Оралхан Бөкей шығармаларындағы аңыздық желі


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 44 бет
Таңдаулыға:   

Кіріспе

ХХ ғасыр өрісінде ғылыми - техникалық революцияның қарыштап өсуі қоғамдық әлеуметтік өмірімізге ірі-ірі өзгерістер әкелумен қатар шексіз ақпараттар тасқыны, әр алуан көзқарастар легі уақытпен тығыз байланысты дамитын әдеби процеске де елеулі әсер еткені даусыз. Уақыт талабына орай тереңге тамыр жайып, жаңа сипат, қасиеттермен толыса түскен әдебиетіміздің көрікті бір бұтағы - проза саласында да жаңа көркемдік, формалар, өзгеше бояу, нақыштар, рухани ізденістер бой көрсетіп келеді. Қазақ прозасындағы осындай ізденістердің жаңа кезеңі жетпісінші жылдарға дөп келді. Машықты қаламгерлеріміз тарихи тақырыпты игеруге ден қойса, бұл мезгіл сонымен бірге қазақ прозысына қуатты жаңа толқынның қосылған шағы еді.

Пішін, тәсіл, стильдік, тақырыптық барлауға жиі ұмтылыспен әдебиетімізге жаңа тыныс, өзгеше леп ала келген осы толқын бүгінде әдебиетіміздегі үлкен күшке айналды. Классиканың киелі топырағында бүршік жарып дүниеге келген бұл жазушыларға Ф. Достоевский, Л. Толстой, А. Чехов сынды суреткерлердің әсері де айқын. Сонымен бірге осы тұстағы прозамыздың үздіксіз өсу қарқынын бағамдай алмасақ, терең түсінбесек, көп нәрседен марқұм қалатын едік. Ұлы Абай, Ф. Достоевский, А. Чехов, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов туындыларының құны да жыл өткен сайын өсіп қымбаттай бермек. Аталған сөз зергерлерінің бай тәжірбиесін үйрене отырып, сөз өнерінің танылмаған беттерін ашу - қазақ қаламгерлерінің алдындағы алар асуы, абыройлы борышы. Әдебиет әлеміне терең біліммен, үлкен даярлықпен кірген осы буын шығармашылығынан әлемдік әдебиеттегі жаңа сипаттарды, соны ізденістерді молырақ ұшыратамыз. Мәселен, баршамызға мәлім баяндаудың, суреттеудің классикалық үлгісімен бірге ой ағымы (поток сознание) жиі қолданыла бастады. Бұл - психологизмнің прозадағы негізгі принциптердің біріне айналу нәтижесі. Сондай - ақ көркем шығармаларда философиялық тереңдіктің дамуы әр түрлі концептуальдық шығармалардың пайда болуына алып келді. Осы күндерде парасатты проза, интелектуальды поэзия деген терминдер жиі қолданыла бастады. Мұның бәрі сайып келгенде, көркем әдебиеттің даму жолындағы түр мен мазмұн, табан тіреген сапалық жаңа сатылар еді. Осындай үлкенді-кішілі сапалық түрленістер тұсында қалыптасқан байырғы тәсілдердің қолданылу мүмкіндігі ғана емес, баяндау компоненттерінің ара салмағында да ауытқу ұшырауы заңды нәрсе. Содан келіп, қалыңдығы төрт елі романдардағы сомдаған кейіпкерлердің орнына, қым-қуат оқиғалардың орнына, тұтас ғұмырға татырлық ұзақ мерзімнің орнына бір-екі кейіпкердің бірер күндік, кейде бірер сағаттық ішкі рухани толғанысы қазыла суреттелетін туындылар дүниеге келді. Бұл туындылар көлемі жағынан да, идеялық - көркемдік жағынан да, идеялық - көркемдік тұрғысынан да алғашқыларды кейде өкшелеп асып, кейде түсіп жататын. Прозаның бұл түрін кезінде ұлы сыншы Белинский «драма жазуға жеткіліксіз ететін, романның ауқымына да аздық еткенмен, қас-қағым сәтте кейде қыруар құбылысты шоғырландыратын сондай терең мағыналы өмір оқиғаларын повесть өзінің шағын шеңберіне сыйғызып суреттейді. Повесть өзінің ауқымына бәрін сыйғызады, бұл жанрда адамгершілік жайлы жеңіл-желпі очерк те, сондай - ақ адам жанын тұңғиық тереңімен қым-қиғаш қайшылығы туралы туынды жазуға да болады. Повесть қысқа да болса нұсқа, жеңіл де болса тұңғиық мағына білдіретін жәйттер, өмірдің ұлы кітабынан жыртып алынған беттер, бөлшектер күйінде белгіленеді», [1, 112] - деп өмір құбылысын суреттеуде бұл жанрдың мүмкіндігі мол екендігін атап көрсеткен болатын. Көркем әдебиеттің негізгі зерттеу объектісі өмір шындығы болса, сол өмір шындығы образ, адам образы арқылы танылатындығы бұрыннан айтылып келе жатқан қағида . . . адам әдебиеттің жүрегі, адам өмірін бейнелеу - әдебиеттің түбегейлі мақсаты. Дүние жүзі әдебиетінің бұрын-соңды жасалған оңды үлгілерінен реалистік көркем туындыға үнемі өзек болған адам өмірін, адам образын көреміз. Сондықтан әдебиеттің дүниетанытқыш және тәрбиелік құны адам өмірін қаншалықты толық, терең, нәзік суреттеуімен өлшенбек»[2, 194] . Олай болса уақыт талабының мүддесінен шығып, адамның жан дүниесіне терең үңіліп, оның ішкі қайшылықтарын, психологиясын көрсетуде жетекші орын алар, прозаның шағын жанрларының аталған жетпісінші жылдарда кеңге қанат жайып өркендей түсуі заңды құбылыс. Бұл жөнінде жазушылар одағының XVIII съезінде прозамыздың жай - жапсарын баяндай келіп, Жұбан Молдағалиев былай деген еді: « . . . біздің прозамыздың шағын формасы өзінің жетістіктерімен мақтана алса керек: өйткені ол бүгінгі күн тақырыбын игеруде біраз оралымдық көрсетіп, біздің болмысымыздың «жанды жерін» тап басуда мергендік танытып келеді . . . Қазақстандық шағын проза қазір уақыт талабының үдесінен шығып, барған сайын әдебиетіміздің стильдік қорына пәрменді үлес қосып келе жатқанын айта кету орынды. Жанрлық - стильдік жаңалықтар да біздің әдебиетімізге осы бір оңтайлы форма арқылы енуде . . . жыл өткен сайын шағын прозаның идеялық - философиялық тереңдігі, әлеуметтік белсенділігі мен түр жағынан жетіле түсуі артып келеді. Әсіресе лирика - философиялық пландағы повестердің үлес салмағы артқандығы байқалады. » [3, 17. 04]

Бұл кездердегі әңгіме, повестерде сырт оқиғалар қақтығысының орнына психологиялық тартыс, дабыра тіркестер орнына көңіл-күй иірімдері баса суреттеліп, кейіпкердің өз көкірек сырына үңілуі мен тылсым ойларына ерекше назар аударылады. Дәуірдің қат -қабат сыры мен келбеті кейіпкердің сан қилы ойы мен сезімі арқылы ашылады. Бұл - әрине, жазушының кейіпкерлер өмірін, олардың көңіл-күйін жан- жақты тереңірек бейнелеуге батыл ұмтылған құбылыс. Өйткені лирикалық форма кейіпкер жан дүниесіндегі ең бір нәзік өзгеріс, қозғалыстарды көрсетуге, өмірдің сезімдік жақтарын, нағыз адамгершілік айқын аңғарылатын сәттерін шынайы суреттеуге мүмкіндік жасайды. Тылсым сәттер сырт қарағанда күнделікті, үйреншікті іс сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ дәуірдің басты-басты оқиғаларын философиялық тұрғыдан ой елегінен өткізу, оның терең мәні мен психолгиялық және әлеуметтік астарлы, ішкі қырлары ең қасиетті, ең негізгі мәліметтер. Сөйтіп, жетпісінші жылдардағы повесть, әңгімелерде адам психологиясы зерделі зейінмен зерттеледі.

Осы Адам деген ұлы тұлғаны, оның тағдырын, табиғатын, мінез-құлқын зерттеп, сезім деген нәзік иірімдерді көңілге тоқып, сол тоқығанын шығармашылығына арқау ете білген талантты қаламгерлеріміздің бірі Оралхан Бөкеев еді. Әдебиет атты киелі әлемнің есігін осы аталған жетпісінші жылдары ашып, адамзат өмірінен тарихи психологиялық, әлеуметтік - философиялық шығармалар жазып, әдебиет аспанында ерекше із қалдырған Оралхан Бөкей туындыларының басым көпшілігін осы әңгіме, повестер анықтайды. Жасындай жарқ еткен қысқа ғұмырында әдебиетіміздің тарихында мәңгілік белес болып қалар кесек-кесек кемел туындыларын жарыққа шығарған жазушы асау романтикасымен, шебер суреткерлігімен, өрнекті тілімен, терең философиясымен ерекшеленеді. Оралхан Бөкеевтің Алтай табиғаты мен адам жанын астастыра суреттеген әңгіме, повестері уақыт өткен сайын жарқырап жаңа қырынан таныла бермек. Өйткені оның шығармалары мәңгілік тақырыптарды қамтыған. Жалпы өнер табиғатына тән даму, толысу жағдайы қазақ прозасында екі түрлі сипатымен бой көрсетіп келеді.

Бірі - бұрыннан қалыптасқан арналы, канондық дәстүрді орнықтыра отырып, сол дәстүрді алатын тұғыр ете отырып, жаңа дәстүрге шығуы. Екіншісі - қалыптасқан дәстүрді саналы түрде орай өтіп, белгілі дәрежеде жаңашылдық өрнектердің бой көрсетуі. Жазушы Оралхан Бөкеев өзіндік жазу мәнері, әлеуметтілік, парасаттылық, мәселелерді игеруі, оған лайықты көркем образ сомдауы тұрғысынан келгенде, жаңашылдық өрнектерімен ерекше назар аудартады. Енді сол жаңашылдық өрнектер қандай қасиеттерімен дараланады, соған тоқталайық.

Біріншіден, Оралхан Бөкеев - фольклордағы эпикалық - романтикалық дәстүрді бүгінгі өмірдің реалистік - романтикалық биігіне көтерген қаламгер. Бұл қазіргі қоғам әдебиетіне Бөкеев әкелген жаңалық Оралханның жазушылық дарынын даралаған да, өзіндік қолтаңбасын, суреткерлік өрнегін танытқан да - осы жаңашылдық өрнекті тауып қалыптастыруы. Сонымен қатар жазушы шығармаларында шартты сюжеттер, символикалық сипаттағы образдар көптеп кездеседі. Ал соңғы жылдары әлем әдебиетіндегі өріс алған бұл үрдіс - өмір шындығын өнер шындығына айналдырудағы өте тегеурінді құрал. Бұл орайда біз шығармалары әлем оқырмандарын аузына қаратқан Г. П. Маркестің, Ш. Айтматовтың осы бағыттағы жазғандарын атасақ та жеткілікті. Екіншіден, оның өмір шындығының нағыз өткір, нағыз қауіпті қарама - қайшылықтарын, көлеңкелі тұстарды қаймықпай бетке айтуға бейімдігі, батылдығы дер едік. Ащы шындықты айқайлап айту, әлеуметтік өмірдің көлеңкелі жақтарын көрсету арқылы тазартуға, жаңарып - жаңғыртуға шақыру, қоғамның кеселді құбылыстарын ел-жұрттың талқысына ұсынып, оларға ой салу қай жазушыға да оңай емес. «Жазушылық дегеніміз - шындыққа жүгіну, ал әдебиет дегеніміз - сол шындықты шырақ алып іздеудің бірден - бір формасы, » - деп Оралхан өзі айтқандай бүкіл рухы мен жұлын-тұтасы шындықпен суғарылған шығарма, пайымды оқырман санасын билемей қоймайды. Егер ретін келтіріп, жазу формаларын тауып, шындықты айта білген қаламгерге шындық азабы мол асу болған жазушының өзі ұстанған берік бағдары мен қабілет - қарымы шешуші рөл атқарады. Үшіншіден, В. Белинский айтпақшы, нағыз өнер де форма мен мазмұн ажыратылмайды. Оралханның реалистік - романтикалық шығармаларының пафосына лайықты стиль бар. «Оралханның алғашқы әңгімелеріне тосырқаушылар да болған: сөз саптауы да, бір қарағанда, ұсақтау көріне беретін. Ең әділ төреші - уақыттың сынына түскеннен кейін Бөкеев стилінің қалыптасқанына көзіміз жетті. Әлбетте, творчестволық даралық дегеніміздің өзі ешкімге ұқсамау деген емес пе? Қазір біз алғашқы сөйлемдерін оқи бастағанда, О. Бөкеев шығармасы екенін тани аламыз десек, қателеспес едік» [4, 198] - деп атап көрсетті белгілі тіл маманы, әдебиет зерттеушісі М. Серғалиев.

Әдебиет әлеміне ешкімге ұқсамайтын дара жолмен келіп, творчестволық өсу жолынан өтіп, өзіндік шығармашылық стилін қалыптастырып үлгірген О. Бөкеев шығармашылығын зерттеп білудің маңызы зор деп білеміз. Оралхан қашанда уақыт алға қойған өзекті проблемаларды шығармаларына арқау еткен, ойы да, қаламы да ұшқыр жазушы. Мәселен, оның қаламынан туған «Мұзтау», «Қар қызы», «Сайтан көпір», «Атау кере» повестері - адамзат өмірінде мәңгілік мәселелерді көтерген әлемдік әдебиеттегі озық шығармалармен деңгейлес, иықтас туындылар. Әдебиет майданында қажымай, талмай еңбек еткен О. Бөкеев творчествосын зерттеудің қажеттілігі - ол жазған әңгіме, повестердің көркемдік жетістіктері мен актуальдық сипатында және бүгінгі өмірдің құбылыстарын шынайы бейнелей алғандығында жатыр. Оралхан Бөкеевтің әрбір туындысы, еңбектері жайында әдебиет зерттеушілерінің пікірлері баршылық.

  1. Оралхан Бөкей шығармаларындағы аңыздық желі

Өмір құбылысын танып, көркемдік шындықпен бейнелеудің жолдары сан қырлы. Әдебиеттің өзі даму үстіндегі процесс, ол да өзгереді, күрделенеді, біртіндеп жаңа, соны сапаларға ие болады. Заман, дәуір, әлеуметтік жағдай қашанда ен - таңбасын салып отырды. Елдің саяси және экономикалық дамуы әдебиеттің де дамуын тездетіп, оны тың белестерге үздіксіз көтеріп отырады. Соның нәтижесінде өмір құбылысы жалаң, қара дүрсін баяндаулар арқылы беріле салмай, адамға барынша әсер ететін көркем образ арқылы бейнелеп беретін жаңа әдеби әдіс, тың формалар пайда болмақ. Әдебиетімізде көркемдік форма саласында өріс алған жаңалықтардың бірі - көркем прозадағы аңыздық желі, мифті пайдалану. Атом ғасыры аталып келген ХХ ғасырдың екінші жартысында дүниежүзі әдебиетінде жаңаша мүмкіндік алған бұл құбылыс қаламгерлер арасында қызу пікірталас туғызып, сыншылар назарын ерекше аударған еді. Әсіресе Латын Америкасы елдерінде аңыздық, мифтік сюжеттер лабороториялық тәжірбиеге түсіп, өзгеше өрлеу үстінде дамыды. Осы бағытқа ерекше ден қойған қаламгерлер Габриэль Гарсие Маркес әлемге әйгілі «Жүз жылдық жалғыздықта», «Патриарх күзі», Мигель Анхель Астуриас «Майс адамдар» романдарын дүниеге әкелген еді. Бұл құбылыс әлемдік әдебиетте жаңа арна іспетті өрісін кең жайып, социализм қоршауында отырған кеңес әдебиетіне де елеулі әсер етті. Кеңес жазушылары В. Астафьев, В. Шукшин, В. Белов, В. Быков, Ш. Айтматов т. б. өз шығармаларына мифтік сюжеттерге кең орын берді. Кезінде мұны бір планета адамдары екіге жарылып, екі көзқарас пен пікірлер қайшылығы тұсында батыстың модернистік бағыттағы атышулы қаламгерлері Д. Джойс, Ф. Кафка, М. Пруст т. б ықпалы зор деп түсінушілер де болды. Мифтің поэтикасын зерттеуші ғалым Е. Мелетинский ежелгі классикалық мифтердің белгілерін былай деп атап көрсетеді: «пайда болумен байланыстыру, яғни жаратылысын түсіндіру деген сөз - оның қалай пайда болғанын әңгімелеу, айналаны қоршаған дүниені сипаттау деген сөз - сол дүниенің тарихын баяндау» [5, 172]

Жаңа деген жақсы ұмытылған көне дүние деген сөз бар. Міне, бір кезде жазушылар сол көнені қайта жаңғыртып жан бітірді. Бірақ мифотворчество олардың шығармаларында өзгеше тұрпатта жаңа мүмкіндіктермен көрінді. Ал енді қазіргі қаламгерлер неліктен аңыз, мифті пайдалана бастады деген сұраққа белгілі башқұрт ғалымы Мұстай Кәрім былай деп жауап береді: «Негізі бұл өзі біз өмір сүріп отырған уақытқа байланысты болса керек. Уақыт дәл есептеуге ұмтылып отыр. Адамзат алдында тұрған ауқымды мәселелер адамзаттың жүріп өткен жолына еріксіз қайта қарауға мәжбүр етіп отыр. Менің де Прометей образын пайдалануыма адамдар тағдыры, ғылым, мәдениет, адамдар білімі, прогресс туралы ойларым әсер етті»[6] .

Сонымен бірге әдебиет сыншысы В. Кубилюстің бұл жөнінде «Современная литература использует мифологический сюжет в кочестве «моделирующей системы» Миф рассматривается как модель идеального, трагического или комического бытия . . . поэтика мифа более глубокой временной перспективой, расширяет фонд культурных метафор и ассоциаций» [7, 151] - деген пікірі қазіргі прозада мифке деген көзқарас, ынта күрт өзгеріп, ықылас айрықша екенін айқындай түскендей.

Мифтің дамуы сипаты жөнінде эквадор жазушысы Д. Агилера Мальта «ұлттық дәстүр мен аңыз жасаушылық біріге отырып, көркемдік сананың ажырамас бөлігіне айналады. Мен Латын Американдық ретінде миф біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды деп ойлаймын. Бұл тек артта қалған халықтар өнеріне ғана емес, сонымен қатар алдыңғы қатарлы елдерге де тән. Біз тек ертеде пайда болған миф ықпалына түсіп қана қоймай, өз мифтерімізді де жасауға ұмтылудамыз» [8, 211] - деп пікір түйеді. Бұдан шығаратын қорытындымыз: әрбір жазушы белгілі бір ұлт өкілі ретінде өз халқының аңызын, мифін пайдаланады немесе сол халықтың дүниетанымына сай жасайды. Мысалы: Ш. Айтматовтың «Ақ кеме» повесіндегі аңызды алсақ, Бұғы ана туралы аңыз тек қырғыз халқына ғана тән. Сондықтан да аңызды пайдалану немесе аңыз жазушылық (мифотворчество) белгілі дәрежеде ұлттық сипатқа ие болады. М. Астуриастың өзі бүкіл болмыс бейнесін Америка үндістерінің көзімен көріп, солардың мифологиялық эстетикасын ұсынған еді. Жазушының «бәрі де үндістердің өлшемімен өлшенсін, » - деген сөзі осыған дәлел. Қазақ халқы да ғасырлар бойы, «мифтің» өзге түрін жасады. Бұл «мифтер» тамырын өмір тереңіне жайған, халықтың бақыт, бостандық, еркіндік, теңдік, махаббат, адамгершілік турасындағы асыл армандар мен суғарылған ертегілер, аңыз, әңгімелер еді. Сол халық творчествосының қазынасының терең азаматтық идеялары мен адамгершілік мәселелері бой көрсетіп бүгінгі замандастарымыздың ой-сезімдері мен қал-харекетімен үйлесім тапқандықтан жазушылар да осынау сарқылмас бастауларға ынтыға бет қойды. Мұндай қазақ жазушыларының қатарында О. Сүлейменов, Ә. Әлімжанов, Ә. Кекілбаев, С. Сәнбаев, Д. Досжанов, О. Бөкеевтерді айтуға болады. Бұлар өмірді бейнелеудің мифологиялық принциптері мен формаларын үнемі қолданып келеді деуге болмас, бірақ мифологизм олардың творчествосының жаны, стилі мен образды ойлау жүйесінің ең бір тартымды сипаттарының бірі болып табылады. Аңыздар, естелікті әңгімелер, өсиет мысалдар оқиғаның қызықты, тартымдылығы мен ғана назар аудармайды. Маңыздысы басқа да: бұл миф, аңызда өмірдің жалпы немесе қайсы бір жұмбақ заңдылықтарын түсіндіре алатын «дүние моделінің» әмбебап формасы жатыр. Әрине, бәрінен бұрын мифтендірілген шығармалардың алтын өзегі - бүгінгі дәуір, замана шындығы болмақ, оның негізінде жатқан миф, аңыз, бүгінгі күрделі саяси, әлеуметтік, философиялық, адамгершілік проблемалары мен үндеседі. Осы тұрғыдан келсек О. Бөкеев творчествосындағы өзіндік реңі мен танысатын аңыздық желі, мифтік сюжеттерді аңғарамыз. Қай суреткер болса да шығармаларда аңыздық желі, мифтік сюжеттерді жайдан-жай ала бермейтіні, оған белгілі дәрежеде рөл беріліп, жүк артылатыны белгілі.

О. Бөкеев өз шығармашылығы жөнінде айта келіп: «Жер бетіндегі миллиондаған адамдар қаншалықты бір-бірімен ұқсамайтын, әйтеуір бір ерекшелігі мен дараланса, олардың мінез-құлқы, жан-қалтарыстары да соншалықты өзгеше, ешқандай ілім-білімнің қолынан келмейтін жұмбақты еді. Пенденің не ойлап тұрғанын, жан сарайында ненің жанып жатқанын күні бұрын білер амал-айла, құрал-сайман ойлап табылған жоқ. Сол секілді табиғат иеміздің де толайым құпия - сырларын толық аша алдық па? Міне, мен жазған дүниелердің тылсымдығы әрі кейіпкерлерімнің қиялшыл да арманшыл болып келері сондықтан. Бәлкім, бұл өмірде болған емес, болуы мүмкін оқиғалардың әсіресе ынтықтыратынынан шығар - ау. Өз замандастарымның толыққанды бейнесін өзімді қойып мұқым қазақ әдбиеті жасап біткен жоқ, ұмтылыстар мен ізденістердің соңында жүр» - деген еді [9, 492] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Оралхан Бөкей шығармаларындағы түс көру құбылысы
Көркем әдебиеттегі аңыз және мифтің мәні
Мифтік ұғымдар және әдебиет
Психологиялық талдаудың көркемдік қызметі
Қазіргі қазақ әдебиттану ғылымында соңғы кездері мифтер мен аңыздардың көркемдік қызметіне жан-жақты талдау
О.БӨКЕЕВТІҢ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Оралхан Бөкей әңгімелеріндегі әлеуметтік талдау
О.Бөкеев, Д.Исабеков повестеріндегі подтекст мәселесі
Қазақ прозасында көкпен таласқан Алтайдың сырға бергісіз адам жандүниесімен байланысы
Оралхан Бөкей өмірі мен шығармашылығы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz