Батырлар жыры. Эпостағы дәуір және дәстүр мәселесі


Мазмұны
КІРІСПЕ . . . 4
І БӨЛІМ. Батырлар жырының зерттелу тарихы
1. 1. Батырлар жырының жиналуы мен зерттелуі . . . 6
1. 2. Эпосты айтушылар және көп нұсқалы болу себептері . . . 15
ІІ БӨЛІМ. Эпостағы дәуір және дәстүр мәселесі
2. 1. Эпикалық шығармалардағы тұтастану құбылысы . . . 24
2. 2. Батырлық эпостағы тұтастану құбылысының ерекшеліктері, түрлері . . . 27
2. 3. Батырлар жырындағы тұтастанудың көркемдік жүйесі . . . 38
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 46
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 48
Кіріспе
Ауыз әдебиеті ата-бабаларымыздың бізге қалдырған асыл мұрасы десек, батырлар жыры осы мол мұраның бір бөлігі болып табылады. Сонау аласапыран замандарда жері мен елін найзаның ұшы, білектің күшімен қорғап қалған ерлерін дәріптеу мақсатында, әрі арманындағы суға салса батпайтын, отқа жақса жанбайтын, елі үшін жанын пида ететін ғажайып қаһарманды аңсаудан батырлар жыры туған. Ауыз әдебиетінің басқа да салалары секілді эпос та ауызша жасалған мұра. Ол өзінің бастау негізін тұрмыс-салт өлеңдері, ертегі, аңыздардан алады. Көркемдік табиғатына мұқият үңілсек, эпос бүкіл ауыз әдебиетін жинақтап тұрған көркем шежіре іспеттес. Алғашында бір ғана эпизодтан туған үзік жырлар келе-келе дамып, ұзақ жырларға айналған, жырда батырдың тууы, өсіп жетілуі, ерлік сапарлары, батырдың үйленуі сияқты оқиғалар да тұтастанған.
Батырлар жырындағы тұтастану құбылысы батырды, оның ұрпағын дәріптеуге бағытталған. Тұтастану құбылысы түрлі тарихи оқиғаларды, қаһарманның шым-шытырық өмір жолы мен түрлі іс-әрекеттері, оған қоса батырдың ұрпағының өсіп, өрбуін сипаттайды.
Өз елін басқыншылардың шабуылынан құтқару үшін, қалмақтарға қарсы шыққан бір топ батырлар жырының бірі - Мұрын жыраудың репертуарындағы «Қырымның қырық батыры». Бұл жырлардың әдеби, әлеуметтік екі сипаты бар: бірі - халқын сүйген, оларға адал қызмет істеген батырлардың ерлік істері бейнеленсе, екіншісі - ертедегі мәдени мұрамыздың даму дәрежесін, шыққан биігін көрсетеді.
Бірінші кезекте айтатынымыз, Мұрын жырау қазақтың жеке-жеке, үзік-үзік жырларын топтап, тұтастандыру үшін, өз репертуарын қырыққа дейін жеткізген.
Кезінде Мұрын жырау көршілес қарақалпақ, түрікмен-өзбек жерін көп аралап, олардың жыраулары мен жырларын жақсы білген. Ол, бір жағынан, қазақ халқының батырлық жырларын Орта Азия елдеріне айтып, таратумен қатар, өзі де сол елдердің эпостарының жырлану әдісінен үйренген. Сондықтан Мұрын жырау өзінің репертуарын қырыққа жеткізуге күш салған. Сөйтіп, қазақ халқының ертегісін, салт жырларын, эпосын бір ортаға топтап, сол арқылы қазақтардың шаруашылық, мәдени келбетін тұтас бір шығармаға сиғызбақ болған. [1, 104]
Тұтастану құбылысын зерттеу орыс әдебиетінде Н. А. Добралюбовтан басталады. Ал қазақ ауыз әдебиетіндегі тұтастану құбылысын атап айтпаса да белгілерін көрсеткен Ш. Уәлиханов болатын. Шығыс пен Батыс халықтарының эпосын мейілінше кең, салыстырмалы түрде зерттеп, тұтастануды арнайы проблема етіп қарастырған В. М. Жирмунский болып табылады. [2, 182] Қазақ фольклорындағы тұтастанудың негізгі шарттарын көрсеткен С. Садырбаев болса, ғалым С. Қасқабасов «Қазақ фольклорындағы тұтастану құбылысы» деген мақаласында нақты мысалдармен дәлелдер айтады. Одан кейінгі Ш. Ыбыраев, Б. Рақымовтар тарихи дәуір тұрғысынан, тарихи жырлардағы тұтастану жайлы зерттеді.
Менің дипломдық жұмысымның тақырыбы - «Батырлар жырындағы тұтастану құбылысы». Бұл тақырыпты алудағы негізгі мақсатым - батырлық жырлардағы тұтастану құбылысының мән-мағынасын ашу болып табылады. Мақсатқа жету жолындағы алдыма қойған міндеттер мыналар болып табылады:
- батырлық жырлардағы тұтастану құбылысының түрлері мен ерекшеліктерін көрсету;
- батырлар жырларындағы тұтастану құбылысының көркемдік жүйесін
анықтау.
Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І БӨЛІМ. Батырлар жырының зерттелу тарихы
1. 1 Батырлар жырының жиналуы мен зерттелуі
Батырлар жыры - халық арманынан туып, ел қорғауда жанын пида етуге даяр, суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын алып тұлғаны аңсаудан туған асыл мұрамыздың бір саласы. Қаһармандықтың теңдессіз үлгісі болған батырлар жыры талай ғасырдың жемісі. Осынау мол мұраны халық арасынан жинап, зерттей бастау ХІХ ғасырдан қолға алына бастады.
ХІХ ғасырда қазақ эпосын жинау, жариялау және ол туралы пікір айтумен арнайы дайындығы бар ғалымдар мен саяхатшылар да, сондай-ақ басқа мамандықтың өкілдері де (әскери адамдар, тілмаштар т. б. ) айналысты. [2, 11]
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қолға алынған эпосты жинау, орыс тіліне аудару, пікір айтумен айналысқан адамдар А. Левшин, И. Беленицин, Ф. Костылецкий, Н. М. Карамзин т. б. болды. Оларға жыр нұсқаларын жинап, жазып алуға Шыңғыс Уәлиханов, Ахмет Жантөрин, Әбдуәлі Жантөрин, Халиулла Өскенбайұлы тағы басқа қазақтар ат салысты. Қолда бар деректерге қарағанда осылардың көмегі арқылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосының бірнеше нұсқалары, «Тоқтамыс», «Едіге», «Ер Көкше» жырлары жазылып алынған. [2, 11]
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның Ресейге қосылу процесі аяқталып, барлық салада жаңалықтар бола бастады. Сондай жаңалықтар ауыз әдебиетінде де белең алып, ауыз әдебиетін зерттеу қолға алына бастады. Ш. Уәлиханов, В. Радлов, Н. Потанин, Ә. Диваевтар қазақ әдебиетін, эпосын арнайы зерттеп, сол туралы еңбектерін жариялай бастады. Ғалымдар жинаған материалдар сол кезеңдегі патша тарапынан шығып тұратын облыстық ведомстваларда, ірі хабаршыларда және «Дала уалаяты», «Түркістан уалаяты», «Қазақ» газеттерінде жарияланып тұрды.
Қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап, зерттеу жөнінде Ш. Уәлихановтың атқарған еңбегі зор. Қазақтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер Көкше», «Ер Қосай» жырларын, көптеген мақал, аңыз, ертегі, шежірені, Жанақ, Шөже, Тәтіқара, Арыстанбай, Шал секілді ақындарының шығармаларын жазып алған. Ғалымның қазақ әдебиетіне қатысты ойлары мен байқаулары «Ұлы жүз қазақтарының аңыздары», «ХҮІІІ ғасырдағы батырлар жайындағы тарихи аңыздар», «Қазақ арасындағы бақсылықтың қалдықтары» секілді еңбектері бар.
Қазақтың батырлар жыры туралы ғалым «халықтың рухы, көзқарасы, әдеті, мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігі суреттелген. Сондықтан бұл жырлардың әдебиет жағынан болсын, тарихи жағынан болсын маңызы зор» деген пікір айтады. [3, 191]
Түрлі халықтардың әдебиеті мұрасын салыстыра зерттеу жөнінде Ш. Уәлиханов игі дәстүр салды. Ол гректің «Одиссея» эпосындағы сияқты кейіпкер қазақ ертегілерінде кездесетінін атап көрсетеді. Енді бір ретте қазақтың халық поэзиясы мен араб поэзиясын салыстыра қарап, тамаша ойлар түйеді. «Дала өмірін жырлаған поэзия болғандықтан, бұл екі елдің поэзиясы болғандықтан, бұл екі елдің поэзиясы бір-біріне өте ұқсас, екеуінің де сюжеті дала өмірі тәрізді үнемі біркелкі болып келеді. Екеуінде де көшпенді тұрмыс, сұлу табиғат, рулардың қарым-қатынасы, талас-тартысы суреттеледі» дейді ғалым. Түрік, монғол тектес халықтардың ауыз әдебиеті өзара ұқсас, үндес екенін де ескертеді. Орыс халқының фольклорының қазақтікімен кейбір жақындығын да байқай отырып: « . . . Көп уақыттан бері қазақтың ертегілерін, эпикалық жырлары мен аңыздарын жинаумен шұғылдана жүріп, мен олардың Еуропа халықтарындағы, әсіресе славяндардағы осы тектес шығармалармен бір сарындастығына таң қалдым» дейді. [3, 205]
Қазақ ауыз әдебиетінің мұраларын жинап, жүйелеп, зерттеуде зор еңбек атқарған ғалымдардың бірі - В. В. Радлов еді. Ол қазақ батырлар жырын да өзге ауыз әдебиеті үлгілерімен қоса жинай отырып, оларды «батырлық ертегілер» деп атаған. Тұңғыш рет фольклорлық мұраларды кітап етіп жариялаған.
Г. Н. Потанин қазақ фольклорымен қатар азияның көптеген халықтарының да үлгілерін жинап, күрделі пікір білдіруде зор үлес қосқан. Ол «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының варианттарын, Алдар көсе, Ер Төстік, Алаша хан сияқты көптеген ертегі, аңыздарын жинаған. Халықтың фольклорлық мұраларын жинап, зерттеуде үлкен еңбек атқарған Ә. Диваев болды. Жинаған дүниелерін сол кездегі газет-журнал беттерімен қатар Ә. Диваев кітап етіп бастырған. Ол әсіресе эпостық шығармаларға көңіл бөліп, ұзақ жылдар бойы жинап, бастырған. Солардың ішінде «Алпамыс», «Қобыланды» тағы басқалары бар.
Фольклорды ел арасынан жаппай жинап, жазып алу жұмыстары біздің елімізде өткен ғасырда қызу жүргізілді. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін
20-жылдары Қазақстандағы өлке тану қоғамы бұл іске ұйытқы болды. Сондай-ақ 1933 жылы қазақтың ұлт мәдениетін зерттеу мақсатында Ғылыми - зерттеу институты құрылады. Осы институт ел ішінен ауыз әдебиетін жинау мақсатында арнаулы экспедициялар жіберуді қолға алды. Мұндай аса маңызды шараларға М. Әуезов, І. Жансүгіров, С. Сейфуллин, С. Мұқанов, С. Аманжолов, Ө. Тұрманжанов, С. Кеңесбаев, Е. Ысмаилов тағы басқалар ат салысады. Мұнымен қоса қазақтардың ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға мемлекеттік деңгейде баса көңіл бөлу Қазақстанда Ғылым Академиясының филиалы (1946 жылдан бастап Қазақ ССР Ғылым Академиясы) құрылуымен де тығыз байланысты. [4, 49]
ХХ ғасырда эпостану ғылымы үздіксіз өсті. М. Әуезов, С. Сейфуллин, Ә. Марғұлан, Х. Досмұхамедов, Қ. Жұмалиев тағы басқа ғалымдар эпостық мұраны зерттеуде үлкен еңбек етті.
М. Әуезов фольклорды «халықтың сан ғасырлық өмір тәжірибесі мен армандарының жемісі» деп қарап, фольклордың әдеби-эстетикалық, танытқыштық және тәрбиелік мәнін ерекше бағалаған. Ғалым өзінің «Әдебиет тарихы» еңбегінде батырлар жырын ұлы батырлар, кіші батырлар деп бөледі. «Қазақтағы батырлар әңгімесінің осы кездерде шыққандары екінші бір жік болады. Алғашқы жіктегі ұлы батырлар. Бұлар көшпелі елдің шабынгерлік, жауынгершілік, құба қалмақ заманында жүргендегі батырлар . . . Бұдан кейінгі жікке кіретін - кіші батырлар. Бұлар қазақтың тіршілігі тыныштық дәуіріне қарай ауысып, асау ханның жуасыған кезінде шыққан батырлар» дей келе, ұлы батырларға Едіге, Қобыланды, Ер Тарғын, Ер Сайын, Шора батырларды, кіші батырларға Қамбар, Алпамыстарды жатқызады. [5, 56]
С. Сейфуллин өзінің «Қазақ әдебиеті» деген еңбегінде ауыз әдебиетінің түрлі жанрларына сипаттама жасайды. Қазақтың «Қобыланды», «ЕрТарғын», «Ер Сайын», «Ер Қосай», «Қамбар», «Ер Көкше», «Ер Қосай» сияқты жырларының мазмұнымен таныстырып, тақырыптық талдау жасайды. Сонымен бірге Сейфуллин қазақ жырларының мол қоры тарихтың көне кезеңі - ноғайлы дәуіріне қатысты екенін айтады. Ол кейіннен қазақ халқының құрамына енген рулардың бір заманда «ноғайлы», «өзбек» аталып жүргендерін, демек бұл терминдер белгілі бір замандарда қазақтарға да қатысты болғанынын атап көрсетеді. Қазақ жырларының көбінде батырлар «ноғайлы елінен» болуының түп себебі бір кездерде қазақ, қарақалпақ, ноғай елдерінің біртұтас ел болып, бауырлас ел болып келуінде деген пікір айтады. [6, 297-344]
С. Мұқанов та сонау қазақ жырларының тұтас күйде елге толық түрде мәлім болмаған кезеңде ауыз әдебиеті, эпос туралы пайымдаулар айтып, талдаған адамдардың қатарында болды. С. Мұқановтың бұл саладағы еңбегін негізінен екі жүйеге бөліп қарауға болады: бірі - оның эпосты жариялау жөніндегі, екіншісі - батырлар жырын зерттеудегі еңбегі. Ол өзінің «Халық мұрасы» деген зерттеуінде халықтық эпостың жанрлық табиғаты туралы сөз қозғайды.
Б. Кенжебаев қазақ тарихи жырларын тұңғыш зерттеушілердің бірі болып табылады. Ол Абылай, Сырым, т. б. тарихи қайраткерлер жайында туған жырлар мен аңыздарға көңіл бөлген.
Эпос табиғаты және негізгі түрлері жайында өз қозғаған, талдаудар жасаған ғалым академик Қ. Жұмалиев еді. Батырлар жырының негізі жайлы ғалым: «…Бір батырдың ерлік өмірі туралы, не жалғастыра жырлаған көп батырлардың күрестері туралы жырлар талай жылдарды, талай шығарушы, жырлаушыларды бастан өткізіп барып халық қазынасына айналады. Қазақ ғылымы да осыны аңғарады. Қазақтың осы күнгі ұзақ эпостарының бастамалары ерте замандардағы патриархалдық-рулық құбылыс кезінде үйсін, қаңлы, қоңырат, керей, қыпшақ замандарында әр рудың өз тәуелсіздігін сақтап қалуы үшін күрескен адымнан істеген ерлікке айналып жыр еткен қысқа көлемді жырлар» деп батырлық жырлардың халық арманынан туатынын айтады.
Сонымен қатар: «…Қай жырдың идеясын алсаңыз да, негізінде ел тілегі жатады. Елдің елдігін, ерлердің патриоттықтарын тарихқа аты мәлім бір адамдардың іс амалы арқылы көрсетуге тырысады. «Қобыланды», «Қамбар», «Ер Тарғын», «Алпамыс» жырларының негізгі идеясы өз Отанын басқа елдің шабуылынан қорғау, жау қаншама көп, қаншама күшті болса да халық өз батырларын үстем етеді. Қандай қиыншылық болсын, батырлар жеңіп шығады, оларды алмақ болған сыртқы жаулар да, аяғынан шалмақ болған пасық - ішкі жаулар да апатқа ұшыраған» деп эпостың сипатын аша түседі. [7, 14]
Батырлық жырлардағы болашақ батырдың ғажайып түрде өмірге келуі, ерте есейіп, ерлік істерге араласа бастауы, оның үйлену жолындағы ерліктері, алған жарының өзіне сай ақылды, ажарлы болуы эпоста елеулі орын алатынын атап көрсетеді.
Е. Ысмайылов 1939 жылы жазып, бірақ жарияланбаған «Батырлар жыры туралы» деген зерттеуінде ол эпосты төртке бөледі: ХІҮ ғасырға дейінгі көне дәуірді шартты түрде қаңлы-қыпшақ заманы деп атап, «Ер Төстік», «Құламерген», «Аралхан», «Көрұғлы», «Бозұғлан», «Алпамыс» жырларын осы кезеңге тән дейді. «Едіге», «Қобыланды», «Орақ-Мамай», «Шора», «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Қамбар», «Бөген батыр», «Ер Сайын» жырларын ХІҮ-ХҮІ ғасырдың, ноғайлы заманының оқиғаларын қамтиды деп санап, бұларды жеке салаға бөлген. Бұдан кейін «Қабанбай», «Бөгенбай», «Есімхан», «Олжабай», «Алатай», «Қаратай» аттарына байланысты жырларды жеке кезең туындысы ретінде ұсынады. Ал ХІХ ғасырдағы ұлт азаттық күрестің ерлері Исатай, Махамбет, атақты батырлар Бекет, Жанқожа, Ағыбай, Сұраншы, Сыпатай туралы жырлар өз алдына бір топқа топталған. (Е. Ысмайылов еңбегі қолға түспегендіктен, Р. Бердібаевтың еңбегіне сүйендім) . [8, 26]
«Ақындар» деген монографиясында Е. Ысмайылов жырды айтушыларына, сақталуына, дамуына байланысты құнды пікірлер айтқан. [8, 27]
Халқымыздың эпикалық жырларын зерттеуде елеулі еңбек еткен ғалымдардың бірі - академик Ә. Марғұлан. Ол өз мақалаларында эпостық жырларға тоқталып, эпостағы батыр, оның сүйген жары, жүйрік аты бейнесіне тоқталған; өзге елдер фольклорынан мысал келтірген.
Қазақ жырларының шығу кезеңін дәуірге бөліп, «О характере и исторической обусловленности казахского эпоса» деген еңбегінде эпостың шығу тегі мен жасалу кезеңін бес дәуірге бөліп қарайды:
- архайкалық дәуір - оған «Ер Төстік», «Ақ Кебек», «Құламерген», «Шолпан мерген» жырларын жатқызады;
- оғыз-қыпшақ (ХІ-ХІІ) дәуірі («Қорқыт», «Қазанбек», «Алпамыс», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Домбаул» т. б. аңыздаулар) ;
- ХІІІ-ХҮ ғасырлар оқиғасына құрылған эпос жеке сала болып қаралып, өз ішінен екі топқа бөлінген:
а) Жошы ұлысының құрылуы мен ішкі қайшылығын бейнелейтін жырлар («Қобыланды», «Ер Тарғын») ;
ә) аталған ұлыстардың ыдырауын және өзара соғыстарын сипаттайтын эпос («Қамбар», т. б. ) ;
4. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресті суреттейтін эпос (ХҮІІ-ХҮІІІ) («Қабанбай», «Бөгенбай», «Олжабай» туралы ) ;
5. ХІХ ғасырда патша езушілігіне, хандар зорлығына қарсы күрес хикаяларын беретін эпос жеке дәуір қорытындысы деп сипатталған. Ғалым тарихта өмір кешкен Исатай, Махамбет, Бекет, Жанқожа туралы шығармалардың жанрлық өзгешеліктері бар екенін ескерткен. [8, 30]
Қазақ эпосы жөнінде еңбек еткен Ә. Қоңыратбаев қазақ эпосын жанрлық, хронологиялық жағынан төмендегіше жіктейді:
- Ертегілік эпос (Ер Төстік, Құламерген, Дотан) ;
- Түрік қағанаты дәуірінде туған жылнамалық эпос ( «Орхон» жазулары, «Күлтегін») ;
- Оғыз эпосы ( «Кітаби дадам Қорқыт») ;
- Тайпалық эпос («Қобыланды», «Алпамыс», «Қамбар») ;
- Ноғай эпосы («ЕрТарғын», М. Сеңгірбаев жырлаған «Қырымның қырық батыры») ;
- Тарихи эпос («Бекет», «Досан», 1916 жыл поэзиясы) ;
- Лиро-эпос («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек») ;
- Шығармашылық дастандар («Рүстем дастан», қиссалар) ;
- Авторлық эпос («Еспембет», «Өтеген» т. б. ) ;
- Совет эпосы («Амангелді», «Мәлік» т. б. ) .
Қазақ ауыз әдебиетінің түрлі жанрларын зерттеп, ойлар айтқан ғалымдардың бірі - профессор Н. С. Смирнова. Оның еңбегінде эпос генезисі, даму ерекшелігі, варианттары, тарихилығы, көркемдік кестесі жөнінде талдаулар берген. Бұл зерттеудің желісі (батырлық жыр жайында, «Алпамыс», «Қамбар», ХҮІІІ ғасыр тарихи өлең, аңыз, жыр сандығы), қазақ әдебиетінің тарихында Абылай, Өтеген батыр атына байланысты туған жыр, аңыздар «Қазақ тарихи жырларының мәселесі» кітабында сөз болған. [8, 35]
Өз басы асқан құрметке бөленген, өмірі мен ерлігі жыр, аңыздарға айналған М. Ғабдуллин қазақтың ауыз әдебиетінің, соның ішінде эпостардың көрнекті маманы еді. Оның «Қобыланды батыр» жайлы зерттеу монографиясында жырдың шығуы, басылуы, жиналуы, зерттелу тарихы жайында сөз қозғайды. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» оқулығы қазақ фольклорының жайынан көп мағлұмат береді.
40-50 жылдары эпостық жырлардың варианттарына көңіл бөлініп, жырау, ақын, жыршы өнеріне назар аудару ерекше жанданды. Атақты М. Сеңгірбаев, А. Мәзғожаев, И. Байғанин т. б. тамаша саңлақтардың репертуарындағы эпикалық жырлар қағаз бетіне түсе бастады.
Бұған қоса қазақ эпосының таңдаулы үлгілерін жалпы көпшілікке арнап та, жеке ғылыми қос тілді басылымын даярлау жұмысы да белең алды. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» (1959), «Қамбар» (1959), «Алпамыс» (1961), «Қыз Жібек» (1963) текстері жарыққа шықты.
Алайда ғылымдағы осындай істің нәтижесі үнемі бақылауда болып, ресми идеология дүркін-дүркін тізгінді тарта ұстаумен болды. Қазақтың көптеген жырларына «халыққа қарсы», «хандық феодалдық» дейтін айыптар тағылды, нәтижесі қаулы-қаралармен тұжырымдалып жатты.
Қазақ эпосының өзге фольклорлық жанрларымен байланысын, эпос пен ертегінің жанрлық ара қатынасы жөнінде, жалпы ауыз әдебиеті туралы С. Қасқабасов, эпостың халықтық эстетикалық талғамдарымен, көркемдік дүние таныммен байланысын С. Садырбаев сөз етті.
Р. Бердібаев «Қазақ эпосы» еңбегінде эпосты - көне («Құламерген», «Жоямерген» т. б. ), қаһармандық эпос («Ер Тарғын», «Алпамыс» т. б. ), ғашықтық эпос («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Жүсіп-Зылиқа» т. б. ), тарихи эпос («Қабанбай», «Исатай-Махамбет» т. б. ) деп бөледі. [8, 37]
Ал, қазақ фольклорындағы тұтастану құбылысының зерттелуіне келер болсақ, әдебиетіміздегі тұтастану құбылысын атап айтпаса, да алғаш Ш. Уәлиханов аңғарған болатын.
Тұтастану құбылысының негізгі шарттарын белгілеп, сөз қозғаған С. Садырбаев болса, одан кейін аталған мәселе төңірегінде С. Қасқабасов, Ш. Ыбыраев, Б. Рахимовтар зерттеу жасады.
Міне, қазақ эпосының жиналу, зерттелу тарихы осындай сатылардан өтіп, бізге жетті.
1. 2. Эпосты айтушылар және көп нұсқалы болу себептері
Батырлар жыры - халқымыздың ғасырлар бойғы тағдырын, ерлігі мен елдігін, ой-арманын жинақтаған қаһармандық жырлар.
Батырлар жыры ауыздан-ауызға таралу арқылы сонау ықылым замандардан бізге ауыздан-ауызға таралу арқылы жетті. Әр айтушы өзінше көркемдік бояу салып жырлағанмен, жырлардағы негізгі сюжет өзгеріссіз қалып отырды. Әрбір ақын өздерінің жырын жұрттың жиналған жерінде айтқанда бұрыннан таныс шумақтарын қайталамауға тырысып, тыңдаушыны жалықтырып алмау үшін, әрі сүйсіндіріп тыңдату үшін жаңадан тың әңгімелер қосады.
Әрине, жырды ұзағынан айту, бір оқиғадан екіншісін тудыру, әңгімелеудің жалпы желісін бұзбай молынан қамти жырлау әрбір ақыннан асқан шеберлікті, ақындық өнерді қажет етеді.
Ертеден келе жатқан жыр сюжеттерін негізге ала отырып, әрбір ақын өзінше өңдеп, өзінше жырлаған.
Халық арасында әлде бір батырдың қоштасуы және соны жоқтауға байланысты таралған өлең-жырды алғашқыда бір ақын жинап, басын құрауы, сөйтіп тұңғыш эпостық дастанның тууына байланысты негіз қалауы ықтимал. Бір ақынның аузынан екінші ақынға көшкенде дастан толысып, оқиғасы қалыңдап, молыға түсіп отырған. Эпостық дастанның туып, қалыптасуына ақындармен бірге халық та қатысқан, кей нұсқаны қабыл алып, кейбір нұсқаны жақтырмаған. Дастанның бір ақын жырлайтын тұрақты, түбегейлі нұсқасы жасалғанша осылай болған. [9, 35]
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz