Қазақстан Республикасындағы инфляцияның динамикасы туралы


Пән: Экономика
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 34 бет
Таңдаулыға:   

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Экономика және бизнес факультеті.

Макро-микро кафедрасы

КУРСТЫҚ ЖҰМЫС

Тақырыбы: Қазақстан Республикасындағы инфляцияның динамикасы

Орындаған: Сулеименова С. У.

Тобы: Ф07К3

Қабылдаған:Зейнолла С. Ж.

Алматы 2008

ЖОСПАР

КІРІСПЕ . . . 3

І ИНФЛЯЦИЯ ПРОЦЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ . . . 5

1. 1 Инфляцияның мәні, пайда болу себептері мен түрлері . . . 5

1. 2 Инфляцияның макроэкономикалық көрсеткіш ретіндегі әлеуметтік-экономикалық салдары . . . 8

1. 3 Инфляция деңгейіне әсер ететін факторлар . . . 10

ІІ ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫНДА ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕРДІ РЕТТЕУДІ ТАЛДАУ . . . 14

2. 1 Қазақстан экономикасы даму барысындағы инфляциялық процестерді сипаттау және олардың теріс салдарларын талдау . . . 14

2. 2 Қазақстан Республикасының инфляцияға қарсы саясатының ерекшеліктерін талдау . . . 18

2. 3 Республикамыздағы инфляцияға қарсы саясатты жетілдіру жолдары . . . 22

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 27

ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 29

КІРІСПЕ

Инфляция ақша жүйесінің дағдарыстық кезеңі болып табылады, яғни ол қоғамның дамуының тепе-теңдігінің бұзылуына себепші болады. Инфляция сондай-ақ көптеген макроэкономикалық көрсеткіштермен тікелей байланыста болады, сондықтан осы инфляцияны тиімді реттеу саясатын жүргізу арқылы барлық шаруашылықтың дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Ол үшін экономиканың құбылысы ретінде инфляцияның пайда көздерін, оның пайда болуындағы сан алуан себептерді, шаруашылыққа тигізер салдарларын және инфляцияға қарсы саясаттың негізгі түрлері мен олардың қолданылуын анықтауды қажет етеді.

Инфляция экономикалық құбылыс ретінде Қазақстан Республикасының дамуында басты мәселелердің бірі болып келеді. Сондықтан инфляцияға қарсы саясатты тиімді жүргізу елдің тұрақты дамуының негізі болып табылады. Инфляцияға қарсы саясат өз кезегінде ақша-несие саясатының аясында іске асады. Ал ақша-несие саясатын елімізде жүргізетін Ұлттық банк болып табылады.

Сондықтан курстық жұмыс тақырыбын «Қазақстан Республикасындағы инфляцияның динамикасы» деп алдым.

Бұл тақырыптың өзектілігі ақша-несие саясаты ұлттық экономиканың дамуының тиімділігін реттейтін басты саясаттардың бірі болып табылады. Бұл саясаттың экономиканың дамуындағы маңыздылығын Қазақстан Республикасы Қаржы саласының бүгінгі таңда ТМД елдері бойынша ең дұрыс қалыптасқан және әлемдік талаптарға сай дамып отырған бірегей жүйе болуымен және елдің ақша-несие саясатында 2002 жылдардан бастап негізгі басты мақсат ұлттық валютаның тұрақты деңгейін, оның нығаюын қамтамасыз ету болып отырғандығын көре аламыз.

Курстық жұмысты орындаудағы негізгі мақсатым экономикалық құбылыс ретінде жалпы инфляция теориясын талдап, соның негізінде Қазақстан Республикасындағы инфляциялық процестерді талдау болып табылады.

Осы курстық жұмысты орындау барысында, еліміздегі инфляцияның қазіргі жағдайы, туындап отырған мәселелерге және болашақтағы экономикалық даму жоспарымызға орай келесідей міндеттер орындалады:

  • Инфляцияның жаратылысын, оның түрлерін, оған әсер етуші факторларды қарастыру және оның ұлттық экономикамыздағы ерекшеліктерін ашып көрсету;
  • Инфляцияның елдің әлеуметтік-экономикалық салаларға тигізер әсерлерін, ода болатын экономика және қоғам дамуындағы зардаптардың алдын алу шараларын;
  • 2009-2011 жылғы инфляцияның жоспарланған шегінен асып кету қаупінің себептері мен экономикаға және әлеуметтік қоғамға тигізер салдарларын қарастыру мен талдау;
  • Бүгінде еліміз экономикасының қаржы саласы және мемлекеттік деңгейде инфляцияға қарсы саясатын және оның негізгі бағыттарын, олардың ішінде ұлттық экономика ерекшілігіне байланысты тиімділерін ұсыну;

Курстық жұмыс екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлімде жалпы инфляцияның экономикалық мәнін ашу, оның түрлеріне тоқталу және инфляцияның әлеуметтік-экономикалық салдарларына тоқталу болса, ал екінші бөлімде еліміздегі инфляциялық процестерді талдау және инфляцияға қарсы саясаттың экономика үшін маңыздылығын анықтау қарастырылады. Сондай-ақ екінші бөлімде инфляцияның қазіргі уақыттағы жоғарғы қарқынның пайда болу себептері мен статистикалық шамаларға тоқталдым.

І ИНФЛЯЦИЯ ПРОЦЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ

1. 1Инфляцияның мәні, пайда болу себептері мен түрлері

Инфляцияның мәні - ол тауарлар мен көрсетілген қызметтердің бағасының өсуі және тауар тапшылығы мен қызмет сапасының төмендеуі салдарынан ақшаның құнсыздануы, оның сатып алу мүмкіндігінің құлдырауы. Инфляция - қоғамдық ұдайы өндірістегі диспропорцияның көрінісі. Ол мемлекеттің табысы мен шығынының үйлеспеуі салдарынан кездесетін кез келген экономикалық формацияға тән құбылыс. Инфляция ұлттық табысты экономиканың салалары арасында, коммерциялық құрылымдар, халықтың топтары мемлекеттің және шаруашылық субъектілері арасында қайта бөлуге тірейді.

«Инфляция» - қабару, көтерілу, ісу деген мағынаны білдіретін латын сөзі. Шындығында да қауырт жағдайларда экономиканы дамыту үшін мемлекеттік шығындарды қағаз ақша шығарумен қаржыландыру ақша айналымының көтеріліп, қағаз ақшаның құнсыздануына әкеп соғады. Оны әр елдегі соғыс жылдарындағы ақша айналысынан байқауға болады. Мысалы, АҚШ-тың бостандық үшін 1775-1783 жылдардағы соғысы және 1861-1865 жылдардағы соғысы (соңғы екі жылында доллардың сатып алу мүмкіндігі 60%-ға дейін төмендеген), ХХ ғасырдың бас кезіндегі Англияның Наполеонға қарсы соғысы, 1789-1791 жылдардағы француз революциясы. Әсіресе, Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Германияда инфляция жоғары деңгейге жетті, 1923 жылы күзде айналымдағы ақша массасы 496 квинтиллион рейхсмаркаға жетіп, ақша көлемі триллион есе құнсызданды. Осы келтірілген тарихи мәліметтер инфляция бұрыннан келе жатқан феномен екенін дәлелдейді. [12; 67б. ]

Алайда, инфляция құбылысының өзі айналымға ақша енгізумен байланысты ежелгі Рим мен ежелгі Қытайда болып тұрған. Алтын мен күміс ақша айналымында инфляция болмайды, өйткені олар артық болған жағдайда қазынаға салынып, ал қажеттілік туған кезде қазынадан айналымға келіп түседі. Осылайша ақша айналымы өзін-өзі реттей алады. Нақты қағаз ақша айналымында, яғни толымсыз ақша көрсеткіштері, нақты ақша өкілдері айналымында міндетті түрде инфляция болады. Инфляция мәселесі барлық елдерде болады және ол экономика мен қоғамға шындап қауіп-қатер төндіреді. Сонымен, инфляция - тек қана қағаз ақшаның айналымына тән, айналым арнасы тауар айналымы қажеттілігімен салыстырғанда қағаз ақшамен артық шамада толып кетуі, олардың бағасының төмендеуі және тауарлар мен қызметтер бағаларының көтерілуін, ақшаның сатып алатын қабілетінің түсуіне мән беретін әлеуметтік-экономикалық құбылыс. Инфляция табиғи апаттар мен қоғам сілкіністерінің жиі серігі, саяси және әлеуметтік жанжалдар нәтижесі екенін тәжірибеде көрсетеді. [2; 89-90б. ]

Инфляцияның өмірдегі көрінісі - тауар бағаларының күрт өсуі. Осы көріністі американдық ғалым және публицист Дж. Гелбрейт «ақшаның тауарды қууы» деп сипаттады. Инфляцияның алғашқы себебі - айналымдағы ақша массасы мен сатылуға тиіс тауарлар массасы теңдігінің бұзылуы. Мұндай диспропорция, біріншіден, өндірістің кенет қысқаруынан, екіншіден, айналымдағы тауарлар массасының аздығына қарамастан, мемлекет өз шығындарын өтеу мақсатында қағаз ақшаны шектен тыс көп шығаруынан болады.

Ал қазіргі инфляцияға тән бірнеше ерекшеліктер бар. Олар:

  • Егер бұрын инфляция бір жердің шеңберінен шықпаса, қазіргі инфляция елдің бүкіл жерін қамтиды;
  • Егер бұрын инфляция бір мезгілде ғана жүрсе, қазіргі инфляция көп уақытқа созылған құбылыс;
  • Егер бұрын инфляция тек ақшаның көмегімен туындаған болса, қазіргі инфляция көптеген ақшасыз және басқа да факторларға байланысты болады

Осы заманғы инфляция жүйелі сипатымен көрінетін ерекшеліктерге де ие және бұл құбылыс тек бағаның өсу нәтижесінде туындайтын ақшаның арзандау көрінісі ғана емес, сонымен қатар ол бүкіл ел экономикасының мүшкіл халіне байланысты болып келеді. Инфляцияның негізгі себебі - халық шаруашылығының әр түрлі салаларындағы: қор жинау мен тұтынудың, сұраныс пен ұсыныстың, мемлекеттік табыстар мен шығындардың, кредиттің, капитал көлемі мен мөлшерінің, айналымдағы ақша массасының мөлшері мен шаруашылықтағы ақша сұранысының тепе-теңдігі бұзылғаны болып табылады. Ақша айналымы арналарының толып кетуі артық ақша эмиссиясын, тауарлық масса мен жасалған қызметтердің, ақша белгілерінің айналым жылдамдығы азайған кезде болуы мүмкін. [12; 69б. ]

Инфляцияның түбегейлі себептері тауар айналымы және тауар өндірісі аясында болғанымен оған елдегі саяси жағдайлар да әсер етеді. Осыған байланысты мынаны атап өтуге болады, инфляция ақшаның молшылығынан ғана емес, негізінен алғанда күнделікті сұраныс тауарларының жетіспеушілігі - «сұраныс инфляциясын» тудырып отыр. Соңғы екі-үш жыл ішінде отынға, ТКШ қызмет көрсетулердің тарифтеріне бағалар елеулі түрде жоғарылады. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі кезде, біздің талдауымызша, инфляцияның өсу себептері мыналар: 1) «сұраныс инфляциясы» немесе жалпы тауарлар тапшылығы, әсіресе күнделікті сұраныстағылары; 2) монополистер мен делдалдардың бағаға келісуі; 3) қызмет көрсетуге, көлікке, энергияға бағалар мен тарифтердің өсіп кетуі; 4) ақша массасының молшылығы; 5) субъектілердің өнімділікті арттыруға қарағанда пайда алуға көбірек ұмтылуы; 6) жергілікті жерлерде атқарушы биліктің инфляцияны тежеу және негізгі тұтыну тауарлары мен қызмет көрсетулеріне бағалар мониторингін жүзеге асыру жөнінде нашар жұмыс жүргізу; 7) төмен еңбек өнімділігі; 8) инфрақұрылымға салынған инвестициялардың жоғарғы үлес салмағы және күрделі қаржыны игеру мерзімдерінің ұзақтығы; 9) әлсіз бәсеке; 10) өндіріс шығындарының өсуі. Алайда, айналымдағы ақша массасы тұрақты болған кей жағдайларда да инфляция болуы мүмкін. Мысалы, 1940-1970 жылдары АҚШ-та ақша массасы бір қалыпта болса да, айналымдағы тауарлар мен көрсетілген қызметтің көлемі қысқарып, инфляциялық процестер туындады. Бұл ақша айналымының шапшаңдығын арттырудың нәтижесінен болған инфляция еді. Ақша айналымының шапшаңдығын арттыру өзінің экономикалық тиімділігі жөнінен басқа жағдайлар өзгермесе, айналымға қосымша ақша шығарғанға тең.

Инфляция кезінде капитал өндіріс аясынан айналысқа құйылады, себебі айналым аясының жылдамдығы көптеген пайда түсіреді. Бірақ ол инфляция әсерін күшейтеді, несиені, өндіріске салынатын инвестицияны және тауарлар ұсынысын қысқартады. [6; 29-30б. ]

Дүниежүзілік тәжірибеде инфляцияны мынандай белгілері бойынша жіктеуге болады:

  • Экономиканы қамтитын аумағына байланысты: жергілікті және әлемдік инфляция болып бөлінеді;
  • Инфляциялық процеске байланысты:
  • ашық инфляция - (тек нарықтық экономикада) бағаға кедергі болмайды, еркін өседі;
  • жабық инфляция - (тек тоталитарлық мемлекеттердің экономикасында) тауар тапшылығы жағдайында мемлекет бағаға қатаң бақылау жасап отырады;
  • инфляциялық шок - бір мезетте баға бірден өсіп кетеді.
  • Бағаның өсу қарқынына қарай:
  • баяу инфляция - бағалар өсуінің орташа жылдық қарқыны 10%- дан төмен болғанда, бағалардың біртіндеп ұзақ өсуімен сипатталады. Мұндай жағдайда ақшаның құны тәжірибе жүзінде сақталады, номиналды бағалармен өзара шарттарға қол қою тәуекелі болмайды. Сондықтан оны экономиканың жөнді даму элементі ретінде қарастыруға болады.
  • орташа инфляция - баға өсуінің орташа қарқыны 10-50%-ды құрағанда, баға өсуінің секірмелі түріндегі инфляция. Оның кезінде өзара шарттар бағаның өсуіне «байланады», ақша тез материалданады. Инфляцияның бұл түрі қауіпті саналып, тиімді шаралар қолдануды талап етеді.
  • қарқынды инфляция (гиперинфляция) - бағалар өсуінің өте жоғары қарқынды инфляциясы, бағалардың өсуі жылына 100%-дан асады. Ол шаруашылық механизмді ақсатады, экономикалық байланыстар үзіліп, бартерлік айырбасқа өтеді. Мұндай жағдайда бизнесті жүргізу мүмкін емес.
  • Пайда болу сипатына қарай:
  • әкімшілік инфляция - «әкімшілікті» басқарулы бағалардан туындаған бағаның өсуімен пайда болатын инфляция;
  • шығын инфляциясы - ресурстар мен өндіріс факторларына бағаның өсуімен көрінетін инфляция, соның әсерінен өндірістік шығындар және тауарлардың бағалары өседі. Ресурстарға бағаның өсу себептері - ресурстарға әлем бағаларының өзгеруі мен ұлттық валюта курсының төмендеуі, жұмыстың өнімділік деңгейі төмендеп, өндірістің құлдырауы, энергетикалық дағдарыс және т. б;
  • сұраным инфляциясы - ұсынысқа қарағанда сұраныстың көп болуымен, яғни тауарлар мен қызметтердің өсуіне қарағанда халық пен мекемелердің жиынтық табыстарының тез артуынан туындайтын инфляция;
  • ұсыным инфляциясы - өндірістік ресурстарды толық пайдаланбаған жағдайда өндірістік шығындарының өсуімен байланысты бағалардың өсуінен туындайтын инфляция;
  • импортталған инфляция - сыртқы факторлар әрекетінен туындаған инфляция;
  • кредиттік инфляция - шамадан тыс кредиттік экспансиядан туындаған инфляция. [2; 92-93 б. ]

1. 2 Инфляцияның макроэкономикалық көрсеткіш ретіндегі әлеуметтік-экономикалық салдары

Инфляцияның қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық салдарлары әр

алуан. Олар өзара қайшылықта болып, мынадай жағдайларға әкеп соғады:

Біріншіден, инфляция ұлттық табыс пен байлықты қоғамның әр түрлі топтарымен, экономикалық және әлеуметтік институттар арасында қалай болса солай болжамсыз қайта бөлінуіне мәжбүр етеді.

Қаражаттар жеке сектордан мемлекет тарапына қайта бөлінеді. Инфляция факторының бірі болып табылатын мемлекет бюджетінің тапшылығы инфляциялық салықпен өтеледі. Бұл салықты нақты ақша қалдықтарының барлық ұстаушылары төлейді. Ол өзімен-өзі автоматты түрде төленеді, өйткені инфляция кезінде ақша капиталы құнсызданады. Инфляциялық салық нақты ақша қалдығы құнының төмендегенін көрсетеді.

Табысты мемлекет пайдасына қайта бөлудің келесі ақша басып шығаруға монополиялық құқықтың болуынан пайда болады. Қосымша басылып шыққан банкноттар номиналдарының сомасы мен оларды басып шығаруға жұмсалған шығындардың айырмасы сеньораж деп аталады. Ол мемлекеттің басып шығарған ақша үшін алатын нақты ресурстарының санына тең болады. Белгіленген табыстары бар адамдар (зейнеткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, жәрдемақы алушылар) инфляция нәтижесінде нақты табыстарының төмендеуінен шығынға ұшырайды. Индексацияланған табыс алушы топтар табыстарды индексациялау жүйесі оларға нақты жалақыны сақтап қалуға мүмкіндік бергенше инфляциядан қорғана алады. Ал нарықта жұмыс берушілер және монополисттер инфляция жағдайында белгілі бір ұтысқа кенеледі.

Экономикада нақты активтер иелерінің (қозғалмайтын мүліктің, антиквариаттың, асыл заттардың, өнер туындыларының) инфляциядан қорғанысы мықтырақ болады, өйткені осы тауарлар бағасының өсуі елдегі инфляцияның жалпы дәрежесінен артық болып отырады.

Пайыз қойылымы өзгермеген тұрақты болса, күтпеген инфляцияның нәтижесінде несиелеуші тұлғалар ұтылысқа ұшырайды. Ал бұл өз кезегінде инвесторлар мен экономиканы несиелеушілердің ынтасын төмендетіп, өндірістің құлдырауына әкеп соғады. Сондай-ақ инфляция кезінде қарыз алушылар ұтысқа кенеледі, банктер шығындарын азайтуды көздеп, пайыз қойылымын жоғарылатады. Ал пайыздық қойылымның өсуі өндіріске салынатын ішкі және шетелдік инвестициялардың көлемінің төмендеуіне алып келеді. Бұл жағдай өз кезегінде мемлекеттің ЖҰӨ-нің көлемін азайтады және оның үстіне инфляцияны одан әрі жандандыра түседі.

Екіншіден, инфляцияның жоғары деңгейі және баға құрылымының күрт өзгеруі кәсіпорындар мен үй шаруашылықтарының жоспарлауын қиындата түседі. Нәтижесінде бизнес жүргізуде болжамсыздық пен қауіп-қатер өсе түседі. Осының төлемі ретінде пайыз қойылымы мен пайда өсе бастайды. Ал инвестициялар қысқа мерзімдік сипат ала бастап, инвестицияның жалпы көлемінде күрделі құрылыстың, маңызды өнеркәсіп салаларының үлес салмағы төмендейді және спекулятивтік операциялардың үлес салмағы өсе бастайды. Болашақта бұл ұлттың тұрмысын, әл-ауқатын және жұмыспен қамтылуын төмендетеді.

Үшіншіден, қоғамның саяси тұрақтылығы төмендейді, әлеуметтік шиеленіс өседі. Яғни, елде ұрлық, тонаушылық, адамдарға сенімсіздік және т. б. келеңсіз әлеуметтік жағдайлар орын алады.

Төртіншіден, экономиканың «ашық» секторындағы бағаның өсуінің шамамен жоғары қарқындылығы ұлттық тауарлардың бәсекелік қабілетін төмендетеді. Бұның нәтижесінде импорт өседі, экспорт төмендейді, жұмыссыздық көбейеді және тауар өндірушілер банкротқа ұшырай бастайды.

Бесіншіден, тұрақтылығы жоғары шетел валютасына сұраныс өседі. Осыдан барып ұлттық капиталдың шетелге кетуі өседі, валюта нарығында спекуляция үдей бастайды. Осылар қосылып бағаның одан әрі өсуін жылдамдатады.

Алтыншыдан, ақша формасында жасалған жинақтың нақты құны төмендейді, нақты активтерге сұраныс өседі. Бұның нәтижесінде осы тауарлардың бағасы, бағаның жалпы дәрежесінің өзгеруінен шапшаң өсіп отырады. Инфляцияның жылдам жүруі экономикадағы сұраныстың өсуіне дем береді, ақшадан «қашуға» себеп болады. Фирмалар мен үй шаруашылығы инфляцияға төтеп беру мақсатында нақты активтерді сатып алу үшін қосымша шығындарға ұшырайды.

Жетіншіден, мемлекеттік бюджеттің құрылымы өзгереді және оның нақты табыстары төмендейді. Мемлекеттің экспанционистік фискалдық және монетарлық саясат жүргізілуге мүмкіндігі шектеледі. Бюджеттік тапшылық және мемлекеттің қарыздары өседі.

Сегізіншіден, жұмыспен толық қамтамасыз етілмеген жағдайда қызмет ететін экономикадағы орташа инфляция, халықтың нақты табысын шамалы төмендетіп, халықтың көбірек және бұрынғыдан да жақсы еңбек етуін талап етеді. Нәтижесінде жылжымалы инфляция бір мезгілде экономикалық өсудің төлемі және оның стимулы болып та табылады. Дефляция, керісінше, жұмыспен қамтуды және өндірістік қуаттарын пайдалануын төмендетеді.

Тоғызыншыдан, стагфляция жағдайында инфляцияның жоғары дәрежесі үлкен жұмыссыздықпен ұштасады. Елеулі инфляция жұмыспен қамтуды өсіруге мүмкіндік бермейді. Бірақ, инфляциямен бір жақтан өндіріс көлемі және жұмыссыздықтың, екінші жақтан, арасында тікелей өзара байланыс болмайды.

Оныншыдан, әр түрлі тауарлардың салыстырмалы бағалары және олардың өндірісінің көлемі ұқсас емес бағытта жылжып отырады. [12; 72-73б. ]

Ұзақ мерзімді уақыт интервалында «инфляцияның шапшаңдауы» теориясы бойынша, жылдан-жылға инфляцияның қарқынының өсуі, өндірістің нақты көлемін, оның өзінің табиғи дәрежесінен жоғары ұстап отыруға көмек береді.

Инфляцияның салдарлары келесідей: жұмыссыздықтың өсуіне, жинау (қорлану) процесінің тежелуіне, шаруашылық байланыстардың шырқын бұзуға әкеліп соғатын инфляция экономикадағы үйлесімсіздікті күшейтіп, ұзақ мерзімді инвестицияларға ынталандыруды жояды; тұтыну сұранысының құрылымын бұрмалайды, ақшаларды нақты байлыққа айналдыру ұмтылысын оятады; ішкі нарық сыйымдылығын бұзады және төмендетеді; нақты жалақыны төмендетеді және халықтың барлық топтарын кедейлендіреді, төлем қабілеті бар сұранысты азайтады; ақша-несие жүйесінің жұмыс істеуін бұзады, оның қорларын азайтады, капиталдарды тарту және салу ауқымында күрес жүргізіледі, елден капиталдың кетуін (жылыстауын) күшейтеді; халықаралық экономикалық байланыстарға жағымсыз әсер етеді экспорт азайып, импорт өседі, елдің төлем балансы нашарлайды; қаржыландыру процесіне, мемлекеттік бюджетке жағымсыз әсер етеді, мемлекет қарызы көбейеді; валюталық дағдарыс күшейеді.

Одан басқа халықтың өмір сүру деңгейі төмендеу себебінен инфляция қоғамда әлеуметтік шиеленісті күшейтеді, шағын және орта өндірушілер мен кәсіпкерлер шығынға ұшырайды. [2; 95б. ]

1. 3 Инфляцияның деңгейіне әсер ететін факторлар

Инфляция - өз кезегінде ақша жүйесінің және ақша айналысының дағдарысты жай-күйін көрсетеді. Ақшаның құнсыздануына мына факторлар себепші болады:

  • айналысқа артық ақшаның шығарылуы;
  • қолайсыз төлем балансы;
  • үкіметке сенімнің жоғалуы.

Ұзақ уақыт бойы инфляцияны монетарлық құбылыс деп санап отырып, ол ақшаның құнсыздануы мен тауар бағаларының өсуі тұрғысында түсіндіріліп келді. Әлі де бірқатар шетелдік авторлар инфляцияны экономикада бағаның жалпы деңгейінің артуы ретінде анықтайды. Алайда инфляцияның тауар бағасының өсуінде көрінгенмен оны тек таза ақша феноменіне жатқыза салуға болмайды. Бұл рыноктық шаруашылықтың түрлі сфераларындағы ұдайы өндірістің сәйкессіздігінен туатын күрделі әлеуметтік-экономикалық құбылыс болып табылады. Инфляция әлемнің көптеген елдеріндегі экономиканың қазіргі дамуының ең өткір мәселелерінің бірі болып есептеледі.

Инфляцияның көріну нысандары келесідей:

  • тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуі, оның үстіне бірқалыпты емес өсуі, мұның өзі ақшаның құнсыздануына, оның сатып алу қабілетінің төмендеуіне алып келеді;
  • ұлттық ақша бірлігінің шетелдік ақша бірлігіне қатысты бағамының төмендеуі;
  • ұлттық ақша бірлігінде көрінетін алтынның бағасының көтерілуі.

Бүгіндегі инфляция бағаның өсуі нәтижесіндегі ақшаның сатып алу қабілетінің құлдырауымен ғана емес, сонымен бірге елдің экономикалық дамуының жалпы қолайсыз ахуалымен де байланысты. Валюта бағамының өзгеруі әкелінетін тауарлар бағасының өсуі есебінен пайда болатын инфляцияға әсер етеді. Бұл ретте импорттық тауарлардың бағасы екі себеппен: импорт бағаларының өсуі және ұлттық валютаның құнсыздануы нәтижесінде өсуі мүмкін. Инфляцияға валюта бағамының өзгерісінен басқа тигізетін ықпалы айтарлықтай бірқатар басқа да факторлар ықпал ететінін атап өткен жөн. Экономиканың ішінде: жиынтық сұраныстың жоғары дәрежеде өсуі, еңбек өнімділігінің төмендігі, бәсекенің төмен дамуы, сондай-ақ жекелеген тауар нарықтарында тепе теңдіктің болмауы. Сыртқы факторларға келсек, ел экономикасының шикізаттық бағытты сақтауы жағдайында жай-күйі энергия ресурстарының, әсіресе мұнайдың бағасына байланысты болады.

Инфляцияға өндіріс пен өткізу сферасындағы әр түрлі факторлар тудырған өндіріс процесінің қарама-қайшылықтары себепші болады. Инфляцияның әуел бастағы себебі - ұлттық шаруашылықтың түрлі салаларындағы жинақтау мен тұтыну, сұраным мен ұсыным, мемлекеттің кірістері мен шығыстары, айналыстағы ақша массасы мен шаруашылықтың ақшаға қажеттілігі арасындағы алшақтықтар екені белгілі.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Инфляцияның мәні, себептері және түрлері
Инфляцияның даму факторлары және оның әлеуметтік - экономикалық салдарлары
Қазақстан Республикасындағы экономикалық циклдер: инфляция мен жұмыссыздықтың байланысы
Инфляцияның әлеуметтің экономикалық зардаптары
Қазақстан Республикасындағы инфляциялық процестерді, талдау және елдегі инфляцияға қарсы саясаттың құрылуы
Қазақстан Республикасындағы инфляциялық жағдайды талдау
Әлемдік нарықта және Қазақстан Республикасындағы инфляцияның экономикалық маңызы мен ролі және оларды тежеу әдістері, тиімді шешу жолдары
Қазақстанда жүргізілген макроэкономикалық реформалар және олардың елдің экономикалық дамуына әсері
ҚР инфляциялық жағдайы, себептері мен оған қарсы күрестің жолдары
Инфляцияға қарсы күрес
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz