Қазақ-өзбек әдеби байланыстары


КІРІСПЕ
Жұмыстың тақырыбы: Қазақ-өзбек әдеби байланыстары
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Кез келген әдебиет сол ұлттың ғасырлар бойы жинақталған дәстүріне сүйеніп, халықтың тарихымен мәдениетімен, күнделікті өмір салтымен бірге дамитыны даусыз. Ұлттық әдебиеттің қалыптасуы мен дамуында оның басқа елдер әдебиеттерімен байланыстарының мән-маңызы ерекше. Әдеби байлныстар - әдебиеттердің әлемдік деңгейдегі өсу жолдарына, түрлі ұлт мәдениетінің тарихына, нақты әрбір қаламгер шығармаларына қатысты туындайды.
ХХ ғасыр басында жаңадан толыса бастаған қазақ әдебиетінің барынша дамуына оның басқа ұлт әдебиетімен байланыс жасауы игі ықпал етті. Тіпті көркем сөз өнеріміздің жоғары деңгейге жетуіне өзге халық әдебиеттерімен рухани алмасуының, әсер-ықпал көріністерінің орны ерекше. Бұл туралы жазылған ғылыми мақалалар мен монографиялар ойымызды нақтылай түседі. Алайда, бұл еңбектердің дені қазақ әдеби байланыстарын бір ғана аспектіде, яғни қазақ-орыс, қазақ-еуропа контексінде алып қарастырды. Атап айтар болсақ, қазақ-орыс әдеби байланыстарына Ш. Кереева-Қанафиеваның, С. Сейітованың, Ш. Сәтбаеваның, Б. Мамыраевтың еңбектерін, қазақ-қарақалпақ, башқұрт, татар әдеби байланыстарына С. Тойшыбаеваның, Б. Ысқақовтың зеттеулерін, қазақ-парсы, араб, неміс, ағылшын, француз елдері арасындағы әдеби байланысқа Ө. Күмісбаевтың, А. Түсіпованың, М. Маданованың еңбектері сөзімізді дәлелдей түспек.
Ал, оның діні, түбі бір, тілі ұқсас, тағдыры бір-біріне жақын түркі халықтарымен рухани алмасуы жанама түрде ғана сөз етілді.
Белгілі ғалым Ш. Қ. Сәтбаеваның: «Қай халықтың болмасын сөз өнері жағынан дамуында әдеби байланыстар сол ұлт әдебиетінің өркен жая өсуіне, оның әлеуметтік ықпалының күшеюіне септігін тигізіп, бірін-бірі құрметтеп, достасуына дәнекер болады. Қай әдебиет болса да өзара байланыссыз, қарым-қатынассыз толық кемеліне келе алмақ емес.
Қазақ халқының сөз өнері жағынан даму тарихында оның өзге халықтармен әдеби байланысы, қарым-қатынасы қалыптасып нығая береді. Бұл дәстүр фольклордан басталып, профессионалдық әдебиетімізбен бірге жасасып келеді», - /1, 3/ деген пікірі әдебиеттанудың маңызды саласы әдеби байланыстар мәселесі екенін нақтылай түседі.
Тақырыптың өзектілігі. Ешбір ұлт әдебиеті жеке күй кешіп, дара дамымайтыны анық. Қай халықтың сөз өнері болсын, ол басқа ұлт әдебиеттерімен тығыз қарым-қатынаста, өзара байланыста өсіп, өркендемек. Тіпті әрбір ұлт әдебиетінің әлем өркениетіне қосар үлес салмағы да осы байланыстар барысында және әдебиеттерді салыстырып, таразылау тұрғысында олардың шығармашылық үндестігі мен сабақтастығы анықталары анық. Бүгінгі күні өркениет өрісіне қадам басқан қазақ елінің руханиятын байытуда сөз өнері шешуші рөл атқарады десек, бұл деңгейден көрінуде оның басқа ұлт әдебиеттерімен байланыстарының орны айрықша екені біршама айтылып та, жазылып та жүр. Алайда, көркем сөз қайраткерлерінің шығармашылықтарын қазақ-өзбек әдеби байланыстары негізінде тұтас алып қарастырған, әрі нақты зерттеу жұмыстарын жүргізген еңбек жоқ деуге де болады.
Тарих беттерін парақтасақ, екі ғасыр аралығында Ресей империясы аймағында өмір сүріп, тағдыр талайы сәйкескен, түбі, діні бір, тілдері ұқсас түркі халықтары тарихи-мәдени процеске орай өзара тығыз қарым-қатынастар жасағаны байқалады. Демек, қазақ және өзбек халықтарының әдеби-мәдени өмірін тұтас алып, ол елдердің мәдениет пен әдебиет саласындағы жетістіктерін, өркениет өрісіндегі аяқ алыстарын бағамдап, әрі рухани алмасулар негізінде қарастырмау мүмкін емес. Осы кезең қаламгерлерінің шығармаларына салыстырмалы ғылыми талдау жасап, уақыт талабына сәйкес туындаған, генетикалық, типологиялық үндестіктер мен дәстүр сабақтастығы негізінде жазылған туындылардың тақырыптық, жанрлық ұқсастықтары мен сюжет, идеялық мотив сарындастығын ашып көрсету қажет.
Бұл ретте ғалым Ш. Сәтбаеваның айтқан пікірі ойымызды айқындай түседі: «Қазақ әдебиетінің бай кең, жан-жақты байланысы - халқымыздың ұлттық мәдениетінің өркендеген, көркемдік дамуының дәреже-деңгейін, рухани серіктестігін байқататын маңызды құблыстардың бірі. Бұл құбылыстың терең тамырларына, тарихына бойлай отырып, ішкі заңдылықтарын ашу, халықтың әр кезеңдегі қоғамдық өміріне, әдеби шындығына байланыстыра терең зерттеу - әдебиеттану ғылымының басты міндеті» /1, 164/. Осы тұрғыдан келгенде ұлттық әдебиетіміздің тарихында аса бір күделі кезең - ХХ ғасыр басындағы әдеби процестегі қазақ пен өзбек ұлыстарының түп, дін, тіл негізінде тектес, тамырлас және діни-рухаи алмасуларға ерекше көңіл аударылды.
Сонымен, ХХ ғасырдағы қазақ және өзбек халықтары әдебиетіндегі өзара байланыстар барысы сол кезеңнің әдеби процесін айқын аңғаруға мүмкіндік береді. Өзбек халқымен әдеби, мәдени үрдісті жалғастыруда қазақ ғалымдары да үлкен күш жұмсауда. Олардың негізгі міндеті өзбек әлеуметіне өздерінің шығармаларын ұсыну, олардың шығармаларын қазақ оқырмандарына таныстыру. Басқа ел мәдениетіне үңілу, көркем шығармаларымен алмасу, сөйтіп әдеби байланысты нығайту қашанда өз өзектілігін жойған жоқ.
Әдебиеттердің өзара қарым-қатынасы көп қырлылығымен ерекшеленеді. Мысалы, сарындас әдеби ағымдар бір-біріне ықпал етеді, идеялық-эстетикалық бағыт-бағдары ұқсас қаламгерлер өзара үндестік танытып жатады. Бұл жекелеген ұлттық әдебиетте белгілі бір жанрдың қалыптасып, өріс жаюына әрі жаңа және ескі поэтикалық формалардың жетіліп, жамуына игі ықпал жасайды.
Сонымен, әдеби қарым-қатынас формаларына аударма, үлгі алу (взаимоствование), еліктеу (подражение), стильге салу (стилизация), образды ұқсастық (образные аналогии) және тағы басқалар жатады /2, 10/.
Жалпы, әдеби байланыстың негізгі факторы - аударма, яғни әдеби байланыстар аударматану саласының негізінде жүзеге асады. Бір халық пен екінші халықты жақындастыратын да, достастыратын да, туыстастыратын да сол халықтардың әдебиеті мен мәдениеті, өнері. Өздерінің жазуы, сызуы, әдебиеті, мәдениеті, өнері, тарихы арқылы қарым-қатынас жасап, байланысқа түседі. Әдебиет саласында әртүрі жанрдағы шығармалар бір тілден екінші тілге аударылу арқылы мәдениетаралық, әдебиетаралық коммуникация, яғни байланыс орнайды.
Аударма - бір ұлтпен екінші ұлтты, бір халықтың әдебиетімен екінші халықтың әдебиетін, мәдениетін байланыстыратын, жақындастыратын, туыстастыратын, достастыратын және ана тіліміздің сөздік қорын байытып, тіліміздің өткірлігін, икемділігін, үйлесімділігін, бейнелеу қабілетін арттырып, жалпы, дүниетану өрісімізді ұлғайтатын сала. Бірақ аудармаға бұлай бір ауыз сөзбен анықтама беруге болмайды. Оның зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеті, ауқымы өте кең. Зерттеушілер аударманы «аударма өнер», «аударма әдебиет», «аударма туынды», «аударма жұмыс» деп алып, осыған байланысты әртүрлі анықтамалар береді.
Кейбір зерттеушілер «аударма - бір тілде ауызша айтылған ой-пікірді, болмаса жазылған мәтінді тыңдаушыға, оқушыға екінші тілде, яғни оның ана тілінде түсінікті етіп жазу, аударма өнер - ұшан-теңіз өмір ағысының бүкіл процесін ұштастыруға себепші болып отырған елеулі күштердің, идеология майданындағы зор құралдардың бірі, халықтар достығының дәнекері» /3, 3/ десе, екінші біреулер «аударма - сан қырлы, күрделі де қиын, жұмбақ та астарлы әрі шығармашылық, әрі психологиялық үдеріс, көп қырлы құбылыс. Әлем халықтарының қандай да бір мәдени, ғылыми, саяси, экономикалық байланыстарында, қарым-қатынастарында аударманың тигізетін ықпалы зор. Ел мен елдің бірін-бірі тануына, одан әрі мәдени байланыстарының дамуына ұласқан аударма - қасиетті де қадірлі өнер» /4, 3/ деп анықтама берген. Осындай анықтамалардан аударма тек әдеби, мәдени коммуникацияның ғана емес, саяси, экономикалық, әлеуметтік байланыстардың да негізгі факторы екенін аңғарамыз.
Қазақ әдебиетінде аударма тәжірибесі ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап дамыды. Жалпы, қазақ тіліне орыс классиктерінің шығармаларымен қатар әлем әдебиетінің шығармалары аударылды, яғни әлем әдебиетімен аудармашылық байланыс орнады.
Қазақ және өзбек әдебиеті арасындағы аудармашылық байланыс 1930 жылдары басталса, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұл байланыс айтарлықтай дамыды.
Б. И. Дуанина өзінің «Неміс прозасын қазақ тіліне аударудың өзекті мәселелері» атты кандидаттық диссертациясында: әдеби байланысты ішкі шығармашылық байланыс және сыртқы шығармашылық байланыс деп екіге бөледі, сыртқы байланысқа шығармашылық байланысты - кездесулер, әңгімелер, жазушылар байланысын жатқызса, ішкі байланыстың негізгі түріне - көркем аударманы жатқызады /5, 62/. Қазақ пен өзбек әдебиетінің арасында жоғарыда аталған байланыстың екі түрі де бар десек, артық айтқандық емес. Екі ел ақын-жазушылары кездесулер ұйымдастырып, сұхбаттар жүргізіп, түрлі жанрда шығармалар да аударған. Мысалы, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мустафин, С. Бегалин, Т. Жароков, Т. Молдағалиев, Т. Өтебаев Ғали Орманов, Ғ. Мүсірепов т. б сияқты бір топ ақын-жазушыларымыз өзбек халқының Айбек, Ғ. Ғұлам, А. Қаһһар, Зүлфия, Ұйғын, А. Мұхтар, Ш. Рашидов, Міртемір т. б ақын-жазушыларымен шығармашылық жағынан тығыз байланыста болған.
Қазақ және өзбек әдебиеттерінің арасындағы байланыс екі жақты болған, яғни, қазақ тілінен өзбек тіліне және өзбек тілінен қазақ тіліне ауыз толтырып айтарлықтай шығармалар аударылды. Аударылған шығармалар проза саласын, поэзия, драма, фольклор салаларын толық қамтыды.
Әдеби байланыстар және аударматану саласы жөнінде Ш. Қ. Сәтбаеваның, М. Х. Маданованың, Б. Мамыраевтың, Ә. Тарақтың, Г. Қ. Қазыбектің, Қ. Алпысбаевтың, Ә. Сатыбалдиевтің, С. Талжановтың, Қ. Нұрмахановтың еңбектерін ерекше атауға болады. Бүгінгі таңда әдеби байланыстарды зерттеу өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл елімізді әдебиет, мәдениет саласы арқылы бүкіл әлемге танытудың бірден бір жолы деп есептеуге болады. Қазақ-өзбек әдеби байланысы арқылы екі халық бір-бірінің әдебиеті мен мәдениетін таниды. Мұндай байланыс тек қазақ пен өзбек халқының арасында ғана емес, бүкіл дүниежүзі халықтары арасында болу керек деп есептеледі. Тақырыптың өзектілігі де осында жатыр.
Тақырыптың зерттеу деңгейі. Зерттеу объектісі болып отырған қазақ және өзбек әдеби байланысына арналған ғылыми еңбектер мен мақалалар жеткілікті. Олардың қатарына Ш. Қ. Сәтбаеваның «Әдеби байланыстар», М. Х. Маданованың «Актуальные вопросы литературной компаративистики», Мамыраевтың «Казахские литературные связи начала ХХ века» атты зерттеу еңбектері мен М. Әуезовтың «Әдеби байланыстар туралы», С. Мұқановтың «Туысқан әдебиетер туралы», Қ. Нұрмахановтың «Кемелденген әдебиет», Қ. Сейдановтың «Өзбек әдебиетінің досы», «Достық жырлары», «Мұхтар Әуезов және өзбек әдебиеті», «Достықтың жыршысы еді», С. Мәуленовтың «Екінің бірі, егіздің сыңары», М. Машақовтың «Әдебиеттер достығы - халықтар достығы» А. Аханбайқызының «Көңіл ұйығын іздеп барған Әбекең!» атты зерттеу-мақалаларын жатқызуға болады. Аты аталған еңбектерде, негізінен, қазақ-және өзбек әдеби байланыстары, халықтар достығы, туысқандығы, қай салада қандай шығармалар аударылды, екі жақты байланыс қай деңгейде дамыды, салыстырмалы әдебиеттану, әдеби байланыстар, аударматану сияқты мәселелерге баса назар аударылған. Сондай-ақ, туысқан халықтар әдебиеттерінің әдеби байланыстары жөнінде Алматы, Ташкент қалаларында түрлі ғылыми-теориялық конференция, симпозиумдардың өткені мәлім.
Зерттеудің мақсаты мен міндеті. М. Әуезов, С. Мұқановтар бастаған бір топ алыптар шоғыры өзбек әдебиетінің ақын-жазушыларымен әдеби байланыста, мәдени, достық, туысқандық қарым-қатынаста болып, екі жақты аудармалар жасалып, біразы кітап болып шықса, ал кейбіреулері баспасөз беттерінде жарияланып жүрді. Екі халық арасындағы әдеби байланыстардың дамуы мен бағыт-бағдарын анықтау, жекелеген қаламгерлер шығармашылықтарындағы әсер-ықпал көріністерін бағамдау басты мақсат болып табылады. Осындай мақсатты жүзеге асыруда мынадай міндеттер туындайды:
- Проза жанрында қазақ әдебиетінен өзбек әдебиетіне аударылған шығармалардың аударылу ерекшеліктеріне баса назар аудару;
- Өзбек әдебиетінен қазақ әдебиетіне аударылған шығармаларды және олардың аударылу ерекшеліктерін анықтау;
- Поэзия жанрында қазақ әдебиетінен өзбек әдебиетіне аударылған өлеңдердің ерекшеліктерді анықтау;
- Өзбек әдебиетінен қазақ әдебиетіне аударылған өлеңдерді және оларды аударудағы ерекшеліктерді және басты тақырыптарын анықтау.
Зерттеудің жұмысымыздың дерек көздері ретінде әр жылдары мерзімді басылымдарда жарық көрген шығармалар, баспасөз беттерінде жарияланған танымдық мақалалар, аударматануға байланысты Ш. Қ. Сәтбаеваның, М. Х. Маданованың, Б. Мамыраевтың, Ә. Тарақтың, Г. Қ. Қазыбектің, Қ. Алпысбаевтың, Ә. Сатыбалдиевтің еңбектері пайдаланылды.
Зерттеудің теориялық және методологиялық негіздері. Диссертация тақырыбы қазақ және өзбек әдебиеттерінің байланысы болғандықтан, қазақ және өзбек әдебиеттерінде қандай жанрдағы шығармалар аударылғандығына баса назар аудардық. Қазақ әдебиеті өзбек әдебиетінен басқа қай халықтың әдебиетімен тығыз байланыста болғанын білу үшін Ш. Қ. Сәтбаеваның, М. Х. Маданованың, Б. Мамыраевтың, Ә. Тарақтың, Г. Қ. Қазыбектің, Қ. Алпысбаевтың, Ә. Сатыбалдиевтің, С. Талжановтың, Қ. Нұрмахановтың еңбектеріне сүйеніп, зерттеу тақырыбына қатысты ой-пікірлер, теориялық тұжырымдар басшылыққа алынды. Бұдан басқа баспасөз беттерінде жарияланған қазақ зерттеушілерінің мақала, пікірлерін пайдаландық.
Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысын жазу үшін салыстырмалы-салғастырмалы, жүйелек, әдеби-тарихи саралау сияқты ғылыми әдіс-тәсілдер пайдаланылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Осы уақытқа дейін қазақ әдебиеті мен орыс, француз, тәжік, араб-парсы, ағылшын, еуропа халықтары, татар әдебиеттерінің байланысы туралы зерттеу жұмыстары жасалған. Осындай әдебиеттерге сүйене отырып, қазақ әдебиеті мен өзбек әдебиетінің байланысын, екі жақты аударма қалай дамығанын, қай жанр бойынша шығармалар көп аударылғанын жан-жақты қарастыруға тырыстық.
Жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан және тараушалардан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ӨЗБЕК ПРОЗАСЫН АУДАРУДАҒЫ ТӘРЖІМАШЫ ШЕБЕРЛІГІ
Қазақ және өзбек әдебиеттерінің байланыстары туралы зерттеу жұмысын қолға алғанда алдымен «әдеби байланыс» ұғымының мән-мағынасын ашып алу қажеттігі туындайды. Бұл ұғым, әрине, көп жылдар бойы кеңестік қоғамда өмір сүрген ынтымақтас және туысқан елдер арасындағы әдеби байланысты сипаттап келгені мәлім. Әдеби байланыстарды жақындату арқылы бұл елдердің татулығын, сондай-ақ сөз өнерінің туыстығын дәріптеуге маңыз берілді. Аталған ұғымның әдеби сипатынан гөрі саяси сипаты басымдау болды. Дегенмен, бұл тұста «әдеби байланыс» түсінігі арқылы рухани жағынан туыс елдердің әдебиеттеріндегі бірқатар мәселелердің кәсіби тұрғыдан зерттелуіне мол мүмкіндік жасалғанын айтуға тиіспіз. Кеңес Одағы ыдырап, әрбір ел өз шаңырағын көтеріп, егемендікке ұмтылған шақтағы экономикалық қиындықтар бұл тақырыпты зерттеуге кедергі келтірді. Әдеби байланыстарды жан-жақты қарастыру мәселесі біраз уақытқа кешеуілдеп қалды. Қазір бұл елдердің бірқатары еңсесін тіктегеннен кейін әдеби байланыстарды зерттеу жайы да қарастырыла бастады. Солай бола тұрса да бұл игі іс біздің еліміз тарапынан біраз уақыттан бері қолға алына бастағанын айта кеткен жөн.
Алдымен аталған ұғымның мағынасын ашып алайық. Әдеби анықтамалықтардағы түсініктерде де бұл ұғым ұлттық әдебиеттің басты мәселесі ретінде баяндалады. Мысалы, академик З. Ахметовтің басшылығымен құрастырылған «Әдебиеттану. Терминдер сөздігі» деп аталатын кітапта: «Әдеби байланыстар - ұлттық әдебиеттер арасындағы көркемдік дәстүрлер жалғастығы, ықпалдастығы. Әдеби байланыс нышандары жазушының қалыптасқан әдеби дәстүрлерге табан тіреуінің нәтижесінен, сондай-ақ тамырлас әдебиеттердің арасындағы типологиялық ұқсастықтан туындайды» /6, 62/, - деген анықтама берілген. Бұл түсініктеме түп-тамыры бір, ежелгі дәстүрлері ортақ елдердің әдебиеттерін генезистік сипатына үңіле отырып, зерттеу қажеттігін міндеттейді. Бұл анықтама біздің ғылыми еңбегіміздің бағыт-бағдарына да бұлжымас желі болды.
Осы анықтаманы «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық жинағындағы «Әдеби байланыстар мен қарым-қатынастар, әдебиет әлеміндегі рухани алмасулар - көркемдік дамудың бұлжымас заңы. Қоғамның прогресс жолымен даму қажеттілігінен туған мәдени, әдеби байланыстардың өзіндік тарихы, бай мазмұны бар . . . Қазақ сөз өнерінің басқа халықтардың рухани өмірімен байланысының түп-төркіні, негізі ғасырлар қойнауында жатыр» /7, 370/, - деген сипаттама толықтыра түседі. Көне түркі жәдігерліктерінен бастау алатын қазақтың сөз өнері өзінің даму жолында қаншама халықтың әдебиет нұсқаларымен тоғысып жататыны баршаға белгілі. Сол тоғысулар бүгінгі күні «әдеби байланыстар» деп аталып, санаға берік енген ұғымға негіз қалайды.
«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында баяндалған, қоғамдық-саяси үні басымдау келесі сипаттама да бұл ұғымды өзгеше қырынан танытады: «Әдеби байланыс - белгілі бір ұлт әдебиетінің басқа да әлем халықтары әдебиетімен қарым-қатынасы. Әдебиет әлеміндегі рухани алмасулар - көркемдік дамудың, әдеби процестің өзіндік заңдылығы . . . Ұлттық әдебиеттердің даму деңгейі сол кездегі әдеби байланыстың да бағыты мен көркемдік рөлін анықтайды» /8, 62/. Өз дәуірінің саяси бағдары тұрғысынан берілген бұл анықтамада әдебиеттің мақсат-міндеттері нақты көрсетілген. Ұлт әдебиетінің өзі қатарлас өмір сүріп отырған елдердің әдебиеттерімен тығыз байланыста дамитыны дау тудырмайды. Көрші ел әдебиеттерінің бір-біріне ықпал етіп, бағыт-бағдарын түзейтіні, белгілі бір қарым-қатынастар орнықтыратыны қисынды нәрсе.
Кейіннен қазақ және орыс әдебиеттерінің байланыстарын зерттеу барысында белгілі бір тұлғалар арасындағы сабақтастықты немесе кейбір ортақ аспектілердің үйлесімділігін қарастыру үрдіс саналды. Бірқатар ғалымдар қазақ әдебиетінің Еуропа әдебиеттерімен байланыстарын зерттеп, төл мұраларымызды дүниежүзілік ауқымда қарастыруға ден қойды. Бірсыпыра еңбектер Еуропада қоныс тепкен ұлттар әдебиеттерінің біздің ұлтымыздың рухани мұрасымен үйлесетін тұстарын, әдеби қарым-қатынастардың мәселелерін жан-жақты талдауға арналған. Сондай-ақ, біраз ғалымдар қазақ әдебиетінің шығыстағы іргелі елдер әдебиеттерімен байланысын жете зерттеп, салмақты ғылыми еңбектерді қатарға қосты. Ғалымдардың енді бір тобы белгілі бір кезеңдегі қазақ әдебиетінің басқа ел әдебиеттерімен байланыстарын тұтастай қарастырды. Сонымен қатар әдеби байланысты белгілі бір тақырыппен сабақтастыра қарастырған зерттеулер де болды. Әдеби байланыс талаптары тұрғысынан Орталық Азияның аумағына кіретін туыстас, көрші елдердің әдебиеттері де біршама дәрежеде зерттелді.
Жалпы, қазақ және өзбек әдебиетінің әр кезеңдегі байланыстары әр уақытта ғалымдар тарапынан біршама зерттелді. Бұл іске екі елдің ғалымдары да үлес қосты. Олардың ішінде қазақ пен өзбек халықтарының әдеби аралас-құраластығын түбегейлі зерттеу нысанасына айналдырғандары да, бұл мәселеге жанамалай атсалысқандары да бар.
М. Горькийдің кеңес жазушыларының І Бүкілодақтың мәжілісінде (1934) бауырлас республикалардың мәдениетімен тығыз байланыс орнату мәселесін ақындардың, жазушылардың, тәржімашылардың алдына қоюы, әдебиетшілерді осы үдеріске қатысуға шақыруынан кейін әдебиет майданында үлкен ізденістер басталды десе де болады. Кеңес үкіметінің басқа республикалары сияқты тәржімашылық өнер қазақ әдебиетшілерінің арасында да кеңінен қанат жайды. Осы уақытта аудармашылардың алдында тұрған күрделі міндеттердің дені төмендегідей болды: Қазақстан мен орта Азия мемлекеттерінің бір-бірімен байланыс орнатуы үшін өлең құрылымдарының ерекшеліктеріне; оқырмандардың қабылдау айырмашылықтарына назар аударуға, басқа тілдерді оқып-меңгеруге, әдебиетін, салт-дәстүрін, этникалық және тарихи-мәдени дәстүрлерін білуге; түпнұсқа стилінің ұлттық-тарихи бояуын және өзіндік даралығын сақтауға және т. б. тиіс болды.
Қазақстандық мерзімдік басылымдарда барған сайын көркем әдебиет тәржімаларына мән берілді («Жаңа әдебиет», «Әдебиет майданы», «Әдебиет және искусство» және т. б. ) .
Көркем аударманың теориясы мен практикасы үшін айрықша маңызды болып Ә. Әлімовтің ғылыми мақалалары танылды, онда 1920-1930 жылдардағы Қазақстандағы тәржіма төңірегіндегі ойлардың дамуы кеңінен қарастырылған еді.
Сонымен қатар түпнұсқаның аудармаға қатысты маңызын сәйкестілігі, тілі, стилінің ерекшелігі маңындағы сұрақтарды қозғаған ғалым Мұхтар Әуезовтің мақалалары жарыққа шықты. М. Қаратаев өзінің мақалаларында Абайдың әлем тілдеріне аударылуына қатысты тың ойлар айтты.
С. Куспанов «Абай поэзиясының орыс тіліне тәржімалануы» атты еңбегінде Абай шығармаларының орыс тіліндегі аудармаларын талдап, оның поэзиясының аударма нұсқасына сыни көзбен қарайды, аударма тілі толықтығының сұрақтарын қарастырады /9/.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz