Мағжан Жұмабаев шығармаларындағы тарихи шындық және көркемдік шешім


ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Филология факультеті
кафедрасы
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ ШЫНДЫҚ ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ШЕШІМ
Орындаған:
4 курс студенті
Ғылыми жетекші:
ф. ғ. д., профессор
Норма бақылаушы:
ф. ғ. к., доцент
Қорғауға жіберілді
“___” 2010 ж.
Кафедра меңгерушісі:
ф. ғ. д., профессор
Алматы, 2010
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ … . . .
І МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ЛИРИКАСЫ
1. 1 Мағжан Жұмабаевтың лирикасындағы тарихи шындық және көркемдік шешім . . . 6
1. 2 «Түркістан» өлеңіндегі тарихи шындық . . . 21
«БАТЫР БАЯН» ДАСТАНЫНДАҒЫ САБАҚТАСТЫҚ
2. 1 «Батыр Баян» поэмасындағы тарихи шындық және көркемдік шешім . . . 31
2. 2 «Батыр Баян» және «Абылай хан» дастанын салыстыру . . . 44
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 48
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 50
КІРІСПЕ
Зерттеудің жалпы сипаты. Кеңес өкіметінің жетпіс жылдық билігі тұсында қазақ әдебиетінің тарихынан жазықсыз сызылып тасталған тұлғалардың бірі - Мағжан Жұмабаев. Талантты ақынның есімі де, маржан жырлары да бұл кезеңде идеологиялық қудалауға ұшырады. Азат өмірді, халқының тәуелсіз ел болған қалпын көруге ұмтылған, сол жолда білегіндегі күшімен де, жүрегіндегі жырымен де күресіп өткен қайраткер ақынның тағдыры аса күрделі белестерді бастан кешірді.
Мағжан - лирикалық өлеңдермен қатар бірнеше көркем поэмалар жазған ақын. Атап айтқанда, "Қойлыбайдың қобызы", "Батыр Баян", "Қорқыт", т. б. поэмалары ақын талантының ерекше қырын танытады.
Әдеби шығармаларымен бірге Мағжанның қаламынан туған ғылыми еңбектер, оқу құралдары да кезінде халқының қызметіне жарап, елеулі мәнге ие болды. Жастарды оқу, білімге шақырған қаламгер педагогика саласында бірқатар еңбек жазды. 1923 жылы Ташкентте "Педагогика" атты кітап шығарды. Сонымен бірге 1928 жылы Мәскеуде төменгі сынып шәкірттеріне арналған "Сауатты бол" атты оқулығы жарық көреді.
1938 жылы жазықсыз жазаның құрбаны болғаннан кейін Мағжан шығармашылығын оқуға, жариялауға тыйым салынды. Тек еліміз тәуелсіздік алар тұстағы арнайы үкімет шешімі арқылы ғана ақынның есімі мен шығармашылық мұрасы толық ақталды. 1989 жылы ақын шығармаларының бір томдығы, 1995 жылы үш томдық жинағы жарық көрді.
Мағжан Жұмабаев шын мәніндегі ұлт ақыны болды. Ал ұлттың негізі - тіл. Өмірге ғашық ақын ана сүтімен бойына дарыған ана тілін жан-тәнімен сүйді. Отаршылдық кездегі қысымға түскен қазақ тілінің жай-күйі ақын жанын мазалап, жүрегін сыздатады. Бұл тектен-тек емес еді. Ақын жүрегі халықтың барометрі іспеттес: ел басындағы қуанышқа алдымен қуанатын да, төніп келе жатқан қара түнекті алдымен сезінетін де - ақын. Тілдің кемуі түбінде ұлттың кемуіне, бұзылуына алып баратынын сезген ақын жүрегі дабыл қағады. Ақынның ойынша: тіл -ұлттың туы, тіл - ұлттың қаны, тіл - ұлттың жүрегі.
Мағжанның ойлары мұнымен шектелмейді. Бір ұлттың өз халқының мүддесін ойлаумен ғана қалып қоймайды. Мағжанның азаматтық парасатынан туындаған арман-мақсаттар бұдан әлдеқайда биік. Туған халқы туралы айтқанда, оның кешегі өткен жолын еске алады, оны бүгінгі жағдайымен салыстырады. Онымен де шектелмей, ақын жалпы түріктік идея көтереді. Түркі тектес халықтардың бәрінің болашағынан үміт күтеді, жалпы Шығысты пір тұтады. Бұл қатарда ақынның "Пайғамбар", "Күншығыс", "Түркістан", От", т. б. тәрізді бірсыпыра өлеңдерінде түптің түбінде жақсылық атаулының бәрі де Шығыстан келмек, Батыстан торлаған қою қара бұлтты Шығыстың жарық сәулесі ғана талқандамақ. Бұл өлеңдерінде ақынның туған жерге, өз топырағына, Шығысына деген ғажайып сүйіспеншілігі, перзенттік патриотизмі айқын көрінеді.
Мағжанның бұл тақырыптағы өлеңдерінде заман шындығы халықтың басынан өткен тарихи белестерді ойға алу арқылы түсіндіріледі. Ол Шығыстың, оның ішінде түркі елдерінің кешегі тарихына көз жібереді. Бір кезде жайлаған мекенін еске алады. "Түркістан" өлеңі соның айқын айғағы.
. . . Түркістан - екі дүние есігі ғой,
Түркістан - ер түріктің бесігі ғой-
деп басталатын өлең жолдары кешегі тарихқа жетелейді. Ертеде Тұран аталған бұл жерді мекендеген ата-бабаларымыздың өмірінен елес береді Ақын Тұранның жері мен суын, көлі мен шөлін, өзен-суларын, тауларын, Теңізі мен Аралын, Ыстықкөлін, Жейхун мен Сейхун дарияларын, Тянь-Шаньдай, Памир мен Алтайдай тауларын ғажайып көркемдікпен суреттейді. Тұранды мекен еткен ер түріктің билері мен батырларын, ғұлама ғалымдарын, ел басқарған хандарын еске алады. Міне, осылайша бірлікте өмір сүріп, іргесін жауға бермеген түрік дүниесі бүгінде бірнеше елге бөлініп кеткен. Мағжан тарихи шындық пен өзінің көркемдік шешімін қатар қоя отырып, осы түркішілдік сарынын қайта тірілтуге ден қояды. Сондықтан зерттеуде негізінен Мағжан өлеңдеріндегі түрікшілдік сарындары және оның «Батыр Баян» дастанындағы тарихи шындық пен көркемдік шешім сөз болады.
Зерттеудің өзектiлiгi. Мағжан өлеңдері, шын мәнінде, тарихымызды тануға, тарихи санамызды бағдарлауға таптырмайтын дүние. Еліміздің, халқымыздың азаттық үшін қаншама қиналғаны, қандай бейнет шеккені, сонымен қатар ел үшін, жер үшін қан төккен хандар мен батырлардың есімдерін есте қалдыруда Мағжан поэзиясын зерттеп-зерделеудің маңызы зор. Ол тіпті бүгінгі әдебиеттану ғылымының алдында тұрған өзекті мәселе десек те болады. Өйткені шын мәнінде елін, жерін сүйген адам ғана халқының патриоты бола алады. Олар халқына адал қызмет етіп, өмірін соған арнайды. Патриоттарды елінде болып жатқан әрбір оқиға қалыс қалдыра алады. Жақсы болса, халқымен бірге қуанады, жаманына күйзеледі. Мағжан да өзінің бар саналы өмірін туған халқына қызмет етуге арнаған шығармашылығымен елінің елдігін де, ездігін де жырға қосқан, сонысы үшін отқа да күйген, суға да түскен аяулы азаматтарымыздың қатарында көріне білді. Сондықтан оның мұраларындағы тарихи шындық пен көркемдік шешімді барынша толығырақ зерттеу қажет.
Зерттеу нысаны - Мағжан Жұмабаев шығармашылығындағы тарихи шындық пен ақынның ой тұғырына негіз болған көркемдік шешім зерттеуге алынды. Сонымен қатар ақынның шоқтығы биік поэмасы «Батыр Баян» дастанындағы тарихи шындық мәселелері көтерілді.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен мiндеттерi. Зерттеу жұмысының мақсаты Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы сарындардың шындығын анықтау, олардың қаншалықты тарихи шындыққа жанасатындығы, қаншалықты ақынның өз ой танымынан шыққандығын анықтау. Қазақ тарихының көмескі беттерінің бірі хандар мен батырлар дәуірі дейтін болсақ, Мағжан дастаны арқылы оның түп-төркінін айқындау мәселесі алға қойылды.
Зерттеу жұмысының дереккөзi. Зерттеу жұмысында негізінен өзек ретінде Ш. Елеукенұлы, Д. Ысқақұлы, Қ. Әбдезұлы сияқты ғалымдардың, т. б. авторлардың шығармалары, зерттеу еңбектері, ғылыми мақалалары пайдаланылды.
Зерттеудiң әдiс-тәсiлдерi. Жұмыста зерттеудiң әдiс-тәсiлдерiнiң бiрнеше түрi пайдаланылды. Олардың негiзгiлерi - дәстүрлi сипаттама әдiсi, тарихи-салыстырмалы, теориялық, әдiстер.
Зерттеу жұмысының практикалық мәнi. Зерттеу материалдары мен тұжырымдары жоғары оқу орындарында әдебиет теориясы, қазақ әдебиетінің тарихы пәндерінен дәрiс оқуда септiгiн тигiзедi.
Дипломдық жұмыстың құрылымы. Жұмыс кiрiспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тiзiмiнен тұрады.
МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ЛИРИКАСЫ
1. 1 Мағжан Жұмабаевтың лирикасындағы тарихи шындық және көркемдік шешім
Мағжанның өлеңдеріндегі тарихи шындық көбінесе оның түрікшілдігімен байланысты болып келеді. Қазақ лирикалық поэзиясында түрікшілдік тақырыбын алғашқы жырлаушылардың бірі М. Жұмабаев болатын. Бұған М. Әуезов айтқандай Мағжанның «елшілдік» бағыты себеп болатын. Бұл жөнінде ғалымдар « . . . Бір заманда өзбек әдебиетінде Әлішер Науаи түрікшілдік идеясын қандай жоғары көтеріп, қаншама ұмытылмас еңбек етсе қазақ топырағында тек Мағжан ғана сол даңқты дәстүрді дамытып, әдебиетімізге «бітімі бөлек, аңсары өзгеше жарқын беттер қосты» [1, 240] деген сүбелі пікір қозғады. Ғалым ақынның түрікшілдік тақырыбын «Орал тауы», «Пайғамбар», «Алыстағы бауырыма», «Қазақ тілі», «Жер жүзіне», «Айға», «Сағындым», «Тұранның бір бауырында», «Түркістан», «Қорқыт», «Қойлыбайдың қобызы», «Батыр Баян» өлеңдері мен дастандарын жатқызады. Түрікшілдік тақырыбы айқын көрінетін Мағжанның «Қазақ тілі» өлеңіне тоқталайық.
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
Таралған түрік балаларын бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен тілім! (Қазақ тілі)
Өлең тақырыбы «Қазақ тілі» аталғанымен тек тілге арналған туынды деп олақ қабылдай алмайсыз. Тақырыптық атаудан өрбіген фабулалық желі өлеңнің ұлттық рухымен тұтасып идеялық мазмұнды байыта түскен. Мұнда ХХ ғасырдағы қоғамдық тарихи әлеуметтік жағдай толыққанды суреттелген. Ұлттық қасиеттердің табанда жаншылып қасіретке айналған кезеңін ақын «жауыз тағдырдан» көреді. Ақын үшін халқының кешегі тарихы, өткен бақыты сынды. Елдік жолында қиылған тағдырлар, ездік тағдырдан әлдеқайда мағыналы екен. Өткен дәуреннің өңі алтын күндей нұрлы болғандығы да, сол замандардағы өршіл рухтың өлмес ерлігімен таңбалануында.
Мағжан романтикасының биік пафосы тереңнен тамыр салғаны да осында. Ақын әулиелілігі болар, қазақтың атар таңмен күтер алтын күні өткенінің бауырында жатқандығын ерте ескертуі. «Алтын күннің» бағасыз белгісі бабамыздың рухы, бабамыздың тілі. Қазақ халқы тілін жоғалтпаса өткен алтын күнімен қайта қауышарына ақын сенеді. Осы өлеңде, ақын «ана тілі» деп қолданатын дәстүрлі сөз тіркесіне жаңаша өң беріп тұрғандығын байқауға болады. Мұндағы тіл бейнелі адамдық атауға айналып отыр. Тіл-кеудесінде жаны, жүрегі бар кісілік тұлғалы кейіпке енген адам образымен алмастырылған. Ақын «ақ қолыңмен» деп тілдің арғы жағындағы ишараларды да айқындай түскен. Мәселен, «бір қолыңмен не оң, қос қолыңмен» деп атаса да болмайды емес пе деп сұрақ қойыңыз. Жоқ, болмайды екен. Болмайтынын, ұлттық дүниетанымдағы «ақ» түсінің сонау фольклор мен ауыз әдебиетіндегі дәстүрлі символдық ерекшелігімен түсіндіреміз. Ақын үшін бабалар жолы да ақ. Балаларын бауырына басатын ана не атаның жолы да ақ. Таралған түрік балаларын жүрегімен аялар ата мен ананы аңсаған Мағжанның түрікшілдік идеясын көксеген тілегі де ақ. Түрік балаларының басын қосатын түрікшілдіктің зерлі діңгегі бабамыз тілі мен мұрасында жатқандығын түрік халықтары болып ойлансақ керек. Мағжанның бұл тақырыптағы өлеңдері, басқа да өлеңдері секілді драмалық тартыс белгілерімен оқшауланады. Ақынның тарихи шындыққа өрілген көркемдік концепциясы көбіне адамзаттық, гуманистік ойларымен шешіліп, түйінделіп отырады.
Ол кеңес өкіметінің көп қадамдарына ризашылық білдірмесе де, оның дұшпаны болған жоқ. «Қызыл жалау» (1924) деген атақты өлеңін де жариялады. Бұл өлеңнен байқайтынымыз - Мағжан таптық принцип дегенді қабылдамады, қазақ ұлтын екіге жарып, бай, кедей деп қырқыстыруға барынша қарсылық көрсетті. Сол себепті ол «Қызыл жалау» өлеңінде былай деп ашық айтады:
«Қанды жас жалау кімдікі?
«Кімнің ұлы құл болса,
Тұлымдысы тұл болса.
Қанды жас жалау сонікі,
Ендеше, қазақ, сенікі!»
Сол кездегі қып-қызыл белсенділер Қызыл жалау кедей табынікі, байдікі емес, «байларды қойдай қу қамшымен» деп жатса, Мағжан: жоқ тіпті де олай емес, ең езілген халық қазақ, ендеше тұас қазақ ұлтынікі дейді. Мағжан қазақтың байы мен кедейін айырмады демейміз. Ол «тоқсанның жағындамын» деп, кедейге шын жаны ашитынын ашық жариялады. Сонымен бірге «айрылдық аузынан уыз төгілген байлардан» деп, оларға да арас түсті. Қазақ бай, кедей боп қан төгіспесін, қырқыспасын, ұлт мүддесін бәрінен де жоғары қойсын деп талап етті. Қазақты тапқа, топқа, руға жіктемей, алаш туын желбіреткен Мағжан ақынды біз ұлттық ақын дейтініміз сондықтан. Ол көптеген Кеңес жазушыларындай (С. Мұқанов, С. Сейфуллин т. б. ) пролетар жырын ғана жырлаған жоқ, кедейіне қосып тұтас ұлт мұңын мұңдады, қазақ жоғын жоқтады.
«Кеңес тұтасында Мағжанның үстінен таяқ түскен жоқ. 1924 жылдың аяқ шенінде Мәскеуде Нәзір Төреқұлов, Ғани Мұратбаев бастаған алпыстан астам қазақ зиялылары жиналып, ақынның 1921 жылы Тәшкенде шыққан өлеңдер жинағын талқылап, оған өткенді көксейді, ескілікті іздейді, ұлтшылдықты дәріптейді деп қатаң саяси айып тақты» [2, 12-13] .
Тоталитаризм жандайшаптарының Мағжан Жұмабаевқа таққан ауыр айыптарының бірі - оған «түрікшілсің» деген кінә қоюы.
Біріншіден, бұл большевиктердің ойлап тапқан термині емес. Төркіні әріден басталады. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Түркия дүние жүзіндегі барша түрік халықтарын бір мемлекет шаңырағының астына жинамақ деген лақап таратылды. Оны пантюркизм деп айыптады. Пантюркизм панисламизммен ауыз жаласып, Ресейге қарсы соғыс ашады деп даурықты. Шын мәнінде, пантюркизмді құбыжық етіп көрсету мақсаты басқа еді. Ол түрік халықтарының арасына жік салып, бір-бірінен ажыратуды, бір-біріне қатыстырмауды көздеді. Сөйтіп, патшалық Ресей құзырындағы мұсылман отар халықтарды орыстандыру жөніндегі алға қойған міндеттердің орындалуын жеңілдеткісі келді. 1967 жылы Қазан шаһарында «Қасиетті Гурий сыбайластығы» деген миссионерлік қоғам құрылды. Миссионерлер мұсылман халықтары арасында христиан дінін таратуға білек сыбанып кірісті. Татарларды, қазақтарды алдап та, күштеп те шоқындыра бастады. Осы мақсатқа мектеп жүйесін кеңінен пайдаланды. Христиан әдебиетін тарату ісін еселеп күшейтті. Миссионерлік қоғам 1862-1910 жылдар аралығында тек қазақ тілінде ғана алпыстан астап христиан діні кітаптарын, оқу құралдарын шығарып үлгерді. Олардың бірсыпырасы орыс графикасы негізінде басылды. Сонымен бірге Арабстаннан, Түркиядан ағылып келіп жатқан ислам діні кітаптарын тежеуге тырысты, орыс цензурасы кедендерден талай кітаптарды ұстап алып қалып жатты. Мағжан Жұмабаев секілді қазақтың зиялылары бұған көнгісі келмеді, көнбеді де. Мағжанның түрікшілдігін кезінде жазушы Жүсіпбек Аймауытов былай деп түсіндіруге тырысты: «Бір жағынан, үй іші- әкеге, әлеумет - ру басыға бағынған, тапқа, жікке бөлінбеген, қазақ ішінде туыс-өскен болса, екінші - татар медресесінде оқып, түрікшілдік, исламшылдық рухында тәрбиеленсе, үшінші - патша саясаты шымбайға батып, отаршылдық зардабы қазақтың ұлтшылдық сезімін оятқан дәуірдің ұлы болса, төртінші - орыс зиялыларының қаймағы бұқарашыл, халықшыл болып жатқанын сезіп білсе, бесінші - батыстың, қала берді орыс ақындарының санашылдық (идеализм), жарашылдық школынан сабақ алса, енді Мағжан қай пікірдегі ақын болып шығу керек. Сөз жоқ, Мағжан ұлтшыл, түрікшіл, санашыл, дарашыл ақын болып шығу керек. Олай болып шықпау мүмкін емес. Әлеумет ортасының, заманының жағдайы солай» [3, 7] .
Екіншіден, большевиктер бұл жағдайды ескерусіз қалдырды. Ол - ол ма. Коммунистік идеология түрікшілдікті (пантюркизм) фашизмнің улы жапырағы деп жариялауға дейін барды.
«Мағжан түрікшілдігінің» бір сырын қазақ кеңес әдебиетінің жетекші жазушыларының бірі Сәбит Мұқанов та қазбалап көрген. «Мағжан шынында түрікшіл емес», - деп жазады Сәбең. Оның түрікті бауыр қылуында, өз мақсатына сәйкес ойы бар. Біз жоғарыда Мағжан қазақтың ескі күнін көксегенде, баяғы хан дәуірін қайта орнатпақ емес, қазіргі қазақтың көзіне ескі, еркін өмірін елестетіп, басын көтертпек. Басын көтертіп алғаннан кейін, бөлек республика құрмақ дедік. Мағжан «түрік» деген сөзді белгілі мақсат үшін ғана керек қылды. Түріктің ерлігін айта келіп, қазақты отаршыл үкіметке қарсы қайрап салғысы келді» [4, 224] .
Мағжанға бейне бір кінә арқалату үшін жазылған бұл сөздер бұрын да екіұшты естілетін. Мағжанның түрік тақырыбындағы өлеңдері қазақ халқын, жалпы түріктерді ұлт-азаттығы күресіне қамшылайды.
Түрік тақырыбы Мағжан поэзиясында, Жүсіпбек Аймауытов пен Сәбит Мұқановтар айтқандай, «Медресе Ғалияда» жүргенінде емес, одан да ертерек басталған. Өйткені Мағжанның 1905 жылдан бері қарай Қызылжардағы Мұхамеджан Бегішов медресесінде оқуы оның дүниетанымына көп ықпал еткен. Медресеге ұстаздық етуші Бегішев кезінде Стамбул қаласындағы Түрік университетін бітірген адам. Ол да Мағжан поэзиясында түрік тақырыбының басталуына себепші болады.
Мағжан Жұмабаев қазақ ұлтының қайткенде азаттыққа қолы жетеді деп көп ойлап, армандаған ақын. Өзі өмір сүрген тарихи жағдайда азаттық қолға оңайлықпен түсе қоймайтынын сезген ол ер түріктен тараған туыс елдердің ұйымдасып, бірлесіп, тізе қосқан күресі ғана отаршылдықты Қазақ елінен, басқа бауырлас елдерден аластауға мүмкіндік туғызады деп есептеген. Сондықтан ақынның түрік тақырыпты өлеңдерінде бұл идеяның ең өзекті идеяға айналуы табиғи нәрсе. Ол он тоғыз жасар ақынның тұңғыш «Шолпан» жинағында жарияланған «Орал тауы» өлеңінде-ақ құлаққа дабыл ұрғандай естіледі.
Анамыз бізді өсірген қайран Орал,
Мойның бер тұңғышыңа, бермен орал.
Қосылып батыр түрік балалары,
Таптатпа, жолын кесіп, тізгінге олар, - деп, саңқылдап тұрған жас өренді қалайша түрікшіл емес деуге болады?
Бұдан соң түрік тақырыбына қосылған өлеңдерден: «От», «Пайғамбар», «Алыстағы бауырыма», «Тез барам», «Орал», «Қазақ тілі», «Тұранның бір бауында», «Түркістан» туындылары саналады. Бұл өлеңдердің негізгі идеясы, ой-пікірі, көтеретін мәселесі, үндеу пафосы айқын. Қай өлеңінде де Мағжан сонау түп-тұқияннан бергі тарихты қозғап, исі түріктің ата-тегі бір, қарындас, бауырлас халықтары екендігін өрнекті, жалынды тілмен паш етеді. Бұдан түйетін түйіні де түрік нәсілділердің бәрінің назарын аударарлық. Ол - түрік халықтарының сол кездердегі мүшкіл халі, одан қалай құтылу жолдары, түріктердің тәуелсіздік үшін, елдің бостандығы үшін тізе қосып, жұмылып күресу қажеттілігі. Ерекше атап өтетін бір жайт - Мағжан түрік халқының шетел басқыншыларына қарсы Кемал Ататүрік бастаған азаттық қозғалысына үн қосуы. Мағжан Жұмабаевтың түрік тақырыбын дамыта келе, Шығыс пен Батыс арақатынасы, одан барып күллі әлемдік, адамзаттық проблемаларға ұластыру оның ерекше жетістігі, дүние жүзі әдебиетінің асыл қазынасына қосқан бағалы үлес деп саналуы керек. Енді осы аталған проблемалардың бас-басына тоқталып өтейік.
Көрнекті түрік тарихшысы Баһаддин Өгел 1981 жылы Анкарада екі томдық «Ұлы Хун империясы тарихын» басып шығарғаны мәлім. Осы еңбектің бірінші томы Әлімғазы Дәулетханның аудармасымен қазақ тілінде де жарық көрді [5, 10] . Екіншісі де тәржімаланып, баспаханада теріліп басылғалы жатыр. Міне, осы еңбегінде Өгел: «Ежелгі түрік тарихын хундардан бастаймыз» деген тұжырымдаманы бірден ұсынып, хундар түрік нәсілді жұрт болғандығын ғылыми жан-жақты, дәйекті деректермен негіздейді. Бір ғажап жері - осы тұрпатты ойды Мағжан ақын сонау ХХ ғасырдың бас кезінде тілге тиек етеді. «Пайғамбар» деген өлеңінде:
Ерте күнде отты Күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам,
Жүзімді де, қысық қара көзімді
Тус сала жалынменен мен жуғам, - дейді (Бахаддин Өгел. Ұлы Хун империясының тарихы. Бірінші кітап. -Алматы, «Хант» баспасы. -1998, 10-б) . Мұндағы «І» деген сілтемені Мағжанның өзі жасайды. «Гун - түріктің арғы атасы» деп ескертеді. «От» өлеңінде бұл сарын Гун қолбасшылары Атилла, Баламір есімдерін қайталаумен еске алынады. «Орал тауы» өлеңіне, басқа да бірсыпыра туындыларында ежелгі түрік Отаны - Тұран, Орал, Алтай мекендері екені жырланады. Тағы бірде: «Ұзын Орал - күн мен түн шекарасы, Өлім - түн, Өмір - гүлді Гун даласы» (Орал) деп толғанады.
Мағжан поэзиясында түрік халықтары бірлігі идеясының тууына әлденеше себеп бар. Ең бастылары Сәбит Мұқановтың сөзімен айтқанда, обьективтік жағдайларға байланысты: отаршылдыққа қарсылық, ұлттар бостандығы мен теңдігі үшін күрес.
Мағжан «Түркістан» атты өлеңінде «Түркістан - ер түріктің бесігі ғой» десе, бұл пікір бас кезінде Кеңес өкіметі тарапынан қарсылыққа кездеспеген, белгілі дәрежеде іпті қолдау тапқан. Түркістан халықтары автономиясын құру қажеттігін 1918 жылғы 22 сәуірде Түркістан Советтерінің Тәшкендегі V сьезіне жіберген жеделхатында Лениннің өзі қолдайды (ПСС, т. 50, с. 63. ) .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz