Қазақ халқының сүйек бұйымдары мен оған байланысты әдет-ғұрыптары



І. СҮЙЕКТЕН, МҮЙІЗДЕН ЖАСАЛАТЫН БҰЙЫМДАР
Бұйымдар
ІІ. Нанымдар мен ұғымдар
Өлшемдер
Кәделер
Ақсүйек
Тобық
Сүйек жөнінде әңгімелеместен бұрын, осы сөздің шығу төркініне қатысты өз пікірімізді айта кетуді жөн көрдік.
Сүйек – зат. 1. Адам мен хайуанаттар денесінің қаңқасы... («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», 8-том, «Ғылым», Алматы, 1985, 404 бет).
Тілімізде «сай-сүйек», «сүйек-саяқ» деген тұрақты сөз тіркестері бар. Ауызекі тілде айтып, жазып та жүрген сүйек сөзі бәрімізге де түсінікті. Ал «сай», «саяқ» сөздері «сой» түбірінен туындаған болар деп топшылаймыз. Өйткені бұл сөз тілімізде бұрын көп қолданған. Қалнияз ақын:
Бұралып өсер бой қайда,
Бұрынғыдай сой қайда?.. – десе, Бала Ораз ақын Құлмамбетпен айтысқанда:
Падишаның сойындай,
Қашаннан болат сүйегің, – дейді.
Ендеше, «сай-сүйегім» деген тіркестің алғашқы тұлғасы «сой-сүйегім» болуы керек. Сонда «сай», «сой» дегеніміз «сүйек» деген ұғым береді де, «сой-сүйегім» деген қос сөздің мағынасы «сүйек-сүйегім» болып шығады.
Тіліміздегі «мал сой» деген тіркес те малдың мүшелерін жіліктеу, яғни сүйекте деген ұғым білдіреді. Сондай-ақ «сай», «сой», «сүй» деген түбірлерден туындайтын сайғақ, сайман, сояу, сүйрік, сүймен т. б. сөздер осы «сүйек» деген ұғыммен сабақтасып жатқандығын аңғару қиын емес.

Пән: Мәдениеттану
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 20 бет
Таңдаулыға:   
Алматы қаласы білім басқармасы

Алматы білім беру жүйесі мамандарының біліктілігін көтеру және қайта
даярлау институты

Тақырыбы: ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ СҮЙЕК БҰЙЫМДАРЫ МЕН ОҒАН
БАЙЛАНЫСТЫ ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАРЫ

Бағыты: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХЫ ЕСКЕРТКІШТЕРІ ЖӘНЕ
БОЛАШАҚ ДАМУЫ БАР САЯХАТ БАҒЫТТАРЫ

Секция: ЭТНОМӘДЕНИЕТ

Орындаған: Ы. Алтынсарин атындағы №159
гимназияның 11 Ә сынып оқушысы
Боздақова Айна

Ғылыми жетекшілері: тарих ғылымдарының
кандидаты, доцент А. Тоқтабай
№159 гимназияның қазақ тілі және
әдебиет пәнінің мұғалімі Т.Х. Хамиева

Алматы – 2009
І. СҮЙЕКТЕН, МҮЙІЗДЕН ЖАСАЛАТЫН БҰЙЫМДАР

Сүйек жөнінде әңгімелеместен бұрын, осы сөздің шығу төркініне қатысты
өз пікірімізді айта кетуді жөн көрдік.
Сүйек – зат. 1. Адам мен хайуанаттар денесінің қаңқасы... (Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігі, 8-том, Ғылым, Алматы, 1985, 404 бет).
Тілімізде сай-сүйек, сүйек-саяқ деген тұрақты сөз тіркестері бар.
Ауызекі тілде айтып, жазып та жүрген сүйек сөзі бәрімізге де түсінікті. Ал
сай, саяқ сөздері сой түбірінен туындаған болар деп топшылаймыз.
Өйткені бұл сөз тілімізде бұрын көп қолданған. Қалнияз ақын:
Бұралып өсер бой қайда,
Бұрынғыдай сой қайда?.. – десе, Бала Ораз ақын Құлмамбетпен
айтысқанда:
Падишаның сойындай,
Қашаннан болат сүйегің, – дейді.
Ендеше, сай-сүйегім деген тіркестің алғашқы тұлғасы сой-сүйегім
болуы керек. Сонда сай, сой дегеніміз сүйек деген ұғым береді де,
сой-сүйегім деген қос сөздің мағынасы сүйек-сүйегім болып шығады.
Тіліміздегі мал сой деген тіркес те малдың мүшелерін жіліктеу, яғни
сүйекте деген ұғым білдіреді. Сондай-ақ сай, сой, сүй деген
түбірлерден туындайтын сайғақ, сайман, сояу, сүйрік, сүймен т. б. сөздер
осы сүйек деген ұғыммен сабақтасып жатқандығын аңғару қиын емес.

Бұйымдар

Қож, қожы, қазбай. Ұста-зергерлер көріктің көмейіне көмір салуға,
ыстық шоқты көсіп алуға, күл шығаруға арнайы малдың жауырын сүйегінен
жасалған қалақты қож немесе қожы, қазбай деп те атай береді. Металл
қаңылтырдан жасалса, қалақ деп аталады. Ағаштан жасалған қалақты диірменнің
шанағындағы ұнды қапқа қотару үшін қолданған. Қожыны әзірлеу үшін
жауырынның ортасындағы ұзына бойы созылып жатқан қыр сүйекті шауып тастап,
іліп қою үшін бас жағына қайыстан бүлдірге тақса болғаны.
Ертеректе жауырынмен бал ашқан екен. Өкінішке орай, біздер оның қыры
мен сырын білмейміз, біздің қолымызда 1977 жылы Ыстамбул қаласында басылып
шыққан Қызыр-Бек Ғайретулланың Алтайларда қаңлы гүнлер деген кітабынан
жауырынмен және асық, құмалақпен бал ашудың түрік тілінде жазылған
көшірмесі бар, егер тәржімашы табылса, кезегі келгенде қазақ тіліне аударып
берерміз.
Аттарақ. Жылқы малын жоғары бағалаған қазақ оны баптап, күтетін құрал-
жабдыққа да баса назар аударған. Бапкерлер бәйгеге қосатын сәйгүлігіне жабу
жауып, әбден терлегенше желіп, ащы терін алған соң суытып, таң асырып
қояды. Теріден бөлінген тұз жылқы түгіне жабысып, сор болып кеуіп қалады.
Соны үгіп түсіру үшін сүйектен әзірленген арнайы тарақты пайдаланады. Оны
аттарақ деп атайды. Ондай тарақты жасау үшін жіліншік сүйекті қақ жарып,
ағаштың аша бұтағына шегелейді. Қырлы қапталына бедерлеп егеумен тіс, жүз
салады. Тарақ жүзінің тереңдігі пышақ сыртындай, яғни 3-5 мм-дей болуы
керек.
Шеберлер ертеректе жүзін өткір пышқымен тіліп, сүйектен шаш тарақ та
жасаған, пышақ та саптаған, ожау, саптыаяқ сияқты ыдыстар сабын да
сүйекпен безендірген, әсіресе пілдің азу сүйегінен жасалған бұйымдар жоғары
бағаланған.
Қазақта Пышағыңның өзі қайдан болса оннан болсын, сабы дандан болсын
деген сөз бар. Дандан деп піл сүйегін айтады.
Ескек. Теңіз, көл жағасында тұратын қазақтар ірі қараның қос
жауырынынан ескек жасаған. Ол үшін үстіңгі қырын алып тастап, доғал басын
жуандығы бір тұтам жеңіл, қатты ағаштың екі басына шығыршық арқылы
бекітеді.
Сояу, сүйрік. Сүйектен істелген инені сояу немесе сүйрік деп атайды.
Ондай инемен қап, қанардың аузын тігуге, жабағы тігуге болады. Қамыс,
қоғаның қылтиып жаңа шығып келе жатқан өркенін де қазақ сүйрік деп атайды.
Аппақ, жұмыр сүйектен әзірленген ине – сояу сол қамыс сүйрігіне қатты
ұқсайды. Тіліміздегі саусақтары сүйріктей немесе тырнақтары сояудай
деген сөз тіркестері содан қалыптасса керек.
Сыдырғыш. Өрімшілер таспа тілгенде оны біркелкі етіп сыдыру үшін қатты
ағаштан немесе мүйізден әзірленген сыдырғышты қолданады. Ағаштан, мүйізден
істелген сыдырғыштың пышақ жүзі тиетін тұсы жұқарып, жылдам тозады. Ал ірі
қараның жіліншігінен жасалған сыдырғыш өте ұзақ уақыт тұтынуға жарайды.
Тоқубіз. Тоқубіз қойдың, ешкінің кәріжілігінің құрығынан әзірленеді.
Кейде оны кәріжіліктің шыбығы, қамшысы деп те атайды. Кәріжіліктің
жанына жабыса біткен осы жанама сүйекті таза мұжып, қырнап тазалап алған
соң үшкір жағын егеумен егеп, суреттегідей ілдіргі жасайды. Мұндай бізбен
иірілген жіптен қолғап, шұлық, шәлі, мойынорағыш т. б. киім-кешек тоқиды.
Сөз орайы келгенде айта кететін бір мәселе, біз қолданып жүрген кәріжілік
сөзінің кәрілікке ешқандай қатысы жоқ. Ол әу баста қары жілік болатын,
олай дейтініміз, бұл жілік қолдың қарында орналасқан...
Батырғы. Ірі қараның жіліншік сүйегін жара тіліп, ұзындығы бір сүйем,
бір ұшын сүйір әрі қайқылау етіп егеген ұзындығы бір сүйем құралды батырғы
деп атайды. Онымен былғарыға, көнек, торсық, кеукерін т. б. теріден
жасалған бұйымдарға батырып өрнек салуға болады.
Инелік. Ірі қараның жіліншік сүйегін пышқымен жара тіліп, жұқартып
егеп, бір басын доғалдау етіп жұмырлап, екінші ұшын суреттегідей тілшік
қалдыра инелік жасауға болады. Инелікпен балықшылар ау тоқиды.
Шүмек. Қазақ баланы бесікке бөлегенде ағаш шүмекпен қатар сүйектен
әзірленген шүмекті де пайдаланған. Ондай шүмекті қойдың, ешкінің асықты
жілігін суретте көрсетілгендей етіп, асық орналасқан басын тұйық күйінде
қалдырып, қырларын егеп, жұмырлап алу керек. Содан соң екінші басын
жіліктің жуандайтын тұсынан пышқымен шорт кесіп, қырларын егеп, қырнап,
тазалап алған соң, біраз уақыт майға қайнатып алып пайдалана беруге болады.
Ұршықбас. Ұршықтың басын (ебелегін) әдетте ағаштан әзірлейді.
Иірілетін жіптің ыңғайына қарай кейде ұршықбасты тастан да жасайды. Сол
сияқты ірі қараның ортан жілігінің жамбас ұясына кіріп тұратын жұмыр басын
шорт қиып алып та ұршыққа бас әзірлеуге болады.
Зымырауық. Қойдың ортан жілігінің жамбас ұясына кірігетін жұмыр басын
шорт қиып, ортасын теседі. Сол тесікке ұшқат, емен, тобылғы тәрізді қатты
ағаштың төменгі жағын үшкірлеп, жоғарғы жағын сәл қырлай жонып өткізу
керек. Тегіс тақтаның, әйнектің бетіне шиырып жіберсе, көп уақытқа шейін
тоқтамай зымырап айналып тұратын зымырауық деген ойыншық осы.
Зырылдауық. Қойдың бақайшық сүйегін тазалап, қырнап суреттегідей орта
тұсынан екі жерден тесіп, оған есілген мықты жіптен тұйық бау тағады. Сол
баудан екі қолмен ұстап, бау ширатылғанша бір бағытқа қарай бірнеше рет
айналдырып, кері қарай тартып, босатып отырса, баудың ырғағымен бақайшық
әрлі-берлі айналып, зырылдаған дыбыс шығарады. Жас балалар қызығып ойнайтын
зырылдауық деген ойыншық осылай жасалады.
Дойбы тасы. Бақайшық, қызасық (қызыл асық) сияқты сүйектерден
дойбының, шатыраштың тастарын жасайды. Мәселен қызасық жай тас қызметін
атқарса, бақайшық бидің орнына жүреді.
Жебе, сүңгі. Жаугершілік заманда металдың орнына кейде сүйектен
жебенің ұшын жасап бекіткен. Батырлар жырында қозыжауырын оқ деген сөздер
кездеседі. Жебенің адырнаға тірейтін жағына қозының жауырынын бекіткен соң
солай аталды ма екен деп болжаймыз.
Балықшылар сүйекті үшкірлеп, тіс шығарып сүңгінің яки қадамыштың ұшына
бекіткен.
Сойшаңғы. Жылқының жіліншік сүйегін екіге жарып жасалған шаңғы.
Киізден басылған аяқ киімге таңып алып, жылтыр мұздың үстінде ұшына үшкір
асыл болат шеге орнатылған таяқтың көмегімен сырғанайды. Сойшаңғыны жасау
жолы да өте қарапайым: жіліншік сүйекті суретте көрсетілгендей етіп арамен
тіліп, екі басын қайқайта егеп қояды. Алды-артынан тесік тесіледі де,
алдыңғы тесіктерден ұзындығы бір құлаштай қайыс бау тағылады. Оны
мұрындық деп атайды. Ал артқы тесігіне ұзындығы бір қарыстай қайыстан
тұйық бау тағылады, оны өкшелік деп атайды. Мұрындықты аяқ киімнің
тұмсығынан бір шалып, ұштарын өкшеліктен іліп, қайыра мұрындықтан өткізіп,
шалып байлап қояды.
Өкінішке орай мұндай шаңғының үлгісін ешқандай музейден кездестіре
алмадық. Ертеректе балаларға арналып жасалған мұндай спорт жабдығы бұл
күндері мүлдем ұмыт болған. Осы айтылғандарды көнекөз қарттардың айтуы
бойынша қалыпқа келтірдік...
Ашақай. Малдың шықшытында, тілдің түбінде аша сүйек болады. Сол
сүйекті ашақай деп атайды. Сүйек қолына түскен адам оның аша бастарын
аузына салып, әр ашасына ішінен бір-бір адамның атын атайды. Содан соң
жанында отырған кісіге біреуін ұста дейді. Көршісі қай адамның аты
жасырылған басын ұстаса, сол адамды жақсы көреді екенсің дейді.
Қылдырық. Кәрі жіліктің асығына қарсы басында ұзындығы 4-6 см жіңішке
сүйек болады. Оны қазақ қылдырық деп атайды. Өткен жіңішке затты
сипаттағанда қылдырықтай екен дейміз. Қылдырық сөзінің төркіні қылдай
ілдірік, қыл ілдірік болса керек. Қазақ осы қылдырықты тіс шұқуыш
ретінде пайдаланған.
Түтік. Тазқара, көкқұтан, қарабай, тырна секілді ұзын сирақты
құстардың жіліншігінен құсбегілер бүркіттің аузына су құятын түтік жасаған.
Сыбызғы. Еркек қойдың асықты жілігінен сыбызғы жасалады. Естеріңізде
болса, Алпамыс зынданда жатып сүйектен сыбызғы жасап тартады ғой.
Шамдал. Халқымыздың өткен өмірінен елес беретін мүліктің бірі –
шамдал деп аталады.
Киіз үйді түнде жарықпен қамтамасыз ету үшін, шамдалға шырақ қыстырып
қояды.
Ол үшін жаңа сойылған сиырдың мүйізін түбінен қырқып алып, сыртын
сулы киізбен орап, оттың табына ұстап қыздырып, қатты сілкіп қалса мүйіздің
ішіндегі өзегі түсіп қалады.
Содан соң мүйіздің түбінен ұзындығы төрт, ені бір елідей жолақ
қалдыра тіліп, отқа қыздырып, сыртына қайыра ілмектеп иеді.
Сонда ішіне шырақ орнататын аспалы шамдал әзір болады. Оған
қыстыратын шырақ әзірлеу үшін малдың ащы ішегін сыдырып, шелін алып, жуып
ішіне мақтадан ширатып білте өткізіледі.
Ішектің бір ұшын тұйықтап буып, екінші жағынан тоң май ерітіп
құйса, шырақ дайын болады. Шырақты шамдалдың қуысына орналастырып, кереге
көгіне, не басқұрға іліп қояды.
Түнде дастарханның бетіне жарықты мол түсіру үшін ағаштан ойылған
бір бүйірінде тұтқасы бар шамдалды пайдаланған.
Оның үш сирағы болғандықтан “үшаяқ” немесе “ұштаған” деп те атаған.
Кезінде ата-бабаларымыз тұтынған бұл күндері кездеспейтін қарапайым
мүлік – шамдалдың қалай жасалатыны туралы мәлімет берген қарт пенсионер
Мұстафа Исмағұлов оның реконструкциясын жасауымызға көмегін тигізді.

Сабаутіс. Сулығын алтын бедермен кердірткен,
Жалын сабаутіспен тердірткен.
Қашаған жырау.

Сабаутіс сөзін ешбір сөздіктен кездестіре алмадық. Алайда ол
халқымыздың ежелден пайдаланған бұйымдарының бірі.
Сабаутіс дегеніміз – жылқының жал-құйрығын сүзіп, тарау үшін
қолданылатын құрал. Оны шеберлер қатты ағаштан, мүйізден, сүйектен
әзірлейтін.
Қазақ халқы жылқы малын өте жоғары бағалағандықтан оны баптап-күтетін
құрал жабдықтарға баса назар аударып қатты көңіл бөлген. Жорға немесе
бәйгеге қосатын жүйрік жылқыны баптау үшін атбегілер сабаутіспен бүкіл
денесін ерсілі-қарсылы тарап (масаж жасап) малдың денесіндегі қан айналу
жүйесін реттеп отыратын.
Сонымен қатар бәйгеге қосатын жылқыны баптағанда, атпыраш-атбегілер
жылқыға жабу жауып әбден терлегенше желіп жүріп, ащы терін алған соң
суытып, таң асырып қояды. Сонда жылқының түгіне терден бөлінген тұз жабысып
кеуіп қалады.
Соны үгіп түсіру үшін жүзі мүйізден, сүйектен, немесе металдан
әзірленген арнаулы тарақты пайдаланады.
Осындай тарақты жасау үшін таутекенің мүйізін, немесе ірі қараның
жіліншік сүйегін ортасынан жара тіліп, ағаштың аша біткен бұтағына
шегелейді де, егеумен мүйіздің немесе сүйектің қырлы қабырғасына бедерлі
жүз салады. Тарақ жүзінің қалыңдығы пышақ сыртындай ғана (3-5 мм) болуы
шарт.
Осындай тарақпен жылқының түгіндегі тұзды түгел үгіп түсірген соң, суға
шомылдырып, және тарайды, сабаутіспен жалқұйрығын сүзеді, сонда жылқының
түгі құндыздай жылтырап, жал-құйрығы есіліп, жібектей төгіліп тұрады.
Егер сабаутісті мүйізден әзірлесеңіздер, ол кәдімгі ағаш кесіп жүрген
арамен оңай кесіледі. Суға қайнатылған мүйіз жеңіл жоңылады. Ал сыртына
киіз оралып, суға малынған мүйізді оттың табына ұстап, қыздырып алып, июге
немесе арнаулы қалыпқа салып қажет кейіпке келтіруге болады.

ІІ. Нанымдар мен ұғымдар

Қазақта сүйекті қастерлеу, қадірлеу салты ерте замандардан
қалыптасқан. Сондықтан бақи дүниеге сапар шеккен адамның мәйітін туған
жеріне, кіндік қаны тамған жерге әкеліп жерлегенді жөн көрген. Жаугершілік
замандарда шейіт болған жауынгерлердің сүйегін қорлайды деп жат жерде
қалдырмай, мәйітін сілтіге салып қайнатып, еттен ажыраған сүйекті тері
қапқа салып, киізбен орап, туған жердің топырағына әкеліп қоятын рәсім
болған. Төтенше жағдай туып, сүйекті түгел әкеле алмаса, бір саусағының
сүйегін алып келген. Алмас Нұрмаханұлы Алматов Арғынбай батырдың сүйегін
елге қалай жеткізгенін былай жырлайды:
...Сүйегін артып ердің күзде келдік,
Тар кезең, етін сылып, киізге орап,
Қайнатып, сілтіге сап, ақсүйек қып,
Жеткердік болған менен қанша тозақ...
Сол сияқты бұрынғы қариялар жөн сұрасқанда бір-бірінен сүйегің кім?
деп сұраған.
Көңілі жақын, жекжат адамдар кейінгі ұрпақ суысып кетпесін деп бір-
бірімен қыз алысып, қыз беріп отырған. Оны сүйек жаңғырту деп атаған.
Қазақ болған адамның мәйітін жер-бесікке тапсырар алдында жаназасын
шығармай тұрып, тазалап жуындырады. Осы рәсімді арулау деп атайды. Оны
марқұмның тірі кезінде бірге жүріп, біте қайнасқан жақын жолдас-жоралары,
құрбы-құрдастары атқарады. Осыны сүйекке түсу деп атайды.
Кімде-кім ерсі, оғаш қылығымен көзге түсіп, жұртын ұятқа қалдырса,
ондайды сүйекке таңба салды дейді.
Тұғырынан таймаған, қайратты, ширақ адамдарды сүйегі асыл екен дейді.
Әдет, салт, ғұрып, наным-сенімдерден Жауға қойыңды қалдырсаң да
сойыңды қалдырма, Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді, Сөз сүйектен өтеді,
таяқ еттен өтеді деген сөз мәйегі – мәтелдер де туған.

Өлшемдер

Қазақ үрдісінде өлшем бірлігі ретінде адамның өз сүйегі алынған:
1. Бой, кісі бойы;
2. Құлаш – әркімнің құлашы өз бойына тең;
3. Құшақ – периметрі кісі бойына тең шеңбер;
4. Жарты құшақ (құлаш) – кісі бойының 2:1-не тең өлшем;
5. Адым – жарым құлашқа тең;
6. Жарты адым – бойдың 4:1-не тең өлшем;
7. Қолтық – қолдың басы мен қолтықтың аралығы;
8. Шынтақ – қолдың басы мен шынтақтың аралығы;
9. Білем – қолдың бірінші буынының арасындағы қашықтық;
10. Кере қарыс – бас бармақтың ұшы мен кішкене саусақтың ұшын кергендегі
ара қашықтық;
11. Қарыс – бас бармақ пен төртінші саусақты кергендегі ара қашықтық;
12. Сүйем – бас бармақтың ұшы мен сұқ саусақты екінші буынынан бүгіп,
кергендегі ара қашықтық;
13. Сынық сүйем – бас бармақтың ұшы мен сұқ саусақты екінші буынынан
бүгіп, кергендегі ара қашықтық;
14. Елі – бір саусақтың қалыңдығы, бір еліге тең, екі саусақ – екі елі,
үш саусақ – үш елі, төрт саусақ – төрт елі;
15. Табан немесе табан елі – төрт саусақ пен бас бармақты біріктіре
ұстағандағы қалыңдық;
16. Тұтам – жұмыр затты тұтамдап қысып ұстағандағы қалыңдық;
17. Табан – аяқтың өкшесі мен бас бармағының арасы;
18. Шымшым – ұсақ затты бас бармақ пен сұқ саусақтың арасына қысып
алғандағы сиымдық өлшемі;
19. Уыс – қолдың алақанын қобылай ұстағандағы сиымдылық өлшемі;
20. Қосуыс – қос қолдың алақанын біріктіре қобылай ұстағандағы сиымдылық
өлшемі;
Тереңдік өлшемдері: кісі бойы, белуар (белбуар), тізе, тобық.
Мал тұрқымен өлшенетін өлшемдер: ат құлағы, ат сауыры, ат бауыры,
аттың тізесі, ат шашасы, ат тұяғы.
Сол сияқты қазақ ұғымында арқан бойы, найза бойы, құрық бойы, қамшы
сабы, таяқ тастам, қарға адым, ат шаптырым, иек асты т. с. с. өлшем
бірліктері кездеседі.

Кәделер

Қазақ мал сүйегін де қатты қастерлейді. Көшкенде жұртқа сүйек-саяқ
қалдырмай өртеп, көміп кетеді.
Малдың бас сүйегін жасы үлкен сыйлы адамға тартады. Әрі мұжылған бас
сүйекті таң атпай үйден шығармайды.
Малдың, жабайы аңның сүйегі мен мүйізінен әр түрлі сәнді әшекей
бұйымдар әзірленеді, асадал, адалбақан, кебеже, кереует т.с.с. үй
жиһаздарын сүйекпен оймыштап безендіреді. Ақсүйек, асық, тобық т. с.
с. ұлттық ойындар ойнағанда да сүйекті пайдаланады.
Сондай-ақ қонақжай қазақ қонағына арнап асқан сүйектердің өз жөні мен
жолын дәстүр ретінде қалыптастырған ғой. Бір қызығы, сол дәстүрдің әр
аймақта кездесетін ішінара өзгешеліктері болады. Біз ол ерекшеліктерге
тоқтамай, бала кезімізден көзімізге қанық, көңілге сіңісті болған кәделі
сүйектердің жөн-жосығын айтып өтпекпіз.
4. Бас сүйек қарттарға, сыйлы қонақтың үлкеніне тартылады.
Жылқының шекесі ғана асылады, мұрын мен кеуілжірін шауып тастайды да
шекеге кәрі жілік қосып, соғым басыға беріледі. Қойдың басына да кәрі
жілік қосып асады;
5. Мойын омыртқа – үй иесі өзі жейді;
Бит омыртқа немесе қатын омыртқа – үй иесі, қатын, бала-шаға, келін
жейді;
6. Азат омыртқа – малды сойған адамның сыбағасы;
7. Ұзын омыртқа немесе мырза омыртқа жас жігіттерге асылады. Орта
жастағы сыйлы кісілерге де асуға болады;
8. Жалпақ омыртқа жілік жамбас орнына да жүреді, сыйлы адамға асуға
болады;
9. Жая – құда, жекжаттың сыбағасы;
10. Құймышақты үй иелері жейді. Қалыңдығына барғанда аты шоқалақтайды
деп құймышақты бозбалаға жегізбейді;
11. Төс – күйеудің, қыздың сыбағасы:
12. Жауырын – ірі қаранікі жолдас-жора, тең-құрбының сыбағасы, жылқының
жауырыны екі бөліп асылады;
13. Күң жілік – әйел адамдарға асуға болады;
14. Кәрі жілік баспен бірге асылады. Қартайғанша отырып, кәрі қыз
атанады, – деп бой жеткен қыздарға кәрі жілік жегізбейді;
15. Қабырға – қабырғаның төске тақау, қысқа жерін бұғана (бұғы ана)
дейді. Бойың өспей қалады деп жас балаларға бұғана жегізбейді.
Жылқының қабырғасынан сүбесімен қосып тіліп, ащы ішекке салып қазы
айналдырады;
16. Жамбасты (жылқы, ірі қараның) екі бөліп, сыйлы адамдарға салады;
17. Ортан ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Рухани мәдениетті дамыту
Қазақтардың қол өнерге байланысын әдеп-ғұрыптар мен салт-дәстүрлері
Сақтар тарихынан қысқаша мағлұмат
Сақтар тағылымы мен тәрбие тәлімі
Киізден өрнек салып тігілген қоржын
Қазақ халқының дәстүрлі қолөнер бұйымдарындағы ерлер қолөнері
ХҮ- ХҮІІ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІ
«Қазақтың дәстүрлі материалдық мәдениеті». Оқу құралы
Қазақ халқының салт дәстүрлеріне кіріспе
Үйсін және қаңлы тайпаларының тарихы
Пәндер