Қазақ сахнасында ән-аспаптық эстрадалық ансамбль өнерінің даму мәдениеті


Пән: Өнер, музыка
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 53 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Т. ЖҮРГЕНОВ атындағы ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫ

Майғазиев Сәкен Қордабайұлы

6М040800 - Эстрада өнері

Қазақ сахнасында ән-аспаптық эстрадалық ансамбль өнерінің даму мәдениеті

Академиялық магистр дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациялық жұмыс

Жетікшісі - профессор П. Момынұлы

Алматы, 2014

Қазақ сахнасында ән-аспаптық эстрадалық ансамбль өнерінің даму мәдениеті

(Ескі жоспар)

Мазмұны

Кіріспе . . . 3

I. Қазақ халқының дәстүрлі музыка өнері

1. 1. Қазақ халқының музыка өнеріне бет бұруы. Қазақтың күйшілік өнері . . . 9

1. 2. Фольклорлық және кәсіби әндер. Дәстүрлі ән мектептері белді өкілдерінің шығармашылықтары: Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Естай, Майра, Мұхит, Кенен т. б . . . 20

II. Қазақ сахнасындағы ән-аспаптық ансамбльдердің қалыптасуы

2. 1. Қазақ даласында XX ғасырдың ортасында қалыптаса бастаған күйсандық, сырнай сүйемелімен ән орындау өнері: Ж. Омарова, Р. Есімжанова, Қ. Жандарбеков, Е. Өмірзақов т. б . . . 42

2. 2. Ән-аспапты ансамбльдердің дамуы: алғашқы ансамбльдер, ансамбль түрлері, эстрададағы алғашқы жеке орындаушылар . . . 50

III. Қазіргі қазақ эстрадасындағы ансамбльдер

3. 1. Эстрададағы ән-аспаптық ансамбльдер және жеке орындаушылардың өнері: «ДосМұқасан», «АБК», «Айгүл», «Гүлдер», Р. Рымбаева, М. Жүнісова, С. Жұмағалиев т. б . . . 70

3. 2. Қазіргі қазақ эстрадасының хал-ахуалы: жаңа топтар, жас әншілер, сазгерлер, ақындар, жетістіктер мен шешілмеген мәселелер . . . 80

Қорытынды . . . 95

Пайдаланған әдебиеттер . . . 100

Қазақ сахнасында ән-аспаптық эстрадалық ансамбль өнерінің даму мәдениеті

(Жаңа жоспар)

Мазмұны

Кіріспе . . . 3

I. Қазақ халқының дәстүрлі музыка өнері

1. 1. Қазақ халқының музыка өнеріне бет бұруы. Қазақтың күйшілік өнері . . . 9

1. 2. Фольклорлық және кәсіби әндер. Дәстүрлі ән мектептері белді өкілдерінің шығармашылықтары: Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Естай, Майра, Мұхит, Кенен т. б . . . 20

II. Қазақ сахнасындағы ән-аспаптық эстрадалық ансамбльдердің қалыптасуы

2. 1. Қазақ сахнасындағы алғашқы ән-аспаптық ансамбльдердің шығармашылығы: «ДосМұқасан», «Айгүл», «Гүлдер», «Арай», «Арқас» . . . 42

2. 2. Ән-аспапты эстрадалық ансамбльдердің репертуары және жеке орындаушылары . . . 50

2. 3 Қазіргі қазақ эстрадасының хал-ахуалы: жаңа топтар, жас әншілер, сазгерлер, ақындар, жетістіктер мен шешілмеген мәселелер . . . 80

Қорытынды . . . 95

Пайдаланған әдебиеттер . . . 100

Кіріспе

Жаратушы ие адам баласын әр түрлі құндылықтармен дарытқан. Оның бірі және бірегейі - өнер. Өнер арқылы адам өз атын, елін, жерін әлемге таныта алады. Бойына өнер дарыған адам, ол қасиетті міндетті түрде сыртқа шығаруға тырысады. Олай істемеске амалы жоқ, себебі ол жаратушының сол адамға берген аманаты. Өнер туралы әр заманда, қөптеген ғалымдар өз пікірлерін білдірген. Солардың бірі, Шығыстың ірі ғалымы Әбунасыр Әл-Фараби (870-950) былай деген: «Өнер - адамзат баласына берілген құндылықтардың бірі, өмір серігі. Бұл ғасырлар бойы өмір тәжрибесінен туып, дамып, біздің заманымызға жеткен теңдесі жоқ құбылыс» [1] . Өнер адамның шығармашылық келбетін көрсетеді. Ол арқылы біз адам баласының ішкі жан-дүниесін, толғанысын, қуаныш-қайғысын біле аламыз. Өнер өзінің нақты түрлерінде өмір сүреді: әдебиет, театр, сурет, мүсін, би, ән, сәулет т. б түрлері. Осы өнерлердің ішінде қазақ халқының бай мәдени мұраларының бірі - ән өнері.

Ән адам баласының туғаннан бастап бақилық болғанша қатар жүретін өнер. Тал бесіктен жер бесікке дейін әнмен, жырмен көмкерілген адам ғұмырының бір күні де музыкасыз өтпейді, және музыканың адам баласына қатысы туралы данышпан Абай: „Туғанда дүние есігін ашады өлең, - Өлеңмен жер қойнына кірер денең” - деп толғайды [2] . Қазақ қайғыда да, қуанышта да ән тудырған, сондықтан, әрбір салт-дәстүрі әнмен әрленген қазақ халқының өмірін әнсіз елестету мүмкін емес шығар. Қазақтың ән өнері үнемі даму үстінде. Байтақ сахара, бай өлке, ұшы қиярсыз кең алқап, бірін-бірі біліп болмас дала айдынында қазақ елі әдемі әннің талай тамаша түрлерін дүниеге әкелген.

Бар өмірін қазақ музыкасын зерттеуге арнаған белгілі академик Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты монографиясында қазақ халқының музыкалық қабілетінің өте жоғары екендігін шығыстанушы-ғалым Шоқан Уалихановтың сөзімен жеткізеді: „Қазақтар өздерін музыкантпыз деп есептейді. Ол қабілеттің тууы жөнінде олардың аңыздары да бар: „Ән аспаннан қалықтап ұшып, жер бетіне жақын келеді. Оның жерге ең жақындаған кезін байқаған халық, әнді ұстап қалған, ал жоғарғы қалықтаған жердің адамдары ешнәрсе үйрене алмаған. Құдайдың құдіретімен келген ән қазақ жерінде тіпті төмен ұшқан да, қазақ халқы оны естіп, әнді жақсы айтатын болған. Қазақтардың басқа халықтардан әнді жақсы айтатын себебі сол» [3] .

Қазақ әні - қазақ жанының ғасырлар көшінде шаң баспаған сырлы айнасы, халық рухының ықылымнан тіл қатқан тірі куәгері. Күнделікті тұрмыс-тіршілік, салт-дәстүрге орайласа туған ғұрыптық ән, қара өлеңдерден тартып, адам баласының аңсар-мұратын, қайғы-мұң, сағыныш-шерін, өзек өртер өкініші мен жарқын үміт, қуаныш-шаттығын - сан-алуан сезім-күй, жан әлемін өрнектеп, формалық, мазмұндық тұрғыдан кемеліне келе түрленіп, биік кәсіби өреге жеткен ән өнері - ұлттық музыка мәдениетіміздің алтын өзегі, ықылымнан бүгінге арқауын үзбей жетіп, қазіргі рухани болмысымызға нәр беріп тұрған сарқылмас қайнар іспетті.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ халқының ән өнері бүгінгі таңда ұрпақ алдында өз жемісін беруде. Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Мүхит, Кенендер ту қылып көтерген ән мәдениеті тарих сахнасында межелі өз орнын алып, қазіргі кездегі қазақтың музыкатану, фольклортану, филология ғылымдары саласында айтарлықтай зерттеліп жатыр. Аға буын зерттеушілеріміз - дәстүрлі әншілік, күйшілік өнер, ән-күй жанрларының шығу тегі, қызметі, түрлерге бөлінуі, әншілік өнер, эстрадалық өнер және олардың қалыптасуы сияқты тағы да басқа көптеген мәселелерді қарастырып, қазақ музыкатану ғылымы айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр.

Шамамен XX-шы ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап қазақ сахнасында ансамбльмен, оркестрмен ән айту өнері пайда болды. Оған куә - қазақ радиосы мен Мемлекеттік мұрағатта сақталған үнтаспалар. Академик А. Жұбанов құрған 11 адамнан тұратын алғашқы домбырашылар ансамблінің сүйемелдеуімен Ғ. Құрманғалиев, М. Ержанов, Қ. Лекеров, Р. Бағланова сынды асқақ әншілер ән орындады. Содан бері қарай, осы заманға дейін ансамбль құрамы түрлі аспаптармен толығып, ансамбльдер көбейіп, оларға Батыс, Ресейден түрлі электр қуатымен жұмыс істейтін жаңа заман, инновациялық аспаптар қосылып, ансамбль атауы түрлене түсті. Қазіргі заманда олардың аспаптық құрылымынан бөлек, дауыстық, яғни әншілік құрылымы дамыды. Соңғы уақытта қазақ сахнасында бірнеше дауста ән айту бағыты біршама көбейіп жүр. Фольклорлық, эстрадалық, ән-аспаптық ансамбльдердің көбейуі - Қазақ эстрада өнерінің дамығандығын көрсетеді. Бірақ осы ансамбль өнері, оның ішінде ән-аспаптық ансамбль, Қазақ музыкатану саласында зерттеу нысанасынан тыс қалып жүр. Сол себепті біз ғылыми жұмысымызды «Қазақ сахнасында ән-аспаптық эстрадалық ансамбль өнерінің даму мәдениеті» деп алдық. Осы мақсатта көптеген музыкалық, педагогикалық, әдістемелік оқу құралдары, ғылыми еңбектер қаралды.

Тақырыптың теориялық зерттелу деңгейі: Кәсіби әншілік өнер, әнші-сазгерлердің шығармашылықтары, әншілік мектептердің ерекшеліктері тұралы, әр кезеңде көптеген музыка зерттеушілер, өнертанушылар ғылыми диссертациялар, ғылыми еңбектер, мақалалар жазды. Осы тұрғыда мәселен, А. Затаевичтың, Б. Ерзаковичтың, А. Жұбановтың, А. Сейдімбековтың, А. Байгаскинаның, А. Темірбекованың, М. Ахметованың, З. Қоспақовтың, С. Күзембаеваның, А. Мұхамбетованың, Ә. Нұғманованың, С. Елеманованың, кейінгі зерттеушілер Д. Амированың, Г. Абдрахманның, А. Бердібайдың, А. Сабырованың, А. Байбектің, А. Бұлтбаеваның, Г. Мұсағұлованың, Г. Кузбакованың, Э. Жаңабергенованың, Б. Тұрмағамбетованың тағы басқа зерттеушілердің еңбектерін атауға болады. Осы еңбектердің ішінде эстрадалық бағыт, немесе ансамбльдер туралы жазылған түбегейлі зерттеу жоқ. Тек, осы салада жазылған педагогика ғылымдарының докторы М. Х. Балтабаевтың «Фольклор және вокалды-аспапты ансамбльдер» атты еңбегін атауға болады.

Зерттеудің мақсаты: Қазақ сахнасындағы ән-аспаптық эстрадалық ансамбльдердің қалыптасу тарихын, дамуын, бүгінгі күндегі ансамбльдердің жетістіктері мен шешілмеген мәселелерін анықтау.

Зерттеудің обьектісі: Қазақ сахнасында XX-шы ғасырдың ортасынан бастап қалыптасқан ән-аспаптық эстрадалық ансамбльдер. Қазіргі замандағы қазақ эстрадасындағы ансамбльдер және топтар.

Зерттеудің пәні: Қазақ сахнасындағы ән-аспаптық ансамбльдердің қалыптасу, даму тарихы. Жаңа заман эстрадалық ансамбльдер және топтар мәселесі.

Зертеудің ғылыми болжамы: тарихын, даму жолын, осы күндегі эстрадалық ансамбльдердің хал-ахуалын зерттеп, болашақта бұл зерттеу жұмысын әдістемелік нұсқау ретінде, жоғарғы және орта оқу орындарындағы «Эстрадалық өнер» бөлімі, факультеті оқытушылары мен студенттеріне ұсыну.

Зерттеудің міндеттері:

  1. Қазақ сахнасындағы ән-аспаптық эстрадалық ансамбльдердің тарихын зерттеу;
  2. Ән-аспаптық эстрадалық ансамбльдердің дамуын көрсету;
  3. Қазіргі заман эстрадасында қалыптасқан ансамбльдердің және топтардың қалыптасуын көрсету;
  4. Қазіргі кездегі ән-аспаптық эстраладық ансамбльдердің жетістіктері мен қиыншылықтарын айқындау.

Зерттеу көздері:

  • Қазақ эстрадасы, өнері туралы жазылған ғылыми мақалалар, кітаптар;
  • Қазіргі заман эстрадасында қалыптасқан ансамбльдер және топтар туралы сын, зерттеу еңбектері.

Зерттеудің базасы: Қазақ сахнасындағы ән-аспаптық ансамбльдер, қазіргі замандағы эстрада өнеріндегі ансамбль дер және топтар

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәні:

  • Қазақ эстрадасындағы ән-аспапты ансамбльдерге алғаш рет сараптама жасалып отыр;
  • Қазақтың дәстүрлі өнерімен эстрадалық өнердің өзара байланысы айқындалып отыр;
  • Қазақ сахнасындағы ансамбльдерге алғашқы рет тарихи шолу жасалуда;
  • Ән-аспаптық ансамбльдердің қазақ сахнасында дамуы, қазіргі замандағы топ, ансамбльдердің жұмысының талдануы - ғылыми ортаға алғаш рет сарапқа салынып отыр.

Зерттеудің практикалық мәні:

- диссертанттың «Қазақ сахнасында ән-аспаптық эстрадалық ансамбль өнерінің даму мәдениеті» атты ғылыми жұмысы

  • Диссертация мазмұны бойынша дайындалған мақалалар, талдаулар, тұжырымдар музыкалық колледж, жоғарғы оку орындарындағы «Эстрада өнері» мамандығы бойынша пәндерде пайдалануы мүмкін.

Қорғауға ұсынылатын қағидалар:

  1. Қазақтың ән-аспаптық ансамбльдерінің қалыптасу тарихы айқындалады;
  2. Ән-аспаптық ансамбльдердің ерекшеліктері анықталады;
  3. Қазақ сахнасындағы ән-аспаптық ансамбльдердің дәстүрлі музыкамен байланысы сарапталады;
  4. Ән-асапаптық ансамбльдердің басқа ансамбльдармен айырмашылығы мен ұқсастығы анықталады;
  5. Қазақ эстрадасындағы ән-аспатық ансамбльдердің даму, қазіргі кездегі жағдайы көрсетіледі.

Зерттеудің әдіснамалық-теориялық негіздері: Музыкалық-теориялық жұмысымыздың бағыты Отандық музыка зерттеуші ғалымдар мен өнер, мәдениет, педагогика саласындағы еңбектерге негізделген. Олардың қатарында М. Жұмабаевтың, Ы. Алтынсаринның, А. Затаевичтың, Б. Ерзаковичтың, А. Жұбановтың, Б. Ғизатовтың, Ө. Байділдаевтың, А. Сейдімбековтың, А. Байгаскинаның, А. Темірбекованың, М. Ахметованың, М. Х. Балтабаевтың, З. Қоспақовтың, С. Күзембаеваның, А. Мұхамбетованың, Б. Қарақұловтың, А. Құнанбаеваның, Ә. Нұғманованың, С. Елеманованың, П. Момыновтың, т. б. зерттеушілердің еңбектері, сондай-ақ, Ресейдің музыкатану, педагогика салаларында жазылған Б. Асафьевтың, Д. Кабалевскийдың, З. Кодаидың, В. Шадскаяның, Л. Арчажникованың, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркменстан ғалымдары - Қ. Дюшалиев, Р. Аманова, Ф. Караматов, Д. Курбанова, Т. Мамедов т. б. зерттеушілердің ғылыми еңбектері пайдаланылды.

Диссертацияның құрылымы: Диссертация кіріспеден, 2 тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, ноталық қосымшадан тұрады. Кіріспе бөлімінде зерттеудің көкейкестілігі, зерттеудің мақсаты, нысаны, пәні, міндеттері, теориялық-әдіснамалық негіздері, әдістері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық мәні, негізгі қағидалары, дәйектілігі мен негізділігі беріледі. Қорытындыда зерттеудің негізгі нәтижелері мен тұжырымдары түйінделеді, ғылыми-әдістемелік ұсыныстар берілді.

  1. Қазақ халқының дәстүрлі музыка өнері

1. 1. Қазақ халқының музыка өнеріне бет бұруы, күйшілік өнер

Қазақ халқының музыка өнеріне ежелден-ақ ерекше жақын болғандығын, халық ауыз әдебиеті, тарихи басылымдардан басқа, VII-VIII ғасырларда өмір сүрген Қорқыт бабамыздың қүйлерінен де білеміз. Оның «Қорқыт», «Башпай», «Желмая», «Аққу» т. б. күйлері неше ғасыр бойы жүректен жүрекке, қолдан қолға құйылып, сыры кетпей осы заманға жетіп отыр. Одан беріде жыраулық мектепті қалыптастырған Доспанбет, Қазтуған, Марғасқа, Махамбет т. б. жыраулардың өнері, көне күйлерді 9 пернелі домбырада күмбірлеткен Кетбұға, Баламайсан, Ұзақ, Байжұма т. б. күйшілердің күйлері, шағармалары осы күнге жетпей, тек әдеби, тарихи естеліктерде ғана қалған Тайжан ақын, әнші Ноғайбай, Даурен сал есімдері осы сөзіміздің дәлелі.

Қазақ халқының күйшілік тарихындағы ең елеулі тұлғалардың бірі - Кетбұға күйші. Қаһарлы Шыңғыс хан заманында өмір сүрген Кетбұғаның ержүрек батыр, ақылгөй би, дәулескер күйші ретінде есімі белгілі. Осы заманымызға дейін «Кетбұғаның күйі» деген күй әлі ел әшәнде орындалып келеді. Бұл да болса халқымыздың өнерсүйгіш қабілетін көрсетеді.

Қазақ жерінде жүргізілген археологиялық қазбалардың, тарихи зерттеулердің нәтижесіне қарасақ біздің даламызда сан ғасыр бұрын өмір сүрген көшпенді бабаларымыз тек қана малшы, жауынгер ғана емес, сонымен бірге тамаша сәулетші, мүсінші, ұста, зергер, әнші, жыршы, домбырашы, қобызшы, жетігенші, шаңқобызшы т. б. музыка аспаптарда ән-күй мәдениетін жоғары дәрежеде дамытқандығын байқауға болады. Алуан түрлі асқақтаған әндерімізді адам жүрегінің дүрсілімен, күмбірлеген күйін домбыра, қобыз, сырнай, жетігеннің күміс дыбыстары арқылы ата-бабамыз өз халқының рухани жан-дүниесінің мұң-шерін, асқақ арманын, дәстүрін, сән-салтанатын, әдет-ғұрпын келер ұрпақтың зердесіне жеткізген.

Түркі тектес байырғы көшпенділер жасаған өзгеше бітімді өркениеттің тікелей мұрагері, өткен ғасырдың басына дейін, негізінен, көшпенділік өмір салтын ұстанған, кейін тіршілік ыңғайы өзгерсе де, рухани қалыбын сақтап қалған қазақ халқының ең сұлу, сырлы мұрасы - сан-салалы, көп жанрлы дәстүрлі музыкасы. «Дәстүрлі музыка» деп айтып жүрген өнеріміз негізгі екі арнаға бөлінетін - әншілік және күйшілік өнер.

Күй - халқымыздың сол ұланғайыр музыкалық қазынасының ең бір мол саласы, құрылымы, мазмұны, басқа да көп сипаттары жөнінен кемел дамып, биік өреге жеткен жанрларының бірі.

«Күй» сөзі түркі халықтарының біразында этномузыкалық термин ретінде пайдаланылады. Түпкі, төркін мағынасы «хал, жағдай, көңіл ауаны» сияқты эмоциялық ұғымды білдіреді. Осы атаудың өзінен-ақ күйдің табиғатына жан толқынысының әуендік баламасы іспетті айқын психологизм тән екендігін аңғарамыз. Әлбетте, бұл күй жанрының өзге сипатын: баяндаушылық, суреттеушілік, кейіптеушілік қасиетін жоққа шығармаса керек. Жинақтай айтқанда, күй - құрылымы жағынан шағын болғанмен, мазмұны терең, ойлы, сырлы, әуендік бітімі күрделі, музыкалық формасы кемел, жанрлық заңдылық, белгілері әбден тәптіштелген аспаптық пьеса. Қазақтың күйшілік өнерін ерекше тамаша құбылыс екенін аңғарған академик Б. А. Асафьев күйге: « . . . бұл өнер терең фәлсәфалық синтездың, халық психологиясының адамгершілік биік қасиеттерін жинақтай қорытып, шабыттың жан толғанысын ғажайып қайырымдылықпен қосылуы - аса дарынды қазақ халқының тарихи тағдырындағы ауыр жағдайларға мойын ұсынбай жасампаз өмір сүруінде »[4] - деп баға береді. Шынында да, қазақ күйінің ғасырдан-ғасырға сыры бұзылмай, сыны бұзылмай келе жатқаны, басқа халықтардың қызығушылығын тудыратын дүние екені сөзсіз.

Күйдің қай заманнан бері тартылып келе жатқандығының нақты дерегі жоқ. Бірқатар зерттеушілер күй бағзының бағзысында, әзелгі ғұн, түркі дәуірінде пайда болған деп пайымдайды. Ал орта ғасырларда Қарақорым мен Еділ дария арасын жайлаған жалпақ жұртқа жаппай түсінікті, етене музыка тіліне айналған сияқты деген де пікір бар. Біраз күйлердің тақырыбы, лексикасынан, пішін-құрылымынан, күймен егіздете баяндалатын аңызынан архаикалық сипат, ислам дініне дейінгі наным-сенімнің табы байқалуы осы тұжырымға дәйек бола алса керек.

Осы салада қалам тартып жүрген ғалымдардың пайымдауынша, күй адамның белгілі бір сезім сәті, демек күйші сол сезімді музыка тіліне түсіруші, және сол сезімді өзгенің жүрегіне жеткізуші. Күйдің тілі домбыраның ішегі арқылы шықса, мәні, мазмұны күйшінің шебер орындаушылығы арқылы білінеді. Себебі күй тек қана әсем саз емес ол халықтың жаны, жүріп өткен жолы, өмірлік пайымы, ұстанған бағыты. Мұндай тамыры терең әуезді жүрегіне қондырып, басқа жүректерге жеткізу екінің біріне бұйырмаған бақыт. «Күй - бір сөзбен айтып түсіндіре алмайтын, тым үлкен құбылыс» [5] - дейді ақын Б. Қайырбеков. Оны сүреттеу - музыканы түлмен жеткізу аса үлкен шешендік шеберлікті қажет етеді.

Күйшілік өнердің нығайған кезінде қазақ сахарасындағы аймақтардың тарихи, мәдени және жағрафиялық айырмашылығына байланысты дәстүрлі мектептер қалыптаса бастады. Ұстанған дәстүрлерінің ұқсастығына байланысты және жағрафиялық орналасулары бойынша, олар бірнеше мәдени ошақтарға бөлінді. Қалыптасқан ұғым орайымен, бұл орындаушылық мектептер - Батыс, Арқа, Жетісу деген жалпылама жер атауларымен аталып кеткен. Мұндай жіктелу домбырадағы күйшілік өнердің екі үлкен негізгі дәстүрге бөлінуінен бастау алады. Орындаушылық тәсілге байланысты, олар төкпе және шертпе деп аталады. Төкпе дәстүрінде, көбінесе, Батыс (Батыс Қазақстан облыстары) өңірінің екпінді де жігерлі күйлері орындалады. „Төкпе” сөзі - „төгу” деген ұғымнан шығады, яғни „төгіп тарту” деген мағынаны білдіреді. Шертпе дәстүрі, негізінде, Арқа (Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстары), Алтай-Тарбағатай, Жетісу, Оңтүстік және Қаратау өңірі мектептеріне тән. Бұл дәстүрдің күйлері ой мен сырға толы, екпіні жағынан байсалды болып келеді [6] .

Төкпе мен шертпе - бұл тек қана домбырада ойнау тәсілдерінің айырмашылығы ғана емес, бұл - қазақ даласындағы тұтастай екі бөлек дәстүрдің күйшілік өнер арқылы бейнеленген көрінісі. Әр түрлі жанрлар мен жекелеген орындаушылардың көптігіне қарамастан, төкпе дәстүрінде эпикалық және философиялық тақырыптың басымдылығы байқалады. Ал шертпе дәстүрінде лирикалық ойдың, сонымен қатар әншілік, тіпті би өнерінің бастаулары да сезіледі. Домбыра аспабының өзі де Қазақстанның әр түрлі аймақтарында түрлі пішінде болған. Оның мойнының ұзындығы, шанағы, перне сандары үнемі өзгеріп отырған. Еліміздің Батыс аймағында ­ домбыраның мойны жіңішке, ұзын, шанағы сопақтау болған, ал Орталық Қазақстан, Жетісу өңірлерінде домбыраның мойнын қысқа, жуан, шанағын әр түрлі етіп жасаған.

Халықтық аспаптық дәстүрлер Қазақстанның әр өңірлерінде тарихи-шығармашылық мектеп ретінде орнықты және олардың қалыптасуы белгілі бір тұлғалармен байланысты болды . Кез-келген асқан талант, беделді тұлға бір мектептің, немесе бір бағыттың бастаушысы бола алады десек, шындықтан алыс кетпейміз. Күйшілік өнердегі белгілі дәстүрлердің қалыптасуына себепші болған атақты Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дәулеткерей, Байжігіт, Қожеке, Сүгір тұлғалары осы сөзімізге дәлел.

Күй өнері - ұлттық өнеріміздің үлкен бір арнасы. Қазақ халқының дәстүрлі өнері небір қилы кезеңдерден аман өтіп, XIX ғасырда өзінің бедерлі шыңына жеткен болатын. Ғылымда бұл кезең „Алтын ғасыр” деп аталып кеткен. Осы ғасыр қазақ даласына сан-алуан дәулескер күйшілерді, күміс көмей әншілерді сыйлаған. [7]

Сондайлық дарынды өнер тарландарын тәрбиелеп шығарған халық, күйшілік дәстүрін үлкен өнер деп таныған. Оның сазын, орындалу тәсілін ұдайы жетілдіріп бүгінгі күнге дейін күйшілік өнердің бірнеше жанрын қалыптастырған. Мәселен, төкпе күй дәстүрінде «Терісқақпай», «Бұлбұл», «Балбырауын», «Байжұма», «Науайы», «Ақжелең», шертпе күй дәстүрінде «Қосбасар», «Кертолғау», «Аққу», «Бозінген», «Тоғыз тарау», т. б. сияқты жанрларды ауызға алсақ жетіп жатыр.

Күйлер, негізінен, үш аспапта - домбыра, қобыз, сыбызғыда орындалған. Соның ішінде, дәстүрлі қазақ музыкасының мейлінше кең таралған және аса биік профессионалдық өреге жеткен саласы - домбыра күйлері.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Эстрадалық өнер жанрлары
Қазақстанның саксофонда орындаушылық өнері
Жеке тұлға қалыптастыруының ғылыми-педагогикалық негіздерін анықтау
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы
Қазақ биінің халық арасында қазіргі дамуы
БАТЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ МӘДЕНИЕТІ
Қазақ музыкасының, операсының дамуы жайында
МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА МУЗЫКАЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазақ балет музыкасындағы Қалқаман - Мамыр эпосы
Мектептегі музыка сабағында ұлттық музыканы игеру мәселелері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz