Қазақ хандығы құрылуының саяси алғышарттары


қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
әл-фараби атындағы қазақ ұлттық университеті
Тарих факултеті
Қазақстанның ежелгі және орттағасырлар тарихы кафедрасы
Диплом жұмысы
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚҰРЫЛУЫНЫҢ САЯСИ АЛҒЫШАРТТАРЫ
Орындаған Шәкірт Е. "" 2010 ж.
/қолы / /А. Ж. Ә. /
Ғылыми жетекші__т. ғ. к., доц. Кәрібаев Б. Б.
/қолы/ /А. Ж. Ә. /
"" 2010 ж.
Қорғауға жіберілді:
Кафедра меңгерушісі
т. ғ. д., проф. Омарбеков Т. О.
/қолы/ /А. Ж. Ә. /
"" 2010ж.
Алматы-2010
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚҰРЫЛУЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ӘБІЛҚАЙЫР ХАНДЫҒЫНЫҢ САЯСИ ЖАҒДАЙЫ
- «Көшпелі өзбектер» ұлысы және оның ішкі саясаты . . . 10
1. 2 Әбілқайыр хандығының көрші елдермен саяси қарым-қатынастары . . . 14
2 XV ҒАСЫРДАҒЫ МОҒОЛСТАН МЕН ТЕМІР ӘУЛЕТІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ
2. 1 Қазақ хандығы құрылуы қарсаңындағы Моғолстан . . . 26
2. 2 XV ғасырдың ортасындағы Мәуереннахрдағы Темір әулеті мемлекетінің саяси өмірі . . . 39
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 51
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 56
КІРІСПЕ
Диплом жұмысының өзектілігі. Қазақ халқының тарихындағы ең өзекті мәселелердің бірі - Қазақ хандығының құрылуы. Қазақ мемлекеттілігі мен «қазақ» атауының түпкілікті қалыптасуында бұл өте маңызды тарихи оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруды, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтатуда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды. Қазақ хандығының құрылуына ықпал еткен алғышарттардың бірі және маңыздысы - саяси алғышарттар. Қазақ хандығы құрылуының саяси алғышарты мәселесі сол кезеңдегі Қазақстан территориясындағы Әбілқайыр хандығы, Моғолстан және Темір әулеті мемлекетінің ішкі және сыртқы саяси жағдайларымен байланысты. XV ғасырдың ортасында Қазақ хандығының құрылуына Дешті Қыпшақ аумағын мекендеген тайпалардың этникалық, рухани дамуының барысы, осы аумақтағы мемлекеттік құрылымдардың саяси даму үрдістері алып келді. Аталған факторлар хандықтың құрылуына тікелей негіз болып саналса, XV ғасыр ортасындағы Моғолстан, Мәуереннахр және Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси құрылымдардың ішкі саяси жағдайлары мен бір-бірлерімен саяси қарым-қатынастары өзінше рөл атқара алды. XV ғасырдың 50-ші жж. аталған территориялардағы мемлекеттердің саяси жағдайының қандай бағытта жүргендігін анықтау, бізге не себепті Қазақ хандығының негізін қалаған сұлтандар - Керей мен Жәнібектің Моғолстанға көшкендігін және не себепті Моғолстан ханы Есенбұға оларға өз елінің батыс жағындағы өңірден иелік бергендігін түсінуге мүмкіндік береді. Сол себепті де Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы аталған аймақтардағы мемлекеттер: Әбілқайыр хандығының, Моғолстанның және Мәуереннахрдағы Ақсақ Темір ұрпақтары мемлекетінің ішкі, сыртқы саяси жағдайларына назар аударып, біз қарастырып отырған мәселеге қаншалықты қатысы бар екенін анықтау өзекті болып табылады.
XV ғасырдың орта тұсында Әбілқайыр хандығының сыртқы саяси жағдайы оның ішкі саяси жағдайымен қатар дамып, бір-бірімен үндесіп жатты. Ішкі саяси өмірдегі көптеген мәселелер сыртқы саясатта да көрініс береді. Сол себепті де Әбілқайыр хандығының XV ғасырдың 40-50-ші жылдарындағы сыртқы саяси жағдайы хандықтың осы кезеңдегі жалпы саяси жағдайын қалыптастырып, оның саяси өмірі мен дамуының құрамдас бөлігі болып есептелетіндіктен, оны талдау да Қазақ хандығының құрылуының саяси алғышарттарын түсінуге, білуге мүмкіндіктер береді. Әбілқайыр хандығының Қазақ хандығы құрылуы қарсаңындағы саяси мәселелеріне қатысты зерттеулердегі көлеңке тұстарын анықтап, тәуелсіз Қазақстан тарихы ғылымы тұрғысынан объективті баға беру, жанжақты талдау қазақ тарихнамасындағы күрделі мәселелердің бірі болып саналады.
Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы, яғни XV ғасырдың 50-ші жылдарындағы Моғолстанның ішкі-сыртқы жағдайы Керей мен Жәнібек сұлтандарға жаңа мемлекеттің Қазақ хандығының шаңырақ көтеруіне қолайлы жағдайлар жасады дейміз. XV ғасырдың ортасында Әбілқайыр мемлекетіндегі феодалдық алауыздықтардың, феодалдық қанау мен езгінің күшеюіне байланысты, 20 мың қазақтың шығыс дешті қыпшақтан Моғолстандағы Жетісуға қоныс аударуы және батыс Жетісуда қазақ хандығының құрылуы, Моғолстан мемлекеті мен қазақ халқының тарихи тағдырына қатысты аса маңызды оқиға болды. Бұл мезгілдегі Моғолстан қазақ хандығының құрылуына және қазақтың өз алдына жеке халық болып қалыптасу барысын аяқтауына территориялық тірек, саяси-экономикалық негіз болды. Қазақ хандығы құрылуы қарсаңындағы Моғолстанның ішкісыртқы жағдайын зерттеу саяси алғышарттардың барысын айқындауға мүмкіндік береді.
Қазақ хандығының құрылуына саяси жағынан өзіндік әсер еткен мемлекеттердің бірі Мәуереннахрдағы Темір әулетінің мемлекеті болды. Егерде XV ғасырдың ортасында Әбілқайыр хандығындағы этносаяси жағдайлар жаңа мемлекеттің қалыптасуына толық алғышарттар даярласа, оның көршісі Моғолстандағы ішкі этносаяси жағдайлар Қазақ хандығының Моғолстан аумағында ту көтеруіне алып келді. Ал нақты Моғолстанның батысында Қазақ хандығының құрылуы - оның Мәуереннахрдағы Темір әулеті мемлекетімен XV ғасырдың ортасында жүргізілген саяси қарым-қатынастардың нәтижесі болып саналады. Сондықтан да біз үшін XV ғасырдың орта тұсындағы Темір әулеті мемлекетінің ішкі және сыртқы жағдайын білудің маңызы зор.
Диплом жұмысының деректік қоры. Қазақ хандығының тарихын зерттеуде атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» еңбегінің деректік маңызы өте зор. Қазақ хандығының құрылуы мен дамуына байланысты мәселелерде зерттеушілер бүгінгі күнге дейін осы дерекке сүйенеді. Қазақ хандығының құрылуы туралы Мырза Хайдар: « . . . сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақ даласына түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді. Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек пен Керей хан одан қашып, Жете яғни Моғолстанға кетіп қалған еді. Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, Жетенің батыс жағындағы Шу маңын және Қозыбасыны берді»/1. 110/ деп жазады. М. Х. Дулати XV ғасырдың ортасындағы Моғолстан мен Мәуереннахр қарым-қатынасына байланысты маңызды мәліметтер қалдырады. Атап айтқанда, Моғолстан ханы Есенбұғаның Мәуереннахрдың шығыс аймақтарына жасаған жорықтары, Әбу Сайд мырзаның Есенбұғаға алғаш тойтарыс беруі, Моғолстан ханының Мәуереннахрға үнемі қауіп-қатер төндіріп отырғандығы туралы баяндайды. Ал енді XV ғасырдың 40-50-ші жылдарындағы «көшпелі өзбектер» мен моғол елдері арасында болған нақты қарым-қатынастарға келсек, жазба деректер саяси қарымқатынастардың барысы жөнінде ешқандай мәліметтер бермейді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың мәліметтерінен саяси қарым-қатынастардан гөрі, осы кезеңде этникалық байланыстардың жиі жүргенін байқаймыз/2. 120/.
Қазақ хандығы тарихына қатысты деректер XV ғасырдағы Қазақ хандықтарының тарихы бойынша материалдар (МИКХ) жинағында кездеседі/3/. Әбілқайыр хан мен Темір әулеті билеушілерімен қарым-қатынасы «Тарих-и Абулхаирханида»/4/ келтірілген. Ал «көшпелі өзбектер» басшысы мен маңғыт ұлысының байланыстары «Таварих-и нузида-йи нусрат наме»/5/, «Фатх наме»/6/ деректерінде және Қадырғали Жалаиридің «Жылнамалар жинағында»/7/ баяндалады. Әбілғазы өзінің «Түрік шежіресінде»/8/ Әбілқайыр ханның Мәуереннахрға жорығы мен Мұхаммед Жөкімен байланыстары туралы нақты мәлімет береді. Алтын Орда тарихының материалдар жинағында (СМИЗО) /9/ Мәуереннахр билеушілері Әбу Сайд пен Абдолланың күресі, Әбу Сайдтың саясаты жөнінде деректер бар.
Диплом жұмысының зерттелу деңгейі. Қазақ хандығының құрылуының саяси алғышарттары мәселесіне байланысты кеңестік дәуірде бірнеше еңбектер жарық көрді. Зерттеуші Б. А. Ахмедов өзінің «Көшпелі өзбектер мемлекеті» (1965) еңбегінде Әбілқайыр хандығының көршілес мемлекеттермен, Батыс Сібірдегі Шайбан әулетімен, Темір әулеті мемлекетімен қарым-қатынасы, Әбілқайыр ханның ішкі-сыртқы саясаты мәселелерін қарастырады. Б. А. Ахмедов Әбілқайыр хандығының Мәуереннахрдағы темір әулетімен саяси қарым-қатынасын: «Өзбектер Сырдарияны иелену арқылы Темір әулеті мемлекетінің тікелей көршісіне айналды және Темір ұрпақтарының билік үшін өзара күрестеріне белсене араласты, сондай-ақ өздерінің үздіксіз жорықтарымен Мәуереннахрдың отырықшы аудандарындағы тұрғындарды талантараждарға ұшыратып, үнемі оларды мазалап отырды»/10. 59/ деп түсіндіреді. Алайда, зерттеушінің бұл пікірі толық емес. Зерттеуші К. А. Пищулина/11. 70/ Әбілқайыр хандығы мен Моғолстан мемлекеттерінің қарым-қатынасы әртүрлі дәуірде әртүрлі сипат алып тұрды дейді.
1969 жылы К. Ибрагимов, Н. Н. Мингулов, К. А. Пищулина, В. П. Юдиннің құрастыруымен Қазақ хандығының тарихына байланысты материалдар жинағы/3/ жарық көрді. Жинақта Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы саяси жағдай мен Моғолстан, Әбілқайыр және Темір мемлекеттерінің өзара қарым-қатынасы туралы мәліметтер бар. Еңбекте XV ғасырдың бірінші жартысындағы Моғолстандағы саяси бытыраңқылық пен қалмақ шапқыншылығы жайында әңгімеленеді/3. 168-193/. Орта Азиядағы темірлік әулеттің тарихы мәселелері тарих ғылымында жақсы қарастырылған деуге болады. Тіпті, оның XV ғасырдағы жекелеген мәселелерінің өзіне арналған арнайы зерттеулер бар. Атақты зерттеуші В. В. Бартольд шығармаларында мәселеге қатысты саяси оқиғаларға деректер негізінде жанжақты талдау жүргізіледі. Шахрух тұсындағы саяси бытыраңқылықтың басталуы, тақ мұрагерлігі үшін күрес, Ала ад-Даула мен Ұлығбек, Ұлығбек пен Абдаллатиф арасындағы күрестің барысы, себептері мен нәтижесі, Әбу Саид тұсындағы мемлекеттің жағдайы мәселелерін қарастырады. Сол арқылы Қазақ хандығы құрылуы қарсаңындағы Мәуереннахрдың ішкі саяси өмірінің тұрақсыз болғанын дәлелдейді/12. 147-169/. Мәселеге тікелей қатысты мәліметтер автордың «Түркістанның мәдени өмірінің тарихы»/13/ еңбегінде де бар. Темір әулеті мемлекетінің саяси жағдайын зерттеуге А. Ю. Якубовский/14/, Б. А. Ахмедовтың/15/ қосқан үлесі зор.
М. Г. Сафаргалиев/16/ өз еңбегінде Әбілқайыр хандығы мен Батыс Сібірдегі Шайбан әулеті байланыстарын қарастырса, ал С. Г. Кляшторный мен Т. И. Сұлтанов/17/ Әбілқайыр ханның саяси қызметі, Моғолстан мен Темір мемлекетінің саясаты, Қазақ хандығының құрылу барысы т. б. туралы баяндайды. Тәуелсіздік жылдарында жарық көрген еңбектердің бірінің авторы Н. Мыңжан М. Х. Дулати дерегі негізінде XIV-XV ғасырлардағы Моғолстанның саяси жағдайын қарастыра отырып, Керей мен Жәнібек бастаған қазақ руларының Моғолстан территориясына көшіп келуі алғышарттарын көрсетеді. Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы жалпы жағдайға сипаттама береді/18. 219-228/. Қ. С. Қаражан басшылығымен шығарылған оқулықта XV ғасырдың ортасындағы саяси жағдайы қысқаша баяндалады/19/.
Мәселеге қатысты негізгі еңбектердің көпшілігін тәуелсіз Қазақстан тарихнамасында Қазақ хандығының тарихымен арнайы түрде айналысып жүрген зерттеуші Б. Б. Кәрібаев еңбектері құрайды. «Түркістан және Қазақ хандығы» (1999) /20/ еңбегінде Әбілқайыр хандығы мен Темір әулеті мемелекетінің арақатынасына байланысты Дешті Қыпшақтың оңтүстік өңірлерінің геосаяси ролі туралы талқылайды. Мәселеге тікелей қатысты автордың бірнеше ғылыми мақалалары жарық көрді. Атап айтқанда, Қазақ хандығы құрылуның қарсаңындағы Әбілқайыр мемлекетінің саяси жағдайы «Әбілқайыр хандығының көрші елдермен саяси қарым-қатынастары»/21/ атты мақалада жанжақты баяндалады. Мақалада хандықтың шекарасын айқындау, Батыс Сібіірдегі Шайбан әулеті, Моғолстан мемлекетімен байланыстарын көрсету мәселелері қарастырылып, Дешті Қыпшақ пен Мәуереннахр билеушілерінің саяси қарым-қатынастарының сипатын, үздіксіз күрестердің себептерін ашып көрсетеді/21. 97-106/. Осы кезеңдегі Темір әулетінің саяси жағдайы автордың «Темір әулетінің тағдыры»/22/, «XV ғасырдың ортасындағы Мәуереннахрдағы Темір әулеті мемлекетінің саяси жағдайы»/23/ т. б. мақалаларында баяндалады. «Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы Дешті Қыпшақ, Мәуереннахр және Моғолстанның саяси жағдайы (XV ғ. 50-ші жылдары) »/24/, «XV ғасырдың 40-50 жж. Әбілқайыр хандығының Моғолстан және Мәуереннахрмен саяси қарым-қатынастарының мәселелері жөнінде»/2/ мақалаларында Қазақ хандығының құрылуына қолайлы жағдай туғызған саяси алғышарттар талданады. Жан-жақты зерттеу нәтижесінде автор төмендегідей ғылыми тұжырымдар жасайды: 1) XV ғасырдың 40-50-ші жылдарындағы Әбілқайыр ханның көрші елдермен жүргізген саяси қарым-қатынастарының достық қатынаста болмауы Қазақ хандығының құрылуы үшін саяси алғышарттар даярлады; 2) ХV ғасырдың ортасындағы Моғолстандағы саяси бытыраңқылық Керей мен Жәнібектің Шу, Қозыбасы өңіріне көшіп келуіне жағдай жасады; 3) Мәуереннахрдағы ішкі саяси жағдай мен Моғолстанмен қарымқатынасы Қазақ хандығының құрылуының маңызды алғашарты болды.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері . Диплом жұмысының негізгі мақсаты - Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы саяси алғышарттарды зерттеу. Осы мақсатқа жету барысында төмендегідей міндеттер қойылды:
- Мәселеге қатысты зерттеулер, деректер мен материалдармен танысу;
- Мәселенің көлеңке тұстарын айқындау;
- XV ғасырдың ортасындағы «көшпелі өзбектер» мемлекетінің ішкі саяси жағдайын айқындау;
- Әбілқайыр хандығының көрші мемлекеттермен өзара байланыстарын талдау;
- Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы Моғолстан мемлекетінің саяси жағдайын қарастыру;
- XV ғасырдағы Темір әулеті мемлекетінің саяси жағдайын талдау;
- Мәуереннахр мен Моғолстанның саяси байланыстарын көрсету;
- Қазақ хандығының құрылуының саяси алғышарттарын тұжырымдау.
Диплом жұмысының теориялық-методологиялық негізі. Жұмыстың теориялық негізін тарих ғылымының дамуы барысында қалыптасқан және Қазақстан тарихы мәселелерін зерттеуде жасалынған жаңаша тарихи ойлау тұжырымдарының бірлігі құрайды. Диплом жұмысында міндеттелген мәселелерді зерттеуде сол кезеңнің тарихи жағдайын зерттеуді мақсат ету және тарихи үрдістер мен құбылыстарды нақты жағдайлармен тығыз байланыста қарастыруға бағытталған тарихилық принципі басшылыққа алынады. Тәуелсіз Қазақстанның тарих ғылымы тұрғысынан тарихнамалық тәжірибені кеңінен қолдана отырып, деректерге салыстырмалы талдау жасау арқылы алынған нәтижелерге объективті баға беру міндеттеледі. Кеңестік тарихнамада орын алған методологиялық қателіктерге жаңа өркениеттілік теориясы тұрғысынан өзгертулер енгізіледі.
Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Қазақ халқының тарихындағы ең өзекті мәселелердің бірі - Қазақ хандығының құрылуы. Қазақ мемлекеттілігі мен «қазақ» атауының түпкілікті қалыптасуында бұл өте маңызды тарихи оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларыныңбасын қосып шоғырландыруды, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтатуда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды. Қазақ хандығының құрылуына ықпал еткен алғышарттардың бірі және маңыздысы - саяси алғышарттар. Қазақ хандығы құрылуының саяси алғышарты мәселесі сол кезеңдегі Қазақстан территориясындағы Әбілқайыр хандығы, Моғолстан және Темір әулеті мемлекетінің ішкі және сыртқы саяси жағдайларымен байланысты. XV ғасырдың ортасында Қазақ хандығының құрылуына Дешті Қыпшақ аумағын мекендеген тайпалардың этникалық, рухани дамуының барысы, осы аумақтағы мемлекеттік құрылымдардың саяси даму үрдістері алып келді. Аталған факторлар хандықтың құрылуына тікелей негіз болып саналса, XV ғасыр ортасындағы Моғолстан, Мәуереннахр және Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси құрылымдардың ішкі саяси жағдайлары мен бір-бірлерімен саяси қарымқатынастары өзінше рөл атқара алды. Диплом жұмысының негізгі жаңалығы да - Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы аталған аймақтардағы мемлекеттер: Әбілқайыр хандығының, Моғолстанның және Мәуереннахрдағы Ақсақ Темір ұрпақтары мемлекетінің ішкі, сыртқы саяси жағдайларын салыстыра талдау болып табылады. XV ғасырдың 50ші жж. аталған территориялардағы мемлекеттердің саяси жағдайының қандай бағытта жүргендігін анықтау, бізге не себепті Қазақ хандығының негізін қалаған сұлтандарКерей мен Жәнібектің Моғолстанға көшкендігін және не себепті Моғолстан ханы Есенбұға оларға өз елінің батыс жағындағы өңірден иелік бергендігін түсінуге мүмкіндік береді.
Диплом жұмысының негізгі нәтижелері - Қазақ хандығы құрылуының қарсағындағы Әбілқайыр, Моғолстан, Темір әулеті мемлекеттерінің саяси жағдайы мен өзара байланыстарын талдай отырып, Қазақ хандығының ққрылуына ықпал еткен қолайлы жағдайларда анықтау.
Диплом жұмысының хронологиялық - территориялық шеңбері . Диплом жұмысында XV ғасырдың басынан XV ғасырдың үшінші ширегіне дейінгі саяси оқиғалар қамтылады. Әсіресе, XV ғасырдың 40-50- ші жылдарындағы оқиғалар назарға алынады. Территориялық шеңбері XV ғасырдағы Дешті Қыпшақ, Моғолстан, Мәуереннахр және оларға көршілес аймақтарды қамтиды.
Диплом жұмысының құрылымы кіріспе, екі тарау, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Бітіру жұмысында «көшпелі өзбектер», Моғолстан және Мәуереннахрдағы XV ғасырдың басынан Керей мен Жәнібек Моғолстан территориясына көшіп келгенге дейінгі саяси мәселелер мен алғышарттар қарастырылады.
1 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚҰРЫЛУЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ӘБІЛҚАЙЫР ХАНДЫҒЫНЫҢ САЯСИ ЖАҒДАЙЫ
1. 1 «Көшпелі өзбектер» ұлысы және оның ішкі саясаты
Қазақ хандығының тарихы XV ғасырдың екінші жартысынан басталады. С. Г. Кляшторный, Т. И. Сұлтанов пікірінше, Қазақ хандығының құрылуы 1458 және 1462 жж. аралығындағы Өзбек ұлысы халқының Орыс хан ұрпақтары бастаған бір бөлігінің Моғолстан аумағына көшуі мен 1468 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін «көшпелі өзбектер» мемлекетінің ыдырауымен байланысты/17. 217/.
XV ғасырдың 20-шы жылдарында Өзбек ұлысы (Шығыс Дешті Қыпшақ) территориясында бірнеше тәуелсіз иеліктер болды: Арал теңізінен солтүстікке қарай Сарысу және Ембі өзендерінің аралығында Шайбанилық Жұмадық хан ұлысы; батысқа қарай - Ғази би бастаған маңғыт ұлысы болды, Шайбанилық Мұстафа хан Атбасарда, Кебек би мен Адаббек бүркіт Тура аймағында билік етті; Тобылда Махмұд Қожа хан иелігі орналасты. Осындай саяси жағдайда тарихи сахнаға Әбілқайыр хан шықты.
В. В. Бартольд Әбілқайыр ханның (1428-1468) билік етуінің тарихи маңызын «көшпелі өзбектердің» күшеюі мен оның билігі тұсындағы ыдырау барысында қазақтардың бөлініп шығуымен байланыстырады. Оның шығу тегі: Әбілқайыр хан - Дәулет шайх - Ибрахим - Пулат - Мөңке Темір - Бадақұл - Жошы Бұқа - Банииал Бақадүр - Шибан - Жошы - Шыңғыс хан/25. 218/. XV ғасырдың 30-60-шы жылдарындағы саяси оқиғалар туралы Масуд б. Осман Кухистани, Мырза Хайдар, Махмұд б. Вали, т. б. авторлар нақты мәліметтер береді. «Әбілқайыр ханның тарихы» атты тарихи шығарманың авторы Кухистани мәліметтері бойынша, Әбілқайыр хан 1412 жылы Айдахар жылында туылған. Ол жастайынан жетім қалады. Әбілқайыр хан Шибан ұрпағы Жұмадық ханға қызмет етіп, оның билік үшін күрестеріне белсене араласады. Жұмадық ханның маңғыт бектеріне қарсы жорығында он алты жасар Әбілқайыр тұтқынға түсіп, маңғыт билері рұқсатымен босатылады. Жұмадық хан қайтыс болғаннан кейін ол тез арада Өзбек ұлысы басшыларының қолдауына ие болады. 1428 жылы Тура аймағында (Батыс Сібір) он жеті жасар Әбілқайыр хан болып тағайындалады. Дерек мәліметтеріне қарағанда хан сайлауына тек сұлтандар тайпа және ру басылары, бахадүрлер ғана емес, мұсылман рубасылары да қатысты. Әбілқайыр жақтастары қатарында төмендегідей тайпалар өкілдері болды: қияттар, маңғыттар, чинбайлар, йиджандар, табғұттар, дурман, қосшы, найман, тувай, таймас, барақ, ұйғыр, қарлұқ, кенегес, үйсін, қоңырат, т. б. /4. 336/.
Әбілқайыр хан Шайбан әулеті мүшелеріне ғана емес, XV-XVI ғасырдың басындағы Өзбек ұлысының саяси өмірінде маңызды рөл атқарған, көп санды маңғыт әмірлеріне де сүйенді. Маңғыт әмірі Едігенің ұлы Мансұр Барақ ханның жақтасы болса, Едігенің немересі Уақас би Әбілқайырды хан көтеруге қатысты. Жас Әбілқайыр алғашқы жылдары Нураддиннің баласы Уақас бимен достық қарым-қатынаста болды. Қадырали бектің айтуынша, олар «бір кеседен ас ішкен»/7/. Кейінірек Уақас би Әбілқайыр ханның қарсыласына айналып, Мұстафа ханмен бірге ханға қарсы күресті. Көшпелі қоғамның ықпалды өкілдеріне қарыздар болған Әбілқайыр солардың мүддесіне сай саясат жүргізуге, жорықтар ұйымдастыруға міндетті болды/17. 219/. Мемлекеттің ішкі саяси жағдайы Әбілқайырдың қырық жылдық билігіне қарамастан тұрақты болды. Әбілқайыр хан Өзбек ұлысының жоғары билігіне таласқан Жошы ұрпақтарына қарсы аяусыз күрес жүргізуге мәжбүр болды. 1430 жылы хан сайланғаннан кейін Әбілқайыр Шайбанилық Махмұд Қожа ханға жорыққа аттанады. Қарсыластар Тобыл өзенінің жағалауында кездеседі. Соғыс барысында Махмұд Қожа хан жеңіліс табады. Махмұд Қожа хан Әбілқайыр хан бұйрығымен ұсталып, өлім жазасына кесіледі. Ал Махмұд Қожа ханның ай сипатты әйелі Ағанақ бикені мұсылман дәстүрі бойынша әйелдікке алады. Қолға түскен байлық пен әскери пайда әскерлер арасында бөлініске салынады. Жоғары дәрежелі сұлтандар мен әмірлерге құнды заттар, белдік және жоғарғы шендер беріледі/17. 221/.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz