Ақынның шығармашылық өмірбаяны


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 153 бет
Таңдаулыға:   

М А З М Ұ Н Ы

КІРІСПЕ . . . 3

1 АҚЫННЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨМІРБАЯНЫ . . . 10

2 САПАРҒАЛИ ЛИРИКАСЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК

ДӘСТҮР ЖӘНЕ ДАРАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕР . . . 26

3 АҚЫН ПОЭМАЛАРЫНДАҒЫ ЭПИКАЛЫҚ

ЖӘНЕ ҚАҺАРМАНДЫҚ САРЫН . . . 64

4 САПАРҒАЛИ АЙТЫСТАРЫНЫҢ ЖАНРЛЫҚ

ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ . . . 102

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 127

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 131

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Қоғам өміріндегі ұлы өзгерістер ұлттық тарихи-мәдени, көркемдік-эстетикалық құндылықтарымызды аса маңызды мәселе ретінде жан-жақты зерттелуіне толық жол ашты. Саяси-әлеуметтік, экономикалық, халықаралық салада да оң өзгерістер болып жатқанын, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының дербес жол таңдағанын әлемдік қауымдастық біліп, танып отырғаны бүгінде жаңалық емес, ақиқат. Қазақ жұрты өзінің рухани-мәдени құндылықтарын түгендеп, генетикалық мәйегіне зер салып, нағыз ұлттық көркемдік-эстетикалық байлықтарын жүйелі түрде зерттеп, жаңа бағытқа бет алғаны, өзгесін айтпағанда, гуманитарлық ғылымдардың барлық саласында байқала бастады. Тіпті Еуропа, Америка Құрама Штаты, Шығыс мемлекеттерінен зерттеуші-ғалымдар келіп қазақ фольклорын, қазіргі әдеби даму процесін зейін қоя зерттей бастауы мемлекеттің саяси-экономикалық қана емес, рухани-мәдени құндылықтарының көркемдік-эстетикалық, танымдық-философиялық қуатын байқатса керек.

Отандық гуманитарлық ғылымда, соның ішінде әдебиеттану ғылымында да, оң өзгеріс, соны серпіліс бар. Басқасын айтпағанда қазақ мәдениетінің көркемдік және ғылыми арналы бағытының негізін қалаған алыптар тобы - Шәкәрім, Ахмет, Әлихан, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып сынды ірі тұлғалардың есімі мен шығармаларының ақталып халқымен қайта қауышуы, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шыпырашты Наурызбай, тағы басқа бірқатар батырларымыз бен би-жырауларымыздың “ақтаңдақтар” әлемінен ортамызға оралуы көптеген әдеби-мәдени ескерткіштердің, тарихи құжаттардың жан-жақты зерттелуіне, жарық көруіне жол ашты. Осының нәтижесінде ұлттық әдебиеттану ғылымында қазақ сөз өнерінің ірі тұлғаларының шығармаларын бүтін бірлікте, үзіп-жұлмай тұтастай қарастыруға мүмкіндік туды.

Академик Серік Қирабаев өзінің “Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет” атты еңбегінде: “Өмір бойы сыртқы елдердің шабуылы мен отаршылдығына қарсы күрескен халықтың әдебиетінде тәуелсіздік, бірлік идеясы ұлттық идея болғанын еске алуға болады. Ұлт әдебиетіндегі осы идеяның жаңғырып, жаңаша естілуі бүгінгі әдебиеттік көзқарас пен дәстүрдің жаңа байланысын зерттеуге жол ашады. Осы ұлттық дәстүрді қолдап, елдің тәуелсіздігін ту еткен азаматтардың, ақын-жазушыларымыздың көпшілігі кеңес заманында ұлтшыл ретінде қуғындалып, жойылып кеткені белгілі. Солардың шығармашылық жолын терең зерттеп, ой-пікірлерін, көркем образдарын бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерімен үндестіру қажет” [1, 6 б. ], - деп жазғаны әр кезең әдебиеті өкілдерінің қай-қайсысына да қатысы бар екендігін аңғартады.

Ұлт мәдениетінің ғасырлар бойы желісін үзбей дамып келе жатқан арналы бір саласы халық поэзиясы, тіпті халық ақындарының шығармашылығы екені, оны жан-жақты, жүйелі түрде зерттеу ісі бүгінгі әдебиеттану ғылымының сұраныстарының бірі екені дау тудырмасы анық. Дегенмен бұдан ұлттық фольклордың, қазақтың халық ақындарының өмірі мен шығармашылығы бүгінгі таңға дейін зерттелмеді деген ұғым қалыптаспаса керек. Керісінше бұрын жасалған ғылыми жетістіктерімізді бағалай келе алдымызда ұлттық рух, ұлттық мінез және халық менталитеті өресінде терең зерттеу мәселесі тұрғанын айтуымыз қажет.

Мәселен Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Нұрпейіс Байғанин, Иса Байзақов, тағы басқа халық ақындарының шығармашылығы өткен ғасырдың өзінде арнайы зертеу нысанасында болғандығын қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы айғақтайды [2] . Кейінгі кезде Жетісу, Шығыс өңірлерінде қалыптасқан ақындық мектеп өкілдері Сүйінбай, Бақтыбай, Жамбыл, Құлмамбет, Қуандық, Түбек, тағы басқа ақындардың шығармашылық мұрасы қарқынды, жаңа деңгейде зерттеле бастады. Бұл бағдарда еліміздің шығысындағы ұлттық көркем мәдениетте құндылық деңгейіне көтерілген Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдері кеңестік көлеңкемен көмескіленіп, зерттеу объектісінен тысқары қалғаны қазақ әдебиеті тарихынан белгілі. Тек қоғамдық бетбұрыстардан соңғы он-он бес жыл көлемінде филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетовтің жетекшілігімен Абайдың ақын шәкірттері - Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әріп Тәңірбергенұлы, Көкбай Жанатайұлы, оның ақындық дәстүрінде тәрбиеленген Шәкір Әбенұлы, Төлеу Көбдікұлы, Тайыр Жомартбайұлы тағы басқа жыр тарландарының өмірі мен шығармашылығы жан-жақты зерттелініп, ғылыми айналымға түсті [3, 615 б. ] . Бұл қазақ әдебиеттану ғылымы, оның ішінде абайтану саласының іргелі жетістігі болды.

Алайда бұл алда болар ілікті ізденістерге салынған соқпақ жол ғана. Әлі де болса Абайдың ақындық мектебінен нәр алған бірқатар жыр саңлақтарының әдебиет тарихынан алар орны айқындалмай жатыр. Кеңес дәуірінде жалпы ұлттық рухқа суарылған еңбектерді зерттеуге социалистік реализм шеңберіндегі ғылым аса құлықты болмады. Қазақ халқының ұлттық мінезін, өзінің дара табиғатын кеңес дәуірі ескіліктің сарыны деп таныды. Осындай рухтағы еліміздің барлық өңіріндегі халық ақындарының шығармашылық мұрасын толықтай зерттеу ісінің кейінгі тәуелсіздік жылдары ғана қарқын ала бастауы сондықтан болар.

Қазіргі таңда халық ақындарының өмірі мен шығармашылық әлемі бүгінгі көзқарастар тұрғысынан қайта қаралып, өз бағасын алуда. Соның бірі - Абайдың ақындық дәстүріндегі халық ақындарының белгілі де, белді өкілі Сапарғали Әлімбетов. Жастайынан “Әлімбеттің өлеңші баласы” атанған Сапарғалидың шығармашылығы кең тынысты, шығармалары жанрлық қырынан жан-жақты. Ақын мұрасында суырыпсалма (импровизатор) айтыскерлік, сондай-ақ фольклор мен ауыз әдебиеті мұраларын, жыр-дастандар мен айтыс-әңгімелерді жинаушы, жырлап-таратушы ретінде өзгеше өнер иесіне тән даралық қасиет бар. Лирикаға бейімділігімен қоса үлкен эпик ретінде де танымал. Бұған ақынның өмірлік тәжірибесі, тарихи және көркемдік факторлар негіз болған. Сапарғали Әлімбетовтің шығармашылық қалыптасуына Абайдың ақындық мектебі ерекше ықпал еткен. Ел ішіндегі қазақтың мол фольклорын, тарихи жырлар мен дастандарды, ертегі мен аңыз-әңгімелерді жас күнінен тыңдап өскен ол кейіннен бірнеше тарихи негізді эпикалық шығармалар жазды. Сапарғали жыр додасына түсіп, айтыс ақыны ретінде де талай биіктерден көрінді.

Сапарғали Әлімбетов - өз шығармашылық ғұмырында соңына мол мұра қалдырған халық поэзиясының ірі өкілдерінің бірі. Ақынның лирикасы, атап айтсақ, өлеңдерінің жанрлық, тақырыптық аясы аса арналы, мол болып келсе, эпикалық қарымы, поэма-дастандары, тарихи шығармалары кең тынысты, тарихи негізді болып келеді. Сапарғалидың айтыстары реалистік шынайылығымен ерекшеленсе, жыршылық және шежірешілік қасиеттері халық жүрегінен айрықша орын алған.

Ақынның өмірі мен шығармашылығында күрделі кезеңдер аз болмаған. Дегенмен Сапарғали Әлімбетов қоғамдық-әлеуметтік қиындықтарға мойымай өзінің шығармашылық өнерін дамыта береді. Ақынның шығармашылығы, өміріне қатысты деректер кезінде толық зерттеу объектісі бола алмады. Көзі тірісінде көптеген шығармалары жарық көрмеді. Сондықтан ақын мұрасын тек қана ғылыми тұрғыдан зерттеп, талдау ғана емес, сонымен қатар қолжазбаларын іздеп табу, олармен тереңірек таныса отырып, түпнұсқасын айқындау да жұмыстың басты шарттарының бірі болып саналады. Сондай-ақ тұңғыш жинақтағы, мерзімді баспасөзде жарық көрген туындыларын қолжазбамен, елден жазылып алынған нұсқалармен салыстыра қарастыру, зерттеудің маңыздылығын арттыра түспек. Аталған көп қырлы мәселелер осы зерттеу объектісінің өзектілігін аңғартатыны сөзсіз.

Халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтің өмірі мен шығармашылығын зерттеу - бүгінгі күннің талабы, сондай-ақ ұлттық әдебиеттану ғылымы тарихының табиғатын толық танудың проблемалық аспектісінің, өзекті бағытының бірі болады.

Тақырыптың ғылыми зерттелу деңгейі . Қазақ әдебиеттану ғылымында, оның ішінде қазақ әдебиеті тарихында, халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтің әдеби мұрасы бұрын-соңды жүйелі зерттеу нысаны болмады. Әрине кезінде мерзімді баспасөзде ақын өмірі мен шығармашылығы төңірегіндегі пікірлер, мақалалар болмады деп айта алмасақ керек. Оның өзінде Сапарғалидың шығармашылық ғұмырына жалпылай тоқталып кейбір туындыларына, айтыс-қағыстарына пікір түрінде көрініс тауып жатты.

С. Әлімбетовтің шығармашылығына арнайы көңіл аударып, мерзімді басылымдарда пікір айтқан ғалым-зерттеуші, жанашырлар болды. Мәселен белгілі абайтанушы-ғалым Қайым Мұхамедханұлы ақынның көзі тірісінде онымен тығыз шығармашылық байланысын үзбей, онан соң да үнемі назарында ұстап біршама туындыларын жинақтап жарыққа шығармақшы болған. Оған айғақ Қайымның “Семей таңы” газетінің 1968 жылғы № 260 санында жарияланған “Халық ақыны Сапарғали Әлімбетов” атты тұшымды мақаласы [4] . Сапарғалиды өзінің ұстазы санаған белгілі айтыскер-ақын Қ. Алтынбаевтың “Туған жерден шабыт алған” [5], ақынның туған жиені Т. Ерменбаевтың “Отты жыры халықтың жүрегінде” [6], “Сапарғали ақын” [7], М. Зүкеновтің “Ақын өмірінің бір сәттері” [8], Н. Серікбаевтың “Төгемін сөз маржанын суылдатып” [9], Ж. Әуелбековтің “Сапарғали ойыма оралғанда” [10], тағы басқалардың әр жылдары мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары ақын өмірі мен шығармашылығының кейбір қырларынан құнды мәліметтер береді.

Ал баспа мәселесіне келер болсақ, алғашында 1962 жылы Нұрпейіс Исмағұловтың құрастыруымен ақынның тұңғыш таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді [11, 204 б. ] . Зерттеуші-ғалым Есмағамбет Ысмайловтың ықпалымен шыққан бұл жинақтағы құрастырушы-автордың “Сапарғали Әлімбетов” атты кіріспе мақаласы да өзіндік құндылығын жоймақ емес. 2000 жылы Медеу Сәрсеке өзінің “Бес тұғыр” кітабына “Сапыш-ау, өзің емес, сөзің мерген” атты алғысөзімен Сапарғалидың бұрын жарық көрмеген туындыларын енгізді [12, 187 б. ] . 2003-2004 жылдары алдыңғы жарияланғандармен қоса, тыңнан Алматы, Семей кітапханалары мен мұрағаттарынан, ауыл адамдарының аузынан жазылып алынған бұрын баспа бетін көрмеген туындылармен толықтырылып “Өлең гүл” [13, 116 б. ], “Жырмұра” [14, 160 б. ] атты жинақтары басылып шықты.

Жалпы Сапарғали Әлімбетовтің шығармашылық ғұмырнамасына сонау 1936 жылдан назар аударыла бастады. Осы жылы төл әдебиетіміздің тарихындағы алыптардың бірі Ілияс Жансүгіров “Социалды Қазақстан” (“Егеменді Қазақстан”) газетіне айтыскер ақынның бір топ өлеңін “Ащы сөз” деген жалпы тақырыппен жариялап, қысқаша түсінік берген [15] . Ілияс арқылы 1937 жылы А. С. Пушкиннің 100 жылдық мерейтойына арналып шыққан үштомдықтың екінші томында Сапарғалидың “Татьяна” поэмасы басылды [16, 350 б. ] . Е. Ысмайыловтың 1956 жылы жарық көрген “Ақындар” атты монографиялық еңбегіндегі басқа халық ақындарының қатарында Сапарғали Әлімбетовтің де кейбір шығармалары жайлы жасаған ғылыми тұжырымдары өзіндік құндылығымен ерекшеленеді [17, 340 б. ] .

Сондай-ақ жалпы қазақ әдебиетінің тарихына, айтыс өнерінің табиғатына, халық ақындарының шығармашылығына арналған Ш. Уәлиханов [18], А. Байтұрсынов [19], М. Әуезов [20], Б. Кенжебаев [21], З. Қабдолов [22], Р. Бердібай [23], С. Қасқабасов [24], С. Қирабаев [25], Т. Кәкішев [26], С. Негимов [27], Р. Нұрғали [28], А. Еспенбетов [29], Б. Әбдіғазиұлы [30], М. Жолдасбеков [31], Т. Тебегенов [32], тағы басқалардың еңбектеріндегі ғылыми тұжырымдар мен айтылған ой-пікірлер зерттеу жұмысына негіз болды.

Жинақтай келе атап айтар жай - сөз өнерінің ірі қайраткерлері Сапарғалидың шығармашылық мұрасы туралы әр кезде түрлі деңгейдегі мақалалар жазуы оның қазақ әдебиетінің тарихынан алар өзіндік орнын аңғартса керек.

Ақынның жарық көрген шығармаларынан басқа туындылары Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қоры мен сирек кездесетін кітаптар бөлімі қорында, ақынның туған өңірінде, ұлттық, облыстық, қалалық кітапханаларда мұрағаттарда кездеседі. Ізденістердің нәтижесінде, ақын өмірі мен шығармашылығы турасында мол материалдар жинақталды. Зерттеу нысаны бойынша сұранысқа ие бірнеше еңбектер жарық көрді. Мүмкін болғанша сол материалдардың барлығымен толық, жан-жақты танысып шығып, тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізуге тырыстық. Диссертацияда осы өзекті тақырыпты тереңдей зерттеуге талпыныс жасалды.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты - ақын өмірін хронологиялық тұрғыдан тарихи негіздеу, суреткер ретінде шеберлігін ашу, сөз өнеріндегі ерекше құбылыс суырыпсалмалық, айтыскерлік өнердегі даралығын зерделеу, шығармаларын көркемдік және қаһармандық дәстүр жалғастығы аясында қарастыру.

Осы аталған мақсаттарға жету үшін ізденуші өз алдына мынадай міндеттер қойып отыр:

- Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар қорында, мұрағаттар мен мұражайларда, кітапханаларда, ел арасында сақталған ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдарды жүйелеп, ғылыми-зерттеу нысанына айналдыру;

- ақынның лирикалық шығармаларының өлеңдік құрылымын, өлшем-өрнектерін, стильдік-жанрлық табиғатын, поэтикалық қуатын, көркемдік-эстетикалық ерекшелігін ашу арқылы суреткерлік даралығын айқындау;

- айтыс өнеріндегі орнын, суырыпсалмалық шеберлігі мен тапқырлығын, айтыс ақыны ретіндегі ұшқырлығын басқа ақындармен салыстыра отырып ашу;

- ақынның эпикалық шығармалары, поэмалары мен дастандарының сюжеттік-тақырыптық өзгешелігі ондағы тарихи-әлеуметтік, көркемдік дәстүр жалғастығы мәселелерінің деңгейін таныту;

- Сапарғали шығармаларының көркемдік қуаты мен оның танымдық зерделілігін салыстыра отырып, оның суреткер ретіндегі даралық ерекшелігін пайымдау;

- ақын шығармашылығын ұлттық әдеби процесс аясында қарастыра отырып, қазақ әдебиеті тарихындағы көркемдік жетістіктерінің табиғи сипатын зерделеу.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Диссертациялық жұмыстың теориялық және методологиялық негізі ретінде әдебиеттану, фольклортану ғылымдарының жетістіктері, ғылыми әдістері алынды. Әсіресе, қазақ халық ақындары поэзиясын, оның тарихы мен теориясын, сондай-ақ ақындардың, жырау-жыршылардың шығармашылығын қарастырған ғылыми еңбектер диссертациялық жұмысымыздың негізгі әдіснамалық, әрі теориялық тірегі болды. Ш. Уәлиханов, А. Байтұрсынов, М. Әуезов, С. Мұқанов. Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, С. Қирабаев, З. Қабдолов, З. Ахметов, Р. Бердібай, С. Негимов, С. Қасқабасов, Р. Нұрғали, Ә. Нарымбетов, Б. Әбдіғазиұлы, М. Жармұхамедов, Т. Рахымжанов, Т. Тебегенов, З. Бисенғали, С. Қорабай, А. Бұлдыбай, Д. Қамзабекұлы, Б. Омарұлы, С. Мақпырұлы, тағы басқа ғалымдардың еңбектеріне, монографияларына, сондай-ақ ұжымдық ғылыми зерттеулерге назар аударылып, қажетті кезінде ретіне қарай пайдаланылды.

Сапарғали Әлімбетов шығармашылығын жан-жақты зерттей отырып, оның ақын ретіндегі даралық мәнерін, қазақ поэзиясында алатын орнын, шығармаларының көркемдік-эстетикалық қуатын зерттеу барысында тарихи-салыстырмалы, жүйелі-кешенді әдістер аясында зерттеудегі басты нысана - ақын шығармашылығын өзі өскен орта, қалыптасқан әдеби дәстүр негізінде қарастырып, сол кезеңде өмір сүрген ақындардың шығармаларымен бірлестікте зерттеу, сол арқылы типологиялық үндестігі мен даралық сипатын айқындау. Басқаша айтқанда, Сапарғали Әлімбетовтің өлеңдерін, поэмаларын, айтыстарын, басқа да туындыларын қазақ поэзиясындағы халық ақындары шығармаларымен салыстыра отырып зерттеу оның шығармашылық ерекшелігін танып білуге мүмкіндік береді деп танимыз.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтің өмірі мен шығармашылығы тұңғыш рет жан-жақты зерттеліп, ғылыми айналымға енуінің өзі қарастырылып отырған тақырыптың жаңалығын аңғартса керек. Сапарғали Әлімбетовтің өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер, жалпы соңғы кезде табылған туындылары оның өмірі мен шығармашылық жолының жаңа қырларын ашуға мүмкіндік береді. Ақын мұрасын зерттеу барысындағы диссертациялық жұмыстың жаңалығы бірнеше сипаттарымен көрінеді:

- Сапарғалидың әдеби мұрасы тұтас қамтылып, ғылыми тұрғыдан алғаш рет диссертациялық зерттеу көлемінде баға беріліп отыр;

- ақынның шығармашылығына, әдеби мұрасына қатысты күні бүгінге дейін айтылған пікірлер-тұжырымдар сараланып, салыстырылып бүгінгі көзқарас тұрғысынан бағаланды;

- Сапарғали Әлімбетовтің шығармашылық өмірбаяны тың деректермен толықтырылып, ақынның өмірі мен шығармашылық өсу жолы тұтастай қарастырылды;

- бұрын жарияланбаған еңбектерін ғылыми айналымға түсіре отырып, С. Әлімбетовтің артына қалдырған әдеби мұрасы туралы қорытындылар жасалды;

- ақын лирикасының тақырыптық-мазмұндық аясы, ондағы заман шындығы көркемдік дәстүрлер арқылы қоғамдық таныммен тығыз байланыста талданып, даралық ерекшеліктері айқындалды;

- Сапарғали поэмалары тұтастай зерттеу нысанына айналып, ондағы эпикалық және қаһармандық сарынға баса назар аударылды;

- ақынның айтыс өнеріндегі мұралары сараланып, оның жанрлық, көркемдік ерекшеліктері ғылыми негізде талданды.

Зерттеу жұмысының нысаны. Зерттеудің тұтас құрылымына ақынның “Өлеңдер мен поэмалар” (1962), “Бес тұғыр” (2000), “Өлең гүл” (2003), “Жырмұра” (2004) атты шығармалар жинақтары алынды. Сонымен қоса өзге халық ақындарының жыр жинақтары, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасының, ҚР ҰҒА М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорындағы, Алматы, Семей қалаларындағы кітапханалар мен мұрағаттарда сақталған материалдар, ақынның жақын туысы Тәңірберді Ерменбаевтан алынған дүниелер, зерттеушінің өзі тапқан дерек көздері, тағы басқа материалдар пайдаланылды.

Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Диссертациялық жұмыста Сапарғали Әлімбетовтің өмірі мен шығармашылығын, ондағы қаһармандық және көркемдік дәстүр сабақтастығын уақыт талабына сай талдаудан туындаған зерттеу жұмысының нәтижесі ретіндегі тұжырым, қағидалары мен бағыты жұмыстың теориялық мәнін анықтайды. Зерттеудің практикалық мәні - зерттеудің нәтижесін қазақ әдебиетінің тарихы, соның ішінде поэзия туралы оқытылатын дәрістер мен сабақтарға, осы тектес ізденістерге көмекші құрал болып, арнаулы курстарға қолдануға болады. Зерттеудің негізгі тұжырымдары мен жинақталған материалдарын әдебиет тарихына, мәдениеті мен өнеріне арналған еңбектерде, жоғарғы оқу орындарының қажетті оқулықтарын жазу барысында, оқу құралдарын дайындауда пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

- Сапарғали Әлімбетов жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиетінің тарихында соңына елеулі әдеби мұра қалдырған, өзіндік орны бар халық ақыны;

- ақын шығармалары қазақ ұлттық әдебиеті мен халықтық рухани мәдениеті дәстүрлерін жалғастырған көркемдік дүниетаным әлемі мен даралық ерекшеліктердің эстетикалық бірлігі;

- Сапарғали өлеңдері өз кезеңінің шындығын ұлттық көңіл-күй, отаншылдық, қаһармандық сарындармен байыта жырлауымен ерекшеленеді;

- ақын поэмалары тарихилық пен ұлттық-этнографиялық болмысты эпикалық ауқымда, көркемдік шешіммен жырлаудың көрнекті үлгілерінің қатарында;

- Сапарғали айтыстары - ақындық шабыт пен шынайы шеберліктің тоғыса сәулеленген поэтикалық белгісі;

- С. Әлімбетов Абайдың ақындық мектебінен нәр алған, оның реалистік дәстүрін жалғастырушылардың бірі;

- Сапарғали халық фольклорын, тарихы мен этнографиясын, салт-дәстүрін жақсы білген шежіреші ғана емес, соны халық арсында таратушы шебер жыршы ретінде де танылады.

Зерттеудің сарапталуы. Зерттеудің негізгі қорытындылары мен нәтижелері республикалық баспасөз беттерінде, Жоғарғы Аттестациялық Комитет белгілеген басылымдардарда жарық көріп, халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндалды.

Диссертациялық жұмыс Семей мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасы мен М. О. Әуезов атындағы Семей университетінің қазақ филологиясы кафедрасының бірлескен мәжілісінде және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Диссертацияның құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспе, төрт тарау және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.

1 АҚЫННЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨМІРБАЯНЫ

Қазақ сөз өнері ұлттық құндылықтардың арналы саласы болса, оның ішінен поэзия, яғни, ақындық өнер - өзгеше өрелі өнер ретінде қабылданғаны бүгінгі таңда ғылымда дәлелденген. Ұлттық поэзиямызда суреткер тұлғасы - шығармашылық ерекшелігіне, шығармалары жанрының табиғатына, стилі мен тіліне байланысты ақын, жыршы, жырау сияқты шығармашылық тұлғалар атауына ие болса, оның ішінде импровизатор, яғни, суырыпсалма ақын, айтыскер ақын, лирик ақын немесе сазгер ақын дегендей, іштей сараланып жіктеледі. Бұның өзі қазақ поэзиясында ақын тұлғасы палитрасының қаншалықты ауқымды, мол мағыналы екенін байқатады. Ақын тұлғасының аталған шығармашылық қасиеттерінің бірін емес, бірнешеуін бойына дарытқан бірегей тұлғаның бірі - белгілі халық ақыны Сапарғали Әлімбетов.

“…ақындардың өмір тарихын білсек, солардың әрқайсысы өмір сүрген заманының тірі пішінді белгісін тауып алғандай боламыз” [33], - деген академик Мұхтар Әуезовтің Абай туралы айтқан терең тұжырымы ғылыми құндылығын бүгінге дейін жоғалтқан емес. Сондықтан Сапарғали ақынның өмір жолы мен шығармашылығын өніп, өскен ортасымен тұтас бірлікте қарастыру - өзекті мәселелердің бірі.

Суырыпсалма сөз шебері, айтыс өнерінің майталманы, жыр алыбы Жамбыл бастаған халық поэзиясы өкілдерінің қатарындағы өзіндік орны бар ақындарымыздың бірі Сапарғали да - өзінің өткір де отты, мазмұнды да көркем өлең-жырлары, толғау-дастандарымен, айтыстарымен соңына мол мұра қалдырған өнер иесі.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
X-XIV ҒҒ Қазақстандағы тәлімдік ой-пікірлердің қалыптасуы және даму
XX ғасыр басындағы тарихи қоғамдық өзгерістердың қазақ әдебиетінің дамуына әсері
ХХ ғасырдың басындағы ірі саяси- қоғамдық өзгерістердің ұлттық әдебиетке тигізген ықпал
«20 ғасырдың 60 жылдарынан кейінгі қазақ әдебиеті (1960-2000)» пәні бойынша әдістемелік нұсқау
Ежелгі түркі тілді ру-ұлыстарымен бірге жасаған көркем сөз өнерін түсіндіру
Абайтану ғылымы
АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ЖАРИЯЛАНУ ТАРИХЫ
Мұхтар Әуезов – абайтанушы
ХХ ғасыр басындағы тарихи-әлеуметтік жағдай және оның әдебиеттің дамуына тигізген әсері жайлы
Жатыр өлеңі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz