Қазақстан Республикасындағы бағалы қағаздар нарығы туралы


Мазмұны
Кіріспе… . . . 3
1 Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша бағалы қағаздар институтының теориялық мәселелері . . . 7
1. 1 Бағалы қағаздардың түсінігі және белгілері . . . 7
1. 2 Бағалы қағаздардың негізгі түрлері . . . 20
1. 3Бағалы қағаздарды шығару және оларды бастапқы нарықта орналастыруды ұйымдастыру . . . 42
2 Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарығын құқықтық реттеу . . . 52
2. 1 Бағалы қағаздар нарығының ұғымы және бағалы қағаздар нарығын дамыту жолдары . . . 52
2. 2 Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар туралы заңнамалардың даму ерекшеліктері . . . 57
2. 3 Қазақстан Республикасындағы бағалы қағаздар нарығын мемлекеттік реттеу . . . 65
Қорытынды . . . 76
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 78
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Егеменді Қазақстанның қоғамы мен мемлекеті екінші он жыл бойы нарықтық экономиканың негізгі қағидаттарына сәйкес дамып келе жатыр. Осы кезең ішінде экономикалық және әлеуметтік қарым-қатынастың жүйесінде бүгінгі күнге дейін әлі дұрыс бағаланбаған өте маңызды өзгерістер болды. Сонымен қатар, біздің қоғам өркениетті және еркін нарыққа қарсы бағытта үлкен талпыныс жасады.
Мұндай өзгерістердің құқықтық негізі жаңа Қазақстанның Конституциясы және оның негізінде қабылданған заңдар болып табылады [1] . Экономикалық қатынастарды реттеу аясында шешуші рөл шаруашылық айналымның қатысушыларының теңдігін қамтамасыз етуге, меншікке қол сұқпаушылыққа, шарт еркіндігіне, азаматтардың құқықтарының қолайлы қорғалуына бағытталған жаңа Азаматтық Кодекске берілген.
Бағалы қағаз нарығы субъектілерінің қатынастары экономикалық-құқықтық механизмге негізделеді. Бұл бағалы қағаздардың материалдық түрі ретінде оның маңызын дәлелдейді. Бірақ бағалы қағаздардың маңызы онымен шектеліп қоймайды. Бағалы қағаздар кез келген мемлекеттің төлем айналымында маңызды орын алады, себебі олар арқылы мемлекеттің инвенстициялық қызметі жүзеге асырылады. Дәлірек айтқанда, бұл күрделі қаржы тікелей халық шаруашылығының ең тиімді саласына жіберіледі, яғни оларды нарық жүйесіндегі ең өміршең субъектілер ғана ала алады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын құру және оны одан әрі өрістету мақсатында қажетті шараларды жасауда. Қазақстандағы меншікті мемлекет иелігінен алу және жекеменшіктендірудің Ұлттық бағдарламасы бағалы қағаздар нарығының негізгі элементтерін құру процессін жеделдетті, мемлекеттік кәсіпорындардың акционерлік қоғамдар түрінде қайта құру олардың инвестиция тартудың ең бір тиімді механизмдерінің бірі - акция шығаруды пайдалану мүмкіндігін ашты. Бағалы қағаздар нарығының механизмі экономикалық барлық субъектілеріне инвестиция көздерін алуға мүмкіндік жасайды. Акция шығару осы ресурстарды шектеусіз алуға мүмкіндік туғызады, ал облигация шығару акция ресурстарын оларды банктерден алудан-гөрі, тиімді жағдайда алуға мүмкіндік береді. Мемлекет бюджет кемшілігін толтыру мақсатында да ақша белгілерін эмиссияламай мемлекеттік бағалы қағаздар шығарумен шұғылданады.
Бағалы қағаздар барынша ауқымды түсінік, оның арасында миллиондаған долларлардың жылжуы. Оларға шын мәнінде мемлекеттің жалпы байлығы сай келеді.
Соңғы кездері республикада құрылымдық өзгерістер болып, қазіргі нарықтық инфрақұрылымдар қалыптасып, тиімді қызмет етіп жатыр.
Осындай өркениетті нарықтың маңызды құрылымының бірі бағалы қағаздар нарығы болып табылады. Ол мүліктік құжаттардың ерекше түрінің айналымы арқылы жалпы мемлекеттік масштабтағы мәселелерді шешуге, материалдық өндірістік салаларының дамуына, жеке бизнестің қалыптасуына, азаматтардың жағдайын жақсартуға бағытталған өндірістік пайдалану мақсатында ірі көлемдегі ақша қаражаттарын шоғырландыру, инвестицияларды тарту мүмкіндігін береді.
Бүгінгі таңдап алынып отырған дипломдық жұмыс тақырыбы да осы бағалы қағаздардың нарығының даму мәселелеріне арналған.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Жұмыстың теориялық негізі жалпы құқық теориясы және азаматтық құқық бойынша үлкен көлемдегі әдебиеттер болып табылады. Бағалы қағаздар нарығы мәселелеріне арнайы монографиялық жұмыстар мен мақалалар арнаған Қазақстандық атақты ғалым-заңгерлері М. К. Сулейменов, Ю. Г. Басин, Ф. С. Карагусов, Н. Г. Сарсенов, Д. Б. Есдаулетовтың еңбектерін атасақ болады. Бұл мәселені арнайы зерттеген мынадай еңбектерді атап кетуге болады, Ф. С. Карагусовтың «Ценные бумаги и деньги в системе объектов гражданского права» және «Ценные бумаги и регулирование их обращения в РК» атты еңбектері, К. Н. Нарибаев пен Г. Т. Пазылхайырованың «Формирование и регулирование рынка ценных бумаг», Г. Т. Абдрахманов пен З. С. Жумабаевтың «Рынок ценных бумаг: особенности функционирования в Республике Казахстан» атты еңбектері.
Ал басқа ресейлік ғалымдардың ішінде М. М. Агарков, М. Ю. Алексеев, Б. Н. Алехин, Э. Родэ, С. В. Павлова, О. С. Иоффе, О. А. Красавчиков, Г. Ф. Шершеневич және т. б. атасақ болады.
Зерттеу объектісі бағалы қағаздар айналымында, соның ішінде қор нарығында пайда болған мүліктік құқықтық қатынастар болып табылады.
Зерттеудің пәні оны басқа заңи құжаттардан ажыратып тұратын, бағалы қағаздарға тән арнаулы ерекшеліктерді анықтау: бағалы қағаздардың құқықтық режимін анықтау, оның субьектілерінің арасындағы тәуекелді бөлу, бағалы қағаздармен белгіленген құқықтарды беру амалдарын бөлу және бағалы қағаздар нарығында осы мүліктік құжаттардың айналыс үрдісін зерттеу болып табылады.
Дипломдық жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Қазақстандағы бағалы қағаздардың құқықтық режимінің теориялық мәселелерін, олардың бағалы қағаздар нарығындағы айналысын реттеу болып отыр.
Зерттеу барысында мынадай міндеттер алға қойылды:
- бағалы қағаздардың түсінігін беріп, оның белгілерін анықтау;
- бағалы қағаздардың негізгі түрлеріне құқықтық сипаттама беру;
- бағалы қағаздарды шығару және оларды бастапқы нарықта орналастыруды ұйымдастыру мәселесін зерттеу;
- бағалы қағаздар нарығының ұғымын анықтау және даму жолдарын анықтау;
- бағалы қағаздардың қайталама нарығы қызметіне талдау жасау;
- Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарығын мемлекеттік реттеу ерекшеліктерін зерттеу.
Дипломдық жұмысының әдістемелік негізін объективтік болжау және жан-жақты білімді зерттеуде жалпы ғылыми диалектикалық тәсілі құрады. Автор жеке ғылыми мағлұматты тәсілдерді, индуктивті сияқты нақтыдан абстрактіге, абстрактіден нақтыға тәсілін жүйелі, нормативті, логикалық, салыстырмалы-құқықтық, тарихи-құқықтық тәсілдер қолданады.
Дипломдық жұмыстың ғылыми жаңалығы.
Дипломдық жұмысына арқау болып отырған тақырыптың өзектілігі жоғары болса да, қарастырылып отырған мәселе бойынша мемлекеттік тілде жазылған ғылыми еңбектер аз. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын құру және оны одан әрі өрістету мақсатында қажетті шараларды жасалып жатыр. Қазақстандағы меншікті мемлекет иелігінен алу және жекеменшіктендірудің Ұлттық бағдарламасы бағалы қағаздар нарығының негізгі элементтерін құру процессін жеделдетті, мемлекеттік кәсіпорындардың акционерлік қоғамдар түрінде қайта құру олардың инвестиция тартудың ең бір тиімді механизмдерінің бірі - акция шығаруды пайдалану мүмкіндігін ашты. Осы мәселелерді зерттеу жылдан жылға нарықтық экономиканың өсуіне байланысты жаңа көзқарастарды, ой-пікірлерді қажет етіп отырады.
Жұмыстың құрылымы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша бағалы қағаздар институтының теориялық мәселелері
1. 1 Бағалы қағаздардың түсінігі және белгілері
Қазақстан экономикалық жүйесінде нарықтық институттарды қалыптастыруға бағытталған экономикалық қайта құрылымдардың басталуымен, бағалы қағаздар рыногінің экономикалық мазмұнын, табиғатын зерттеу және бағалы қағаздардың құқықтық режимін зерттеу ерекше өзектілікке ие болып отыр.
Бағалы қағаздар айналыста қандай да бір экономикалық мақсатқа жету үшін орын алады. Олар ірі өндірісті құру саласында, төлемдер жүйесін немесе тауар айналысын ұйымдастыру саласында тиімді әдіс болып табылады. Бағалы қағаздар шаруашылық нарығы жүйесіндегі ақша қаражаттарын жұмылдыру процесіндегі инструментарий және өндіріс пен айырбас салаларында оларды орналастыру ролін ойнады. Қоғамның бұқара топтарына қандай да бір кәсіпорындардың кірістерін меншіктенуге қатысу мүмкіндігін бере отырып, бағалы қағаздар іскерлік белсенділікті ынталандырады және ұлттық байлықты басқаруды жеңілдетеді.
Бәрімізге белгілідей қоғамда болып жатқан процесстердің ғылыми зерттеуі арнаулы категорияларды зерттеу арқылы жүзеге асырылады.
Бағалы қағаздарды категория ретінде сипаттай отырып, оған тиесілі кейбір негізгі ерекшеліктерді атап өту керек. Бағалы қағаз қоғамдық ұдайы өндірістің категориясы болып табылады, себебі оған тиесілі нарықтың даму дәрежесі әрқашанда экономикалық өсумен тығыз байланысты және макроэкономикалық дамудың негізгі құралы болып табылады [2, 6 б. ] . Сонымен қатар, бағалы қағаз барлық елдерде әрекет ете отырып, өзін глобальдық масштабта көрсетеді.
Заң әдебиеттерінде осы бағалы қағаздар теориясының мәселелері бойынша әртүрлі көзқарастар қалыптасқан. “Бағалы қағаз” деген түсінікті ең алғаш рет 1882 жылы профессор Бруннер ұсынған болатын. Ол бағалы қағазды жеке құқық туралы құжат ретінде анықтады [3, 9 б. ] . Бұл анықтамада Бруннер бағалы қағаздардың түрлерінің әртүрлілігін бір түсінікке біріктіретін ерекшелікті атап көрсетті.
Карагусов Ф. бағалы қағаздарды “ондағы көрсетілген қандай да бір құқық бұл құжатсыз жүзеге асырылмайтын, не басқа тұлғаға берілмейтін құжат ретінде” анықтады [4, 7 б. ] .
Мельников В. Д., Ильясов К. К. “бағалы қағаздарды мүліктік құқықтарды және осы құжаттарды шығарған ұйымдар мен олардың иеленушілерінің қарыз қатынастарын куәландыратын ақшалай құжат ретінде қарастырады” [5, 302 б. ] .
Кейбір ғалымдар тобы (Камаев В. Д., Булатов А. С. ) бағалы қағаздарды “олардың иеленушілеріне қандай да бір мүлікке меншік құқығын немесе ақша алу мүмкіндігін беретін” қаржылық құжатпен байланыстырады [6, 62 б. ] .
Бірақ “бағалы қағаз” деген терминге әр кезде оның нақты түрін қарастыру кезінде ерекше талқылау, нақтылау қажет. Осылайша, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 129-бабы бағалы қағазды «мүліктік құқықтарды куәландыратын белгілі бір жазбалардың және басқа белгілердің жиынтығы» ретінде бекітеді [7] .
Бағалы қағаздардың мұндай анықтамасы жалпы алғанда отандық және шетелдік құқықтың классикалық түсініктеріне сәйкес келеді.
Сол сияқты жаңадан қабылданған Қазақстан Республикасының “Бағалы қағаздар нарығы туралы” заңы да бағалы қағаздарға осындай анықтама береді. Бірақ та аталған заңдардағы бұл анықтама бағала қағаздардың толық түсінігін бермейді деп ойлаймыз, себебі бұдан бірнеше сұрақтар туындайды. Мысалы, аталған заңның шеңберіндегі қандай “белгілі бір жазбалар” бағалы қағазды мүліктік құқықты куәландыратын жай жазбаша шарттан немесе жай қолхаттан ажыратады және “өзге де белгілер” жалпы нені анықтайды?
Жалпы бағалы қағаздарды басқа да заңи маңызы бар құжаттардан ерекшелендіріп тұратын және азаматтық құқықтың ерекше обьектісі ретінде бағалы қағаздар айналымын құқықтық реттеудің негізінде жатқан ерекше сипаттарын атап көрсетуге болады:
1) бағалы қағаз оның иеленушісінің қағазда көрсетілген мүлікті сол қағазда көрсетілген тұлғадан талап ету құқығын куәландырады, ал кейбір жағдайларда заңи сипаттағы өзге де мүмкіндіктерді талап ете алады;
2) бағалы қағазбен куәландырылатын мүліктік құқық міндетті түрде айналым қабілеттілікке ие болуы керек, яғни үшінші тұлғаларға еркін берілуі керек;
3) бағалы қағаз - бұл оның нысаны мен мазмұнына заңмен қатаң талаптар белгіленетін құжат;
4) бағалы қағаз мүліктік құқықты куәландырудың ерекше нысан болып табылады, егер тараптардың келісімі бойынша құқықтық қатынастың бұл нысаны басқа нысанмен ауыстырылмайтын болса.
Енді осыларға толығымен тоқталып кетейік.
Бағалы қағаз мүліктік құқықпен куәландырылады, оның мазмұнында мүлікті беру немесе ақша сомасын төлеуді талап ету көрсетілуі мүмкін. Әдебиеттерде тиісті бағалы қағаздардың мазмұнын құрайтын субьективтік мүліктік құқықтың қай категориясына жататынына байланысты бағалы қағаздардың түрлері ажыратылады. Осы мүліктік құқықтың табиғаты бойынша барлық бағалы қағаздар арнаулы топтарға бөлінеді. М. Агарковтың пікірі бойынша көп жағдайда мүліктік құқықтар міндетті құқықтарға жатады, бірақ сонымен қатар олар заттық құқықтар да болуы мүмкін [8, 12 б. ] .
Толық түрдегі міндетті-құқықтық мазмұнға облигациялар ие болады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 268-бабына сәйкес бұл құжаттар оның ұстаушысының борышқордан мүлікті беру, жұмысты орындау, ақша төлеу және тағы басқа міндеттерді орындауды талап ету құқығын куәландырады.
Заттық-құқықтық мазмұнында (сонымен қатар міндеттемелік-құқықтық) оның ұстаушысының нақты бір мүлікке, тауар-материялдық құндылықтарға иелену құқығын (кепіл куәлігі-варрант) немесе меншік құқығын (коносамент) растайтын тауарлы-көліктік басқарушылық құжаттары болады.
Тауар басқарушылық құжаттары арқылы затқа билік ету құқығы жүзеге асырылуы мүмкін. Басқарушылық құжат мазмұны бойынша міндеттемелік-құқықтық қағаз болып табылады деген көзқарас дұрыс болар деп ойлаймыз, бірақ құқық қатынас обьектісі зат болып табылғандықтан, мұндай бағалы қағаз заттық-құқықтық сипаттағы қызметіне ие болады.
Ф. Карагусов бағалы қағаздардың мұндай бөлінуін шартты деп санайды, себебі барлық бағалы қағаздар міндеттемелік-құқықтық мазмұнға ие болады дейді [3, 10 б. ] . Сонымен қатар бағалы қағаздарда екі тараптың да өзара құқықтары мен міндеттерін қамтитын құқықтық қатынастар көрсетілмейді, себебі қағазды иеленбейтін тарап өз құқықтарын жүзеге асыра алмайды.
Бағалы қағаздардың екінші ерекшелігі жоғарыда айтып кеткендей, бағалы қағазбен куәландырылатын мүліктік құқық айналыс қабілеттілігіне ие болуы керек [9, 22 б. ] . Оның үшінші тұлғаға еркін түрде берілуін қарастырмайтын мүліктік құқық жазбаша құжатпен куәландырылуы керек, бірақ мұндай жағдайда бағалы қағаздарды пайдалану мәнсіз болып қалады.
Бұған қатысты айтатынымыз, олармен куәландырылатын мүліктік құқықтарды еркін беру жіберілмейтін құралдар бағалы қағаздар болып табылмайды. Атап айтқанда мұндай бағалы қағаздар “не басқа тұлғаға сатуға болмайтын, не белгілі бір мерзім өткеннен кейін өтеуге болмайтын нарықсыз бағалы қағаздар” [10, 15-19 бб. ] .
Н. О. Нерсесов бұған басқа көзқараста қарайды, оның ойынша айналымға қабілетті де, қабілетсіз де бағалы қағаздар болады [9, 141 б. ] . Ал В. А. Белов айналымға қабілетсіз бағалы қағаздар тек легитимациялық сипатта болады дейді, себебі одан туындайтын құқық та, не оның өзі де басқа тұлғаға беріле алмайды [11, 10-11бб. ] .
Осы негіздерге жүгінетін болсақ, жабық акционерлік қоғамның да акциялары бағалы қағаздар болып табылмайды, себебі оларды сатудың еркіндігі акционерлердің және қоғамның өзінің құқықтарымен шектеледі, ал сатудың өзі өзінің шарттары бойынша цессияға жақын, себебі оның процесіне міндетті субьект - қоғамның өзі тартылады. Бұған байланысты қазіргі қабылданған “Акционерлік қоғамдар туралы” заңда оларды ашық және жабық түрлерге бөлу қарастырылмаған және ең жоғарғы дәрежедегі өзіндік капиталы бар акционерлік қоғамдар ғана құрылу қарастырылған.
Бағалы қағаздарды беру концепциясы бағалы қағаздардың айналысы негізінде жатыр. Бағалы қағаздарды беру ереже бойынша бағалы қағаздарға құқықтың пайда болуының негізі болып табылады [11, 14б. ] . Бағалы қағаздарды басқа тұлғаларға беру ол азаматтық-құқықтық мәміле болып табылады, оның нәтижесінде тиісті субьектіде берілген бағалы қағазбен куәландырылған мүліктік құқық пайда болады немесе бағалы қағаздың иесі мен бағалы қағаздар нарығының кәсіпқой қатысушыларының арасында міндеттемелік-құқықтық қатынас пайда болады [12, 26б. ] .
Бағалы қағаздарды беру (сату) меншік құқығының пайда болуының негізі ретінде ұсынушыға бағалы қағаздың түпнұсқасын жай беру арқылы, оларды шығарған кездегі ордерлік немесе атаулы бағалы қағаздарды беру арқылы, атаулы бағалы қағаздарды жойып, оның орнына жаңа иеленушіге жаңа құжат беру арқылы көрінеді.
Бағалы қағаздың мазмұнын құрайтын мүліктік құқықты еркін беру мүмкіндігіне сәйкес заңда мүліктік құқықты еркін берудің ерекше тәртібі және бұл құқықты куәландыратын құжаттың нысаны мен мазмұнына қатаң талаптар қойылған.
Осы қажеттіліктің негізінде оның ұстаушысының мүліктік құқығын куәландыратын құжат ретіндегі бағалы қағаз ондағы құқықпен тікелей байланысты болып табылу қағидаты іске асырылған [13, 111б. ] . Бұл қағидаттың мазмұны құжаттың өзі болмаған жағдайда онымен куәландырылатын мүліктік құқық басқа тұлғаға берілмейді немесе құжаттың ұстаушысымен де жүзеге асырылмайтындығын анықтайды.
Бағалы қағаз құқықтың заттай иеленушісі болып табылады. Бұл дегеніміз бағалы қағаздарда көрініс тапқан құқықты беру қағазға деген құқықты берумен түсіндіріледі [14, 17б. ] .
Қағазға құқығы бар тұлға ғана оған билік ете алады, яғни бағалы қағазға ие емес тұлға одан туындайтын құқықтарды жүзеге асыра алмайды. Сонымен қатар мұнда кері байланыс та болады: қағазды беру сонымен бір мезетте осы қағазбен куәландырылатын мүліктік құқықты берумен бірге жүзеге асырылуы керек. Қағазға құқығы бар тұлға ғана оған иелік ете алады. Бағалы қағаздарда көрініс тапқан құқықтар оған деген меншік құқығын дәлелдей алады. Мұнда мынадай ереже қолданылады: бағалы қағазға деген құқықтан осы қағазда белгіленген міндеттеме бойынша талап ету құқығы туындайды.
Бұл айтылғаннан шығатыны бағалы қағаздың иесінің ондағы міндеттеме бойынша оны басқа тұлғаға беруі осы құжатқа деген меншік құқығының сол тұлғаға берілуін білдіреді, яғни одан туындайтын міндеттемелерден де босатады. Егер борышқор құжатты ұсынбаған тұлғаға міндеттемені орындайтын болса, мұндай орындау оны тиісті түрде ұсынған бағалы қағаздың иеленушісіне міндеттемені орындаудан босатпайды. Бағалы қағаздың мұндай құқықтық режимі бағалы қағаздардың заңды иеленушісінің, сондай-ақ ол бойынша міндетті тұлғаның да мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді және ол бағалы қағаздың айналым қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Мұндай тәсіл бағалы қағаздардың түрлеріне де байланысты болады.
Егер ол ұсынбалы бағалы қағаз болса, оның құқықты беру тәсілі өте оңай - оны жаңа иеленушіге тапсыру ғана болып табылады.
Ал ордерлік бағалы қағаз бойынша құқықтарды беру біршама күрделірек. Бұл үшін құжаттың өзінде берілгенін жазумен көрсету қажет. Мұндай берілгенін жазу индоссамент деп аталады. Бағалы қағаздың бұрынғы иесі жаңа иеленушінің алдында бағалы қағазға қол қойған басқа тұлғалармен бірдей міндетті болып табылады.
Және соңғысы, атаулы бағалы қағаз қарапайым цессия, яғни талапты жеңілдету тәртібімен беріледі. Азаматтық кодекс мұндай жағдайда да арнайы шарттың жасалуы керек пе екендігін қарастырмайды, бірақ ол егер талап жазбаша нысанда жасалған мәмілеге негізделсе, онда бұл талап цессияны жүзеге асыру кезінде болу керек екендігін анықтайды. Бұл жерде индоссат та талапты жеңілдетудің бір түрі болып табылатындығын айта кету керек.
Жоғарыда келтірілген талдау бағалы қағаздар табиғатының екі жақтылығын көрсетеді. Олар мәміледен туындайтын міндеттемені куәландырады және осылайша мәміленің обьектісі болып табылған құндылықтың құнын іске асырады.
Жоғарыда айтылғаннан тағы бір туындайтыны бағалы қағаздарда екі тараптың да өзара құқықтар мен міндеттерді иеленетін құқықтық қатынастар көрсетілмейтіндігі, себебі қағазды иеленбейтін тұлғада құқықтар болмайды. Басқаша айтқанда, бағалы қағаз иеленушісінің талап ету құқығы, ал борышқордың оны орындау міндеті ғана болады.
Бағалы қағазбен куәландырылатын мүліктік құқықтарды іске асырумен байланысты құқықтық қатынастарда несие беруші әрқашан борышқордың кім екенін біледі. Борышқор несие берушінің бағалы қағаздардың түпнұсқасын ұсыну бойынша ұқсастыры алмайды. Ал несие беруші тиісті құқықтың кімге берілетіндігі туралы борышқорға айтуға міндетті емес. Бұдан туындайтыны, бағалы қағазбен куәландырылатын мүліктік құқық бір мезетте басқа тәсілдермен куәландырыла алмайды.
Бағалы қағаздың міндетті реквизиттері арнаулы нормативтік-құқықтық актілерде көрсетілген. Бағалы қағаздардағы заңмен белгіленген міндетті реквизиттердің болу талабының күші осы реквизиттердің немесе оның біреуінің болмауы бағалы қағаздың жарамсыздығына әкеліп соғатындығын білдіреді [7] .
Бағалы қағаздардың міндетті реквизиттері оның атауы, сериясы, нөмірі, айналыс мерзімі, қағаз бойынша міндетті субьектіні көрсету, номиналдық құны, кірістің мөлшері, қағаз бойынша міндеттемені орындау орны және т. б. шарттар болып табылады. Тіпті бағалы қағаздардың жаппай эмиссиясы кезінде де тым болмаса, оны басқа бағалы қағаздардан айыратын бір реквизиті болуы керек (мысалы, нөмірі) . Тиісті бағалы қағаздағы реквизиттердің негізінде оның иеленушісі өзінің құқығын іске асыра алады. Осылайша, бағалы қағаз заңи құжат бола отырып, өзінің тағы бір белгісімен ерекшеленеді - оның формалдылығы.
Бағалы қағаздардың формалдылық қағидатымен оның абстрактылығы байланысты. М. М. Агарковтың айтуы бойынша бағалы қағаздың мазмұнында соның негізінде құрылатын шаруашылық мәміленің шарттары белгіленуі мүмкін [8, 27б. ] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz