Қазақстан Республикасындағы соттарды мамандандырудың басты кезеңдері мен мақсаты


Жұмыс түрі: Дипломдық жұмыс
Тегін: Антиплагиат
Көлемі: 62 бет
Таңдаулыға:
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1 СОТ ӘДІЛДІГІ СОТ БИЛІГІНІҢ НЕГІЗГІ НЫСАНЫ РЕТІНДЕ . . . 7
1. 1 Сот билігінің түсінігі және оның нысандары . . . 7
1. 2 Сот билігінің әділсоттылық арқылы жүзеге асырылуы . . . 19
2 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ СОТТАРДЫ МАМАНДАНДЫРУДЫҢ БАСТЫ КЕЗЕҢДЕРІ МЕН МАҚСАТЫ . . . 25
2. 1 Қазақстан Республикасында мамандандырылған соттардың қалыптасуы мен даму кезеңдері және әлемдік тәжірибемен арақатынасы . . . 25
2. 2 Мамандандырылған экономикалық, әкімшілік соттардың қызметі . . . 31
2. 3 Соттарды мамандандырудың қарқыны: кәмелетке толмағандардың істері бойынша мамандандырылған соттардың келешегі . . . 42
3 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН СОТТАРДЫҢ ӘДІЛ СОТТЫЛЫҚТЫҢ САПАСЫН АРТТЫРУДАҒЫ МАҢЫЗЫ МЕН РӨЛІ . . . 54
3. 1 Сот әділдігінің сапалы көрсеткіші мамандандырылған соттардың қызметі ретінде . . . 54
3. 2 Сот билігінің беделін көтеру әрі күшейтудегі мамандандырылған соттардың рөлі . . . 56
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 59
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕРДІҢ ТІЗІМІ . . . 61
КІРІСПЕ
Дипломдық жұмыстың өзектілігі. Қазақстандағы мамандандырылған соттар жүйесін құрудың мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік дамуындағы рөлін сот билігінің мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы орны мен соттардың тәуелсіздігі принципі тұрғысынан сараптау. Мамандандырылған соттарға қатысты жетістіктер мен болашақта атқарылар шараларды шет мемлекеттердің тәжірибесін саралай отырып талдау.
Мамандандырылған соттар жүйесінің тұтастай мемлекеттік міндеттерді жүзеге асырудағы қызметі ерекше. Себебі, соттарды мамандандыру кез келген сала бойынша даму кепілі. Демек, мамандыру ісін сапа, сот әділдігі, заңдылық қағидаттарына бағыттау арқылы заң үстемдігі мен азаматтар құқығының бұлжымастығын қамтамасыз етумен қатар құқықтық, демократиялық, өркениетті мемлекет құруға бір қадам алға жылжитынымыз анық.
Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдында дербес мемлекет ретінде танылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Сүйіндіретіні сол, Қазақстан дүниежүзілік қауымдастық алдында танылып қана қойған жоқ, даму бағдарының негізгі бағыттарын өркениеттілік өлшем шеңберінде айқындап, осы жолмен нық адымдап келеді. әрине болашақты қағаз жүзінде болжау бөлек те, оны тиімді жүзеге асырып, айқын жетістіктер мен нәтижеге жету мүлде басқа әңгіме. Тап осы тұрғыдан келгенде қазақстандық өркендеу көрсеткіші кезіндегі кеңестің шекпенінен шыққан мемлекеттер ішінде оқ бойы озық тұр, әрі демократиялық өрлеу барысында толымды тәжірибе жинақтаған мемлекеттердің жоғары бағасына ие болды.
Айтып отырған ілгерілеулер қоғамдық өмірдің саласына қатысты. Ерекше атап өтетіні, жер бетіндегі мемлекеттердің өзара қарым-қатынас пен серіктестік бағытын салмақты, бейбіт арнаға бұруы уақыт өткен сайын күрделеніп, тіпті ғаламдық деңгейдегі бас ауруға айналып отырған аласапыран заманда Қазақстан халықаралық қарым-қатынаста өзге елдермен бейбіт, ынтымақтастық, өзара тиімді байланыс орнату стратегиясын ұстанып отыр.
Шынтуайтына келгенде, басқа жұртпен байланыста қандай да бір мүдделестер тобына ілеспей, тұғырлы ұстанымнан танбаудың елдегі тұрақты дамуға бере шапағаты мол. Соның бір дәлелі, биліктің бір тармағы ретінде белгіленген сот саласында алыс-жақын шет мемлекеттермен байланыс берік орнықты. Әлемдік кеңістіктегі құқықтық мемлекеттер қауымдастығына кіру қазақстандық сот жүйесінің, тұтастай алғанда қазақстандық құқықтың дамуына негіз салған алғы шарттардың бірі болды.
Сот-құқықтық реформаның жетістіктері Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі мен ЮСАИД-тың Заңнаманың дамуын бағалау бағдарламасы бойынша сарапшылары тарапынан жоғары бағаланды. Қазақстандағы сот реформасының ең үлкен жеңісі сотттардың тәуелсіздігі принципін орнықтыруы десек қателеспейміз. Германия аймақтық сотының төрағасы, «Орталық Азиядағы құқықтық реформалар» GTZ жобасының жетекшісі Инго Риш «Қазақстан қай жағынан алсаңыз да Орталық Азиялық кеңістікте жетекші, көшбастаушы: оның экономикалық мүмкіндіктері орасан, сот-құқықтық жүйесі мен әділет деңгейі өте жоғары деңгейде дамыған» дейді [1] .
Ал «Орталық Азиядағы сот жүйесін дамытуға ықпалдасу» USAID/IRIS жобасының директоры Мелани Пайсер «Мен Қазақстандағы судьялар қауымдастығының кәсібилік және әділеттілік деңгейінің арта түскеніне куә болғаныма қуаныштымын. Соңғы бірнеше жылдың көлемінде сот реформасы мен сот тәуелсіздігін нығайту бойынша ауқымды шаралар қабылданды. Айта кететіні, қазақстандық судьялар қызметі сот әділдігін жүзеге асыру, олардың барлық іс-қимылы Қазақстан Республикасының Конституция мен заңдарының орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Ал Қазақстанның сот жүйесі өкілеттіктеріне тән қасиеттер: істің мән-жайын көре білу, озық жаңалықтарды өз дәрежесінде қабылдай алу және кәсібилік. Мұның барлығы тәуелсіз және әділетті сот төрелігін атқарудың алғышарты болып табылады» деген пікірде [2] .
Сот реформасының бағыты әу бастан-ақ өз алдына дербес сот билігін құруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау аясын кеңейтуге және жұртшылықтың сот төрелігіне қолы жететіндей болуына арналған. Егер қол жеткізілген жетістіктерге осы тұрғыдан қарайтын болсақ, көзге көрінерліктей оңды нәтижелерді анық байқаймыз. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан үшін оңтайлы да ұғынықты сот жүйесі түзілді. Мұны азаматтардың өз мүдделерін қорғап, соттарға жүгінуінің анағұрлым арта түскенінен байқауға болады.
Реформа барысында сот төрелігі үшін маңызы зор бірқатар заңдар қабылданды. Бұл заңдар соттардың өз бетімен жұмыс істеудің кепілдігін және сот жүйесінің бірлігін сіке асыруды қамтамасыз етіп отыр. Жұмсалған күш-жігердің нәтижесінде концептуалды идеяларды қайта қарау әрекеттерінен аман алып қалудың, судьялардың тәуелсіздігін және сотттардың қызметіне жағдай жасауды қамтамасыз ететін принципті ұстанымдарды уыстан шығармай сақтап қалудың сәті түсті.
Сонымен бірге, бірқатар позиция тұрғысынан алып қарағанда реформаның барлық межеленген мақсатына әлі де толық қол жеткізілген жоқ. Мұқның өзі оларды іске асыру жөнінде қосымша шаралар қабылдауды талап етеді. Қазіргі кезде ел Президентінің өкімімен құрылған Сот жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия өз жұмысын жалғастыруда. Осы комиссия Елбасының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру бойынша кешенді ұсыныстар әзірледі. Олардың арасында соттардың тәуелсіздігін одан әрі нығайту, сот рәсімдерінің ашықтығы мен анықтығын қамтамасыз ету құқықтарымен бостандықтарының қорғалу кепілдерін және адвокаттардың сот процессіндегі рөлін күшейту, сондай-ақ судьялардың жауапкершілігін арттыру жөніндегі шаралар бар.
Жер бетіндегі адам құқықтарының мызғымастығын ең биік межеге қойып, өмір салты мен тіршілік ережелерін осы қастерлі борыштың айналасына ұтымды үйлестіре білген демократиялық мемлекеттер азаматтар құқығының кепілі ретінде сот билігінің тәуелсіздігін бекітті. Мұның мағынасы қарапайым өмір шындығында жатыр.
Кез келген әділетсіздіктің азабын тартып, шындық іздеп шарқ ұрған адам әділдікті соттан іздейді, ақ пен қара аражігін ажыратып берер деген үмітін сотпен жалғайды. Демек сот алдында адамдардың барлығы тең. Әділбилік ханға да, қараға да ортақ. Ендеше алдына жүгінген адамның дауына тура кесім айту үшін сотқа керегі заң талабынан өзге ешкімге жалтақтамайтын, сырт күшке мойын бұрмайтын дербестік, яғни тәуелсіздік. Сәйкесінше, сот билігінің тәуелсіздігін нықтай түсу азаматтар құқығының кепілін одан әрі бекіте түсу деген сөз.
Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы Салық Зиманов соттардың тәуелсіздігі принципіне нақты, әрі шынайы баға береді. Оның айтуынша «Сот билігі мемлекеттік биліктің басқа формаларынан тәуелсіз болу арқылы ғана жүзеге асырылатындығымен айрықшаланады. Оның ерекше мәртебесі мен міндеттері осыны талап етеді» дейді [3] . Дүние жүзіндегі құқықтық мемлекеттердің соттардың тәуелсіздігі принципіне ерекше мән беретіні де содан. Олар сот жүйесін тәуелсіздік рухымен қаруландыру арқылы азаматтар құқығының сақталуын шегелей түсумен қатар, тұтастай мемлекеттегі саяси, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік алып отыр.
Сот билігінің құқықтық реформадан бастау алатын шараларды нәтижелі жүзеге асыруында, сондай-ақ оның өзге билік тармақтарынан дербестігін бекітуде Мемлекет басшысы ұстанымының маңызды рөл ойнайтыны анық.
Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым озық пікірде екендігінің айғағын сот жүйесіндегі жетістіктерден көруге болады. Елбасы жыл сайынғы халыққа арналған дәстүрлі Жолдауларында сот саласының мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті 2005 жылдың ақпан айындағы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңғырту жолында» атты Жолдауында қоғам өмірінің түрлі саласында атқарылған сүбелі шараларға тоқтала келе, сот жүйесі мен азаматтарды құқықтық қорғау реформасына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, салмақты ой айтты. «Біз демократиялық қоғамдастықтағы жалпыға ортақ стандарттарға сәйкес келетін кең ауқымды сот жүйесі реформасының қарсаңында тұрмыз. Сот жүйесін жетілдіру және осы заманғы қоғамның қажеттіліктеріне сай келетін тиімді сот төрелігін жүргізу жөніндегі ұсыныстар әзірлеу үшін Комиссия құрылып отыр.
Біз алдағы уақытта мынадай мәселелермен:
1) сот өндірісін оңайлату, оның объективтілігін, сондай-ақ сот актілерінің тұрақтылығы мен уақытылы орындалуын қамтамасыз ету;
2) сот жүргізу шеңберінде және сот шешімдерін атқару кезеңінде азаматтар құқығына берілетін кепілдіктерді күшейту;
3) сот корпусының тәуелсіздігін қамтамасыз ету заң шеңберіндегі әділетті шешіміне айналуға тиіс; судьялардың біліктілігін арттыру - мұның өзі Қазақстанның сот жүйесін ХХI ғасырдағы шаруашылық, инвестициялық және сауда проблемаларына сәйкес келтіруге мүмкіндік береді;
4) қылмыстық сот жүргізу мен сот шешімдері шеңберінде адвокаттардың рөлін арттыруды қамтамасыз ету;
5) қылмыстық сот жүргізу тәжірибесіне алқабилер соты институтын енгізу қажет. Осы мақсатта 2005 жылы «Алқа билер туралы» заң қабылданып, «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға және алқабилер сотын енгізу мәселелері жөнінде басқа да заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізілу тиіс;
6) сот рәсімдерінің ашықтығы мен анықтығын барынша қамтамасыз ету мәселелерімен шұғылдануымыз қажет» [4] .
Елбасының бұл тұжырымы туралы заңгер Бекет Тұрғараев былай дейді: «Президент биылға Жолдауында «біз демократиялық қоғамдастықтағы жалпыға ортақ стандарттарға сәйкес келетін кең ауқымды сот жүйесі реформасының қарсаңында тұрмыз» дейді және сот жүйесі мен азаматтарды құқықтық қорғау реформасына байланысты атқарылуға тиіс нақты шараларды атап көрсетті.
Жолдаудағы тұжырым еліміздің судъялар корпусына үлкен міндеттер жүктеді» [5] .
1 Сот әділдігі сот билігінің негізгі нысаны ретінде
- Сот билігінің түсінігі және оныңнысандары
Қазақстан Республикасының Конституциясы сот билігіне ерекше көңіл бөліп, сот пен судьяның қоғамдағы ролі мен орнын айқындай түсті.
1995 жылғы тамызда референдум арқылы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды, онда тек адамның, азаматтың, мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың мәртебесі ғана емес, сонымен бірге стратегиялық құқықтық идеялар да айқындалған. Бұл жаңа қабылданған Конституцияда билік бөлу территориясы нақтылы түрде көрсетілді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабының 4 бөлігінде: “Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады” - делінген. Бұл билік бөлу территориясы барлық демократиялық мемлекеттердің конституциясында көрсетілген. Биліктің әрбір тармақтары өз қызметіне байланысты, өзіне жүктелген міндеттерді атқарады. Демек, бұл биліктің әрбір тармақтары өз компетенциясына байланысты бір-біріне тәуелсіз және бұл тармақтар тек өз қызметіне тиесілі ісін атқарған жағдайда демократиялық қоғам деп айтуға болады. Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік біреу, оған заң шығару билігін, атқарушы өкіметті, сот билігін қарсы қоюға болмайды, себебі бұлар мемлекет билігінің үш бұтағы, бірақ шексіз биліктің тек бір қолда ғана болуы қоғамға өте қауіпті. Сондықтан да бұл үшеуі әр қайсысы жеке өз өкілеттігі шеңберінде, басқаларын бақылай отырып, олармен араласа, жұмыс істейді.
Сот билігі мемелекет билігінен туындайтын ұғым.
“Сот билігі - мемлекет атынан заңның үстемдігі мен әділеттілікті қалпына келтіру, заңмен қорғалатын мүдделерге қол сұғушы адамдарға мемлекеттік мәжбүр ету шараларын қолдану мақсатында сот құзіретіндегі жауапты биліктік өкілеттіктердің жиынтығын айтамыз” - деп тұжырымдайды заң ғылымдарының докторы, профессор К. Х. Халиқов.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 75-82-баптары аралығындағы “Соттар және сот төрелігі” деген тараударында соттар мен сот төрелігіне арналды. Яғни, елімізде әділеттілікті орнықтырудың, сот қызметін жетілдірудің стратегиялық бағыты айқындалды. Біздің Республикамыздағы соттар - беделі асқақ, мерейі үстем мемлекеттік ірі ұғым.
Сот билігінің мемлекет атынан әрекет ету құқығы, оған берілген өкілеттік шегінде жүзеге асырылады. Адамдардың жеке азаматтық танылған және кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты сот билігінің мәртебесін айқындай отырып, Конституция бұл құқықтар мен бостандықтардың конституциялық құрылысын, қоғамдық тәртіпті адамдардың құқықтары мен бостандықтарының, денсаулық және қоғамдық имандылықты қорғау мақсатында қажет болған жағдайда тек заңмен ғана шектеуі мүмкін екенін көздейді.
Конституцияда көзделген құқықтар мен бостандықтарды шектеуге қатысты түсіндірмеде азаматтардың кейбір конституциялық құқықтарын шектеуге жол беретін шешімдер, қаулылар, үкімдер шығару, атқарушы қызмет бабына қарамастан лауазым иелерінің заңсыз әркеттерін, жасалған шағымдарды қарау, мемлекеттік билік немесе басқару органдарының заңсыз актілерін тоқтату құқығы тек сотқа ғана берілген. Қазақстан Республикасы Конституциясы соттардың құқықтық мәртебесін айқындай отырып, сонымен қатар алдағы уақытта олардың өкілеттігін одан әрі кеңейтуге іс жүзінде қолайлы негіз болғанында атап көрсету керек. Бұл “жалпы алғанда заңдылықтың құқықтық кепілдіктерін жекелей алғанда азаматтар құқықтарының кепілдіктерін кеңейту”, - деген сөз.
Теорияда құқықтық мемлекеттің ең басты белгісі - жеке тұлғаның шынайы бостандығы, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілдігі. Осыдан келіп, құқықтық мемлекеттегі соттың айрықша ролі көрініс табады. Азаматардың құқығының қорғалуы сот процесінде іске асырылатын болғандықтан құқықтық мемлекетте, әрине, сот тәуелсіздігі шынайы болуы қажет.
Зерттеушілер билікті бөлісу теориясының негізін салушы, озық ойшыл, мемлекеттік-құқықтық құрылым мәселесін зерттеуші Ш. Монтескье деп есептейді. Ш. Монтескье ілімінің негізгі мақсаты азаматтардың игілігі үшін мемлекеттік билік органдарының толыққанды қалыптасып, өзара іс-қимылды үйлесімді жүргізуі. Кейбір мемлекеттерде биліктің үш тармағы: заң шығару, атқару және сот биліктерінің жұмыс істейтінін және бұл жіктелудің мемлекеттік құрылымының ең тиімді үлгісі екендігін негіздеп көрсеткен де сол. Ш. Монтескье аталмыш билік тармақтарының әрқайсысының функциялық сипаты мен міндетін де айқындап берді.
Айталық, ол заң шығару билігінің нақты қолдану мерзімі бар заңдарды қабылдайтынын немесе оларды бұзатынын айтты. Ал, екінші билік, яғни атқару билігінің міндеті - бейбіт келісім жасау болмаса соғыс ашу және елшілерді жіберу мен қабылдау ретінде сипатталады. Үшінші, сот билігінің кызметіне қылмыс жасағандарды жазалау немесе азаматтық дауларды шешу кіреді. Азаматтардың саяси бостандығының маңызын ашып көрсеткен ойшыл заң шығару билігі атқарушы билікпен бірге бір адамның қолына немесе магистраттың бір аппаратына біріктірілетін болса, онда мұндай ортада еркіндіктің болуы мүмкін еместігі туралы байлам жасайды [6, 76 б. ] .
Ойшылдың осы тұжырымын заң ғылымдарының докторы Қ. Мәми былай тарқатады: Сот билігін заң шығару және атқарушы биліктен бөлмейінше еркіндік жоқ. Оның пікірінше, егер судья (би, қазы) бір мезгілде заң шығарушы болып табылса, онда озбырлыққа жол ашық. Сот билігі атқару билігімен біріктірілген жағдайда, судья езушінің сойылын соғуы мүмкін. Және ең ақыры бір адамның, бір шонжардың қолына үш биліктің үшеуін де бір мезгілде қатар біріктіру (заңдарды әзірлеу мен қабылдау, қоғамдық шешімдерді орындау, сондай-ақ азаматтық істерді қарау және қылмыскерлерді соттау) арқылы бәрінен де айрылып қалуға болады.
Сонымен бірге, Ш. Монтескьенің конституциялық жобасында биліктің тепе-теңдік идеясы жеткілікті түрде айқындалмады. Мысалы, заң шығару билігінің атқарушы билігіне қатысты басым (үстем) рөлін белгілеген ол сот билігін солармен қатар қойды, оның ойынша қай биліктің кімнің мүддесін қозғайтыны маңызды. Ойшылдың пікіріне жүгінсек, сот билігін арнайы органға емес, белгілі бір уақытқа сот төрелігін іске асыруға халықтың арасынан сайланған адамдарға сеніп тапсыруға болады. Ол: «адамдар үшін соншалықты қорқынышты сот билігі, белгілі кәсіппен де, белгілі ережемен де (жағдаймен де) байланысты болмайды; сот билігі көрінбейтін нәрсеге айналады» деп қателесті [6, 8 б. ] .
Сот билігі мен әділ сот егіз ұғымдар, бірақ олар ұқсас емес. Сот төрелігі сот билігінің ең маңызды белгілерінің бірі болып саналады. Бірақ сот билігінің мазмұны мұнымен ғана шектелмейді. Аталған ұғымдарының арақатынасын дәл анықтау заң ғылымының алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі болып табылады.
Сот билігі ретінде мемлекеттік биліктің өзіндік тармағы ұғынылады. Ол билік соттар арқылы жария, жарыс сөз, қағида бойынша, сот мәжілістерінде құқық туралы азаматтық, қылмыстық және сот өндірісінің заң белігілеген басқа да нысандары арқылы алқалы түрде қарау және шешу жолымен жүзеге асырылады. Мұнда сот билігінің дербестігі мен тәуелсіздігі атап көрсетіледі, биліктің субъектісі, оны жүзеге асыру қағидаттары мен нысандары нұсқалады.
Жалпы, билік бөлісу теориясы көптеген елдердің мемлекеттік құрылымдық тәжірибесіне сенімді түрде берік орнықты. Ол заңмен айқындалған адам құқықтары мен еркіндіктерінің негізгі кепілдіктерінің бірі болып саналады. Себебі, билік бөлісу теориясы іс жүзіне асқан елдерде демократиялық үрдістердің қарқынды жаңғыру үстінде екендігін байқаймыз.
Бұл қағидаттың артықшылығы сонда, мемлекеттің ішкі саяси тұрақтылығы мызғымастық сипатқа ие болады. Мұның себебі, билік бөлісу мемлекеттің Конституциясына арқа сүйей отырып, орын алған қандай да бір ішкі әлеуметтік шиеленіс немесе қиындықтардан ұтымды жол тауып шығуға мүмкіндік береді.
Билік бөлісу теориясының тиімді жүзеге асырылу үлгісін АҚШ тарихынан көруге болады. 1787 жылы қабылданған АҚШ Конституциясы бойынша заң шығару өкілеттіктері екі палатадан тұратын Конгреске берілді. Ал атқару билігі Президенттің, сот билігі АҚШ-тың Жоғарғы соты мен Конгресс арқылы бекітілген төменгі соттардың қарауына тапсырылды. Осылайша адамзат ойының озық жетістігі - билік бөлісу теориясы АҚШ-та барынша толық әрі дәйектілікпен жүзеге асырылды.
Айта кететіні, АҚШ ғалымдары ғылыми еңбектерінде биліктің үш тармағын талдауды көп жағдайда сот билігінен бастайды. Бұл кездейсоқ емес. Нақ сол өркениетті елдерде сот билігі іс жүзінде мемлекеттік билікке айналды [6, 10 б. ] . Соттар биліктің басқа тармақтарына бақылау жүргізуге және олардың шешімдеріне шағымдар бойынша түпкілікті шешімдер шығаруға өкілеттік алды [7, 16-20 б. ] .
«Сот билігі» түсінігі терең талдауды қажет ететін ұғым. Мәселе оның мемлекеттік басқару жүйесінің бір тармағы ретіндегі рөлінде ғана емес, оның өзге билік буындарынан бөліп қарастыратын күрделі әрі байыппен бағалауға жататын категория болуында. Сот билігінің ауқымды зерттеу нысаны ретінде қазақстандық ғылыми еңбектерде бір жүйеге түспегендігі, аталмыш тақырыпқа тиісті көңіл бөлінбегендігі байқалады.
Мұның негізгі себебі кеңестік заман тұсындағы Қазақстанда нағыз сот билігінің нышандары болған жоқ [8] . Яғни, социалистік елдердің Конституциялары мен заңдарында сот билігіне оң көзқарас байқалғанмен, ақиқат жағдай -бұл ережелермен мүлдем қабыспайтын. Сот жүйесі өзге мемлекеттік құрылымдар секілді алдымен партияның нұсқауын басшылыққа алатын бағыныштылық жағдайда қызмет етті. Бұл жерде қандай да бір тәуелсіздік, дербестік туралы әңгіме өрбітудің өзі артық. «Соның нәтижесінде сот тәуелсіздігін жариялаған Конституциялық ережелердің бірде-біреуі іс жүзінде орындалған жоқ. Конституция нормалары алғашқы күннен бастап партиялық аппараттың табанының астында қалып, сот билігі сөз жүзінде жүзеге асырылды» [9, 3-6] . Кеңес дәуірінде біртұтас мемлекеттік биліктің жұмыс істегенін ескерсек, сот билігінің дербес билік тармағы ретінде белгіленбеуінің себебін осыдан іздеуге болады.
Сот төрелігіне арналған ғылыми еңбектерде сот құқық қорғау органының бір саласы ретінде қарасытырылды [10, 8-6] . Демек, республикадағы демократиялық талаптарға жауап беретін, шынайы мағынасындағы сот билігі үлгісінің қалыптасуын Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңімен байланыстыруға болады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz