Сыртқы экономикалық саясат


СЫНДАРЛЫ СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТТЫҢ СЕРПІНІ
Отандық дипломатия еліміздің дамуына сәйкес өскен ұлттық мүдделеріміз тұрғысынан сарабдалдық, сыртқы саяси бағыттың тең қалыптылығы, дүние жүзі мемлекеттерімен сындарлы қарым-қатынас жасау қағидаларын басшылыққа алды.
Біз ұлттық қауіпсіздік жүйесін одан әрі нығайту, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық реформаларға қолайлы сыртқы жағдайды сақтау, аймақтық интеграцияны ынталандыру мен дамыту және әлемдік экономикаға кірігуіміздің қарқынын күшейту мәселелеріне ерекше назар аудардық. Сондай-ақ, отандық кәсіпкерлерді шеткі нарық алаңдарында қолдау мәселелері министрліктің де, елшіліктеріміздің де ұдайы назарында болды.
Осындай жүйелі шаралар арқылы Сыртқы істер министрлігі Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстанның дүние жүзінің ең озық 50 мемлекетінің қатарына қосылуы туралы тапсырмасын орындауға барынша атсалысты.
Тұтастай алғанда, 2007 жылы сыртқы саясат саласының күн тәртібінде тұрған міндеттер ойдағыдай орындалды. Шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ықпалдастығымызда прагматикалық ұстанымымыз күшейе түсті.
Ресей Федерациясымен одақтастық қарым-қатынастар қарқынды түрде дамыды. Қазақстан және Ресей мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин арасындағы жоғары деңгейдегі өзара сенім әрі белсенді араластықтың нәтижесінде біздің көпсалалы байланыстарымыздың аясы кеңейді.
Екіжақты байланыстарды дамытудағы көп үміт артатын жаңалықтардың бірі - қысқа мерзімге арналған “жол картасының” жасалуы. Бұл құжат ең көкейкесті мәселелердің, атап айтсақ, отын-энергетика саласындағы әріптестікті, транзитті-көліктік әлеуетті күшейтудің орындалуын жүйелі түрде қамтамасыз етуде.
Ресейлік бағыт сыртқы саясаттағы аса маңызды желі болып қала береді. Екіжақты қарым-қатынастардың қарқынын, түрлі деңгейдегі саяси үнқатысудың белсенділігін арттыруға екі тарап та аса мүдделі. 2007-2008 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимылдар жоспарында және 2007-2010 жылдарға арналған Гуманитарлық саладағы ынтымақтастық бағдарламасында көзделген іс-шараларды жүзеге асырудың барысы, энергетикалық әріптестік пен шекара бойындағы ынтымақтастық мәселелері айырықша бақылауда ұсталады.
Өткен жылы Азиядағы біздің ең басты саяси және экономикалық әріптесіміз Қытаймен стратегиялық әріптестік қатынастары жалғасын тапты. Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары саяси түсіністік пен ықпалдастық ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның Қазақстанға тамыз айындағы мемлекеттік сапары барысында Қазақстан Президентімен келіссөздері, Қазақстан Үкіметі басшысының Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономиялы ауданының шекара бойындағы өңірлеріне наурыз айындағы жұмыс сапары және Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы комитетінің 4-ші отырысы нәтижелерімен едәуір алға басты.
Үстіміздегі жылы ең жоғары деңгейде белгіленген меже - сауда айналымын қарқынды түрде өсіру, осы орайда іскер топтарға тең мүмкіндіктер қамтамасыз ету, екіжақты сауда құрылымындағы сәйкессіздікті жою, екі мемлекеттің транзитті-көліктік әлеуетін әрі қарай дамыту, шекарааралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетін болады. Осы ретте экономикалық ынтымақтастықты сауда айналымында жоғары қосымша құны бар тауарлар үлесінің көбеюіне және отандық экономикамыздың шикізатты емес салаларының дамуына бағыттауды жөн санаймыз.
Жалпы алғанда, Қазақстанның Ресей және Қытаймен дамытып келе жатқан қатынастары баламасы жоқ сындарлы әріптестіктің үлгісі болып қана қоймай, ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықтың маңызды факторына айналғанын атап өтуіміз қажет.
Қазақстанның Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастығының да стратегиялық әріптестік негізінде дамып отырғаны белгілі.
Біз АҚШ-пен халықаралық саясаттың өзекті мәселелері, атап айтсақ, жаһандық және аймақтық қауіпсіздік пен таратпау бойынша сындарлы ынтымақтастықты ілгері жылжытудамыз. Қазақстан мен АҚШ арасындағы құрлықаралық ұшыру зымырандарының шахталық ұшыру қондырғыларын жою, апатты жағдайларды болдырмау және ядролық қаруды таратуға жол бермеу жөніндегі 1993 жылғы 13 желтоқсандағы Келісімге түзетулер енгізу құжатына қол қойылуы (2007 жыл, желтоқсан) “Қауіпті бірлесіп азайту” жөніндегі “Нанн-Лугар” бағдарламасының Қазақстанға қатысты әрекет ету мерзімін тағы жеті жылға ұзартты.
Алдағы уақыт ішінде екі Президент - Н. Назарбаев пен Дж. Буш қол қойған 2006 жылғы Бірлескен мәлімдемесінің аясындағы іргелі келісімдерді әрі қарай іс жүзіне асыра отырып, сауда-саттық пен инвестиция саласындағы байланыстар арқылы стратегиялық әріптестікті нығайту өте маңызды. Осы орайда инфрақұрылымдық өзара ықпалдастықты көздейтін мемлекеттік-жеке әріптестік бастамасының болашағынан күтеріміз мол.
Сонымен қатар, ауқымды энергетикалық әріптестікті, америкалық компаниялардың инвестицияларын Қазақстан экономикасының шикізатты емес секторына және ауыл шаруашылығына тарту мүмкіндігі, америкалық компаниялардың қатысуы арқылы Қазақстанда жоғары технологиялы өндірісті дамыту мәселелері тұр.
Еуропалық Одақпен өзара ықпалдастыққа тыңнан қозғау салынып, осы орайдағы мәселелер ынтымақтастықтың мақсатты бағдарламаларында жинақталды. “Еуроодақ үштігі - Орталық Азия елдері” атты Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі Астанада өткен тұңғыш кездесуде “Астана үдерісі” деп аталатын биік дәрежелі келіссөздерге жол ашылды және маусым айында Еуроодақтың біздің аймақпен “Жаңа әріптестік стратегиясының” қабылдануына елеулі дәрежеде негіз қаланды. Бұл - Еуроодақтың ұзақ мерзімге (7 жылға) арналған алғашқы кешенді құжаты.
Біз орталықазиялық көршілерімізбен екіжақты экономикалық ынтымақтастықты үздіксіз ілгерілетіп, ортақ мүдделер негізінде аймақтағы су ресурстарын тиімді пайдалану, экономикалық инфрақұрылымды дамыту сияқты өзекті мәселелер төңірегіндегі өзара ықпалдастықтың ауқымын кеңейттік.
Қауіпсіз, тұрақты және дамыған Орталық Азияны қалыптастыруға атсалысу Қазақстанның мүдделеріне толықтай сай келеді. Алдымызда Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың Орталық Азия мемлекеттерінің Одағын құру жөніндегі бастамасын нақты мазмұнмен толтыру әрі жоғары деңгейде құрылған екіжақты комиссиялардың ауқымындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру міндеті тұр.
Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігінде экономикалық интеграция бастамаларын нығайту саясатын жалғастырды. 2007 жылы Достастыққа төрағалық ете отырып, біз оның қызметін жетілдіру үдерісін рет-ретімен жолға қойдық, сөйтіп, ТМД-ны одан әрі дамытудың келісілген тұжырымдамасын бекіттік. Жұмыстың негізі ретінде Қазақстан ұсынған “бір жылға - бір тақырып” қағидасы мақұлданып, соның негізінде Келісілген көші-қон саясаты туралы декларация қабылданды.
Достастықтың 2008 жылғы қызметінің негізгі тақырыбы ретінде белгіленген үйлесімді көлік саясаты саласындағы ынтымақтастық мәселесі Қазақстанның түпкілікті экономикалық мүдделеріне жауап береді.
Экономикалық ұйымдар аясында да өзара ықпалдастықты айтарлықтай ілгерілетіп, нақты келісімдерге қол жеткіздік: ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден одағын құру келісіміне қол қойылды, тиісті құқықтық базаның жасалуы қолға алынды, сондай-ақ ЕурАзЭҚ біртұтас экономикалық кеңістігінің нормативті негіздері анықталды.
Қазақстанның басқа да халықаралық ұйымдар мен аймақтық құрылымдардағы (БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ) алатын орны мен абырой-беделінің әжептәуір өскені даусыз.
Өткен жылдың ең айтулы оқиғасы - Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі туралы шешімнің қабылдануы. Бұл шешім қазақстандық қоғамдағы ұлтаралық және дінаралық келісімді, тұрақтылықты қамтамасыз еткен Президенттің ішкі саясатының дұрыстығын әлемдік қауымдастық тарапынан тағы бір мойындау болып табылады.
Сөз жоқ, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін Қазақстанның болашақ мәртебесі қауіпсіз, тұрақты және болжамды Орталық Азияны құрудың маңызды факторы болып табылмақ; транзитті-көліктік үнқатысуды дамытуға және экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етпек; аймақтағы ықпалдастық бастамаларына қосымша серпін бермек.
Төрағалыққа тұжырымдамалық және ұйымдастырушылық сипаттағы дайындық шаралары қолға алынуы тиіс. Осындай беделді ұйымға төрағалық ету СІМ мен басқа да мемлекеттік органдардың келешектегі қызметіне кешенді түрде қарауды қажет етеді. Ендеше, төрағалыққа әзірлену барысына мемлекеттік құрылымдар мен институттардың, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының түгел қатысып, бір кісідей жұмылдырылуы ғана жалпыұлттық жобаның табысын қамтамасыз ете алады.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы уақыт талабына сай экономикалық инвестициялық мазмұнмен толығып, нақты іс-қимылдар жасауға қабілетті, келешегі зор құрылым ретінде әлемдегі беделді, кең көлемді халықаралық ынтымақтастықты қолдайтын ұйымдардың біріне айналып келеді. Қазақстан осы ұйымдағы белсенді жұмысының нәтижесінде беделді орынға ие болып отыр.
Ойластырылған іс-қимыл стратегиясының арқасында әріптестеріміздің тарапынан зор қолдау таптық, соның нәтижесінде бірқатар халықаралық ұйымдарда ықпалды және сыйлы орындарды иемденуімізге мүмкіндік туды.
Алғаш рет бір мезгілде мемлекетіміздің екі бірдей өкілі - Болат Нұрғалиев пен Тайыр Мансұров ШЫҰ және ЕурАзЭҚ секілді маңызды халықаралық ұйымдарды басқаруға кірісті. Бұл - кәсіпқойлық және іскерлік жағынан ысылған, күрделі тапсырмаларды іске асырып, шыңдалған жоғары дәрежелі қазақстандық мамандардың халықаралық ұйымдарда абыройлы жұмыс істеуге әзірлігінің айқын айғағы.
Еліміз БҰҰ-ның Әлеуметтік және экономикалық кеңесінің құрамына, Дүниежүзілік туризм ұйымының басқару құрылымдарына, БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының басқару кеңесіне кірді.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі бесжақты келісімдерде біздің белсенді іс-әрекетіміздің арқасында үмітті нышандар пайда болғанын айта кеткеніміз абзал. Мемлекет басшылары мен сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы кездесулерін Каспий проблемасын реттеуді әрі қарай жылжытуға пайдаланудың маңызы үлкен. Осы орайда, мемлекет басшылары 2008 жылы жазда Ресей Федерациясында өткізетін болып келіскен, тараптардың экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне арналған Конференцияда теңіз, темір жол көлігі, сауда, туризм, биоресурстарды қорғау және өндіру тақырыптарына қатысты практикалық мәселелерді пысықтау қажет.
Үстіміздегі жылы мемлекеттің сыртқы экономикалық ресурстарын жандандыруға үлкен мән берілетін болады.
Бұл үшін Сыртқы істер министрлігі елдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мейлінше күш-жігер жұмсау, мемлекеттің экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігін, оның индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз ету, транзитті-көліктік және туристік әлеуетті кәдеге жарату мәселелерін өз жұмысының басым бағыттары деп біледі.
Өткен жылдың ішінде Еуропаның жетекші қор алаңдарында қазақстандық ІPO-ларды орналастыру және энергетикалық, металлургиялық, т. б. секторлардағы шетелдік компаниялардың активтерін алу жүзеге асырылды. Қазақстан инвестицияларының Ресей, Украина, Орталық Азия және Кавказ, Орталық және Шығыс Еуропа және басқа да аймақтағы елдердің экономикаларына тартылуы ұлғаюы күтілуде, сондай-ақ “Қазына” орнықты даму қорының қатысуымен Қазақстан-қырғыз және Қазақстан-тәжік инвестициялық қорлары құрылады деп күтілуде.
Қазақстаннан Иранға дейін Түркіменстан аумағы арқылы темір жол құрылысын салу, Каспий жағалауы газ құбырын жүргізу, қазақстандық компаниялардың Түркіменстан жеріндегі мұнай-газ кен орындарын игеру жобаларына қатысу Қазақстанға қомақты пайда әкеліп қана қоймай, еліміздің бүкіл аймақтың дамуындағы үлес салмағын көрсетеді.
Көлік-энергетикалық үнқатысу мәселелеріне ден қойылатын болады. Бұл Қазақстанның 2008 жылы “Еуропа - Кавказ - Азия” көлік дәлізі” (ТРАСЕКА) бағдарламасы бойынша Үкіметаралық комиссияға төрағалық етуіне байланысты.
Қазақстанның астығын экспорттауда болашағы мол Парсы шығанағы мен Солтүстік Африка елдерінің рыноктарына берік табан тіреу мақсаты күн тәртібінде тұр.
Өнеркәсіптік даму мен халықаралық саудада бай тәжірибесі және әлеуеті бар халықаралық экономикалық ұйымдармен оңтайлы ынтымақтастықты ілгерілету СІМ-нің жақын арадағы іргелі жоспарларының бірі болып саналады. Бұл ретте, ең алдымен ауызға ілігетіндері - БҰҰ-ның Өнеркәсіпті дамыту жөніндегі ұйымы, БҰҰ-ның Сауда мен даму жөніндегі конференциясы, БҰҰ-ның Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы.
2007 жылы Сыртқы істер министрлігі ұжымы дипломатиялық қызметтің 15 жылдығын атап өтті. Біз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Өткен жылдар ішінде қазіргі заманға сай және тиімді сыртқы саяси қызмет қалыптасты. Тәуелсіз еліміздің талантты дипломаттарының тұтас шоғыры өсіп шықты. СІМ бұрынғы кеңес республикасындағы қуыршақ мекемеден біздің мемлекетіміздің сыртқы саясатын жүзеге асыратын беделді құрылымға айналды”, - деген құттықтау сөздерін терең ризашылықпен қабылдадық.
Қазақстан дипломатиясы жаһандану дәуірінде үздіксіз қанат жайып келе жатқан әлемдік бәсекелестік жағдайында еліміздің мүдделерін халықаралық сахнада тиімді әрі тегеурінді тәсілдермен одан әрі жылжытуға даяр.
Қазақстан Республикасы
кеден органдарының қызметі туралы ақпарат
Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасының кеден органдары заңнамалық және нормативтік базаны нығайтуға, кедендік бақылауды жетілдіруге, осы күнгі ақпараттық технологияларды енгізуге және кедендік инфрақұрылымды дамытуға бастапқы назар аударып отыр. 2003 жылғы 1 мамырдан бастап құқықтық нормаларды біріктіруге және жүйелендіруге, халықаралық кеден кеңістігіне ықпалдасу мақсатында кеден рәсімдерін үйлестіруге және оңайлатуға мүмкіндік берген Кеден кодексі қолданысқа енгізілді. Оны дамыту үшін Үкіметтің 11 қаулысы, 38 ведомстволық және басқа министрліктермен бірлескен нормативтік құқықтық кесімдер қабылданды. Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасының кеден қызметін дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. 2004 жылдың басынан бастап республиканың сыртқы сауда статистикасы дербес жүргізіледі және кеден шекарасында радиациялық бақылау жүзеге асырылады. Кеден рәсімдерін оңайлату, олардың ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдануда. Барлық аумақтық бөлімшелерде ресімдеудің бүкіл кезеңінде жүк кедендік декларациялардың (ЖКД) қозғалысын қадағалауға мүмкіндік беретін көзбен көріп қадағалау мониторларымен жарақтандырылған кедендік ресімдеу орталықтары құрылды. Алдын ала және кезеңдік декларациялау жүзеге асырылады, бұл - жүктердің кеден шекарасы арқылы өту уақытын қысқартады, сыртқы экономикалық қызметке (СЭҚ) қатысушылар үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасайды.
Ең адал кәсіпкерлерге сертификаттар берілді, бұл оларға «жасыл дәлізді» пайдалануға құқық береді. Астана, Алматы, Атырау, Қарағанды, Шымкент қалаларының әуежайларында кедендік тексеру маңызды емес уақыт ішінде жаңа технологиялық схема бойынша жүргізіледі. 2003 жылдың соңында елдің кеден қызметінің Ақпараттық бекеті ашылды. Бірқатар шет елдердің жаңа ақпараттық технологияларды енгізу жөніндегі тәжірибесі зерделенді және осының негізінде «КTNET», «Самсунг» компанияларымен және біздің республика мамандарының қатысуымен «электронды Үкіметтің» құрамдас бөлігі ретінде «электронды кеден» құру бағдарламасы әзірленді. Оны іске асыру СЭҚ-қа қатысушыларға қызмет көрсету уақытын қысқартады, «адам факторының» әсерін азайтады.
Ең жаңа ақпараттық және коммуникациялық технологиялар қолданысқа енгізілді: тауарлардың жеткізілуін бақылаудың автоматтандырылған жүйесі (ТЖБАЖ), контейнерлік сканерлеу кешені ("TC-SCAN"), автоматтандырылған жеке адамдарды тіркеу пункті (кеден дүңгіршегі), "Янтарь" радиоактивті материалдарды стационарлық анықтау жүйесі, "Web-декларант" электронды декларациялау кешені, олар сыртқы сауда рәсімдерді жеделдетуге және айқындылығын қамтамасыз етуге, кедендік бақылаудың тиімділігін жоғарылатуға ықпал етеді. Шекарадағы бақылаушы органдармен және СЭҚ-қа қатысушылармен өзара іс-қимыл күшейтілуде. ҚР мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде бірыңғай бақылау-өткізу пункттері құрылуда, бұл жерде барлық бақылаушы органдардың өкілдері орналасқан, олардың өзара іс-қимыл және «бір аялдама» қағидасы бойынша өздерінің бақылаушы функцияларын жүзеге асыру тәртібі айқындалған.
Бірыңғай бақылау-өткізу пункттерін салу бағдарламасына сәйкес 5 ББӨП: Оңтүстік Қазақстан облысында Ғ. Мұратбаев атындағы, Павлодар облысында "Шарбақты", Шығыс Қазақстан облысында "Ауыл", Солтүстік Қазақстан облысында "Қарақоға" және Қостанай облысында «Ұбаған» қолданысқа енгізілді.
Ресей және қырғыз тараптарымен біріккен кедендік бақылауды жүргізу және шекарада бірыңғай бақылау-өткізу пункттерінің құрылысы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Кедендік әкімшілдендірудің нысандары мен әдістері жақсару үстінде. Тәуекелдерді талдау және басқару жүйесі енгізілуде. Кедендік құнды кедендік бағалаудың халықаралық стандарттарына сәйкес айқындауға, жеңілдіктер мен преференцияларды ұсыну заңдылығына бақылау жүргізілуде, тарифтік және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылуда. Үкіметтің қаулыларымен ақапараттың ресми көздері ретінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін негізгі тауарларға бағалық каталогтар бекітілді, бұл кедендік құнды төмендету фактілерін болдырмауға ықпал етеді, құны өндірушіден, брендтен және басқа да құрамдастардан өзге спецификалық түрдегі тауарларға бақылауды жеңілдетеді.
Бюджеттің әлеуметтік ортаға шығыс бөлігінің өсуіне байланысты инфляцияның өсіміне жол бермеу бойынша әсерлі шараларды қолдану, шағын және орта бизнес санаттарына жатқызылатын СЭҚ-қа қатысушылардың салықтық салымын жеңілдету мақсатында Комитеттің бастамасымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің өнімнің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған бірқатар шараларды көздейтін үстіміздегі жылдың 7 наурыздағы №217 және үстіміздегі жылдың 5 мамырдағы №430 екі қаулы қабылданды. Жекелеп алғанда жеке адамдардың тауарларды жеңілдетілген тәртіппен әкелудің салмақтық нормалары 10 есе, ал жеміс-жидек өнімінің 5 есе жоғарылады. Бұдан басқа, тұтыну кәрзіңкесіне кіретін бірқатар азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға кедендік баждарды жаңа төмендету ставкілері қабылданды.
Барлығы үстіміздегі жылдың сегіз айы ішінде республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне 204, 4 млрд. теңге сомасында кедендік төлемдер мен салықтар келіп түсті, 2002 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өсім 108, 7 млрд. теңгені құрады немесе 2, 1 есе өсті.
Экономикалық қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтарға қарсы күрес, тауарлар мен көлік құралдарының, есірткі заттар мен прекурсорлар контрабандасының жолын кесу мақсатты түрде жүгізілуде. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес кеден органдарына жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру өкілеттіктері берілген, бұл кеден ісі саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің тиімділігін едәуір өсірді. 2002 жылдың қыркүйегінен бастап осы уақытқа дейін қылмыстық істер бойынша 2, 2 млрд теңгеден астам сомаға тауарлар тәркіленді, қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша мемлекеттің кірісіне 3, 7 млрд. теңгеден астам сомаға тауарлар тәркіленді. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша, сондай-ақ қосымша есептеулер нәтижесінде мемлекетке 6 млрд. теңгеден астам сомасына зиян өтелді. Кеден органдары, оның ішінде басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесіп, есірткінің заңсыз айналымының 1562 фактісі анықталды, 6, 5 тоннадан астам түрлі есірткі заттар, оның ішінде 799 кг героин алынды.
Кеден органдары қызметінің ең маңызды бағыттарының бірі кадр саясатын жетілдіру болып табылады. Кеден органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда. Кадрлармен жұмыстың басымды бағыттары айқындалған, оларға біліктілік талаптар белгіленген, Ар-ождан кодексі, Кеден органдарының декларациясы және басқалар бекітілді.
Кадрлық құрамды жинақтау тек қана конкурсттық негізде жүзеге асырылады. Кеден органдарына 2002 жылдың қыркүйегінен бастап 1607, олардың ішінен конкурс бойынша 1401 немесе 87, 2% адам қабылданды. Бұл ретте кәсіби (заң, экономикалық, кеден ісі, ақпараттық технологиялар) білімі бар кандидаттарға артықшылық беріледі. Бүгінгі күні жоғарғы білімі бар лауазымды адамдардың жалпы саны 5416 (92, 4%), олардың ішінен экономикалық - 1434 (26%), заңды - 2137 (39%) білімі барлар құрады, «кеден ісі» мамандығы бойынша қызметкерлер 613 (11%), басқа мамандықтар - 1232 (23%) құрады. Нәтижесінде, кәсіби білімі бар лауазымды адамдардың үлес салмағы 64 %-дан 88 %-ға дейін өсті.
Кадрларды аттестациялау жүйелі түрде жүргізіледі. Осы кезең ішінде аттестациядан 4046 лауазымды адам немесе жеке құрамның 69 %-дан астамы өтті. Олардың нәтижесі бойынша 304 қызметкер атқаратын қызметінен босатылды.
Жыл сайын ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жоғары оқу орындарының «Кеден ісі» мамандығы бойынша түлектері арасында Олимпиадалар жүргізіледі, олардың нәтижелері бойынша 30 ең үздік қатысушылар кеден органдарына жұмысқа орналастырылды.
1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60-жылдығын мерекелеу күндерінде кеден органдарының қызметкерлері Ұлы Отан соғыс ардагерлері мен әскери жылдары тыл еңбекшілерін қолдау қорына 5, 3 млн. теңге мөлшеріндегі еңбек ақысын аударды.
Қызметкерлердің әлеуметтік және тұрмыстық қамтамасыз етілуін жақсарту бойынша белгілі жұмыстар жүргізілуде. Астана қаласында және Достық станциясында кеден органдарының қызметкерлері үшін жалпы көлемі 7 мың шаршы метрге жуық баспана салынды.
Қазақстан кәсіпкерлерінің Форумында берілген Елбасының тапсырмасына сәйкес Комитетте және оның аумақтық органдарында Кедендік саясат бойынша консультативтік кеңестер құрылған, ақпараттық-консультациялық пункттер, «сенім телефондары» жұмыс істейді. «Дөңгелек үстелдер», кеден органдарының кәсіпкерлермен кездесулері, әлеуметтік сауалнама және жасырын анкеталау жүргізіледі. Корпоративтік теледидар және Комитеттің ай сайын 5 мың адамнан астам адамдары кіретін Web-сайты жұмыс істейді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz