Ұлттық фразеологиялық қор


КІРІСПЕ
Ұлттық фразеологиялық қор дегеніміз - бұл ұлттың мәдени өмірінің көрінісі. Фразеологизмдер - халық өмірінің айнасы. Бұл айнада ұлт болымысының көрінісі қамтылады десе артық болмайды. Әр фразеологизм қалыптасқан дүниетаным, ұлт ерекшелігінен хабардар етеді. Ұлт ерекшелігін тұтастай тану үшін оның тілдік, танымдық қасиеттерін зерттеп білмейінше бір ой-пікір түюге болмайды. Тіл - дүниенің ұлттық мәдени айшықтарын бейнелеуде адамдардың когнитивтік (танымдық) әрекетін қоршаған ортаның ықпалымен ұштастырады. Халықтың күн-көрісі, тұрмыстық мазмұнды белгілері жинақталған фразеологизмдердің тұлғасын түсініп талдау арқылы ұлттық дүниетаным, әртүрлі құбылыстарды қабылдаудағы көркемдік ақыл, ой деңгейін байқауға болады.
Тілдің лексикасында қаралатын лексикалық бірліктерден (жеке сөздерден) басқа тіл бірліктерінің тұрақты сөз тіркесі деп аталатын неғұрлым күрделі ерекше түрі қалыптасқан. Бұларды тіл білімінің фразеология саласы зерттейді. Фразеология термині қазіргі тіл білімінде екі мағынада қолданылады. Біріншісі тілдің фразеологиялық қорын зерттейтін саласы, екіншісі белгілі бір тілдегі фразеологизмдердің жиынтығы дегенді білдіреді.
Осы күнгі тіл білімінде фразеологизм деген ұғым кең мағынада қолданылады. 1990 жылы шыққан «Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте» фразеологизмдерге мынандай анықтама берілген: «фразеологизм дегеніміз формасы жағынан синтаксистік құрылымдармен ұқсас, бірақ олардай жалпы заңдылыққа сай сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қайталап қолданылатын, семантикалық және лексика-грамматикалық құрамы тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелер» [4. 559] . Осы анықтамаға қарағанда фразеологизмдерге кең мағынада тілдегі мағына бірлігін сақтаған тұрақты сөз тіркестерінің барлық түрлері де жатады. Олар тұрақты сөз тіркестерінің түрлері мен сөйлемшелер, коммуникативтік тұрақты қолданыстағы әртүрлі бірліктер, қос сөздер мен қосарлы тіркестер, ресми іс-құжаттардағы даяр сөз орамдары т. б. түрінде болуы мүмкін.
Фразеология туралы еңбектерде фразеологизмдердің негізгі үш белгісі болатыны көрсетіліп жүр: мағына тұтастылығы, құрылымының тұрақтылығы, қолданылу тиянақтылығы. Бұл белгілердің қатарында фразеологизмдердің бейнелілігі көрсетілмеген. Фразеологизмнің тұтастығы дегеніміз жай ғана тұтастық емес, бейнелі, мәнерлі тұтастық. Мәнерлілік пен көркемдік фразеологизмдердің басқа да белгілері сияқты маңызды белгілері болып табылады. Сөйтіп фразеологизмдер басқа тіл бірліктерінен төрт түрлі белгі-қасиеттерімен ерекшеленеді: құрылым тұрақтылығы, мағына тұтастығы, даяр қалпында қолданылу тиянақтылығы, бейнелігі, мәнерлігі.
Қытай тілінің фразеологиясына қызығушылық қытайлық зерттеушілер арасында да, шетелдік зерттеушілер арасында әрқашан жоғары болған. Фразеологизм бұл ең алдымен адамдардың ықшамдалған, көркем формада қоршаған ортаның сан алуан құбылыстарын, тарихи, мәдени оқиғаларды, адамдардың қарым-қатынастарында қалыптасқан дәстүрлерді бейнелеу мүмкіндігіне деген қызығушылығы. Жоғарыда айтылғандай фразеологизм - бұл ұлттық мәдениеттің, халық болмысының жарқын көрінісі. Жай ғана мақал-мәтелдерді алып қарасақ, мақал дегеніміз халықтың ғасырлар бойғы дүниетанымы, ғасырлар бойы жинақталған тәжірибиесі ғибрат, өсиет түрінде берілетін, ізгі қасиеттерді уағыздайтын сөз орамдары.
Қытай тілінің фразеологизмдері - тарихтан, ғасырлар бойы Қытайды билеген әулеттер өмірінен, ұлы шайқастар мен ұлы жеңістерден көркем ақпарат береді. Сонымен қатар фразеологизм бұл халық даналығы, ой өрнегі. Фразеологизмдерді орынды қолдана білу Қытай қоғамында әрқашан жоғары бағаланған және өте білімді, сауатты адамның белгісі болған.
Қытай тілінінің фразеологиялық қоры өзіндік құрылымдық- семантикалық және функционалдық-стилистикалық ерекшеліктермен сипатталатын фразеологиялық бірліктердің әртүрлі класстарынан тұрады.
Ұзақ уақыт бойы қытай фразеологиясында қалыптасқан дәстүр бойынша фразеологиялық бірліктердің барлық түрлерін ортақ «чэнъюй» терминімен атаған. Көптеген қытай зерттеушілері мен шетелдік қытайтанушылардың еңбектерінде «чэнъюй» термині көп мағынаға ие болған. Бұл термин тек қана фразеологизмнің бір тармағы ретінде чэнъюйлерді атау үшін қолданылмаған сонымен қатар, әртүрлі тұрақты тіркестердің, фразеологиялық тіркестердің, мақал - мәтелдердің, афоризмдердің, кейде тіпті екі буынды сөздердің жалпы терминдік атауы болған.
Қазір қытай фразеологиясында жалпы фразеологизмдер 熟 语 терминімен аталады. Атақты қытай лигвисті Ма Гофань фразеологизмдердің бес негізгі түрін бөліп көрсетеді: чэнъюй (成 语) - идиома; яньюй ( 谚语) - мақал; сехоуюй (歇 后 语) - астарлы сөздер; гуаньюнъюй (惯 用语) - фразеологиялық тіркес; суюй (俗语) - мәтел. Фразеологиядан жазылған соңғы еңбектерде мақал мен мәтелді ортақ яньюй ( 谚语) терминімен атайды.
Қытай фразеологизмдерінде бірқатар стилистикалық әдістер қолданылады және оларға өзіндік құрылымдық-семантикалық, құрылымдық-грамматикалық ерекшеліктер тән. Бұл ерекшеліктер олардың шығу тегіне, күнделікті өмірде қолданылуына байланысты сан алуан болып келеді. Олардың әрқайсысына жеке тоқтау қажет.
Чэнъюй немесе тұрақты тіркестер қытай тіліндегі фразеологиялық бірліктерге тән барлық негізгі қасиеттерге ие фразеологизм түрі. Ол сөйлеу барысында жасалмайды, даяр күйінде қайталап айтылады, мағынасы тұтас, құрылымы тұрақты, образдылыққа ие. Құрылымдық-семантикалық тұрғыдан чэнъюйлер идиома болып табылады және өте сирек фразеологиялық бірлік. Тұрақты тіркестерде қолданылатын басты стилистикалық әдістерді және оларға тән грамматикалық қасиеттерді анықтайтын басты ерекшелігі - вэньянь жазба тілінің қағидаларымен құрылуы.
Яньюй қытай тілінде мақал мен мәтелді білдіретін термин. Яньюйлерге фразеологиялық бірлік ретінде тән қасиеттер - даяр түрде қайталанып айтылуы, мағына тұтастығы, құрылым тұрақтылығы, көркемдік. Олардың шығу көзі ауызекі тіл, көркем әдебиет, аңыз әңгімелер. Бірақ мақал-мәтелдер шығу көзіне қарамастан, қазіргі тіл қағидаларымен құрылады. Қытай тіліндегі мақал-мәтелдердің басты айырмашылығы - семантикалық екі жақтылық, яғни тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да қолданылуы.
Сехоуюй немесе астарлы сөздер басқа тілдерді мүлде кездеспейтін, Қытай лигвистикасындағы ерекше құбылыс. Фразеологиялық бірліктерге тән барлық қасиеттерге ие, сонымен қатар айқын байқалатын ұлттық сипатқа ие. Астарлы сөз толық формасында екі бөліктен құралады. Бірінші бөлігі - астарлы сөз, екінші бөлігі - астарлы сөздің шешімі. Оның семантикалық мағынасы дербес фразеологиялық бірлік түріндегі, екінші бөлігі арқылы беріледі.
Гуаньюнъюй, дағды сөздер қазіргі ауызекі тіл негізінде пайда болған фразеологизм түрі. Дағды сөздердің тұтас мағынасы оны құраушы компоненттердің мағынасымен уәждемеленеді. Олардың басым көпшілігі үш компонентті болып табылады. Ұйытқы сөздің сипаты бойынша, дағды сөздер есімді және етістікті болып бөлінеді. Біріншілері сөз тіркесінің копулятивті және атрибутивті үлгілерін құрайды, ал екіншілері - етістікті-объектілі. Олардың көпшілігі метафораның бір түрі болып табылады. Дағды сөздердің мәнерлігін, эмоционалдығын қамтамасыз етуде метонимия, ирония сияқты троп түрлері қызмет атқарады.
Бұл жұмыстың өзектілігі қытай тілінде және басқа да тілдерде жазылған зерттеу еңбектерін пайдаланып, қытай тіліндегі фразеологизмдерге тән ерекшеліктер мен стилстикалық әдістерді ашу.
Себебі фразеологизм - бұл лингвистиканың ең қызықты салаларының бірі. Ал, қытай фразеологизмдері қытай тілін меңгерудегі ең қиын, тылсым сырға толы лингвистика бөлігінің бірі. Себебі фразеологизмдерде тек тілдің мыңдаған жылдар бойындағы дамуы бейнеленбейді, сонымен қатар ұлт өмірі, ұлттық сана-сезімнің көрінісі бейнеленеді. Фразеологизмдерді зерттеу арқылы біз бір қадам болса да Қытай мәдениетіне жақындаймыз.
Жұмыстың мақсаты фразеологизмдердің тіл біліміндегі алатын рөлінің маңыздылығын ашу, оларды қазіргі тіл қағидаларына сай топтастыру және олардың құрылымдық-семантикалық, грамматикалық ерекшеліктерін және фразеологизмдерде қолданылатын стилистикалық әдістерді ашу.
Жұмыстың міндеті қытай тіліндегі фразеологизмдерге фразеологиялық бірлік ретінде тән лексикалық, грамматикалық ерекшеліктер мен стилистикалық әдістерді зерттеу.
Бұл жұмыс барысында алға қойған мақсатымызға жету үшін ең алдымен қытай тілінің фразеологизмдерін қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің топтастырылуымен салыстыра отырып топтастырдық. Одан соң олардың стилистикалық, грамматикалық тағы да басқа ерекшеліктерін ашу үшін фразеологизмдердің шығу тегін, қолданылу аясын зерттедік. Сонымен қатар жұмыс барысында көптеген қытай фразеологизмдерінің қазақша баламалары келтірілді.
Жұмыс барысында көптеген әдебиеттер қолданылды. Олардың негізгілері: И. В. Войцеховичтің «Практическая фразеология современного китайского языка» еңбегі, М. Г. Прядохиннің «Китайские недоговорки-иносказания» еңбегі, Ә. Болғанбаев, Ғ. Қалиевтің «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы», Г. Смағұлованың «Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері» еңбектері. Сонымен қатар көптеген сөздіктер қолданылды: «Китайско-русский словарь» және И. Р. Кожевников «Словарь привычных выражений современного китайского языка», С. К. Кеңесбаев «фразеологиялық сөздік», Х. Қ. Қожақметова, Р. Е. Жайсакова «Қазақша орысша фразеологиялық сөздік», Қ. Бекетаев «Үлкен қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздік», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» және т. б. дерек көздері мен зерттеу еңбектері пайдаланылды.
Жұмыс құрылымы бойынша кіріспе, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады. Бірінші тарауда қытай тілінің фразеологизмдері және олардың шығу тарихы, құрылымдық-семантикалық, құрылымдық-грамматикалық ерекшеліктері қарастырылады. Екінші тарауда қытай тіліндегі фразеологизмдерде қолданылатын стилистикалық әдістер талданады. Екінші тарау өз ішінде төрт бөлімге бөлінген, олар: тұрақты тіркестерде қолданылатын стилистикалық әдістер; мақал-мәтелдерде қолданылатын стилистикалық әдістер; астарлы сөздерде қолданылатын стилистикалық әдістер; дағды сөздерде қолданылатын стилистикалық әдістер.
I тарау Қытай тіліндегі фразеологизмдер және оның ерекшеліктері
1. 1 Фразеологизмдер және оның шығу тарихы
Қытай тіліне әлемнің ең көне тілі ретінде өте үлкен фразеологиялық қор тән. Көптеген фразеологизмдер ерте заманда пайда болып қазіргі уақытқа дейін жеткен.
Фразеологизм (фразеологиялық бірлік, фразеологиялық орам) - бұл сөйлемде қалыптасқан түрінде қолданылатын тұрақты тіркес. Фразеологияны өзінің мазмұны, пәні, мәселесі бар дербес лингвистикалық дисциплина ретінде қарастырсақ, ең бірінші оның көлемі мен шекарасын анықтап алу керек. Бұл ең маңызды және ең қиын мәселелердің бірі, себебі қытай фразеологизмдері генетикалық, құрылымдық, семантикалық, функционалдық әр қилылығымен сипатталады. Қытай тілінің фразеологиялық бірліктерінде әртүрлі құрылымдық - семантикалық, функционалдық - стилистикалық ерекшеліктер мен қасиеттер ұштасады.
Қытай тілінің фразеологиялық қорын және сол қордағы фразеологизмдердің сан алуандығы мен өзіндік-ұлттық ерекшеліктерін көрсету үшін барлық қытай тіліндегі фразеологизмдердің әрқайсысына жеке тоқтау керек. Олар: тұрақты тіркестер, чэнъюй; мақал-мәтелдер, яньюй; астарлы сөздер, сехоуюй; дағды сөздер, гуаньюнъюй [9. 57] .
Ұзақ уақыт бойы қытай фразеологиясындағы қалыптасқан дәстүр бойынша фразеологиялық бірліктердің барлық түрлерін ортақ чэнъюй терминімен атаған. Көптеген қытай лингвистері мен шетелдік қытайтанушылардың еңбектерінде «чэнъюй» термині көптеген мағыналарға ие болған. Бұл термин тек қана фразеологизмнің бір тармағы ретінде тұрақты тіркестерді атау үшін қолданылмаған сонымен қатар, әртүрлі тұрақты тіркестердің, фразеологиялық тіркестердің, мақал-мәтелдердің, афоризмдердің, кейде тіпті екі буынды сөздердің ( 矛 盾) жалпы терминдік атауы болған.
Қытай лингвисттері талай уақыттан бұрын фразеологияның зерттейтін пәнін анықтаудың, фразеологизмдерді классификациалаудың, фразеологиялық терминдерді жүйелеудің маңыздылығын атап өткен. 1950 ж. бері қытай тілінің фразеологиялық бірліктерін жіктеуге бет алыс байқалған және чэнъюйлерді фразеологизмдердің басқа түрлерінен шектей бастаған [9. 60] .
Әр тілде фразеологизмдерді топтастыруда әртүрлі пікірлер қалыптасқан. Мысалы, қазақ тіл білімінде фразеологизмдерді топтастыруда екі түрлі пікір қалыптасқан. Бірішісі -І. Кеңесбаевтың топтастыруы, екіншісі - В. В. Виноградов пен Н. М. Шанскийдің үлгісі бойынша жасалған топтастыру.
І. Кеңесбаев фразеологизмдердің мағыналық тұтастығы мен құрылымының тұтастығына қарап, оларды екі топқа, бөледі: фразеологиялық түйдек және фразеологиялық тіркес, бұлардың алғашқысы идиома, кейінгісі фраза деп аталады [5. 591] .
1970 жылдан бастап В. В. Виноградов пен Н. М. Шанскийдің үлгісі бойынша, яғни фразеологизмдердің біртұтас мағынасы мен құрастырушы сыңарларының мағыналарының арақатынасы тұрғысынан қазақ тіліндегі фразеологизмдерді төрт топқа бөлу тәжірбиесі қалыптасты. Олар: фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық бірлік, фразеологиялық тіркес, фразеологиялық сөйлемше [6. 214-215] .
Қазіргі уақытта ортақ 熟 语(shu yu)терминімен аталатын қытай фразеологиясында фразеологизмдердің төрт-бес тармағын бөліп көрсетуге болады. Фразеологизмдер құрылымдық-семантикалық қасиеттеріне қарағанда, көбірек шығу тегі мен стилистикалық қатыстылығы бойынша топтастырылады. Осылай, Ма Гофань фразеологиялық бірліктердің бес негізгі тармақтарын атап көрсеткен. Олар: чэнъюй (成 语) - идиома, яньюй ( 谚语) - мақал, сехоуюй (歇 后 语) - астарлы сөздер, гуагьюнъюй (惯 用语) - фразеологиялық тіркес, суюй (俗语) - мәтел. Ма Гофанның алғашқы еңбектер谚语 термині мақал-мәтелдерді білдірген. Ал 俗 语термині мақал-мәтелдер, астарлы сөздер, тұрақты тіркестер жалпы халықтық қарапайым тіл негізінде пайда болған фразеологизмдердің терминдік атауы болған.
Студенттер мен талапкерлерге арналған оқу құралдары ретінде ұсынылатын фразеологиядан жазылған ең соңғы еңбектерде Ма Гофань классификациясы қолданылады, бірақ «яньюй» термині түсінігіне мақал да, мәтел де кіреді.
Чэнъюй (成 语) қытай фразеологиясындағы құрылымдық - семантикалық қасиеттерімен, стилистикалық әдістермен сипатталатын бірқатар типологиялық ерекшеліктер мен қасиеттерге ие көрініс. Толығырақ айтсақ: чэнъюй - бұл тұрақты фразеологиялық тіркес, ежелгі қытай тілінің қағидалары бойынша құралған, мәнерлілік қасиеті бар жалпы ауыспалы мағынаға ие, сөйлем мүшесінің қызметін атқара алады.
Ал олардың шығу тарихына келсек: Чэнъюйлердің көпшілігінің шыққан тегінің қайнар көзі қытай классикалық әдебиеті. Классикалық әдебиетке философиялық трактаттар, тарихи шежірелер, көркем әдебиет жатады. Қытай зерттеушілері чэньюйлердің шығу көзіне тарихи және философиялық өсиет әңгімелерді, аңыздарды, мақалдарды жатқызады. Осылайша, мысалы: 图 穷 匕 见 tu qiong bi xian «карта ашылды, қанжар көрініп қалды» тұрақты тіркесі Чжанго дәуірінің (453-221ж. б. д. д. ) жазба ескерткішіне жатады. Сыма Цяннің «Соғысушы патшалықтар жоспары» (战 国 策) және «Тарихи жазбалар» («史 记») еңбегінен алынған.
«Соғысушы патшалықтар жоспары» еңбегінде атақты дипломат Цзин Кэ Янь бектігінің билеушісінің әмірімен б. д. д. 227 жылы көп ұзамай Қытайдың ең бірінші императоры болған Цинь бектігінің билеушісі Цинь Шихуанға қастандық жасайды.
Дипломатия Қытайда мамандық ретінде Чжаньго дәуірінде пайда болғаны белгілі. Сол кезде жергілікті билеушілердің сарайларында биньке деген ерекше шенеуніктер қызмет атқарған. Олардың қызметтік міндеттеріне дипломатиялық қызмет те кірген. Атап айтсақ, көршілес бектіктерге сапар жасау, олардың басшыларымен келіссөздер жүргізу, бектіктер арасындағы шиеленістерді шешу, әртүрлі келіссөздер жүргізу.
Цзин Кэ елші ретінде шекара мәселесі бойынша туындаған шиеленісті шешу үшін өзімен карта алып Цинь бектігінің билеушісіне барады. Картаға қанжар орап алады. Цинь бектігінің билеушісі картаны ашып, қанжарды көріп қалады. Цзин Кэ оны қанжармен өлтірмекші болады, бірақ бұл жоспары сәтсіз аяқталып, ол өзі дарға асылып өлтіріледі.
Кейін Сыма Цянь «Тарихи жазбаларда» «奏 王 发 图,图 穷 而 匕» - «Цинь билеуші картаны ашқанда кезде қанжарды көрді» - деген сөз орамын жазып кеткен. Кейін осы сөз орамы төрт сөзге дейін қысқарып, тілде чэнъюй ретінде қалыптасты. Чэнъюйдің ауыспалы мағынасы - «құпия жоспар ашылды; жасыру мүмкін емес; жасырын нәрсе ашылып қалды».
Көптеген қалыптасқан сөздер негізінде философиялық өсиет әңгімелер жатыр. Мысалы: 拔 苗 助 长 ba miao zhu zhang «Өсуге көмектесу үшін, өскіндерді тарту».
Сун бектігінде бір адам өмір сүрген екен. Оның мінезінің бір ерекшелігі - ол өте шыдамсыз адам болған. Ол өз алқабындағы өскіндердің өсуін күтіп, күні-түні соны бақылаумен болады. Бірақ өскіндер өте баяу өседі. Күндердің бір күні ол бір әдіс ойлап табады, барлық өскіндерді жоғары тарта бастайды. Оған өскіндер біраз өсіп қалған сияқты болып көрінеді. Ол үйіне келіп жаңа әдісі туралы баласына айтады. Баласы әкесінің айтқанын ести сала, алқапқа барып қараса, барлық өскіндер солып қалыпты. Бұл чэнъюйде «拔 苗 助 长 ba miao zhu zhang» берілген өсиеттің мәні - «артық қылам деп тыртық қылу; жөнсіз тырысу».
Қытай классикалық әдебиеті, әуелде жалпы Қытай әдебиеті бастау алатын «Шицзин» ( 诗 经) чэнъюйлердің қалыптасуының аса маңызды қайнар көзі. Мысалы: «巧 訁如 簧 qiao yan ru huang «ағып тұрған; тілге жүйрік; сөздің майын тамызады» және 明 哲 保 身 ming zhe bao shen «ақылды өзін сақтайды, сақтансаң сақтайды». Бұл тұрақты тіркестердің барлығы «Шицзиннің» өлең жолдарынан алынған.
Кун Цзының «Сы шу» 四 书 еңбегіне кірген Мэнцзының әйгілі сөздерінің бірінде, парыз туралы пайымдау бар: «生 亦 所 欲 也; 义,亦 我 所 欲 也。二 者 不 可 得 «Өмір - бұл менің қалауым, парыз -бұл менің қалауым. Екеуіне бір уақытта қол жеткізу мүмкін емес, олай болса мен өмірден бас тартып парызды таңдаймын». Мэнцзының осы сөзінен «舍 生 取 义» she sheng qu yi тұрақты тіркесі қалыптасқан. Сөзбе-сөз аудармасы: «парыз үшін өмірін құрбан ету; идея үшін өмірін қию».
Көптеген чэнъюйлер бұл әдеби шығармаларда сақталаған немесе ауызша ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып берілген, ежелгі Қытайдағы ауызекі тіл үлгілері. Мысалы: «井 水 不 犯 河 水» jing shui bu fan he shui (сөзбе-сөз: «құдықтың суы өзен суына қастандық жасамайды») - бұл тұрақты тіркес «Қызыл сарайдағы түс» еңбегінен алынған. Ауыспалы мағынасында - «әркім өзімен-өзі; ешкім ешкімнің жолын қимайды; ешкім ешкімнің ала жібін аттамайды» дегенді білдіреді. «Өзен иірімдері» еңбегінен алынған «指 手 画 脚» zhi shou hua jiao (сөзбе-сөз: «қолымен көрсетіп, аяғымен суретеу») тұрақты тіркесі халық арасында кең тараған. Қызу ымдау, бұйрықтарды оңды-солды тарату - дегенді білдіреді.
Кей жағдайларда чэнъюйлердің қалыптасуының қайнар көзі мақалдар да бола алады. Мысалы: 本 性 难 移 ben xing nan yi « өз мінезіңді өзгерту қиын». Бұл чэнъюй 江 山 易 改,本 性 难 移 jiang shan yi gai, ben xing nan yi «Сүтпен келген мінез сүйекпен түзеледі» мақалының қысқартылған түрі.
Жоғарыда айтылғандай Қытай зерттеушілері арасында халықтық сөздерді классификациялау мәселесі бойынша қалыптасқан ортақ көзқарас жоқ. Осыған орай халықтық сөздердің барлық түрлерін білдіретін бірыңғайландырылған терминология жоқ.
Қытай зерттеушілері әдетте халықтық сөздерді ортақ 俗 语 «суюй» терминімен белгілейді (сөзбе-сөз: қарапайым сөз, халықтық сөз) . Атақты Қытай зерттеушісі Вэнь Дуанжэн «суюй» категориясына халықтық сөздердің мына түрлерін жатқызады: мақалдар - пайымдау түрінде болатын, тәрбиелік мәні бар, тілдің мәнерлік құралдарына жататын фразеологизм түрі. Дағды сөздер - қалыптасқан фразеологиялық тіркес, тілдің көркемдік құралдарына жатады. Астарлы сөздер - екі бөліктен тұратын астарлы тіркестер, тілдің көркемдік- мәнерлеу құралы.
Кейбір жағдайда «суюй» терминін тек мәтелдерді белгілеу үшін қолданады. Бірақ бұл жағдайда тілдердің барлығында дерлік кездесетін мәселе туындайды. Бұл мақал мен мәтелді бір-бірінен ажырату белгілері.
Тіл білімінде бүгінгі күнге дейін, мақал-мәтел жайлы қалыптасқан ортақ көзқарас жоқ. Фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің арақатынасы өте күрделі мәселе. Кең мағынада мақал-мәтелдер және оларға жақын қанатты сөздер фразеологияға жатқызылып жүр [5. 598-599] .
Мақал мен мәтелдің ара жігін ашу үшін олардың әрқайсысына жеке тоқтау қажет. Себебі мақал мен мәтел бір-біріне ұқсас болғанымен де, құрылымы, білдіретін мағынасы жағынан бірдей емес.
Мақал дегеніміз - халықтың ғасырлар бойғы дүниетанымы, тәжірбиесі жинақталып берілген, мазмұны жағынан ғибрат, өсиет сияқты, ізгі қасиеттерді уағыздайтын, құрылымы жағынан әрі көркем, әрі ырғақты нақыл сөз. Формасы жағынан аяқталған сөйлем іспеттес.
Ал мәтелге жоғарыда берілген анықтаманы беруге болады. Мәтел де халық даналығынан туған, мағынасы уағыз, өсиетке негізделген, құрылымы көркем, ырғақты, әрі ықшам сөз үлгісі.
Мақал-мәтелдерді бір-бірінен шектейтін қалыптасқан нақ шекара жоқ. Сондықтан оларды көп жағдайда бір-бірінен бөлмей бірге қарастырады. Дәл осы жағдай қытай тіліндегі мақал-мәтелдерге де тән. Сол себепті қытай тіліндегі халықтық сөздердің бұл түрін ортақ 谚 语 яньюй термині негізінде қарастырамыз.
Вэнь Дуаньчжэн «яньюй» терминін кең және шектелген мағынасында қолдануды ұсынады.
Кең мағынадағы яньюй терминіне халық арасында тараған, қарапайым ауызекі тілдегі, құрылымының тұрақтылығымен және ықшамдылығымен сипатталатын халықтық сөздердің барлық түрлері жатады. Осы қасиеттер халықтық сөздерді өлеңдерден, чэнъюйден ерекшелейді.
Ал шектелген яньюй түсінігіне тек мақал-мәтел кіреді. Мақал-мәтел құрылымдық жағынан және мағынасы жағынан ерекшеленеді. Сонымен қатар басты айырмашылығы бұл мағынасы жағынан, өйткені мақалдарға өсиеттік, дидактикалық қасиет тән.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz