Франчайзингтың теориялық аспектілері


Пән: Экономика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 77 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі . Қазақстанды жаһандық экономикаға ойдағыдай кіріктіруге негізделген мемлекеттік саясат, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін толымды стратегия әзірлеу және оны іске асыру, осы тұрғыда орта және шағын кәсіпкерліктің жаңа инновациялық сипатын құруды айқындады (1. ) . Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы Жолдауында да өзінің ары қарай дамытылуымен сипатталады(2) Кәсіпкерліктің инновациялық нысандарының бірі - өндірісті дамытуға және филиалдар ашуға өз қаражатын салмай-ақ өркендеуге мүмкіндік беретін фирманың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін жаңалықтарды енгізуге бағытталған бизнесті ұйымдастырудың ерекше нысаны - франчайзингті қарастыру болып табылады.

Қазақстан экономикасының жаһандануына шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы тікелей әсер етеді. Кәсіпорындардың нарықтағы тұрақтылығын шешу жолдарының, шағын кәсіпорындарды дамытудың тиімді әдістерінің бірі - франчайзинг болып табылады.

Франчайзинг - бұл ұзақ мерзімді іскерлік қатынастардың нысаны, ол тәуекел дәрежесі төмен және тұрақты пайдалылық деңгейі бар кәсіпкерлікті ұйымдастырудың тиімділігі жоғары жолы. Франчайзинг жүйесін пайдалану тұтынушылардың сұранысын толығымен қанағаттандыруға және оның өзгерісіне жедел жауап қайтаруға мүмкіндік береді. Франчайзингтік қатынастар желі қатысушыларына бірқатар артықшылықтар ұсынуымен тартымды: біріншіден, жаңа кәсіпкерлерге - табысы тұрақты бизнестің көмегімен өзіндік кәсібін ұйымдастыруға мүмкіндік береді, екіншіден, танымал компаниялардың нарықтағы қызметін кеңейту және нығайту жолы, үшіншіден, мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдаудағы тиімді тетігі болып табылады.

Қазақстанда Франчайзинг қауымдастығының мәліметтері бойынша, елімізде 120 франчайзингтік жүйе және 1000 франчайзи кәсіпорындар бар. Экономиканың қарқынды дамуы, шағын және орта бизнестің ЖІӨ-гі үлесінің өсуі, алдыңғы қатарлы бизнес технологияларына сұраныстың артуы, салыстырмалы түрде франчайзинг тауашасының қанықпағандығы және тағы басқа бірқатар факторлар жуық арада бұл сектор үлесі бірнеше есеге ұлғаяды деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Бірақ, франчайзингтің дамуына кедергі болып отырған факторлар бар, олар: франчайзингтік секторға арналған мемлекеттік жеңілдіктер мен преференциялардың болмауы, санаткерлік меншіктің толық қорғалмағандығы, кәсіпкерлердің қаржылық мүмкіндіктерінің жеткіліксіздігі, франчайзинг туралы ақпараттың аздығы, жылжымайтын мүлікке деген бағаның әлі де болса жоғары болуы. Жоғарыда аталғандарға байланысты, кәсіпкерлік дамуының ерекше нысаны ретіндегі франчайзинг жүйесін қалыптастыру мен дамытуға байланысты теориялық және практикалық аспектілерді зерттеу уақтылы және өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Диплом жұмысының зерттелу дәрежесі. Франчайзингтің көп аспектілі сипаты мен өзектілігі ғалымдардың оған деген қызығушылығын арттырады.

Франчайзинг мәселесін зерттеген шетелдік авторлардың ішінен оның жан-жақты дамуына өз үлесін қосқандар: М. Мендельсон, Я. Мюррей, Дж. Стэнворд, Б. Смит, Н. К. Сирополис және т. б.

Франчайзингтің теориялық және ғылыми тәжірибелік аспектілері ТМД ғалымдары - В. В. Довгань, Д. Н. Земляков, Д. Н. Колесников, А. З. Майлер, М. О. Макашев, С. В. Поворин, И. В. Рыкова, С. А . Силинг, Л. Б. Сульповар, А. В. Цират және т. б. еңбектерінде көрініс тапқан.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты - франчайзингтің теориялық және практикалық аспектілерін кешенді талдау арқылы оның Қазақстан Республикасының қызмет көрсету саласындағы дамуы жөніндегі ғылыми негізделген ұсыныстарды жасау болып табылады.

Осы мақсатқа жету үшін жұмыста келесі міндеттер анықталды және шешімін тапты:

  • франчайзингтің теориялық негіздерін, нарықтық тұжырымдамасын жан-жақты зерттеу және жүйелендіру; франчайзингтің қалыптасуы және дамуының Қазақстан экономикасындағы артықшылықтары мен кемшіліктерін жалпылау; Қазақстандағы франчайзингтің дамуына әсер ететін факторларды талдау; франчайзинг түрлерінің салалық аспектілердегі ерекшеліктерін шетелдік тәжірибе тұрғысынан айқындау; қоғамдық тамақтану кәсіпорындары тұтынушыларының талғам-талаптарын, қалауын анықтау үшін маркетингтік зерттеу әдістемесін дайындап, жүргізу; франчайзингтік қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының қызметін ұйымдастыру және жетілдіру бойынша ұсыныстарды дайындау.

Диплом жұмысының пәні. Қазақстандағы франчайзинг жүйесінің қалыптасуы және даму үрдісінде пайда болатын экономикалық қатынастардың жиынтығы дипломның зерттеу пәні болып табылады.

Зерттеу объектісі ретінде ҚР-дағы қызмет көрсету саласының франчайзингтік кәсіпорындары алынды.

Дипломлық зерттеудің теориялық-әдістемелік негізі ретінде экономикалық теория, франчайзингке, маркетингке байланысты отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері, Қазақстан Республикасының Заңдары, Президент Жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулылары және франчайзингтік қатынастар мәселелері жөніндегі нормативтік құжаттары қолданылды.

1 ФРАНЧАЙЗИНГТЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ

  1. Франчайзинг жүйесінің экономикалық мәні

Қазақстанда франчайзинг салыстырмалы түрде жаңа құбылыс, бұл қызмет түрін сипаттайтын қазақша жалпы қабылданған терминологиясы жоқ. «Франчайзинг» терминінің өзі француздың «franchise» - жеңілдік, артықшылық, сонымен қатар салық пен жарналардан босату сөзінен пайда болған, осындай бастапқы мағынасында франчайзинг экономикалық және отандық лексикаға франчайзинг жөнінде мағлұмат жоқ кезден-ақ енгізілді.

Франчайзингтің пайда болу тарихы, оның дефинициясы және франчайзинг терминінің пайда болуы батыс және отандық әдебиеттерде әр түрлі белгіленген. Осылайша В. А. Рубенің көзқарасы бойынша «франчайзинг» француздың «franchise» сөзінен шыққан, бұл «жеңілдік, артықшылық, салық пен жарналардан босату» дегенді білдіреді және қарастырылып отырған жүйе мағынасына сәйкес келеді (3) . Ал экономист Н. К Сирополистің көзқарасы бойынша берілген термин француздың «franchir» етістігінен пайда болған, ол «босату», яғни бастапқы мағынасы «бодандықтан босату» дегенді білдіреді (4) . Нәтижесінде бұл француз сөзі ағылшын тілді елдерде де орнықты. Әрине, терминнің бірінші түсіндірмесі анағұрлым кең таралған, әрі мағынасы бойынша франчайзингтің қазіргі кездегі мәніне сәйкес келеді.

Франчайзингті қарастыру үрдісінде туындаған қиындықтардың бірі - елімізде шаруашылықтың берілген үлгісін (моделін) сипаттайтын тұрақтанған терминдердің жоқтығы. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде франчайзинг кешенді кәсіпкерлік лицензиясы түрінде белгіленген, бұл осы саладағы көптеген сарапшылардың көзқарастары бойынша мағынасына сәйкес келмейді. Сондықтан берілген зерттеуде біз Халықаралық франчайзинг қауымдастығы белгілеген терминологияны ұстануға тырысамыз (IFA) .

Экономикалық кеңістік институты ретінде франчайзингтің мәнін оның заңдылықтары мен көріну ерекшеліктері арқылы түсіндіруге болады:

1. Экономикалық қатынастар жүйесіндегі франчайзингтік қатынастар экономикалық ортаның сипатына байланысты болатын белгілі бір жылдамдықпен таратылады;

  1. Франчайзингтік қатынастардың айқындығы экономиканы институционалдап, жалпы экономикалық ортада мәмілелердің саны мен сапасының артуына себепші болады;

3. Франчайзинг гибридтік институционалдық келісімнің нысаны тәріздес, яғни нарық пен иерархия арасындағы аралық орынға ие;

4. Франчайзингтің негізінде ресурстардың ерекшеліктері мен белгісіздік жағдайындағы мүдделі жақтар арасындағы ұзақ мерзімді өзара қарым-қатынастарды көрсететін келісім жатыр;

5. Франчайзингте технологияларды, тәжірибені оқыту, басқарушылық үлгілерді беру немесе персоналды оқыту есебінен макро-мезо-микро- экономикалық деңгейлер арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін әлеуметтік-мәдени және ақпараттық функциялардың болуы қажет. Бұл ретте жаңа басқарушылық, өндірістік және қаржылық технологияларды енгізу жылдамдығы экономикалық кеңістіктің «сапасын», қызметте болатын кедергілерді көрсетеді;

6. Франчайзинг экономикалық кеңістікті институционалдау факторы болып табылады және ірі, орта және шағын бизнес компанияларының серіктестік қатынастары негізінде бүкіл экономика инфрақұрылымының құрылымдануына ықпал етеді. Мұндай құрылымдану экономиканың барлық деңгейлеріндегі бизнес үрдістері жүруінің тұрақты нәтижесін көрсетеді (5)

Франчайзинг, жоғарыда атап өткендей, жалпы қарым қатынастардың құрылымын дамытуға, ірі, орта және шағын бизнестің бірігуіне, отандық тауарлар мен тауар өндірушілерді ішкі және халықаралық нарықта жылжытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар франчайзингтің экономика саласындағы және қызмет көрсету саласындағы атқаратын рөлі келесідей сипатта болады (сурет 1) .

Сурет 1. Франчайзингтің экономикадағы, соның ішінде: қызмет көрсету саласындағы рөлі

Ескерту:

Осыған орай, «франчайзинг» терминінің экономикалық мағынасын ашу үшін әдебиеттерге талдау жүргізейік. Кестеден көріп отырғанымыздай, берілген анықтамалар негізінен франчайзингтің бірыңғай мәнін білдіреді және нарықтық ортаның инфрақұрылымын жетілдірудің қажетті шарты болып саналатын өткізу желілерін құрудың өзіндік әдісі ретінде сипаттайды. Франчайзингті бизнесті жүргізудің ерекше әдісі ретінде қарастырған ҚР «Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы» Заңы, Қазақстан Франчайзинг Қауымдастығы. Жалпы алғанда франчайзинг белгілі бір шарттар негізінде бір компанияның екінші компанияға өз тауар белгісі мен атауын пайдалану құқығын беру түріндегі қарапайым қатынастар жүйесі болып табылады. Тәжірибеде франчайзи нарықта орныққан бизнесті жүргізу тұжырымдамасы және әдістемелік, кеңес беру мен жарнамалық қолдауды алып, ол үшін белгіленген төлем жасайды. Сонымен талдай келе қазақстан экономикасында франчайзингтің неғұрлым дамыған саласы ол тауар айналымы және қызмет көрсету саласы болып табылады.

Ал кейбір ғалымдардың айтуынша - бұл тауарды немесе қызметті тұтынушыға жеткізу, бизнесті дамыту, әр түрлі кәсіпорындардың материалдық және қаржылық құралдары мен іс әрекеттерінің кооперациясы негізінде нарықты жаулап алу әдісі деп атап көрсеткен [6] .

Халықаралық франчайзинг қауымдастығы франчайзинг деп - бұл келісім-шарт шегінде франчайзер ноу-хау және персоналды оқыту сияқты қызмет ету аумағын ұсынады немесе қолдауға міндеттенеді. Өз кезегінде, франчайзер, франчайзи оның жалпы сауда маркасы мен технологиясын пайдалануының дұрыстығын қадағалайды және бақылайды. Сонымен қатар оператор кәсіпорынының капиталы үлесін өзіндік қаражаттарынан инвестициялайды деп айтады.

Қазақстан Франчайзинг Қауымдастығы франчайзинг - туралы мынандай түсініктемелер жасаған - франчайзер және франчайзи сияқты заңды және қаржылық тәуелсіз тараптар арасындағы ұзақ мерзімді және тығыз ынтымақтастыққа негізделген нарықтағы тауарлар мен қызметтерді және технологияларды жылжыту жүйесін. Екі тараптың арнайы бекітілген келісімінің мерзімінде франчайзер бизнесті жүргізу, техникалық мәселелер бойынша үнемі қолдау жасап отырып бизнесті франчайзер тұжырымдамасына сәйкес жүргізу құқығына ие және міндетті. Мұнда құқық негізінде франчайзи франчайзердің тауар немесе сауда маркасын, ноу-хауды, бизнесті жүргізу әдісі мен технологиясын пайдаланып, түсімнің белгілі бір бөлігін төлеп тұруға міндетті. (7. )

Франчайзинг ұғымына анықтама берген ғалымдардың көзқарасы біртекті ғана емес, жан жақты болып келеді. Мәселен, Фулоп К. және Қазақстан Республикасының «Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы» Заңында франчайзинг - бизнесті жүргізудің ерекше әдісі және лицензиялық қарым қатынастар деп те қарастырылған.

Сонымен қатар франчайзинг түсінігін талдау көрсеткендей, франчайзингтік қызмет бекітілген келісім негізінде франчайзер мен франчайзидің арасындағы қатынасты сипаттауда байқалатын экономикалық, саяси, мәдени жағдайлардың индикаторы қызметін атқаратын механизмді білдіреді.

Шетелдік және отандық әдебиеттерді талдай келе, «франчайзинг» түсінігіне автордың келесідей өзіндік анықтамасын ұсынамыз:

«Франчайзинг - келісім-шарт негізінде франчайзердің (құқық иесі) франчайзиге (құқық алушы) өз атынан өнімдерін, бизнесті жүргізу технологияларын немесе басқа коммерциялық ақпараттарын белгілі бір аумақта сатуға (таратуға) эксклюзивті құқық беретін кәсіпкерліктің инновациялық нысаны».

Қазақстанда кәсіпкерлік бизнес 90-жылдардың басында қалыптаса бастады, алайда отандық экономика үшін франчайзинг бизнестің кең дамыған ұйымдық нысаны ретінде әлі де болса жаңа құбылыс болып табылады. Нақты айтқанда Қазақстанда франчайзингтің орын алғанына 10 жылдай болды

Жаңа тәжірибелерді игеру, жаңа идеяларды және әдістер мен технологияларды иемдену кез келген қызметтің түрі үшін әрдайым пайдалы. Қазақстан кәсіпкерлігі шетелдік серіктестердің шағын бизнестің көптеген жағымды элементтеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ оларды қазақстандық жағдайларға бейімдеп, отандық кәсіпкерлік мәдениетін көтеруге септігін тигізеді. 90-шы жылдардағы Қазақстандағы франчайзингтің дамуының, оның территориялық таралу дәрежесін және қолданылатын франчайзингтің түрлерін, франчайзингтік келісімдер санының өсу көлемін сипаттайтын үш кезеңін бөліп көрсетуге болады.

Франчайзингтік қатынастардың дамуындағы бірінші кезеңі (1994-1999 ж. ж. ) жекелеген кәсіпкерлердің отандық экономикада жаңадан қалыптасып келе жатқан нарықтық қатынастардағы франчайзингтік қатынастар жүйесін (ФҚЖ) пайдаланудағы талпыныстарымен сипатталады. Бұл кезеңде франчайзинг тамақтандыру саласында, пиццериялар мен шағын наубайханаларға арналған құрал-жабдықтар саласында дами бастады. Өндірістік және сервистік франчайзинг қалыптаса бастады.

1994 жылы Қазақстанның сусындар нарығына америкалық «Coca Cola» компаниясы өз өнімдерімен келді. Компания газдалған сусындарды өндіру және өткізумен айналысады. Нарықтың осы сегментінде «Coca Cola» компаниясының үлесі 38%. Ал 1995 жылы Алматы қаласында «Алматы Кока Кола Ботлерс» сусындарды құю зауыты ашылды. Компания өз қызметінде өндірістік франчайзингті қолданады, ол негізінен зауыттың өндіріс технологиясы, сусындарды әзірлеу мен құю жүйесі және тасымалдау шарттары сипатында болады

Ал, 1996 жылы қазақстандық нарықта франчайзинг жүйесі бойынша даму шешімін алғаш қабылдаған отандық «Сеймар» инвестициялық-өнеркәсіптік компаниясы бұл салада көшбастаушы болды.

«Сеймар» компаниясы үшін франчайзинг бизнесті бағалауда маңызды критерий болып табылатын компанияның табыстары мен шығындарын плюс-минус 5 пайыз дәлдігімен жоспарлау мүмкіндігі түрінде тиімді болды. «Алматы Құс» АҚ тиімділігін, рентабельділігін және өткізу көрсеткіштерін жоғарылату мақсатында, компания өзінің «Сеймар» сауда маркасының франшизасын жеке кәсіпкерлерге, жанұялық кәсіпорындарға ұсынды. «Алматы Құс» АҚ франчайзилермен қарым-қатынастарды қатаң қадағалайды. Келісім шарттары жарты жылда бір рет қайта қарастырылады. Франчайзилер жемді тек «Алматы Құс» АҚ құрамындағы Қапшағай комбижем зауытынан ғана сатып алуға міндеттенеді, сонымен қатар олар ай сайын амортизациялық өтемдерге сәйкес теңгемен роялти төлемдерін жүргізеді.

Алайда, маманданған кадрлар және франчайзинг бойынша толық ақпараттың болмауынан, көптеген фирмаларда бұл іс эксперимент жүзінде ғана қалып қойды.

Жоғарыда атап өткен сервистік франчайзингтің Қазақстандағы тағы бір нысаны ретінде «Kodak» компаниясының қызметін атап өтуге болады. Бұл компанияны 1880 жылы АҚШ-ң Рочестер қаласында Джордж Истман құрған. Компанияның ұсынатын қызметтері келесідей болды: әуесқой және кәсіпқой фотопленкаларды, кинопленкаларды, рентгенографияға арналған пленкаларды, фото қағазды, сандық фотоаппараттарға қажетті бөлшектерді, батареяларды көтерме және бөлшек сату. 1990 жылдан бастап «Kodak-Экспресс» халыққа жоғары сапалы тұрмыстық қызмет көрсетумен айналысатын халықаралық франчайзингтік бағдарламаны жүзеге асырады. Қазақстан нарығында «Kodak» компаниясы 1997 жылдан бастап қызмет етеді.

Франчайзингтің тағы бір мысалы 1999 жылы ресейлік «Дока» компаниясының желілерінің ашылуы. Осы жылдары Алматы қаласында бірқатар жылдам тамақтандыру орындары франчайзинг негізінде ұйымдастырылды. Алайда бұл желілердің өмірлік циклі ұзаққа бармады, өйткені нарықта айтарлықтай қолдау таппады және сұраныс деңгейі төмен болды.

Франчайзингтің дамуының екінші кезеңі (2000 -2004 ж. ж. ) - Қазақстанға ірі франчайзингтік фирмалардың келуімен, қазақстандық франчайзингтік заңнамасының қабылдануымен, соның нәтижесінде қазақстандық франчайзингтік қауымдастығының қалыптасуына себеп болған бүкіл елдің кәсіпкерлері мен аймақ басшыларына франчайзингтік семинарларын жүргізу бойынша USAID шараларының жүзеге асырылуымен байланысты.

Осы жылдары франчайзинг экономиканың әр түрлі салаларында қалыптасты: қоғамдық тамақтандыру, ақпараттық технологиялар, бөлшек сауда, туризм, мұнай өндіру, денсаулық сақтау тауарлары мен қызметтері, биологиялық белсенді қоспалар, емдік косметика.

Осы кезеңнің орта шенінде - 2002 жылдың ақпан айында Қазақстан Франчайзинг Қауымдастығы құрылды. Қауымдастықтың миссиясы Қазақстан Республикасында франчайзингті дамыту, қолдану ауқымдарын кеңейту және қолдау. Қауымдастықтың мақсаты - франчайзингтің танымалдылығын жоғарылату және жылжыту, қауымдастық мүшелерінің мүдделерін қоғамдық, мемлекеттік және халықаралық ұйымдарда қорғау .

2002 жылдың 24 маусымында Қазақстан Республикасының «Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы» Заңы қабылданды. Осы Заңның 1 бабына сәйкес «Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) айрықша құқықтар кешенінің құқық иеленушісі осы кешенді басқа тұлғаға өтемді негізде пайдалануға беретін кәсіпкерлік қызмет» деп қарастырады [19, 1 бап] .

Франчайзингтің дамуының осы кезеңінде Қазақстан нарығында мынадай франчайзингтік кәсіпорындар өз қызметін жүзеге асырды: «1C» - бағдарламалық жабдықтау; «World Class» - фитнес клуб; «Scot Holland Estates» - жылжымайтын мүлік, рекрутинг, «Business Consult» - консалтинг; «Баскин31Роббинс» - балмұздақ; «Пятерочка» - азық-түлік дүкендерінің желісі; «MaxMara», «Sela» - киім сату дүкендері; «Il Patio», «Планета Суши», «Американский Бар и Гриль» - қоғамдық тамақтандыру.

Үшінші кезең 2005 жылдан басталып осы кезге дейінгі уақытты қамтиды. Қазіргі уақытта мамандардың берген бағасы бойынша Қазақстанда 100 жуық оператор-фирмалармен іскерлік қарым-қатынас жасайтын, Қазақстандық франчайзинг қауымдастығына біріктірілген, 15- 20-ға дейінгі бас фирмалар қызмет етеді. Сервистің салалары бойынша франчайзингтік қатынастар жүйесінің таралу аумағы алуан түрлі, бірақ тұтастай алғанда жалпы әлемдік тенденцияларға сәйкес келеді. Әлемде франчайзинг бойынша дамып келе жатқан 70-тен астам бизнес түрі бар. Алайда, Қазақстанда франчайзинг жеткілікті дәрежеде әртараптандырылмаған ( ) - ол негізінен жылдам тамақтандыру, мейрамханалық бизнес, сауда және қызмет көрсету салалары жүйесіндегі кәсіпорындарды қамтиды.

Франчайзингтің дамуының үшінші кезеңінде оның қолдану салаларының кеңейе түскенін байқаймыз. Франчайзинг әдеттегі қоғамдық тамақтандыру, бөлшек саудаға қосымша, тұрмыстық қызмет көрсету саласында да қолданыла бастады.

Франчайзингтің даму кезеңдеріне сәйкес, оның пайда болуының алғы шарттарын қарастырайық. Экономика жүйесіндегі франчайзингтік бизнесті ұйымдастырудың ерекше нысаны ретінде қызмет көрсету саласындағы франчайзингтің пайда болуының алғы шарттары келесідей сипатта болады:

  1. Саяси өзгерістердің тізбектілігі;
  2. Экономикалық айырбас үрдістерін дамыту қажеттілігі;
  3. Мәдениеттердің өзара ықпалдасуымен және тұтынудың біртұтас мәдениетінің қалыптасуы;
  4. Шағын кәсіпорындардың инновациялық қызметін дамыту.

Қарастырылып отырған қызмет көрсету саласы - франчайзингтік қатынастар орын алатын шағын бизнеске қатысты болғандықтан, оған сәйкес заңнамалық өзгерістерді қарастырамыз. Шағын бизнестің өркендеу үлесіне әсер еткен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Шағын кәсіпкерліктің дамуын жеделдету мен мемлекеттік қолдау көрсетуді күшейту шаралары туралы» жарлығына сәйкес 1997 жылдан бастап шағын бизнестің дамуына көп көңіл бөліне бастады, «Еркін шаруашылықпен айналысу және кәсіпкерлікті дамыту», «Лицензиялау туралы», «Банкроттыққа ұшырау туралы», «Жеке меншік кәсіпкерлікті қорғау туралы», «Шаруашылық серіктестіктер туралы», «Кооперация туралы», «Шағын бизнес пен кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы» заңдар қабылданды. Сонымен қатар франчайзингке қатысты 2002 жылы «Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы өзгерістерге сәйкес франчайзинг нарықта қалыптаса бастады.

Экономикалық айырбас үрдістерін дамыту қажеттілігі негізінен еліміздің нарықтық экономикаға өтпелі кезіңіндегі кәсіпорындардың қызметін тұтынушылардың қажеттіліктеріне бейімдеп, нарықтық қатынастарға өтуін қамтамасыз етуден туындады. Сонымен бірге Қазақстандық Франчайзинг қауымдастығы құрылды. Бастапқы кезеңдегі оның негізгі қызметі кәсіпкерлерге франчайзинг туралы мағлұматтар беру, таныстырушылық жұмыстар жүргізу болды.

Жоғарыда аталған өзгерістерге байланысты, сонымен қатар еліміздегі нарықтық қатынастардың нығаюына орай нарық тауарлар мен қызметтерге толысты. Нарықтың қарқынды дамуы тұтынушылардың сұраныстарының өсуіне, жаңалануына әсер етті. Елімізге жан-жақтан жаңа тауарлар әкеліне бастады, сонымен қатар оларды тұтыну ерекшеліктері де пайда бола бастады. Тұтынушының бейнесі, талғамдары мен талаптары өзгеріске ұшырады. Осыған орай, әр түрлі мәдениеттердің өзара ықпалдасуымен және тұтынудың біртұтас мәдениетінің қалыптасуымен нарықтың ғаламдануы негізінде тұтынушы әлемнің кез-келген түкпірінде өзінің үйреншікті тауарын сатып алу мүмкіндігі туындады.

Шағын кәсіпорындардың инновациялық қызметін дамыту - бүгінгі таңда басты мәселелердің бірі болып табылады . Ал франчайзинг кәсіпкерліктің инновациялық нысандарының бірі, өйткені жүйенің қатысушылары бәсеке қабілеттілігін сақтау үшін өз қызметіне үнемі жаңалықтарды енгізуге тырысады.

Осылайша, франчайзингті оның пайда болуының келесідей алғышарттарына сәйкес бөліп көрсетуге болады:

  1. Нарықтың экономикалық конъюнктурасына байланысты пайдалылық;
  2. Саяси жағдайға байланысты пайдалылық;
  3. Тұтынудың бірыңғай мәдениетінің қалыптасуына байланысты пайдалылық.

Дамыған елдерде франчайзинг тұтынушылардың әр түрлі қызметтерге деген қажеттіліктерін қанағаттандырудың құралы ретінде жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылып келеді, ал қазіргі қазақстандық нарық үшін ол салыстырмалы түрде жаңа құбылыс болып табылады. Дамыған елдердегі франчайзингті қолданудың көпжылдық тәжірибесі оның іскерлік тиімділігін дәлелді түрде көрсетеді. Бұл тиімділік іс жүзінде тексерілген бизнес тұжырымдамаларының белгілі бір технологиялар бойынша таралымын қеңейту идеясымен байланысты .

Жоғарыда атап өткендей франчайзинг кәсіпкерлік қызмет болғандықтан, онда франчайзингтік қатынастар жүйесі қалыптасады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Франчайзингтің мәні және құқықтық аспектілері
Франшизаның туризмдегі экономикалық негіздері
Франчайзинг мейрамханалардың туризмге әсері
Кәсіпорынға қарағандағы ақша
Лизингтiк құқықтық қатынас. Факторинг. Франчайзинг
Туристік бизнес жүйесіндегі қонақ үй бизнесі
Мектеп оқушыларының арасындағы кикілжің мәселелерін талдау
Жамбыл облысының қонақ үй шаруашылығының қазіргі жағдайы
Коммерциялық банктердің лизингтік операцияларына сипаттама
Химия мамандығы бойынша phd докторантураға түсушілерге арналған материал
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz