ХХ ғасырдың басындағы Ресейдің ұлттық аймақтарындағы қоғамдық саяси жағдай және жер мәселесі. (Қазақстан мысалында)


ЖОСПАРЫ:

Кіріспе

І тарау. ХХ ғасырдың басындағы Ресейдің ұлттық аймақтарындағы қоғамдық саяси жағдай және жер мәселесі. (Қазақстан мысалында) .

  1. Ресей империясы және ұлттық аймақтардағы жалпы саяси жағдай. (1905-1916 жж) .
  2. Столыпин реформасы кезіндегі Ресей империясы. (Қазақстан мысалында) .

ІІ тарау. ХХ ғасырдың бас кезіндегі Семей өңіріндегі жер мәселесі және Жер комитеттерінің құрылуы мен қызметінің тарихы.

  1. Жер мәселесінің көтерілуі. (Қазақстан) .
  2. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейіңгі Уақытша үкімет тұсындағы жер мәселесінің шешілу жолдары. (1917 жыл ақпан-қазан айлары) .
  3. 1917 жыл желтоқсан - 1919 жыл желтоқсан айлары аралығындағы Семей өңіріндегі жер мәселесінің жалпы сипаты және Жер комитеттерінің құрылымдық жүйесінің өзгеріске ұшырауы мен қызмет аясы.

Қорытынды

Әдебиеттер тізімі

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуымен бірге қазақтың тарих ғылымы да коммунистік идеология шырмауынан босап, ұлттық-өркениеттілік қалыптастыру бағытында ізденіс үстінде дамып келеді. Бүгінгі таңда ұлттық сана мен ұлттық рухты өсіріп-өркендету үшін тарихшылар қауымының алдындағы ең өзекті мәселелердің бірі - Отан тарихының қай кезеңінде болмасын өзекті болған жер мәселесін, өз дәрежесінде объективті түрде халықтың санасына жеткізу.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде елде белең алған ұлт-азаттық қозғалыстың бір саласын құраған жер қатынастары тарихын зерттеуді жан-жақты, әрі терең ғылыми тұрғыда жалғастыру міндеті тәуелсіз Қазақстан тарихшыларының еншісіне тиіп отыр. Ал, сол тарихи кезеңде Ресейдің қазақ халқын отарлау кезіндегі жер қатынастарының даму барысы, ұлт-азаттық қозғалыс басшыларының жер мәселесін шешуде ұстанған позициясы мен аталған мәселенің ұлттық мүдде тұрғысынан шешуде қандай қызмет атқарғандықтарын анықтау, зерттеу жұмысы әлі де болса кенже қалып келеді.

Сондықтан да ХХ ғасырдың бас кезіндегі Ресейдегі қоғамдық-саяси өмірдің тарихы, оның ішінде Қазақстан сияқты ұлттық аймақта жер мәселесінің даму барысы және оның шешілу жолдарына тарихтан лайықты бағасын беру - бүгінде өзекті мәселелердің біріне саналады.

Біздің зерттеу мәселеміз - Семей өңіріндегі жер мәселесін және оны шешу жолында қызмет еткен жергілікті органдардың атқарған іс-шараларын ғылыми зерттеулер мен мұрағат құжаттары арқылы баяндауға талпыныс жасау. Семей өлкесінде жер мәселелерін шешуде қомақты еңбек жасаған қазақ Жер комитеттерінің, кейіннен Земство құрамындағы Жер бөлімінің атқарған іс-шаралары тақырыптың бүгінгі күні де өзекті екендігін көрсетеді.

ХХ ғасырдың басында ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы, ұлт-азаттық қозғалыстың өрбуі, саяси өмірдің жандануы елде үлкен өзгерістерге алып келді. Осы тұста жоғары билік жүйесіне басшылыққа келген Уақытша өкімет басшылары аймақтық, облыстық жерлерде түрлі деңгейдегі комитеттер мен мекемелер құруға нұсқау, жарлықтар (1917 ж. көктем) беруін, сол жарлықтарға байланысты Уақытша үкіметтің түрлі деңгейде қалыптастыра бастаған түрлі мекемелерімен қатар Семей өлкесінде Жер комитетінің (1917 ж. 21 сәуір) құрылуын және кейіннен өлкеде билік басына келген Уақытша Сібір үкіметінің (1918 ж. 25 шілде) жарлығымен аталған органның Земство құрамында Жер бөлімі болып қайта құрылғанын баянды ету.

Жер мекемелерінің атқарған іс-шараларын ғылыми тұрғыда көрсету, жер мәселелерін шешуде өз алдына қойған мақсат-міндеттерін қаншалықты орындай алғанын әртүрлі мәліметтер негізінде межелеу, сонымен қатар мекеме құрамына енген қазақ зиялыларының жер мәселесін шешуде ұстанған саяси позицияларын анықтай отырып, өлкеде мәселенің шешілу жолында қосқан үлестерін көрсету. Жер мекемелері құрылуымен бірге қандай саяси ұйымдармен біріге отырып қызметтер атқарды және жер мәселесін шешуді мақсат еткені тақырыптың өзектілігін айқындайды.

Мәселенің зерттелу деңгейі. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей жерінде белең алған қарбалас кезеңде Семей өлкесіндегі аграрлық мәселелердің шиеленісуін, даму барысын қазіргі тың тарих тұрғысынан арнайы зерттеуді алдына мақсат етіп қойған еңбектер мен әдебиеттер жарық көрген жоқ. Кеңестік Қазақстан тарихнамасында белгілі саяси-идеологиялық себептерге байланысты жер мәселесі бір жақты бағаланды немесе жабық тақырып болғаны белгілі. Соған байланысты бүгінде Ресейдің Қазақстанды және басқа шет ұлт аймақтарын отарлауда ұстанған жер саясатының әдістерін арнайы талдауды көздеген зерттеу еңбектері жоқ. /35/.

Алайда аталған мәселе төңірегінде сол кездің өзінде қалам тартқан Алаш қозғалысы қайраткерлерінің баспа беті мен мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген еңбектерінің мәселені толық ашып көрсетуде жан-жақтылық пен дерекнамалық сипат алуы тарихи заңдылық. Жер мәселесіне қатысты тарихи шындық тұрғысындағы тұжырымды ойлар А. Байтұрсыновтың «Қазақ пайдасындағы жерді алу турасындағы низамдар, бұйрықтар» /2/ және «5 мың десятина жер» /19/ деген мақалаларында айтылып, жазылған болатын. Қазақтың ұлттық мүддесін еш ескермей жерін тартып алу мақсатындағы жарлықтар мен бұйрықтардың мәтініндегі әрбір бөлімнің отарлық саясатын халыққа қарапайым тілмен жеткізуді көздеген алғашқы мақаласы «Айқап» журналының 1911 жылғы 11 санында жарық көрсе, келесі мақаласы «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 29 санында басылып шықты.

Сондай-ақ ғасыр басында ұлт-азаттық қозғалыстың хабаршысы болған мерзімді басылымдар «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа» беттерінде патшалық Ресейдің аграрлық саясаты және қоныс аудару қозғалысына қарсы тұрған бір топ зиялылардың, атап айтсақ, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, Р. Мәрсеков, М. Тынышпаев, Ж. Сейдалин, Н. Айтмұхаметовтардың жер мәселесіне арналған көптеген мақалаларының да маңызы зор екендігін айта кеткен жөн. Әсіресе, Ә. Бөкейхановтың Столыпин дәуіріндегі Қазақстан, Мемлекеттік дума және жер мәселесі, отырықшылыққа айналу, Жер комитеттерін құру және оның іс-әрекеттері тұрғысындағы мақалалары біздің тақырыбымыздың мазмұнын ашуда орны ерекше.

Еліміздің тәуелсіздік алып, тарихи сананы қалыптастырудың жаңа сипатқа ие болуына байланысты төл тарихымыздың бағыт-бағдарын, кеңістігін анықтап берген М. И. Қозыбаевтың, С. Асфендияровтың, Ж. К. Қасымбаевтың еңбектеріндегі жер мәселесіне қатысты ой-тұжырымдары зерттеу жұмысымызда орын алып отырғаны тарихи заңдылық деп ұғамыз.

А. Я. Аврехтің «П. А. Столыпин и судьбы реформ в Россий» /1/ деген еңбегінде 1906-1911 жылдар аралығында билік басында болған П. А. Столыпиннің реформаларының ғасыр басындағы империя көлеміндегі саяси жағдайға тигізген ықпалын кеңінен талқылап, реформа мәнін ашып көрсетуде тарихнамадағы орны ерекше екенін атаған жөн. Аталған еңбектің ІІІ бөлімінде Столыпиннің аграрлық реформасының Думада талқылануы, және реформаны іске асырудағы қарама-қайшылықтар, реформа қорытындысының пайдасы мен кері жақтары сараланып, тарихи объективтілік тұрғысынан қарастырылған.

ХХ ғасырдың басындағы Ресей империясындағы қоғамдық-саяси өмір мен аграрлық қатынастардың шиеленісуіне қысқаша түрде нақты сипаттама берген еңбектер қатарына В. Н. Гинев «Аграрный вопрос и мелкобуржуазные партий в Россий в начале ХХ века» /9/ және Л. И. Емелях «Крестьяне и церковь накануне Октября» /12/ зерттеу жұмыстарын жатқызуға болады. Аталған еңбектерде әсіресе ғасыр басында империя көлемінде шиеленіскен сипат алған аграрлық мәселенің шешілу жолдарын жеке-жеке талдай отырып, аталған аграрлық дағдарыстан шығудың әр түрлі жолдарын, версияларын ұсынып, елде белең алған барлық дағдарыстың қайнар көзі самодержавиелік билік екендігін баса айтқан.

Е. Е. Сайлаубай «Алашорда және оның Шығыс бөлімі» /5/ атты кандидаттық диссертациясында Семей өңірінде Жер комитеттерінің құрылу тарихына және оның алғашқы құрамына кімдер кіргенін архив құжаттары негізінде нақтылай жазып кеткен. Зерттеуде автор сонымен қатар жер мәселесінің бір жақты шешілуіне қашанда болмасын әсер ететін қоғамдық-саяси жағдайға (Семей өңіріндегі) кеңінен тоқталған.

Алаш қозғалысын кеңінен зерттеген М. Қойгелдиев «Алаш қозғалысы» /35/ атты еңбегінде жер мәселесіне қатысты маңызды ғылыми ой-тұжырымдар жасаған. Автор өзінің зерттеу жұмысында патшалық биліктің қазақ жерлерін отарлауын кезеңдерге бөле отырып, аграрлық қатынастардағы қоныстандыру процесі мен отырықшылыққа көшу мәселесін кеңінен талқылап, осы негіздегі отарлау саясатының мәнін ашуға көп көңіл бөлген.

Уақытша үкімет тұсында Қазақ өлкесінде құрылған Жер комитеттеріне, оның қызметі мен мақсат-міндеттеріне қысқаша түрде нақты тоқталған бірден-бір еңбек Қ. А. Жиренчиннің «Политическое развитие Казахстана в ХІХ - начале ХХ веков» /13/ атты еңбегі болды. Автор өз кезегінде Қазақстандағы құрылған Жер комитеттерінің құрылу ерекшеліктеріне (кейіннен оның атқарған іс-шараларына айтарлықтай әсер еткен) тоқталған.

Жер мәселесін, переселен мәселесін Т. Шонанұлының «Жер тағдыры - ел тағдыры» /37/ атты еңбегіндей бастан-аяқ, яғни ХVІІІ ғасырдан 1917 жылға шейін нақты статистикалық мәліметтер негізінде тұтас зерттеп, сапалы ғылыми тұжырымдар жасаған автор болған жоқ. Еңбек 1923 жылы (автор «Алашқа» қосылғаны үшін істі болып жүргенде), әрі жер мәселесін Кеңес үкіметі де шеше алмай жатқан ауыр күйзеліс, ашаршылық кезінде жазылса да, автор әділеттіліктің ала жібін аттамаған. Монографияда ешқандай саясаттың табы байқалмайды, зерттеуші жерге қатысты мәліметтер негізінде таза ғылыми қорытынды жасайды. Т. Шонанұлы өз заманында «Қазақ жерінің тарихы - колония тарихы. Колония тарихы - бірте-бірте қазақ жерін сырттан келіп иемденудің тарихы, талаудың тарихы», деп әуел бастан ашық айта білген тарихшы.

П. Г. Галузоның «Аграрные отношения на Юге Казахстана в 1867-1914 гг» /10/ деген зерттеу еңбегінде Қазақстанның оңтүстігіндегі аграрлық қатынастар нақты статистикалық материалдар негізінде үлкен хронологиялық кеңістікті қамти отырып жазылған. Қоныс аударушылардың жер өңдеу ісін толықтай зерттей отырып автор, қоныстандыру процесі қазақтардың жер өңдеу ісі мен табиғи отырықшылыққа көшуіне кедергі-зиян келтірді деген ой-тұжырым жасайды.

П. Г. Галузо переселен-шаруалардың Қазақстанға келгенге дейіңгі мүліктік жағдайын, қоныстанғаннан кейіңгі шаруашылық түрлерін, жер өңдеу ісін тиянақты түрде зерттегеннен кейін, өзінің мынадай батыл тұжырымдарын жасайды: «Қоныстанушылар - деп жазады ол, - жер өңдеу техникасы бойынша жергілікті қазақтарға жете алған жоқ, тіптен ауыл шаруашылығындағы капитализм орыс поселкелеріне қарағанда қазақ ауылдарында жоғары деңгейде дамыған». Автор өз пікірінің көптеген зерттеуші-ғалымдар тарапынан қарсылыққа тап болатынын білсе де, өз позициясынан қайтпаған.

Американдық зерттеуші Дж. Демко «Орыстардың Қазақстанды отарлауы (1896-1916) » /11/ деген монографиясында нақты статистикалық мәліметтер арқылы отаршыл саясат әсерінен Қазақ даласының географиялық өзгерістерге ұшырауын, экономикалық және демографиялық даму көрсеткіштерінің ауытқуын, сонымен қатар революцияға дейіңгі кезеңде орыстардың Қазақстанға қоныс аудару моделі мен тарихын, отарлау нәтижесінде мұнда орын алған өзгерістерді, оның ішінде бұл құбылыстың жергілікті халықтың мәдениеті мен шаруашылығына, дала ландшафтына тигізген сан алуан ықпалын зерттеген.

М. Құл-Мұхамед «Алаш қайраткерлерінің саяси-құқықтық көзқарастары эволюциясы» /18/ атты еңбегінде патша үкіметінің қоныстандыру саясатының отарлық мәнін саяси аспектіде қарастырса, өзінің келесі «Колониальный режим в Казахстане (1868-1917) » /17/ атты зерттеу еңбегінде қазақ жерлерін тартып алудың құқықтық негізіне аса көп көңіл бөлген.

Кеңес билігі, Уақытша Сібір үкіметі, Бүкілресейлік Уақытша үкімет (Колчак диктатурасы) кезіндегі отарлау саясатының қоныстандыру тұрғысына қарсы тұрған қазақ зиялыларының айқын позициялары Н. Шаяхметовтың «Ел - бүгіншіл, менікі - ертеңгі үшін» /36/ атты зерттеу еңбегінде архив құжаттары арқылы кеңінен баяндалады.

Аграрлық мәселе төңірегіндегі еңбектердің тарихнамасының басты ерекшелігі, аталған мәселеге әрбір автордың көзқарастары, қарастырған позициялары мен аспектілері әртүрлі болып келеді, сондықтан да қарастырған әрбір еңбекке жеке-жеке тоқталуға тура келді. Қазіргі кезде Алаш қозғалысы тарихының бір бөлігін құрайтын жер мәселесіне арналған зерттеулер жазылып жатыр. Сондай-ақ Қазақстанның Ақпан, Қазан төңкерістері және Азамат соғысы жылдарындағы Жер мәселелері бойынша жалпылама қысқаша зерттеулер пайда болды. Осындай еңбектер негізінде Жер мәселесінің Қазақстан бойынша біртұтас нақты тарихы терең жазылады деп сенеміз.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясында белең алған аграрлық дағдарыс негізінде Қазақстандағы Семей өлкесінде туындаған Жер мәселелерінің өрбу барысын және аталған мәселені шешуде Жер комитеттерінің атқарған іс-шараларын тарихи талдау тұрғысынан жан-жақты талқылай отырып, түпкі мәнін ашу.

Семей өңірінде Ресей империясының отарлық саясатының негізінде туындаған аграрлық мәселелер мен Уақытша үкімет тұсынан Кеңес билігіне дейіңгі аралықтағы Жер ісі органдарының атқарған қызметтерін кең көлемде зерттеу міндеттері төмендегідей:

- Ғасыр басында Ресей империясында орын алған қоғамдық-саяси дағдарыс себептеріне тоқталу;

- Патшалық Ресейдің, соның ішінде Столыпиннің аграрлық саясатының мәнін ашу;

- Семей өңірінде жер мәселесінің көтерілуін тарихи объективтілік тұрғысынан қарастырып, мәселенің алға қойылу деңгейін анықтап, баға беру;

- Уақытша үкімет тұсында құрылған Жер комитеттерінің Семей өңірінде атқарған іс-шараларын талқылай отырып, оның қызметіне тарихи талдау жасау;

- Қазақстанда өрбіген жер мәселесіне қатысты қазақ зиялыларының ұстанған ұстаным-бағыттары, пікірлері мен мәселенің сәтті шешілу жолында атқарған қызметтеріне баға беру.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі. 1905 жылдың алғашқы айларынан бастап, 1919 жылдың желтоқсан айына дейіңгі мерзімді қамтиды.

Зерттеу жұмысының методологиялық негізі. Жер мәселесіне қатысты нақты деректерге сүйене отырып, тарихи білімді жинақтау арқылы историзм, объективтілік принциптерін негізге алдық. Зерттеу жұмысында салыстыру, талдау әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының деректік негіздері. Негізгі деректер - Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихы құжатнама орталығының 37, 48, 72, 73-қорларындағы және Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатының 644, 1398 қорларындағы материалдар. Олардың кейбіреуі бірінші рет ғылыми айналымға енеді. Ғылыми зерттеулердегі мәліметтер мен баспасөз деректері пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Қазақстан Республикасында бүгінде қалыптасу процесін өткеріп отырған демократиялық жаңғырулар барысында ел тарихының «ақтаңдақтарына» айналып келген көптеген күрделі де тартысты тарихи мәселелерге жаңа сыңдарлы зерттеулер жүргізу, оны ұлттық мақсат пен мүддені және жалпы адамзаттық идеясына үйлестіре отырып, іске асыру аталған тақырыпты зерттеудің ерекшелігі болып табылады. Зерттеудің ғылыми жаңалығына тың архивтік деректердің ғылыми айналымға еңгізілуін жатқызамыз.

Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Зерттеудің өзекті мәселесі бойынша пайдаланылған мұрағат және құжаттық деректер негізінде кейбір теориялық тұжырымдар мен толықтыруларын, ұлттық жаңғыртуға бастаған, ұлттық егемендік дәрежесін көтерген Алаш қозғалысы мен оның қайраткерлеріне арналған мәселелер бойынша жұмыстың нәтижесін мектеп мұғалімдері мен оқушылары, жоғарғы оқу орнының студенттері пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды мен әдебиеттер тізімінен тұрады.

І тарау. ХХ ғасырдың басындағы Ресейдің ұлттық аймақтарындағы қоғамдық-саяси жағдай және жер мәселесі. (Қазақстан мысалында)

1. 1 бөлім. Ресей империясы және ұлттық аймақтардағы жалпы саяси жағдай. (1905-1916 жж) .

ХХ ғасырдың басында Ресей империясына дәстүрлі қоғамдық- патриархалдық қатынастар элементі, капитализмнің ең жаңа формалары, патшаның жартылайазиялық типтегі деспоттық билігі, дамып келе жатқан социал-демократтық қозғалыстар, сауатсыздық, помещиктердің қыспағындағы шаруалар және рухани мәдениеттің гүлденуінің ең биік шыңы - сияқты белгілер тән болды. Империялық мемлекет дәстүрлік негізді бұзбай үлкен күшпен прогресстік бағытта варварлық қойнаудан шыға берді. (8; 112) .

Ресей империясында барлық билікті қолына шоғырландырған абсолюттік монархия өкілі император әр уақытта көп ұлтты мемлекеттің империялық тұтастығын сақтай отырып, Ресейдің халықаралық беделін көтеруге тырысып бақты. ХХ ғасырдың басында елдің саяси-қоғамдық жағдайында көптеген өзгерістер белең алды. Елде өздерінің құқықтарын есепке алуды талап етіп, самодержавиелік билікпен күрес процесі негізінде азаматтық қоғамдар пайда бола бастады. Азаматтық қоғамдардың және капиталистік қатынастар негізінде пайда бола бастаған жұмысшы таптарының қозғалысы елде шексіз билікке қарсы топтасатын саяси күштің пайда болғандығын көрсетті. Ғасыр басында Ресейдің саяси аренасында көптеген қарама-қайшылықтар көрініс берді. (29; 91) . Елде осы барыста күшейген таптық күрес Ресейді шешуші қадамдар жасауға итермеледі. Бірақ, бұл жерде биліктегілер шешуші қадамдар жасауға дайын болмады. Бір сөзбен айтқанда, «төмендегілер» ескіше өмір сүргісі келмеді, ал «жоғарыдағылар» елді ескіше басқарып тұра алмады. Әлеуметтік таптар арасындағы ең күрделі қарама-қайшылық шаруалар мен помещиктер арасында болды. Аталған қарама-қайшылықты жою үшін шаруаларды экономикалық мүмкіндіктен тыс мәжбүрлеуді жою керек болды. Ал, капиталистер мен жұмысшы табы арасындағы қарама-қайшылық жұмысшы күштерінің талап-тілектерінен: 8 сағаттық жұмыс күні, ереуілге шығу құқығы, әйел еңбегін қорғау және балалар еңбегіне тиым салу сияқты құралды. (28; 369) .

Әсіресе, билік пен қалыптасушы азаматтық қоғамдар арасында қарама-қайшылық өткір сипат алды. Өйткені, Ресей империясы капиталистік державалардың ішінде не парламенті, не заңды түрдегі саяси партиялары, не азаматтарының толық бостандығы жоқ мемлекет болды. Осы аталған қарама-қайшылықты шешу көп жағынан басқа қарама-қайшылықтарды шешуге тәуелді болды.

Ең соңында патша үкіметі мен Ресей империясы халықтары арасындағы қарама-қайшылық өте шиеленісті түрде болды. Көптеген жекелеген халықтардың ұлттық сана-сезімдерінің өсуі мәдени-ұлттық автономиядан бастап, жеке мемлекет ретінде бөліну талап-тілегіне ұласты. (28; 352) .

Жалпы 1900 жылдың басында Ресейде революциялық қозғалыс тактикасы, стратегиясы, көзқарастары әр түрлі және бір-бірімен байланыстары жоқ көптеген социал-демократ ұйымдары, комитеттер, топтар болды. Жұмысшылар қозғалысының өсуі, саяси дағдарыстың пісіп жетілуі социал-демократтардың өз партияларын құруға алғышарт жасап берді. Ресейдегі социал-демократиялық партиясы Европадағы пролетариат диктатурасын негізге алған жалғыз партия болды. (8; 124) . Партия бағдарламасында халықтық билік, тұлға құқығы, саяси бостандық, ана тілінде білім алу, таптарды жою сияқты талап-тілектер болды. Ал, аграрлық мәселеде социал-демократтар помещиктік жер иеленуді жоюды қаламады, өйткені олар шаруаларды реакциялық күш деп таныды. Революциялық қозғалыс толқынында 1902 жылы социалист-революционерлер (эсерлер) партиясы құрылды. (29; 119) . Эсерлер өздерінің әлеуметтік базасы ретінде еңбекші халықты, пролетариатты, еңбекші шаруаларды, еңбекші интеллигенцияны және жастарды санады. Эсерлер «жерді социализациялау» идеясын көтерді, яғни барлық жерді шаруа қоғамдарына беріп, және жерді өңдейтіндерге еңбектік нормада бөлу. Олар ұлттық қатынаста федеративтік бағытты ұстап, ұлттардың өз биліктеріне құқық беруді ұйғарды.

Және де патша үкіметі оппозициялық күш ретінде қарастырған либералдық қозғалыстар негізіндегі жергілікті өзін-өзі басқару - Земство мен қалалық думалар қалыптасқан болатын.

Елдегі шексіз билік, жұмысшылардың жағдайы, әрбір ұлттардың сана-сезімінің өсуі, шаруалардың жер мәселелерінің шешімі табылмауы сияқты шиеленістер мен қарама-қайшылықтарды жалпы елдің рухани және мәдени өрлеуі, интеллигенция өкілдерінің белсенді әрекеттері шиеленіскен жағдайды одан әрі күрделендірді.

ХХ ғасырдың басында Ресей империясының тұрғындарының саны 163 миллион адамды құрады. Тұрғындардың 72 % - ы европалық бөлікте, 10 % - ы батыс губерниялар мен Финляндияда, 7 % - ы Кавказда, 6 % - ы Орталық Азияда, 5 % - ы Сібірде орналасты. (4; 84) . Империя тұрғындарының 14 % - ы ғана қалаларда тұрды. Ел тұрғындарының 96896648 - ін шаруалар, 13386392 - ін мещандар құрады.

Сонымен қатар Ресей империясында ұлттық мәселе шешімін таппаған өткір сипатта болды. Тұрғындардың 90 миллионы православие дінін ұстаса, 20 миллион адам ислам дінін ұстанды. Ел тұрғындары 146 түрлі тілде сөйледі. Елдің тұрғындарының 65, 5 % - ы немесе 81 миллион адам славян (орыстар, белорусстар, украиндықтар) өкілдері болды. Олардың 55, 5 миллионы орыс тілін ана тілі есебінде қабылдады. Екінші орында 40, 6 % - ды құраған Орталық Азия, Волга бойы, Қазақстан, Қырымды қоныстанған тұрғындар болды. (28; 337) .

Ол кезде орыс ұлтының көбі өзінің ұлттық территориясында өте ұйымдасқан түрде орналасқан болатын. Өйткені, ХХ ғасырдың басында Түркістанда орыстар тек 2 % - ды құраса, Балтық жағалауында - 5, 5 %, Закавказьеде - 4 %, Финляндияда - 0, 2 % - ды ғана құрады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мемлекеттік Думадағы мұсылман фракциясы құрамындағы қазақ депутаттары
Закавказьелік депутат
Мұсылмандық қозғалыстың пайда болуы және қазақ қоғамы
Б.Сүлейменов тарихшы ғалым және оның ғылыми мұралары
Қоныстандыру саясаты және оның діни жағдайға әсері
Алаш қозғалысының тарихнамасы
ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ ұлттық элитасы және идеялық-саяси ағымдар
Күрдістан және күрдтер мәселесі (хіх ғ. 90 ж.– 1917)
Мемлекеттік дума туралы
Қазақтың зиялылары өкілдерінің Жалпы ресейлік мұсылман съездеріне қатысуы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz