Қазақ хандары жайында мәліметтер


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 28 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚ ХАНДАРЫ

Абылай хан (1711-1781)
Әбілқайыр хан (1718-1748ж. ж. билік құрған)
Хақназар хан (1538-1580ж. ж. билік құрған)
Бұрындық хан (1480-1511 ж. ж. билік құрған)
Қасым хан (1511-1518 ж. ж. билік құрған)
Шыңғыс хан
Есім хан (1598-1628 (1645) ж. ж. билік құрған)
Кенесары хан (1841-1847ж. ж. билік құрған)
Керей хан (1456-1473 ж. ж. билік құрған)
Жәнібек хан (1473-1480 ж. ж. билік құрған)
Тәуекел хан (1582-1598ж. ж. билік құрған)

Абылай хан (1711-1781)

Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай - Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып Абылай атанған) «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Бұл, Ш. Уәлихановтың айтуына сүйенсек, Абылайдың 13 жасар кезі болса керек.
Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген. Оған қоса бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың, т. б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі. Қай жылы туса да, 1730-33 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді.
Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады.
Абылайдың жиырма жасы қай жылға сәйкес келуіне байланысты, қай шайқасқа қатысқаны туралы болжам айтуға болады. Бұл, әрине, Абылай қатысқан алғашқы соғыс емес. Ел әңгімелері, тарихи жырлар Сабалақ әуелде Бөгенбай жасақтарының құрамында жорық-жортуылдарға қатысқанын айғақтайды. Аңырақай шайқасына қатыспады дегеннің өзінде де, Абылайдың 1730-33ж. Болған бір ірі шайқасқа қатысқаны дау тудырмайды. Тарихи деректерден Орта жүз жасақтары мен жоңғарлардың арасында 1730 жылы да, 1731 жылы да бірнеше үлкен ұрыстар болғаны белгілі. 1732 жылы жоңғарлардың 7 мыңнан астам әскері Орта жүздің шығыс шетіндегі ауылдарына шабуыл жасап, тегеурінді тойтарысқа тап болады. Абылайдың жиырма жасы 1733 жылға сәйкес келсе, дәл сол жылы қазақ пен қалмақ арасында үлкен майдан болғаны қытай деректерінде атап көрсетілген. Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті 30-40 жылдардағы шайқастарда ерекше көрінді. Осындай жан алысып жан беріскен соғыстардың бірін Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп . . . » деп суреттейді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай т. б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады. Бірте-бірте ұлыстағы бар өкім Әз-Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет ханнан өтіп, Абылайдың қолына көшеді. Абылайдың ерлігі мен ақыл-парасатына бас ұрған Әбілмәмбет ақылшы аға болып қалып, кеңесші хан дәрежесімен шектеледі. XVIII ғасырдың 30-жылдарының аяғында Абылай есімі бізге белгілі құжаттарда Әбілмәмбет ханмен қатар аталады. Орыс тарихшысы А. И. Левшин: «1739 ж. Орта жүзде Сәмеке ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген», - деп жазды. Ш. Уәлиханов та осы пікірді қолдайды.
1738-41 ж. Абылай бастаған қазақ қолы жоңғар басқыншылырына бірнеше мәрте соққы берді. 1742 ж. Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына тұтқынға түседі. Сол кездегі ойрат басқыншыларына қарсы күрестің ең белсенді ұйымдастырушыларының біріне айналған Абылайдың жау қолына түсуі қазақ қоғамында абыржушылық туғызып, Абылайды босатып алу үлкен саяси мәселеге айналады. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Төле би мен Әбілқайыр хан Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатып алуда ара түсуге өтініш жасайды. Бұл деректің шындық екенін осы кезеңде Орынбор губернаторы И. Ш. Неплюев пен Әбілқайырдың өзара жазысқан хаттары да дәлелдей түседі. Қазақтың үш жүзінен Толе би бастап 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 ж. 5 қыркүйекте Абылайды тұтқыннан шығарып алады. Бұл жөнінде Неплюевтің сыртқы істер коллегиясына жазған хатында қазақтар мен қалмақтар бітімге келіп, бірігіп кете ме деген қауіп те білдірген.
Абылай билігінің күшейге түсуінің жаңа кезеңі 1744ж. Әбілмәмбеттің Түркістанға көшіп кетуі уақытына саяды.
Абылай көреген саяси қайраткер бола отырып, қалмақтармен аса ауыр соғыстардан қалжыраған елінің есін жиғызу үшін дипломат жолдарды да тиімді пайдалаңды. 1740 ж. тамызда ол Орта жүз ханы Әбілмәмбетпен, тағы да басқа 120 старшынмен Орынборға келіп, орыс өкіметінің «қамқорына» кіруге келісім білдіреді. Сонымен бір мезгілде қазақ халқының тұтастығын сақтау мақсатында Шың империясымен де қарым қатынасын суытпады. Петербург пен Пекинге елшіліктер аттандырды. Ол Ресей мен Қытай империяларының өзара қайшылықтарын қазақ хандығы мүддесіне пайдаланып отырды. Абылай 1745 ж. Қалдан Серен дүние салғаннан кейін, Жоңғарияның билеуші топтарының тақ таласынан әлсіреп, бұрынғы әскери қуатынан айырыла бастауын және жоңғар-қытай соғысын Шығыс Түркістанмен іргелес өңірдегі ойраттардың уақытша билігінде қалған казақ жерлерін қайтаруға, елдің дербестігін толық қалпына келтіруге пайдалану үшін барынша күш салды. Абылай қазақ елінің тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін жағдаяттармен аянбай күресіп, дербес сыртқы саясат ұстанып өтті. 1745ж. Орта жүздегі Әбілмәмбет, Абылай және Барақ сұлтан қатар аталса, 3-4 жылдан кейін мұндағы жағдай мүлдем өзгерді. 1749ж. тамыз айында Неплюевпен кездесуінде Жәнібек тархан: «бұрын Орта жүзде Әбілмәмбет хан болған, бірақ ол біраздан бері Ташкентте тұрып жатыр, ел басқарудан қалған. Бірақ сұлтан зұлымдық ісі үшін қашып жүр. Онда жалғыз Абылай сұлтан ғана билік жүргізіп отыр», - деп көрсетті.
Жазба деректерде Абылайдың шетел басқыншыларына қарсы табанды соғыс жүргізгендігі айқын көрсетіледі. 1752ж. ол бастаған қазақ әскері шамасы 15-20 мың адамдай ойраттар қолының шабуылына тойтарыс берді. 1753ж. желтоқсанда Абылай 5 мың жауынгерімен жоңғар әскерлерімен шайқасып, бірталай қазақ жерін азат етті. 1754ж. сәуірде Абылай бастаған 1700 қазақ әскері 10 мың қалмақпен соғысуға мәжбүр болса, (Қаратал өз бйынша), сол жылдың шілде-тамыз айында 4 мың әскермен Жоңғарияға жорық жасап, 3000 қалмақты тұтқынға алып келген. 1756ж. Абылайдың бастауымен қазақтар қытайлар мен қалмақтардың біріккен күшімен екі рет шайқасып, оның бірінде жеңіліп, екіншісінде жеңіске жетеді. 1757ж. Абылайдың 6 мың әскері Қытайдың 40 мың әскерімен шайқасынан соң, қытайлар Абылайдан бітім сұрады. 1753-1754 жылдардағы шайқастарға Қабанбай, Бөгенбай, Жанатай, Керей Жәнібек, Өтеген батырлар қысы - жазы үзбестен қатысады. Абылай бірде Қалдан Серенмен бітімге келсе, бірде Дабашыны шауып, бірде оны және Әмірсананы өзіне паналатты. Сөйтіп Ойрат ұлысының бөлшектене беруін көздеді. Тегеурінді әскери қимылмен қатарластырыла жүргізілген дипломатиялық әрекеттері Абылайды өз заманының ұлы қайраткерлері деңгейіне көтерді. Осының нәтижесінде Абылай әскері 1771ж. Мойынты өзенінің бойында болған қалмақтармен ауыр шайқаста жаңа жеңіске жетті.
Саяси ахуал тұрақталған шақта Абылай қазақ жерінің бүтіндігіне қол сұққан басқалармен де ымырасыз күрес жүргізді. 1754-55 және 1764 ж. қырғыздар Жетісуда біраз ауылдарды шауып, Жауғаш, Көкжал Барақ пен Шынқожа батырлар бастаған әскерлерді Ақсу, Көксу және Шу бойында талқандайды. Осы себепті Абылай 1755, 1765 жылдары Қырғыз ұлысына қарсы жорық жасап, Іленің сол жағасын, Шу бойын тазартады, қазақ пен қырғыздың Нарынқолдан Қордайға тартылған, күні бүгінге дейін сақталып отырған шекарасын анықтайды.
Өмірінің соңғы 15 жылында Орта Азия хандықтарына қарсы тынымсыз күрес жүргізді. 1765-67 ж. Абылай қолының қоқан билеушісі Еркенбекпен соғысының нәтижесінде Түркістан, Сайрам, Шымкент қалалары қайтадан қазақтар иелігіне өтті. Ташкент алым төлеп тұратын болды. Екі жүз жылға созылған қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің соңғы жаңғырығы алаш жұртының санасында « шаңды жорық » деген атпен белгілі. Бұл 1771ж. Еділ қалмақтарының жоңғарға қазақ жері арқылы үдере көшуі еді. Кіші жүздің ханы Нұралы асығыс әскер жиып, Жем бойында қалмақтарға алғашқы соққы береді. Балқашқа жақындаған кезде Абылай бастаған қазақтың қалың қолы қалмақтарды қоршауға алды. Осы кезде қалмақ басшылары Ұбашы мен Серен бітімге келуді, бүкіл ел жұртымен бодандыққа қабылдауды сұрап, елші жібереді. Кіріптар ұсынысты талқылау үшін шақырылған әскери кеңесте Абылай тағы да көрегендік танытып, жеңілген жауды қырып-жоюдың қажеті жоқ екендігін дәлелдеуге тырысады. Еділден ауған қалмақпен келіссөзге келіп, тым құрыса олардың Жоңғарға еркін өтіп кетуіне мүмкіндік беру жөніндегі Абылай түйінінің аржағында шығыстағы ұлы көршімен болашақтағы қарым-қатынасты ойлау жатыр. Жоңғардан азат етілген шығыстағы жерлерге қазақ ауылдарын апарып түпкілікті қоныстандыру да Абылай саясатының тереңдігін, кемеңгерлігін айқын көрсетеді. Оның әрбір іс-әрекеті қазақ халқының бүтіндігін, елі мен жерінің тұтастығын сақтауға бағытталды. Билікке таласқан Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіргенде де Абылай ел билігін ойлап қынжылып, Төле бимен тізе қоса қимылдап, бұзық сұлтанды жазаға тарту жағында болады. Абылай соғыс жағдайынасай қол астындағы елде, әсіресе, әскер ішінде қатаң тәртіп орнатты. Сондықтан да хан бастаған жауынгерлердің ел-жұрты мен ата мекенін қорғау рухы жоғары, ұзақ жорықтарға шыдамды, шайқас даласында тегеуріні қатты болған. Абылай сан жағынан әлдеқайда басым жаумен шайқасудан еш тайынбаған және көбіне үстем шығып отырған. Абылай қазақ хандығының күшін біріктіріп, әскери жағынан қуатты мемлекетке айналдырды.
1771 жылы жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Орта жүздің ханы болып не Әбілмәмбеттің інілерінің бірі, не үлкен ұлы Әбілпейіз сайлануға тиіс еді. Алайда басты сұлтандардың, старшындардың, Әбілпейіздің өз қалауымен үш жүздің басшы өкілдері Түркістанда Абылайды хан көтерді. Абылай іс жүзінде жалғыз Орта жүздің ғана емес, бүкіл Қазақ ордасының ұлы ханы болды.
Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шаһы Ахмад Дурранимен келіссөз жүргізді. Түркияға елшілік жіберу ниеті де болды. Қытаймен қатынас жақсара бастаған кезде орыс бодандығынан бойын тартып, патша әкімшілігінің шақыруымен хандық белгілерді қабылдау үшін 1779 жылы қазан айында Петропавл бекінісіне барудан бас тартты. Пугачев соғысы кезінде 3 мың әскерімен «Қасірет белдеуі» бойындағы орыс бекіністерін шапты.
Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол «Ақ толқын», «Ала байрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жел», «Сары бура», «Шаңды жорық» т. б. күйлердің авторы.
Абылай өмір жолын ат үстінде, жорықтарда өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қызы қалды. Қазақ халқының жадына Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символында жауынгерлік ұранға айналды.

Әбілқайыр хан (1718-1748ж. ж. билік құрған)

Кіші жүз ханы. Шыңғысханның он бесінші ұрпағы.
1710 жылы Қарақұмдағы халық жиынында жас Әбілқайыр Кіші жүз әскерінің қолбасшысы және хан болып сайланды, ал түмен басы болып атақты батыр Бөгенбай тағайындалды.
XVIII ғасыр қазақ халқы үшін ел басына күн туған кезең болды, жоңғарлар тарапынан болатын шабуылдар халықты көп күйзеліскке ұшыратты. Әбілқайыр бұл сұрапыл соғыста жанкештілік танытты. Ол бабаларының иелігінде болған Сайрам, Түркістан және Ташкент қалаларын қорғау жолында ерен ерлігімен көзге түсті. Бұл қалалар жоңғарлардың қоршауында қалған кезде, тең емес ұрыста анасы мен әйелі тұтқынға түскен соң, Әбілқайыр хан шегінуге мәжбүр болды. 1718 жылы Аякөзде Әбілқайыр мен Қайып 30 мыңдық әскері жоңғарлармен қанды шайқас жүргізді.
Әбілқайыр жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір саясаткер болды. 1726 жылы үш жүздің қазақтары бас қосқан құрылтайда билер мен батырлар бірауыздан Әбілқайырды Қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады. Ал, Әбілқайырдың хандық дәрежеге қалай жеткендігін 1736 жылы оның Ордасына келген ағылшын суретшісі Джон Кэстль былайша түйіндейді: "Ол зор тұлғалы, сымбатты, аппақ жүзі қызыл шырайлы, түсі сондай жылы кісі, сонымен қатар зор денсаулық пен қайрат-күш иесі, садақ тартуға келгенде шынымен-ақ бүкіл ұлтта оған тең келетін кісі жоқ. Хан болмай тұрып, ол сұлтан ғана болатын, оның барлық балалары да осы лауазымды алып жүр. Жоңғар қалмақтарымен болған соғыста олардың басшысы қонтайшыны өз қолымен тұтқынға алғаннан кейін… Кіші орда оны хан сайлады".
Әскербасы Әбілқайыр халық жасақтарында қыруар істер атқарды, соғысу қабілетін жоғары деңгейге көтерді және қарулы күштерде адамгершілік рух пен патриотизмді марапаттап отырды. 1728 жылы қазақ әскері жеңіске қол жеткізді. Бұл шайқастар Ұлытау тауларында, Қарасиыр жері мен Бұланты өзенінің бойында болды, мұнда қазақтар қонтайшының ұлы ұлы басқаратын экспедициялық корпусты талқандады. Бұл жеңістен кейін халық көкейінде жеңіліске қол жеткізуге болады деген сенім ұялады. Басқыншыларға қарсы халық жұмыла көтерілді.
Алайда бұл жеңілістен кейін де жау әлі күшті күйінде қалды. Жағдайға қанық Әбілқайыр жаңа шабуыл бастады. 1730 жылы көктемде Балқаштың оңтүстік шығысындағы Итішпес елді мекенінде Әбілқайыр бастаған қазақ әскері жауларды тағы талқандады. Жоңғарларға қарсы жүз жылдық соғыста қазақ халқы өзгерісті кезеңге аяқ басты, жеңіске бір табан жақындағандай болды.
Алайда дәл осы кезеңде Болат хан қаза табады. Сондықтан да басқа ханды тағайындау төңірегінде сауал туындайды. Қат-қабат келген жағдайларға байланысты, Болат ханның жас ұлы Әбілмәмбет хан сайланды. Билік басына келген жаңа ханды Әбілқайыр құптамай, бас сардар атағынан бас тартып, өз әскерімен кіші жүзге келеді. Осыдан соң біріктірілген қазақ халқының жасақтары ыдырай бастады.
Күллі қазақтың әскері ыдыраған соң, әр жүз жаудан жеке өзі қорғана бастады. Бұл кезеңде Кіші жүз тұрғындары өте ауыр әскери жағдайға тап болды, төрт жағынан бірдей қоршаған жаудың қыспағында қалды. Тығырыққа тірелген Әбілқайыр Ресейден көмек сұрауға мәжбүр болды. Ресейдің қоластына еніп, жан сақтап қалу үшін Әбілқайыр 1730 жылдың күзінде елші жібереді.
1731 жылы Ресей қарамағына кіргендігі жөнінде ант берді. Бұл антты 1738, 1740, 1742 ж. қайталады. Ант беру арқылы ол Ресеймен тату тұруды, оның қарамағына өткен башқұрт пен Еділ қалмақтарының қазақ қоныстарына шапқыншылығын тоқтатуды, Ресейдің көмегімен жоңғар қалмақтарының қол астында қалған қазақ жері мен қалаларын қайтарып алуды, империя әкімшілігіне сүйеніп, қазақ арасындағы беделін арттырып, үш жүздің басын біріктіріп өзі билеуді, хандықты балаларына сайлау тәртібімен емес, мұрагерлік жолымен қалдыруды көздеді. Сөйтіп ол жеке мүддесімен бірге халықты апаттан сақтауды да ойлады. Алайда Ресей саясаты да тереңде жатты. Империя қазақ жерін бүтіндей отарлауды ойлады. Әбілқайыр Петербург сарайы мен оның Орынбор әкімшілігінің саясатын дер кезінде түсінді. Ханның өз ұлы Қожахметті аманаттан қайтарып алудағы Ресей әкімдерімен тартысы, императрицалар Анна Ивановнаның, кейіннен Елизавета Петровнаның талаптарына мойынсұнбауы, Кіші жүзде дербес саясат жүргізуге тырысуы, ел тәуелсіздігін сақтау бағытындағы шаралары отаршылдықтың барлық көріністеріне қарсылығын байқатады. Орыс үкіметімен әр түрлі қатынастарды үзбей, Әбілқайыр сонымен қатар, жоңғар қоңтайшысы Қалдан Серенмен (пэренмен) астыртын байланыста болды. Жоңғар шапқыншылығы әлсіреген сайын Ресейден бойын аулақ салуға тырысты. 1740 жылы Хиуаны басып алып, аз уақыт осында хан атанды. Бірақ Иранның Нәдір шаһынан ығысып, тастап шығуға мәжбүр болды. Әбілқайыр үш жүздің қадірлі билерімен, белгілі батырларымен, саяси қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынас жасады. Өзінен жас, беделі өсіп келе жатқан Абылаймен әр кезде түсінісе білді. Абылайдың бір әйелі Қарашаш - Әбілқайырдың қызы. Кіші жүз ханы ретінде оның саясатында қайшылықтар да бар. Қазақ даласын отарлаудың тірегі болған Ор бекінісін салуды өзі ұсынды. 1737-38 жылғы башқұрт халқының отаршылдық езгіге қарсы көтерілісін басуға қатысуы туысқан екі елдің қарым-қатынасын шиеленістірді. Әбілқайырдың дербестігі мен қазақ даласына жайылып кеткен атағы кейбір сұлтандарға ұнамады. Солардың бірі - Орта жүздің сұлтаны Барақ Ор бекінісінен қайтып келе жатқан Әбілқайырмен ен далада кездесіп қалып, оны өлтіреді. Ханның серіктері де сол жерде қаза тапқан. Бірақ Барақ Әбілқайырды "орысшылдығы" үшін емес, өзінің жеке басының мүдделерін көздеп "қарақшылық" іске барған еді. Әбілқайырдың моласы Қабырға өзенінің Ұлқұяққа құятын тұсында, Торғай қаласынан 80 шақырым жерде. Кейін бұл ара хан моласы аталды.

Хақназар хан (1538-1580ж. ж. билік құрған)

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
VI – VIII Қазақ Хандығы
Хафиз Таныштың «Шараф-наме Шахи» атты шығармасының деректік маңызы
Қыпшақ
Алтын орданың рухани мәдениетінің тарихы
Хан жоғарғы билік иесі
Орта ғасырлық Түркістан қаласының тарихы
ӘБІЛҚАЙЫР ХАНДЫҒЫ МЕН МОҒОЛСТАННЫҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА ТИГІЗГЕН ӘСЕРІ
Мұхаммед Хайдар Дулатидің тарихи тәлімдік тағылымдары
XIV ҒАСЫРДАҒЫ АҚ ОРДА
Қазақ хандығының сыртқы саяси байланыстар
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz