Сақ, усунь, кангюй бірлестіктерінің этникалық тарихын ежелгі нарративтік деректер мен кейінгі жаңа зерттеулер негізінде жүйелілікпен негіздеп, аталмыш халықтардың этногенезін анықтау


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 69 бет
Таңдаулыға:   

ҚЫСҚАРТЫЛҒАН АТАУЛАР ТІЗІМІ

ДТС - Древнетюркский словарь

ВДИ - Вестник древней истории

МҚ - Махмуд Қашқари

КСИА - Краткие сообщения института археологии АН СССР

СА - Советская археология

СЭ - Советская этнография

ТИИАЭ АН КазССР - Труды института истории, археологии и этнографии АН КазССР

Тр. ХАЭЭ - Труды Хорезмской археолого-этнографической экспедиции

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Әлемдік тарихта елеулі орын алған және артында жоғары мәдени мұра қалдырған сақ, усунь, кангюй сынды этностарының этникалық тарихына тоқталу, олардың қандай этносқа жатқандығын анықтау бүгінгі таңда маңызды факторлардың қатарында. Сондықтан да, аталмыш тайпалық бірлестіктердің қандай тілде сөйлегенін айқындайтын, олардың қазіргі дүние жүзіндегі қандай халықтардың арғы тегі болғанын анықтайтын және ашып көрсететін зерттеу жұмысы қажет.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Ортa Азия мeн Қaзақстанның этногенетикалық тариxын, көне мәдениетін тектеу ең алдымен біздің заманымызға дейінгі VІІІ ғасыр мен біздің заманымыздың Х ғасыры аралығында өмір сүрген сақтар, усуньдер және кангюйлар сияқты iрi этникалық бірлестіктер жайлы мәселелердің шешілу мүмкіндіктеріне тығыз байланысты екендігі бұл күндері күмән туғызбаса кepeк. Аталмыш тайпалық бірлестіктер ежелгі әлемдегі ең саяси ықпалды күштердің қатарында болғаны белгілі. Олардың мекендеген территориялық аймағы да Еуразияның солтүстік жағындағы өте кең далалық аймақтарды алып жатты. Сақ және сақ тектес түрлі скиф тайпаларының мекендеген аумағына қазіргі Қазақстан, Қытай, Моңғолия территориясынан бастап Дунай өзенінің бойына дейінгі жерлер кірген. Ал кангюй тайпалық бірлестігі Қазақстанның басым бөлігін алып жатты. Одан бөлек Кангюй мемлекетіне қазіргі Өзбекстан, Түркіменстан секілді Орта Азиялық елдердің территориясындағы және Ресейдің оңтүстігіндегі далалық аймақтар мен Орал маңындағы ежелгі мемлекеттер бағынған. Усунь мемлекетінің территориясына қазіргі Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағы, Қырғызстанның басым бөлігі және Қытайдың батыс аймақтары кірген. Сондықтан осындай кең байтақ территорияға ие болған және кейін қазақ халқының этнос болуына қомақты үлесін қосқан осы тайпалық бірлестіктердің этникалық тарихын зерттеу тек ғылыми ғана емес, саяси идеологиялық тұрғыдан да өзекті болып отырғаны айқын. Осы сақ, усунь, кангюй секілді тайпалардың тарихы жайлы шет елдік және отандық ғалымдардың ауқымды зерттеулеріне қарамастан, көптеген мәселелер мен сұрақтар шешілмеген күйінде қалуда. Шешілмей келе жатқан проблемалардың қатарында аталмыш этностардың қандай тілде сөйлегені туралы сұрақ. Мәселен, Г. М. Бонгард-Левин мен Э. А. Грантовскийдің айтуларына қарағанда сақ, скифтердің тілі жөніндегі мәселе ХIХ ғасырдың өзінде-ақ қызу пікірталас тудырған [1, 21 б. ] . Осы жайында түрлі пікірлер айтылған. Бір нұсқа бойынша, скифтер (сақтар) түркі немесе монғол халықтарына жатқызылады. Сонымен қатар, скифтердің үнді-ирандық текке жататындығы жайлы гипотезаның пайда болуына да аз уақыт өткен жоқ.

Өз артында бай мәдени мұралармен қатар ежелгі әлемнің этносаяси қатынастарында мәңгі өшпес ізін қалдырғандықтан және Еуразиядағы көптеген көшпелі түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының құрамына сіңіп, ұлт болып қалыптасуына зор ықпал еткендіктен, қазіргі қазақ қоғамы үшін сақ, усунь және кангюй тарихын зерттеу бүгінгі таңда өзінің өзектілігін жоғалта қойған жоқ.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бүгінгі таңда сақ, үйсін, қаңлылар сияқты Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихи тағдырларында аса көрнекті рөл атқарған этникалық бірлестіктерді зерттеу өзіндік методологиясы арнасы бар ғылыми бағытқа айналды. Скифология тақырыбы әлемдік ғылымда кең ауқымды зерттелген. Сақтар тарихын жүйелі түрде зерттеу XIX ғасырда басталып, осы XXI ғасырда да жалғасын табуда. Осы уақыт аралығында сақ проблемасы бойынша өте көлемді ғылыми материалдар жинақталып зерттелген. Сақ тілі мен мифологиясының проблемасы В. И. Абаевтың [2], С. С. Бессоновтың, Г. Виденгреннің, Ж. Дюмезильдің [3], С. А. Жебелевтің, Г. Нюбергтің, Л. И. Мариновичтің, Г. А. Кошеленконың, М. И. Артамоновтың, Э. Бенвенисттің, Б. Н. Граковтың [4], В. Г. Мищенконың, Э. А. Грантовскийдің, В. П. Клингердің. И. И. Толстойдың, А. Кристенсеннің, В. Ф. Миллердің, Б. А. Рыбаковтың еңбектерінде зерттелген. Скиф өнеріндегі мифологиялық талдау сюжетіне С. С. Бессоновтың, Е. Е. Кузьминнің, Д. А. Мачинскийдің, Б. Н. Мозолевскийдің, Д. С. Раевскийдің [5] жұмыстары арналған. Д. С. Раевскийдің, Е. Е. Кузьминнің, Д. А. Мачинскийдің, А. М. Хазановтың жұмыстарының зерттеу обьектісі сақ мәдениетінің символдық тексттерінің семантикасын талдау болып табылады [6] . Аталмыш проблема Д. С. Раевскийдің [5], А. К. Акишевтің [6] зерттеулерінде, ал әлеуметтік проблемасы А. М. Хазановтың, этнографиясы И. В. Куклинаның зерттеулерінде толық қамтылған.

Біздің көзқарасымыз бойынша жоғарыда берілген зерттеулерде бір ғана ортақ кемшілік жиі кездеседі. Олардың барлығында дерлік сақ, скиф қоғамын монотілді, яғни үнді-ирандық тұрғыдан ғана қарастырады. Бірақ Геродоттың және басқа да антикалық авторлардың еңбектері сақ, скиф мәдениеті мен тілін осылай бір ізді суреттеуге негіз бермейді. Аталған зерттеушілердің көбісі өздерінің еуропоцентристік концепцияларына қайшы келген фактілерді «иран мәдениеті ішіндегі скиф мәдениетінің» ерекше бір тармағына телиді. Бірақ бұл қандай ерекше тармақ екендігін нақты дәлелдер келтіріп түсіндірмейді де.

Батыс авторларынан М. Ростовцев пен Э. Г. Миннстің еңбектері ерекше қызығушылық тудырады. Осы қатарда Т. Сулимирскийдің жұмысын да атап өтуге болады. Скиф тарихының хронологиясын түпкілікті қарастырған жалғыз зерттеу осы Т. Сулимирскийдің еңбегі деуге болады [7] . Скифтердің шығу тегі, тілі және мәдениеті бойынша проблеманы зерттеген ірі зерттеушілер қатарынан француз ғалымы Ж. Дюмезильді атап айтуға болады.

Түркияда сақ проблемасымен Юкель Бахаддин, Тоған Зеки Валиди, Танер Тархан, Атач Галиб, Бала Мирза, Али Севим, Беркок Исмаил, Дурмуш Ильхами, Мемиш Экрем, Эрдоған Мерчи айналысқан. Ежелгі скифтер мен түркілердің мәдениетіндегі, тіліндегі, діни идеологиясындағы ауыз әдебиетіндегі және салт-дәстүріндегі ұқсас параллельдерді салыстырмалы-тарихи идентификация әдісін қолдана отырып зерттеген Әзербайжан зерттеушісі З. Гассановтың еңбегінің орны ерекше [8] .

Орта Азия мен Қазақстанның этногенетикалық тарихында аса көрнекті рөл атқарған усунь тайпалық бірлестігінің тарихы біршама жақсы зерттелген. Дегенімен, бұл тақырыптың кейбір қырлары күні бүгінге дейін зерттеушілердің арасында бір-бірімен қарама-қайшы көптеген тұжырымдардың тудырғанын немесе олардың назарынан тыс қалып отырғанын, ал ертеректе әжептәуір ғылыми талқыға түскен жылдары соңғы кезде көмескі тартқандығын мойындауға тура келеді. Усуньдердің сақтармен тамырластығы, яғни этногенетикалық тұрғыдан да, археологиялық жағынан да анықталды деп айтуға болады. Сондықтан да болар, ғылыми әдебиеттерде «сақ-усунь мәдениеті» атты іргелі ұғым аталмыш этностардың этникалық негіздерінің біртектілігін анықтайтын категория есебінде қолданылып жүр. Ғылыми әдебиеттегі усуньдердің этникалық болмысы тарихи тек-тамыры жөніндегі тұжырымдарды екіге бөлуге болады: зерттеушілердің бір тобы усуньдерді Геродот пен Птоломейдің шығармаларындағы исседондармен, немесе Страбон мен Помпей Трогтың еңбектерінде аттары аталатын аси немесе асиан тайпаларымен байланыстырады. Екінші тобы усуньдарды тіпті кейінгі түркі халықтарының этногенезінде маңызды рөл атқарған үйшін, немесе үйсін тайпасымен байланыстырады. Бірқатар қазақ зерттеушілері ежелгі усунь халқын кейінгі үйсін тайпасының атымен үндестігіне қарап олардың арасынан сабақтастықты іздейді.

Шамамен б. з. д. ІІ ғ. мен б. з. ІV ғ. аралығында өмір сүрген, қытай деректерінде кангюй деп аталатын ірі тайпалық бірлестік жайында қытай, совет және Батыс тарихшылары мен археологтары қомақты еңбектер жазды. Осы уақытқа дейінгі ғылыми ізденістердің нәтижелері аталмыш этникалық бірлестіктің мәдениеті жалпылама болса да этнографиясы, тілі жайында тың ұғымдарды қалыптастырды. Сонымен бірге кейбір еңбектерде кангюй бірлестігінің қазіргі қазақ халқының құрамындағы қаңлы тайпасымен байланыстыра отырып зерттеуге ден қоюшылық та жоқ емес. Алайда, мәселенің мүлдем қалыс қалған немесе зерттеліп жатқанымен әлі де болса бір қайнауы жетпей жатқан, әлі мейлінше даулы тұстары да баршылық. Әсіресе кангюй тілінің этникалық болмысы жөніндегі мәселенің күні бүгінге дейін тиянақты шешімі жоқтың қасы. С. П. Толстов [9, 244 б. ] пен Б. А. Литвинский аталмыш бірлестікті Батыс ғалымдарының тұжырымдарына сүйене отырып, «шығыс иран тілдер тобының бір тілінде сөйлеген сақтардың» этникалық тармағына жатқызса, А. Н. Бернштам олардың түркі тілдес этнос екендігін айтады.

Сонымен диссертациялық тақырыпқа тікелей қатысты деген іргелі еңбектерге тарихнамалық шолу жасау осы саладағы ғылыми табыстармен бірге, әлі де болса бірқатар ізденістерді керек ететін бірқатар мәселелердің басын ашқандай болды. Ең алдымен, аталмыш этникалық бірлестіктердің кең хронологиялық ауқымда жіне бірыңғай тақырыптық жүйеде ккүні бүгінге дейін зерттелмегендігін баса айту қажет. Басқаша айтсақ, жоғарыда айтылған этномәдени және этногенетикалық жағынан ұқсас этностарды бірыңғай тақырыптық ауқымда зерттеу ғана Қазақстан мен Орта Азияның біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдығы мен біздің заманымыздың Х ғасыры аралығындағы тарихының беймәлім немесе көмескі тұстары мен қырларын айқындауға мүмкіндік бере алады. Себебі, шамамен бір кезеңде өмір сүрген тайпалар әлеуметтік-экономикалық, мәдени, әсіресе саяси жағынан тағдырлас болды. Олардың өмір сүрген орталарын Еуразияның кең байтақ далалық аймақтарында орналасқан бірыңғай мәдени-шаруашылық және этносаяси кеңістік ретінде сипаттауға болар еді.

Зерттеу жұмысының нысаны . Б. з. д. VIII ғ. және б. з. Х ғ. аралығында өмір сүрген сақ, усунь, кангюйлердің этникалық тарихын этносаяси және этномәдени тұрғысынан қарастырған зерттеу жұмысы болып табылады.

Зерттеу жұмысының пәні. Тарих ғылымының этникалық тарих саласындағы ғылыми-теориялық және тәжірибелік бағыт бойынша сақ, усунь және кангюй тайпалық бірлестіктерінің қалыптасуындағы түркі халықтарының ықпалын этногенетикалық, этнотарихи және лингвистикалық тұрғысынан талдап, жазу.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері . Б. з. д. VIII ғ. және б. з. Х ғ. аралығында Еуразияның ұлан-ғайыр далалық территориясында ғұмыр кешкен сақ, усунь, кангюй бірлестіктерінің этникалық тарихын ежелгі нарративтік деректер мен кейінгі жаңа зерттеулер негізінде жүйелілікпен негіздеп, әрі саралай отырып аталмыш халықтардың этногенезін анықтау - ұсынылып отырған диссертациялық жұмыстың басты мақсаты. Бұл этникалық бірлестіктерді бірыңғай тақырыптық зерттеу объектісі ретінде қарастыру, жоғарыда айтылғандай олардың өздері этномәдени, этнолингвистикалық тамырластығынан және саяси тағдырластығынан туындап отыр. Еңбектің жоғарыда айтылған басты мақсатын ойдағыдай жүзеге асырудың негізгі шарты төмендегідей өзара тығыз байланысты мынадай міндеттерді орындауға саяды:

  • Скифологияда, «кангюй және усунь мәселесіне» байланысты барлық

тарихи-этникалық, археологиялық, лингвистикалық және этнографиялық маңызды зерттеулерге тарихнамалық талдау жасау;

  • Аталмыш этникалық бірлестіктердің этносаяси тарихы жөніндегі көне деректерде сақталған мәліметтерді жүйелеу, әрі бірыңғай ғылыми талдаудан өткізу;
  • Осы тайпалық бірлестіктердің мәдениеті, ішінара тілдеріне қатысты деген ежелгі авторлар мен жылнамашыларының қалдырған мәліметтерін ғылыми қорыту.
  • Сақ, усунь және кангюй тайпалық бірлестіктерінің қалыптасуындағы түркі және моңғол халықтарының ықпалын ашып көрсету.

Сонымен аталған міндеттердің әрқайсысының орындалу деңгейімен шамалас еңбекте қолданылған деректердің информациялық сапасына байланысты әртүрлі болғандығын айтуымыз қажет. Мысалы, усунь және кангюй тайпаларының тілдік ерекшеліктерін анықтауға басты себеп болатын жеке адам есімдері, халық, жер және т. б. атаулар жөніндегі мәліметтер тиісті қытай деректерде түсініксіздеу берілгендіктен, осы мәселе диссертациялық жұмыста жеткілікті дәрежеде шешілді дей алмаймыз. Мұндай олқылықтардың орнын ежелгі антикалық және ортағасырлық әртүрлі деректермен ұштастыра отырып толықтыруға тырыстық. Бірақ антикалық деректердің қытай деректерімен ешқандай салыстыруға келмейтіндігіне назар аудару қажет. Сондықтан да деректердің бұл категориясы еңбектің соңғы екі тарауын жазу барысында қосалқы мәнге ие болды.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Зерттеу жұмысында сақ, үйсін, қаңлы бірлестіктері өмір сүрген б. з. б. VIII ғасыр мен б. з. X ғасырлар аралығы қамтылады.

Зерттеу жұмысының территориялық ауқымы. Ежелгі сақ, усунь және кангюй этностарының мекен еткен территориялары қазіргі Монғолия, Қытай, Қазақстан, Ресей, Украина және жалпы Еуразияның басқа да көптеген кең байтақ далалық аймақтарын алып жатыр.

Зерттеу жұмысының теориялық-әдістемелік маңызы.

Еңбектің әдістемелік негізі ретінде нақты бір тарихи оқиғаларды немесе құбылыстарды, үрдістерді қарастырғанда олардың тарихи уақытының және кеңістігінің ерекшеліктерін қатаң ескерілуі жөніндегі белгілі ғылыми қағиданы басшылыққа алдық. Зерттеу жұмысы мұқият тексерілген объективті ғылыми жүйелілік негізінде орындалып, қарастырылып отырған кезеңнің даму бағыттарын шынайы көрсету басты өлшемге алынды. Осыған орай деректерді талдап, қортындылағанда тарихи-салыстырмалы, нақтылық, себеп-салдарлық (корреляциялық) секілді танымдық принциптер зерттеудің іргелі тәсілдері ретінде қолданылды. Сонымен қатар кеңестік кезеңде сыңаржақ зерттеліп, қасаң көзқарас пен идеология тұрғысынан қарастырылған ежелгі көшпелі этникалық бірлестіктердің тарихына қатысты мәселелер еліміздің тәуелсіздік алуынан кейінгі төл тарихымыздың шынайы түрде жазылуы барысында жарық көрген, отандық этникалық тарих бағытында қалыптасқан жаңа тұжырымдар басшылыққа алынды.

Диссертацияны жазу барысында жинақтау, салыстырмалы түрде талдау, жүйелеп қорыту әдістері қолданылды. Жалпы алғанда, зерттеу жұмысы объективті тарихи принципке негізделді. Аталмыш халықтардың тарихы мен шығу тегі олардың өмір сүрген және этномәдени із қалдырған кезеңдегі тарихи үрдістерге, құбылыстар мен оқиғаларға байланыстыра қарастырылып зерттелді. Сондай-ақ, зерттеу жұмысында қойылған міндеттерді шешіп, ғылыми тұрғыдан жан-жақты ашу мақсатында тарихи құбылыстар мен үрдістерді зерттеп тануда тарихи зерттеудің диалектикалық тәсілдерімен тығыз байланыстағы тарихи ұстаным және объективтілік сынды негізгі әдістемелік құралдар, жалпы ғылыми және арнайы тарихи зерттеу, сонымен қатар этникалық тарих әдістері басшылыққа алынды.

Негізгі критерийі «ақиқат» пен «шындық» болып табылатын зерттеудің объективтілігіне таным объектілерінің қатынасын, байланысы мен қасиетін көрсететін мәліметтерді, деректер мен әдебиеттерді зерттеу және анықтау арқылы қол жеткізілді. Сонымен қатар әрбір тарихи деректің пайда болуы, тілдік ерекшеліктері, автордың өз кезеңіндегі идеологиялық көзқарастары сынды олардың ең мәнді деген сипаттарына ден қойдық. Бұл деректерді тиімді пайдалануға, соның ішінде, әсіресе этникалық бірлестіктерге тікелей қатысты топонимдар, гидронимдар мен этникалық ұғымдардың этимологиясын мүмкіндігінше дұрыс сараптауға өз көмегін тигізді.

Зерттеу жұмысының деректік негіздері. Диссертациялық жұмыстың деректік негізі үш топтан құралады. Бірінші - бұл ежелгі авторлардың нарративтік деректері: б. з. д. V ғ. мен ІІІ ғ. аралығында жазылған антикалық (грек-латын), б. з. ІV ғ. мен ХІ ғ. жазылған византиялық, VІІ - ХІІІ ғғ. хатталған шығыс (ирандық және арабтық) және шамамен б. з. д. ІІ ғ. мен б. д. Х ғ. кезеңіне байланысты қытайлық жылнамалар мен деректер. Екінші - бұл археологиялық деректер мен құжаттар. Үшінші - бұл кейінгі ғалымдардың осы тақырып бойынша ХІХ ғасырдан бергі қарастырып келе жатқан жаңа зерттеулері.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы сонда, ол тарих ғылымында Қазақстан мен Орта Азия территориясында жасаған көшпелі халықтардың ішідегі ең ірісі де белдісі сақ, усунь, кангюйлер сияқты этникалық бірлестіктердің б. з. д. VІІІ ғасыры мен б. з. Х ғасыры аралығындағы тарихын осы саладағы ең құңды деректер - көне антикалық және қытай жазба ескерткіштері арқылы тұңғыш рет жан-жақты зерттеу болып табылады. Осы диссертациялық еңбек Қазақстан мен Орта Азияның б. з. д. I мыңжылдығы мен б. з. I мыңжылдығы кезеңіне байланысты ғылыми мәселелерді тиімді шешуде ежелгі жазбалардың өлшеусіз маңызын және әлі де болса ашылмай жатқан аса зор мүмкіншіліктерін тағы да айғақтағандай. Зерттеу барысында отандық тарихнамада сақ, усунь және кангюйлардың мәдениеті, этногенезі жайлы ежелгі нарративтік деректер, түрлі археологиялық жұмыстардың қортындысы және ірі зерттеу жұмыстары негізінде барлық қойылған мәселелердің өзегін ашатын, көлемді жұмыс жасауға тырыстық. Оны біз аталмыш тұрғыдан жаңалығын төмендегідей атауымызға болады:

- сақ, усунь, кангюй сынды тайпалық бірлестіктердің салт-дәстүрінде маңызды орын алған алтай халықтарының, атап айтсақ түркі және моңғол халықтары мәдениетінің ықпалы айқындалды;

  • аталмыш этностардың кейінгі түркі және моңғол халықтарының

арасындағы тілдік ерекшеліктерінің ұқсастықтықтары мен туыстығы анықталды;

Зерттеудің қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Сақ, усунь, кангюйлер сияқты этникалық бірлестіктердің этникалық тарихына қатысты осы уақытқа дейін ғылыми айналымға тартылған дерек көздер, зерттеулер мен баспасөз материалдарына жүйелі түрде зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде зерттеу жұмысының алдына қойылған мақсат-міндеттері орындалып, қол жеткізген ғылыми жаңалықтар тұрғысынан диссертацияны қорғауға мынадай негізгі тұжырымдар ұсынылды:

1. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның отандық тарих ғылымындағы сирек бағыттың бірі - ежелгі Қазақстан территориясындағы көшпелі тайпалық бірлестіктерінің этникалық тарихын кешенді түрде зерттеу болып отыр. Осы ретте кеңес дәуірінде жазылған бірқатар тұжырымдар мен болжамдардың уақыт сынынан өте алмай қалғаны белгілі. Демек, ежелгі көшпелі тайпалық бірлестіктердің этникалық тарихына қатысты жүйелі түрде зерттеулер жүргізгенде қарастырып отырған мәселені антикалық және қытай авторларының жазбаша деректеріне негіздеп, кейінгі жаңа зерттеулермен өзара салыстырудың ғылыми тұрғыдан маңызы өте зор. Әрине, тарих ғылымы бойынша жүргізілген зерттеулердің мазмұндық сапасын оған қатысты тарихи деректердің құндылығы мен шынайылығы арттыра түседі. Осы тұрғыда сақ, усунь, кангюйлер сияқты этникалық бірлестіктердің этникалық тарихына қатысты тарихи деректер жиынтығына көз жүгіртсек, бұл этностардың мәдениеті жоғары, тарихы бай болғанын көреміз.

2. Түркі тайпаларының этнос ретінде қалыптасып, халық болып жетілуіне аталмыш сақ, усунь, кангюйлер сынды ежелгі тайпалық бірлестіктердің мәдениеті игі әсер етті.

Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен зерттеу әдістеріне жалпы ғылыми және тарихи, әлеуметтік әдістер: салысырмалы - тарихи талдау, тарихи синтездеу, салыстырмалы - тарихи идентификациялау, тарихи - типологиялық, проблемалық - хронологиялық, тарихи - жүйелік әдістер қолданылды.

Зерттеу жұмысының теориялық және қолданыстық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелерін Қазақстанның ежелгі тарихы, сақ, усунь және кангюйлердің тайпалық бірлестіктерінің этногенезі және этникалық тарихы бойынша оқу курстарын әзірлеуде, университет студенттеріне дәріс оқуда пайдалануға болады. Сонымен қатар Орта Азия мен Қазақстанның ежелгі тарихын зерттеуді қолға алған ізденушілер, магистранттар және студенттер кең қолдана алады.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Ғылыми зерттеу жұмысының негізгі мазмұны 2013 жылдың 16-17 мамырында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистратура және РһD докторантура институтының және Анкара университетінің қатынасуымен «Білім әлеуметтануы» тақырыбына өткізген 2-ші Халықаралық симпозиумда және 2013 жылдың 21 мамырында Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аясында өткен «Ғылыми қазына» және Отан тарихы: жас ғалымдар үлесі» атты жас тарихшы ғалымдардың ІV Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндалып, көпшіліктің назарына ұсынылды. Диссертациялық жұмыстың қолжазбасы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Магистратура және РһD докторантура институтының «Қазақстан тарихы мен мәдениеті» кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Диссертациялық жұмыстың құрылымы алға қойылған мақсат, міндеттермен ескерілген. Кіріспеден, үш тараудан, жеті параграфтан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімінен тұрады.

1 САҚ ТАЙПАЛЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРІНІҢ ЭТНИКАЛЫҚ ТАРИХЫ

1 Сақ (скиф) бірлестіктерінің этносаяси тарихы

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ этногенезінің сақ кезеңі
Тарихи этнонимдердің ерекшеліктері
Ғұн және Усун мемлекеттері
Ғұндар, сақтар, қаңлылар, үйсіндер тарихы
Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы, тарих ғылымдарының докторы
Неолит дәуірінің археологиялық ескерткіштері
Қазақтардың этникалық тарихының деректері
Ертедегі және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихнамасы
Қазақстандағы тайпалык бірлесттіктер
Қаңлы атауы және Қаңлы мемлекетінің территориясы туралы деректер
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz