Қожа Ахмет Йасауи және Қазақ мәдениетi


Пән: Мәдениеттану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 14 бет
Таңдаулыға:   

Атырау Қазақ-Түрік лицейі

ДОКЛАД

Тақырыбы : Қожа ахмет Яссауи.

Қожа Ахмет Йасауи және Қазақ мәдениетi

Қожа Ахмет Йасауи сынды Ұлы тұлғаның түркi халықтары тарихы мен мәдениетiндегi орны қандай, неге оның есiмi түркi халықтарының жадынан ерекше орын алады деген сұраққа әлi ешкiм жартымды жауап бере алған жоқ. Ол заңды да. Өйткенi, Қожа Ахмет дәуiрiнен кейiнгi 800 жыл халық жадындағы көптеген мәлiметтердi шайып кеттi. Ал, жазба деректер болса, жоққа тән. Тек, «Диуани Хикмет» қана көңiлге медеу.

Соңғы жылдардағы iзденiстер нәтижесiнде Қожа Ахмет Йасауидiң «Диуани Хикметтен» өзге де шығармалары болғандығы белгiлi болып отыр. Мысалы, Шайх Хұдайдад ибн Ташмұхаммед азизан ал-Бұхари жазған «Бустан ал-Мухиббин» атты шығармада Қожа Ахмет Йасауидiң «Фатава-и танбих» атты шығармасы болғандығы туралы дерек бар. Одан басқа «Миат ал-қулуб», «Рисала» сияқты шығармалар да Қожа Ахмет Йасауидiң қаламынан шыққан деген дерек бар. Бiрақ, бұл шығармалардың Қожа Ахмет Йасауидiң белдi шәкiртi Мұхаммед Данышманд Зарнуқи тарапынан жазылғандығы туралы айтылатын деректер барлығын да ескеруiмiз керек.

Әрине, бұл шығармаларда, негiзiнен, сопылық туралы, ұстаз бен шәкiрт арақатынасы, тағы басқа сопылыққа қатысты мәселелер айтылады да, тарихи мәлiметтер жоққа тән. Қожа Ахмет Йасауи мен оның шәкiрттерi, ол салған сопылық жол - йасауийа тариқатының силсилалары (тармақтары) туралы деректер бiздiң тарапымыздан жақында ғана ғылыми айналымға енгiзiлген «Насаб-нама» нұсқаларында, Өтемiс қажының «Шыңғыс-нама», «Темiр-нама» сияқты шығармаларда ғана кездеседi. Қожа Ахмет Йасауи туралы бұлардан өзге шығармалардың барлығы дерлiк XV ғасырдан соң нақшбандийа тариқаты шайхтары тарапынан жазылған дүниелер. Бұл шығармалардағы бұрмалаулар Қожа Ахмет Йасауи туралы тарихи шындықтың бетiн бүркемелеп, ол туралы қате көзқарас қалыптастырды. Мысалы, Қожа Ахмет Йасауидiң тәлiм алған ұстаздары мен рухани қайнарлары туралы қазiргi күнi көпшiлiкке белгiлi деректер тарихи шындыққа сай келмейдi. Сондықтан, Йасауи туралы зерттеулер бағытын жаңадан айқындау - бүгiнгi күннiң өзектi мәселелерiнiң бiрiне айналып отыр.

Өйткенi, Йасауидiң рухани мұрасы ХII ғасырдан бастап түркi халықтарының тарихи тағдырына шешушi рөл атқарған рухани күшке айналды. Орта ғасырларда «Пир-и Түркiстан», «Йасауи Ата» атанған Қожа Ахмет Йасауидiң түркi халықтарының тарихы мен мәдениетiндегi орнын анықтау үшiн, ислам дiнiн қабылдаған түркi халықтарының ХI-ХII ғасырлардағы мәдени-рухани даму үрдiсiне көңiл аудару, оларды талдау қажет. Олай етпейiнше, Йасауидiң түркi халықтарының тарихи тағдырындағы орнын анықтау мүмкiн емес. Түркi дүниесiнiң рухани даму баспалдақтарында «Йасауиге дейiнгi кезең», «Йасауиден кейiнгi кезең» деген кезеңдердiң болғаны анық. Оны мына мысалдардан көре аламыз. VIII ғасырдың екiншi жартысында исламның оппозициялық бағыты - қайсанийа-мубаййидийа ағымын қабылдаған түркiлер өздерiн сол кезеңнен бастап мұсылман санайды. Одан кейiнгi кезеңдерде ислам орталықтарынан шегiнген басқа да рухани ағымдар да түркiлер арасына тарала бастайды. Олардың iшiнде исма`илийа ағымы, ислам орталықтарынан шеттетiлген шафи`ийлер де бар едi. 951 жылы Сатұқ Бұғра Абд әл-Карим ханның исламның дәстүрлi бағытын қабылдауы әр түрлi рухани ағымдар арасындағы ғылыми бәсекелестiктi күшейттi.

Ол ғылым мен бiлiм дамуының негiзгi қозғаушы күшi болды. Әсiресе, мубаййидилер тарапынан ашылған жаңалықтар бүкiл ислам әлемiнде мойындалып жатты. Бiрiншiсi мубаййидилердiң Құранды символды-аллегориялық жолмен түсiндiру туралы iлiмдi жасауы болды (`илм та`билат әл-Құран) . Бұл iлiмдi рационалдық негiзде түсiндiру араб филологиясы пәндерiнiң дамуына үлкен әсерiн тигiздi. Әбу Насыр әл-Фараби бұл қиын жағдайдан шығудың басқа жолын тапты. Ол Алланың даналығын танудың рационалдық жолы - Хикма иләхийа iлiмiн жасады. Сол үшiн әл-Фараби мубаййидилер арасында «Екiншi ұстаз» атанды. 1 Түркiлер ислам дiнiн тек тұтынушы емес, сонымен бiрге ислам ғылымы мен мәдениетiн жасаушы күшке айналды. Сыр бойындағы қалалардан шыққан ғұламалар ислам ғылымы мен мәдениетiне қомақты үлес қосты. Түркiлер исламданған сайын ғылым мен бiлiм дамыды, алайда олар дәстүрлi мәдениетiнен, тiлiнен ажырады. Дiн тiлi мен ғылым, бiлiм тiлiнiң араб тiлi, мемлекет тiлi мен әдебиет, мәдениет тiлiнiң парсы тiлi болуы, араб-парсы мәдениетi ықпалының артуына әкелдi. Оған дәлел ретiнде түркiлер арасынан шыққан жүздеген ғұламалардың өз шығармаларын тек араб тiлiнде жазғанын келтiруге болады. Өз еңбектерiн түркi тiлiнде жазған санаулы ғана кiсiлер бар. Олар - Жүсiп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмет Йүгнеки, Қожа Ахмет Йасауи. Махмұд Қашқаридың «Диван луғат ат-түрк» атты еңбегiнiң жазылуы, түркi тiлiнiң жойылып кету қаупiнен туған сияқты. Бүкiл Орталық Азиядағы билiктiң түркiлер қолында болуына қарамастан, халық арасындағы парсылану процесi тоқтамады. Оның үстiне Х ғасырдан басталған бүкiл ислам әлемiндегi тоқыраушылық Түркiстан жерiне де жеткен болатын. Әр түрлi рухани ағымдар ықпалында болған Қарахандықтар мемлекетi бiрнеше майда иелiктерге бөлiнiп кеттi. ХII ғасыр басында Қарахандықтар мемлекеттерiнiң қарақытайлар билiгiн мойындауы осы тоқыраушылықпен тiкелей байланысты едi.

Түркi халықтарының осындай рухани, саяси дағдарысқа ұшыраған кезiнде Қожа Ахмет Йасауи тарих сахнасына шықты. Өз дәуiрiнiң бүкiл ауыртпалығын, халқының рухани дағдарысқа ұшырау себептерiн толық сезiнген ғұлама түрiк халықтарын ислам дiнi аясында өз рухани-мәдени дербестiгiн сақтап қалуға мүмкiндiк беретiн жол - сопылықтың түркiлiк бағытын дүниеге келтiрдi. Халық Йасауи iлiмiн бiрден мойындай қойған жоқ. Түркiстан қаласының бұрынғы имам-хатибы Абд ал-Қадыр қари қолындағы көне қолжазбада Йасауидiң Түркiстанда 30 жыл бойы өз замандастарынан қорлық көргенi, халық оны көрген жерде таспен атқылағаны айтылады.

2 Тек, жалғыз ұлын өлтiргеннен кейiн ғана халық оның жолының дұрыстығын мойындап, соңына ередi. Билеушiлер де қолдау көрсете бастайды. «Насаб-нама» нұсқаларында жергiлiктi билеушi Қайу Тегiннiң Қожа Ахмет Йасауидiң шәкiртi Мұхаммед Данышманд Зарнуқи ханкасына Өгiз тау мен Қарашық арасындағы 200 қостық жердi уақыф етiп бергендiгi туралы айтылады.

3 Ал, шәкiрттерi болса, сол дәуiрдiң өзiнде түркi әлемiнiң көп жерiне жайылып үлгередi. Сүлеймен Бақырғаниды Үргенiш уәлаятына, Мұхаммед Данышманд Зарнуқиды Отырарға жiбередi.

4 Өзiмет аттас шәкiртi Ахмет сопыны Қаялық елiне аттандырады.

5 Халық қайтадан түркiлiкке бет бұра бастайды. Дiн тiлi де, мемлекет тiлi де, мәдениет тiлi де қайтадан түркiлiк сипат ала бастайды. Бұл туралы Қожа Ахмет Йасауи хикметтерiнде мынадай жолдар бар: Қоштамайды ғалымдар бiздер айтқан түркiнi, Бiлгендерден есiткiл, ашар көңiл мүлкiнiң. Аят, хадис мағнасы түркi болса муафиқ, Мағынасына жеткендер жерге қояр бөрiгiн. 6 Қожа Ахмет Йасауи сопылықтың түркiлiк бағытын жасауы, түркiлердiң рухани дербестiкке ұмтылуы ислам әлемiнiң барлық жерiнде қолдау таба қойған жоқ.

Әсiресе, Хорасан мен Үргенiш ғұламалары Йасауи жолына қатты шүйлiктi. «Диуани Хикмет» пен «Насаб-наманың» Қоқан нұсқасында Хорасаннан Баба Мачин мен Үргенiштен Имам Марғұзи келiп, бұл жолдан қайтуды талап еткендiгi, бiрақ өздерi Йасауимен болған iлiм жарысында жеңiлiп, өздерiнiң соңында Йасауиге шәкiрт болғандығы айтылады.

7 Бұл рухани текетiрестiң соңы ХIII ғасыр басында Хорезм шах Мұхаммедтiң Түркiстан мен Мауараннахрды билеген Қарахандықтар билiгiн жойып, өз мемлекетi құрамына қосып алуымен аяқталады. Араб тарихшысы Йақут Хамавий өзiнiң «Му`жам ал-булдан» атты еңбегiнде Мұхаммед бин Текештiң Түркiстан мен Мауараннахрды жаулап алғанын, Қарахандықтар билiгiн толығымен жойғанын жазса, 8 ал, «Насаб-нама» нұсқаларында Отырардың Қарахандық билеушiсi Хасан ибн Абд ал-Халық Бiлге ханды Үргенiш сұлтаны Мұхаммед сұлтан келiп өлтiргенi, оның орнына Қайыр ханды хан қойғаны, Қайыр ханның нәсiлi қаңлы екенi жазылған. 9 Бұдан кейiнгi кезеңнiң Шыңғыс хан шапқыншылығына ұласқаны, ол бүкiл Еуразия құрлығын түбегейлi өзгерiстерге ұшыратқаны тарихтан белгiлi. Осы шешушi кезеңде йасауийа шайхтары Шыңғыс хан жағында болды.

Оған дәлел ретiнде Қожа Ахмет Йасауи шәкiртi Мұхаммед Данышманд Зарнуқидың Шыңғыс хан кеңесшiсi болғанын, өзiнiң туған қаласы Зарнуқты Шыңғыс хан әскерiне қарсыласпай берiлуге көндiргенiн айтуға болады. Шыңғыс хан ол қалаға «Құтлығ балығ» деп ат қояды. 10 Осыдан араға жүз жыл салып, Йасауи жолы Алтын Орда (ұлысының) қағанатының мемлекеттiк идеологиясына айналады. Ол қағанаттың тек мемлекеттiк-идеологиялық бағыт-бағдарына ғана емес, сонымен бiрге бүкiл құрылымдық жүйесiне өзгерiстер енгiзедi. Қазiргi қазақ халқы құрамындағы рулық, тайпалық, жүздiк құрылымдардың басы осы Йасауи жолының Алтын Орда қағанатында мемлекеттiк идеологияға айналуымен байланысты екендiгiн қазақ шежiрелерiнен айқын көруге болады. Кейбiр шежiрелерде қазақтың үш жүзiнiң арғы атасы - Өзбек хан. Өзбек ханның үш ұлы - Байшора, Жаншора, Бекшора (кейбiр шежiрелерде - Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс) . 11 Алтын Орда ұлысында Йасауи жолын мемлекеттiк идеология дәрежесiне көтерген - Өзбек хан. Өзбек ханды ислам дiнiне мойын бұрғызған йасауийа тариқатының шайхтары, Зеңгi Ата шәкiрттерi - Садр Ата-Баба Туклас (Баба түктi Шашты Әзиз), Бадр Ата, Саййид Ата, Ұзын Хасан Ата. 12 Тарихшы Құрбанғали Халид Өзбек хан мен оның ұлы Жәнiбек ханның Алтын Орданы үш ұлысқа бөлгенiн айтады. 13 Демек, бұл келтiрiлген мысалдар қазiргi қазақ халқы құрамындағы жүздiк, тайпалық, рулық құрылымдардың пайда болуы Алтын Орданың исламдануымен, йасауийа тариқатының мемлекеттiк идеологияға айналуымен тiкелей байланысты екендiгiн көрсетедi.

Бұл құрылымдардың пайда болуы Алтын Орда мемлекетiнiң исламдануымен байланыстылығын қазақ рулары мен тайпалары басындағы «сопы», «қожа», «шора» атауларынан да, ол құрылымдардың жай этникалық бiрлiктер емес, идеологиялық рухани бiрлiкке негiзделгенiн көруге болады. Йасауийа тариқатының мемлекеттiк идеологияға айналуы, мемлекеттiң құрылымдық жүйесiн өзгертуi мемлекеттiк басқару жүйесiне де түбегейлi өзгерiстер әкелдi. Моңғолдардың Түркi қағанатынан алған бұрынғы үкiмет тұжырымдамасы бойынша мемлекеттегi бар билiк хан қолында болды және ол Шыңғыс хан ұрпақтарының қолына мұрагерлiкпен келетiн. Хандық билiк Шыңғыс ханның үлкен әйелi Бөртеден тараған - Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле ұрпақтарына ғана тиесiлi едi. Оларды «алтан ұрұқ» «алтын әулет» деп атады. Жоғарғы билiкке жетудiң басты шарты - осы «алтын әулет» өкiлдерiнiң қолдауы болатын. Олар өздерiнiң пiкiрiн хан сайланатын жиын - құрылтайда айтатын. Осы құрылтай қолдаған «алтын әулет» өкiлi ғана хан сайлануға құқылы едi. Құрылтай келiсiмiнсiз таққа отыр-ған хан жазалануға тиiс болды. 14 Йасауийа тариқаты мемлекеттiк идеологияға айнал-ған соң хан сайлау жүйесi түбегейлi өзгердi. Ендi хан жүз, тайпа, ру басыларының қатысуымен, солардың таңдауымен сайланатын болды. Ханның абсолюттiк билiгi шектелдi. Хан тек шариғат шеңберiнде әрекет етуге тиiс болды. Қоғамда билер институты құрылды. Бұрын аймақтарды Шыңғыс хан ұрпақтарынан шыққан билеушi әулет өкiлдерi басқаратын болса, ендi билiк ру, тайпа, жүз билерiнiң қолына өттi.

Жошы ұлысының батысында билер өз ұлыстарының толық билеушiлерiне айналды. XV ғасыр қарсаңында билер қолында шексiз билiк болды. Жошы әулетiнен кiмнiң хан сайланатынын маңғыт билерi шешетiн. 15 Бiрақ, ол кезеңде билердiң ешқайсысы хан тағына таласып көрген емес. Ру, тайпа, жүз билерiне мұндай шексiз билiк берген йасауийа тариқатының құрылымдық жүйесi болатын. Муршид - мүрид (пiр- мұрт) үлгiсiнде құрылған мұндай жүйе ру биiне қоғамның әрбiр мүшесiн бағынышты еттi. Ислам әлемiнiң өзге аймақтарында сопылық таңдаулылар еншiсiнде болса, Қыпшақ даласында сопылық жол жалпы халықтық сипат алды. Рудың әрбiр мүшесi йасауийа тариқатының да мүшесi болып есептелдi. Рулық, тайпалық, жүздiк құрылымдар қандық, этникалық бiрлiкке емес, рухани-идеологиялық бiрлiкке негiзделдi, сол негiзде топтастырылды. Қандық бiрлiк қыз алыспайтын шеңберде ғана қалдырылды. Ру биi тайпа биiне, тайпа биi жүз биiне, жүз биi ханға бағынатын. Мұндай қоғамда қоғамның әрбiр мүшесiнiң еркiн өмiр сүруiне мүмкiндiгi болды. Әдет-ғұрып, салт-дәстүр де елеулi өзгерiстерге ұшырады. Рулас, қандас адамдар арасындағы некелiк қатынастарға тыйым салынды. Ол өз кезегiнде әйелдердiң қоғамда еркiн жүрiп-тұруына мүмкiндiк туғызды. Әр ауылда рулас, қандас адамдар тұратын болғандықтан, ол ауылдың әйел қыздары бiрiнiң әпкесi, бiрiнiң қарындасы, бiрiнiң келiнi, бiрiнiң жеңгесi едi. Сол себептi, әйел баласына қатынас тек сыйластыққа негiзделдi. Қоғамда әйелге деген ерекше сый-құрмет қалыптасты, әйелдi, апа-қарындасты халық арына балады. Сол дәуiрден бiзге дейiн келiп жеткен «Ауру - астан, дау - қарындастан», «Жесiр дауы - жер дауы» деген мақалдар бұл айтылғандардың дұрыстығына толық дәлел бола алады. Бүкiл қоғамдық қатынас шариғатқа (заңдылыққа) негiзделгендiктен, ешкiмге шариғатты бұзуға ерiк берiлмедi.

Ол жөнiнде белгiлi заңгер-ғалым Б. Кенжалиев былай дейдi: «Сот билiгiнiң көшпендiлер қоғамындағы орнының биiктiгi сонша, ол кейбiр кездерi хан билiгiнен де жоғары тұрған. Әрине, хан билiгi қазақ қоғамындағы ең жоғары мемлекеттiк билiк болып есептеледi және ол солай болады да. Бiрақ, ол өзiнiң осы дәрежесiн қамтамасыз ету үшiн, сот билiгiмен әрдайым санасып отыруға мәжбүр болатын, соған әр кез арқа сүйейтiн». 16 Йасауийа тариқатының Алтын Орда ұлысының мемлекеттiк идеологиясына айналуы сол дәуiрдегi ең озық қоғамдағы қатынастарды қалыптастырды. Шешендiк, жыраулық дәстүрдiң қалыптасуы да осы Алтын Орда дәуiрiнде болған деп айтуға негiз бар. Өйткенi, тек, жалпы халыққа арқа сүйеген қоғамда ғана, ханға шындықты бүкпесiз ашық айту мүмкiн болатын. Жалпы Алтын Орда мемлекетi Өзбек хан мен Жәнiбек хан тұсында өзiнiң ең гүлденген кезеңiн басынан кешiрдi. Алтын Орда мемлекетiнде қалыптасқан мұндай жағдай Шыңғыс хан ұрпақтарын қанағаттандырмады. Олар абсолюттiк билiкке ұмтылды, өздерiне абсолюттiк билiктi қамтамасыз етедi деген басқа дiни ағымдарға иек арта бастады. 1356 жылы Жәнiбек ханның өлтiрiлуi, сол әрекеттiң басы болатын. Осылайша Ордада берекесiздiк басталды. Йасауийа шайхтары мен билердi жау тұтқан Шыңғыс хан ұрпақтары Алтын Орда мемлекетiнiң iргесiн шайқалтты.

Хандардың мұндай озбырлығына шыдамаған кейбiр тайпалар Алтын Орданы тастап, басқа жаққа көше бастады. Орыс зерттеушiсi В. В. Трепавлов маңғыттардың 1350-1360 жылдары оңтүстiк-шығысқа жаппай көшкенiн айтады. 17 Әмiр Темiрдiң Алтын Орданы, Тоқтамыс ханды талқандауының өзi оларды тоқтата алмады. Мемлекетте тыныштық орнатпақ болып, барын салған Едiге би үмiтi ақталмады. Ол соңында Хорезмге қашуға мәжбүр болды. 18 Ол кездегi Орда iшiндегi жағдай туралы «Аноним Искандера» атты жазбада былай деп жазылған: «Тоқтамыс ханның ұлы Жалал ад-дин заманында . . . Ордада бар билiк тәжiктер қолында болды. Моңғол әмiрлерi шетке ысырылды. Олар оның (ханның) iнiсi Сұлтан Махмудты хандық билiктi қолына алуға үгiттедi . . . Бiр жылдан кейiн ол түнде ағасын тақта отырған жерiнде өлтiрдi». 19 Осыдан кейiн көп ұзамай Алтын Орда мемлекетi бiрнеше иелiктерге ыдырап кеттi. Ыдыраудың басты себебi - Алтын Орда мемлекетi халқының рухани бiрлiгiн қамтамасыз етушi күш, түркiлiк мәдениет өзегi болған Йасауи жолынан бас тарту болатын.

Өкiнiшке орай, бұл қасiреттi тарихтан кейiнгi билеушiлер сабақ алмады. XIV ғасырдың екiншi жартысында нақшбандийа ағымы тарих сахнасына шықты. Ол ағым соғды-тәжiк халқының рухани қайнарларына негiзделген сопылық тариқат едi. Нақшбандийа тариқаты XV ғасыр басынан-ақ белсендi әрекетке көшкен болатын және бұл ағымның йасауийа тариқатымен арақатынасы бiрде бейбiт, бiрде шиеленiскен түрде өрбiп отырды. 20 XV ғасыр ортасында Өзбек хандығының Қазақ хандығы мен Шайбанилер мемлекетi болып екiге бөлiнуi, Мұхаммед Шайбани ханның көшпелi өзбектердiң бiр бөлiгiн алып, Мауараннахрға кетуi, екi тариқат арасындағы шиеленiстi одан әрi ушықтырып жiбердi. Мауараннахрға барған өзбектер үшiн екi тариқат арасында үлкен тартыстар жүрдi. XVI ғасырдың бiрiншi ширегiнде Бұхара билеушiсi Убайдулла ханның көмегiмен нақшбандилер йасауийа шайхтарынан басым түсiп, билеушiлерге ықпалын өткiздi. 21

Уақыт өте келе Мауараннахрда нақшбандийа ағымы шешушi рухани күшке айналды. Мауараннахрлық өзбектер салт-санасы, әдет-ғұрпы жағынан өздерiнiң Түркiстанда қалған қандастарынан ажырай бастады. Бұл кезеңде Қыпшақ даласында Қазақ хандығы бой көтерiп, қазақ халқының бiрiгу үдерiсi жүрiп жатты. Бұл халыққа «қазақ» атауының берiлуiнiң өзi - өзгенiң жетегiне ермей, өзiнiң рухани, мәдени дербестiгiн сақтап қалуымен байланысты сияқты. Түркiнiң өршiл рухы - Йасауи жолын қадiр тұтқан бар халық Қазақ хандығы туының астына жиылды. Өкiнiшке орай, Қасым ханның өзi Бұхаралық нақшбандилер шайхы Абу Бакр Са`дқа (970/71-1561/62 ж. қ. б. ) шәкiрт болуы, ал балаларын 1512 жылы Бұқарадан, Бабыр әскерiнен қашқан атақты жуйбарилiк шайх Хожа Исламға тәрбиеге беруi, Қасым хан балаларының таққа отырғаннан кейiн нақшбандилерге иек артуы, ел iшiндегi рухани бiрлiктi тағы бұзды. 22 Абсолюттiк билiктi көздеген Қазақ хандары рулық, тайпалық, жүздiк құрылымдарды бұзуға, билер институтын жоюға, сөйтiп хандық билiктi нығайтуға күш салды. Ол әрекет нақшбандилер жолын қазақ арасына тарату арқылы жүргiзiлдi. Өйткенi, нақшбандийа ағымында ағайын-туыс арасындағы некелiк қаты-настарға рұқсат етiлген болатын. Ол бiрте-бiрте қазақ арасындағы рулық, тайпалық, жүздiк бiрлiктердi, қазақы салт-дәстүрдi iштей бұзуға тиiс едi. Бұл саясат, әсiресе, Есiм хан тұсында пәрмендi жүргiзiлдi. Нақшбандийа шайхтарына Сыр бойынан уақфтық жерлер бөлiнiп берiле бастады.

Бұған Есiм ханның өз қолымен берген құжаттары дәлел бола алады. Ол тарих ғылымында Сығанақ құжаттары деген атпен белгiлi. 23 Осы Есiм хан тұсында Қазақ хандығының мемлекеттiк құжаттары қайтадан парсы тiлiне өте бастағанын байқауға болады. Есiм хан Ұлы жүз руларының көпшiлiгiн күшпен нақшбандийа тариқатына өткiзедi. Ырқына көнбеген Тұрсын Мұхаммед хан мен қол астындағы қатағандарды бесiктегi баласына дейiн өлтiрдi. Кiшi жүз тайпаларының өзбектермен шекаралас аймақтарындағы рулары да өз ерiктерiмен нақшбандийа тариқатын қабылдаған болатын. Бiрақ, нақшбандийа тариқатын қабылдағанымен Ұлы жүз тайпалары да, Кiшi жүз тайпалары да өздерiнiң салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын сақтап қалды. Осы үдерiстiң халық санасында белгiлi iз қалдырғанын халық арасына тараған аңыздар мен әпсаналардан көре аламыз. Мысалы, Бәйдiбек Атаның кiшi әйелi Домалақ Ана туралы екi түрлi аңыз бар: бiрiншi аңызда Домалақ ана Қожа Ахмет Йасауидiң қызы Гаухар Ананың қызы екендiгi айтылса, екiншi аңызда XVI ғасырда өмiр сүрген, атақты нақшбандийа шайхы Махдум Ағзамның қызы екендiгi айтылады. Ұлы жүз арасына тараған қожа әулеттерi өздерiн нақшбандилер тариқатына жатқызады. 24 Нақшбандийлер салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпын, идеологиялық нысандарын толық қабылдаған рулар кейiн қазақ жүздерi құрамынан шығарылды. Қазiргi қазақ жүздерi құрамына кiрмейтiн сунақ, шалақазақ, Түркiстан, Шымкент, Тараз маңындағы өзбектердiң пайда болуы осы рухани үдерiстердiң тiкелей жемiсi. Мысалы, Түркiстан маңындағы Қарнақ ауылында 100% өзбек тұрады. Тегi жағынан олардың 95%-ы кешегi қазақ руларынан шыққандығы анықталды. 25 Қарашық ауылын мекендеп отырған халық та солай. Ол жерге үш жүз үй Көкмұрын қыпшақты отырғызып, 200 қос жердi хандар арнайы бөлiп бергендiгiн айтады. 26

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Йасауи жолының ұзақ ғасыырларға созылған тарихы
Қ.А.Ясауидің өмірі. Ясауи ілімінің тарихи маңызы
Қожа Ахмет Яссауи (1093 1094-1166)
Қожа Ахмет Йассауи ислам дінін дәріптеуші
Қожа Ахмет Йассауи кесенесі
«Сопылық» («суфизм»)
Тарихи тұрғыдан түркі ислам философиясының қалыптасу
Қазақ ойшылдары дін туралы пәні семинар сабақтың әдістемелік нұсқауы
Қожа Ахмет Йасауи поэзиясының түркі әдебиетіндегі орны мен маңызы
Ислам дінінің пайда болуы және дамуындағы тарихи әлеуметтік, саяси жағдайлар. Ислам діні
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz