Қазақстанның географиялық орны, ірі физикалық георафиялық нысандарына қысқаша сипаттама


Тақырыбы: Қазақстанның географиялық орны, ірі физикалық георафиялық нысандарына қысқаша сипаттама
Қазақстанның географиялық орны: Қазақстан аумағы 2 млн. 724 мың шаршы шақырымға тең. Жерінің ауданы жағынан Қазақстан дүние жүзіндегі ең ірі мемлекеттердің қатарына жатады. Ресей, Канада, Қытай, АҚШ, Бразилия, Аустралия, Үндістан және Аргентинадан кейін 9 орын алады.
Республиканың халқы 15 млн. адам. Қала халқының үлесі 56%-ды құрайды. Қазақстан халқының орналасу тығыздығы 1 шаршы километр жерге 5, 4 адамнан келеді.
Қазақстан Еуразия құрлығының орталығында орналасқан, екі дүниені қамтиды. Кіші батыс аймағы Еуропада, ал шығыс бөлігі Азияда жатыр. Жайық өзенінің екі жағында орналасқан Атырау қаласы тұрғындарының Еуропа мен Азияға күнде саяхат жасауға мүмкіндіктері бар.
Физикалық - географиялық жағдайы тұрғысынан, Қазақстан Тынық пен Атлант мұхитынан, сондай-ақ Үнді мұхиты мен Солтүстік Мұзды мұхитынан бірдей дерлік қашықтықта орналасқан. Оның мұхиттардан алыс жатуы, әрі аумағының үлкендігі климатының өзіндік ерекшелігін қалыптастырады. Қазақстан батысында - Еділдің төменгі ағысынан, шығысында - Алтай тауларының етегіне дейін 3000 шақырымға, солтүстігі - Батыс Сібір жазығынан, оңтүстігі Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тау жүйесіне дейін 1600 шақырымға созылып жатыр.
Қазақстан қоңыржай белдеудің орта және оңтүстік ендіктерінде орналасқан. Дәл сол ендіктердегі Шығыс Еуропа қоңыржай континентік климатымен, ал Батыс Еуропа субтропиктік климатымен ерекшеленсе, Қазақстан шұғыл континенттік климатымен көзге түседі. Географиялық орнына қарай республика жерінде орманды дала, дала, шөлейт және шөл зонасы қалыптасқан. Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен шығыс таулы өңірлерінде ландшафттардың күрделене түсетін алуан түрлі биіктік зоналар байқалады.
Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы 15000 шақырымнан астам, оның 12000 шақырымға жуығы құрлық арқылы, ал 3000 шақырымнан астамы Каспий және Арал теңіздері арқылы өтеді.
Қазақстан батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте Ресеймен 6467 шақырым, Алтайдан Тянь-Шань, дәлірек айтсақ, Хан-Тәңірі массивіне дейін Қытай Халық Республикасымен 1460 шақырым, ал оңтүстігінде 380 шақырым Түрікменстанмен, 2300 шақырым Өзбекстанмен, Қырғызтанмен 980 шақырым шектеседі. Республика шекарасы батысында Каспий маңы ойпаты мен Жалпы Сырт қыратының біраз жерін, солтүстігінде Батыс Сібір жазығының оңтүстігін, шығысы мен оңтүстік-шығысында Алтайдың батыс бөлігінің, Сауыр, Тарбағатай жоталарының, Жоңғар Алатауының негізігі бөлігін және Тянь-Шаньның солтүстік жоталарын, оңтүстігінде Тұран ойпатын басып өтеді.
Республика шекарасы кей жерлерде Каспий және Арал теңіздерінде, Алтай және Тянь-Шань тауларында табиғи шепке сай келеді.
Ең төмен жері Қарақия ойысы (-132м), ең биік нүктесі Хан-Тәңірі шыңы (6995м) .
Жер шарындағы жер бедерінің барлық типтерін Қазақстан жерінен кездестіруге болады. Республика аумағының ұзақ уақыт геолгиялық тарихи дамуы нәтижесінде қазіргі жер бедерінің пішіндері пайда болды. Оған ойпаттар мен жазықтықтар (0-200м), үстірттер мен қыраттар (200-500м), аласа таулар мен биік таулар (500 метрден жоғары) мысал бола алады.
Қазақстан жерінің үштен бір бөлігін Батыс Сібір жазығының оңтүстік бөлігі, Тұран ойпаты мен Каспий маңы ойпаты алып жатыр.
Каспий маңы ойпаты солтүстігінде Жалпы Сырт қыраты, шығысында Орал алды үстірті, Оңтүстігінде Каспий теңізінің аралығында жатыр. Оңтүстік-шығысында ойпат Үстіртке және Маңғыстау өңірлеріне жалғасады. Ол теңіз және өзен шөгінділерінің құм, саз және тұнба қабаттарынан түзілген. Каспий теңізінің жағасындағы ойпат мұхит деңгейінен 28 метр төменде жатыр. Теңізден қашықтаған сайын, оның биіктігі бірте-бірте көтеріліп, 100 метрге дейін барады. Жалпы жер бедері тегіс. Ол бірнеше рет теңіз табаны болғандықтан, кейде ондаған шақырым бойы көтеріңкі жер кездеспейді. Ойпатта көбіне тегіс сазды жазықтар мен құм жондары кездеседі. Ойпатта Нарын, Батпайсағыр, Бозанай, Қосдаулет, Мыңтеке, Тайсоған, Қарақұм құмдары бар. Аумағы жағынан ең үлкені Жайық өзені батысындағы Нарын құмы. Беті ойлы белесті құм төбелер жайпақ ойыстармен алмасады. Өсімдіктер өсіп, бекіген құм жондарының кей жерлерінде көлдері мен сорлары бар кішігірім таяз қазаншұңқырлар кездеседі.
Каспий маңы ойпатында күмбез тәрізді қыраттардың биіктігі 100 метрге көтеріліп, тегіс жазықтардың арасынан тау секілді көрінеді. Мұнай, гипс, ас тұзы т. б. пайдалы қазбалардың кен орындары осы тұз күмбездерімен тікелей байланысты.
Тұран ойпаты Орта Азияның солтүстік-батысы және Қазақстанның оңтүстік-батысындағы кең жерді алып жатқан ойпатты жер. Қазақстанға оның тек солтүстік бөлігі ғана тиесілі., ойпат негізінен Орта Азия республикаларының жерінде орналасқан. Теңіз деңгейінен 200 метрге дейін көтеріледі де, ортасындағы ойыс Арал теңізіне қарай төмендейді. Тұран ойпаты көл, теңіз және өзендердің шөгінді жыныстарынан, яғни лесс тәрізді саз, саздауыт, құм мен құмайт түзілген. Тұран ойпаты солтүстік-батысында Торғай қолаты арқылы Батыс Сібір жазығымен жалғасады.
Сырдария өзені ойпатты Қазақстан жерінде екі бөлікке - солтүстік және оңтүстікке бөледі. Оңтүстігін Қызылқұм, солтүстігін Үлкен және Кіші Борсық құмдары мен Арал маңы Қарақұмдары алып жатыр. Қызылқұм жер бедерінде құмды төбелер мен қырқалар басым, кей жерлерде тақырларда кездеседі.
Арал маңы Қарақұмы биіктігі 100 метр, бұйратты төбелі жазық болып келеді. Бұл құм жасы жағынан басқа құмдарға қарағанда салыстырмалы түрде ежелгі. Ішінара жел әрекетінен өзгерген.
Қызылқұм Орта Азияның үлкен құмды шөлі Қызылқұмның Қазақстанға солтүстік бөлігі кіреді. Ол эолды, ішінара аллювийлік палеогеннің құмдарынан құралған. Жер беті құм төбелі, қырқалы болып келеді де, кең сайлармен кезектесіп отырады.
Есіл жазығы Есіл өзенінің екі жағын жағалай, Солтүстік Қазақстан облысының жерінде орналасқан. Солтүстік Қазақ жазығының бір бөлігі. Бұл көлді жазық сазды жыныстардан түзілген, бетін өзен шөгінділері басқан. Жазықтықтың ең биік беті 130-140 метрге жетеді. Ол жерде кішігірім көлдер көп, батпақты, тұзды қазаншұңқырлары бар. Жер бетін шалғын, қара топырақты даланың өсімдіктері басқан. Торманы негізінен қайың мен теректен тұрады.
Үйобаған жазығы батысында Жалпы Сырт қыратымен, оңтүстігінде Торғай қыратымен, шығысында Есілдің сол жақ жағалауымен, солтүстігі орманды даламен шектеседі, яғни Тобыл өзенінің саласы болып табылатын Үй өзенінің екі жағалауында орналасқан. Бұл да көлді жазық. Жер бетінің биіктігі оңтүстігінде 100-150 метр болса, солтүстікке қарай аласарады. Жазық саздардан түзілген. Жері қара топырақты, шалғынды.
Қазақстан жер бедерінің биігірек бөлігін (200-500м) қыраттар алып жатыр. Олар Үстірт, Торғай, Орл алды үстірті, Жалпы Сырт қыраттарынң бір бөлігі, Бетпақдала және Балқаш маңындағы жазықтар. Жер бедері көбіне тегіс, біраз жері белесті, ал кей жерлерінде беткейлері тік құлама болып келеді.
Үстірт солтүстік және солтүстік-батысында Каспий маңы ойпатымен, батысында Маңғыстау жазығымен шектеседі. Оның Қазақстанға солтүстік-батыс бөлігі кіреді. Үстірт - теңіз деңгейінен биіктігі 200 метрге жуық биіктік үстіндегі жазық. Қазақстан жерінде ең биік тұсы - Мұзбел жоны, биіктігі 340 метр. Солтүстік-шығысқа қарай аласара береді. Үстірт саз, құмтас және әктасты шөгінділерден түзілген. Салыстырмалы биіктігі 150 метрге дейін жететін тік жарлармен шектеседі. Сондай-ақ маусымдық су тасқынынан пайда болған құрғақ жыралармен тілімделген.
Торғай үстірті шығыстағы Сарыарқа, батыстағы Мұғалжар және оңтүстік Оралдың аралығында жатыр. Солтүстігі Батыс Сібір жазығына, оңтүстігі Шалқартеңіз ойысына жалғасады, абсолюттік орташа биіктігі 200-300 метр. Үстірт орталығында солтүстіктен оңтүстікке созылып жатқан ойыс - Торғай қолаты бар, оны Торғай бұғазы не Торғай қақапасы деп те атайды. Ол Батыс Сібір жазығын Тұран ойпатымен жалғастырады. Бұғаз аталу себебі ежелгі Арал-Каспий теңіз алабы сол кездегі Батыс Сібір жазығының орнындағы теңіз алабымен осы жер арқылы жалғасқан. Торғай үстірті мен Торғай бұғазының көп жері көлденең бағытта орналасқан теңіздік және континенттік шөгінділерінен, яғни саз, құмнан түзілген. Торғай үстірті арқылы Есіл және Тобыл өзендерінің және Торғай қолатының шағын өзендері өтеді. Үстірттің тегіс бетінде аласа төбелер, жондар, бұйратты қыраттар, көл-көлшік ойыстары, сай-жаралар кездеседі.
Орал алды не Жем үстірті Каспий маңы ойпаты мен Мұғалжар тау аралығында жатыр. Абсолюттік орташа биіктігі 100-900 метрге жуық. Ол солтүстік-шығысында 400 метрге дейін көтеріледі де, солтүстікке, батысқа, оңтүстікке қарай аласарып, төбелі-жонды жазыққа ұласып кетеді. Үстірттің кей жерлері фосфориттер кездесетін саз, құм шөгінділерінен түзілген. Орал алды үстіртін Жем өзені мен оның кішігірім салалары кесіп өтеді.
Жалпы Сырт қыраты Орал тауы мен Еділ өзені аралығындағы үлкен қырат. Қазақстанға оның қиыр оңтүстік-шығыс бөлігі ғана кіреді. Жалпы Сырт қыраты солтүстік-батыс бағытта жатқан аласа қысқа қатпар түзетін әктастан, бордан т. б. шөгінді жыныстардан түзілген. Қыраттың жер бедері тілімделінген, Қазақстанға қарайты бөлігі салыстырмалы түрде тегістеу болып келген. Жалпы Сырт қыраты арқылы Жайық өзенінің ұсақ салалары ағып өтеді.
Бетпақдала үстірті шығысында Балқаш көлі, батысында Сарысу және оңтүстігінде Шу өзені, солтүстігінде Сарыарқа аралығында жатқан аймақ. Үстірт беті жазық, тек кейбір жерлерінде ғана сорлар мен тұнбалы көлдері бар құрғақ сайлар мен жалпақ ойыстар кездеседі. Үстіртте ағын су жоқ. Абсолюттік орташа биіктігі 300-350 метр. Сарыарқаға ұласатын солтүстік-шығыс бөлігі биіктеу 400-700 метр. Шығыс бөлігі тақтатасты, гранитті, бірақ оқшауланған биіктіктер болғандықтан бұл жерлерге таулы сипат береді. Оңтүстік-батысы құмтас, саз, малтатастан түзілген жазық (200-300м) және аласа бөлігі ежелгі теңіздік және континенттік шөгінділерден тұрады. Негізінен тұзды көлдер, сор, тақыр, тұйық ойыстар кездеседі.
Балқаш маңы жазығы - Балқаш көлінің оңтүстік-шығысында Жоңғар Алатауы, оңтүстігінде Іле Алатауы мен батысында Шу-Іле тауларының аралығында жатқан аймақ. Жазықтың құрлысына тән өзіндік ерекшелігі - өзін қоршап тұрған тауларға қарай 350 метрден 600-700 метрге дейін биіктейді. Балқаш маңы жазығында көптеген құрғақ аңғарлар (Бақанас) кесіп өтетін құмды шөл Тауқұм, Сарыесік-Атырау құмы және Бақанас тақырлы, сазды-құмды жазығы созылып жатыр. Балқаш маңы жазығында қырқалар мен бекіген құмды жерлер кәдімгі шағылдармен алмасып отырады.
Биік таулы өлкелерге Қазақстанның шығысы мен оңтүстік-шығысындағы Алтай, Сауыр-Тарбағатай, Жоңғар Алатау тау жүйелері жатады. Бұл таулардың барлығы палеозой қатпарлықтарында көтеріліп, мезозой эрасында тегістелген. Жаңа тектоникалық қозғалыстар нәтижесінде қайта жаңғырған. Биік таулы өлкенің аласа таулардан айырмасы жер бедерінің биік, әрі күшті тілімделгенімен ерекшеленеді.
Алтай Сібірдің оңтүстігіндегі ең таулы өлке. Негізгі бөлігі Ресей жерінде жатыр. Қазақстан жеріне Алтай тау жүйесінің оңтүстік-батыс бөлігі ғана кіреді. Оны Оңтүстік Алтай, Батыс не Кенді Алтай және Қалба жотасы деп үшке бөлуге болады.
Оңтүстік Алтай Сібірдің солтүстігінде Бұқтырма өзені, оңтүстігінде Қара Ертіс өзені аралығында жатыр. Ресеймен мемлекеттік шекарада Алтайдың ең биік Қатын жотасы орналасқан. Оның биік шыны Мұзтау (4506м) . Осы жерден оңтүстік-батысқа қарай оңтүстік Алтайдың басты тау жоталары ( Оңтүстік Алтай, Сарымсақты, Нарын, Күршім) тарайды. Олардың биіктіктері шығыста 3500 метрден батысқа қарай бірте-бірте 1200-2000 метрге дейін аласарады. Шығыстағы биік бөлігінің төбелері қар мен мұздықтар басқан үшкір шыңды болып келеді.
Батыс және Кенді Алтай Қазақстан жеріне Алтайдың батыс сілемдері кіреді. Олардың бастылары: Листвяга, Холзун, Көксу және олардан тармақталған Үбі, Иванов, Үлбі жоталары. Батыс Алтайдың шығыс бөлігі қатты тілімделген және шыңдарын мәңгі қар мен мұздықтар жауып жатқан биік таулы өлке болып келеді. Батыс Алтайдан пайдалы қазбаларға (мыс, мырыш, қалайы, қорғасын, күміс, алтын, т. б металдар) бай. Сондықтан д, а Батыс Алтайды Кенді Алтай деп атайды.
Қалба жотасы - Алтай тауларының Ертіс өзенінен батысқа қарай 400 шақырымға созылған жалғасы болып есептеледі. Ең биік жері Сарышоқы шыңы (1606м) . Батысында жота бірте-бірте аласарып, Сарыарқаға ұласып кетеді.
Сауыр-Тарбағатай іргелес жатқан жоталармен бірге біртұтас тау жүйесін құрайды. Ол Сарыарқаның жалғасы болып саналады. Сауыр-Тарбағатайдың солтүстігінде Зайсан қазаншұңқыры, ал оңтүстігінде Алакөл қазаншұңқыры жатыр.
Сауыр жотасының ең биік жері Мұзтау шыңы (3816м) . Қазақстан жеріне Сауырдың тек батыс бөлігінің солтүстік беткейі кіреді. Төбелерінде мұздықтары бар.
Тарбағатай (Барқытбел) Сауырға қарағанда аласа, бірақ одан ұзынырақ, 300 шақырымға созылған. Биік нүктесі Тастау (2992м) . Төбелерінде мұздықтар жоқ.
Жоңғар таулы өлкесіне Қазақстан жерінде Жоңғар Алатауының солтүстік, оңтүстік-батыс бөлігі кіреді. Бұл тау жүйесі солтүстігінде Алакөл қазаншұңқыры мен оңтүстігінде Іле өзені аңғарымен шектелген. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 450 шақырымға созылып жатыр.
Қытай мен Қазақстан шекарасында, Жоңғар Алатауы мен Барлық жотасының аралығында Жоңғар қақпасы деп аталатын тау аралық ойыс бар. Ол Қытайдағы Ебінұр көлінің ойысы мен Алакөл қазаншұңқырын қосады
Жоңғар Алатауының бас тау жүйесінің биіктіктері 5000 метрден астам қатар жатқан Солтүстік және Оңтүстік жотаға бөлінеді. Ең биік жері Бесбақан шыңы (4622м) . Жоңғар Алатауының бас тау жүйелерінің басын мәңгі қар мен мұздықтар жапқан. Жоңғар Алатауы гнейс, кристалды тақтатас, кварцит, мәрмәр және әктас жыныстарынан түзілген. Жоңғар Алатауының бірден-бір ерекшелігі - тау төбелерінде тегістелген жазықтардың болуы. Олар орналасу биіктігіне қарай бірнеше сатылы болып келеді.
Тянь-Шань таулы өлкесі Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысын алып жатыр. Республика жеріне Орталық Тянь-Шань мен Батыс Тянь-Шаньның бір бөлігі, Солтүстік Тянь-Шань түгел дерлік кіреді.
Орталық Тянь-Шань Қытай, Қазақстан, Қырғызтан шекараларының түйіскен жерінен басталады. Осы жерде Қазақстанның ең биік нүктесі Хантәңірі (6995 м) орналасқан.
Хантәңірі тау массивінен батысқа қарай бірнеше жоталар тарайды. Олардың ең үлкені Теріскей Алатауының шығыс тармағы арқылы Қазақстан Қырғызтанмен шектеседі. Тау беткейлері көптеген шатқалдарымен тілімделінген, тау шоқтықтарын мәңгі қар көмкеріп жатыр.
Солтүстік Тянь-Шаньға Кетпен жотасы, Күнгей Алатау, Іле Алатауы және Шу-Іле таулары (Желтау, Айтау), Қырғыз алатауы жатады.
Кетпен жотасын Орталық Тянь-Шаньнан (2300 метрге дейін) Кеген тау аралық ойысы бөліп жатыр. Кетпен Жотасының батыс аймағы Қазақстан, шығысы Қытай жерінде жатыр. Оңтүстік- батыстан шығысқа қарай 3000 шақырымға созылып жатыр, ені 40-50 шақырым. Ең биік жері Небесная тауы (3652м) . Кетпен жотасы эффузиялық жыныстардан, әктас, граниттен түзілген. Тау үсті жайпақ, беткейлері өзен аңғарларымен тілімделінген, тік құлама шатқалды болып келеді.
Қазқстанға Күнгей Алатауының шығыс бөлігінің солтүстік беткейі жатады. Бұл Тянь-Шаньның ең биік жоталарының бірі (Имнбұлақ шыңы 4647м) . Күнгей Алатауының солтүстік беткейі Шелек және Кемін өзен жүйелерінің ағын суы әрекетінен тілімденген.
Іле Алатауы - Тянь-Шаньның солтүстігіндегі ең биік тау жотасы. Ол шығыстан батысқа қарай 350 шақырымға созылады. Ең биік нүктесі - Талғар шыңы (4973м ) . Осы жерден бастап Іле Алатауы шығысқа және батысқа қарай аласара береді.
Іле Алатауында да тегістелген жазықтар едәуір орын алады. Олардан биіктікте мәңгі қар мен мұздықтар жамылған үшкір, сүйір, жалаңаш шыңдар көрінеді. Іле Алатауы ежелгі шөгінді және атпа жыныстардан - құмтастардан, порфирден, гранит пен гнейстен түзілген. Солтүстік беткейі біраз көлбеу, бірақ көптеген өзендермен күшті тілімделінген. Етегінде Алматы және көптеген елді мекендері бар. Іле Алатауының солтүстік-батысында Шу-Іле тауларына жалғасатын көп бүлінген ескі таулар орналасқан.
Қырғыз Алатауы Күнгей Алатау және Іле Алатауының батысында жатыр. Ол бұл таулардан Шу өзені ағып өтетін Буам шатқалы арқылы бөлінеді. Қазақстанға жотаның батыс бөлігінің солтүстік беткейлері ғана кіреді. Қырғыз Алатауы өте күшті тілімделінген және биік таулы тік құз, шыңды альпілік жер бедерімен ерекшеленеді.
Батыс Тянь-Шань Қазақстан жерінде Талас Алатауынан басталып, одан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатқан жоталарға ұласады. Аса ірісі Өгем, Піскем және Қаратау (2176м) .
Қазақстан аумағына түгелдей кіретін Қаратау - Тянь-Шаньның қатты өзгеріске ұшыраған бұзылған ең шеткі солтүстік-батыс жотасы. Қаратау пайдалы қазбалардың қазынасы. Тау қойнауының құрамында қорғасын, мырыш т. б. түсті металдар көп тараған кен орындары кездеседі. Таулардың оңтүстік-шығыс бөлігінен фосфорит кені өндіріледі.
Қазақстанның аласа таулы өлкелеріне Сарыарқа, Мұғалжар, Маңғыстау таулары жатады.
Сарыарқа не Қазақтың ұсақ шоқысы Орталық Қазақстанның көп жерін алып жатыр. Ол батысында Торғай үстірті мен Тұран ойпатына дейін жетіп, шығысында Сауыр-Тарбағатай тау жүйелерімен, оңтүстігінде Балқаш көлі және Бетпақдаламаен, солтүстігінде Батыс Сібір жазығымен шектесетін ұлан-ғайыр аумақты алып жатыр. Батыстан шығысқа қарай 1200 шақырымға созылған. Батысында ені 900 шақырымнан астам, ал шығысында 350 шақырымға жуық.
Сарыарқа қазақ жеріндегі ең ежелгі, мүжілген аласа таулы өлке. Абсолюттік орташа биіктігі 500-600 метр. Оған миллиондаған жылдар бойы жел мен жаңбыр, ыстық пен аяз, қар мен ағын су күшті әсер етеді. Бір кездегі биік таулар сыртқы күштердің әсерінен мүжіліп, алуан түрлі жер бедерлері қалыптасқан. Аласа таулар, қырқалар, ұсақ шоқылар, жазықтар пайда болды. Сарыарқа орталығы мен шығысында биіктеп келіп, солтүстігінде, оңтүстігінде және батысқа қарай бірте-бірте аласарады. Ол Солтүстік Мұзды мұхит алабы мен ішкі тұйық алаптардың арасындағы суайрық болып саналады. Қазақтың қатпарлы өлкесі архей мен протерозойдың гранит, порфорит, кварцит, құмтас және тақтасы басым болып келетін ежелгі жыныстарынан түзілген.
Сарыарқаның ең биік таулары шығыс бөлігінде Ақсораң (1565м), Қарқаралы (1403м), Шыңғыстау (1305м) таулары, батыс бөлігіне Ұлытау (1133м) жатады. Сарыарқаның Қарқаралы, Баянауыл және Көкшетау таулары өте көрікті. Жел мен жаңбырдан мүжілген жартастар әр түрлі пішіндес болып келеді. Тау аралығында көгілдір, мөлдір көлдер жарқырайды. Сарыарқаның көп жерінде түрлі үңгірлер де баршылық.
Мұғалжар Орал тауының оңтүстігінде, Қазақстан жеріндегі табиғи жалғасы болып келеді. Мұғалжар солтүстіктен оңтүстікке қарай 450 шақырымға созылған. Бір-біріне параллель жатқан Батыс және Шығыс жоталары арасында ені 15-20 шақырымдай толқынды жазық орналасқан. Оның кейбір жерлерінде ұсақ шоқылар да бар. Мұғалжар тауының оңтүстігінде төбелері тегіс, аласа қырқаларға және жеке дара тұрған Шошқакөл таулы бұйратына жалғасады. Сарыарқа сияқты Мұғалжар да шөгінді және магмалық жыныстардан түзілген ежелгі таулы өлке. Ең биік жері - Үлкен Боқтыбай (657 м) .
Маңғыстау таулары Каспий теңізінің Маңғыстау түбегінде жатыр. Бұған Қаратаудың батыс және шығыс жоталары мен оңтүстік және солтүстік Ақтау тау тізбектері кіреді. Қаратаудың ұзындығы 117 шақырым, ал Ақтау 70 шақырымға созылған. Олар сай, жыра, шатқалдармен тілімделінген. Маңғыстау таулары Сарыарқаға қарағанда жас, бірақ құрылысы мен жер бедерінің жалпы сипаты жағынан көп ұқсастығы бар. Маңғыстау тауларының биік бөлігі Қаратау жотасындағы Бесшоқы ( 556 м) .
Бұл таулар құм, кристалды тақатастардан, қара әктастан (Қаратау ) және ақ әктастан (Ақтау) түзілген. Маңғыстау тауларының оңтүстігінде Қарақия немесе Батыр ойысы орналасқан. Ол - Қазақстанның, бүкіл ТМД елдерінің теңіз деңгейінен ең төмен (-132 м) жатқан жері. Дүние жүзінде Израйльдегі Өлі теңіз (-395м), Қытайдағы Турфан (-154м), Джибутидегі (Африка) Ассалы көлі (-150м) мен Египеттегі Каттардан (-133м) кейін бесінші орында.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz