Иран-Америка қақтығысы


Пән: Саясаттану
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 73 бет
Таңдаулыға:   

ЖОСПАР

Кіріспе . …. . …. 3

1 ТАРАУ ИРАН-AМЕРИКА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ УШЫҒУЫНЫҢ НЕГІЗГІ СЕБЕПТЕРІ . . . 8

1. 1. Иран мемлекетінің ядролық саясаты. . …. …8

1. 2. Иранның ядролық бағдарламасы - Иран-Америка қақтығысының өзегі . . . 23

1. 3. БҰҰ-ның позициясы. Келісім-шарттары мен санкциялары… . . . 37

2 ТАРАУ АҚШ-ТЫҢ ИРАНҒА ҚАРСЫ САЯСАТЫНА СЫРТҚЫ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ КӨЗҚАРАСЫ . . . 49

2. 1. Ресей мен Қытайдың ұстанымы . . . 49

2. 2. Батыс елдерінің көзқарасы . . . 56

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 63

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 68

Кіріспе

Жалпы сипаттамасы. Иран-Америка қақтығысына қатысты ірілі-ұсақты материалдар аз жазылған жоқ. Олар қазіргі заманның ушығып тұрған бұл мәселесіне әр қырынан келеді. Сарапшылар мен зерттеушілер қақтығыстың басты қатысушыларының, яғни, Иран мен Американың халықаралық жағдайын ескере отырып, әр тараптың өзіндік шындығын ашуға тырысады.

«Иран-Америка қақтығысы» атты дипломдық жұмыс осы тақырыпқа арналған сараптамалық-зерттеу еңбектерінің заңды жалғасы болып табылады. Дипломдық жұмыс Иран-Америка қақтығысының туындау себептеріне, жалпы сипаты мен халықаралық қарым-қатынастардың қатарында алатын орнына, мән-маңызына арналады.

Жұмыстың басты айырмашылығы - осы қақтығыстағы АҚШ-тың агрессиялық рөлін көрсете отырып, Иранның қорғаныстық бағытына баса назар аудару. Сондай-ақ, аталмыш қақтығысқа қатысы бар Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) іс-әрекетін, Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) позициясын, басқа мемлекеттердің көзқарасын, оның ішінде Ресей мен Қытайдың қандай позиция ұстанып отырғанын ашып көрсетуге талпыныс жасалады.

Тақырыптың өзектілігі. Бүгінгі таңда Иран-Америка қақтығысы халықаралық қарым-қатынастардың қатарында аса маңызды орын алатын, әлемдік қауіпсіздікке елеулі әсерін тигізетін, геосаяси жағдайлардың өзгерісіне алып келуге қабілетті, мейлінше өзекті мәселеге айналып отыр.

Бүгiнде әлем назары Иран Ислам Республикасында. Өйткенi, бұл мемлекет уран өндiрудi қолға алып, оны өңдеуге батыл кiрiсiп кеткен. Әлбетте, ядролық технологияларды игерудің екіжақты қыры бар. Уранды түрлі деңгейде байыту арқылы оны бейбіт мақсатта да, әскери мақсатта да қолдануға болады. Осыған орай, әлем қауымдастығы Иран атом қаруын жасап, дүниенi дүр сiлкiндiре ме деп қауiптенедi. Әсiресе, Иранға қырғи-қабақ танытып, қырын қарап отырған Америкада маза жоқ. Сондықтан да соның айтақтауымен өркениеттi елдердiң бiрқатары Иранға уран өндiрудi, оны өңдеудi тоқтатыңдар деп, жан-жақтан қысым көрсетуде. Әлем елдері Иран-Америка қарым-қатынастарының ушығуына алаңдап, қақтығыстың негізгі өзегіне айналған Ирандағы ядролық бағдарламаның дамуына үреймен қарауда. Ал Иран болса, алған бетiнен қайтар емес. Ядролық бағдарлама бойынша Иранның көзқарасы баршаға белгiлi. «Бiз уранды тек бейбiт мақсатта ғана пайдаланамыз, атом қаруы бiзге қажет емес», - деп, ант-су iшіп, сендіруде. Тегеранның пікірінше, 70 миллион халқы бар Иран үшiн экономикалық тұрғыда уран өндiрiсi керек. Елдің ядролық технологиямен айналысуға толық мүмкiндiгі бар.

АҚШ болса, өзінің Иранға қарсы саясатын ирандық ядролық бағдарламаның әскери мақсатта құрылып отырғанына негіздеуде. Сөйтіп, ол Иран ядролық қару жасауға талпынуда деп тұжырымдап, әлем елдеріне өзінің догматикалық көзқарасын таратып отыр және сол көзқарасты берік орнықтыру жолында түрлі айла-шарғыға баруда.

Әрине, атомдық бомбаның қауіпінен қорқатын бүкіл адамзат ядролық державалардың қатарының көбеюіне қарсылық білдіреді. Сондықтан, әлем елдері ақпарат майданында басымдық көрсетіп отырған АҚШ-тың және оның жақтастарының ирандық ядролық саясатының өңін айналдырып таратып отырған хабарларына шошына қарайды. Олар Иранның ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта жүзеге асатынына күдік білдіре отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесі арқылы Иранның әкімшілік орталығы - Тегеранға қарсы саяси-экономикалық санкциялар жариялап, айтарлықтай қысым көрсетуде.

Иранның басқа мемлекеттер тәрізді атомды бейбіт мақсатта қолдануға толық құқығы бар. Міне, осы тараптан алғанда, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) мүшесі болып табылатын, Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шартқа қол қойған Иранның ядролық саясатының жүзеге асуы аса бір өзекті мәселеге айналып отыр.

Тақырыптың мақсаты мен міндеті. Дипломдық жұмыстың негізгі мақсаты - Иран-Америка қақтығысының жалпы табиғатын ашу. Яғни, бұл қақтығыстың негізгі қатысушыларын айқындап, олардың әлемдік қарым-қатынастардың арнасында алатын орнын, мән-маңызын ашып көрсету. Осыған сәйкес, Иран-Америка қақтығысының туындауының негізгі себептерін ашып, оның дамуының сипатын көрсету, екі ел қарым-қатынастарының келешекте қалай өрбитініне болжам жасау және олардың әлемдегі геосаяси жағдайға тигізетін әсерін анықтау зерттеу жұмысының негізгі мақсаты болып табылады.

Дипломдық жұмыстың мақсатына орай мынадай нақты міндеттер қойылды:

  • Иран мемлекетінің ядролық саясатының даму хронологиясын жасау; Иран-Америка қарым-қатынастарының даму сипатын айқындап алу; Иран-Америка қарым-қатынастарының ушығуының нәтижесінде пайда болған қақтығыстың негізгі себептерін ашып көрсету; Иран-Америка қақтығысының өзегі болған Иранның ядролық бағдарламасының сипатын айқындау; Әлемдік қауымдастықтың, Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) позициясын ашып көрсету; Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) келісім-шарттары мен санкцияларын сараптау; АҚШ-тың басқа мемлекеттер мен Біріккен Ұлттар Ұйымына ықпалын көрсету; АҚШ-тың Иранға қарсы саясатына сыртқы мемлекеттердің көзқарасын айқындау; Иран мемлекетінің ядролық саясатына байланысты Ресей мен Қытайдың ұстанымын көрсету; Батыс елдерінің ирандық ядролық бағдарламаға көзқарасын анықтау; Иран-Америка қарым-қатынастарының келешекте қалай өрбитініне болжам жасау және олардың әлемдегі геосаяси жағдайға тигізетін әсерін анықтау.

Зерттелу әдістемелік негізі. Тақырыпты зерттеуде халықаралық қарым-қатынастар ілімінің қол жеткізген жоғары жетістіктері негізге алынды. Атап айтқанда, халықаралық қарым-қатынастарды зерттеу білімі, тарих, философия, саясаттану, экономика, әлеуметтану және дінтану салаларындағы аталмыш мәселеге қатысты мақалалар, жарияланымдар, теориялық тұжырымдар, зерттеулер мен болжамдар қаралды. Дереккөздері ретінде саясаткерлердің мәлімдемелері, жария сөздері, сұқбаттары, пікірлері, тарихшылар мен философтардың теориялық тұжырымдары, саясаттану, экономика, әлеуметтану және дінтану мамандарының, сарапшыларының зерттеулері мен болжамдары, журналистер мен репортерлердің жарияланымдары пайдаланылды. Нақты мәліметтерді жинақтау, сараптау, топтау, салыстыру, талдау және сипаттама беру, болжам жасау, ой түйіндеу, қорытындылау әдістері қолданылды.

Тақырыптың құрылымы. Жоспардан, кіріспеден, 2 тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Екі тарау бес тараушаға бөлінген.

Бірінші тарауда Иран-Aмерика қарым-қатынастарының ушығуының негізгі себептері. Иран мемлекетінің ядролық саясаты, Иранның ядролық бағдарламасы - Иран-Америка қақтығысының өзегі, БҰҰ-ның позициясы. Келісім-шарттары мен санкциялары зерттелген.

Екінші тарауда АҚШ-тың Иранға қарсы саясатына сыртқы мемлекеттердің көзқарасы, Ресей мен Қытайдың ұстанымы, Батыс елдерінің көзқарасы.

Нәтижесінде жұмыс бойынша қорытынды шығарылып, қойылған мақсаттары мен міндеттеріне қорытынды шығарылды.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі жалпы теориялық әдебиеттерден, деректерден, монография мен мақалалардан тұрады.

Дипломдық жұмыс 80 беттен тұрады.

1. Иран-Америка қарым-қатынастарының ушығуының негізгі себептері

1. 1. Иран мемлекетінің ядролық саясаты

Ирандық ядролық бағдарлама 1967 жылы Америка Иранның шахы Мохаммед Реза Пехлевиге қуаты бес мегаватт атомдық реактор бергеннен кейін жүзеге аса бастады. Одан кейін реактордың құрылысына технологиялық көмекті Германия мен Франция көрсетті. Иран Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шартқа 1968 жылы қол қойып, оны 1970 жылы ратификациялады. 1974 жылы «Иранның атом энергиясы жөніндегі ұйымы» (АЕОІ) құрылды. Бұл ұйым АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінің қолдауымен құны 30 миллиард долларға жуық болатын 23 ядролық энергоблоктың құрылысының жоспарын жасады. Бағдарлама 25 жылға есептелінген болатын. Сол жылы Иран 4 атомдық реактор сатып алды: екеуін - Франциядан және екеуін - Германиядағы Siemens KWU компаниясынан. 1977 жылы Германия және 4 реактор сатып берді. 1978 жылы Иран қуаты 5 мегаватт болатын американдық зерттеу реакторына ие болады. Иранмен атомдық энергетика саласындағы ынтымақтастықты Аргентина да бастайды. Ал, Батыс Германия Буширдегі АЭС-тің екі блогының құрылысына кірісіп кетеді.

Алайда, 1979 жылы Иранда ислам революциясы бұрқ ете түсіп, шах қашып кеткеннен кейін құрылған жаңа үкімет АЭС құрылысынан бас тартады. Елден шетелдік мамандар ғана емес, ядролық бағдарламаға қатысқан ирандықтардың үлкен бөлігі де кетіп қалады. Ирандағы жағдай тұрақталғаннан кейін ел басшылығы ядролық бағдарламаны жүзеге асыруды жаңғыртуға шешім қабылдайды. Исфаханда Қытайдың көмегімен оқу-зерттеу орталығы құрылады. Бұл орталық ауыр суды пайдаланатын зерттеу реакторымен жұмыс істейді. Уран кеніші өз қызметін жалғастырады. Осымен бір мезгілде Иран уранды байыту және ауыр суды өндіру технологияларын сатып алу жөнінде Швейцариядағы және Германиядағы компаниялармен келіссөздер жүргізеді. Ирандық физиктер Амстердамдағы ядролық физика мен биік энергиялар физикасының ұлттық институтына және Нидерландыдағы Петтен ядролық орталығына барып жүрді.

1992 жылы Ресей мен Иран арасында атомдық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық жөнінде келісім жасалады. Бұл келісім бірнеше бағытты мақсат тұтты: ядролық технологияларды медицинада, ауыл шаруашылығында және өнеркәсіпте пайдалану, ядролық физика саласындағы фундаменталды зерттеулер және т. б. 1995 жылы Ресей Буширдегі АЭС-тің бірінші блогының құрылысын аяқтау жөнінде келісімге қол қойды. Ресейлік «Атомстройэкспорт» компаниясының мамандары Бушир АЭС-індегі істерді талдап, нәтижесінде германиялық мердігердің Ираннан кеткенінен кейінгі алаңда қалған құрылыс конструкциялары мен жабдықтарды пайдалану мүмкіндігі туралы шешім қабылданды. Дегенмен, түрлі типтегі жабдықтарды жымдастыру қосымша ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық және құрылыс-монтаж жұмыстарының үлкен ауқымын жүргізуді қажет етті. Ел ішінде ядролық бағдарламаны жүзеге асыруға жұмсалатын үлкен шығынды ескере отырып, қарсы болғандар да табылды. Өйткені, германиялық мердігер АЭС-ке бөлінген ақшаны қайтармай кеткен еді.

Қуаты 1000 мегаватт болатын бірінші энергоблоктың құны 1 миллиард долларды құратын еді. Ресейлік жоба бойынша реакторларды жеткізуші «Объединенные машиностроительные заводы» компаниясы, ал машина залдарының жабдықтарымен қамтамасыз етуші «Силовые машины» компаниясы болатын. «Атомстройэкспорт» АЭС-тегі жабдықтарды монтаждауды 2007 жылдың басында бітіруді жоспарлаған болатын. Ал АЭС-ке жылу бөлетін элементтердің жеткізілуін 2006 жылдың күзінен қалдырмау шешілген еді. Буширге қажет отын өндіріліп, Новосибирсктің химиялық концентраттар зауытында сақталынды. «Атомстройэкспорт» Ирандағы екінші АЭС-тің құрылысына да (ол оңтүстік-батыстағы Хузестан провинциясында жоспарланды) қатысуға дайындығын білдірген-тұғын. 1998 жылы Бушир АЭС-інің құрылысы басталады.

Алайда, Парсы шығанағында емес, бүкіл Орталық Азия аумағында саяси-экономикалық даму тұрғысында басымдық таныта бастаған мұсылман мемлекетінің өз ядролық саясатын жүргізуіне әлемнің жетекші елдері сескене қарады. Сөйтіп, олар алдын-ала сақтық шараларына кіріседі. 2003 жылдың аяғында Франция, Германия және Ұлыбританияның сыртқы істер министрліктерінің басшылары Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шартқа қосымша хаттамаға қол қоюға келісім беруін айтып, Иранды үгіттеді. Қосымша хаттама бойынша МАГАТЭ инспекторлары кез-келген ирандық нысананы тексеруге құқылы еді. Бірақ, бұл құжатты Иран парламенті ратификацияламады. Сондықтан, Иран МАГАТЭ инспекторларының тексерістер жөніндегі талаптарына көбіне-көп құлақ аспайды. Дегенмен, МАГАТЭ инспекторлары Иранда уран байытуға арналған центрифугаларды тауып алады.

2004 жылдың тамызында Мәскеудегі Иран елшісі өз елінің Ресейге өңделген ядролық отынды (ӨЯО) қайтаруға келісетінін және таяу арада бұл турасында келісім-шартқа қол қоятынын мәлімдейді. Бұған дейін Ресейдің Атом энергиясы жөніндегі федералдық агенттігі Бушир АЭС-інің бірінші блогына ядролық отынды жеткізу Ресейге ӨЯО-ны қайтару жөніндегі хаттамаға қол қойылысымен жүзеге асатынын мәлімдеген-тұғын.

2004 жылдың 18 қыркүйегінде МАГАТЭ Иранның ядролық басқармасы бойынша қатаң қаулы қабылдайды. Қаулыға сәйкес, Иран 25 қарашаға дейін уранды байытумен байланысты барлық жұмыстарды тоқтатып, өз нысаналарын халықаралық инспекторларға ашып беруге тиіс болатын. Осыншалықты қатаң қаулыны Иран басшылары наразылық тудырарлықтай деп тауып, Иранның уран байытуды тоқтатуымен байланысты ультимативтік талаптардың ешбірін қабылдамайтынын мәлімдейді. Сөйтіп, араға үш күн салып, Иран уранды байытудың бірінші кезеңіне кірісіп, уран рудасын кең масштабта қайта өңдеудің басталғанын хабарлайды. 37 тонна руданы алғаш өңдеп көру табысты өтеді. Одан әрі өңделген руда арнайы центрифугаларда байытылатын болады. Батыс сарапшыларының пікірінше, бұл процестің нәтижесінде алынған байытылған уран бес атом бомбасын жасауға әбден жетеді. Осымен бір мезгілде Иран президенті Мохаммад Хатами Тегеранның ядролық қару жасауға талпынбайтынын мәлімдейді. Оның пікірінше, бұл ұлттың діні мен мәдениетінің талаптарына қарама-қайшы келеді. Дегенмен, Иран 2004 жылдың 15 қарашасында уранды байыту жөніндегі жұмыстарын 22 қарашадан бастап тоқтатуға келіседі. Оның үстіне Еуроодақ өкілдері Иранға ядролық отын мен атомдық технологиялар жеткізіп отыруға, сондай-ақ, жеңіл су негізінде жұмыс істейтін реактор беруге уәде еткен еді.

2005 жылдың 27 ақпанында Ресей мен Иран Бушир АЭС-інен өңделген ядролық отынды міндетті түрде Ресейге қайтару жөніндегі хаттамаға қол қояды. Ал, 2005 жылдың 28 сәуірінде Иерусалимге барған сапарында Ресей президенті В. Путин ресми түрде мәлімдеме жасап, Ресейдің Иран жағының толық ядролық циклдің технологияларын жасаудан бас тартуын және Ирандағы ядролық нысандарды МАГАТЭ-нің бақылауына қойылуын жақтайтынын жеткізеді. Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі мәселе бойынша АҚШ пен Ресей арасында компромиске келу мүмкіндігі пайда болады. Бірақ, 2005 жылдың 26 маусымында Иран президенті болып Махмуд Ахмадинежад сайланғаннан кейін Еуроодақ елдерімен және АҚШ-пен келіссөздердегі Тегеран позициясы қатая түседі. 2005 жылғы тамыздың 2-і күні Ұлыбританияның, Германияның және Францияның сыртқы істер министрлері Иранға нота жібереді. Бұл құжатта уранды өңдеу жұмыстарының жаңғыртылуы ирандық ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді ақырына алып келеді деп көрсетілген. Иран «еуроүштіктің» уранды өңдеу жұмыстарын жаңғыртпау жөніндегі ұсыныстарын қабылдамай, тамыздың 8-і күні Исфахандағы ядролық орталықтың пломбаларын алып тастап, уранды конверсиялау жұмыстарын жалғастырады. Тамыздың 9-10-ы күндері МАГАТЭ Иранның 2004 жылы қабылданған Париж келісімін бұзғанын Венадағы шұғыл мәжілісте хабарлайды. 24 қыркүйек күні МАГАТЭ-нің Басқарушылар кеңесі ирандық досьені БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тапсыру мүмкіндігі туралы қаулы қабылдайды.

Ирандағы ядролық бағдарламаның дағдарысын жұмсарту мақсатында Ресей 2005 жылдың 3 қарашасында Иранға ресейлік аумақта уранды байыту бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы ұсыныс жасайды. Иран бұл ұсынысқа қызығушылық танытқанын мәлімдейді, бірақ, нақты жауабын бермейді. Ал, 2005 жылдың 20 қарашасында ирандық парламент МАГАТЭ-нің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне ирандық досьені тапсырған жағдайында Тегеран өзінің ядролық зерттеулерін жаңғыртатыны жөнінде қаулы қабылдайды.

Осы кезде батыс саясаттанушылары ультраконсерватор деп таныған Иран президенті Махмуд Ахмадинежадтың Израильге байланысты айтқан қатқыл сөздерінен кейін оған қарсы ұйымдастырылған ақпарат майданы өршіп тұрған еді. 2005 жылдың желтоқсанында БАҚ арқылы Иранның ядролық нысаналарына қарсы Израильдің дербес әскери операция жасауы мүмкін екені туралы хабар таратылады. Ал, 2006 жылдың қаңтарында әлемдік қауымдастық Иранның өз аумағында уранды байытуына қарсылығын білдіреді. Өйткен жағдайда Тегеран ядролық қару жасауға кіріседі деген қорқынышта болады. Иран болса, ешқандай компромиске бармай, өзінің ядролық бағдарламасын дамытуға құқығы барын алға тартады. Мәскеу екі арада делдалдық қызмет етуге тырысады: ол 2005 жылдың күзінде-ақ Тегеранға уранды ресейлік аумақта байытуға ұсыныс жасаған еді. Тегеран ұзақ уақыт бойы іс жүзінде ресейлік ұсыныстан бас тартып, оның сабыр сақтау, әлемдік қауымдастықты арандатпау туралы ақылына құлақ аспайды. Мәскеу өз идеясын әлемге паш етсе де, Тегеран бірнеше ай бойы ондай ұсыныс алмағандай сыңай танытады.

Тегеранның позициясы 2006 жылы қаңтардың басында ғана өзгереді. Қаңтардың 7-8-і күндері Тегеранға сапарлатып келген ресейлік делегация РФ Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Валентин Соболев бас болып келіссөздердің бірінші раундын өткізеді. Алайда, екі жақ кеңесуді одан әрі жалғастыру жөнінде ғана келісімге келеді. Екі аптадан кейін Тегеран тағы да ресейлік ұсынысқа қызығушылық танытқан түр көрсетеді. Келіссөздер бір айға жуық жалғасады. Президент Путин мен Росатом басшысы Сергей Кириенко қатысқан ресейлік жақ аса бір оптимистік мәлімдемелер жасайды. Сөйтседе, Иран Батысқа да, Ресейге де қабылдамауға келмейтін шарттар қояды: бірлескен кәсіпорынның жұмысын екі жылмен шектеу, бұдан соң уранды байыту Ресейден Иран аумағына көшуі тиіс; ирандық мамандардың ресейлік нысандарға бара алуы; Иранның ядролық саладағы өз зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыру құқығын бекіту. Мұнымен қоймай, Иран осы жылдың қаңтар айының басында МАГАТЭ-ні өзінің ядролық зерттеулерін жүргізетіні жөнінде ескертеді. Қаңтардың 10-ы күні Иран билігі МАГАТЭ өкілдерінің қатысуымен елдің Натанздағы, Парстағы және Фараяндағы ядролық зерттеу орталықтарынан пломбаны алып тастады.

2006 жылдың 29 қаңтарында Иран өзінің «Лавизан-Шиян» әскери нысанасында демонтажға дейін пайдаланылған жабдықтарын тексеру жөнінде МАГАТЭ-нің сауалын қанағаттандырып, осы мекеменің бас директорының орынбасары Олли Хейнонен бастаған инспекторлар тобына рұқсат береді. Инспекция аяқталған соң Хейнонен өз хабарламасында Иранның бұрынғы ядролық қызметімен байланысты бірқатар мәселені анықтай алмағандарын, сондай-ақ, оның бейбіт ядролық қызметіне қатысты жаңа сұрақтар туындағанын айтады. Атап айтқанда, оның сөздеріне қарағанда, сонау 2005 жылдың қарашасында-ақ МАГАТЭ сарапшыларының қолына уран гексафторидін металдық уранға өңдеп айналдырудың және одан жартылай шеңберлер жасаудың (бұлар тек әскери ядролық зарядтарда қолданылады - бейбіт энергетика саласында емес) процесі суреттелген ирандық құжаттар тиген. Ертеңіне еуропалық «үштіктің» Иран Ұлттық қауіпсіздігінің жоғары кеңесі хатшысының орынбасары Джавад Ваидимен ирандық ядролық бағдарлама бойынша жүргізген келіссөздері нәтиже бермейді. Тегеран кезекті рет өзінің диалогты жүргізе беруге даяр екенін, бірақ, ядролық саладағы зерттеулерін тоқтатпайтынын мәлімдейді. Осы келіссөздерден кейін бірнеше сағаттан соң Лондонда бас қосқан Ресей, Еуроодақ, АҚШ және Қытай Иранның ядролық досьесін БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тапсыру жөнінде келісімге келеді. Рас, Мәскеу мен Пекин тағы бір уақыт шегеріліміне қол жеткізеді: әзір БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі ирандық ядролық бағдарламасы жөнінде тек «хабардар» болып қана қояды, бірақ, ең құрығанда наурыз айына дейін Иранға қарсы ешқандай санкциялар енгізбейді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазіргі таңдағы халықаралық қатынастардағы Араб - Израиль мәселесі
Қазіргі әлемдегі аймақтық және жергілікті қақтығыстар
Қазіргі әлемдегі қақтығыстар мен жанжалдар және оны реттеудің технологиялары
Аймақтық және әлемдік діни экстремизммен күрес
Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы оғы
БАСҚЫНШЫЛЫҚ СОҒЫС ЖӘНЕ ЖАҢА ҮЛГІДЕГІ ТАЯУ ШЫҒЫС
Шығыс Азиядағы халықаралық қатынастар
Қазақстан дипломатиясының кезеңдері. Ирак Республикасы
Халықаралық қатынастар теориялары – реализм және либерализм
Әлемдік саясат ұғымы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz