Шешендік өнер және шешен таланты


С. М. ШОРМАҚОВА
ШЕШЕНДІК ӨНЕР ЖӘНЕ ШЕШЕН ТАЛАНТЫ
Шешендік өнердің табиғаты күрделі. Шешендік өнер туындыларын С. Сейфуллин «Билер сөздері» [1, 263-296 бб. ] деп атады. Шешендік өнердің ерекшелігін, шешен тұлғасының даралығын, шешен болудың асқан қиындығын М. Т. Цицерон (б. з. д. І ғасыр) өте орнықты сипаттады [2, 75-252; ] . Онда бірнеше ғылым мен өнер салаларының өрнектері бар. Шешен таланты да ерекше талант. Шешен өз сөзін сұлу, келісті, әсерлі айтып қана қоймайды, дәлелді, негізді айтады, әділін айтады. Оның әр сөзі белгілі міндетті әділ шешуді көздеп айтылады. Шешен сөзінің мәнді, мағыналы, мазмұнды болуы туралы талаптар жүйесін негіздеген Аристотель [6], Цицерон [2], әл-Фараби [4] қағидаларының ғылыми және практикалық маңызы күні бүгінге дейін жоғары. Қандай жағдайда қандай нақты міндетті шешуді көздеп айтқанда да, шешеннің алдында басты бір ғана мақсат тұрады: өзі пікір айтатын жағдайдың терең шындығына жету, әр істің ақиқатын айту. Осы шындыққа, осы ақиқатқа тыңдаушыларының көзін жеткізу, осы шындыққа, осы ақиқатқа оларды қайткенде де иландыру, сендіру, көндіру. Осыдан келіп, шешендік сөздік өзіне тән стильдік ерекшеліктері, шешеннің шығармашылық тұлғасының, талантының даралығы қалыптасады. Шешен болам деген кісі ел мен жердің арғы-бергі тарихын, халықтың дәстүрлі дүниетанымын, әдет заңының салалары мен баптарын, билер дауының қисындарын, рухани құндылықтарын, сөз жүйесін, ойлау шиырларын, ділелдеу әдістерін, философияны, шешен өнерінің үлгілі кестелерін жете білуі шарт. Әлеумет өміріндегі шиеленіскен даулы жайлардың түйінін бір ауыз сөзбен шешу, дауылдай бұрқаған дауласушыларды бір ауыз сөзбен тоқтату сөз білемін дегендердің бәрінің қолынан келе бермеген. Мұндай ірі іске шешендік өнердің нағыз майталманы, өрен жүйрігі ғана тәуекел ете алған. Осы тұрғыдан келгенде, шешендік сөз ғылым мен өнердің тоғысуынан туатын шығармашылық құбылыс болып табылады. Ал шешенді бойында өнер мен ғылымның негіздері тең ұштасқан шығармашылық тұлға деп тануымызға тура келеді. Осы ерекшелік шешеннің шығармашылық еңбегінің басты сатыларының бәрінде көрініс табады. Шешеннің шығармашылық еңбегінің басты сатыларын, шартты түрде, былай белгілеуге болады:
а) қалыптасқан жағдайды пайымдау; ә) қалыптасқан жағдайға қатысты айтар түйінді сөзін ойлап табу; б) қалыптасқан жағдайға қатысты айтар сөзін жұртқа жеткізудің жолы мен жөнін, сәтін анықтау, в) қалыптасқан жағдайға қатысты айтар сөзін жұртқа жеткізудің жүйесін, бірден-бір тиімді тілдік бейнелеу құралдарын таңдап алу; г) қалыптасқан жағдайға қатысты көңілде пісіп-жетілген ойды тыңдаушылардың ойын тербетіп, бойын балқытып айтып шығу.
Шешеннің шығармашылық еңбегінің осы сатыларының әрқайсысына тән талаптарды орындау шешеннен терең білімді, мол өмірлік тәжірибені, талантты талап етеді. Ж. Дәдебаевтың пікірі бойынша, шешен өз мақсатына жету үшін оған «тума талант, білім мен білік бірдей қажет» [5, 50 б] . Біздіңше, шешеннің шығармашылық тұлғасына тән қасиеттер қатарында мыналарды айрықша атап көрсеткен дұрыс: а) терең білім; ә) мол тәжірибе; б) табиғи талант; в) азаматтық ұстаным. Осылардың бірінен тайған жағдайда, шешеннің өнері өрге аспайды. Шешеннің азаматтық ұстанымы әділеттілікке негізделеді. Қандай қиындықта да ол хақ жолынан, әділеттіліктен таймауға тиісті. Осы орайда Едіге бидің мына сөзінде үлкен ғибрат бар деп қабылдауымызға болады: «Енді мен көпке бармаймын. Өмірімде бір ауыз сөз өтірік айтқан емес едім, мына ақсақал осы көптің алдында құры қайтса, тауы шағылып, ажары мұқалып қалады ғой деп айтып едім» [6, 72] . Едіге би бір дауда билік айтқанда, бұрыннан ұстанып келе жатқан азаматтық ұстанымынан осылай тайған екен. Айтқанындай, Едіге би осыдан көп ұзамай қайтыс болады.
Шығармашылық тұлғалар арасында өз еңбегінде шындықтан аттайтын авторлар болатыны рас. Бірақ олардың ақыры мұндай болып бітпейді. Ал шешендік өнерде олай емес. Шешеннің шығармашылық тұлғасына тән айрықша қасиеттің негізі әділеттілікке негізделеді деуіміздің себебі осында.
Айтылған жайлардан шешендік өнердің өзіне тән ерекшеліктері, шешеннің шығармашылық тұлғасына тән даралық сыры біршама айқындала түседі.
Шешеннің талант қуаты оның сөзі арқылы айшықталады. Ал сөздің жақсы не жаман болмағы, орында не орынсыз болмағы, дұрыс не бұрыс болмағы бірнеше факторға байланысты анықталады. Тыңдаушы тараптар шешеннің сөзін «жақсы», «орынды», «дұрыс» деп тануына қол жеткізу шешен үшін үлкен жетістік. Ал сөз өздігінен жақсы не жаман, орынды не орынсыз, дұрыс не бұрыс болмайды. Сөздің жақсы, орынды, дұрыс болмағы ондағы ойдың жақсы, орынды, дұрыс болуында. Егер сөздегі ой жаман, орынсыз, бұрыс болатын болса, онда сөз де жақсы, орынды, дұрыс бола алмақ емес. Осы орайда шешендік өнердегі мазмұн мен пішін туралы ой туады. Жоғарыдағы ойларды жинақтап айтар болсақ, шешендік сөздің жақсылығы, орындылығы, дұрыстығы оның мазмұны мен пішінінің арасындағы бірлік пен тұтастықтың мінсіз үйлескен сипатында деген пікір туады.
Шешеннің таланты мен болмысын танытатын факторлар қатарында ойдың терең мағыналылығы, шешендік шешімнің негізділігі, дәлелділігі, әсерлілігі ерекше маңызды. Сонымен бірге оның тіл қолданысынан да көп сырды тануға болады. Шешеннің тілінің қуаты, тапқырлығы болмаса, ол, Абайша айтқанда, «тас бұлақтың суындай сылдыраған келісімге» жете алмайды. Аристотель тілдік көркемдеу құралдарына, тілді ажарлау тәсілдеріне ерекше көңіл бөлген. Ғалымның көркем сөз тіліне қоятын басты екі талабы бар: оның бірі - тілдің айқындығы, екіншісі - тілдің сәулеттілігі [3, 170] . Анық сөйлеу, айқын, шынайы сөйлеу әркімнің қолынан келмесе де, әркімге қойылатын талап осындай. Аристотельдің айтып отырғаны жай, ауызекі сөйлеудегі айқындық емес, көркем тілдің айқындығы, поэтикалық тілдің анықтығы. А. Байтұрсыновтың [7], З. Қабдоловтың [8] пікірлері де осындай. Көркем поэтикалық тілмен мінсіз сөйлеу әркімнің қолынан келе бермейді. Өйткені көркем тілдің айқындығы, поэтикалық тілдің анықтығы туралы қағиданың негізінде көркем ойдың айқындығы, поэтикалық ойдың анықтығы туралы желілі ұстаным бар деп. Сондықтан поэтикалық тілмен анық та айқын ой айту - нағыз шешеннің талантына бітетін ерекше қасиет. Осыдан келіп шешендік өнерге, шешеннің шығармашылық болмысына тән стильдік ерекшеліктердің қырлары белгілі болады.
Шығармашылық барда көркемдік ойлау бар. Творчество, шығармашылық жоқ жерде көркемдік қайдан болсын. Шешендер сөзі, С. Сейфуллинше айтқанда, «билер сөзі» - шығармашылықтың биік түрі. Олай болса, көркемдікті шешендік сөздердің бар болмысынан, барша күйінен, тұтас тұлғасынан іздеу керек. Өйткені көркемдік болмаған жерде шығармашылық жоқ. Ал шығармашылық жоқ жерде шешендік өнердің де болмайды. Көркем сөздің шешендік өнер өресіне көтеріліп, өнер туындысына айналуы үшін оған қан мен жан қажет. Сөз теңіздей терең, оттай жалынды, күндей жарық, жарқын ойдан туу керек. Бұл шешендік өнердің түрі мен мазмұнын анықтайтын талаптырдың қатарына жатады. Мұның үстіне шешендік сөз де, ондағы ой да ұйқас, ырғаққа, екпін, интонацияға, үлкен әуенге, шиыршық атқан қуатқа оранып, құлпырып шығады. Осындайда Үмбетей жыраудың «Шешендік жолын тұтындың, үш ауыз сөзбен құтылдың» деген жолдары ойға оралады. Шешендер шығармашылығының сипаттары туралы бүгінгі ғылыми ойларда да осындай ұстанымдар сілемі бар.
Шешендік сөздерде көп ретте мазмұнның өзі логикалық образ арқылы астарлы түрде беріледі. Ал осындай логикалық образ жасау - ойды тура, төте бермей, образға орап, астарлап, ауыспалы мағынада қолдану - халық даналығының тұнығына бойлаған, ойдың мәніне, сөздің нәріне қанған шешеннің ғана қолынан келеді. Шешендер сөздерінің әсерлі болуын ойдағы нысанасына жетуін көздеген М. Цицеронның пайымдауынша, шешендік сөздің үш түрлі тегі бар [2, 334-336 бб] . Бірі - қарапайым тек. Бұл тектің талаптары бойынша, шешеннің сөзі орнымен, ойы жөнімен напа-нақ, тура айтылады. Сол арқылы тыңдаушысын иланадырады, сендіреді. Шешендік сөздің бұл тегінің мақсаты - осы, сендіру. Шешендік сөздің екінші тегі - ортаңғы тек. Ортаңғы тек ел-жұртты сендіріп қана қоймай, адамдардың көңілін ерітіп, мейірін қандыруға тиіс. Бұл орайда кісіні сабасына түсіретін, жылуы мол сөздердің қызметі күшті. Тілдің бейнелеу құралдарының мүмкіншіліктері осы текте барынша мол көрініс таба алады. Шешендік өнердің жоғарғы тегі үшінші текке жатады. Нағыз мәнді де сәнді, келіскен шешендік стиль осы тектен шығады. Мұндай шешендік сөз халықты сендіріп, көндіріп, көңілін ерітіп, мейірін қандырып қана қоймай, тыңдаушы біткеннің жанын тербеп, ой-сезімін қозғайды. Тыңдаушының сезімінен ұшқын ұшырып, қан қыздырып қана қоймай, жанды жалындай лаулататын, тіпті тас жаратын нағыз шешендік сөз осындай болады. М. Т. Цицерон айтып отырған үш түрлі тектің негізін түзуші басты фактор - стиль. Сондықтан шешендік өнердің үш түрлі тегі туралы айтқанда, біздің ойымызда сол үш түрлі тектің негізін түзуші басты фактор ретінде стиль тұрады. Сондықтан шешендік өнердің, шешеннің стилінің де үш түрлі деңгейі туралы айтқан абзал.
Нағыз мінсіз шешен өз сөзі арқылы үш-түрлі міндетті қатар атқарады: тыңдаушыларының а) ақыл-ойын байытады; ә) сезімін сергітіп, таным рақатының дәмін таттырып, тамсандырады; б) өз дегеніне көндіреді. Шешен үшін бұл үш қызметтің алғашқысы міндеті болса, екіншісі - даңққа бөленудің кепілі, ал үшіншісі - жеңіске жетудің бірден-бір басты шарты.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz