Көптік қылмыстарды саралаудың теориялық мәселелері


Жұмыс түрі: Дипломдық жұмыс
Тегін: Антиплагиат
Көлемі: 147 бет
Таңдаулыға:
І. ЖАНСҮГІРОВ АТЫНДАҒЫ ЖЕТІСУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
ӘОЖ 343. 2 (574) Қолжазба құқында
МҰХАМЕТЖАНОВ СЕРЖАН ШАЙМҰРАТҰЛЫ
Көптік қылмыстарды саралаудың теориялық мәселелері
Ғылыми жетекші:
Таймерденов М. Т
Қазақстан Республикасы
Талдықорған 2015ж
МАЗМҰНЫ
Қысқартулар мен белгілеулер
ҚР - Қазақстан Республикасы
ҚК - Қылмыстық кодекс
ҚІЖК - Қылмыстық істер жүргізу кодексі
РФ - Ресей Федерациясы
БОАК (ВЦИК) - Бүкілроссиялық орталық атқару комитеті (Всероссийский центральный исполнительный комитет)
ХКК (СНК) - Халық комиссарлар кеңесі (Совет народных комиссаров)
КСРО - Кеңестік социалистік республикалар одағы
РСФСР -
УКСР - Украин кеңестік социалистік республикасы
ҚазКСР - Қазақ кеңестік социалистік республикасы
ІІМ - Ішкі істер министрлігі
б - бап
т. б. - тағы басқа
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қылмыстық құқық ғылымының ең маңызды және күрделі мәселелерінің бірі - көптік қылмыстар институты. Қылмыстық құқық теориясында және сот-тергеу тәжірибесінде бұл мәселенің түсінілуі мен шешілуі әрқилы.
Зерттеу барысында көптік қылмыстардың ұғымы айқындалып, заң нормаларын жетілдіруге байланысты ұсыныстар енгізілді. Көптік қылмыстардың нысандарын анықтауға, қылмыстарды бірнеше рет жасау, қылмыстардың жиынтығы және қылмыстардың қайталануын бір-бірінен, көптік қылмыстарды жеке қылмыстардан және қылмыстық-құқықтық нормалардың бәсекелестігінен ажыратуға, көптік қылмыстар барысында жаза тағайындау мәселелеріне тиісті дәрежеде көңіл аударылды.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Диссертациялық зерттеу көптік қылмыстар инситутының қылмыстық-құқықтық мәселелеріне арналған. Көптік қылмыстар мәселелерін зерттеудің өзектілігі және маңыздылығы бірқатар себептермен түсіндіріледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты 2009 жылдың 6 наурызындағы халыққа жолдауында «Қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен, алаяқтықпен, заңдардың бұзылуымен табанды да қатал күрес жүргізу керек. Осы қиын кезде біздің азаматтардың, бүкіл қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бәрін де істеу керек», - деп баса көрсетуі кездейсоқтық емес [1] . Осыған орай, қазіргі бүкіл әлемдік экономикалық дағдарыс барысында мемлекеттің беріктігі сынаққа салынып, табанды шаралардың қылмыстылықпен күрес жүргізу үшін, терең теориялық негіздің қажеттілігі айқын болды.
Жиырмасыншы ғасырдың 90 жылдарында орын алған кеңестік жүйенің тоқырауы, жалпы әлемдік демократиялық құрылымдарға бағытталған саяси бағдардың өзгеруі, нарықтық қатынастарға көшу, ұлттық құқықтық жүйенің жүйесі мен құрылымын түбірлі түрде қайта қарау қажеттілігін туындатты. Яғни, қолданыстағы заңнама ғылым мен құқық қолдану тәжірибесінің қажетін тиісті деңгейде өтей алмағандықтан, 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде 1997 жылы 16 шілдеде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі қабылданды. Әрине, қабылданған қылмыстық заңда қарастырылған бірқатар институттар нормаларды түсіндіруге байланысты елеулі қиындықтарды туындатып, кей жағдайларда әртүрлі талқылауларға орын берді. Сондықтан да, социалистік даму кезеңіндегі құқықта қаланған, теориялық тұрғыдан негізделген, тәжірибелік тұрғыдан тиімді тұжырымдар сақталынып, жаңа жағдайларға сәйкес бейімделіп, жаңа мазмұнға ие болып, дамытылуы тиіс.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің қабылдануы осы құқық саласының реформаланып біткендігін білдірмейді. Қылмыстық құқықтың қалыптастырылуы және оның ары қарай дамуы адам құқықтарын қорғауға бағытталған біркелкі, тұтас демократиялық қылмыстық-құқықтық саясатты өңдеп шығару, ұсынылатын өзгерістер мен толықтырулардың ғылыми негізделуі, құқық қолдану тәжірибесін толық көлемде ескеру сияқты талаптарға сәйкес келуі керек.
Қолданыстағы қылмыстық заңнамаға енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге қарамастан, қылмыстық құқық ғылымында, қылмыстық құқықтың көптеген проблемаларына қатысты шешімін тапқан біркелкі пікір жоқ. Сондай проблемалардың бірі - көптік қылмыстар институты.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде ресми түрде көптік қылмыстардың анықтамасына арналған бап қарастырылмаған. Көптік қылмыстар термині мен оның ұғымы қылмыстық құқық теориясымен қарастырылып, осыған байланысты әртүрлі көзқарастар орын алған. Қолданыстағы қылмыстық заңнамада көптік қылмыстар институтының дамуында, көптік қылмыстар институты жаза туралы бөлімде ғана емес, қылмыс бөлімінде де қарастырылған. Заң шығарушы қылмыстық заңның 11 бабында қылмыстарды бірнеше рет жасау, 12 бабында қылмыстардың жиынтығын, 13 бабында қылмыстардың қайталануын субъективті категориядан объективті категорияға ауыстыра отырып, заңда бекіткен.
Көптік қылмыстарды құрайтын қылмыстарды дұрыс саралау аса маңызды, осыған байланысты қандай жағдайда қылмыстарды бірнеше рет жасау немесе қылмыстардың жиынтығы; не болмаса қылмыстардың жиынтығы немесе жеке күрделі қылмыс; яки қылмыстарды бірнеше рет жасау немесе қылмыстардың қайталануы екендігін анықтау туралы қажеттілік туындайды.
Көптік қылмыстардың нысандарға бөлінуі, олардың арасындағы кереғарлық қылмыстық заңның Жалпы және Ерекше бөлімдерін сот-тергеу тәжірибесінде қолдануды қиындатып, қылмыстық жауаптылықты дараландыру барысында шиеленістерді туындатады. Сондықтан да, осы мәселелерді шешу қылмыстық-құқықтық терминологияны, қолданыстағы ұғымдық аппараттарды жетілдіруге көмектесіп, көптік қылмыстар институтын қазіргі заман талаптарына сәйкестендіріп, терең зерттеуді және негіздеуді талап етіп, аталған ғылыми тақырыптың өзектілігін және оның арнайы зерттеу объектісіне айналу қажеттілігін көрсетеді.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Көптік қылмыстар институтына байланысты белгілі бір тәжірибе мен ғылыми білім жинақталған. Диссертациялық зерттеудің әртүрлі аспектілері жанама түрде келесі отандық авторлардың: А. Н. Ағыбаевтың, Е. О. Алаухановтың, Ғ. И. Баймурзиннің, Н. А. Бекбергеновтың, Е. А. Ештаевтың, Е. И. Қаиыржановтың, Д. С. Чукмаитовтың еңбектерінде көрініс тапқан. Сонымен қатар, ресейлік ғалымдардың зерттеулерінде, атап айтсақ Н. Б. Алиев, И. Б. Агаев, О. И. Бажанов, Е. А. Борисенко, Б. В. Волженкин, Р. Р. Галиакбаров, А. С. Горелик, П. Ф. Гришанин, П. С. Дагель, А. Ф. Зелинский, В. А. Иванов, Н. А. Стручков және т. б. бейнеленген.
Көптік қылмыстар институтын кешенді, негізді түрде кеңес дәуірінде Ю. И. Бытко, Т. Э. Караев, Ю. А. Красиков, Г. Г. Криволапов, В. Н. Кудрявцев, Б. А. Куринов, К. А. Панько, В. П. Малков, Л. С. Тосакова, Ю. Н. Юшков, А. М. Яковлев сияқты т. б. авторлардың еңбектерінде зерттелген.
Зерттеудің теориялық базасын көптік қылмыстар аясындағы аталған мамандардың еңбектерінен басқа жалпы теориялық: Н. А. Беляев, А. А. Герцензон, И. И. Карпец, Г. А. Кригер, Н. Ф. Кузнецова, И. С. Ной, Н. Д. Сергеевский, Ю. И. Скуратов, Э. С. Тенчов, Ю. М. Ткачевский, А. А. Пионтковский, М. Д. Шаргородский және тағы басқалардың еңбектері құрайды. Аталған авторлардың еңбектерінде зерттелінген тақырыптың әртүрлі жақтары осы аяда қалыптасқан қоғамдық қатынастар мен заңдылықтар сипатталған.
Зерттеу жұмысының мақсаты және міндеттері. Диссертациялық зерттеудің мақсаты - қылмыстық құқықтағы көптік қылмыстар институтының концепциясын жасау. Көптік қылмыстардың нысандарын құқықтық реттеудің теориялық және тәжірибелік аспектілерін зерделеу. Осы мақсатқа сәйкес, келесі міндеттерді шешу көзделеді:
- көптік қылмыстардың ұғымын, белгілерін және әлеуметтік мәнін анықтауға байланысты мәселелерді кешенді зерттеу;
- көптік қылмыстардың нысандарын және түрлерін жүйелі түрде зерттеу, көптік қылмыстардың нысандарын бөліп қарастыруға қатысты негізгі ғылыми көзқарастарды айқындау;
- көптік қылмыстардың нысаны ретінде қылмыстарды бірнеше рет жасаудың ерекшеліктерін анықтау;
- қолданыстағы қылмыстық заңнаманың нормаларын жетілдіру үшін ұсыныстар жасау.
Зерттеу объектісі. Қылмыстарды бірнеше рет жасау, қылмыстардың жиынтығы және қылмыстардың қайталануына қатысты, қылмыстық-құқықтық нормаларды қолдану аясында қалыптасқан қоғамдық қатынастар зерттеу объектісі болып табылады.
Зерттеу пәнін - ұлттық және шет мемлекеттердің қылмыстық заңнамаларының нормалары, көптік қылмыстар туралы әртүрлі теориялық көзқарастар және сот-тергеу тәжірибесінің материалдары құрайды.
Зерттеудің әдістемелік негіздері.
Диссертациялық зерттеудің әдістемелік негізін әлеуметтік және құқықтық құбылыстарды ғылыми танудың диалектикалық әдісі және одан туындайтын жалпы ғылыми және арнайы-ғылыми әдістер құрайды. Диссертациялық зерттеу барысында тарихи, салыстырмалы-құқықтық, формалды-қисындық, жүйелік, нақты-әлеуметтік әдістер пайдаланылды.
Диссертациялық зерттеудің әдістемелік негізі ретінде көптік қылмыстар институтына тікелей қатысты қылмыстық саясат, қылмыстық құқық, криминология және қылмыстық құқық тарихынан жазылған теориялық еңбектерде бейнеленген ережелер де қолданылды.
Диссертациялық зерттеудің (эмпирикалық) деректік негізіне көптік қылмыстар туралы қылмыстық заңнаманы қолдануға байланысты сот-тергеу тәжірибесінің мәліметтері қаланып, Қазақстан Республикасының әртүрлі аймақтарында 2000-2008 жылдар аралығында қаралған 250 қылмыстық істер материалдары пайдаланылды.
Диссертациялық жұмыстың нормативтік құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясының, ҚР Қылмыстық кодексінің, ҚР Қылмыстық істер жүргізу кодексінің ережелері құрайды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасындағы өзгерістерді ескере отырып, алғаш рет кешенді түрде ғылыми-құқықтық зерттеудің объектісі ретінде көптік қылмыстар институты қарастырылды.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы келесі нәтижелерден көрініс табады:
- қылмыстық құқық ғылымындағы көптік қылмыстар институты ұғымын, белгілерін және әлеуметтік мәнін анықтауға байланысты тың көзқарастың қажеттілігі көрсетілді;
- көптік қылмыстардың жүйеленуі қарастырылып, оның нысандарын бөлу критерийлері анықталды;
- қылмыстарды бірнеше рет жасаудың ерекшеліктері айқындалып, көптік қылмыстардың нысаны ретінде бірнеше рет жасаудың заңи анықтамасын нақтылауға байланысты ұсыныстар жасалды;
- Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің нормаларына өзгерістер енгізуге байланысты ұсыныстар берілді.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
1. Көптік қылмыстар бір адамның қылмыстық жауаптылыққа тартылғанға дейін немесе алдыңғы қылмысы үшін соттылығы жойылмаған, қылмыстық заңмен қарастырылған дербес қылмыс құрамдарының белгілерін құрайтын, екі немесе одан да көп қылмыстарды жасауы.
2. Қылмыстардың қайталануы және қылмыстардың идеалды жиынтығы көптік қылмыстардың нысаны болып табылады. Қылмыстарды бірнеше рет жасау, қылмыстардың нақты жиынтығы және қылмыстардың рецидивін қылмыстардың қайталануының түрлері ретінде тану қажет.
3. Қылмыстарды бірнеше рет жасаудың анықтамасы заңнамалық тұрғыдан нақтылауды қажет етеді: қолданыстағы қылмыстық заңнаманың түрлі баптарында көзделген екі немесе одан да көп қылмыс жасауы заңда арнайы көрсетілген жағдайларда ғана бірнеше рет жасалған деп танылу мүмкіндігі белгісі алынып тасталынуы керек.
4. Ұқсас және біртектес қылмыстарды жасауды қамтитын, бірнеше рет жасау ұғымын талдаудың нәтижесінде нормалардың бәсекелестігі болмаған жағдайларда, біртектес қылмыстарды жасауды нақты жиынтық ретінде саралау қажет.
Зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңызы. Диссертациялық зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңызы құқық қорғау органдарының алдында тұрған өзекті міндеттерді шешуге бағытталғандығымен анықталынады. Зерттеу нәтижесінің негізінде қылмыстық заңнаманы жетілдіруге, оның нормативтік-құқықтық реттелуін жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстар жасалынды.
Диссертациялық жұмыста жасалынған ғылыми тұжырымдар көптік қылмыстарды саралауға байланысты құқық қорғау органдарының қалыпты қызметін қамтамасыз ететін құқық нормаларын қабылдауға бағдарлайды.
Диссертациялық зерттеудің нәтижелерін жоғары оқу орындарының заң факультеттерінің, заң институттарының оқу процесінде қолдануға болады.
Зерттеу нәтижесінің сыннан өтуі . Ғылыми зерттеудің негізгі мазмұны - ғылыми мақалалар ретінде «Заң және заман», «ҚазҰУ Хабаршысы» (заң сериясы) басылымдарында жарық көрді. Сонымен қатар, «Ұйымдасқан қылмыспен күресудің өзекті мәселелері», «Реализация уголовной ответственности: история, современность и перспективы», «Проблемы развития криминалистики и судебной экспертологии» (Джакишевские криминалистические чтения) атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларында және басқа да халықаралық конференцияларда талданып, олардың жинақтарында жарыққа шықты.
Зерттеу тақырыбы бойынша жеті ғылыми мақала жарияланды, оның үшеуі ҚР БҒМ ғылым және білім саласындағы бақылау Комитетімен ұсынылған басылымдарда жарияланған.
Жұмыстың құрылымы және көлемі зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне сай келеді. Диссертация кіріспеден, үш бөлімнен, он бөлімшеден, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
- КӨПТІК ҚЫЛМЫСТАР ИНСТИТУТЫНЫҢ ҰҒЫМЫҚылмыстық құқық теориясындағы көптік қылмыстардың анықтамасы
Бір адамның екі немесе одан да көп қылмыстарды жасауының қоғамға қауіптілігі жоғары. Себебі, біріншіден, объективті түрде қылмыстық заңмен қорғалынатын қоғамдық қатынастарға үлкен зиян келтіріледі. Екіншіден, бір адаммен жасалынған қылмыс әртүрлі объектілерге қол сұққан жағдайларда зиян келтірілетін қоғамдық қатынастардың аясы да кеңейеді. Яғни, бір емес бірнеше қылмыстарды жасау фактісі қылмыскерде тұрақты қоғамға жат ұстанымдардың болуын білдіріп, оларға қылмыстық-құқықтық шаралардың пәрменді түрде қолданылуы қажеттілігін көрсетеді. Сондықтан да, көптік қылмыстардың ұғымын ғылыми тұрғыдан зерделеу, оның мазмұны мен көлемін анықтау өзекті мәселелердің бірі болып саналады, себебі қолданыстағы қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізу үшін, теория арқылы аталған институттың мәнді белгілері мен мазмұнының көлемін нақты айқындап беру қажет.
Құқықтық заңнамада бекітілген құқықтық ұғымдар мен құқықтық ғылым пайдаланатын ұғымдар әртүрлі. Дегенмен де, заңнамада бекітілген ұғымдар ғылыми зерттеулер мен құқық қолдану тәжірибесінде заң шығарушы берген мағынада қолданылуы қажет. Құқықтық ғылыми зерттеу өте күрделі проблема, осыған байланысты, ерте дүниедегі атақты заңгер, ұлы оратор Марк Тулий Цицеронның айтып кеткен кемеңгер мәтелін естен шығармау керек: «Non scripto sed magis natura lex» (писаные законы суть закона природы) . Яғни, заң шығарушының еркін терең зерттеп, заңның табиғатын ашу құқықтағы ұғымдарды ғылыми құқықтық тұрғыдан зерттеуге тікелей байланысты, себебі бұл ұғымдар, заңшығарушы заңға өзгерістер енгізгенге дейін өзгеріссіз болып табылады. Осыған орай, құқықтағы ұғымдардың нақты анықталғандығы және тұрақтылығы құқық қолдану тәжірибесіндегі заңдылықтың сақталуының, заңның беделдігінің маңызды алғышарты.
Ғылыми құқықтық ұғымдарға нақты анықталғандық тән емес. Ғылыми ізденіс барысында кез-келген автор зерттелінетін құбылыстар мен объектілерге қатысты өз ұғымын беруі мүмкін. Ғылыми құқықтық ұғымдардың мазмұны мен көлемі ғылым арқылы зерттелінген соң, қажеттілік туындаған кезде заңнамада бекітілуі мүмкін. Сондықтан да, қылмыстардың көптігінің ұғымын, оның мазмұны мен көлемін ғылым деңгейінде зерттеу өзекті мәселелердің қатарында.
Қылмыстардың көптігінің ұғымы қылмыстық құқық теориясымен қарастырылғанда, қылмыстық заңнамада берілмеген. Қылмыстардың көптігінің ұғымының анықтамасын беруге оқталу жасалған ғылыми еңбектерден, осы қылмыстық-құқықтық институтқа қатысты көзқарастардың әртүрлі екендігін байқауымызға болады.
Қылмыстардың көптігі ұғымы кеңестік қылмыстық құқық теориясында өткен ғасырдың алпысыншы жылдары шамасында айтыла басталды. Ал, жетпісінші жылдардың аяғына таман жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда, сонымен қатар оқу бағдарламаларында тұрақты түрде орын тепті.
А. М. Яковлевтің пікірі бойынша, «қылмыстық іс-әрекеттердің көптігінің ұғымы қылмыстарды қайталау, қылмыстардың рецидиві және жиынтығы түсініктерінен нақты көрініс табады» [2, 5 б. ] . Біздің көзқарасымыз бойынша, аталмыш пікірде, тек қылмыстардың көптігінің нысандары сипатталған да, нақты қылмыстардың көптігінің ұғымы, оның белгілері ашылмаған.
Г. Т. Ткешелиадзе қылмыстардың көптігін бір адамның «екі немесе одан да көп қылмыстарды жасауы» ретінде сипаттайды [3, 10 б. ] .
Г. Г. Криволапов қылмыстардың көптігінің ұғымын, оның белгілерін көрсету арқылы, яғни, «қылмыстардың көптігі әрқайсысы дербес қылмыс құрамдарының белгілерін құрайтын, бір адамның екі немесе одан да көп қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттерді жасауы» деп берген [4, 6 б. ] .
В. И. Ткаченко көптік қылмыстар ретінде, алдыңғы сотталғандығына қарамастан, адамның сот үкімі арқылы белгіленген, екі немесе одан да көп қылмыстарды жасауын түсінеді [5, 285 б. ] . Берілген анықтамалар қарастырылатын ұғымға тән басты белгі - бір адамның екі немесе одан да көп қылмыстарды жасауын ғана көрсетеді. Бұл белгі қылмыстардың көптігінің барлық жағдайларына ортақ болып табылады. Бірақ та, біздің ойымызша, тек бұл белгіні көрсету жеткіліксіз, себебі біріншіден, адамның бірнеше қылмыстарды жасауы барлық жағдайда бірдей қылмыстардың көптігін құра бермейді, екіншіден, бұл ұғымға бір емес, бірнеше белгілер тән.
В. Н. Кудрявцев бойынша «көптік қылмыстар барлық жасалынған іс-әрекеттердің жеке қылмыстарды көздейтін Ерекше бөлімнің бір нормасымен қамтылмайтындығымен сипатталынады» [6, 242 б. ] . Бірақ та, көптік қылмыстардың Ерекше бөлімнің бір нормасымен қамтылмайтындығы белгісі көптік қылмыстардың барлық нысандарына емес, тек қылмыстық заңның әртүрлі баптары немесе баптардың бөліктерімен қамтылатын қылмыстардың жиынтығына ғана тән. Сондықтан да, жасалынған іс-әрекеттердің барлығы Ерекше бөлімнің бір нормасымен қамтылмайды деген белгіні зерттелінетін ұғымның анықтамасында қолдану қажет емес деп ойлаймыз.
Ю. А. Красиков көптік қылмыстарды «кінәлі адамның кезектілікпен орындаған бір немесе бірнеше іс-әрекеттер арқылы бірнеше қылмыс құрамдарын жасауы», - деп анықтаған [7, 6 б. ] . Көптік қылмыстардың бұл анықтамасы көптік қылмыстардың нысандары мен түрлеріне кіретін іс-әрекеттердің шеңберін тарылтады, атап айтқанда қылмыстардың идеалды жиынтығын көптік қылмыстардың қатарынан шығарып тастайды.
Е. А. Фролов және Р. Р. Галиакбаров бойынша, «қылмыстардың көптігі - қылмыстық заңмен қарастырылған бір адамның мінез-құлқындағы бірнеше құқық бұзушылықтардың үйлесуі. Субъектінің қоғамға қауіпті мінез-құлқының әрбір актісі дербес қылмыс құрамын білдіруі қажет» [8, 8 б. ] . Аталған пікірді А. Ф. Зелинский де қолдайды [9, 8 б. ] . Көптік қылмыстардың ұғымының берілген анықтамасы аса ұтымды емес. Себебі, қылмыстардың үйлесуі ұғымымен алынбаған не болмаса жойылмаған соттылығы бар, алдыңғы үкім бойынша жазаны толық өтеп болғаннан кейінгі адамның жаңа қылмыстарды жасау жағдайлары қамтылмайды.
Б. М. Леонтьев, И. М. Тяжковалардың пікірі бойынша «көптік қылмыстар ретінде бір адамның қылмыстық жауаптылықты туындататын, екі немесе одан да көп қылмыстарды жасауы түсіндіріледі» [10, 498 б. ] . Аталған авторлардың анықтамасы зерттелінетін ұғымның мазмұнын дұрыс ашқанымен де, көптік қылмыстарды басқа ұқсас ұғымдардан ажыратуға мүмкіндік беретін мәнді белгілерді бейнелемей, жалпылама түрде береді.
А. В. Наумов көптік қылмыстарды «бір адам арқылы қылмыстық-құқықтық зардаптарды туындататын екі немесе одан да көп қылмыстарды жасауы», - деп анықтайды [11, 319 б. ] . Көптік қылмыстардың бұл анықтамасы да зерттелінетін ұғымды нақты сипаттамай, жалпылама түрде қарастырып кеткен.
Жоғарыда көрсетілген анықтамалардың әрқайсысы қылмыстардың көптігінің ұғымын жалпы алғанда дұрыс ашатын сияқты. Дегенмен де, қылмыстардың көптігі ұғымының анықтамасы бір адамның қылмыстық жауаптылыққа тартылатын бірнеше қылмыстарды жасауын ғана емес, оның алдыңғы іс-әрекеті үшін сотталғаннан кейін жаңа қылмыс жасауын да қамтуы қажет деп есептеу жөн.
Осыған байланысты, И. М. Гальпериннің берген анықтамасы назар аудартады. «Қылмыстардың көптігі - кінәлінің қылмыстық жауаптылыққа тартылғанға дейінгі әртүрлі қылмыс құрамдарының белгілері бар, бірнеше қылмыстық іс-әрекеттерді, немесе өзара ішкі байланыста емес, бір қылмыс құрамының белгілерін құрайтын бірнеше қылмыстық іс-әрекеттерді, немесе алдыңғы қылмысы үшін сотталғаннан кейін кез келген басқа қылмысты жасауы» [12, 249-250 б. б. ] . Берілген анықтамада қылмыстардың көптігін әртектес және біртектес қылмыстардың құрайтындығы, сондай-ақ қылмыстардың қылмыстық жауаптылыққа тартылғанға дейін және алдыңғы іс-әрекеті үшін сотталғаннан кейін де жасалатындығы айтылған. Біздің ойымыз бойынша, бұл анықтаманы қылмыстардың көптігін болдырмайтын белгілерді көрсету арқылы толықтыру қажет.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz