулерінде медиа функция басым болып келетінін және ақпараттың негізін құрайтынын айтуға болады. Тіпті, үстірт қарағанның өзінде де Интернет ресурстары екі топқа бөлінеді: біріншіден, кәсіби журналистермен жасалған және үнемі жаңартылып отыратын ресурстар (газеттер, журналдар және т. б. ) екіншіден: Интернетте тіптен жаңартылмайтын немесе кейбір жағдайларда ғана жаңартылып отыратын, анықтамалық мәліметтерден тұратын “статистикалық сайттар” деп аталатын ресурстар да көп кездеседі. Сонымен қатар, қолданушылардың өздері де жасайтын, медиа функцияларын атқаратын көптеген ресурстар да бар.
Интернет арқылы әлемдік деңгейдегі ірі ақпарат компанияларының деректеріне сүйену мәліметтің маңызын арттыра түсетініне дау жоқ. Әсіресе шет ел жаңалықтарын дайындаушылар дерек көзін халықаралық агенттіктерден алады. Алайда, интернет деректері кейбір мәліметтерді дәлелдей түсу мақсатымен ғана пайдаланылуға тиіс. Немесе журналистің өзінің біліктілігінің, оқыған-тоқығанының, көрген-білгенінің арқасында әзірленіп жатқан материал интернеттің өзегінен ойып алынған ақпаратпен тұздықталғаны жөн.
Жинақтай айтқанда, қазіргі кезең - азаттықтың ақ кемесіне отырған Қазақстан үшін жаңа қалыптаса бастаған мемлекеттің даму бағытын саралайтын кезең. Оның күн тәртібінде ұлттық ақпарат кеңістігін қалыптастырып, сол арқылы рухани асқазанды тоқ ұстар идеологиялық азық жинау міндеті тұр.
Еңбектің актуальдылығы бүгінгі күн талабынан туған. Журналистикадағы құбылыстарға жаңаша қараған тұста, бұл еңбектің де өзіндік үлгісі болары сөзсіз.
I ТАРАУ
ИНТЕРНЕТТІҢ ҒАЛАМДЫҚ ЖҮЙЕГЕ АЙНАЛУЫ ЖӘНЕ БАҚ -ҒЫ ЖАҢА СИПАТЫ
Технологиялардың дамуы нәтижесiнде өмiрге журналистиканың жаңа түрi - интернет-журналистика келдi. Кез-келген саладағы жұмыс процесiнiң ажырамас бөлiгiне, негiзгi құралының бiрiне айналған компьютерсiз бүгiнде өмiрдi елестету мүмкiн емес.
Қазақстанда интернет пайда болған кезде ең басты мәселе - тiлге келiп тiрелген болатын. Яғни, әлемторда қазақ тiлiнiң спецификалық қарiптерiнiң бейнеленуi бiраз уақытқа дейiн үлкен проблема туғызып келдi. Сөз жоқ, Интернет журналистикаға бұрынғыдан өзгеше қалып, жаңаша мән әкелдi. Ол күмәнсiз. Финляндияның iрi басылымының бiрi - «Хельсинген Саномат» газетiнiң шолушысы Пентти Садениеми интернет дәуiрiндегi журналистiң қызметiне былай деп сипат бередi: «Жаңа технологиялар журналистiң жұмысын жеңiлдете әрi, жайландыра түстi. Барлығында жеке компьютерi бар, бұрынғысынша жүгiру, жан-жаққа телефон шалу, мекен жайларды iздеудiң қажеттiгi жоқ. Әрiптестерiмiзбен электронды пошта арқылы байланыс орнап тұрғандықтан, сұрау саламыз да, арғысына көп мазасызданбаймыз. Әсiресе, шетелдегi журналистермен қарым-қатынас жасау аса қолайлы»(2) .
Осыдан келiп, еңбектiң авторы интернетпен қоса пайда болған журналистиканың сапасына алаңдаушылығын да жасырмайды.
Ақпарат тасқынының ұлғаюына бiрнеше фактор себеп болған:
1) теледидарда спутниктiк арналардың көбеюi;
2) азаматтардың жаңа ақпараттық кеңiстiктi игеруi;
3) БАҚ-ның қоғамдық мiндеттерiнiң азайып, оның коммерциялық мақсатта көбiрек қолданылуы.
Осы жайттарды ескере отырып, журналистер мен зерттеушiлер сапалы журналистиканың жоғалуға айналғанын айтып, дабыл қаға бастады. Уақыт тапшылығын алға тартқан көптеген журналистер мәлiметтердiң дәлдiгiн ысырып қойып, неғұрлым сенсацияға жақын жаңалықтарды ғана жазатын болды. Ал, интернеттiң пайда болуымен олар ақпаратты тек тауар ретiнде ғана түсiнiп, ұсынуға кiрiстi. Яғни тұтынушыға жеткiзiлетiн ақпараттың анықтығы емес, жеделдiгi бағалана түскен (3) .
Алайда, финн журналистерiнiң пiкiрiнше, компьютер (интернетке қосылған) олардың туындыларының сапасын тек арттыра түседi. Өйткенi, шексiз ақпаратқа қолы жетiп тұрған журналист жоғары технологиялардың мүмкiндiктерiн пайдалана отырып, өзiнiң кәсiбилiгiн де арттырады.
Шындығында да, интернеттiң журналист кәсiбилiгiне тигiзетiн ықпалы мен әсерi қандай? Сапалы журналистика үшiн ол зиянды ма әлде, керiсiнше, классикалық журналистиканың мазмұнын байытудағы маңызы зор ма? Мұны қазiр тап басып айту оңайға соқпасы анық.
Қазiргi уақытта бiздiң өмiрiмiзде интернеттiң қамтымаған саласы жоқтың қасы, дедiк жоғарыда. Оның техникалық ерекшелiктерiн түпкiлiктi түсiну үшiн оның пайда болу тарихы мен даму жолдарын айналып өту мүмкiн емес.
Ең алғаш компьютерлердiң пакеттiк жүйесiн құруды қолға алған - ARPA (Advanced Research Projects Agency Network) агенттiгi. Интернеттiң алғашқы аты да сәйкесiнше, ARPANet болатын. АҚШ Қорғаныс Министрлiгiнiң басқаруындағы бұл мекеменiң алдында қорғаныс саласында жұмыс iстейтiн зерттеу ұйымдарын бiрiктiрiп, олардың қызметiн бақылайтын және үйлестiрiп отыратын сенiмдi компьютерлiк жүйенi дүниеге әкелу мiндетi қойылған едi. Бұл арнадағы iзденiстер 1969 жылы өзiнiң жеңiстi мәресiне жеттi. Алғашында жүйе Калифорния (University of California, Los Angeles, UCLA) мен Стенфорд (Stanford University) университеттерi арасында орнатылды. Көп ұзамай, кiшiгiрiм жүйеге Санта-Барбара (University of California, Santa Barbara, LA) және Солт Лейк Сити (University of Utah, Salt Lake City) университеттерi де қосылады. Ал 1972 жылы электронды пошта дүниеге келдi.
Алғашында тек салалық қолданыста ғана болған Интернеттiң кейiн қандай ғаламдық жүйеге айналатынын тап басып болжаған ешкiм болған жоқ. Алайда, американ әлеуметтанушысы Маршалл Маклюэн (Marshall McLuen, 1911-1980) өзiнiң «Гутенберг Галактикасы» (The Gutenberg Galaxy, 1962), «Медианы түсiну» (Understanding Media, 1964) атты еңбектерiнде бүкiл әлемдi тоғыстыратын бiр жүйенiң дүниеге келуiнiң алғышарттарын тұжырымдап кеткен болатын (4) . Маклюэн өмiрiн технологияның бұқара мәдениетi мен адамдар қарым-қатынасына тигiзетiн әсерi мен ықпалын зерттеуге арнаған ғалым. 1964 жылы ол «Медианы түсiну» (Understanding Media, 1964) атты еңбегiнде технологиялық дамудың нәтижесiнде болашақта «глобалдық деревнялар» дүниеге келедi деген. Мұндай мекендерде шалғай жерлерде орналасқан адамдар тобы ешқандай кедергiсiз, орталықтағыдай ақпарат алуына мүмкiндiгi болады-мыс.
Ол кезде телевизия пайда болып, негiзгi ақпарат көзiне айнала бастағандықтан, Маклюэн еңбектерiмен танысқандар оны «теледидардың болашағы туралы айтып отыр», деп ойлады, алайда, қазiргi заман көзқарасымен оқыса, «Understanding Media» кiтабында сөз болғаны - Интернет ғаламдық жүйесi едi.
Шындығында да, қазiргi уақытта Интернет - ешбiр мемлекетаралық шекараларды мойындамайтын дербес бiр әлемге, «глобалдық деревняға» айналып отыр. Компьютердiң қай мемлекет аумағында орналасқандығынан хабар беретiн тек домен ғана. Ал, ең алғашында әлемтордағы домендер саны саусақпен санарлықтай ғана едi. Олардың барлығы тек АҚШ аумағында қолдану үшiн ойлап табылған.
-. edu (education) - университеттер және т. б. оқу орындарының жүйесi;
-. com (commercial) - коммерциялық ұйымдардың жүйесi;
-. gov (goverment) - үкiметтiк және мемлекеттiк ұйымдар жүйесi;
-. mil (military) - АҚШ Қорғаныс Министрлiгiнiң жүйесi;
-. org (organization) - түрлi қоғамдық ұйымдардың жүйесi;
-. net (network) - телекоммуникация операторларының жүйесi.
Қазiргi уақытта жағдай өзгердi. Бұл домендер қазiр АҚШ меншiгi емес, Бiрiншi Деңгейдегi Ұлттық домендер (Top-Level National Domains, TLDs) тобын құрайды (5) . Ал Екiншi деңгейдегi топқа мемлекеттердiң географиялық домендерi кiредi. Әлемторда Қазақстан . kz доменiмен таныстырылған. Кеңес Үкiметi кезiндегi домен - . su (Soviet Union), 19. 09. 1990 жылы InterNIC (International Network Information Center) базасында тiркелiп, Бiрiншi Деңгейдегi топқа кiретiн. Кеңестер Одағы тараған соң, 1992 жылы дүниеге . ru доменi келедi. Ал 19. 09. 94 жылы IANA (Internet Assigned Numbers Authority) мәлiметтер жинағында . kz доменi алғаш рет тiркеледi. Қазiргi уақытта барлық сайттарды тiркеп, статистика жүргiзетiн бiрден-бiр «орган» - 1999 жылы қыркүйекте Әдiлет Министрлiгi тiркеген KazNIC коммерциялық емес ұйымы. Соңғы мәлiметтер бойынша, KazNIC-те 3000-ға тарта қазақстандық сайт тiркеулi.
Интернеттену кезеңi түрлi елдерде түрлiше жүрдi. Процестi сипаттаған кезде байқалған үрдiс - интернет дамыған елдерден дамушы елдерге қарай тарағандығы. Сонымен қатар, интернеттiң даму-дамымауы нақты мемлекеттiң саяси ұстанымы мен менталитетiне де тiкелей байланыстылығы байқалған. 1998 жылы ең компьютерлендiрiлген елдер бестiгiне АҚШ (1000 адамға - 520 компьютерден), Финляндия (490), Швеция (480), Дания (350) және Ұлыбритания (280) кiретiн. Сондықтан, Интернет-журналистиканың да осы аталған елдерде қалыптасуы да заңды болса керек.
Ең алғаш жүйелiк басылымдар шыға бастағанда кейбiр мамандар бұл жаңалықтың «дәстүрлi басылымдардың беделiне қауiп төндiредi» деген пiкiрлерiн де жасырмады. 1996 ж. АҚШ-та «online режимiнде жұмыс iстейтiн дәстүрлi БАҚ-ң электронды нұсқасын жасау қаншалықты тиiмдi болады?» деген сұрау жүргiзген едi. Сонда респонденттердiң 45 %-ы оның сәттi болатынына күмән келтiрiп, тiптi ондай жағдай әдеттегi газет-журналдар беделiнiң өсуiне кедергi болады деп жауап берген. Ал, басқа 44 %-ы керiсiнше, ондай үрдiс өте тиiмдi болады деген пiкiр бiлдiрген (6) .
Тампере Университетiнiң (Финляндия) ғалымы, электронды журналистикаға арналған көптеген мақалалардың авторы Ари Хейнонен өзiнiң «Жүйедегi журналистика туралы баяндамалар» (1998 ж. ) атты кiтабында: «Қазiргi уақытта дәстүрлi газет-журналдар алдында бiр-ақ таңдау бар. Ол - жүйеге көшу немесе бiржола жабылу» - деп «кесiп» айтады (7) .
Алайда, осы салада маманданған тағы бiр финн зерттеушiсi Микко Кивилуото «Жүйе - қарақшы емес» атты мақаласында мұндай қауiптiң негiзсiз, әрi ондай мәжбүрлiк туып отырған жоқ деген пiкiрiн айтады. Кивилуотоның зерттеулерiнiң нәтижесi бойынша, жағдай мүлдем басқаша: оқырмандар бұрынғысынша дәстүрлi басылымдарды оқиды, ал электрондық сипаттағы нұсқаларын тек қызықтау үшiн қарайды екен.
Жалпы, финн аудиториясы электронды журнализмдi дәстүрлi ақпарат тарату жолының, мазмұнының баюы деп қабылдады (8) . Финляндияның iрi басылымдарының бiрi - «Хельсинген Саномат» өзiнiң электронды нұсқасын өмiрге әкелу арқылы жазылушы санының өсуiне қол жеткiзген. Әсiресе, оның әдетте пошта 2-3 күнде жеткiзiлетiн шет аймақтар үшiн өте қолайлы екенiн тапқан. Ал, АҚШ-тың тележурналистерi интернеттегi сайттың олардың телеарнасына қосымша бедел қосып, жарнама ретiнде де қабылданатынын байқаған. Түптеп келгенде, олар телеарнаның сайтын жасаған кезде ешқандай экономикалық пайда көздемеген (9) .
ТМД аймағында Интернет тұрақты қарқынмен дамып отырғанмен, шын мәнiндегi БАҚ сипатына саятын сайттар кейiнiрек, шамамен 1995 жылы пайда болған. Д. В. Смирнов өз еңбегiнде Ресей Интернетiнiң хронологиясын 1995 жылдан бастап жасағанын былай деп түсiндiредi: «1995 жылға дейiн Ресейдегi интернеттi бар дегеннен гөрi, жоқ деуге болатын едi. Ал, бар дегеннiң өзiнде, ондағы дүниелердiң саны мен сапасы БАҚ өнiмi демек түгiл, сайт деген сипат беру қиын соғатын. Сонымен бiрге, оның пайдаланушылары тым аз болғандықтан, интернеттiң бұқаралық сипатын да жоққа шығаруға тура келедi».
1995 жылы қазанда жарыққа шыққан «Роман» сайты - интерактивтi әдеби жоба болатын. Қараша-желтоқсан айларында сайтта реалды уақыт режимiнде «Россия: Выборы - 95» - сайлаудың өту барысы туралы ақпарат жарияланады.
6. 11. 96 жылы жүйеде Иван Паровозовтың (Александр Гагин) «Паровозов-News» атты «анау-мынау» стилiндегi заметкаларының тұңғыш саны жарық көредi. Көпшiлiк қызығып оқитын Паровозов бағаналары дәстүрлi басылымдардағы дүниелерден мазмұндық, құрылымдық және тақырыптық сипаты бойынша мүлдем өзгешеленетiн. Сайтының беделi күн санап өсiп келе жатқан А. Гагин өзiнiң бұрынғы жұмыс орнын тастап, бiржола интернет-журналистикаға бой ұрады. Қазiргi уақытта ол «НТВ-портал. com» веб-баспаханасының басшысы, «Интернет» журналының шеф-редакторы.
24. 12. 96 жылы Рунетте «Вечерний Интернет» шыға бастайды. Бұл - Антон Носиктiң «күнделiктi орыс және әлемдiк жүйесiн шолуы» болатын. Оның да беделi өте жоғары едi.
«Осы аталған авторлық жобалардың негiзiнде дүниеге орыс интернет - журналистикасы келдi. Авторлық жобалар - Интернеттi МЕДИА ретiнде таныстырған туындылар» - деп тұжырымдайды Д. В. Смирнов (10) .
Әлемторда таныстырылған елдердiң барлығының Ресей интернетi сияқты тарихы бай деу артық болады. ТМД мемлекеттерiнiң iшiнде интернет қолдау тауып, аса дамыған деп Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина және Беларусьтi атауға болар едi(11) .
Өзбекстандағы интернет пайдаланушыларының саны 2003 жылдың басында 300 мың адамды құраған. . uz доменiмен таныстырылған сайттардың ең беделдiлерi: fergana. ru - Узнеттегi бұрыннан келе жатқан ақпараттық - жаңалықтар сайты; uzreport. com - ақпараттық-жаңалықтар сайты; internet. uz - Өзбекстандағы Internet Technlogies жаңалықтарына арналған алашқы әрi жалғыз сайт; onlife. mnet. uz - Өзбекстан жастарының сайты. Өзбекстандық сайттардың басым көпшiлiгi, яғни 70 %-ы орыс тiлiнде, қалғаны - ағылшын және өзбек тiлдерiнде.
Осы ретте өзбекстандық fergana. ru сайты - Орта Азия аумағында шығатын интернет - басылымдары iшiнде жедел әрi нақты ақпарат, комментарийлер жариялайтын ақпараттық сайт екенiн атап өткенiмiз жөн. Бұл сайт Ирактағы соғыс, Таяу Шығыстағы саяси ахуал және Орта Азияда орын алған лаңкестiк әрекеттер туралы үнемi объективтi және оперативтi ақпарат берiп отырғандықтан ТМД елдерiнiң алдыңғы қатарлы БАҚ-н жаңалықтармен қамтамасыз ететiн басты ақпарат көзi деуге болады.
Жалпы, Өзбекстанда интернеттiң дамуына қолайлы жағдай жасалған, алайда сайттардың барлығына қатаң бақылау жүргiзiледi.
Ендi, журналистиканың өмiрге келген жаңа, тың түрiнiң ерекшелiктерiне тоқталайық.
Ең алдымен, интернет-журналистика мультимедиалығымен ерекшелендi. Мәселен, қағаз басылымдар ақпаратты мәтiндiк және графикалық тәсiлмен, телевизия - видеоқатар мен дыбысты пайдаланып, ал радио- дыбыс арқылы жеткiзедi. Интернетте осының барлығы қолданылады. Яғни мультимедиалық кеңiстiкте ақпаратты мәтiннен бастап видеоға дейiнгi барлық амал-тәсiлдердi қолдана отырып жеткiзуге болады (12) .
Мультимедиа - компьютерлiк қосымшаларда ақпарат беру тәсiлдерiнiң (мәтiн, дыбыс, сурет, видео) барлығын кешендi түрде қолдану.
Интернет - кез-келген БАҚ қасиеттерiн ұтымды пайдаланушы, алайда, ол аталған ақпарат құралдарын жекелеген түрде алмастыра алады деу қателiк болар едi. Өйткенi, бiз теледидарды өшiрiп тастап, компьютер көруге кiрiспеймiз. Жақын арады ондайға қол жете қоймасы да анық: радиотолқын арқылы теледидар сигналын жiберу немесе қабылдау әлдеқайда тиiмдiрек әрi арзанырақ. Интернет - телекамералардың жеткiзiлуi қиындатылған жағдайларда көмекке келгенде бағасы артады.
Интернеттiң мультимедиа ретiнде тағы бiр маңызды қасиетiнiң бiрi - уақытқа тәуелсiздiгi және сол сәтте ақпаратты архивациялауға қабiлеттiлiгi.
Бұқаралық ақпарат құралдарын бiз реалды уақыт режимiнде және кейiндi уақыт режимiнде жұмыс iстейтiн деп 2-ге бөлемiз. Алғашқыларының қатарында тiкелей эфирге шыға алатын теледидар мен радионы атасақ, ақпаратты белгiлi- бiр уақыт өте жариялайтын, яғни «кейiндi уақыт режимiнде» жұмыс iстейтiн газет-журналдарды екiншi топта қарастырамыз.
Интернетте бұл режимдердiң екеуi де қамтылған. Сондай-ақ, оның қайсысы қолданылса да, сайтта ақпарат пайда болысымен, сол сәтте архивтену процесi де қатар жүредi. Арада қанша уақыт өткенiне қарамастан, юзердiң сұрауы бойынша кез-келген ақпарат сұрыпталып, шексiз мәрте ұсыныла бередi. Интернет-басылымдарда жарияланған барлық материалдар арнайы « АРХИВ » деп аталатын сiлтемелерде сақталады. Негiзiнен, онда тақырыптық емес, даталық iздеу салу ұсынылған. Гипермәтiндiк iздеу тәсiлiн тек интернетте ұзақ уақыт шығып тұрған газеттер қарастырған.
Гипермәтiн (hypertext) - компьютердегi барлық деректер базасын, сондай-ақ құжаттарды ақпарат алуды жеңiлдету үшiн белгiлi-бiр жүйемен сұрыптауды ұйымдастыру. Пайдаланушы сiлтеме жасаған кезде оған белгiлi-бiр ассоциативтiк байланыс арқылы арнайы тақырыптарға жүйеленген ақпарат ұсынылады.
Гипермәтiн үлкен көлемдегi ақпаратпен жұмыс iстеген кезде аса қолайлы. Гипермәтiндiк программалар - браузерлер (browser) - берiлген тапсырма бойынша ақпарат iздестiруде түрлi амал-тәсiлдердi ұсына алады. Ең алғаш (1965 ж. ) hypertext терминiн енгiзген Теодор Нельсон (13) . Нельсонның гипермәтiнге берген анықтамасы: «сұрау бойынша тарауланып, жүзеге асатын арнаулы жазу түрi».
Өмiрге келген журналистиканың жаңа түрi осы саланың мамандарынан қандай да бiр арнайы, ерекше қабiлет-қарымын талап еткен жоқ. Ол бұрынғысынша қоғамдағы өзектi проблемаларды жазуды жалғастырды, тек оны ұсыну формасы жаңарды.
Ең алдымен, интернеттегi журналистiк туынды қысқа әрi нұсқа жазылуы тиiс. Жүйелiк басылымға назар аударған оқырман қалай болғанда да 8-10 мыңнан артық белгiден тұратын дүниенеi оқи қоюы екiталай (14) . Сондай-ақ, оқырманды жалықтырып алмау үшiн, материалды бiрнеше тақырыпшаларға бөлiп тастап, түрлi ерекшелеу тәсiлдерiн (қалың қарiптi, курсивтi, сөздiң астын сызуды) пайдаланған абзал. Мұндай амалдарды қолдану экрандағы мәтiндi жандандыруға септiгiн тигiзедi. Есте сақтайтын басты нәрсе: жазылып отырғаны - жай мәтiн емес, гипермәтiн. Сондықтан, «толығырақ мына жерде», «оны мына жерден көресiз» деген сияқты сiлтемелердi пайдаланған материалдың бағасы артады екен.
Интернет - журналистиканың тағы бiр аса маңызды ерекшелiгi - оның интерактивтiлiгiнде. Яғни, оқырмандармен жедел түрде байланысқа шығу қабiлеттiлiгiнде. Оның бiрнеше амалы бар: меймандар кiтабы, түрлi форумдар, керi байланыс адрестерi.
Аса қызықты жазылған дүниелер басылым сайтындағы форумда оқырмандардың талқысына салынады. Егер дәстүрлi басылымдарда жекелеген оқырманның белгiлi-бiр жарияланымға бiлдiрген пiкiрiнiң жариялануы екiталай шаруа болса, интернет-газеттерде мәселемен танысқан кез-келген адам өзiнiң көзқарасын форумда (не басқалай жолмен) жария ете алады. Сонымен қатар, керi байланысқа жүйелi түрде, тұрақты шығып отырса, аса қызықты деп танылған материал жаңа айдардың немесе мақалалар циклiнiң бастауы бола алар едi.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz