ХІХ ғасырдағы жазба айтыстүрлері


Реферат
Жұмыстың тақырыбы: ХІХ ғасырдағы жазба айтыстүрлері.
Жұмыстың көлемі: 59 бет.
Жұмыстың құрылымы: Бітіру жұмысының құрылымы кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Пайдалынылған әдебиеттер саны: 31
Негізгі тірек сөздері: жазба айтыс, танымдық айтыс, жұмбақ айтыс, мысал айтыс.
Жұмыстың мақсаты: Қазақ әдебиетіндегі жазба айтыстардың шығу тарихы мен даму кезеңдерін нақты деректер арқылы сабақтастыра отырып қарастыру. Сондай-ақ, айтыстың жазбаша түрінің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталу. Жазбаша айтыстың белді өкілдерінің шығармашылығына қазіргі заман трғысынан баға беру.
Жұмыстың мазмұны:
Жұмыстың кіріспесінде жалпы жазбаша айтыстың бастау бұлағы қайдан басталады, мұндай қазақ әдебиетінің көлемді де бай мұрасын зерттеуші ғалымдар кімдер болды, жазбаша айтыс сөзінің өзі қайдан шыққандығы, оның түрлері тағы да басқа көптеген мәселелер сөз болады.
Ал негізгі бөлімде жұмысымыздың басты арқауына айналып отырған жазбаша айтыстың көрнекті өкілдері: Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың Омары, Шораяқтың Омары мен Таубайдың Жүсібінің айтыстарын, Кете Жүсіп, Тұрымбет, Жиенбай жырау, т. б. айтыстары барынша тереңірек қарастырылады.
Бітіру жұмысының екінші тарауында жазбаша айтыс ақындарының шығармашылығының құндылығы неде деген сұрақтарға жауап бере отырып, осы ақындардың артына қалдырған басты-басты еңбектеріне талдаулар жасалынады.
Қорытындыда бітіру жұмысымызда айтпақ болған негізгі ойларымыз бен тұжырымдарымыз ой елегіненм өткізіліп, қорытындыланады.
Жұмыстың соңында зерттеу барысында дерек көздері болған пайдаланған әдебиеттер тізімі көрсетілген.
Мазмұны
Кіріспе . . . 4-8
Негізгі бөлім
1 Жазба айтыстың ерекшеліктері . . . 8
2 Жазба айтыс түрлері . . . 22
2. 1. Танымдық айтыстар . . . 23
2. 2. Жұмбақ айтыстар . . . 25
2. 3. Мысал айтыстар . . . 43
Қорытынды . . . 53
Сілтемелер көрсеткіштері . . . 58
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 59
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі.
Қай елдің болсын ауыз әдебиеті жазба әдебиетінен бұрын болғандығы даусыз шындық. Жазу-сызу шығып, мәдени сатыға көтерілгенге дейін қай халық болмасын өзінің ой-пікір, көңіл-күйлерін, тілек-мүддесін ауызша жырлап, ауызша айтып берді. Ол туындылар ауыздан-ауызға тарап, халықтың, халық жыршысының жадында сақталып, біздің дәуірімізге жетті. Ауыз әдебиеті жазба әдебиетінен бұрын туғандықтан, жазба әдебиеттің өсу, даму жолындағы негізгі қор, негізгі тірек - ауыз әдебиеті. Ауыз әдебиетінен тыс, онымен байланыссыз дамып, өз бетімен өскен жазба әдебиет жоқ.
Қазақтың ескі заманнан келе жатқан ауыз әдебиетінің бір саласы - айтыс. Ауызша әдебиет ішінде айтыстан көп кездесетін өлең жоқ. Байғы ескі заманнан бастап соңғы күндерге шейін қай ру боса да ортасында айтыс өлең айтылмаған ел болмайды. Айтыс - поэзия жанрындағы көрнекті де өміршең саналатын жанрдың бір түрі.
Қазақ фольклорының ең бір бай саласы саналатын айтыс жанры жайында аз жазылып жүрген жоқ. Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Әлікей Марғұлан, Мәлік Ғабдуллин, Нина Смирнова, Бейсенбай Кенжебаев, Мұхамеджан Жармұхамедов, Әділғазы Рахымжанов еңбектерінде айтыс мәселесі жан-жақты сөз болды. Бұдан шығатын қорытынды айтыс хақындағы барлық жайттар айтылып бітті деген сөз емес. Қазақ айтысының көркемдік ерекшелік қасиеттері басқа елдердің айтыс дәстүрлерімен салыстырғанда көзге түсетін оқшаулық ерекшеліктері, драмалық элементтері, эпоспен, шешендік сөздермен қарым-қатынасы әлі де көпке дейін тілге тиек етілмеген.
Айтыс басқа елдер поэзиясында жоқ емес. Батыс Европадағы француз трубадуралары, ағылшын менстрлдері шығармашылығында айтысқа ұқсас элементтер көп. «Мүшайра» деген атпен бұл жанр шығыс елдері әдебиетінде де кеңінен тараған. Бұл дәстүр әсіресе, үнді елінде әлі күнге дейін бар. Мәдениеті көне заманнан келе жатқан арабта да бар.
Біздің айтпағымыз осы Шығыс елдеріне кеңінен тараған жазып айтысудың қазақ арасына кең тарағандығы. Негізінен алғанда, жазып айтысудың арғы тегі хат танудан басталады ғой. Әсіресе, ХХ ғаысрдың бас кезінде кең өріс алды. Сөйтіп, ауызша айтыс жаңаша түрімен яғни, жазбаша айтыс сауда-саттыққа, отырықшылдыққа орай өз өрнектерімен қазақ ортасына келді. Сауатты ақындар жұрт алдына шықпай қағаз жүзі арқылы өнер сынасты. Бұған білімділік, кең өрістілік, айтқыштық, шеберлік қажет болды.
Зертеу мақсаты.
Жазбаша айтыстар - қазақ әдебиетіндегі өзгеше құбылыс. Көркем әдебиетке тән белгілердің жартылай отырықшы, көшпелі тұрмыс жағдайындағы осылай қалыптасуы - әлемдік әдеби дамудағы қазақ сөз өнерінің ұлттық ерекшелігін даралай танытатын құбылыс. Қазақ поэзиясындағы жазбаша айтыстар - ақындық өнер шығармаларының көркем әдебиет ұғымын құрайтын жанрлық түрі. Мұхтар Әуезов: «Тегінде қазақтағы айтыс өлеңдері - өзге жұрттың әдебиетінде кез келмейтін, біздің ерте күндегілері ауызша әдебиетке кірсе де, бергі замандағы айтыстың ішінен ұзақ әңгіме тудыратын Наузызбай мен Біржан - Сара сияқтылары жазба әдебиетке кіреді. Екі кісінің айтысуынан немесе екі кісінің жайнан туатын әңгімелер ертерек уақытта ағылшын әдебиетінде Грандисон, Ричардсон, Достоевскийдің заманында туылған. Орыстардың «Бедные люди» кітабында бар. Мұндай әңгімелерді эпистолярный роман деп айтқан. Біздің айтыстардың көбі - осы эпистолярный рман түріндегі өлеңдер», - дейді. Демек, қазақ сөз өнері тарихындағы авторлары белгілі айтыстарды әдебиет тарихының шығармашылық құбылысы ретінде бағалаймыз. / 1. 124/.
Айтыстардың авторлық нұсқаларының айқындалып, саралануы - әдебиетке тән ерекшелік. Айтыстарға қатысушы ақындардың әрқайсысының әлеуметтік-қоғамдық, эстетикалық - гуманистік танымдық көзқарастары - жазбаша әдебиеттің талғам таразысымен сұрыпталып, сараланып жасалатын тәсілінің жемістері. Ұлы суреткердің «Эпистолярлық роман» түріне жатқызып отырғаны осы жазба айтыстар. Себебі, жазбаша айтыстар - хатқа жазылып, екі автордың бір-біріне жолдайтын шығармашылық ой-түйіндері. Белгілі бір тақырыптық-идеялық, композициялық-стильдік, көркемдік тұтастыққа негізделген, әрбір ақынның жолданатын өлеңі - өзіндік бітімі анық көркем шығарма.
Жазбаша айтыстар - сауатты, оқымысты ақындардың ортақ туындылары. Әрбір ақынның өзіне тән тілдік мәнері, психологиялық-философиялық ойлы, сырлы толғаныстары қағазға түсірілу барысында сұрыпталған, екшелген талғам таразысы арқылы жазылатыны белгілі. Жазбаша айтыстарда ақындар адамгершілік, мінез-құлықты, дағды, қасиетттерді саралап, даралап жырлайды. Жазба стильдегі айтыстарда - әдеби дәстүрдің көркемдік тәсілдеріне сүйене дамыған түрлері. Әрине, бастау - үлгі - негізгі ауызша әдеби дәстүрмен сабақтас болғандығы анық, сондықтан, жазбаша айтыстардың кейбірі әуелде ауызша болып, жалғасы жазбалыққа жалғасатын болған. Кейде жазба басталып, аяғы суырып салмалық дәстүрге ұласқан.
Жазбаша айтыстар фольклорлық авторсыз және ауызша авторлы әдебиеттердегі айтыстарға қарағанда әдеби шығармашылыққа тән психологиялық ерекшеліктермен сараланып танылады.
- Ақындардың бір-бірімен және жұртшылықпен бетпе-бет отырып жыр шығаратын суырып салмалық экспромттық тәсілсіз шығарылатындығы;
- Шығарма иесі авторға тән ойлылық тереңдігінің молдығы;
- Пікір жарысы сайысына түскен екі ақынмен замандас сол әдеби орта өкілдерінің де қатысатындығы.
Зерттеудің міндеті.
Бертін келе қазақ халқы ислам дініне еркін араласқан кезде араб әрпімен хат таныған кезде бұрынғы ауызша әдебиетке жаңаша түр қосылды. Ол - қағазға жазып айтысу. Мәселен, Мұса мен Манат, Ақан мен Нұрғожа, Ақан мен Мәшһүр Жүсіп, Нұржан мен Сапарғали т. б. Сонымен, бұрын ауыз әдебиетінің кең бір саласы болған айтыс жанры біртіндеп жазба әдебиет дәстүрлерінен үлгі алудан бойын аулақ салмады.
Біз сөз еткелі отырған жазба айтыс дәстүрі үлкен ерекшеліктерге ие. Мұнда бір-бірімен хат арқылы хабарласып, жазбаша түрде сөз қағыстыру кең өріс алған.
Жазба айтыс ерекшеліктеріне қалам тартқан ғалым Ө. Күмісбаев: «Арабтарда жәрмеңкеге жиналған жұрт оқу үшін айтысқан айтысқан ақындардың жарыс өлеңдері қағазға жазылып, жәрмеңке отасына тігіліп қойылған екен. Ол айтыс өлеңдерін арабтар «мұғамахат» деген . . . Омеядтар тұсында (YII-YIIIғ. ғ. ) өмір кешкен арабтың Джарир, Әл-Фраздық, әл-Ахтал дейтін үш шайыр панегиристері елу жылға жақын уақыт бір-бірімен поэтикалық полемикаға түсіп отырған. Бұлар бір-бірінсіз тұра алмаған. Үшеуінің ақындық күш-қуаты осы өз араларында ұзақ жылғы айтысқа бағытталыпты. Поэзияның күштілігі жағынан бірінен-бірі асып түсетін. Бірақ өлеңдік өрнектері бір-біріне ұқсамаған. Араб ғалымдары мен сыншылары да үшеуін үш биікке қояды» деп жазады. /2. 96/.
Жазбаша айтыстар - халықтық эстетика мен көркем әдебиет мұраттарын ұштастыратын туындылар. Сондықтан халық жазбаша айтыстарда теңеулер мен айқындаулар, құбылту мен айшықтау, мақал-мәтелдер, шешендік оралымдар тұрақты қолданылады. Жазбаша айтыстар - ұлттық поэзияның өлең тілімен жазылған дидактикалық пікір жарысы және әдеби сын жанрлары түрінде дами алатын мол әдеби дәстүр.
Жұмыстың әдістемелік негізі.
ХІХ ғаысрдағы жазба айтыс түрлерін зерттей отырып, салыстырмалы әдіс, талдау әдістері негізінде жұмыстың барысы аяқталады.
Жұмыстан күтілетін нәтиже.
Жазба айтыстағы ең басты ерекшелік - ақындардан үлкен білім мен терең сауаттылықтың талап етілуінде жатыр. Оқымаған, жаза алмаған ақынға жазба айтысқа түсу мүмкін емес. Айтыстың бұл түрі XIX ғасырдан бастап қанат жайды.
Жазба айтысқа әдеттегі суырып салма айтыстағыдай ауызекі стильден гөрі, сөзі кестеленген, ойлы да мағыналы жыр жолдары тән. Мұнда ауызша айтыстағыдай асығыстық жоқ. Керісінше, ақынның өз ойын он ойланып, мың толғанып жазуына мүмкіндігі мол. Жауаптасушы ақын да өз өлеңін ойлы тұжырыммен беруге ұмтылады.
Халық ақындарының жазба айтыстары - қазақ халқының әлемдік мәдениеттегі даралана бағаланатын өзгеше құбылыс. Әлем әдебиетіндегі хат үлгісіндегі жазылған эпистолярлық көркем шығарманың дәстүрімен үндесетін қазақ ақындарының жазбаша айтыстары - ұлттық сөз өнерінің жоғары бағаланатын мұралары.
Жазбаша айтыстар - суырып салмалық және жазба ақындарының өнер түрлерін қатар тұтынуға негізделген әдебиет пен фольклор дәстүрінің өзара байланыстары қалпын танытқан ерекше жанр. XIX - XX ғасырлардағы екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, тоғыз, он бір, он жеті халық ақындары қатысқан жазба айтыстарды бірнеше көркемдік әдістерге тән белгілер саралана көрінеді.
- Жазбаша айтыстар әдебиеттің авторлық сипатына орай көркемдік стильдік, өлшемдік-өрімдік өрнектерінің айқындылығы;
- Тақырыптық, идеялық, композициялық құрылым талаптарының жазба әдебиетке тән көркемдік тәсілдермен жазылуы;
- Жазбаша айтыстардың ақындық ортаның шығармашылық дәстүрді сапалы игеруіне ықпал етерлік әдеби сын құралы қызметін атқаруы. Яғни, ақындар өлеңнің шумақтарын, тармақтарын, шумақтық ұйқастарын, бейнелі жүйелерін жазудағы бір-бірінің кемшілігін осы айтыстардың барысында айтады, өзара шығармашылық - сыншылық пікір алмасу жүреді.
- Жазбаша айтыс ерекшеліктері
Қазақтың жазба айтыс өнері, жазба айтыс - қазақ әдебиеті тарихында әлі де терең зерттеуді қажет ететін тың тақырып. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қазақтың жазба айтысы ерекше дамыды.
Жазба айтыс - жазба әдебиеттің бір көрінісі екендігі даусыз. Бұл орайда Мұхтар Әуезовтің көпшілік ескере бермейтін бір пікірін негізге аламыз. Ол: « . . . Бұл күнге шейін қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің басы Абайдан басталады деп есептелді. Бұл пікірді суретті художественная литература есебінен қарағанда дұрыс болса да, әдебиет тарих ретімен қарасақ, үлкен адасқандық болар еді. Қазақта жазба әдебиеті Абайдан көп бұрын басталған. Бұл есепке көбінесе дін мақсұтымен жазылған дастандарды, қиссаларды кіргізбесек те, айтыс өлеңдерін кіргізбеуге болмайды» /3. 348/.
М. Әуезовтың бұл пікірі жазба айтыс қана емес, жалпы жазба әдебиетінің туын көтере түсетіні анық. Ғалымдардың жазба әдебиетке «айтыс өлеңдерін кіргізбеуге болмайды» деп атап көрсеткені тегіннен-тегін емес. Өйткені, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде өлеңнің ролі қандай зор сипат алса, жазбалықтың, үшбу хаттың сол әдеби процесстің басты құралы болғандығын көреміз. Көпшіліктің диалог-өлең түріндегі хат алмасуларын осы жазбаша айтыстың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетке көпір болып тұрғандығын айқындады.
Әлемдегі халықтар мәдениетіне көз жіберсек, сөзбен сайысу ішінара бар болғанымен, жырмен, өлеңмен айтысу дәстүрін немесе жазбаша түрде айтысуды кездестіреміз. Жазбаша айтыстың біздің халқымыздың төл өнеріне айналғандығы да қазақ тілінің кеңдігін, тереңдігін танытса керек.
Қазақ әдебиеті XIX аяғы мен XX ғасырда екі бағытта: біріншісі - Европа негізіндегі әдебиеті Шоқан, Абай, Ыбырай, Мағжан, Сұлтанмахмұт есімдерімен айшықтасақ, екіншісі - Шығыс үлгісіндегі әдебиет Сыр сүлелерінің үлесіне тиеді. Оған Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шораяқтың Омары, Керейіт Даңмұрын, Кете Жүсіп Ешниязұлы, Қаңлы Жүсіп Кәдірбергенұлы, Қарасақал Ерімбет, т. б. шығармашылығы дәлел.
Сыр сүлейлері шығармашылығының ең басты ерекшелігінің бірі - олардың жазбаша айтыстың өзінше дамытулары болса керек. Олардың жазбаша айтыстарын мағыналарына қарай, шартты түрде үлкен - үлкен екі топқа бөліп қарастыруға болады:
- Дін айтыстары. Бұған Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Нақып Қожа, Тұрмағамбет пен Ермұрат айтыстарын жатқызуға болады.
- Ру айтыстары. Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың Омары, Шораяқтың Омары мен Таубайдың Жүсібінің айтыстарын, Кете Жүсіп, Тұрымбет, Жиенбай жырау, т. б. айтыстарын жатқызуға болады.
Дін айтыстарының атауы дін болғанымен, аясы кең, атқарар қызметі де, міндеті де көлемді. Оның ең бір көркемдік нұсқасы деп екі Жүсіптің айтысын алып қарастырсақ, оның мазмұны әу баста дін болғанымен, бара-бара үлкен дау-жанжалға ұласуы, білім жарысына, нағыз өнер сайысына айналуы - жазба айтыстың жан-жақтылығын танытуға мүмкіндік береді. Бұлайша топтастырғанда біз бір айтысты бастан-аяқ дін айтысы деуден аулақпыз.
Ру айтыстарының жалпы айтыстардың туу табиғатына кеңілкірейтінін, рулық қарым-қатынас, бәсекенің арқасында өзара сын көбейетіндігінен туындайтыны анық. Ақындар кейде, осы ру жарысының әсерінен де айтысып, білім, бақ сынасып жататын жағдайларын жазба айтыстан да кездестіреміз. Олардың басты мақсаты бір-бірінен ілік іздеп, әрқайсысы өз руының мерейін үстем ету. Ақындар өз руынындағы жетістіктерді тізбелеп қана қоймай, өздері де сол мықтылардың ізінбасуды мақсат етіп қояды. Ал мұндай жағдайда жазба айтыстың мұндай күрделі түріне тек діңі мықты, қарсыластарына қандай сауал қойса да шайқалмайтын, шебер ақындар ғана қатыса алған. Сонымен бірге олар сол биіктерден танытылатын сүбелі жазба айтыстарын жасай да білген.
XX ғасырдың 1930-1940 жылдары газет беттерінде жазбаша айтыстар ұйымдастырылды. Солардың бірі - Сұлтан мен Байнаштың айтысы көркемдік тұрғысында төмен болғанымен, сол кезде саяси мазмұны жағынан жоғары сұраныста болды. Газет беттеріндегі жазбаша айтыстардың мақсаты да, мағынасы да біреу: социализм идеясына үн қосу, уағыздау, мемлекеттік жоспарды орындауға жұмылдыру. Олардың көркемдік нақыштары жоқ. Ақыл-парасатқа, шын жан-сезімін негізделетін өлең өнерін осылайша белгілі жұмысқа пайдалану үгітші құралына айналдыру, оның табиғи мүмкіндігінен, әсемдігінен, шынайылығынан айырылғандығына дауа жоқ.
Кеңес дәуірін қаншама жамандағанымызбен, қазақ өнерінің тамырына балта шабылды деп айта алмаймыз. Соның ішінде айтыс өнері де уақыт талабымен өз міндеттерін атқарған кезі де болды.
Ал газет беттеріндегі айтыстың болашағы мен тиімді жақтары туралы ғалым Р. Бердібаев: «Жалпы алғанда, ақындардың жазбаша айтыстарын ұйымдастыру, оның жаңа мүмкіндігін ашу келешегі бар ісі көрінеді. Мұнда айтар ауыз әдебиетімен жазба әдебиетінің ортақ қасиеттерін қамти алды, өмірдің сан алуан сауалдарына өз жауабын айтады. Жазбаша айтыстар газет, журнал арқылы сан мыңдаған оқушыға кезінде жетеді, жұртшылық пікірін туғызды», -деп оның келешекте қолға алынғанын мақұлдайды. /4. 64/.
Газет беттерінде жарияланған жазба айтыстардың (1941-1945) бұрынғы хат арқылы айтыстардан мынадай ерекшеліктері бар:
- Бұрынғы хат айтыстарда бірнеше ақын араласса, бұл айтыста екі ұжым өкілі ретінде екі ақын ғана айтысады;
- Айтыстың төрешісі - жергілікті басқару ұйымдары (партия, комсомол, т. б. ) .
- Аралық сөз айту кездеспейді.
Сонымен, жазба айтыс - өнер жарысы. Ондағы білім мен қиялға шек
қойылмайды. Сол төңіректе сөз қозғау айтыстың негізгі сипатын, мақсатын, жалпы жазба айтыстардың ерекшелігін ашуға мүмкіндік береді. Оларды мазмұн мен стиліне қарай бірнеше топқа бөлеміз. Мысалы,
- Мысал айтыстар;
- Жұмбақ айтыстар;
- Дастан айтыстар;
- Көңіл қос айту.
Мысал - жазба айтыстың бір саласы. Ақындар өмірдегі оқиға, жаңалықтарды мысал етіп жеткізіп отырады. Әсіресе, өз заманының кереғар болмысын, кертарпа әрекеттерін, ақындық болжамын салыстырмалы тұрғыда табиғатпен үндестіре отырып, болмаса қарапайым тіршілікпен теңдестіріп отырып жырлайды, қоршаған құбылыстармен диалог құрады. Сол арқылы өз армандарын жеткізеді. Мысалы: «Айтыс» жинағындағы «Қарашекпен мен қасқыр» (авторы Шораяқтың Омар 1878-1924), «Жұманазар мен домбыра», «Тоты мен қасқыр» (авторы Жұманазар Үрімқұлов 1890-1958), «Салпық пен ат», «Ыбырыс пен тайлақ» деген мысал айтыстар бар /5. 99/.
Мысал айтыстардың көлемі кең емес, әрі сюжеті де қарапайым, тақырып аясы әртүрлі мәселелерді қамтиды. Мәселен, Сыр еліне кең тараған мысал айтыстардың бірі - Шораяқтың Омарының «Қарашекпен мен қасқыр». «Дүр» атанған Омар ақынның бұл мысалын халық айтыс деп емес, шағын дастан түріндегі шығарма дап біледі. Олай болуының да себебі жоқ емес. «Айтыс» жинағындағы алғаш жарияланған нұсқасы толық емес, екіншіден, мұнда айтыс заңдылықтары сақталмаған, баяндау түрінде жазылған . . . Сондай-ақ, онда «Қарашекпен мен қасқыр» дастаны деп аталса, кейбір әдебиеттерде «Қарашекпен» дастаны деп беріледі.
Алғашқы жарияланған нұсқаларда кеңестік жүйенің, цензурның әсері болғанын жасыра алмаймыз. Өйткені, «Қарашекпен» - қазақ кейпін береді де, «Қасқыр» - заманның қиындығын мысал етіліп, астарланып айтылғандығын тану қиын емес. Бұл туралы Омардың Шораяғының өзі де:
«Сөйлеуге табылмады сөздің ізі,
Шықпады кембағалдан шын қырмызы.
Бұл күнде мәдениет жолын біліп,
Қазақтың дана болды ұл мен қызы.
Бастағы «бағалының» базары айнып,
Бақсының секілді құр қобызы . . . »,
- деп бастайды кіріспеде кеңес үкіметінің орнап, шын «бағалының» басынан бақ ауғандығын меңзейді. Керек десеңіз, олар сол кездегі әлеуметтік жағдайды, халықтың психологиясын астарлап айтады.
« . . . Бірлікте бүтін дүние десек-тағы,
Аласөт жұрттың көңілі дәмі-тұзы,
- дейді. Бұл арқылы «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер» деген кеңестік ұранның қаншама айтылғанымен, халықтың көңілі ала болып, тыншымай жүргенін айтқаны деп білеміз.
Қазақ тұрмысында жануарларды мысалдай, болмаса, олардың тірлігіне адам бейнелілік қалпымен шендестіру арқылы ұлтттық ерекшеліктерді танытса, екінші жағынан ақынның көркемдік шеберлігінің нақты айғағы бола алады. Мұнда табиғат болмысымен жануарлар тіршілігінің үндес шығармалар туралы академик Р. Нұрғалиев: « . . . Қазақ әдебиетінде жануарлар тіршілігін қаузаған шығармалардың көбеюі - өнердің даму процесінен туған заңды құбылыс. Себебі, ықылым замандар бойы еркін, сахара төсінде табиғат аясында тірлік кешкен көне халықтардың бүгін түлеу, қанат қағу кезеңінде өмір сүріп отырған суреткері - өз елінің тұрмысындағы ашық бояу - айқын колоритті көрмесе, бейнелеу алмаса несіне жазушы атанбақ», - деп тұжырымдайды. /6. 147/.
Бұл орайда Тұрмағамбеттің, Шораяқтың Омарының, Кете Жүсіптің шығармаларын мысал айтыстың шоқтығы биік, мазмұны терең деп білеміз.
Сонымен, мысал айтыстар:
- Заманның кереғар болмысына (Шораяқтың Омарының «Көкқұтан мен шымшық») ;
- Дүниедегі жаратылыстың әділетсіз құбылыстарына (Тұрмағамбет Ізтілеуовтың «Қарашекпен мен қасқыр») ;
- Ақынның жеке басының талап-тілектеріне орай (Ж. Үрімқұлов «Жұманазар мен домбыра» ) құрылады деп бөліп қарастыруға болады. /7. 16/.
Жазба айтыстардың талабы мен тілегі ауызекі айтыстарға қарағанда, күрделене түседі. Жазба айтысқа қатысушының шеберлігіне қиялы, қиялына білімі, сауаты сәйкес келгенде ғана сөз жарастыра алатындай, ой асырып айтатындай дәрежеге жетеді. Сонда барып, нағыз жазба айтыстың шыңына көтеріле алады. Жазба айтыста жол-жөнекей сөз айтып салу, не болмаса өзі ойлағанын негізсіз қалайда солай болу керек деген аптықпа, асығыс пікірлерге, сезімге орын жоқ.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz