Меншікке қарсы қылмыстар. Талан – таражыға салу


МАЗМҰНЫ

Кіріспе 3

1 Меншікке қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы 6

2 Талан - таражыға салудың қылмыстық құқықтық сипаттамасы 10

2. 1 Талан - таражыға салудың түсінігі 10

2. 2 Талан - таражыға салудың объективті және субъективті белгілері 14

2. 3 Талан - таражыға салудың нысандары және түрлері 23

2. 4 Талан - таражыға салудың нысандарының қылмыстық құқықтық сипаттамасы 24

3 Меншікке қарсы пайдақорлық қылмыстарының алдын алу 38

Қорытынды 46

Пайдаланылған әдебиеттер 50

Кіріспе

1959 жылғы ҚазССР - нің Қылмыстық кодексінің көптеген ережелері елімізде орын алған экономикалық, әлеуметтік және саяси қажеттіліктерге, сондай - ақ адам құқықтары туралы халықаралық шарттарға сәйкес келмеді. Сол себептен де 1997 жылы 16 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде меншікке қарсы қылмыстар жаңаша көзқараспен баяндалған.

Меншікке қарсы қылмыстар тарауының құрылымы өзгергендіктен, ескі Қылмыстық кодекске бейтаныс болып келген қылмыстардың жаңа түрлері қарастырылғандықтан жаңа Қылмыстық кодекстің ережелерін теориялық тұрғыдан түсіндіруге және оларды қолдануға байланысты ғылыми негізделген нұсқауларды өңдеп шығару қажеттілігі туындады. Қымыстық құқыққа байланысты отандық және ресейлік әдебиеттерде монографиялық сипаттағы еңбектер және меншікке қатысты әртүрлі мәселелерді қозғайтын ғылыми мақалалар болғанымен де, олар қазіргі таңда едәуір дәрежеде ескірген. Себебі олардың барлығы да 1958 жылғы КСРО және одақтас республикалардың қылмыстық заңдар Негізінде және 1959 жылғы ҚазССР - нің Қылмыстық кодексі негізінде жазылған.

Осы себептен де Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің ережелерін қолдана отырып, меншікке қарсы қылмыстарға талдау жасаудың ғылыми --тәжірибелік мәселелерін теориялық тұрғыдан қарастыру өте маңызды және өзекті болып табылады.

Жазылған жұмыстың маңыздылығының белгісі ретінде меншікке қарсы қылмыстардың жалпы жасалынған қылмыстардың арасындағы алатын елеулі үлес салмағын атап көрсетуімізге болады. Алматы қаласының өзінде ғана 2008 жылдың қаңтар - қыркүйек айларының арасында жасалынған меншікке қарсы қылмыстардың жалпы саны 6359; яғни барлық қылмыстардың 58, 9 % құрайды. Бұл дегеніміз сот - тергеу тәжірибесінің қызметкерлерін де, теоретик ғалымдардың да алаңдаушылығын тудыруы қажет. Яғни, меншікке қарсы қылмыстардың санын азайту үшін, олармен табысты түрде күрес жүргізу үшін нақты теориялық база керек.

Осы жоғарыда аталған мән - жайлардың болуы дипломдық жұмыстың тақырыбын таңдап алуға негіз болды.

Зерттеудің мақсаты келесіде: 1997 жылғы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің меншікке қарсы қылмыстар туралы, олардың басқа ұқсас қылмыстардан айырмашылығы туралы ережелерін ғылыми талдау, қылмыстық заңды жетілдіруге және оның сот - тергеу тәжірибесінде қолданылуын жақсартуға байланысты теориялық тұрғыдан негізделген ұсыныстарды кешенді түрде өңдеу.

Осы мақсат зерттеудің мазмұнын құрайтын келесі міндеттерді анықтайды.

Бұл міндеттер:

  • меншікке қарсы қылмыстардың әлеуметтік құқықтық мазмұнын зерттеу;
  • Қазақстан Республикасының Қылмыстық Заңы мен Ресей Федерациясының қылмыстық заңына салыстырмалы түрде талдау жасау;
  • меншікке қарсы қылмыстар үшін жауаптылықты көздейтін Қылмыстық кодекстің нормаларын жетілдіру үшін нақты ұсыныстар енгізу.

Зерттеудің объектісін және зерттеу пәнін 1997 жылғы Қылмыстық кодекстің меншікке қарсы қылмыстар туралы ережелері, ҚК баптарын пайдалануға байланысты сот - тергеу тәжірибесі құрады. Сондай - ақ зерттеу объектісі ретінде меншікке қарсы қылмыстармен күрес жүргізуге тікелей әсерін тигізетін конституциялық, қылмыстық істер жүргізу заңдары қарастырылды.

Зерттеудің әдістемелік негізі . Берілген тақырыппен жұмыс жүргізу барысында салыстырмалы құқықтанудың жекелеген ғылыми әдістері, тарихи және логикалық әдістер қолданылды.

Зерттеудің теориялық негізін аталған мәселе бойынша қылмыстық құқық ғылымында орын алған ережелер мен қорытындылар құрайды.

Жұмысты жазу барысында арнайы әдебиеттер, оның ішінде отандық, ресейлік еңбектер кең түрде қолданылды.

Зерттеудің нормативтік базасын Қазақстан Республикасының қылмыстық заңы мен сот - тергеу тәжірибесі құрайды.

Жұмыста алғаш рет 1997 жылғы Қылмыстық кодекс қабылданғалы бері меншікке қарсы қылмыстардың мәселелері кешенді түрде зерттеуге талпыныс жасалынған. Меншікке қарсы қылмыстардың түрлері, талан - таражыға салудың нысандарының сипаттамасы берілген, меншікке қарсы қылмыстарға байланысты сот - тергеу тәжірибесі талданылып, қылмыстық заңды жетілдіруге байланысты ұсыныстар мен пікірлер негізделген.

Осыған байланысты қорғауға ұсынылатын негізгі ережелер:

  1. Қылмыстық кодекстің қазақша нұсқасында қолданылған «ұрлау»термині өте ұтымды емес. Себебі орыс тіліндегі нұсқада берілген «хищение» термині қазақ тіліндегі нұсқада тоны айналдырылып «ұрлау» болып кеткен. Яғни заң шығарушы топтық ұғымды жеке, дара ұғыммен бір деңгейде қарастырған. Олай айтып отырған себебіміз «ұрлау» талан - таражыға салудың бір нысаны ғана болып табылады. Сондықтан да біз ҚР ҚК 175 бабының ескертуінің 1 тармақшасында берілген талан - таражыға салудың анықтамасын былай деп беруді ұсынамыз: «Талан - таражыға салу дегеніміз - пайдакүнемдік мақсатта бөтен мүлікті осы мүліктің меншік иесіне немесе өзге иеленушісіне зиян келтіре отырып, кінәлінің немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз, қайтарымсыз алу немесе айналдыру».
  2. Заң шығарушы деңгейінде берілген талан - таражының анықтамасында талан - таражы меншік иесіне немесе өзге де иеленушіге зиян келтіруі қажет деген талап бар. Келтірілген зиян алынған мүліктің мөлшерімен анықталынады. Осыған байланысты назар аударатын келесі мәселеміз: заң шығарушы қылмыстық істі қозғау үшін заңды тұлғаларға қатысты ұрланған мүліктің құны 10 айлық есептік көрсеткіштен кем болмауы қажет деп есептейді. Яғни 10 айлық есептік көрсеткіштен кем болса, ұсақ мөлшердегі талан - таражы деп есептелінеді. Заңда жеке тұлғаларға қатысты ұсақ талан - таражыға салудың мөлшері көрсетілмеген. Сондықтан да, Қылмыстық кодекстің 175 бабының ескертуін келесі тармақшамен толықтыруды ұсынамыз: «егер ұрланған мүліктің құны әрекет жасалған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген екі еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспайтын болса, талан - таражы ұсақ мөлшерде деп танылады». Бұл сот - тергеу тәжірибесінде орын алып отырған негізсіз қылмыстық істерді қысқартуды тоқтатады деп сенеміз.
  3. Сот - тергеу тәжірибесінде және қылмыстық құқық доктринасында келтірілген зиянның мөлшерін анықтау алынған заттың құнына және жәбірленушінің материалдық жағдайына байланысты деген тұжырым үстемдік етеді. Осыған байланысты еліміздегі тұрмысы орта және нашар адамдардың жағдайын ескере отырып келесі ұсынысты қылмыстық заңға енгізгіміз келеді. Яғни, қылмыстық заңда талан - таражының ауырлататын белгісі ретінде мүлікті елеулі мөлшерде талан - таражыға салуды көрсету орынды.

Зерттеудің ғылыми - тәжірибелік маңызы зерттеу барысында алынған ғылыми тұжырымдамалар сот - тергеу тәжірибесінде, қылмыстық заңды жетілдіруге байланысты қолданыла алады.

Жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жұмыстың көлемі: 50 бет.

1 Меншікке қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 6 бабының 1 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленді [1, 2б. ] .

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 188 бабына сәйкес меншік құқығы дегеніміз субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы болып табылады [2, 112б. ] .

Меншік иесі өзіне тиесілі мүлікке қатысты өз қалауы бойынша кез - келген әрекеттер жасауға, соның ішінде бұл мүлікті басқа адамдардың меншігіне беріп, иелігінен шығаруға, өзі меншік иесі болып қала отырып, оларға мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету жөніндегі өз өкілеттігін тапсыруға, мүлікті кепілге беруге және оған басқа да әдстермен ауыртпалықтар түсіруге, оларға өзгеше түрде билік етуге құқылы.

Сондықтан да, меншік иелерінің заңды құқықтары азаматтық құқық нормаларымен және меншік құқығына қоғамға қауіпті қол сұғушылық жасалғанда қылмыстық құқық нормаларымен де қорғалынады.

Қылмыстық құқықта меншік иесінің құқықтары меншік нысандарына қарамастан тең дәрежеде қорғалынады. Меншік нысандарының барлық түрлерінің тең түрде қылмыстық құқықтық қорғалынуы үшін қылмыстық заң қылмыстық жауаптылықтың негізін, шегін, қолданылатын санкция түрлерін бірдей етіп белгілеген. Меншік нысандарының тең қорғалынуы үшін: қылмыстық заң біріншіден, әртүрлі меншік нысандарына қол сұғатын ұқсас іс - әрекеттерді бірыңғай саралауды белгілеген; екіншіден, меншікке оның нысандарына қарамастан қол сұғушылық үшін қылмыстың ауырлататын немесе аса ауырлатын белгілерін де бірдей белгілеген; үшіншіден, меншік нысандарына қарамастан оған қылмысты қол сұғушылық үшін заңда жазаның бірдей түрлері және шегі белгіленген.

Әлеуметтік құндылықтар жүйесінде меншікке құқық адамның әлеуметтік игіліктерінің ішіндегі ең маңыздысы ретінде саналады. Сондықтан да, бұл игілікке қол сұғушылық адамның өз басына қол сұғушылықпен парапар кең мағынада алғанда. Меншікке қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау ҚР Қылмыстық кодексінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Меншікке қарсы қылмыстарды кейде мүліктік қылмыстар деп те атайды. 1922 және 1926- жылдардағы Қылмыстық кодекстердің тиісті тарауларының тақырыптары осылай деп аталған. Бұл екі түсінік бірдей, себебі меншікке қарсы жасалған қылмыстардың көпшілігінің заты мүлік болып табылады [3, 87б. ] .

Меншікке қарсы қылмыстар деп - мүліктің меншік иесіне немесе өзге иеленушісіне залал келтіре отырып немесе залал қауіпін тудырумен байланысты ҚК-те көзделген нысандар арқылы жасалатын қасақаналық немесе абайсыздық іс-әрекеттерді айтамыз [4, 140б. ] .

Меншікке қарсы қылмыстардың топтық объектісін меншік иесінің иелену, пайдалану немесе оған билік ету құқығын құрайтын меншікке байланысты қоғамдық қатынастар құрайды.

Меншікке қарсы қылмыстардың тікелей объектісі болып меншіктің кез - келген нысаны табылады. Меншіктің нақты нысаны қылмыстық жауаптылыққа және адамның мінез - құлқын саралауға әсерін тигізбесе де, қылмыстық іс бойынша анықталынуы міндетті болып табылады, себебі: біріншіден, қылмыстық іс бойынша дәлелдеу затының міндетті элементі; екіншіден, кейбір ауырлататын белгілерді таңуға әсерін тигізеді.

Қылмыстық заңның Ерекше бөлімін талдап қарасақ, қылмыстың тікелей объектісі бөтеннің мүлкі екендігі туралы қорытынды жасауымызға болады. Меншікке қарсы қылмыстардың қылмыстық қорғау объектісі ретінде өз мүлкі бола алмайды. Өз мүлкіне қатысты әрекеттер, егер де олар басқа азаматтардың заңмен қорғалынатын құқықтары мен мүдделерін бұзған жағдайда ғана заңсыз деп танылады. Бірақ та, бұл жағдайда қылмыстық құқықтық қорғаудың объектісі меншік қатынастары емес, басқа игіліктер - қоғамдық тәртіп, қоғамдық қауіпсіздік, азаматтардың өмірі мен денсаулығы қарастырылады.

Біз талдайын деп отырған қылмыс құрамдарында меншік қатынастары негізгі тікелей объект ретінде қарастырылған. Меншікке қарсы кейбір қылмыстар көп объектілі болып есептелінеді, яғни, оларды жасау барысында өмірге, денсаулыққа зиян келтіріледі. Оларға: тонауды, қарақшылықты, қорқытып алушылықты, автокөлікті заңсыз иеленуді жатқызамыз.

Меншікке қарсы қылмыстардың заты - Азаматтық кодексте көрсетілген меншік құқығының кез - келген объектісі бола алады. Осыған байланысты интеллектуалдық қызметтің нәтижелері де меншікке қарсы қылмыстардың заты ретінде қарастырылады. Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексіне сәйкес интеллектуалдық меншіктің өнімдері азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстар тарауында қарастырылған [5, 191б. ] .

Бұл мәселеге байланысты отандық заң шығарушының позициясы өте орынды деп есептейміз.

Осылайша, меншікке қарсы қылмыстардың заты ретінде - заттар, яғни ақша, бағалы қағаздар, кейбір кезде мүліктік құқықтар, интеллектуалдық қызметтің нәтижелері, яғни азаматтық айналымнан алынбаған басқа да жылжитын немесе жылжымайтын мүліктер қарастырылады.

Меншікке қарсы қылмыстардың объективтік жағынан материалдық қылмыс құрамдарының көмегімен құрылған. Олардың объектитік жағы үш міндетті белгіден тұрады: іс - қимыл, нәтиже және іс - қимыл мен нәтиженің арасындағы себепті байланыс. Тек қарақшылық құрамының аяқталу кезеңі алғашқы қылмыстық қызмет сатысына көшірілгендіктен келте қылмыс құрамы ретінде берілген. Ал қорқытып алушылық формальдық құрам ретінде сипатталған. Яғни, қылмыстың объективтік жағының міндетті белгісі ретінде қылмыстық іс - қимыл қарастырылған.

Меншікке қарсы қылмыстарда іс - қимыл көбінесе белсенді әрекет сипатында болады. Тек қана алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік зиян келтіру әрекетсіздік арқылы жасалына алады. Мүлікті абайсыздықта жою немесе бүлдіру барысында да әректсіздік болуы мүмкін. Қылмыстық нәтиже әруақытта да материалдық сипатта болады да, мүліктік зиян келтіруден көрінеді. Көп жағдайда қылмыстық нәтижені меншік иесіне немесе өзге де адамдарға келтірілген тікелей нақты залал құрайды. Тек қана, алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік зиян келтіру кезінде залал жіберіліп алынған табыс нысанында болуы мүмкін.

Меншікке қарсы қылмыстардың көпшілігінің объективтік жағының міндетті белгісі - қылмысты жасау әдісі (күш қолданып, күш қолданбай, жасырын немесе ашық) .

Меншікке қарсы қылмыстардың ішіндегі тек біреуі ғана абайсыздық нысанындағы кінәмен жасалынады - ол бөтеннің мүлкін абайсыздықта жою немесе бүлдіру. Қалған қылмыстар тек қасақаналықпен жасалынады. Осыған байланысты тек бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру тікелей немесе жанама қасақаналықпен жасалынады да, қалғандары тек тікелей қасақаналықпен жасалынады.

Жалпы ережелерге сәйкес меншікке қарсы қылмыстардың субъектісі - жалпы субъект болып табылады. Тек бір ғана қылмыста - бөтеннің мүлкін иемдену және ысырап етуде субъект арнайы. Кейбір қылмыс құрамдарында арнайы субъект ауырлататын белгі ретінде берілген. Мысалы: адамның қызмет бабын пайдаланып алаяқтық жасауы.

Қылмыстық жауаптылық туындайтын жас мөлшеріне қатысты меншікке қарсы барлық қылмыстарды екі топқа бөліп қарастыруымызға болады. 16 жастан жауаптылық туындайды келесі қылмыстар үшін: алаяқтық, бөтеннің мүлкін иелену және ысырап ету, алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік зиян келтіру, көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе сату, интеллектуалдық меншік құқықтарын бұзу, жерге заттай құқықтарды бұзу, бөтен адамның мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру, бөтен адамның мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру. Ұрлық, тонау, қарақшылық, қорқытып алушылық, автокөлікті ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену, ауырлататын жағдайда бөтеннің мүлкін қасақан жою немесе бүлдіру үшін жауаптылық 14 жастан бастап туындайды.

Мүлікке қарсы қылмыстар қылмыс құрамының субъективтік белгілеріне байланысты пайда табу мақсатында және пайда табу мақсатынсыз болып бөлінеді.

Пайда табу мақсатындағы қылмыстардың субъективтік жағының міндетті белгісі - пайда табуды көздеу немесе сондай себептер. Сонымен қатар, пайда табу мақсатындағы қылмыстарды, олардың объективтік жақтарының белгілеріне қарай, мүлікті алумен байланысты талан - таражы деп аталған қылмыстарға және талан - таражымен байланысты емес қылмыстарға бөлуге болады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес талан - таражыға ұрлық, алаяқтық, бөтеннің мүлкін иелену және ысырап ету, тонау, қарақшылық және ерекше құнды заттарды ұрлау жатқызылады.

Талан - таражымен байланысты емес қылмыстарды: қорқытып алушылық, алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік зиян келтіру, көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікңті сатып алу немесе сату, автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсызқ иелену құрайды.

Меншікке қарсы қалған қылмыстарға: интеллектуалдық меншік құқықтарын бұзу, жерге заттай құқықтарды бұзу, бөтен адамның мүлкін қасақана немесе абайсыздықта жою жатқызылады.

2 Талан - таражыға салудың қылмыстық құқықтық сипаттамасы

2. 1. Мүлікті талан - таражыға салудың түсінігі

Талан - таражыға салудың дәлме - дәл анықтамасын бару осы қылмыстардың мәнін анықтауға, қылмысты дұрыс саралауға, талан-таражыға салудың жекелеген түрлерін басқа ұқсас қылмыс түрлерінен ажыратуға, сондай - ақ осы қылмыс түрлерімен табысты түрде күрес жүргізуге және заңдылықты сақтауға мүмкіндік береді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мүлікті талан - таражыға салудың түсінігі
Талан – таражыға салу және сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу қылмысы
Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленіп алу немесе ысырап ету арқылы талан - таражға салу
Көптік қылмыстар жайлы
Көптік қылмыстарды саралаудың теориялық мәселелері
Қазақстан Республикасының қылмыстық саясаты және меншікке қарсы қылмыстардың қылмыстық-құқықтық сипаттамасы
Мүлікті қорғаудың қылмыстық құқықтық маңызы
Меншікке қарсы қылмыстарды жіктеу
ТОНАУ ҚЫЛМЫСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНА ЖАЛПЫ СИПАТТАМА
Меншікке қарсы қылмыстар туралы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz