Қазақ лирикасындағы көркемдік дәстүр


КІРІСПЕ
Көркем сөз өнеріндегі лирика дегеніміз ақынның ішкі құпия сезім қалтарыстарына, нәзік ой тұңғиығынажетелейтін ерекше жанр. Осы жанрдағы туындылар әр ақынның дүниені танудағы, сезінудегі өзіндік ерекшеліктерін айшықтап, жеке шығармашылық тұлғаның дара болмысын ғана танытумен шектелмейді. Сонымен қоса, олар тұтастай әдеби даму үрдісіндегі лириканың жанрлық құбылу, өсу, өркендеу, құлдырау жолын дәуірлік сипатта анықтауға мүмкіндік береді.
Лирикалық туынды әр ақынның творчествосында орын алуы мүмкін. Себебі ол тақырыптық жағынан табиғат лирикасы, махаббат лирикасы, философиялық лирика, қоғамдық-саяси лирика сынды бірнеше топқа жіктеледі. Ал ұлт әдебиетінен өзіндік орнын айқындаған тұлғалы ақындарымыздың осы тақараптар аясында лирикалық жанрда ой толғауы таң қаларлық жайт емес. Қазақ лирикасы шеңберінде қарастыратын болсақ, лирика жанрының ұлы ақын Абай поэзиясынан тамыр тартып, өріс ала бастағанын аңғарамыз. Осы кезеңнен бастау алатын лирикалық жанрдың қалыптасу, даму жолында назарға ілігетін ірі лирик ақындардан Абай Құнанбайұлы, Мағжан Жұмабаев, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Ж. Нәжімеденов сынды есімдерді атауға болады.
Диплом жұмысы ұлттық лирикадағы дәстүрлі бейнелерді талдауға арналған. Ал
тақырыптың зерттелу деңгейіне
келетін болсақ, бұл мәселені ғылыми тұрғыдан зерделеген ғалымдардан З. Ахметов («Өлең сөздің теориясы», «Поэзия шыңы - даналық»), М. Базарбаев («Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы»), Б. Кәрібаева («Қазіргі қазақ лирикасының поэтикасы»),
З. Қабдолов («Сөз өнері»), С. Қирабаев және т. б. еңбектерін атауға болады. Сонымен қоса, Қ. Жүсіповтің «Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік», Ш. Сариевтің «60-70 жылдардағы қазақ лирикасы. Көркемдік ізденістер»,
Т. Шапаевтың «Қазақ поэзиясындағы лирикалық тұлға проблемасы» атты диссертациялық жұмыстарды да лириканың жан-жақты зерттелуіне үлес қосқан ғылыми жұмыстар қатарында атауға болады.
Аталған ғылыми еңбектерде ұлттық лириканың дамуына сүбелі үлес қосып, көркемдік жағынан баюына айрықша ықпал жасаған ақындар творчествосы терең зерделеніп, сараланған. Алайда бүгінгі таңда ұлттық лирикадағы дәстүрлі образдарды қарастыру қажеттілігі туындап отыр. Ақындардың ішкі ой-сезім толғанысын, күйініш-сүйінішін білдіруде ерекше мәнге ие ай, күн, жел сынды дәстүрлі бейнелердің көркемдік қызметі, жеке қаламгерлік поэтикадағы ерекшелігі, осы тұрғыдағы ұлттық таным - жеке-дара зерттеуді қажет ететін келелі мәселелер. Осы аяда отандық әдебиеттану ғылымындағы жұмыстар көбіне мақала көлемінде ғана болып келеді, арнайы жазылған ғылыми еңбектердің жоқтығы, осылайша, диплом жұмысының өзектілік деңгейін айғақтайды.
Зерттеу жұмысының нысаны - қазақ поэзиясындағы ірі лирик ақындардың творчествосы.
Диплом жұмысының пәні - ақындар шығармашылығындағы, лирикалық туындыларындағы ай, жел, күн және т. б. дәстүрлі ұлттық образдар.
Диплом жұмысының әдіс-тәсілдері - жүйелі-функционалды, талдау, баяндау, салыстыру.
Диплом жұмысының мақсаты - қазақ лирикасында дәстүрлі образдарға айналған ұлттық образдарды анықтау, олардың идеялық-көркемдік мәнін ашу. Осыған сәйкес жұмыста алға қойылған өзіндік міндеттер:
- қазақ әдебиетінің тарихында өз орнын алған айтулы лирик ақындардың туындыларын талдау;
- лирикалық жанрдың ұлттық әдеби даму үдерісін бақылау;
- дәстүрлі ұлттық образдарды анықтау.
Диплом жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ЛИРИКА - КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТІҢ НЕГІЗГІ ЖАНРЫ
Әдебиеттегі үш жанр - эпос, лирика, драма. Әр жанрдың, әрине, өзіндік ішкі болмысы, өзгеге ұқсамайтын табиғаты, жеке тынысы бар. Мәселен, эпос неғұрлым кең құлашты оқиға желісін баяндау негізделіп, соған сәйкес көркемдік жүйе құратын болса, драма қою тартысқа, сахнадағы шешуші іс-әрекеттерге арқа сүйейді. Ал лирика жанрының өз алдына ерекшеліктері бар. «Лирика - адамның дүниетанымы мен көзқарасын, ішкі сезімі, сүйініш-күйінішімен ұштастыра жырлау және ешкімге ұқсамау», - дейді Қ. Жұмалиев [1, 67 б. ] . Ғалым сөзіне тереңірек зер салсақ, лирика дегеніміз - ішкі эмоционалдық-экспрессивтік көңіл-күй әуенін ашуға деген ақынның ұмтылысы және өз сезімін өзгені қайталамайтындай айрықша соны құбылыс ретінде жеткізуі. Мұндай ерекше сезімді түрлі жағдайлар тудыру мүмкін. Қандай ситуацияда болмасын, ақынның өзіндік көзқарас білдіруі, өмір құбылыстарын өзінше жеке позициядан тұжыруы субъективті ой-сезімнен тамыр тартады. Поэзияның өзге түрлерінен лириканы ерекшелейтін осы қасиет екені белгілі.
Жалпы лирикалық туындылар тақырыбына, мазмұнына байланысты бірнеше топқа бөлінеді:
- махаббат лирикасы. Мұнда лирикалық қаһарманның басынан өткен ғашықтық сезім басты өзекке айналады да, өмір, жаратылыс, болмыс жайлы философиялық толғаныстардың өзі осы негізде өрнек табады. Бұл өлеңдер лирикалық қаһарманның тіршілікте кешкен тағдырлық оқиғаларына байланысты бірде қайғылы, бірде шаттық күйді суреттейді;
- табиғат лирикасы дегеніміз - табиғаттағы әр алуан құбылыстарды ақынның жеке дүниетанымы тұрғысынан суреттеуі. Мұнда лирикалық лепті үстейтін фактор табиғаттың әсем көрінісі ғана емес, ақынның оны өз жан дүниесімен астастыра өрнектеуі. Ақын айналадағы ортадан нақты ситуациядағы өз көңіл-күйіне туыс, жақын көріністі іздейді. Я болмаса, қоршаған ортадағы табиғи құбылыстардың өзі ақын көңілінде ерекше бір сезімді оятып, шабыт сезіміне бөлеуі мүмкін. Қай жағдайда болмасын, басты мәселе лирикалық қаһарман көзімен танылатын әлем келбетінің өзі ғана емес, оны қабылдаушы субъектінің өзіндік зердесі, әлемді сезіну, қабылдау қасиеті болмақ;
- саяси-азаматтық лирикада ақынның негізгі толғаныстары әлеуметтік мәні зор ірі мәселелерді арқау етеді. Мұндағы лирикалық белгі ақынның айтар ойының субъективтивизмге бағытталғандығынан, қоғамдық, саяси құбылыстарға жеке-дара көзқарас танытуынан байқалады. Лириканың бұл түрі қазақ поэзиясында кеңінен дамыған;
- философиялық лирика ақынның өмір, тіршілік, әлем жайлы кесек ойларын қамтып, осы тұрғыдағы дара көзқарасын өрнектейді. Философиялық лириканың бір ерекшелігі туындының көркемдігінен гөрі идеялық, мазмұндық жағына баса назар аударылады.
Біз талдау нысанына алатын туындылардың көпшілігі табиғат лирикасына жатады. Олар - жаз, күз, қыс, теңіз, тау, орман, тоғай тәрізді әр алуан табиғат құбылыстарын жырлауға арнаған лирикалық өлеңдер. Лирикалық өлеңдердің мазмұны да, оларда байқалатын көңіл-күйлері де, әрине, ақынның өмірге көзқарасымен байланысты болып келеді. Алайда тікелей табиғат суреттемесіне арналмаған лирикалық өлең-жырлардан да ақынның ішкі бір нәзік сезім иірімдерін, ой қозғалыстарын бедерлеуге бағышталған ұлттық дәстүрлі образдарды кездестіруге болады.
Лирика - көркем әдебиеттің негізгі саласының, жанрының бірі, басты ерекшелігі - адамның көңіл-күйін, сезім дүниесін тікелей бейнелеп көрсетеді. Лирикада ой мен сезім бірлесіп, терең қабысды. Оған тартымды қуат-күш дарытатын терең оймен суарылған, нәрленген жалынды сезім, Әсерсіз, құрғақ қағида-тұжырымдар оқырманды тебірентпейді. Өмір, дүние, адам тағдыры туралы үлкен толғаныстан тумаған, жәй сезімшілдік лириканы жандандыра алмайды. Лирикаға жан беретін сезімнің отты нәзіктігі. Лириканың басқа жанрлардан, айталық, сан алуан адамдардың қарым-қатынасын, қоғамдық тұрмыс-шиеленісті баяндайтын көлемді, оқиғалы шығармалардан айырмасы да, өзіндік артықшылығы да - міне осында.
Егер эпикалық жанрдың ең басты ерекшелігі уақиғаны қалай баяндалып, суреттелетініне байланысты болса, лирикалық шығарманың күші, қуаттылығы алдымен адамның көңіл-күйін, өмірдегі жағдай-құбылыстан алған әсерін бейнелеп жеткізу шеберлігімен ұштасып жатады. Адамның жан-сезімін, көңіл-күйін тікелей, лирикаға тән ерекше сыршылдықпен айтып жеткізудің ұтымдылығы өмір құбылыстарын, табиғатты айрықша сергектік, сезімталдықпен қабылдаудан, сезім-әсер байлығынан туады.
Лирикалық шығармада негізінен алғанда жеке адамның көңіл-күйі, сезімі суреттеледі. Ақын көбінесе өз жайын, өзінің айналадағы өмірге, әр түрлі құбылыс-жағдайларға көзқарасын сипаттайды. Бірақ ақын өз жайын, өз басының мұңын, өзінің арманын, қуаныш сезімін жыр етсе де, ол қалайда халықтың тағдырын, қайғы-мұңын, күйзелісін, қуаныш-шаттығын, тілек мақсаттарын көрсетеді. В. Г. Белинскийдің «Ұлы ақын өзі туралы, өзінің жеке басы туралы айтса да, көптің тағдырын, адамзат жайын сөз етеді» деуі тегін айтылмаған.
Нағыз лирикалық туындылар жеке адамның жан дүниесін, толғанысын, тағдырын бейнелеп, сол арқылы бүкіл бір ортаны, қоғамды, заманды сипаттап береді. Лирикалық қаһарманның ой-сезімі, тағдыры өз замнының арман-мүддесі, тілек-талаптарымен неғұрлым терең байланысты суреттелсе, соғұрлым ол типтік қасиеттері мол, сомдап жасалған ірі тұлғаға айналып, дәуірдің көрнекті өкілі болып шығады.
Лирикалық шығарма ақынның ой-сезімін, толғанысын көрсету арқылы жалпы адам баласына, қоғамға тән сипаттарды, заман, дәуір келбетін танытатын қасиет-ерекшеліктерді жақсы аңғартады.
«Лирикалық жанрға ауыз әдебиетіндегі өлеңнің барлық түрлері - еңбек туралы, төрт- түлік туралы өлеңдер, тұрмыс-салт жырлары, нақыл-өсиет жырлар, тағы басқалар, терме, толғау, тақпақ секілді нұсқалар жатады. Жазба әдебиет өркендеген кезде жаңа түрлер - саяси-әлеуметтік лирика, философиялық лирика, көңіл-күй лирикасы, махаббат лирикасы, табиғат лирикасы қалыптасып, дамиды. Лирикалық шығармалар тақырыбы, құрылысы жағынан да сан-алуан. Кейде, айталық, арнау өлең, сатиралық өлең-жырлар, немесе, хат түріндегі лирикалық шығарманың бөлекше үлгілері ретінде қарастырылады» [2, 217-218] .
Сыншы, әдебиеттанушы ғалымдар лирикадағы елгезек сезім мен сыр жайын, олардың тұтастығы мен тұнықтығы, шынайылығы тұрғысынан алғанда, өлеңді қимылсыз кейіпте қарастырмаған жөн деген пікірді қолдайды. Лирикалық өлеңдегі әрбір лексикалық бірлік лирикалық қаһарманның қас пен көздің арасындай көз ілеспес бір мезеттік жалт етіп жоғалатын сәулелі сырын арқау етеді. Бірақ оның бейне бір суретке басып алғандай үздіксіз үдерістің тек бір ғана көрінісі екенін ұмытпаған абзал. Мұндай құбылысты академик Зейнолла Қабдолов «лирикадағы адамның жан диалектикасы» деп атаған еді.
«Лириканың бас қаһарманы - ақынның өзі. Мұның эстетикалық қасиеті де, тәрбиелік күші де айрықша үлкен. Себебі бұл арада өлеңді жазған адам, оқыған адамға айналып, ақын мен оқырманның көңіл-күйлері бір-біріне ұштасып, бірігіп, біте қайнасып кетеді. Ақын оқшау образ жасап, оқырманға «содан үйрен, не жирен» дегендей тенденциямен ғана тынбайды, оған тура өз басындағы сезім мен сырды тұтас көшіре салады. Сонда ақын көкірегіндегі сезім - оқырман сезімі, ақын көңіліндегі сыр - оқырман сыры болады да шыға келеді», - дейді З. Қабдолов [3, 310-311] .
Лирика өзінің табиғатында сезім мен ойдың поэтикалық нәтижесі болып табылады. Көркем туындының тарихы адамның сезімімен үнемі тікелей қарым-қатынаста болады. Сондықтан осы лирикалық жанрды талдап зерттеу саласында осы жайт үнемі ескеріліп отыруға тиіспіз. Мұны кейде өнердің өзіндік бір табиғи ерекшелігі деп те атайды.
Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі қазақ лирикасының эстетикалық сипаты мәселесі - поэзияны, эстетиканы зерттеушілердің көкейкесті сауалдарының бірі.
Лириканы алдымен, өнер туындысы сапасында зерделейтін болсақ, оның көркемдік, құрылымдық ерекшеліктерін саралаудың бүгінгі әдебиеттану аясында қаншалықты маңызды екенін байқауға болады. Себебі өнерде қол жеткізілген жетістіктер санмен емес, сапамен өлшенеді. Және мұның өзі өзгелер үшін абстрактылы, тек тар аяда ғана өзекті мәнге ие.
Өнерде сапа өлшемін шығарудың өнер ерекшелігіне орай осындай қиындықтары бар. Сөз, әрине озық үлгілер, даралық сипат танытқан шығармалар төңірегінде болуға тиіс. Әйтпесе, формализмге ұрынамыз.
Ақынды әрқашан ой теңізіне шомылдырып, жүрегіне жыр, жанына нұр құйып отыратын дүниелердің бірі - табиғат.
Ақындары әр уақыт ой теңізіне шомылдырып, жүрегіне жыр, жанына нұр құйып отыратын дүниелердің бірі - табиғат. Сұлу да сырлы табиғат қанша адам жырласа да қазынасы ортаймақ емес. Қай ақын-жазушы болмасын, өзін табиғаттың перзентімін деп санаған. Табиғаттың бояуларынан нәр алған, күркіреген күннен үн алған, сылдырап аққан өзендерінен сыр алған Табиғат ақындардың жүрегін оятатын, сұлу сезімге бөлейтін, қиял құсын қияға ұшыратын шабыттың шақпақ оттарының бірі. Бірақ адамсыз жалаң табиғат - жансыз дене секілді.
Өмірде адам айтпаған сөздер, адам салмаған суреттер, адам шырқамаған әндер жоқтың қасы. Тіпті бір тақырыптың өзің әр ақын түрліше зерделеп, қилы көзқарас қырынан сипаттайды. Сөйтіп, тіршіліктегі барша құбылыс атаулыны адамзат баласы шарлап өткен, барлығына ой көзін жіберіп, талай рет айтып кеткен. Ал саф таза нағыз өнердің қасиеті осының барлығын жаңа ғана айтылғандай, бұрын көзге шалынбағандай етіп жаңғыртып, жасартып беруінде. Яғни мөлт еткен сезімді дәл сол қалпында барша әсемділігімен, әсерлілігімен көркем суреттеуінде. Сөйтіп, айналып келгенде, лирикадағы басты ерекшеліктің өзі жалпы сөз өнеріне тән «көркемдік» категориясының төңірегінен табылады.
«Аспаннан да тұңғиық нәрсе бар. Ол - адам жаны», - дейді әйгілі француз жазушысы Виктор Гюго. Лириканың да басты объектісі адам, адамның өмірі, ішкі сезім сілкіністері, ой тебіреністері. Әдебиеттің жетекші жанры ретінде де лирика осы адам проблемасын мәңгілік тақырыптардың біріне айналдыра жырлаумен келеді. Жалпы адамның рухани жан дүниесінің қыры мен сыры қанша жырласа да таусылмақ емес.
Адам әуелде өлу үшін туады. Бұл - өмірдің мойындалған трагедиялық ақиқаты. Адамның өмірі өткінші. Философиялық мәнде әр пенденің ғұмыры жалт етіп сөнетін құйрықты жұлдыздың тіршілігіне ұқсайды. Ол туады, өседі, қартаяды, өледі. Осы бір қамшының сабындай шолақ тірлігінде адам сан қилы сезім-күйді басынан өткереді. Сүйеді, жек көреді, сағынады, қуанады, торығады. т. с. с. Осындай ортақ қасиеттер болса да, түрлі жағдайлар мен себептерге, факторларға байланысты әр адамның тағдыры әртүрлі.
Адам баласының жан дүниесі - қолға ұсталмайтын, көзге көрінбейтін, ешбір дүниеге сәйкес келмейтін сырға толы мәңгілік құпия. К. Юнг сынды әйгілі философтар адамның ішкі жан дүниесінің жұмбағын шешудің әсте мүмкін еместігін зор өкінішпен айтады. Алайда адам атаулының құдіреттілігі де осында жатыр. Жеке тұлғалардан жиналған қоғамның белгілі бір анықтамасы, тұрақталған қағидалары болғанымен, оның мүшелерінің ішкі рухани болмысы әрқилы. Сондықтан адамзаттың ішкі әлемін салыстырмалы түрде шексіздік ретінде қабылдаймыз. Адам парасаты шекті, шартты, нақты болғандықтан, әлемдегі адам мен адам әлемін толық танып білуі мүмкін емес. Сондықтан да олар өздерінің өмірден көргенін, сезгенін, байқағанын қағазға түсіріп, адамтануға өзіндік үлестерін қосып келеді. Ең бастысы - адам үнемі іздену үстінде. Ал қозғалыс бар жерде өмір бар.
Тіршіліктің қозғаушы күші уақыт екені даусыз. Барлық дүние уақыт бойымен тыныстап, ғұмыр кешеді. Осылайша, өмірде қатып қалған ештеңе жоқ, барлығы да өзгеріп отырады, тіпті идея да жаңарады. Сөз өнері де уақыт тынысымен күн кешіп, жаңарып, өзгеріп отырады.
Бүгінгі қазақ лирикасы жайынан сөз қозғасақ, қазіргі лириканың көркемдік қыры поэтикалық кейіпкер сомдау жағынан кемшін соғады. Белгілі ақын Қадыр Мырзалиев бұл туралы былай дейді: «Ал, егер бүгінгі бірқатар жырларымызда бір жетпесе, өмірдің өзін білу, әсіресе еңбек адамдарының қат-қабат жан дүниесін білу жағын жете меңгермегендіктен, жетіңкіремейді. Кәнеки, өмір есігін енді-енді ғана ашқалы тұрған жасөспірім бозбала жігітке, жаңа-жаңа бой жетіп келе жатқан қарындас - қыздарымызға үлгі-өнеге боларлық қандай әдеби кейіпкерлеріміз бар . . . Расын айтсақ, ондай поэтикалық көркем персонаждар жоқ» [4, 4] .
Шындығында, лириканың даму барысы әдебиеттегі ағым-бағыттардың шеңберінде жүзеге асады. Яғни жалпы саяси-қоғамдық аяда орын алған хал-ахуал жеке ақынның лирикасынан да көрініс табады. Себебі, М. Шаханов айтқандай: «Ақын - қоғамдағы көңіл-күй барометрі». Кейінгі кезеңде лирик ақындарымыздың шығармашылығында әсіре жекешілдік сипаттағы көңіл-күй ауанынан шыға алмаушылық, құлазыған сезім-әсер эмоциясына берілушілік байқалады. Мұның өзі соңғы жылдардағы әдеби ағымдардың салдары деп білеміз. Сюрреализм, модернизм, постмодернизм сынды қоғамдағы хал-жағдайды боямасыз, жеткізуге тырысатын ағым-бағыттар көп жағдайда жее тұлғаның, лирикалық қаһарманның даралануын, күйректікке салынуын өрнектейді. Жалпы жеке адамның ұсақ күйбеңін, болмашы құлазуын күйттеп, соның шеңберінде қалып та басқа ешкімге ұқсамауға болады. Бізге ондай даралық керек емес. Жеке адамның көңіл-күйін даралап, шынайы жеткізе отырып, сол арқылы мыңдардың сезімін шарпыса, даралай отырып жинақтаса, біз соны қалаған болар едік. Бірақ, жинақтаудың да жинақтауы бар. Лирикалық қаһарманның өзіндік сезім толғанысын ашпай, құр жалпылама кетушілік пен көркем жинақтаудың айырмасы жер мен көктей.
Бұл мәселе жөнінде Зәки Ахметов мынадай дұрыс пікір айтқан: «Поэзияда қорытындылап жинақтау мен даралау, ортақ сипаттар мен жекелік сипатар ұштасып, ұласып жатады. Осы екі жағы тұтасып бірігіп келгенде ғана көркем образ, көркем бейне туып, өмірдің көркем суреті жасалады» [5, 8] .
Қашанда көркем образ бен поэтикалық тілдің түп қазығы - идея. Мазмұннан түрді бөліп қарауға болмайтыны сияқты жазушы, ақын творчествосын зерттеу үстінде оның идеялық-тақырыптық, жанрлық ерекшеліктерін ғана қарастырып қоймай, көркем тіліндегі табыстары мен жетістіктеріне де тоқталу шарт.
Көркем шығарманың бейнелеу тілінде толып жатқан нақыш өрнектері болады. Мұны біз көркемдік құралдар деп атаймыз. Қалай болғанда да әдебиет өзінің ең негізгі мұратына - өмірді көркем бейнелеп көрсетуге осы құралдар арқылы жетері анық.
Заманымыздың ұлы жазушысы М. Әуезов: «Өмірдің өзін бағалағаныңыз шын болса, төркінінің тегін алдымен таны» [6, 361], - деп жазады. Ұлы жазушы айтқан сөз өнері «төркінінің тегін», оның құдірет күшінің, сиқырлы әсерлілігінің сырын ашудан іздеу абзал. Ақын өзі туралы айта отырып, тек өзі ғана болып қалмайды. Қоғамдық ақыл-ойдың тәжірибесінен, өз замандастарының тәжірибесінен тоқып, білгеніне сүйене отырып, уақыт тынысын, заман сырын өз қоғамының рухани өмірін бейнелейді. Олай болса, ақын творчествосында, оның әрбір лирикалық шығармасында қоғамдық адам, адам мінезінің бір қыры бейнеленіп жатады деген сөз. Бұл мінездер әр қилы өмір құбылысына негізделгендіктен, әрбір лирикалық шығармада әр түрлі сыр-сипатта көрініп отырады. Бірақ бұлардың бәрі бір көзқарас, бір идея. Өмір құбылысына бір ғана идеялық, эстетикалық баға тұрғысынан көрінеді. «Әрқилы образдарды, әрқилы мінездерді іштей бірлікте, тұтастықта ұстайтын - ақын идеясы, оның өмірге көзқарасы, оған деген эстетикалық бағасы, ақын идеясы» [7, 123] .
Көркем әдебиетте бейнені жасайтын материал - сөз. «Жазушы біздің қолымызға барлық жақсылығы мен жамандығы, қызығы мен тартысы, дамуы мен тоқырауы, қызығы мен қымбаты, сәні мен салтанаты ұштасқан бүтіндей бір өмірді ұсынады. Сондағы оның құралы - сөз. Жай сөз ғана емес, сезімге эмоционалдық-экспрессивтік әсер беретін құдірет, күші бар, бейнелі, көркем образды сөз» [8, 78] .
Лирикадағы даулы мәселенің бірі - ондағы эстетикалық дәрежеде сомдалған образдың автордың өз басымен ара-қатынасы, яғни лирикалық бейненің ақынның өз тұлғасымен дәлме-дәл түсуі немесе айырмашылығы қай дәрежеде деген сауал. Яғни лирикалық қаһарман мен авторлық меннің арасындағы сабақтастық мәселесі. Гегель: «Лирикалық туындының орталық «персонажы» оны жаратушының өзі, ең алдымен, оның ішкі әлемі» [9, 148], - дейді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz