Жорға аттарын шықтыру және салыстыру


Пән: Ветеринария
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 5 бет
Таңдаулыға:   

Жорға шықтыру және салыстыру

Қазақта жорғаны: екі аяқты жорға, шалдыр жорға, үш аяқты жорға, төрт аяғы тең жорға, қой жорға, жол жорға, кекірек жорға (жортақы), шапқын жорға, түйе жорға, көташар жорға, бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, су жорға, су төгілмес жорға, табақ тартар жорға, төкпе жорға, айдама жорға, шайқалған жорға, тайпалған жорға деп бөледі.

Жорға аттары негізінен бүкіш бел, бота тірсектеу болып келеді. Жорға - туа біткен қасиет. Жорға тудыру үшін екі аяқты, не үш аяқты жорғасы бар айғырдан қою керек, не енесінің мықты жорға болғанынан қояды, көбінесе жорға енесіне тартады. Сазды, былқылдап тұратын жердің аттары жорға келеді. Іле өлкесінде (ҚХР) Жұлдыз деген жердің жылқыларының жорға болып келуі, жері саз. Алтайда Қарашәр деген жердің барлық жылқысы жорға, себебі қыста ат тізеден көміліп жүретін қар, жазда жері көлкілдеп тұратын саз болады. Қарашәрдің жорғасы шапқан атқа жеткізбеген [CLX. ] Екі-үш аяқты жорғаларды жетілдіріп төрт аяқты жорғаға жеткізу үшін ай он беске толып, түн жап-жарық болып толғанда 2-3 күнде бір рет 4-5 км өңшең майда, жазық, тегіс жерге жорғалатып отырады, себебі жорғаның алдыңғы аяғы қысқа болады деген сөз бар, сондықтан ойлы-қырлы, шұңқырлы жерлерде жығылып қалады. (LVІ)

Жорға аттың үзеңгісі қысқа болу керек, үзеңгі ұзын болса, кәрі жілік пен жауырынның басына тиіп зақым келіп, қанталап, жорға әлсірейді. Жорғаға үш айыл дұрыс : төс айыл, орта айыл, шап айыл тізгінді тең ұстайды, бір қолмен ұстап тік отырады. Адам бір жағына ауып, екі жағына қисайып отырса, ат жорғалап бара жатқанда жорғасынан жаңылып қалады. Cондықтан қисаймай, шалқаймай, еңкеймей, екі аяғы, екі қолы тең денесін тік ұстап отыруы керек. [CLX]

Жорғалап келе жатқан аттың үстінде отырған шабандоз қапелімде бір аяғын көтеріп қалса, ат та аяғын көтеріп, жорға үш аяққа түсіп қалады. Екі аяқты тең ұстап, алдыға қарай көлбеулетеді, себебі шын жорға артқы аяғымен адамның өкшесін қаға жаздайды. Айдың жарығымен салғанда адамның қолы аттың басына шамасы келмесе, аттың басын жоғары жібермей өмілдіріктен тартып байлап тастайды. [CXХ. ]

Туа біткен төрт аяғы теңселген жорғаларды ешқандай мұзға да, сазға да салмай жорғалата береді. Үш аяқ жорғаны 4-ші аяғының жорғасын шығару үшін бүршік тағамен тағалап, қыс кезінде мұзға салады. Айдың сәулесімен аттың көлеңкесі мұзға түсіп, тізгінін тақымға салып ұстап отырады, түн ортасында, қақаған суықта түніне 2-3 сағат жорғалату үшін нағыз шабандоз болу керек. Қазақтардың жорға үйретудегі жанқиярлық еңбегін XIX ғасыр зерттеушісі былай жазады: «Жорғаны үйрететін атақты шеберлердің айтуынша көп білім мен шыдамдылық керек. Шеберлердің пайымдауынша жорғаны ай сүттей жарық түн ортасында үйретсе «ат өзінің көлеңкесінен қалыспаймын» деп жанталаса жорғалайды. Бірінші жорғаның бір жағы үйретіледі, сол жағының үзеңгісін ұзартып, үйретуші аяғын тіреп бүйірімен отырады. 2-ші жағын үйреткенде керісінше дәл солай істейді. Күнде түн ортасында бірде ердің оң жағына, бірде сол жағына отырып 2-3 сағаттай атты жорғаға үйрету, әрине нағыз атбегінің қолынан ғана келеді». [66. 139б. ]

Жорға атын жемдеуді «сұлылау» деп те атайды, жорғалауға кететін күш-қуат сұлымен ғана толады, - дейді атпаздар.

Сұлылау. Күніне 2 рет суарып, шөп береді. Сұлы беру үшін, сұлыны тегенеге салып екшеп отырып тасын тереді, шаңын ұшырады, екі-үш рет шайып, кір cуын төгіп тастайды, сонан соң 3 сағаттай суға бөрттіріп қояды, сүзгімен сүзіп жемдорбаға салып береді. Қосып жүрген кезде 1 литр сиырдың сүтін де береді. Жорғалап келген кезде жорғаны бірден тоқтатуға болмайды, аяғына қан түсіп қалады, сондықтан жетекке алып, айналдырып жүргізеді. Ұзақ жерге жорғалаған жорғаларды 30-минуттан 1-сағатқа дейін атпен жетектейді. Сонан соң бір шөміш (1кг) мөлшерінде сұлыны жемдорбамен басына іліп қояды. [CXІІ]

Жоғарыдағы фактілерге қарап отырсаң: алғашында шабандоз ат үстінде қозғалмай нық отырса, екіншіде шабандоз аттың екі бүйіріне кезек-кезек отырғанын көреміз. Екі жаттығу бірін-бірі жоққа шығаратын сияқты. Негізінде біріншісінде Алтай қазақтарының 3 аяқ жорғаның 4-ші аяғына жорға салып үйретуі болса, екіншісінде батыс қазақтарының (Орал, Ақтөбе обл. ) болар-болмас жол жорғасы бір аяғында, немесе екі аяғында жорғасы бар - шалдыр аттың төрт аяғына бірдей жорға салып үйрену тәсілін көреміз.

Аттың 4-ші аяғына жорға салудың тағы бір тәсілі бар. Ол 4-ші аяқтың құлашына жететіндей өре салады. [LXXV]

Ағашы көп Алтай жерінде бөренелерді жығып, дөп-дөңгелек шеңбер жасайды. Шеңбердің ортасы ашық, онда аттың шылбырынан ұстап тұрған шабандоз күннің шапағы сияқты қатар-қатар орналасқан бөренелерден аттатып жүргізеді, сонда атқа жорға түседі. [СLVІ. ]

Жорғаның сапасын, сынын білу үшін шабандоз беліне 5 м лента байлайды, белге байланған лента аттың құйрығының үстінен түсіп тұрады. Атты жорғалатқанда лента жыланша ирелеңдеп тербеліп тұрады, сонда шүберектің ұшы жерге тимесе, онда жорға деп атауға болады. Бұрынырақта жорғаны сынағанда белге арқан байлаған екен. Арқанның жерге тимеуіне байланысты: бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, 12 құлаштық жорға деп атаған. 15-16 құлаштық жорғалар да болған дейді дерек берушілер, бірақ бұл өте сирек кездеседі [СXXVІІ]

Дерек берушілердің айтуынша жорғаның ең биік шыңы: су жорға (су төгілмес жорға) және табақ тартар жорға. Су төгілмес жорғаға мінген шабандоз бір қолына астауға су құйып жорғалатқанда су шайқалмайды дейді. Тостағанға құйылған суды аттың жаясының үстіне қойғанда су төгілмеуші еді деп айтады кейбіреулер. Бұл әрине әсірелеп айтқандық болу керек. Үлкен астарда епті жігіттер еттің тұздығы шайқалмас үшін су төгілмес жорғалармен табақ тасыған, мұны табақ тартар жорға дейді [XXІІ] Біздің ойымызша, 15-16 құлаштық жорға, су төгілмес жорға, табақ тартар жорға, тайпалма жорға негізінде сапасы жағынан бір жорға, тек айтылуы бөлек.

Жорғалардың бұл түрі туа бітеді, мұндай жорғаларды мұзға да, сазға да салудың қажеті жоқ.

Мінгенім көш алдында «Тайпалмалы»,

Жүрісі жануардың байқалмады.

Алтайда Құлтумамен болдым жолдас,

Осылай салады екен тайпалманы. [V]

Ертеде Еңсе деген кісінің асында тек қана жорғаның жарысы, жорғаның түр-түрінің жарысына бәйге тігіліпті деп аңыз қылады.

Еңсенің асында жорғалатпағанда,

Әкеңнің басында жорғалатасың ба?! [СLІV] деген тәмсіл содан қалған.

Сол аста су төгілмес тайпалма жорғалармен қатар қой жорға, түйе жорға, көташар жорғалардың жарысы да болған дейді. Бұл астың бір ерекшілігі - жорғаның жеті түрін жорғалатыпты. [СLІV]

Қой жорға - майда болады, бұлғақтайды.

Түйе жорға - ірі болады, қатты жорғалайды.

Көташар жорға - жорғалап бара жатып, жорғасы бұзылып, шауып кетеді. Жорғаның ішіндегі ең нашары, төмені осы көташар жорға мен жортақы саналады. Қазақта «жорғадан туған жортақы бар»-дегені «жақсыдан жаман туады»-дегенмен бірдей жортақыны-ұйғырларды-жортақы, өзбектер «бөрі майыш», татарлар «тропата»-дейді.

Жорғаны көбінесе ел қыдырғанда, асқа, тойға барғанда, көші-қонда қыз-келіншектер сәндеп мінген. Қосшы ертіп, үкі қадап жорға мініп, көшкенде салтанатың көрінген қыз. []

Шоқанның атасы Уәлихан қайтыс болғанда, көңіл айта келген Байдалы шешенге: « . . . Айғаным Көксырғанақтың шылбырын өзі ұстап, шешенді өз қолымен аттандырады да, кермеде тұрған бозжорғаны ер-тұрманын жарқ-жұрқ еткізіп өзі мінеді. Жақыннан қарағандарға қос жорға жер баспай, әншейін сырғанап бара жатқан сияқты көрінеді . . . ». [286]

Жорғаны ерекше әсемдеп сал-серілер, ақын-әншілер мінген. ХІХ ғасырдың аяғында Баянөлгий аймағында аты шыққан Боғжай салдың қос қара жорғасы туралы ел әлі ұмытпаған: «Боғжан қос қара жорғасының біріне өзі мініп жүргенде біріне кестелі шашақты кежім жауып бос қоя берсе тайпалып жорғалап, той думанда еріп жүреді екен. Екі қара жорғаныңда төрт аяғына күміс білезік салған, жалына, кекіліне қызыл, жасыл жібек шашақтар тағып әсемдеген. [344. 30б.

Кәзір ұмытылып қалғаны болмаса, ас-тойларда сал-серілердің арасында жорға салыстыру жарысы өткен. Ол жайында Боғжай сал өмірінен мынадай мысал келтіруге болады: «Боғжай сал төгілген әсем киімі, дөңгеленген биі, және тамаша салдық өнеріне қарай бейімдеп баулыған қара жорғасы біріншілікті алады. Талай рет тайталасқан жорға салыстыру басында бес кез (бір кезі-71 см. ) торғынды бір ұшынан қолына алып, қара жорғасымен ағыза жорғалатқанда бес кез торғынның артындағы бір ұшы жерге тимей, жорғаның майда екпінімен шұбатыла әуеде түп-түзу қалықтайды. Сол күйі топтың алдына әкеліп тастай салғанда, мұндағы қызықты өнері жұрт назарын аударса, торғынға таласқан топтың әрекеті тағы бір өзгеше думанды көрініс қалыптастырған. Осындай әрекет үш рет өткізіліпті. Бұдан бұрын жорға салыстырғанда, оны бағалаудың әдісі үш құлаш қайыс шылбырды аттың ноқтасынатағып, енді бір ұшын жерге сүйретіп тастайды. Сонда ат ерекше жорға болғанда шылбырдың ұшы жерге тимейді екен.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Іскерлік ойындардың түрлері
Қазақстан жылқының жаратылған жері-отаны екенін полеозологиялық, археологиялық, тарихи-этнографиялық материалдар негізінде дәлелдеу
Мектепке дейінгі білім беруде балалардың дидактикалық ойындар арқылы танымдық белсенділігін қалыптастыру
Қазақ жылқысының көне замандардағы тарихы
Ұлттық ат ойындары
Музыка тыңдау
Баскетбол ойынының ережесі
Спорт жылқысын таңдау және дұрыс пайдалану
Мұрат Мөңкеұлы шығармаларындағы ономастикалық атаулар
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХVIII-ХІХ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ МӘДЕНИЕТІ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz