Барымтадан – батыршылдық дәстүрге


Барымтадан - батыршылдық дәстүрге (7 бөлім)
Қазақ әдет-ғұрыптарының ішіндегі көне замандардан ХХ ғасыр басына дейін келген барымта туралы, әсіресе оның әдет-ғұрып құқығындағы орнын Қазан төңкерісіне дейінгі зерттеушілер [1. ], кейінірек отандық құқықтанушылар нақты бағасын берді. Дегенмен әлі де барымтаны ұрлық-қарлық, жылқы айдап әкету, ел шабу, т. с. с. нәрселермен шатастыру бар. Алдымен ұрлық туралы айтар болсақ, Қазақстанның Ресейге отар болғанына, дәлірек ХIХ ғасырдың 70-80 жылдарына дейін, қазақ қоғамында ұрлық жасау болмаған, үй құлыпталмаған, үй иелерінің ойын-тойға, басқа жаққа кеткенде, киіз үйді ашық тастауы, жайлауға көшкенде қыстық үйдің ішіне ауыр заттарды қойып кетуі, шетел жүргіншілерінің тарантас, арбаға тиелген заттарының қазақ ауылдарына қалдырып кетсе, ештеңесінің жоғалмауы, орыс зерттеушілері мен саяхатшыларының таңданысын тудырған. [2 80-б., 3 115-б. ] Сол себепті қазақ үшін «түйме ұрлаған да ұры, түйе ұрлаған да ұры», яғни ұрлықтың үлкен-кішісі болмаған.
Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бойынша барымта кінәлы жақ билер сотының шешімін орындамаған, болмаса елбасылары, ру көсемдері істі қарамаған кезде жасалған. Барымтаға алынатын жылқының көлемдері билер шешімі шығарған көлемнен аспауы қажет. Барымтаның мән-жайын атап көрсете білген зерттеушілердің бірі Н. Гродеков: Біріншіден, барымта күндіз емес түнде жасалады. Екіншіден, барымта ашық айтылады. Елге жария етіледі. Үшіншіден, ұрлық-қарлыққа, кісі өлімі, қалыңдығы немесе әйелін алып кеткен кезде, қорлық көріп, тіл тиген, т. б. жағдайларда есе қайтарып, кек алу үшін жасалады. Төртіншіден, жауапкер ешқандай кінәлі болып саналмайды. [4, С. 170-171-бб. ]
Малын айдап әкеткен ел өз малын, немесе соған шамалас малды күшпен қайтарып алса, ол қарымта болады. «Барымтаға қарымта бар» (мәтел) . Екі жақтың дауы бітер кезде, барымтаның, қарымтаның барлық жауланған малдары есепке алынады да, есепке алынбағандары сырымта болып сіңіп қалады. «Білсе барымта, білмесе сырымта» деген сөз осыдан қалған. Билер соты кінәліні жазалағаннан гөрі барымталанған, ұрланған малды қайтарып, екі жақты бітістіруге тырысатын. [5, с. 11. ]
Билер сотының шешімін кінәлі жақ орындамай, созып жүріп алған шақта құныкер жақ барымта жасап, жылқысын айдап әкетіп, сол арқылы кінәлі жақты сот шешіміне мойынұсындырады. Сот қайта қаралған кезде, қарсы жақтың малы өзіне қайтарылып, барымта жасағандар құн төлемей, ешқандай кінәсыз деп есептеледі. Болмаса, билер сотының шешіміне разы болмаған жағдайда, барымта сот шешімін өз пайдасына өзгерту турасында жасалады. Бірақ барымтаның да шегі бар, бір мәселеге бола үш рет барымтаға шығатын болса, құн төленеді, т. с. с. жазалар қолданылады. Барымтада сот шешіміне сәйкес қана жылқы айдалады. Әрине алған кезде, шешімге сәйкес емес, көбінесе жылқы молырақ алынады. Билер сотының шешімі дұрыс болмай, зардап шеккендерге ел болып, ру болып мал-мүлкін жинап беріп істі ушықтырмай жауып, ұмыттырып жіберуге тырысатын.
[6. с. 234-23-б6. ]
Ибрагимов барымтаның ешқандай тонау, шабу емес екенін көрсете келе, орыс оқушыларына сөздің шығу төркінін дәл және анық түсіндіреді: «бар - есть, барым - все что есть, барымта - мне следуемое, демек, жалғау арқылы зат есім жасалған. Мысалы: бармақта, тұрмақта, жүрмекте, т. с. с. » [6 с. 23-6. ] Зерттеушінің қазақ тұрмысын, қазақ тілін жақсы білетіні көрініп тұр.
Енді барымтаға түскен жылқының саны қанша болу керек деген сұрақ туады. Бір, екі, үш жылқы әкетіліп, ол қайтарылса ол барымта болмайды, оған ат-тон айып төленеді, ал жылқы төрттен асса ат-тонның орнына тоғыз төленеді. Жылқы саны 8-10-нан асса немесе айғыр-үйір болса ғана барымта болып есептеледі. Бұл жайында қазақтың әдет-ғұрып заңдарында нақты көрсетілген. [7. с. 134-б. ]
Барымтаны түрікмендердегі аламанмен салыстыруға болады. Орта Азияны жаулап алған кезде қолға түскен тұтқын түрікмендерден орыстар жауап алып, немен шұғылданасыңдар дегенде: «Диқанмын, егін егемін, және аламанға қатысамын», «Ұстамын, қолым бос кезде аламанға барамын». [8. с. 2-б. ] Аламан өмір сүрудің, яғни кәсіпшіліктің бір түрі сияқты көрінеді. Аламан мен барымтаның сыртқы ұқсастықтары (атты жорық, жылқы айдау т. с. с. ) болғанымен көптеген айырмашылықтары да бар. Барымта ел-жұртқа жария етілсе, аламан көрші елдерді, қарсылас руларды, керуендерді тонау үшін тұтқиылдан жасалатын жорық. Аламанға бестен, бірнеше жүзге дейін жақсы қаруланған әскери дайындығы бар адамдар қатысады. Түрікмендер аламаншылап Иранға шабуыл қылып, отырықшы парсылардың ауылдарын шауып, мал-мүліктерін тонап, қолға түскен тұтқындарды Хиуа мен Бұқараның базарларында сатып жіберген [9. ] Сондықтан мұны алдын ала дайындалған әскери операция деуге болады. Түрікімендердің аламанынан көрші елдерді былай қойғанда (Иран, Орта Азия, Қарақалпақстан, қазақ жерінің Сыр бойы), өз тайпалары да теке, иомуд, геклен, т. б. көп зардап шекті. Түрікмен тайпалары арасындағы аламан ел-жұртты мезі қылып, әлсіреткені сонша, орыс әкімшілігінің аламанды болдыртпау жолындағы шаралары қалың бұқара тарапынан қолдау тапты.
Көрнекті тарихшы-этнограф Аннадурды Оразов ауызекі әңгімеде: «Ресейдің бір прогрессивті рөлі сол, ғасырлар бойы қанымызға сіңген аламандарды тыюы» - деп еді. Аламанда дүние-мүлік, киім-кешек, кілем, малдан адамға дейін бәрі тоналатын, ал барымтада тек жылқы ғана айдалатын. Барымта кезінде адам өлімін болдырмауға басты назар аударылатын. Барымтаның басты қағидасы: «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде». Өлім-жітімнің ел ішінде етек алмауының ең басты себебі, құн төлеу жүйесі. Тобықтылар мен матайлар арасындағы бір барымталасу кезінде Матайдың басшысы Тәнеке жігіттеріне: «Сақ болыңдар, өлім-жітім болмасын, бір бейбақтың құны - 100 жылқы, оны төлейтін жайымыз жоқ», - деп кесіп айтқан. Керей мен найман арасындағы жылқы алып, жылқы қуып жүрген бір сойылдасуда керейдің әйгілі барымташысы Төлен найманның үш бірдей жігітін аттан құлатады. Жортуылға енді ғана шыққан 16 жасар Барлыбай Төленмен ат үстінде алыса кетіп, екеуі ұмар-жұмар жерге жығылғанда, Барлыбайдың күші асып, беліндегі балтасын суырып енді ұрайын дегенде, әкесі шап беріп қолынан ұстап: «Ойбай, өлтірме, құнын немен төлейсің» депті. [II. ] Сондықтан қазақ қандай ашу үстінде болса да істі насырға шаптырмай, кісі өлімін болдырмауға тырысқан, құн төлеуден де қорыққан. Барымта мен ұрлықтың бір емес екенін ХIХ ғасырда орыс зерттеушілері атап көрсетеді. М. Путинцев «Қазақ заңдары» деген еңбегінде: «Ұрлық үстінде ұсталған ұры нағыз масқарашылдық, елдің бәрі жек көреді, барымтаға барып жылқы алған, елгезек мазасыз деп құрметтеледі» [10, с. 128. ] « . . . Күнделікті жай заттардың өзін ұрлау үлкен айып, ал «барымта» деп аталатын жылқы ұрлап әкелу мықтылық пен ерлік саналады». [11. ]
1905 ж. Т. Сидельников барымта туралы адай елінің бір ақсақалының: «Бізді, адайларды жабайы, тағы, ақылсыз, тіпті тонаушылар деп те айтады, айтса айта берсін . . . бірақ адайлар ұры емес», - деп тәкаппарлықпен мәлімдегенін жазады. [12, с. 14. ]
Ол - ол мА, ХIХ ғасырдың 50-жылдары патша өкіметі қазақтың ішінде орыс заңдарының орындалмайтынына көзі жеткеннен кейін қазақты қазаққа айдап салудың, сөйтіп көшпенділерді уысында ұстаудың бір құралы ретінде, барымтаны заңдастырған кезі де болған. [13, с. 7. ]
Негізінде қазақ батырларының көбі жастайынан барымтаға қатысып, жаудан жылқы айырып, шынығып өскен.
Мен Қоянақ баласы . . .
Барымтада олжа алған,
Кезегін жауға өткізген,
Торғауыт бұзып жол салған
Қарт Қожақ дейтін батырмын
/Ер Тарғын/
Ұрыдан жылқы айырған,
Жаудан қарымта қайырған.
/III/
Аттанып барып жылқы алған,
Ат үстінен ұйқы алған.
/Абай/
Сен қанжығалы Бөгенбай,
Тоқымы кеппес ұры едің.
Қаракерей Қабанбайдан бұрын,
Жауға қашан найзаңды тіредің.
/Бұқар жырау/
«Ер Тарғын» жырындағы Қарт Қожақ батыр өзін барымтада олжа алғанын мақтан етсе, Қанжығалы Бөгенбайды бұрында «тоқымы кеппес ұры едің», яғни барымташы едің - деп Бұқар жырау сөзбен түйреп өтеді. П. Е. Маковецкий: «Барымтамен орыс әкімшілігінің күресі ешқандай нәтиже бермеуде, жылдан-жылға билер сотына түскен шағымдар жүздеп емес, мыңдап саналады, барымтада көзге түскендер батырлар қатарын көбейтіп, оларға барыс, қабан сияқты атақтар берілуде» деген. [2, с. 61. ]
Түрікмен жәуміттерде аламанда «ерекше ерлігі үшін батыр-пай деген атақ» берілген. Батыр дегені - қазақтікі сияқты батырлық атақ,
Пай - олжа, үлес дегенді білдіреді. Аламанда істеген ерлігіне байланысты, екі пай, тіпті үш пайға дейін, яғни екі олжа, үш олжа алған батырлар болған [9, с. 24. ]
Созақ өңірінде өмір кешкен Қоңырат Абақ батырдың (1803-1903 жж. ) өз аузынан айтылып, ұрпақтарының есінде жатталып қалған сөзі барымтадан батыршылдыққа қалай келгенін көрсетеді.
« . . . Мен 13 жасымда ересектерге ілесіп, жылқы күзетіне шықтым. Ол кезде барымта көп, алып кетті, қуып кетті деген сөз құлаққа күнде естіледі. «Аттан, аттан» деген үрейлі дауыс жиі естіледі. Қалмақ тие ме, қырғыз тие ме, немесе, қазақтың өз барымта-сырымташылары тие ме, әйтеуір, тыныштық жоқ. Қан-жоса болып, таяқ жеген күндер де аз болған жоқ. Сөйтіп жүріп сүйек қатты. «Мал адамның бауыр еті», айдап кетіп бара жатса, қалай жібересің, шыр-пыр болып, жылқыны бермеуге әрекет етесің, жау сені аямайды, сойыл сілтеп, ұрып түсіруге ұмтылады, сен де қарап тұрмайсың, қарсы қару жұмсайсың, бас та жарылып, қол да мертігеді.
Ер сынасар айқас қырғыз барымташыларымен болды. Он барымташыдан жылқыны айырып қалдым, қырғыздың үшеуін аттан түсірдім. Арттан жеткен адамдар аттан құлаған үш адамды байлап алып, елге қарай алып жүрмек болды. Бір жастау жігіт «жалғыз шешем бар еді, күні не болар екен» деп зарлай берді. Оларға бұлар енді келмейді, қоя берейік деп қоя бергіздім. Сол жылы он тоғызда едім. Содан былай мені қатарларым батыр деп дәріптейтін болды.
Ағайын арасында кемшілік көргені маған келіп шағынды. Алдырғаны «ойбай әкетті» деп маған шауып келді, үйде жата алмадым, тұра шаптым. Найзаға сүйеніп тұрып ұйқтап, ат үстінде тұрып сусын ішкен күндерім көп болды. Жылқыны жауға берсем, есемді дауға берсем, әлсізге ара түспесем, «аттан» десе бұғып қалсам, басымды сағалап алсам, ағайыннан алғыс алар ма едім, қарғыс алар ма едім? Кейбір молдалар «Мың айдың жүзін көргенге тозақ оты қалыс» дейді, сол рас болса 1020 айдың жүзін көріппін, жас кезде қана ұйқтап, біреудің адалын арамдамадым . . . » [14, 70-71 б. ]
Барымтада, жылқы айдауда батырлық дәстүрдің белгілерін анық көруге болады, жекпе-жек, ер шекіспей бекіспейді, мәрттік, т. с. с. сахнадағыдай көрініс береді.
« . . . Баян Өлгий аймағында Қобда өлкесінде өмір сүрген Көрімбай батыр жортуылда көп жүрген екен. Көрімбай Алтай жаққа дүрбіттерге жылқы айдауға кеткенде Бөкебурыл ٭ деген қалмақ, Көрімбайдың жылқысын айдапты. Көрімбайдың ағасы: Жылқымды тастап кет, бұл Көрімбай батырдың жылқысы десе, «батыр болса жылқыларын айырып алсын» депті. Сонда ағасы, құдай бар, құдайдан соң алдыңда Көрімбай бар, барсаң бар, - деген екен. Алтай бетінен Көрімбай Медеубай деген інісімен дүрбіттерден жылқы айдап келе жатқанда Бөкебурылмен бетпе-бет кездеседі. Медеубай өз жылқыларын бірден таниды. Медеубай мен барып сөйлесейін дегенде, Көрімбай, сен босқа мылжыңдай бергенше, мен көрейін, - дейді. Көрімбай кішкене кісі екен, заңғардай Бөкебурылға жетіп барып: -Бөкебурыл, жылқыны өзің қайтарасың ба, әлде өздігімен қайта ма? - депті. Бөкебурыл: - «Мықты болсаң өздігіңнен қайтар», - дейді. Сөйтіп екеуі бір-біріне тұра ұмтылғанда Көрімбай Бөкебурылдың тізесін қағып өтіпті, шоқпарға мықты кісі дейді. Тізенің тобығын айырып тастайды. Жараланған Бөкебурылды Медеубай алдына салып өңгеріп әкеліп, содан бір жыл күтіп, екеуі дос болған . . . » [IV. ]
Әрине, тұтас ХIХ ғасырды алатын болсақ қазақ мемлекеттілігі құлап, хандық билік кеткен соң Ресейге бодандыққа кірген қазақ жерінің
руаралық қақтығыстары барымтада көрініс тауып отырды.
Барымташыларды үстем тап өкілдері сұлтандар, төрелер, байлар, болыстар ұстап, солардың бұйрығын орындаған батырлар бұлардың уысынан шығып, керісінше байлардың малын зорлықпен тартып алып кедей-кепшікке үлестірген. ХХ ғ. басында Шыңжаңда өмір сүрген Зуха батыр елден бөлек қос тігіп отырып, маңайына өзі сияқты жаужүрек адамдарды жинап қазақ, қытай, моңғол байларының малын тонап, кедей ауылдарға үлестірген. Баян Өлгий аймағының Дэлуун сұмынында атақты барымташы - Рамазан ішкі Моңғолдан, Қытайдан жылқы әкеп 19 жыл бойы бір ауылды асырап тұрған. Екі рет тұтқындалып Өлгий қаласының түрмесінен қашып, Улан Батор қаласының түрмесінен қашып шығып, үйренген ісін қоймаған. Дэлуун тауының адам бара алмайтын шатқалының бір атты ғанакісі өрлейтін жолға бекініп жатып, мергендікпен атқылап әскерді жолатпаған. Ақыры 1949 жылы ұсталып атылған [V] .
Батырлардың барымта арқылы елге тізесі батқан бай-феодалдарды аяусыз жазалап отырғанын Керей Медебай батырдың Рүстем ٭٭ төренің жылқысын айдағанынан көреміз. « . . . Керей шабуылшылары алыстағы орыс
٭ 1. Боокборул - Қазақ-қалмақ арасында Бөкебурыл батырдың кеудесіне қасқыр күшіктеген деген сөз айтылады. Себебі қалмақтар ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін өлген адамның мәйітін өздерінің рәсімі бойынша далаға тастаған. Бөкебурылдың сүйегін далаға тастаған кезде, қабырғасы жоқ кеудесі бітеу біткен дейді, соған қасқыр күшіктепті. - А. Т.
٭٭ Рүстем - Ұлы жүз сұлтаны, қырғыздармен шешуші ұрыста Кенесарыны сатып кеткен.
көпестерінің, төре, қожа, төлеңгіттердің, түрікмен, сарт феодалдарының жылқысын айдап әкеліп, Кіші жүзге өткізетін. Ал, Кіші жүз барымташылары өздерінің алған жылқыларын керей-уаққа, сібір татарларына, башқұрттарға өткізетін. Бір жолы керей Медебай батыр ұлы жүздегі Рүстем төренің бар жылқысын тігерге тұяқ қалдырмастан айдап кетеді. Уезден келген Рүстем төрені ұстап алып, ер Медебай: «Бекіністі шаба келгенінде қолға түсірдім», деп, Табейге∗∗∗ хат жолдайды.
- Рүстемнің денесіне темір қыздырып басып, оны қатты жазалап, Омбы түрмесіне апарып тапсырады. Рүстемнің бір аяғы кем боп қалады. Себебі Рүстемге қазақ біткен өш екен. Рүстем жазықсыз матай, найманды, үйсіндерді де көп шапқан. Осы жағдайды пайдаланып, Табейге Тұрлыбек, Есеней, Шөңкеге арқа сүйеген Медебай Рүстем төренің жылқысын айдап алып, өзін тұтқындап, қорлық көрсетеді. Ақыры ұлы жүзден кісілер келіп, көп тарту беріп, 250 ат сойылған, Рүстемді босатып алады, айғағы жоқ Рүстем Медебайдан жылқы ала алмайды. Табей ештеңе білмеген боп, істі аяқсыз қалдырып, Рүстемді сорлатып қайтарады. Екінші рет Рүстем жылқы іздеп келмепті . . . [16, 45-46-бб. ]
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz