Мағыналас фразеологизмдер


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 73 бет
Таңдаулыға:   

Кіріспе

Әлемдегі қандай халықтың болса да, белгілі дәрежеде дамыған сөз өнері бар. Біздің халқымыздың сөз өнері бірнеше ғасырлар бойы дамып жетіле келе, алдымен, жалпы халықтық тілді байытты. Халықтық тіліміздегі көркемдегіш элементтердің бір саласы болып табылатын тұрақты тіркестер тіл тану ғылымының аясында жеке лингвистикалық ілім ретінде аталып жүр. Тұрақты сөз тіркестердің жүйесін зерттейтін тіл туралы ғылымның бір саласы - фразеология. Фразеология - тіліміздегі фразеологизмдерді мағыналық ерекшеліктеріне қарай бөліп, құрамын анықтап, жасалу, даму заңдылықтарын зерттейді.

Фразеологизмдер - түркі тілдерінде оның ішінде қазақ тілінде, ертеден бар құбылыс. Көркем шығарма тіліндегі фразеологизмдердің қолданысы V-VIII ғғ. көне түркі ескерткіштерінен, ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясы, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінен байқалады. Зерттеушілер, әсіресе, фразеологизмдердің мағыналық түрлеріне көркем туындылардағы қызметіне, лексика-грамматикалық ерекшелігіне, стильдік ерекшелігіне баса назар аударады. Фразеологизмдердің шығармадағы негізгі қызметі - бейне жасау, кейіпкерлерге мінездеме беру, оқиғаны бейнелі тілмен суреттеу, белгілі бір жағдайға баға беру, ойды түйіндеу, қорытындылау, айшықты көркем сөзбен жеткізу. Фразеологиялық тіркестер барлық стильдерде де қолданылғанымен, бейнелілік пен экспрессивтілік, негізінен, көркем әдебиетке тән және көркемдік құрал.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Тіл білімінде фразеологизмнің алатын орны ерекше. Кез келген тілдегі фразеологиямдер - аса құнды лингвистикалық мұра. Көркем шығарма тілінің дамуы - ауқымды, күрделі мәселе. Жалпы жекелеген ақын-жазушылардың еңбектеріне лингвистикалық талдау жасау, ондағы тіл ерекшеліктері мен сөз оралымдарына кеңінен тоқталып өту - қашан да тіл білімі ғылымының басты мәселелерінің бірі болып есептеледі.

Қазақ тіл білімінде фразеология мәселелері XX ғасырдың 40-жылдарынан зерттеушілер назарына ілігіп, тілдік тұрғыдан зерттеу объектісіне айналды. Қазақ тіл білімінде фразеологияны арнайы, теориялық тұрғыдан зерттеу жайына келсек, біз мынадай 4 кезеңге бөлер едік:

  1. XX ғасырдың ортасы - 40-50-жылдар - қазақ фразеологиясын теориялық жағынан зерттеудің алғашқы кезеңі.
  2. 60-70-жылдар - қазақ фразеологизмдерін классификациялау, жеке авторлар еңбектеріндегі фразеологизмдер жайы.
  3. 80-жылдар - фразеологизмдерді жан-жақты зерттеу. Қазақ фразеологизмдерінің өзге тілге аударылуы мен басқа тілдегі фразеологизмдердің қазақ тілінде берілуі жайлы.

XX ғасырдың соңғы он жылы - 1990-2000-жылдар - фразеологизмдерді этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу және салғастырмалы фразеология. Қазақ фразеологиясын тілдік тұрғыдан зерттеуге алғашқы кезеңде ұлттық тіл білімді қалыптастырудағы аса көрнекті тілші ғалымдардың дені түгел назар аударған еді. Қазақ филологиясының тілші ғалымдары Н. Сауранбаев, І. Кеңесбаев, С. Аманжолов, Ғ. Мұсабаев, К. Аханов, Р. Сәрсенбаевтар фразеологизмдердің теоретикалық-практикалық мәселелері бойынша алғаш тұжырым жасаушылар болды.

Қазақ фразеологиясының мәселесімен шұғылданып, арнайы зерттеу жүргізген, сол жайында еңбек жазған І. Кеңесбаев болса, С. Аманжолов фразеологиялық тіркестердің сөйлем мүшесіне қатысы жайлы, Н. Сауранбаев фразеологияға не жатады дегенге көңіл аударды. «Қазіргі қазақ тілінің оқулығына» фразеология бөлімін енгізген Ғ. Мұсабаев та фразеологиялық ерекшеліктерге көп көңіл бөлген. К. Аханов өзінің «Тіл біліміне кіріспе» атты жоғары оқу орындарына арналған оқу құралының лексикология тарауында қазақ тілі фразеологиясына В. В. Виноградовтың классификациясы бойынша жіктеу берсе, Р. Сәрсенбаев тұрақты тіркестердің бір түріне жататын мақал-мәтелдердің тілдік ерекшеліктеріне тоқталды.

Қазақ фразеологизмдерін зерттеудің екінші кезеңінің 60-жылдары фразеологизмдер мен тұрақты тіркестер бір ме, оларға не жатады дегенге көңіл бөлді. Р. Сәрсенбаевтың «Қазақ мақал-мәтелдерінің лексика-стилистік ерекшеліктері» кандидаттық диссертациясында, С. Исаевтың «Қазақ тілінің тұрақты сөз тіркестерінің бір типі жөнінде» мақаласында осы ерекшеліктерге назар аударған. Осы жылдарда жеке авторлар шығармаларындағы фразеоло гизмдердің қолданылуына да көп көңіл аударып, сөз таптарына жүйеледі, сөйлемдегі беретін мағынасына қарай топтады. Ә. Болғанбаевтың «Қазақ тіліндегі алғыс және қарғыс мәнді тұрақты сөз тіркестері», М. Белбаеваның «Сұлтанмахмұт шығармаларындағы фразалық тіркестер» мақалалары мен осы жылдары қорғалған Х. Қожахметованың «Ғ. Мұстафин шығармаларындағы фразеологиялық орамдар», Е. Бектұрғановтың «М. Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясындағы тұрақты сөз тіркестері» кандидаттық диссертациялары сол жылдардың ізденіс нәтижесі болып табылады.

70-жылдарда фразеологизмдерде өзге құбылыстардан айыру жөнінде А. Байталиев кандидаттық диссертация қорғап, Ә. Қайдаров пен Р. Жайсақова, А. Елешова қазақ фразеологизмдерін классификациялау мәселесіне көңіл аударды. Екінші кезеңнің тағы бір ерекшелігі 70-жылдардың аяғында қазақ фразеологизмдерінің өзге тілдерде берілуі және өзге тілдердегі шығармаларды қазақ тіліне аударғандағы фразеологизмдердің берілуі жайы тілші ғалымдардың назарын аударды. Бұл ретте Ө. Айтбаевтың, Қ. Дүйсетаеваның зерттеу еңбектерін айтуға болады. Сондай-ақ осы жылдары қазақ және орыс тіліндегі фразеологизмдерді салыстыра зерттеу жайын қолға ала бастады, көптеген зерттеу-мақалалар жариялана бастады.

І. Кеңесбаевтың көп жылдық еңбегінің нәтижесі - он мыңнан аса фразаны қамтыған «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» шықты.

Үшінші кезең - қазақ фразеологиясын жан-жақты зерттеу кезеңі. 80-жылдар алдыңғы кезеңдегі жұмыстардың заңды жалғасы болды. Қазақ фразеологизмдерін өзге тілдердегі тұрақты тіркестермен салыстыра зерттеу, аударма мәселесі жайында кандидаттық диссертациялар қорғалды. Ж. Қонақбаева антоним фразеологизмдерді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде салыстыра зерттесе, Д. Алтайбаева фразеологизмдердің аудармадағы берілу жолдарына (калька жолымен, дәл баламасы арқылы берілуіне) назар аударды. Ал А. Тажмұратованың зерттеу жұмысы орыс және қазақ фразеологизмдерінің тіл аралық қолдану ерекшеліктеріне арналған.

Үшінші кезеңде қазақ-орыс фразеологизмдерін салыстыра зерттеу нәтижесінде «Қазақша-орысша фразеологиялық сөздік» жасалды.

Бұл кезеңдегі тағы бір ерекшелік - тұрақты тіркестің тарихи қалпын (диахронды зерттеу) зерттеуге көңіл аударылды. Р. Сыздықованың «Қ. Жалаиридің «Жами-ат-Тауарих» атты шығармасындағы тұрақты тіркестер» еңбегі диахронды фразеологиялық зерттеу болып табылады.

Қазақ фразеологиясын зерттеудің төртінші кезеңі - 90-жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін. Бұл кезеңде тіл білімінің осы саласында жан-жақты әрі өте көп ізденістер болып жатыр. Фразеологизмдердің этимологиясына көңіл аударылып, олардың шығу төркініне талдау жасалынды. Фразеологизмдердің этимологиясы мен жасалу көздерімен тығыз байланыста жатқан этнопсихологиялық және мәдени-танымдық аспектідегі зерттелуі кейінгі онжылдықта академик Ә. Қайдаров пен оның шәкірттерінің еңбектерінде көрініс табуда.

XX ғасырдың аяғанда жетпісінші жылдардан басталған қазақ фразеологизмдерін орыс тілімен салыстыра зерттеу әрі қарай жүргізілді, ендігі жерде дамыған әлемдік тілдермен салыстыра зерттеу орын алды. Бұл ретте М. А. Жақсыбаеваның «Этнографические фразеосочетания казахского и русского языков», Ф. Н. Дәулетованың «Қытай және қазақ тілдері фразеологизмдеріне лексикографиялық салыстырмалы талдау», Ш. Қ. Құрманбаеваның «Түрік және қазақ тіліндегі етістікті фразеологизмдерге салыстырмалы талдау» атты диссертацияларын атауға болады.

Төртінші кезеңдегі қазақ фразеологиясын салыстырмалы зерттеудің нәтижелерінің көрінісі - «Түрікше-қазақша фразеологиялық сөздік», «Қысқаша қытайша-қазақша фразеологиялық сөздік», «Краткий англо-русско-казахский словарь».

Ойымызды қорыта келгенде, қазақ фразеологизмдері жан-жақты зертелуде. Зерттеу бағыттары сан салалы. Фразеологизмдерге тілші ғалымдар көп назар аударуда.

Қазақ тілінің аса өнімді лексикасынан хабардар ететін суретті, бейнелі сөз тіркестерінің стильдік қолданылу ерекшеліктеріне жазушының да, сөйлеу кезінде айтушының да қосатын үлесі әркелкі. Қоғамдағы кез келген зат, құбылыс атауы қарама-қарсылықтан, салыстырудан пайда болады. Олай болса, қазақ тіліндегі лексикалық қордың мағыналас фразеологизмдер арқылы қолдану өрісі мен стильдік дәрежеленуін жеке қарастыру - тілдік талдау жұмыстарын қажет етеді.

Адамзат баласы психикалық қасиеттеріміз арқылы өзімізді қоршаған заттар мен құбылыстарды өзімізше қабылдаймыз. Мәселен, адам бір жаңалық ашса, оған ол өзінше қуанып, төбесі көкке жетеді, біз басқаша қабылдауымыз мүмкін немесе біреудің жақыны қазаға ұшыраса, ол күйінеді, қайғырады, ал біз түк болмағандай жүре беруіміз мүмкін т. с. с. Демек мұндай жағдайдан туған адамның психикалық жай-күйлері арқылы берілетін тілдік құбылыстар әр түрлі. Ендеше осындай күрделі құбылыстарды білдіретін адамға байланысты айталытын фразеологизмдердің табиғаты да, олардың тілдік тұрғыдан көріністері де күрделі болмақ. Адамға байланысты мағыналас фразеолеогизмдер күрделі құбылыс болғаннан кейін, оларды екінші бір адамға жай сөзбен жеткізу кей жағдайда мүмкін болмайды. Осындай жағдайларда олардың нақты көріністерін тіліміздегі тұрақты сөз тіркестерімен жеткізу әлдеқайда тиімді. Бұл туралы ғалым Г. Н. Смағұлова фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілерін зерттей келе, былай дейді: «Қазақ фразеологиясында мағыналас қатар құрайтын семантикалық топтар эмоцияның күрделі түрлерін қамтуда образдылықтың шарықтау шегін көрсетеді деуге болады. Мағыналас қатарлардың доминантын тірек мағына ретінде жеке сөздермен бейнелесек онда, эмоцияның күрделі түрлеріндегі көңілдену, шошу, қорқу, ренжу, қайғыру, қамығу, қуану, жылау, күлу, ашулану сияқты күшті эмоциялық сезімдерді сыртқа шығаруға үлкен шабытпен айтылар серпер сөз керек. Ол әр адамның айналасындағы болып жатқан құбылыс, іс-әрекеттерді қабылдау өрісіне қарай түрліше айтылып, жеткізіледі. Біреу жай ғана әсермен қалса, енді бірі делебесі қозып, жігерленіп кетеді. Тегінде эмоциясы жоғары фразеологизмдердің мағыналас қатарларының тым көп болу себебінің өзі сол күрделі эмоцияның түп төркінінде жатыр. Мұндағы жан ұшыру, құмарлық, стресс сияқты психологиялық жай-күйлердің қандай қыры мен сыры болсын фразеологизмдерсіз жеріне жеткізе айтылуы күмәнді» ‒ деген тұжырым жасайды. Расында да күнделікті өмірден аңғара бермейтін құбылыстар, атап айтқанда, адам баласы бір күн ішінде қанша қуанып, қанша мұңаяды немесе қорқады, таңқалады т. б. сол сияқты сан алуан күйді басынан кешіреді, бір ғана ашуды алатын болсақ, сол ашуланудан туындаған көптеген түрліше сипат беретін сөздердің, іс-қимылдардың саны мен көріністері күнделікті өмірде есепсіз. Өйткені адамға байланысты мағыналас фразеологизмдердің лексикасы бір қырынан ғана танылмайды, керісінше, көп қырлығымен, универсалдылығымен өзінің сыр-сипатын аша түседі. Сол себепті де оларды бүгінде тереңінен зерттеу қажеттігі туындауда.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Адамға байланысты мағыналас фразеологизмдерге қатысты ұғымдарды білдіретін тілдік бірліктердің тілімізде берілу амал-тәсілдерінің жүйесі мен қызметін анықтау, осы мақсатқа жету үшін бірнеше міндеттері бар:

- Мағыналас фразеологизмдер қатарларының семантикасы мен прагматикасы негізінде мағыналас фразеологизмдердің көпмағыналылығын анықтау;

- Мағыналас фразеологизмдердің негізгі ерекшеліктері

- Мағыналас фразеологизмдердің көпмағыналылығы

- Адамға байланысты мағыналас фразеологизмдердің қолданылу тәсілдерін айқындау;

- Адамға байланысты мағыналас фразеологизмдердің психикалық сезім күйін суреттеуде қолданылуы мен адамға байланысты мағыналас фразеологизмдердің көркем шығармада қолданысын талдау;

Зерттеудің нысаны. Адамға байланысты мағыналас фразеологизмдердің берілу жолдарын және қазіргі қазақ тіліндегі мағыналас фразеологизмдердің құрылымы мен семантикасын анықтау және олардың көркем шығармадағы көрінісіне тілдік талдау жасау.

Дипломдық жұмыстың әдістері мен тәсілдері. Жұмыста компоненттік талдау әдісі мен лексика-семантикалық талдау, сипаттама, салыстыру, қорыту әдістері қолданылды.

Дипломдық жұмыстың болжамы. Адамға қатысты мағыналас фразеологизмдердің берілу жолдарын топтау және олардың көркем шығармадағы орнын анықтау. Адамның мінез - құлқын, болмыс - бітімін әсерлеп, көркемдеп жеткізу.

Дипломдық жұмыстың теориялық және әдіснамалық негіздері. Жұмыстың теориялық негіздері Г. Смағұлованың «Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілерінен» (1998), «Фразеологизмдердің варианттылығынан» (1997), Ә. Болғанбаев пен Ғ. Қалиұлының «Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясынан» (1997), Х. Қожахметованың «Фразеологизмдердің көркем әдебиетте қолданылуынан» (1972), І. Кеңесбаев «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінен» алынды.

Дипломдық жұмыстың ғылыми жаңалығы. Көркем шығармадан алынған мағыналас фразеологизмдерді талдау, авторлық қолданыстарды анықтау, мінез - құлыққа байланысты берілген мағыналас фразеологизмдерді топтау.

Дипломдық жұмыстың маңыздылығы. Қазақ тіліндегі адамға байланысты қолданылатын мағыналас фразеологизмдердің қызметі мен мағынасын, олардың қолданылу ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін анықтауда алынған нәтижелер мен тұжырымдыр дипломдық жұмысымыздың маңыздылығын аша түседі.

Дипломдық жұмыстың құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Дипломдық жұмыстың мазмұны бойынша 1. «Адамға қатысты мағыналас фразеологизмдердің қолданысы» атты мақала халықаралық ғылыми-практикалық конференция жинағында жарияланды (Болгария 2015) . 2. «Адамға байланысты мағыналас фразеологизмдердің көркем шығармада берілу жолдары» атты мақала «Келешек ‒ 2016» студенттер мен жас ғалымдарлың республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы материалдарының жинағында жарияланды (Жезқазған 2016) .


1 Мағыналас фразеологизмдер туралы түсінік

1. 1 Мағыналас фразеологизмдер қатарларының семантикасы мен прагматикасы

Фразеология ‒ құрамы мен құрылымы тұрақты, сөйлеу кезінде конструкцияланбай, даяр қалпын сақтай отырып қолданылатын, мағына тұтастығы мен тіркес тиянақтылығы тән бейнелі тұрақты тіркестердің қазіргі күйін және тарихи қалпын зерттейін тіл білімінің саласы. Осының негізінде фразеология қазіргі немесе синхронды және тарихи немесе диахронды болып бөлінеді.

Фразеология зерттейтін пәні фразеологиялық оралымдар. Оларды фразеологизмдер, фразеологиялық бірліктер немесе фраземалар деп атайды. Тіл білімінің жаңа бағытын таңбалайтын «фразеология» термині жеке лингвистикалық пән ретінде XX ғасырдың 40-жылдары дүниеге келді. Фразеологияның алғашқы теориялық негізі және осы мәселе жөніндегі идеяны дамытушы Ш. Балли болса, оның Ресей топырағындағы дамуы мен жаңа, жеке лингвистикалық сала ретінде қалыптасып дүниеге келуі академик В. В. Виноградов есімімен тығыз байланысты.

Қазақ фразеологизмдерін теориялық тұрғыдан зерттеу мен арнай лексикографиялық еңбектерді басып шығару атақты ғалым І. Кеңесбаев еңбектерінен бастау алады. Түркі тілдес халықтарының ішінде алғашқы фундаменталды еңбекті академик І. Кеңесбаев 1977 жылы басып шығарды[1, 14] .

Фразеология деген термин негізінен екі түрлі мағынада қолданылады. Бірінші мағынасы тілдегі тұрақты тірестерді зерттейтін тіл білімінің бір саласы деген ұғымда қолданылады. Екіншісі бір тілдегі фразеологизмдердің тұтас жиынтығы дегенді білдіреді. Фразеология жеріне жеткізе зерттеліп біткен ғылым деп айтуға болмайды.

Тілімізде мағыналас фразеологизмдер айрықша қолданыста болып, көркем шығарманың тілінде айқын көрінеді.

«Тұрақты тіркестер жеке сөздің орнына жұмсалып қана қоймайды. Сонымен қатар, мәні, мағынасы жағынан үйлесе келіп, бірінің орнына бірі балама болып та қолдана беретінін ескерсек» айтылатын ой мен ұғым, түсінікті ұқсастығына қарай фразеологизмдер де синонимдік қатар құрайды. Сөйтіп, сөйлеуші айтайын деген ойын мәнерлеп жеткізу үшін жай сөздерден гөрі бейнелі, суретті сөз тіркестерінің өзара мағыналас, мәндес түрлерін таңдайды [2, 11] .

Амал жоқ, бөлмеден ұнжырғам түсіп, салы суға кетіп шығып кеттім («ҚӘ», № 38, 1994) .

Бисеновтың да мойнына су кетіп жүр (Ә. Кекілбаев 1-352) .

Осындағы «ұнжырғасы түсіп»», «салы суға кетіп» - деген синоним тіркестердің фразеологиялық мағынасы - бір нәрсеге ренжу.

Келтірілген екі сөйлемдегі мысалдардан мағыналас тұрақты тіркестер арқылы бір ұғымды, бір түсінікті қабылдаймыз.

Міне, Құрекең екеуінің арасындағы қыл өтпес жақындық осылай басталған («Жалын», № 10. 1992) .

Бастық өзінің төңірегіне тонның ішкі бауындай жанашыр достарын іріктеп алып жұмысқа беріле кіріседі («ҚӘ», № 38. 1994) .

Адамдар арасындағы достықты, жақындықты бейнелейтін «қыл өтпес», «тонның ішкі бауындай» деген мағыналас фразеологизмдер бұл арада тек жақындық, татулық ұғымына негізделген. Ал жоғарыдағы «мойнына су кету», «салы суға кету», «ұнжырғасы түсу» фразеологизмдері жолы болмау ұғымын да береді. Қазақ тіліндегі синоним фразеологизмдер өз ішінде осылай семантикалық тұрғыда іштей топтарға бөліне береді.

Жоғарыда талданған мысалдарда фразеологиялық синоним тіркестердің сөйлем ішінде қалай да бір стильдік өзгешелік, эмоциялық әсері, образдылығы байқалуы шарт. Бұл өзі жалпы синонимдер табиғатынан туындайтын заңдылық. Енді біз тақырыпқа сәйкес мағыналас фразеологизмдердің синонимдік қатарларының ең басты ерекшеліктері туралы сөз етеміз. Фразеологиялық қордан жинаған тілдік фактілерді сараптай отырып, мағыналас фразеологизмдер қатарын талдауда олардың лексикалық синонимдер қатарына қарағанда елеулі өзгешеліктері бірден назар аудартады. Синонимдік қатарға енгізілген фразеологизмдердің өз табиғатынан туындайтын бұл семантикалық категорияның парадигмалары фразео-сематикалық топ құруға әрі оның фразеологиялық жүйеде орнын анықтауға мүмкіндік береді. Мағыналас фразеологизмдердің синонимдік қатарларының өзіне тән семантикалық және прагматикалық ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Ғалым Г. Смағұлова мағыналас фразеологизмдердің синонимдік қатарларының өзіне тән семантикалық және прагматикалық ерекшеліктерін анықтау үшін мынадай белгілерді ұсынады:

  • синонимдік қатарлардағы тірек сөз (доминант) және тірек мағына немесе түсінік;
  • мағыналас фразеологизмдер қатарының лексика-грамматикалық ерекшеліктері;
  • синонимдік қатар құрамындағы кейбір тіркестердің көп мағыналылығы:
  • мағыналас фразеологизмдердің ішкі формасына қарай мағыналық реңктері;
  • синонимдік қатарлар құрамындағы фразеологизмдердің эмоционалды-экспрессивті мағыналық, стильдік реңктері;
  • мағыналас фразеологизмдер қатарының тіркесімділік шектері немесе синтагмалық оралымдары;
  • қатар құрауға тіркестердегі мәдени коннотациялардың ықпалы;
  • қатар құрамындағы фразеологизмдердің мағына тепе-теңдігі және квазисинонимдер;
  • синонимдік қатардың коммуникативтік единица ретінде функционалдық қызметі сияқты мәселелерді қарастырған.

Лексикалық синонимдер мен фразеологиялық синонимдер қатары, саны жағынан ұқсас болғанымен, сырт құрылымы жағынан өзгешеліктері бар. Мәселен, лексикалық синонимдер құрылымын қарасақ, мұнда қатар басында міндетті түрде бір тірек сөз (доминант) тұрады. Оны анықтау қиын емес. Себебі синонимдік қатарда басқаларына қарағанда, бір сөзге мағыналық ой басым түсіп, басқа мәндес сөздерді өз маңына топтастырады.

Ренжу - қамығу, налу, торығу, қынжылу, жабығу, өкпелеу, т. б.

Ал фразеологизмдер жағдайында РЕНЖУ - мойнына су кету, еңсесі түсу, жүні жығылу, ұнжырғасы түсу, мойнын ішіне тығу, тауы шағылу, сағы сыну, жүзі сынық, көңілі қалу, іш құса болу, көңілі құлазу, көңілі шайлығу, қабағынан қар жауу, сіркесі су көтермеу, жігері құм болу, самарқау тарту, т. б.

Лексикалық синонимдерді келтірілген мағыналас фразеологизмдермен салыстырсақ, алғашқысында өзара мағыналық сәл-пәл өзгешеліктер байқалғанымен, образдылық жоқ. Мұны фразеологизмдердің басты ерекшеліктерінің бірі десек, әрі осы тіркестердің барлығы жеке сөздерге синоним болып, баламалық қатыста синонимдік қатарларды көбейте түседі. Тағы бір айта кететін болсақ, мұнда «ренжу» жеке сөздерге де, фразеологиялық тіркестерге де доминант, ұйытқы сөз боп тұр. Мағыналық ой басым түскен сөздер үнемі фразеологизмдерге тірек сөздің қызметін атқара бермейтін тұстар бар. Кей жағдайда синоним фразеологизмдердің бір тұрақты ұйытқы мағынаны ұстап, синонимдік қатарларды басқару қабілетіне ие болады.

Мысалы: «еңбегі еш болу» - еңбегі далаға кету - еңбегі құмға сіңген судай болу - босқа бейнет ету - еңбегі құр босқа кету - еңбегі күйіп кету - еңбегі зая кету - еңбегі жерге кету т. б.

«Жолы болмау» - бағы жанбау, сормаңдай болу, жолы байлану, ісі оңғарылмау, ілгері басқан аяғы кері (кейін) кету, аяғы аспаннан келу, тұмсығы тасқа тию, қара басу, басынан бағы таю, теріс бата алу, теріске тарту т. б.

«Еңбегі еш болу» - фразеологиялық тіркесіне қалған синоним фразеологизмдердің кез келгені ұйытқы мағынамен қатар тұра алады, демек контекстте фразеологиялық тіркестердің орындарын алмастыруға болады. Мұнда қатардағы барлық тіркестерде қайталанатын «еңбегі» сөзі мағына ортақтығын ұстап тұр.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Фразеологизмдердің семантикалық категориялары. Фразеологизмдердің лексика-семантикалық тақырыптары және грамматикалық ерекшеліктері
Қазақ фразеологизмдері мәдени деректерінің тағы бір үлкен саласы ұлттың адамзат тарихында жасаған интеллектуалдық рухани мұрасы
Етістікті фразеологизмдердің грамматикалық ерекшеліктері
ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ СТИЛИСТИКАЛЫҚ ҚОЛДАНЫСТАРЫ
Қазақ фразеологиясының стильдік ерекшеліктері;.Қазақ фразеологизмдерінің қалыптасуындағы ұлттық мәдени маңызы бар түпдеректер;.Фразеологизмдердің көркем әдебиетте қолданылуы
Афаризмдер мен фразеологзмді аудару
Фразеологизм, тұрақты сөз тіркесі жайлы
Прозалық шығармалардағы табиғат құбылыстарын бейнелейтін фразеологизмдер
Тұрақты архетиптер фразеологиялық фразеологизмдер формалар
Қазақ тіліндегі периссология мәселесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz