Қылмыстық құқық туралы


МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 6

1 ҚЫЛМЫС СУБЪЕКТІСІ-ҚЫЛМЫС ҚҰРАМЫНЫҢ БІР ЭЛЕМЕНТІ . . . 9

1. 1 Қылмыс субектісінің түсінігі…… . . . . 9

1. 2 Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиіс тұлғалар . . . 11

2 ҚАЗІРГІ УАҚЫТТАҒЫ ШЕТЕЛ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҒЫНДАҒЫ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ . . . 15

2. 1 Англо-американ құқықтық жүйесіндегі елдердің қылмыстық құқығында заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы институтының қалыптасуы және дамуы . . . 15

2. 2 Романо-германдық құқықтық жүйесіндегі елдердегі заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығының қалыптасуы және дамуы . . . 26

2. 3 Социалистік құқықтық жүйедегі елдердегі заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығының қалыптасуы . . . 32

3 ОТАНДЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҢ ТЕОРИЯСЫНДАҒЫ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҒЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ . . . 36

3. 1 Қылмыстық құқықтағы заңды тұлғалардың жауаптылығы мәселесіне қатысты пікірталастар . . . 36

3. 2 Заңды тұлғаның ұғымы . . . 42

3. 3 Заңды тұлғаның қылмыс субъектісі ретіндегі кінәсі мәселесі . . . 45

3. 4 Заңды тұлға қылмыстық жауаптылық және жазаның субъектісі ретінде . . . 52

ҚОРЫТЫНДЫ . . . ……. 58

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕККӨЗДЕР ТІЗІМІ . . . 61

КІРІСПЕ

Таңдалған тақырыптың өзектілігі. Бүгінгі күні қоғамда болып жатқан өзгерістер, әртүрлі меншік нысандарының пайда болуы қылмыстық заңның да өзгеруіне ықпал етеді. 1997 жылғы жаңа Қылмыстық кодекс[2] қазіргі қоғамға қажет, бұрын бізге таныс емес жаңа қылмыс құрамдарын ұсынды. Бірақ заңның жаңалығы оның толық жетілгендігін білдірмейді. Кейбір авторлар пікірінше қылмыстық заң күшіне енген соң көптеген қоғамдық қажеттіліктерге жауап бере алмады. Қылмыстық-құқықтық новеллаларды жасау және өзгерту негізінде олардың мазмұнын анықтайтын теориялық қылмыстық-құқықтық концепциялар жатыр. Сондықтан зерттеушілер зерттеу деңгейі толық емес делінген құқықтық идеяларға көп көңіл бөледі.

Еліміздегі қылмыстық-құқықтық реформалар тұсында заңгер-ғалымдардың көңілін өзіне аударған осындай мәселелердің бірі-заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы мәселесі. Бұл мәселе соңғы он бес жыл ішінде отандық қылмыстық құқық теориясындағы ең күрделі мәселелердің біріне айналды. Бірақ бұл мәселенің шешілу деңгейін қанағаттанарлық деп бағалауға болмайды.

Шетелдердің қылмыстық құқығына көз жүгіртетін болсақ, көптеген экономикасы дамыған елдерде (АҚШ, Франция, Англия,

Қытай, Голландия және т. б. ) кейбір қылмыстар үшін жауаптылыққа жеке тұлғалармен қатар заңды тұлғалар да тартылады.

Қазіргі күні еліміздегі экономикалық жағдай, сәйкесінше осы саладағы заңнама да күннен-күнге өзгеруде. Бүгінгі күні заңды тұлғалар кейбір экономикалық және экологиялық құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Бірақ қылмыстық құқықта сөз болып отырған зардаптың орнын әкімшілік немесе азаматтық санкциялармен толтыру мүмкін емес.

Осылайша бүгінгі күні Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығындағы заңды тұлғалардың жауаптылығы жөніндегі пікір-талас әлі тоқтаған жоқ. Мұның өзі өз кезегінде зерттелінетін тақырыптың өзектілігін көрсетеді.

Тақырыптың зерттелген дәрежесі. Осы бітіру жұмысының зерттеу объектісі болып заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы институты табылады.

Заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын көздейтін шетелдердің қылмыстық құқық нормалары, отандық азаматтық және қылмыстық құқық, отандық және шетелдік заңгер-ғалымдардың жауаптылық және оның субъектілері мәселесіне, жауаптылықтың негіздеріне, заңды тұлғаның түсінігіне және зерттеу тақырыбына қатысты өзге де сұрақтарға байланысты теориялық ой пікірлері осы жұмыстың зерттеу пәні болып табылады.

Дипломдық жұмыстық мақсаты және міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығымен байланысты мәселелерге кешенді талдау жасау. Осы мақсатқа жету үшін, шешімі осы бітіру жұмысының мазмұнын құрайтын келесідей міндеттер алға қойылды:

-АҚШ, Франция, Қытай заңнамаларының негізінде заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын көздейтін қылмыстық-құқықтық нормаларға салыстырмалы зерттеу жүргізу және осы жасалған талдау нәтижесінде Қазақстандағы заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы институтының болашағы;

- құқық субъектісі ретінде заңды тұлғаның мәнін ашатын азаматтық құқық нормаларына және ғылыми теориялардың ережелеріне кешенді талдау жүргізу;

- заңды тұлғаларды қылмыс субъектісі ретінде тану мүмкіндігін немесе мүмкін еместігін анықтау;

- заңды тұлғаларды қылмыс және жазаның субъектісі ретінде танудың қажеттілігін және негізділігін анықтау.

Заңды тұлғаларға қылмыстық жауаптылық орнату мәселесі социалистік бағыттағы елдерде туындады. Ең алғаш бұл мәселе Қытайда пайда болды. Көптеген уақыт бойы Қытай Халық Республикасында заңды тұлға қылмыс субъектісі бола ала ма деген сұрақ түпкілікті қолдау таппады.

Алайда, Қытайдың құқықтық өмірін зерттеушілер анықтағандай соңғы жылдары заңды тұлғалар тарапынан шаруашылық саласында қылмыстардың көптеп жасалуына сәйкес, заңды тұлғаны қылмыс субъектісі деп тану мәселесіне байланысты үлкен даулар пайда болды [22, Б. 23] . Сонымен, 1988 жылғы 21-қаңтардағы ВСНП ҚХР-нің “коррупция, пара алушылық және контрабандамен күрес туралы” қаулысында ең алғаш социалистік елдердің нормативтік тәжірибесінде заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы қолдау тапты [22, Б. 49] .

Зерттеудің ғылыми жаңалығы ең алдымен зерттеу тақырыбын таңдаумен және шешу үшін алға қойылған мақсаттармен түсіндіріледі. Бұл жұмыста отандық қылмыстық заңнамаға заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізудің негізгі қайшылықтарын анықтау мақсатында шетелдік қылмыстық заңнамадағы заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы институтының тарихи қалыптасуына кешенді талдау жасалынған.

Зерттеудің практикалық маңызы осы жұмыста жасалған қорытындылар мен ұсыныстарды қылмыстық құқықтың Жалпы бөлімінің ережелерін одан ары қарай теориялық зерттеу мен жетілдіруде қолдану мүмкіндігінен көрінеді.

Жұмыстың құрылымы . Зерттеудің алдына қойылған мақсаты мен міндеттері бұл жұмыстың құрылымын анықтап берді. Бітіру жұмысы кіріспеден, үш тараудан, тоғыз параграфтан, қорытындыдан және осы жұмысқа пайдаланылған әдебиеттердің библиографиялақ тізімінен тұрады.

Заңды тұлғаны қылмыс субъектісі деп тану қылмыстық заңдылықтағы жазаның мақсаттарына да қайшы келмейді. Жаза мақсаттарының бірі сотталған адамды түзеу - егер заңды тұлға өзінің қоғамға қауіпті әрекетінің нәтижесінде мемлекет тарапынан жазалауға ұшырап, келтірген зияндардың орнын толтыру барысында материалдық шығындарға ұшырап, оның соттылығы пайда болса, онда заңды тұлға келесі жолы мұндай әрекеттерді жасамауға тырысады. Жазаның екінші мақсаты - қылмыстар жасаудан сақтандыру . Біздің ойымызша, заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізудің өзі қылмыстық заңмен көзделген әртүрлі жазалар арқылы заңды тұлғалардың қылмысының алдын алуға көмектесер еді. Әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру - егер заңды тұлғаның қылмыстық әрекеті арқылы үлкен зардаптар келіп, кейін соттың айыптау үкімі арқылы сол келтірілген зардаптардың орны толтырылып, кінәлі адамдар жазаланса, онда ол әлеуметтік әділеттіліктік қалпына келтірілгені болып табылады. [7. Б 1069] .

Заңды тұлғалар қылмыстық жауаптылыққа жеке тұлғамен бірге және өзі жеке - дара тартылуы мүмкін. Заңды тұлғаның жауаптылығы бір қылмыс үшін екі рет жауапқа тартуға жол берілмейтіндігі принципіне қайшы келмейді.

Заңды тұлға қылмыс субъектісі деп танылғанның өзінде де оған қатысты жеке адамдарға қолданылатын барлық жазаларды қолдану міндетті емес. Заңды тұлғаларға қатысты айыппұл; белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан шектеу; заңды тұлғаның қылмыс деп танылған әрекетті жасау кезінде пайдаланылған барлық кәсіпорындарын жабу; мүлкін тәркілеу; заңды тұлғаның қызметін тоқтата тұру; заңды тұлғаны тарату сияқты арнайы жазаларды қолдануға болады. [8. Б 909] .

1 ҚЫЛМЫС СУБЪЕКТІСІ-ҚЫЛМЫС ҚҰРАМЫНЫҢ БІР ЭЛЕМЕНТІ

1. 1 Қылмыс субектісінің түсінігі

Қылмыс субъектісі - қылмыс құрамының бір элементі болып табылады. Онсыз қылмыстық жауаптылық мүмкін емес. Қылмыс субъектісі термин ретінде біздің қылмыстық заңда қолданылмайды. Мұның себебі Қылмыстық кодекстің Жалпы және Ерекше бөлімдерінде, біріншіден, белгілі бір қылмыстық әрекет үшін жауаптылықтың негіздерінің көрсетілуі, екіншіден, қылмыс субъектісінің белгілерін көрсету барысында әртүрлі нақты терминологиялардың қолданылуымен түсіндіріледі. Мысалы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы бөлімінде қылмыс жасаған тұлғалар туралы [2] (6, 7, 8 және т. б. баптарда), қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиісті тұлғалар туралы (14, 15 және т. б. баптарда), қылмысы үшін сотталған адамдар туралы (70, 71, 72, 73 баптар) және т. б. туралы айтылған. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің Жалпы бөлімінде есі дұрыс емес адам қылмыс субъектісі бола алмайтындығы көрсетілген (16-бап) . Ал Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінде қызметтік өкілеттігін пайдаланып қылмыс жасаған тұлғалар, коммерциялық немесе өзге де ұйымдарда басқарушылық әрекеттерін жүзеге асыратын тұлғалардың қылмысы, мемлекеттік қызметкерлер жасайтын қылмыс және т. б. туралы айтылған. Кейбір жекелеген қылмыстар үшін жауаптылыққа тартылуға тиіс нақты тұлғалар да келтірілген: кәмелетке толмағанның ата-аналары (131-баптың 2-тармағы), нотариустар (229-бап), судьялар (350-бап), кеме капитандары (305-бап), куәгер немесе жәбірленуші (353-бап) . Осы көрсетілген нормалар арқылы біз қылмыс субъектісінің түсінігін көруімізге болады.

Қылмыс субъектісі белгілі бір белгілерге ие болғанда ғана қылмыстық жауаптылықты арқалана алады. Біздің қылмыстық заң ондай белгілерді міндетті және факультативті (қосымша) деп қарастырады.

“Субъект” латын сөзі “subjectum” сыртқы дүниеге қарама-қарсы тұрған танушы, әрекет етуші адам. Фейербахтың антропологиялық философиясы бойынша, танымның субъектісі - логикалық абстракция емес, нақты адам. Субъект - философияда - санасы, еркі бар жан.

Міндетті белгілер қылмыс субъектісі болып табылатын кез келген тұлғаны сипаттайды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің[2] 14-бабына сәйкес қылмыс субъектісі болып белгілі бір жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға танылады. Кейде бұл белгілерді жалпы деп те атайды. Бірақ оларды жалпы деп атау қисынсыз. Өйткені бұл белгілер кез келген тұлғаға міндетті болып табылады. Бұл белгілердің тым болмағанда біреуінің болмауы қылмыс субъектісінің жоқ екендігін білдіреді. Сәйкесінше қылмыс құрамы да жоқ болады.

Факультативтік белгілер тек қылмыстық заңда тікелей көрсетілген жағдайда ғана орын алады. Факультативтік белгі қылмыстың арнайы субъектсінің анықтау кезде қолданылады. Мұндай белгілер қылмыс субъектісінің азаматтығына, жынысына, қызметіне байланысты субъектіге қосымша талаптар қажет болғанда қолданылады. Факультативтік белгілердің жоқ болуы, тек қана арнайы субъект жасай алатын қылмыстар үшін жауаптылықты жоққа шығарады.

Қылмыс субъектілерінің ауқымының бұлай шектелуі - заңды тұлғалар, яғни кәсіпорындар, мекемелер, партиялар қылмыс субъектісі бола алмайды дегенді білдіреді. Бұл мәселе заңдылық деңгейінде отандық қылмыстық құқық үшін дәстүрлі жағдайда шешілген. Бірақ теориялық тұрғыда заңды тұлғалардың жауаптылығы жөніндегі мәселе төңірегіндегі айтыс тоқтамай келеді.

Қылмыс субъектісі түсінігінен қылмыскер тұлғасы түсінігін ажырата білу керек. Жалпы қылмыс субъектісі қылмыс жасаған тұлға болып табылатындықтан, оларды теңдестіруге қылмыстық құқықта жол беріледі. Бірақ қылмыс субъектісі қылмыс жасаған тұлғаны сипаттаса, қылмыскер тұлғасы әрбір қылмыс субъектісінің жеке ерекшеліктерін сипаттайды. Мысалы, біз мұны сот айыпкерді жеке басын ескере отырып, оны құрметті, әскери, арнаулы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан айыруын көздейтін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 50-бабынан көре аламыз.

Криминологияда қылмыскер тұлғасы негізінен қылмыстылықтың немесе нақты қылмыстың себебін анықтау және қылмыстан сақтандыру мақсатында қарастырылады. Осы айтылғандардан біз қылмыс субъектісі мен қылмыскер тұлғасының қатынасы маңызды екенін көруімізге болады. Қылмыс субъектісінің белгілері қылмыс жасалды ма деген сұраққа әсер ететін болса, қылмыскердің жеке басын сипаттайтын белгілер оны жауаптылыққа тартып, жаза тағайындауға әсер етеді.

Қылмыс субъектісінің түсінігін қарастыру барысында бұл түсінікті қылмыстық құқық доктринасында толық сипатталмағанын көруге болады. Қылмыстық құқықта “қылмыс субъектісі - қылмыс жасаған және онысы үшін қылмыстық жауаптылықты арқалана алатын адам” - деген түсінік қолданылады [7, Б. 40] . Бір жағынан бұл дұрыс түсінік. Бірақ кейбір авторлардың пікірінше, бұл түсінікте қылмыс субъектісінің жасаған қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылу міндеті көрсетілмеген. Бұл міндет заңды тікелей көрсетілмесе де, қылмыс субъектісінің жауаптылыққа тартылуын көздейтін қылмыстық құқық нормаларына сәйкес (3, 14 баптар) қылмыс субъектісінің таңдау құқығы болмайды. Сәйкесінше, оны қылмыстық жауаптылыққа тартуға міндеттейді[25, Б. 36] .

Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылай келгенде қылмыс субъектісі - ол қылмыс жасаған, қылмыстық жауаптылыққа тартылуға міндетті және тартыла алатын тұлға.

1. 2. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиіс тұлғалар

Қазақстан Республикасы қылмыстық құқығы бойынша кімдер қылмыстық жауаптылыққа тартылады?

Біздің Қылмыстық кодексте қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиісті адамдар нақты көрсетілген. Қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиісті адамдар қатарына қылмыстық заң мыналарды жатқызған: қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толған, есі дұрыс, есі дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасы бұзылған, мас күйінде қылмыс жасаған тұлғалар. Көрсетілген қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиісті тұлғалар қылмыстық жауаптылықтың туындауының жалпы шарттарын көрсетеді.

Кейбір ғалымдардың пікірінше, белгілі бір жасқа толу мен есі дұрыстық қылмыс субъектісінің негізгі белгілері емес тек қылмыстық жауаптылықтың шарттары болып табылады[25, Б. 45] . Мысалы, егер есі дұрыс емес адам біреуді өлтіресе, онда бұндай әрекеттер қауіпті емес деп түсінуге болмайды. Аталған жағдай тек қылмыстық жауаптылықты болдырмайды. Ал қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған тұлғалар жасаған қылмыстық әрекеттер өндірісте қылмыс құрамының жоқ екендігінен емес, оның қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмағандығына байланысты қылмыстық іс қозғалмайды. Қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиісті тұлғалар Қылмыстық кодекс нормаларын қарастыру барысында біз мұндай жауаптылыққа Қазақстан Республикасының азаматтары, шетела азаматтары және азаматтығы жоқ адамдардың тартылатындығын көреміз.

1. Қылмыс субъектісінің жасына байланысты белгілері .

Қылмыстық құқықта жасқа байланысты белгілердің болуы қылмыс субъектілерінің өздерінің жас мөлшеріне қарай әрекетінің (әрекетсіздігінің) қауіптілігін толық түсінбейтіндігінен немесе басқара алмайтындығымен түсіндіріледі.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің [2] 15-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыс жасаған сәтте 16 жасқа толған адам қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Ал қылмыс жасаған сәтте 14 жасқа толған адам осы баптың 2-бөлігіне сәйкес қылмыстар үшін (мысалы, кісі өлтіргені (96-бап), зорлаған (120-бап), ұрлық жасағаны (175-бап), тонағаны (178-бап) және т. б. қылмыстары үшін) жауаптылыққа тартылады.

Ал кейбір қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық 18 жастан басталады. Өйткені бұл қылмыстарды жасау үшін белгілі бір жасқа толу қажет. Мысалы, әскери қылмыстарды жасау үшін міндетті түрде әскери қызметші болу керек. Ал әскер қатарына адамдар 18 жасқа толғаннан кейін ғана қабылданады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 15-бабының 3-бөлігіне сәйкес егер кәмелетке толмаған адам қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толса, бірақ психикасының бұзылуына байланысты емес психикалық жағынан артта қалуы салдарынан кіші-гірім немесе орташа ауырлықтағы қылмысты жасау кезіндегі өзінің іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін толық түсіне алмаса не оған ие бола алмаса, қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиіс емес. [9. Б 1069] .

2. Есі дұрыстық

Жоғарыда қарастырғанымыздай, есі дұрыстық қылмыстық жауаптылықтың қажетті шарты болып табылады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде есі дұрыстықты сипаттайтын арнаулы норма жоқ. Есі дұрыс еместікке қарағанда есі дұрыстық заңда қылмыс жасаған адамды жауаптылыққа тарту кезінде сақталуы тиіс талап ретінде қарастырған (14-бап) . Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 17-бабында есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасы бұзылған адамның қылмыстық жауаптылығы туралы айтылған. Сәйкесінше, біздің қылмыстық құқықта есі дұрыстық белгісіне сай келетін адамдардың екі санаты бар: толық есі дұрыс адамдар және шектеулі есі дұрыс адамдар. Біздің қылмыстық заң олардың екеуін де есі дұрыс адамдар ретінде қарастырады.

Бұрындары есі дұрыстық тек есі дұрыс еместіктің қарама-қарсы мағынасы ретінде ғана қарастырылған болатын. Бірақ бұл қате пікір, өйткені есі дұрыстық есі дұрыс еместіктің антонимі ғана емес оның өзіне тән белгілері бар және ол қылмыстық жауаптылықтың негізгі шарттарының бірі болып табылады. Осыған сәйкес есі дұрыстықтың түсінігі заңда көрініс табуы керек. Қылмыстық заңда есі дұрыстықтың түсінігі және белгілерінің болмауы оның толық емес екендігін көрсетеді.

Есі дұрыстық - ол қылмыс жасаған адамның жасына және психикалық денсаулығына қатысты өз іс-әрекеттерінің (әрекетсіздіктерінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін түсіне алатын және басқара алатын және осы әрекеті үшін қылмыстық жауаптылық арқалана алатын психикалық жағдайы.

3. Шектеулі есі дұрыстық. Біздің Қылмыстық құқықта есі дұрыстықпен қатар шектеулі есі дұрыстық деген ұғым бар (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 17-бабы) . Қылмыстық кодексте шектеулі есі дұрыстық ұғымы есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикалық бұзылу деген түсінікпен берілген. Шектеулі есі дұрыстық дегенде біз қылмыс жасаған сәтінде өзінің іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін толық көлемінде ұғына алмаған адамның қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатылмайтын есі дұрыстығын жоққа шығармайтын психикалық жағдайын түсінуіміз керек. Бұл психикалық жағдайды сот жаза тағайындағанда жеңілдетуші мән-жай ретінде ескереді.

Есі дүрыстықты-кінәнің негізі деп қарау дұрыс емес, бұл тек қылмыс жасаған адамды кінәлі деп танудың алғы шарттары ғана. Есі дұрыстық немесе дұрыс еместік мәселесін алдын-ала шешіп алғаннан кейін ғана, кінәлілік туралы мәселені шешуге болады. Бұл, сот-тергеу органдары барлық жағдайларда істі қозғаудың немесе қараудың алдында сот-психиатриялық сараптама жүргізуге міндетті деген сөз емес. Бірақ егер қоғамдық қауіпті әрекетті (әрекетсіздікті) жасаушы адамның психикалық жағдайы күмөн туғызатын болса, міндетті түрде алдымен сараптама тағайындалғаны дұрыс. Себебі қылмыс жасау кезеңінде өз әрекетінің мәнін түсіне алмаған немесе өз әрекетін басқара алмаған адамға қылмыстық жаза тағайындалуына жол беруге болмайды. Мұндай адамның жасаған әрекеті (әрекетсіздігі) қылмыс ретінде қарастыруға жатпайды.

Есі дүрыс еместік заңды (юридикалық) түсінік болса да, оны нақты клиникалық мәліметтерден бөлек қарауға болмайды.

4. Есі дұрыс еместік.

Есі дұрыс еместікке қылмыстық заңда анықтама берілген (Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 16-бабы) . Яғни, қылмыс жасаған кезінде созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, кемақылдығы немесе өзге де дертке ұшырауы салдарынан өзінің іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамға қауіптілігін ұғына алмаған немесе оған ие бола алмаған адам есі дұрыс емес болып танылады.

Есі дұрыс еместіктің ұғымын ашып көрсеткенде қылмыстық құқық екі белгіні: медициналық (биологиялық) және заңдылық (психологиялық) белгіні қолданады.

Медициналық белгі бойынша қылмыс жасаған адамның аурулық жағдайына байланысты болған қабілетсіздіктің себебі анықталады. Ал заңдылық белгі адамның өзінің істеген әрекетіне есеп бере алмауынан немесе өзінің әрекетін басқара алмауынан тұрады.

Шизофрения-статистика бойынша, адамды есі дұрыс емес деп тануда, ең көп жағдайда, осы ауру негіз болады. Өйткені, шизофренияның асқынушылық сипаты өте қатты болады да, адам психикасын күрт өзгертеді және бұл өзгерістер адамның әрекеттерінен анық байқалады. Жекелеген жағдайларда, осы аурумен ауыратын адамдар нақты бір уақытта есі дұрыс болуы мүмкін. Өйткені, кейде ауру процессі дамымай, үзақ уақытқа тоқтап қалады да, адамныңпсихикасында арнайы шизофрениялық өзгерістері байқалмайды. Осындай кезеңде қоғамдық қауіпті іс-әрекеттер (әрекетсіздіктер) жасаған сырқатты адамды қылмыстық жауапкершілікке тартқан жағдайлар да болған.

Эпилепсия-бұл да сот практикасында жиі кездесетін аурулардың тағы бір түрі. Адам психикасына көбіне үстамалы (приступ) түрінде әсер етеді де, оны дәл сол кезеңге еркінен айырады. Бүл ауру кезінде жасалған қоғамдық қауіпті әрекеттерді (әрекетсіздіктері) бойынша есі дүрыстық мөселесі нақты жағдайға байланысты шешіледі.

Басқа психикалық аурулар сот-тергеу практикасында біршама сирек кездеседі. Уақытша бүзылу дегеніміз- біршама уақытқа созылатын, соңынан толық айығумен аяқталатын, адам психикасының өзгеруінің көптеген түрлері.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысу нысандары
Қылмысқа қатысу түсінігі
Сыбайлас катысып жасалған кылмыстық кұкык бұзушылык үшін жаза тағайындау
Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысу ұғымы
Қылмыстық құқық бұзушылыққа тағайындалатын жаза түрлері
Қылмыстық құқықтың теріс қылық түсінігі
Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлері
Қылмыстық құқықтың бастауыш мектептері
Қылмыстық құқық жүйесі
Қылмыстық заңнама тарихындағы қылмыс және қылмыстық теріс қылық ұғымдары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz