Абайдың ақындық өнері


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 22 бет
Таңдаулыға:   

Абайдың ақындық өнердегі тарихи қазақ халқының мәдени даму, өркендеп өсу жолындағы ерекше елеулі кезеңдерінің бірі болды. Абай өз халқының ең ардақты асыл арманын, ой-пікірін, сезім сырын жеріне жеткізе жырлай алатын жаңа бағыттағы, жаңа әдебиеттің атасы. Қазақ көркем әдебиетінің көрікті әдеби тілін шырқау биікке көтеріп, өркенін өсіріп, байытқан ұлы ақын Абай, «қуатты ойдан бас құрап» шыққан құдіретті көркем жырымен халықтың сана сезімін сергітіп, ел көңілін өмірдің келесі мәселелеріне аударып, болашаққа бой ұрған мұрат-мақсатының жетекшісі болды.

Қазақтың ақындық өнерін нағыз халықтық, ұлттық биік дәрежеге көтерген, тұңғыш кемеңгер қалам қайраткері де Абай.

Қазақтың жаңа әдебиетінің атасы, ұлы ақын «Абайдың қазақ әдебиетіне ХІХ ғ. және ХХ ғ. еткен әсері аса мол. Абайдың өзін көрмей, сөзін оқу арқылы, сол Абайдың өлеңдерінің үлгісінде әлеуметтік мәселеге, адамгершілік жайға, ағартушылық турасына арнап көп-көп өлеңдер жазған талай ақындар бар. әсіресе бұлардың саны, Абай шығармалары қазақ сахарасына жайыла бастаған сайын молайа түскен» дейді М. Әуезов және 1909 ж. ұлы ақынның өлеңдер жинағы басылып шыққан соң, «Абайға еліктеп өлең жазушы ақындар Қазақстанның қай жерінде болса да кездесетін болды». «Бұл жағынан қарасақ, - дейді Мұхтар Әуезов, - ХХ ғасырда Абайдың әсері көпке жайылып, кең өріс таба берді. Ақын мұрасының өзінен соңғы қазақ әдебиетіне бұлайша қатынасуы, оның жалпы қазақ әдебиет тарихына көрсеткен үлгісі, әсері деп түсінеміз. » Абайдың өз айналысында үнемі бірге болып, ұлы ақынның анық жақын шәкірті болған ақынның шығармаларын зерттеу мәселесіне көңіл аударды. М. Әуезов «Абайдың шәкірттері туралы» атты мақаласында:

«Абайдың өзі тірісінде, оның айналасына жинаған талапкер, өнерлі жастардың саны көп болған. Бұлардың ішінде әншілер, композиторлар, халық фольклорын жырлаушылар, әнші ақынның, орыс мәдениетін білуге талпынған жай көзі ашық жастар аз емес еді. Бұлар әр буыннан шыққан болатын. Іштерінде жас жағынан Абайға тетелес: Көкбай, Мұқа, Бейсембай ақын сияқтыларынан бастап, Абайдың балалары: Мағауия, Ақылбай және інісі - Кәкітай сияқты көп адамдар болады . . . » - дейді. /1. 11/

Абайдан үлгі көріп, тағлым алған ақындар жайында сөз бола қалса, көбінесе оның балалары мен туыстарының және басқа да бірен-саран адамдардың аттары аталады. А. Нұрқатовтың ойынша Абай төңірегінде болған ақындар мен өнер иелері туралы мәселе қозғағанда екі түрлі жәйтті естен шығармау шарт.

1. Абай төңірегінде болған және оның игі ықпалын көрген ақындар тобы, өнер иелерінің шоғыры қалың, қомақты. Өйткені, өнер атаулыға дәмелілердің Абайдай үлкен тұлғаға қарай талпынбауы мүмкін емес еді. Оның үстінен Абай шын шабыт иелерінің ешқайсысының да бетінен қағып, тауанын қайтармаған.

2. Сол Абай төңірегінде болғандардың бәрі оның шәкірті санала бермек емес. Қайсы біреулер Абай творчествосының идеялық-әлеуметтік бағытын нысана еткенімен, оның көркемдік принциптерінен көш төмен, аласа жатты. /7. 124/

Абайдың рухани ықпалымен халық надандық пердесін серпіп тастап, көп жылдық ұйқыдан ояна бастады. Бұл Абайдың өз дәуірінен жанданып еді. Оның оқушы, ізбасарлары жылдан жылға молайып, берген бағыты кең өріс алып келе жатты. Абайдың алғашқы шәкірттерінің қатарында әуелі Шәкәрім бастатқан Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Тұрағұл, Әубәкір сияқты өзінің інілері мен бала, немерелерімен бірге көкірегі ашық алдыңғы қатарлы Көкбай, Баймағанбет сияқты елдің адамдары да болған. Абайдың жазғандарын, айтқандарын таратуға елдің ішіндегі көптеген өнер иелері де ат салысты. Олар Мауқай ақын, әнші, күйші Мұқа, әнші Мұхаметжан, әнші Әлмағамбет, сыбызғышы Қияспай сияқты адамдар болды. Бұлар Абайдың айтқан сөздерін, өлеңдерін ойын-той, түрлі жиындарда елден елге таратып, халыққа кеңінен жайды.

Абай мұрасының кеңінен таралуы оның өзінен кейінгі дәуірде басталды. Оны таратудың алғашқы қарлығашы туған халқының елдік тәуелділігі мен рухани бостандығы жолында Алаш туын көтеріп шыққан қайраткерлердің топбастары Ә. Бөкейханов. Ол Абай қайтыс болғанда орыс тілінде қазанама жазып, оны «Семипалатинский листок» газетінде бастырды. Ол қазанамада Абадың өмірін, қалдырған мұрасын шолып, оған сипаттамасы мен өзіндік бағасын берді. Бұны Абайдың ғылымының бірінші кірпіші еді деуге болады. Себебі, осы газет арқылы Абай мұрасымен қазақ елі ғана емес, бүкіл Ресей елі де танысты. Абай ілімін қабылдап, оны халыққа таратуға қатысқан мирасқорлардың қатарында сол кездегі қазақтың барлық оқыған зиялы азаматтары болды. Олар: А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, С. Торайғыров, сияқты сол кездегі көзі ашық адамдар еді. Олардың қайсысы болса да Абайдың рухын пір тұтып, өздеріне жол сілтеп нысана ретінде ұстады.

Бұлардан кейінгі буынды Ж. Аймауытов пен М. Әуезов жалғастырды. Ж. Аймауытов жаламен кейіннен атылып кетсе, тағдыр М. Әуезевке өзінің міндетін орындауға мүмкіндік берді. Бұл М. Әуезевті соңғы кезге дейін Абайдың негізгі мирасқоры етті. /5. 97-99/

Абайдан тікелей тағлым алып, үлгі көрген ақындардың ішінде ауызға ең алдымен алынатындары - ақынның өз балалары Ақылбай мен Мағауия және Әсет, Әріп.

Ең алдымен, бұлардың қай-қайсысы да анық талант иесі. Олардың ішінде кейінгі ұрпаққа көркем, бағалы творчестволық келбеті бар. Бұл да Абай поэзиясы әсерінің молдығын әрі құнарлылығын анықтай түседі. Бұл ақындар көбінесе поэма жанрында еңбек еткен. Ақылбай да, Мағауия да өлең шығаруды ерте бастаған. Тіпті Ақылбайдың импровизация түрінде шығарған ән-өлеңдері бар. Бірақ Абай тәрбиесінен өтіп, ұлы ақын шығармаларының тереңіне үңілгеннен кейін ғана бұлар шын мәнісіндегі мәдениетті поэзияға ден қояды. /7. 131, 132/

Ақылбай Абайдың Ділдә деген бәйбішесінен 1861 жылы туған тұңғыш баласы. Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным, өзінен бала болмағандықтан, Ақылбайды кішкене күнінен өз бауырына басады. Ақылбайды Нұрғаным жас басынан бетімен жіберіп аса шолжың ерке бала етіп өсіреді. Ақылбайды тек 9-10 жас шамасында, Құнанбайдың указной молдасы атанған Ғабитханаға оқуға береді. Ол 4-5 жыл молдадан оқу оқиды. Одан әрі оқымайды. Жасынан көрген тәрбиесі, ұшқан ұясы, Құнанбай аты Ақылбайды масаттандырады. Ол жас күнінен талантты домбырашы, өлеңші де болады. Бірақ ол Құнанбай атағына, нағашысының ата аруағына масаттанатын. Бұл кездері Ақылбай айтатын өлең сарына: Нағашым ер Қазыбек әулие өткен,

Фәниден уақыт жетіп о да кеткен.

Сасқан жан жер шетінен бабам десем,

Аруағы көз ашқанша келіп, жеткен, -

деген сияқты болған.

Ақынның жас күнінен әкесі Абайдан аулақ өскенін оның ақ көңіл аңқаулығын пайдаланып, Абай дұшпандары әке мен баланың арасына от жағып, зұлымдық айла жасап, екеуін мүлдем ажыратпақ та болған. Абай баласының осындай мінездеріне, жасынан көрген жағымсыз тәрбиесінен пайда болған әдеттеріне қатты кейіп «Ата-анаға көз қуаныш» деген өлеңін жазады. (1890) Абайдың бұл өлеңі талпынбай жүрген талантты Ақылбайға үлкен ой салып, қатты толғантады. Енді бұдан былайғы Ақылбай өмірі Абай алдында ақын шәкірт болып, өзінің талантты інілеріне ақын аға, Ақыл аға атанып өтеді. Ол аса шебер музыкант, домбыра, гармонь, скрипкаға жүйрік, мақтаулы өнерпаз болады.

Ақынның жастық шақ тақырыбына жазған көптеген өлеңдері бар. 1895 жылы Әбдірахман өліміне жазған жоқтау өлеңі болған. 1904 жылы інісі Мағауия қайтыс болғанда жазған жоқтауы сақталған.

Ақынның ақындық атын тарихта қалдырған оның поэмалары. Ақылбайдың бізге мәлім ондай поэмалары үшеу. Ол «Дағыстан» /«Кәрі Жүсіп»/, «Зұлыс», «Жаррах батыр».

«Жаррах батыр» поэмасы бізге жетпеген, «Зұлыс» поэмасының басқы бір-екі бөлімі ғана сақталған. Бұл поэманың үзіндісі 1924 жылы «Сана» журналының 2-3 санында басылған. «Дағыстанның» үзіндісі 1918 жылы Абай журналының 5 санында жарияланған.

Ақылбай жас кезінде төрт бес жыл Құнанбай ауылының молдасынан ескіше оқып, хат танығаннан басқа, ұзап оқымаған. Абайдың үлгі-өнегесімен Ақылбай заманның саналы азаматы, әдебиетке шын берілген ақын болды. Абайдың әдебиет, өнер-білім жайындағы, адамгершілік, мәдениет жайындағы өсиеті Ақылбайдың дүнеиге көзін ашты. әсіресе, орыс мәдениетінен өнеге алуы, орыс әдебиетінен үлгі алып, өсуі, ақындық талантына кең жол ашады. Ақылбай Абай өсиетін тыңдап қана емес, өз бетінше орыс ақындарын оқуға, терең түсініп ұғуға қолы жетеді. Пушкин мен Лермонтов Ақылбайдың сүйікті ақындары болды. Осындай ұлы ақындарды оқып, өнеге алған Ақылбай қазақ әдебиетінде тұңғыш Кавказды жырлаған ақын.

Ақылбайдың ұстазы Абайдың ақылымен тау халқының өмірінен «Дағыстан» Африкадағы зұлыстар жайынан «Зұлыс» сияқты тамаша роман-поэма жазып, қазақ әдебиетінде де поэма жанрының жаңа түрін дамытқан талантты, мәдениетті ақын.

«Дағыстан» поэмасы қазақтың Абай негізін қалаған реалистік поэзиясына романтикалық бағыт енгізілуімен бірге Ақылбайдың ақындық мәдениеті мен талантын, творчестволық тағлым алған өрісін де анық танытты. Ол Пушкин мен Лермонтовтың Кавказ тақырыбына жазған романтикалық поэмасынан көп үлгі ала, үйрене отырумен бірге ұлы Абайдың суреткерлік тәжірибиесінен де бойын аулақ салмайды, қайта соның поэзиясының рухына көркемдік келісімдеріне жақындай түседі.

Сайраған құмыр бұлбұл үні шықты

Кемпір қара шәлісін бүркеп шықты.

Гүл мен ағаш майысып қарағанда

Еліріп тік қарайды Кавказ мықты.

Бұл үзіндідегі кей жолы Абай өлеңдерімен сөзбе сөз түсіп жатқандығын былай қойғанда (мысалы: Абайдың «Жазғытұрымында» да «гүл мен ағаш майысып қарағанда» - деп келеді. ) Ақылбайдың құмыр бұлбұлдың сайрағанын суреттеуінде, адамдарға портреттік сипаттама беруінде де ұлы ақыннан үйрегені даусыз танылады. /7. 142/

Мағауия Абайдың Ділдә деген бәйбішесінен, әкесінің жиырма бес жасында туылған. Мағауияны әкесі сегіз-тоғыз жасында мұсылманша оқуға береді. ауылда «кішкене молла» деп аталатын, Мұхаметкәрімнен төрт-бес жыл Оқыған соң, Абай оны қалаға апарып, Семейдегі орысша мектепке оқуға түсіреді. 1884 жылы он төрт жасында Семей мектебінің бірінші класының екінші бөлімінде үздік оқып мектептегі барлық оқушының алды болып, бір өзі ғана «өте жақсы» деген баға алғанын көреміз. Абай осы мектепке тек өз баласын ғана емес, басқа адамның балаларын да түсірген.

Оқуға аса қабілетті, зерек, талапты жас шәкірт Мағауия қалада екі-үш жыл оқыған соң, денсаулығы төмендеп, науқасқа шалдыға бастайды. Ол амалсыздан оқуын тоқтатып, Мағауия ауылына қайтады. Содан бастап үнемі Абайдың өз қасында, әкесінің өз тәрбиесінде болады. Дәл осы кезде Абай жайын М. Әуезов былай сипаттайды: - Бұл кездегі Абайға - ақындық үлкен қадірлі мағынасы бар, әлеуметтік қызмет, қоғамдық зор еңбек болып табылады. Ол надандық, зорлық, жуандық, пәлеқорлық сияқты халық үстіндегі паразит атқа мінерлер мінезімен мықтап тұрып алысуға кіріседі. Абайды кейінгі тарихқа және сол кездегі еңбек еліне, көпшілікке, саналы жастарға нағыз қадірлі Абай етіп көрсететін еңбегі өркендейді. Өлең сөзін: поэзияны, әлеуметтік тартыстың құралы етеді, оны сыншы, тәрбиеші, қасиетті дос етіп ұсынады. Зұлымдық, надандықпен кектене алысады. Ендігі Абай ақын, ақындық мүддесі деген жайларға Белинский, Чернишевский, Добролюбовтар айтқан эстетикалық тұрғыдан қарайды. Ақын еңбегі, әлеуметтік тартыстың құралы, қоғамдағы мінді ашатын, соған үкім айтатын ұлы маңызы бар әрекет деп түсінеді. Сол себепті өзі басқа сабап айтады. 1886-87 жылдардан бастап Абай осындай өлеңдер туғызуға кіріседі, -дейді.

Бұл кезде жасы 17 келген, қалада оқып, орыс мектебінің тәлім-тәрбиесін көрген, зерделі, алғыр ойлы, табиғи талантты Мағауия, Абайдай ұлы ұстаздың саналы шәкірті болып көп тағлым алған. Мағауия орыс мектебінен бастауыш білімін әкесінің өнегісімен өз бетімен дамытып, орыс тіліне жетік болады. Абай оқитын кітаптарды орыстың ұлы ақын, жазушыларының, ғалымдарының еңбектерін Мағауия да зер салып, көп оқиды.

Мағауия әкесінен үлгі-өнеге, мол тағлым алған, ұлы ақынның жолын қуған білімді, мәдениетті, саналы шәкірті талантты ақын. Ол он алты жасында қолына қалам алып, өлең жаза бастаған. Оның алғашқы ақындық қадамынан-ақ Абай өнегесі айқын танылады. . Айтпақ ойын, сезім-сырын ақын тілімен суреттеп жеткізу, тақырыптан ауа жайылмау, «бөтен сөзбен сөз арасын былғамау» деген Абайдың ақынға қоятын шартын, Мағауия әуелден берік ұстаған ақын. Мағауияның лирикалы өлеңдері, Абай айтқандай : «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін», «айналасы теп-тегіс жұмыр келген» нағыз көркем шығарма екенін көреміз.

Ақынның алғашқы жазған шығармаларының бірі - «Ай жарық, жаздың түні ат терлетіп» деп басталатын өлеңі. Ақын бұл өлеңінде, екі жастың жазғы жайлауда, ай жарық бір түнде ел көзінен ұрланып, ауылдан аулақ бір сайда, бірін-бірі аңсап табысқан сәттегі көңіл-күйін, сезім сырын сипаттайды.

Ай жарық- жаздың түні ат терлетіп,

Бір сайға уағдаласқан келсең жетіп,

Жалғаннан жардан басқа түк тілемей,

Жолыққан қандай қызық еңбек етіп.

Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңінің үлгісі байқалады. Сонымен қатар Мағауияның махаббат тақырыбын жырлауында үлкен мәдениеттілік Абай арқылы келген орыс әдебиетінің жақсы өнегесі көрініп тұр.

Мағауияның жастық-махаббат тақырыбына жазылған белгілі бір өлеңі - «Түсімде бүгін түнде көрдім дұхтар» Ақын бұл өлеңінде өз басынан кешкен халді баян етеді.

Мағауия 1894 жылы Абайдың ықпалымен Әбіштің қасына Алматыға барады. Ол Әбіштің қасында бес айдай болып, күтіп, сүйікті ағасын өз қолмен аттандырады. Осы ауыр сапар, қағылыхал, ауылдан алақта жалғыз басқа түскен ауыртпалық - Мағауияны қатты тебірентеді. Осы ауыр халдің үстінде «Бір үміт, бір хауіптің» ортасында өткізген күндер, үзілген үміт ақынның: «Ыңқылдап жатыр екен жаңа барсам», «Дейтұғын сөзің қайта «Мағатайым», «Жалғыз міне отырмын әр нәрсе ойлап» деген өлең-жырларын туғызады. Абай төңірегіндегі Мағауия сияқты ақындар да ұлы ақынның өлең түріндегі жаңа үлгілерін өнеге етіп, лирикалы өлең жазды. Мағауия Абайдың сегіз қырлы өнерпаз шәкірті болды. Ол ақындығымен қатар әрі, домбырашы, гармонь, скрипка сияқты музыка аспаптарын жақсы меңгерген шебер музыкант та еді. Ол мәдени ағарту ісіне де ат салысты.

Мағауияның адамгершілік қасиетін М. Әуезов былайша сипаттайды:

  • Мағауия оқымысты жастың бірі болды. Оның ауылы да, әкесі Абай ауылы сияқты, өнер-білімге құштар талапкер жастардың, талантты ақын, әнші- өнерпаздардың білім салыстырып, бейне бір мәдениет орталығы сияқты болды.
  • Мағауияның жаратылысы халыққа өте жұғымды, бір ғана Абайдың баласы емес, халықтың, көптің баласы сияқты еді, - дейді Рақымжан Мамырқазов. /1. 84-95/

Көкбай - Абайдың ең талантты ақын, әрі әнші шәкірттерінің бірі. Ол Абаймен 1880 жылдардан бастап, жиырма бес жыл жолдас, дос болған адам. Көкбай өзінің естелігінде Абаймен ең алғашқы рет жақындасып кетуін былай баяндайды:

«Ел ішінің ақы салысып, ақы берісіп жатқан съезі еді. Мұны өткізуге Семейден Лосевский деген ояз келіп еді. Сол бір есімді жақтырмай, мені ел кісілерінің ортасында тұрғанымда, стражниктерін жіберіп жазаламақшы болды. Әлгілер ерікке қоймай, әкетіп бара жатқан соң, қасымда еріп жүретін өлеңші жігіттерім бар еді, солардың біреуінен Абайға бір ауыз өлеңмен сәлем айтып жібердім. Оязға әкелген соң, Абай да келді де: «Жазығы не?» деп істің жөнін сұрады. Содан кейін Лосевский: «Бұған біреу басшылық етіп, тәрбиесіне алмаса, мына елдің ортасында арызқат, пәлеқұмар болып, бұзылғалы жүрген адам. Сен тәрбиеге алып, міндетті болып, түзетемін десең, берем. Әйтпесе жазаға ұшырайтын ісі бар» - деді.

Абай маған кепіл болып алып шықты. Осыдан кейін Абайдың жолдасы болдым. Жолдастығым 25 жылға созылды. Қыс болсын, жаз болсын, Абай ел араласа, қасында жүріп, ауылына келсе, үйінде бірге жатып, айырылыспайтын болдық. Абайдың қасында ай жүріп, ай жарым жүріп келіп, бір әредік толас болғанда ғана өз үйіме бір жұма, көп болса, он күнге рұқсат алып келіп, артынан қайта барамын», -дейді. /2. 39/

Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы, қазіргі Семей облысы, Абай ауданында туған. Тобықты ішінде Көкше руынан. Ол он жасынан бастап, он бес жасына дейін Төлетай деген молдадан оқиды. Он бес жасында оқуды тастап, бозбалалық құрып, ойын-сауық, той-думан қуып кетеді. Ән-күйге, өлең-жырға құштар, талапты жас Көкбай, домбыра тартып, ән салып, өлең айтып, ауыл арасының ойын-сауығынан қалмайтын болады. Он жеті жасында Семей қаласына оқуға келеді. Оның орысша оқуға Семей қаласына келуіне үлкен себеп болған Әріп болады. Әріп Көкбайға жиен есепте болады. Ауылдың ескі әдет-ғұрпынан шыға алмай жүрген, бас пайдасы үшін, мансап үшін ғана орыс тілін білсем дейтін, дүниеқор, сараң, өзімшіл кейбір бай балаларын Көкбай ащы әжуа етіп, мысқыл өлең жазады. Ондайда нысанаға алатыны көбінесе, Әріптің ауылдас, ағайындары болады. Сыбанның бір сараң байының Сымайыл дейтін баласының мінез-құлқына ыза болған Көкбай, оған жазған өлеңінің бір жерінде:

Шапанының шабуы жерге түсіп,

Қысқа кисе, тізесі кете ме үсіп.

Быдық қара, саңырау сарт секілді,

Қарны тойса, кердеңдеп, кеуіп-ісіп.

Оған қоса, Шәкет деген шәкіртті де қатты сынап, ажуалап, Әріпті де іліп, әдейі сөзге шақырады. Сөйтіп екі ақын әзіл-шыны аралас айтысып кетеді. Көкбай айтыстың соңында, Әріпті Абайдан үлгі-өнеге алуға шақырып:

Семейге Абай келсе, бізде думан,

Ән салып босамаймыз айғай шудан,

Бас қосу, бақастасу, мәжіліс құру,

Секілді бірі ғылымның жолын қуған.

Абай қалаға келген сайын Көкбай сияқты оқып жүрген жастарды жинап, қалай оқып жүргендерін сұрап, біліп, ақыл-кеңес берумен қатар, өздеріне де ән салғызып, өлең айтқызып, олардың өнер, талаптарын мадақтап, көңілді, мағыналы мәжіліс жасап отыратын. Ол жастардың кейбіреулерін оқуға түсірген де Абайдың өзі еді. Көкбайдың «Семейге Абай келсе бізге думан» дейтіні де осы болатын. Оқуын аяқтап, елге қайтып келген соң үнемі Абайдың жанында болды. Абай өзі жазған көп өлеңдерін бірнеше жыл бойы Көкбай атынан тарататын. Көкбайдың аты Абай өлеңі арқылы 1889 жылы, тіпті, баспасөз жүзінде мәлім бола бастаған.

Көкбай Абайдың өле-өлгенше айырылмас адал досы, ақын шәкірт болды. «Сол кезде Абай айналысындағы бар ақынның ішінде суырып салма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап, Абай мұңы өзі жазып жүрген алғашқы өлеңдеріне ие қып шығарды. », - дейді М. Әуезов. Біреудің жағымсыз мінез -құлқын, іс-әрекетін, адамгершілікке жат қылығын байқап қалса, Абай Көкбайға : «Осыған бірдеме деші деп, емеуірін білдірсе-ақ болды, Көкбай сол арада көзбе-көз, қолма-қол Абай нұсқаған адамның бейнесін аудармай суреттеп береді. Абаймен алысатын Оразбай байды Көкбай сайқымазақ сатира өлеңмен сипаттайды.

Сенбісің қара бүркіт омыраулы,

Бұл күнде болып тұрсың елмен даулы,

Шұнайдың бұйратындай мына Оразбай,

Қалайша жеңем дейді сіңіріп тауды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Абай тұлғасы
Жүсіпбек Аймауытовтың көсемсөз мұрасы
Ж.АЙМАУЫТҰЛЫ – ӘДЕБИЕТ СЫНШЫСЫ
Жүсіпбек аймауытов – әдебиет сыншысы
Абайдың әдеби ортасы және ақындық мектебі
Абайтану ғылымы туралы
Абайдың ақын шәкірттеріндегі дәстүр жалғастығы
Абайдың ақындық мектебінің қалыптасуы
Абайтануға кіріспе
Абай тұлға
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz