XVIII – XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның мәдениеті


XVIII - XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның мәдениеті
1. Қазақтардың XVIII - XIX ғасырлардағы материалдық мәдениеті
Қазақтардың XVIII-XIX ғасырлардағы материалдық мәдениетінің жай-күйі қоғамның экономикалық дамуы деңгейімен анықталады. Оның дамуы барысына көшпелі қазақтар экономикасының дамуындағы басты фактор ретінде көшпелі мал шаруашылығы әсер етті. Бұл жағынан алғанда егіншілік, сауда дамуының, көрші халықтардың прогресті ықпалының да маңызы аз болған жоқ.
Материалдық мәдениеттің маңызды элементтерінің бірі мал шарушылығымен, егіншілікпен, үй кәсіпшілігімен және қолөнерімен байланысты еңбек құралдары болып табылады. Көшпелі мал шаруашылығына күрдені еңбек құралдары керек болған жоқ. Жылқы ұстау үшін құрық, арқан пайдаланылды, қайыстан немесе жылқының жал-құйрығынан тұсау мен шілдер жасалды; құлындар мен боталарды байлау үшін жуан арқандар, ноқталар пайдаланылды; мал суаруға қауға, науа және т. б. дайындалды. Барлық осы айтылған қарапайым еңбек құралдарын, ер-тұрман әбзелдерін қоспағанда, мал өсірушілер өздері жасап алып отырды. XVIII ғасырдың аяғында қазақ даласына орыстардың қысқа шөп дайындауға арналған шалғылары біртіндеп тарала берді. XIX ғасырдың орта шегінде шалғымен қоса темір айыр да кеңінен қолданыла бастады.
Қазақстан аумағында суармалы және тәлімді егіншіліктің ежелгі ошақтары ертеден болып келген еді. Осыған байланысты қазақтарда егіншілік құралдарының қарапайым түрлері болды. Мәселен, тіс ағаш, мала, егін оратын орақ, ағаштан жасалған аша, ағаш күрек, сыпыртқы егіншілік құралдарына жатады. Егісті суару үшін суды көтеріп шығаратын әртүрлі аспаптар - атпа, шығыр, сондай-ақ кетпендер мен күректер пайдаланылды, оларды жергілікті ұсталар өздері істеді.
Салт атқа арналған әбзелдерді қоспағанда қазақтың мал шаруашылығына және егіншілікке байланысты негізгі еңбек құралдары Қазақстанның бүкіл аумағында бір-біріне ұқсас болды. Қазақтың ат - тұрман әбзелінің ішіндегі ердің сыртқы түрі мен дайындау тәсілінде жергілікті ерекшеліктер байқалады. Олардың үлгілері тиісті өзіндік атаумен аталып келді. Ердің ең көп таралған түрі, қайыңнан шауып жасалған алдынғы қанаты кең «қазақ ері» болып табылады. Мұндай ерлер құрамдас бес бөліктен - алдынғы қас пен артқы қастан, екі жақтағы қапталдан және орта ағаштан тұрды. Ердің ағаш сүйегі мұқият өңделді, ал халықтың ауқатты топтарына арналған күміс кейде алтынмен қаптап түрлі - түсті бағалы тастан көз салған түрлері болды. Әсіресе әйелдерге арналған ерлер сәнді безендірілді.
Ең көп таралған кару түрі үш метрлік «сойлы», одан соң «шоқпар» болды. Неғұрлым дәулетті қазақтардың жауынгерлік айбалтасы, жебелері мен қорамсағы бар садағы болған. Қол бастаған ықпалды билік иелері мен батырлар сауыт киіп, қалқан, қылыш, наркескен, селебе, сапы және темір ұшты найза мен сүңгі ұстаған. Қазақ шонжарлары арасында қолдан жасалған білтелі мылтық өте сирек кездесетін еді. XIX ғасырдың орта шеніне дейін аң аулау кезінде садақ қолданылды, бірақ XIX ғасырдың 2 жартысында жебелі садақ қазақтардың тұрмысынан шығып қалған. Оның есесіне бұл кезде Ресейден және Орталық Азиядан сатып алынатын әртүрлі мылтықтар біршама көбейе түседі.
Қазақтардағы көшпелі тұрмысқа бейім шаруашылықтың үстемдігі алуан түрлі үй қолөнерінің: тоқымашылықтың, киіз басудың, ағаш, металл, тері, сүйек және мүйіз өңдеудің дамуына себепші болды. Тоқымашылықпен және киіз басумен көбінесе әйелдер айналысты, олар негізінен алғанда үйге керек жарақтардың тоқымашылықпен ісмерлікке қатысты заттарын: кілемдер, алашалар, шекпендер, киіз үй ішіндегі алуан түрлі басқұрлар, бау - шулар, текеметтер, түс киіздер, сырмақтар, аяққаптар және т. б. дайындады.
Көшпелі қазақтардың негізгі тұрғын үйлері көші - қонға ыңғайлы киіз болатын. Бұл - Еуразия көшпелілерінің ертеден келе жатқан тұрғын үйлерінің бірі. Көшпелі тұрмыс жағдайларында киіз үйлер тұрғын үйдің өте қолайлы түрі болды. Оның жығып, тігуі әрі жеңіл, әрі тез, көлікке теңдеп артып жүруге қолайлы, жазда салқын, ал қыста жылы болатын. Қазақтың киіз үйлерінің үлгілері негізінен алғанда олардың үлкендігімен, яғни тігілген киіз үйде қанат ден аталатын кереге санымен анықталатын. Қанаттар саны 4 қанаттан 12 қанатқа дейін және одан да көп болды. Сыртқы түрі бойынша қазақтың киіз үйлері күмбез тәрізді және шошақ болып келеді. Алғащқы түрі - батыс, солтүстік, орталық және шығыс, ал екінші түрі Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік - шығыс аймақтарында таралды. Қазақ үйлерінің мұндай түрлері шаңырақтарының көлеміне және шаңырақтарды көтерін тұратын уықтар иінінің иілу мөлшеріне байланысты болды. Киіз үйдің сүйегі кереге мен уықтан, шаңырақтан және «сықырлауық» деп аталатын жарма есіктен тұратын. Киіз үй сүйегін айналдыра уық қарына дейін 3-4 туырлық, шаңырақпен кереге басының арасын 2-3 үзік, сықырлауықты киіз есік жауып тұратын болған. Киізден басылатын бұл әбзелдер «киіз үй жабуы» деп аталған. Киіз үйдің киіз жабулары көбінесе ақ қойдың жүнінен басылған ақ киізден пішілген.
Қыстаулардағы отырықшылыққа бейімделген тұрғын үйлердің дамуы, үй - жайлар санының көбеюі және орыс мәдениетінің ықпалы тұрғын үйлердегі керек - жарақтардың едәуір өзгерісіне әкеп соқты. Дәстүрлі ағаш жәшіктер - кебежелердің, көрпе-төсек жинауға арналған жүк аяқтардың және ескіден келе жатқан төс - ағаштардың орнының, қазақтардың тұрмысында әйнекткнген ыдыс қоятын шағын шкафтар, жақтаулы ағаш керуеттер, іші құлыпталынатын, көлемі әр түрлі сандықтар пайда болды. Қазақтардың ұлттық киімінде өздеріне тән этнографиялық белгілер сақталып қалды. Киім - кешек үшін малдың жүні мен терісі негізгі материалдар болды. Киімнің едәуір бөлігі мақта-мата, жібек және басқа маталардан тігілді. Ұлттық киімнің пішіні мен түріне өзгерістер енді. Еркектер бітеу пішілген кеудесінде тік өңір-қақпағы бар, жалпақ қайырма жағалы, етегі бір шама ұзын көйлек киетін болды. Еркектердің дамбалы ақ шөжім матадан ышқыры тұтас етіп тігілді. Түйе жүн тоқымадан тігілген шалбарлары пішімі жағынан іш киімдері, бірақ әлдеқайда қолпылдаған кең болатын. Сонымен б3рге жаздыгүні олар ешкі терісінен иленген күдері шалбар киіп жүрді; шалбардың балаұтарына төменгі жағынан тілік тасталып, ол кестемен сәнделетін. Еркектердің сыртқы киімінің ең таралған түрі шапан болды, ол көп жағдайларда фабрикалық маталардан тігілетін. Ал ауқатты қазақтар түрлі-түсті бұхара жібегінен, барқыттан қымбат матамен әдіптеп тігілген шапн киетін. Шапандар жазғы және қысқы болып бөлінеді.
Қазақтар әдемі «мәуіті шапан» мен «мәуіті шекпен» де дайындады. Олардың қос шабуынан өрнек салынды, шабудың төменгі жағынан тілік қалдырылып, жұқа түйе жүні тоқымасынан тігілді.
Әйелдердің көйлегі иығына тігіс түспейтін етіп пішіліп, жалпақ қайырма жағалы, жеңдері ұзын етіп тігілген. Кеуде тұсындағы өңір қақпағына кесте төгілген. Қыздардың немесе жас келіншектердің көйлектері пішіні жөнінен де, матасы жаңынан да жасы үлкен әйелдердің көйлектерінен өзгеше болңан. Ол етегі бүрмеленіп, түймеленетін қатырма жағалы етіп тігілді. Қай жастағы әйел болса да көйліктің сыртынан фабрикалық матадан тігілген қазекей киді.
Әйелдер жасына және оның отбасындағы жағдайына қарай олардың бас киімдері де ерекшеленіп отырды. Жаз кезінде қыздар түрлі-түсті мақпалдан, жібек пен барқыттан тігілген, төбесі жайпақ, дөңгелек тебетей киіп жүрген, ол зеркестемен әсем нақышталатын еді. Бай, нақышты үкілі тебетей- «қасаба» деп аталды. Қасабаның шет шетінде моншақтан немесе бағалы металдан шекелік тағылды. Қыздардың қысқы бөріктері, кәмшаттың, құндыздың, сусардың және елтірінің терісінен биік етіп әдіптелетін. Әйелдер бас киімінде қалыңдықтың тойдағы бас киімі - сәукеле ең қымбатты болып саналады, ол бағалы металдармен, асыл тастармен, аң терілерімен барынша сәнделген.
Мал шарушылығына негізделген қазақтардың тұрмысы олардың ішетін тамақтары мен ыдыс - аяқтарынан өте айқын көрінді. Негізгі тамақтары ет-сүт өнімдері болды. Пісірілген сүттен күнделікті ішу үшін қатық, айран ашытылды. Айран мен іріген сүттің артығы күбіге құйылды, ол «іркіт» деп аталды. Іркітті әбден қоюланғанға дейін үлкен қазанда қайнатты. Бұл қою іркіт дорбаға құйылып сүзілді. Одан сүзбе алынып, сүзбеден қысқа арнап «құрт», «сықпа», «ежегей» кептірілді.
Қазақтар ыдыс пен керек-жарақтарды көбінесе сынбайтын материалдардан: ағаштан, теріден, жүннен, киізден және шұғадан жасаған. Көшкен кездерінде ыдыс-аяқты сыртқы беті түрлі-түсті құрақтармен өрнектелген арнаулы киіз қаптарда сақтаған. Сусымалы өнәмдер үшін тоқыма қаптар дайындаған. Сүр етпен сарымайды ағаштан жасалған кебежелерде сақтаған. Қымызды сақтау және тасу үшін бие терісінен түрі мен көлемі жағынан әр түрлі ыдыс жасап, оны ыстап отырған.
XIX ғасырдың I жартысындағы Қазақстан мәдениеті.
Халықтың сауаттылығы . XIX ғ. ортасына дейін қазақ балаларын оқыту - құран сүрелерін ұғынбай жаттап алу басты жетістік саналатын мектептерде жүзеге асырылды. Оларда мұғалімнің міндетін көбінесе оқыту жоспарлары мен методикасынан ешбір хабары жоқ молдалар атқарды. Мұсылман мектептерінде негізінен ер балалар оқыды. Мұның өзі әйелдер сауатсыздығының жоғары дәрежеде қалуы себептерінің бірі болды. Мысалы, 1884 ж. Верный, Қапал және Сергиполь уездерінің мұсылман мектептерінде 47, 5 мың ер бала және бар болғаны 17, 3 мың қыз балалар оқыды. 1895 ж. «Киргизская степная газета» мұсылман мектептеріндегі сабақтың өтуін суреттеп, былай деп жазды: «Балалар оқитын киіз үйден жан дәрменмен айқайлаған ащы дауыстар естілді. Әр оқушы өзінің сабағын айқайлап оқиды . . . Осылайша оқыту төрт жылдай уақытқа созылады. Осы мерзім біткеннен кейін оқушылар білім алудың толық курсынан өтіп, оны еш нәрсе де білмеген, бұрынғы надандық қалпында қалған күйінде тамамдайды».
Қазақстан халқының барып тұрған сауатсыздығы 1897 жылы халық санағын жүргізу барысында, ол ең алдымен сұралғандардың орысша оқи білетіндігін ғана жазып белгілегенімен, айқын аңғарылады. Ана тіліндегі сауатттылық сұраққа жауап қайтарушы орысша оқи білмейтінін айтқан жағдайда ғана белгіленді. Алайда санақ материалдары жекелеген халықтардың сауатттылық дәрежесін қамтып көрсете алмады. 1897 жылы санақ материалдары бойынша өлке халқының 8, 1%-і ғана сауаты барларға жатқызылды, еркектердің сауаттылары олардың 12%-ін, әйелдердің сауаттылары - 3, 6%-ін құрады. Әліппелік сауаттылықтың біршама жоғары дәрежесі қоныс аударушылардың негізгі бөлігі тұратын солтүстік шығыс губберниялрынан байқалды.
Білім беру ісі.
XIX ғасырдың басында Қазақстан жерінде оқытылған діни пәндер:
~ Шариғат, яғни ислам дінінің ережелері.
~ Әптиек, яғни Құран кәрімнің бөлігі.
~ Араб тілі, араб философиясы.
~ Діни қағидалар. Т. б.
Мұсылмандық білімді ауыл молдасынан, Самарқан, Бұқара, Ташкент, Түркістан сияқты қалаларда алды.
Білім беру ісіне Ресейдің ықпалы.
Қазақстанның XVIII ғасырдың 30 жылдарынан XIX ғасырдың 80 жылдарына деінгі Ресейге қосылу кезеңі білім беру жүйесіне біраз өзгерістер енгізді.
1789 жылы Азиялық училище ашылды. Бұл оқу орнында Орта Азиямен, Қытаймен сауда байланысының дамуына қатысқан қытай, монғол, парсы тілдерін меңгерген тілмаштар дайындалды. 1813 жылы патша үкіметіне қызмет ететін шенеуніктерді даярлау мақсатында Орынбор училищесі ашылды.
1831 жылы Омбы, Семей қалаларында орысша білім беретін училещелер ашылды.
1836 жылы Өскеменде қазақ балаларына арналған интернат - училище ашылды.
1837 жылы Сібір Кадет корпусы ашылды.
1841 жылы Бөкей Ордасында Жәңгір ханның ұйымдастыруымен қазақ балаларына арналған орысша және татарша білім беретін мектеп ашылды.
1844 жылы Орынбор училищесі негізінде Оынбор Неплюев кадет корпусы ашылды.
1850 жылы Орынборда қазақ балаларына орыс тілінде білім беретін мектеп ашылды.
Қазақстанды орыс ғалымдарының зерттеуі.
В. И. Даль - 1833-1841 жылдар аралығында Орынбор әскери губернаторлығында қызмет атқарған белгілі орыс ғалымы. Осы уақытта ол қазақ халқының тұрмысы мен тіршілігі, әдебиеті туралы көп мәлімет жинаған. В. И. Даль Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісін қолдаған. 1839 жылғы Хиуа жорығына қатысқан Орынбор қазақтары жайында «Бөкей мен Мәулен» повесін жазған.
А. С. Пушкин 1833 жылы Орынбор қаласына келген. Негізгі мақсаты Е. Пугачев бастаған көтеріліс туралы мәлімет жинау болды. Ол «Пугачев бүлігінің тарихы» еңбегінде көтеріліске қатысқан және мал шаруашылығымен айналысқан қазақтар туралы бірқатар мәліметтер келтіреді. А. С. Пушкин Оралда «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» поэмасын қағазға түсірген. Қазақ халқының тарихын зерттеуде И. Завалишин, Э. Мейер, А. Левшин сияқты орыс ғалымдары көп еңбек сіңіреді. 1848-1849 жылдары Г. С. Карелин Қазақстанды зерттеу мақсатында Каспий теңізіне экспедиция жасады. Осы жылы, яғни 1848-1849 жылдары А. Бутаков бастаған Арал теңізіне жасалған экспедиция Сырдария өзені мен Арал теңізінің тереңдігін анықтап, картаға түсірді. Қазақ жерінің минералдық ресурстарын зерттеп, картаға түсіру ісінде Н. А. Севеврцев, П. И. Небольсин, Е. П. Ковалевский сияқты саяхатшылар елеулі еңбек етті.
XIX ғасырдың 1жартысындағы қазақ әдебиеті.
Ақындар мен компазиторлар .
Осы уақыттағы әдебиет саласының екі идеялық бағыты:
1. Шаруалар мүддесін қорғаған ақындар.
2. Үстем тап (феодал, бай) өкілдерін мадақтаған ақындар.
XVIII ғасырдаң аяғынан бастап қазақ әдебиетіндегі әншілік-жыршылық дәстүр бірітіндеп ығыстырылып шығарылып, оның орнын жеке поэтикалық шығармашылық ала бастады. Егер бұрын әнші-жыршылардың поэзиясында ежелден қалыптасқан тәсіл-ел тағдырын жырлап, туған халқының тәуелсіздгі мен бақыты үшін күрескен батырлардың ерлік істерін асқан зор ұлтжандылық сарында дәріптеу басым болса, кейінгі поэтикалық шығармашылықта күнделікті өмірдің әртүрлі салаларына, адам жанының ішкі дүниесіне, адамдардың істері мен мінез-құлқына, олардың қоғамдағы қызметі мен рөліне едәуір тереңдеп ену байқалды.
Бұл қазақ әдебиеті дамуында жаңа дәуірдің басталғанын білдірді. Кейіпкерлердің жеке басын, олардың мінез-құлқан, сезімін, ішкі жан-дүниесінің жай-күйін суреттеуге бетбұрыс нақ осы кезеңнен басталады. Сол арқылы ақындар өмірдің нақты шындығына үңіліп, тануға, өздерінің жеке көзқарастарын еркін білдіруге мүмкіндік алды. Осыған байланысты поэзияның тақырыбы едәуір кеңейді, ақындардың жеке шығармашылығы дамып, олардың әрқайсысы өмір жайлы толғанысында көркемдік шеберлікке жетудің дара жолын іздеуге тырысты және бұл жол оларды халықтың дәстүрлі ауызша шығармашылығынан біртіндеп алыстатып, жаңа кәсіби поэзия дүниесіне әкелді.
Біздің XIX ғасырдағы әдебиетімізде Көтеш, Шал ақын сияқты бірқатар қазақ ақындарының есімдері кеңінен мәлім, олардың өмірі мен шығармашылығы жеке поэтикалық шығармашылықтың пайда болу кезеңімен тұстас келеді.
Кедей ортадан шыққан Көтеш ақын (1745-1818) бүкіл өмір бойы жоқшылық көріп өтті. Ол қазіргі Павлодар облысында туған. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазбаларна қарағанда, Көтеш жас кезінде-ақ өзінің Абылай ханға айтқан: «Абылай, Ботқанды сен өлтірдің» деп басталатын өлеңімен мәлім болған. Мұнда ол өз руласының өлімі үшін қаймықпай құн сұраған. Абылай өз кінәсін мойындап, ақын қойған талапқа шын мәнінде келісіп, оған құн төлеп, есеп айырысқан деседі. Көтештің осындай жекелеген тұлғаларға арнап, суырыпсалып айтқан қысқа өлеңдерінен оның батылдығы ме әшкерелеушілік көңіл күй аңғарылады. Халық есінде Көтештің өте тапқырлықпен және өткір айтылған әжуасын кек тұтқан сараң байдың қолынан қаза тапқандығы туралы әңгіме сақталған. Әдетте оның суырылып шығарған өлеңдерінде шыншылдық, тапқырлық және өткірлік тән.
Халыққа Шал ақын атымен белгілі ақын Тілеуке Құлекеұлы (1748-1819) Көкшетау өңірінде туып, ес білгеннен кейінгі өмірі Солтүстік Қазақстан облысының Шалақын (бұрынғы Сергеев) ауданының аумағында өтеді. Оның әкесі Құлеке-Абылай ханның әйгілі батырларарының бірі, анасы атақты Төле бидің туған қызы. Шал ақынның суырыпсалма өлеңдері Көтешпен салыстырғанда, поэзияның бұл жанрын байытқанын көрсетеді. Ол жекелеген адамдарға арналған өлеңдерді суырыпсалып айтумен шектелмеген, сонымен қатар көркемдік деңгейі жоғары туындылар шығарып, оларда өмір, қайшылықтары мол қоғамдық тұрмыс проблемаларын көтерген, әлеуметтік теңсіздіктің түп-тамырын әшкерлеген. Осылай ол уақыт алға қойған көкейтесті сұрақтарға жауап іздеген. Шал ақын халық өмірін, қазақ руларының тарихын жақсы білген. Шоқан Уәлиханов былай деп жазды: «Арғын руының атығай тармағының құдайберді атасының бәйімбет әулетәнен шыққан Шал жырау менің бабам Абылаймен замандас болыпты. Қазақтың шығу тегі турлы тамаша жыр-дастанды сол Шал жырау жырлайды екен.
. . . Елдің айтуынша Шал жырау жыр-дастанында қазақтың шығу тегіне қатысты тарихи аңыз-әңгімелер түгелдей қамтылады деседі. Ертеде өткен Алаштан бастап, барлық ру, рубасы-билер мен батырлар, олар өрбіген аталар мен әулеттер, хандар шежіресі Шал жырында түгеклдей қамтылытын көрінеді». Алайда өкінішке қарай, Шал ақынның бұл еңбегі сақталмаған. Шал ақынның бізге жеткен өлеңдерінің көпшілігі нақты жекелеген оқиғаларға байланысты дүниеге келген. Бұл өлеңдерінің ақынның теңдесі жоқ тапқырлығы мен нысанаға дөп тигізетін айтқыштығы көрінеді. Шал ақын өлең арнаған адамдар қатарында қолында билігі бар адамдар да, бай, шешендер де, сондай-ақ халық бұқарасының қарапайым өкілдері де аз емес. Осы өлеңдерінің бәрінен ақынның батылдығы мен адалдығы айқын аңғарылады. Ол өз ойын еркін жеткізеді, қолында билігі барлар мен байларға жағымпазданып, жарамсақтанбайды. Ұшқыр тілді жыршы Шал ақын қазақ халқының лайықты құрметіне бөленген. Мұның бәрі - ақынның жеке поэтикалық шығармашылығындағы жазба әдебиетке тән белгілер.
Махамбет Өтемісұлы (1804-1846)
1804 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Орал ауданында дүниеге келген. Махамбет 1824-1829 жылдар аралығында Орынборда болады. Оны бұл қалаға Ішкі Орда ханы Жәңгір жібереді. 1829 жылы шаруалар көтерілісіне қатысқаны үшін Махамбет Калмыков түрмесіне қамалады. Махамбет Исатаймен бірге 1836-1838 жылғы шаруалар көтерілісіне басшылық жасайды. Махамбет өлеңдерінің көбі 1836-1838 жылғы Ішкі Ордадағы көтеріліс тақырыбына арналған. Өз өлеңдерінде ол көтерілісті жан-жақты сипаттап, Жәңгір ханды, басқа Ішкі Орданың билеушілерін де қатты сынайды. Ақынның өлеңдерінде көтеріліске қатысушы күрескерлердің тамаша бейнелері («Ереуіл атқа ер салмай . . . »), кескілескен шайқастардың шынай көрінісі («Соғыс»), Исатайдың өз басының қайтпас қайсар ерлігі («Алайма, сұлтан, алайма», «Баймағамбет сұлтанға айтқаны », «Тарланым», «Тайманның ұлы мұнар, мұнар күн», «Жәңгірге айтқаны», «Қызғыш құс» өлеңдерінде күші басым әскерлерге қарсы шайқастардың бірінде ерлікпен қаза тапқан Исатайды жоқтау сарыны басым. Жинақтап алғанда, Махамбет Өтемісовтің өлеңдері бүкіл халық-азаттық күресі тарихын көркем-поэтикалық бейнелеуден және ой елегінен өткізуден тұрады. Махамбет-көтерілістің жалынды жыршысы ғана емес, сонымен қатар Исатайдың адал серігі, даңқты батыр. Ол көтерілісті ұйымдастыруға белсене қатысып, көтерілісшілерге өзінің жауынгерлік ұран іспеттес жалынды да қанатты өлеңдермен, содай-ақ нақты істерімен жігер беріп отырды. Махамбет 1846 жылы жау қолынан өледі.
Осы кездегі көтеріліске шын тілектес болған ақындар арасында Шернияз Жарылғасұлы көрнекті орын алды. Ол 1807 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы жерінде дүниеге келген. Белгілі ақын, шешен, ауыз әдебиетінің ірі өкілі. Шернияз ақын ол да көтеріліс жетекшісі Исатайды шабытпен жырлаған. Оның Баймағамбет сұлтанға арналған өлеңі кеңінен мәлім. Онда Шернияз ақынды өзін көтеріліске тілектес болып, Исатайды мақтап өлең шығарғаны үшін қатаң қудалауға ұшыратқан Баймағамбет сұлттаның арамзалық әрекеттері аяусыз сыналады. Ұлт-азаттық көтерілісін, көтеріліс басшыларын шабыттана жырлап, оның қарсыластарын аяусыз өткір сынға алған Шернияз өлеңдері батылдығы мен көркемдігі, поэтикалық әсерлілігімен халық арасында кең таралды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz