Термин ұғымы


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 53 бет
Таңдаулыға:   
  1. ТЕРМИН ҰҒЫМЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖАСАЛУ КӨЗДЕРІ

Термин - ғылыми немесе өндірістік - технологиялық ұғым атауы болып табылатын арнайы қолданыстағы дефинициясы (ғылыми анықтамасы) бар сөз немесе сөз тіркесі.

«Термин» атауының әр кезеңде ұлт тіліне түрліше аударылып, оның бірнеше баламасы ұсынылады. О баста қазақ терминологиясы дамуының Байтұрсынұлы кезеңінде «пән сөз» деп аталды. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жарық көрген алаш оқығандарының еңбектерінде, сол жылдардың мерзімді басылымдарында осы термин жиі қолданыла бастаған еді. АБайтұрсынұлы да «пән сөзі» деп қолданған. Елдес Омарұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Халел Досмұхамедұлдарының еңбектерінде де осы атау пайдаланылды. Е. Омарұлы 1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде жасаған баяндамасы «Қазақша пән сөздер» деп аталса, А. Байтұрсынұлы 1926 жылы Бакуде өткен бүкілодақтық конференциясында жасаған баяндамасында «пән сөз» терминін қолданған. Білім ордасы бекіткен терминдер сөздігі 1927 жылы Н. Қаратышқанұлының құрастыруымен «пән сөздері» деген атпен жарық көрді. Бұл атау сол қалпымен бірізді қолданыла бергенде қазіргі күнге дейін қалыптасып, төл терминдеріміздің бірі болып та кеткен болар еді. Алайда отызыншы жылдардың бас кезінен бастап терминологияны халықаралықтандыру, орыс тілінің терминологиясын үлгі етіп алу бағытына бет бұрғандықтан, «пән сөзді» - «термин» атауы алмастырды. Дәлірек айтқанда, ұлттық терминқорды қалыптастыруда Ахаңдар ұстанған бағыттан өзге жолды таңдап, сол жолдың прогресшілдігіне сенген қазақ совет оқығандары, терминология тізгінін ұстаған ғалымдар, мамандар алмастырды. Отызыншы жылдардан бастап тоқсаныншы жылдарға дейін «термин» сөзі барлық әдебиеттерде баламасыз бірізді қолданылып келді. Елдегі орныққан тілдік жағдаят пен терминологияны дамытуда ұстанған қағидаттарымызға сәйкес отызыншы жылдардан кейін оны ұлт тіліне аударуды, оған қазақша балама табуды ойлап көп ешкім бас қатыра да қоймады. Уақыттың талабына бағыну, заман ағымынан шықпау - жаңаша жол іздеуді, қандайда бір өзгеріс жасауға талпынуды қажет етпейтіні белгілі. Сол себепті бұл сөз аталған кезеңде (1930-1990 жылдар арлығы) білім алған екі-үш ұрпақтың құлағына құйылып, санасына сіңіп, үйреншікті атауымызға айналды десек те болады.

Отызыншы жылдары «пән сөз» терминінің «пән атаулары» деген нұсқасын қолданған жекелеген зиялылар да болды. Мысалы, Әлкей Марғұлан 1930 жылғы «Еңбекші қазақ» газетінің наурыз, сәуір айларында жарық көрген бірнеше сандарында (№60, 64, 72, 73, 75, 82. 87) «Осы пән атаулары дұрыс па?» деген атпен жұртшылық талқысына көптеген терминдерді ұсынды. Бірақ бұл атау жаппай қолданыла қоймады. Сондай ақ сол жылдары «пән атаулары» терминінің пәнге қатысын көрсетпей ақ «атау» түрінде қолдану да болды. Мысалы, 1931 жылы Халық ағарту комиссариаты білім кеңесінің терминология комиссиясы бекіткен терминдерін «Атаулар сөздігі» деген атпен шығарды. Осыдан былайғы уақытта, яғни 30 жылдардың басынан бастап «термин» жаппай қолданысқа көше бастады. Совет халқына ортақ терминологиялық қорды қалыптастыру бағыты белгіленгендіктен, бізде ғана емес өзге ұлттық республикаларда да бұл атау біркелкі қолданыла бастады. Сонау 20-30 жылдардан кейін «термин сөзіне қазақша балама табу, оны қазақтың төл сөзімен атау мәселесі араға 60-70 жыл салып барып, тек 90- жылдары ғана қайта сөз бола бастады. Кеңес одағын құраған ұлттық республикалар тәуелсіздіктерін жариялап, тілдері мемлекеттік тіл мәртебесін алуына байланысты сол кеңес дәуірінде қалыптасқан терминқорға да жаңаша қарау көрініс береді. Дәл осы соңғы он-он бес жыл көлемінде «термин атауына байланысты түрлі ұсыныстар айтылды. Ұсыныс білдірушілердің арасында отызыншы жылдарға дейін қолданыста болған «пәнсөз» немесе «атау» терминін қайта жаңғыртып қолдануды ұсынушылар да, «термин» атауын қалдырған дұрыс деушілер де, «аталым», «атаусөз», «ұғымсөз» сынды жаңа баламалар жасап ұсынғандар да болды. Сондай ақ сөз болып отырған атауды 30-жылдары фонетикалық өзгеріске ұшыратып «термін» түрінде қолданғандар да болды, бүгін де осы нұсқаға тоқталғанымыз дұрыс деп санайтын мамандар бар.

Сонымен ғасырға жуық уақыт аралығында арнаулы лексиканың бірлігі болып табылатын бір ғана ұғым атын - пән сөз, пән атаулары, атау, аталым, атаусөз, ұғымсөз, термин, термін, термен түрінде тоғыз түрлі нұсқада атау жөнінде ұсыныс жасалып, олардың бірнешеуі әр кезеңде қолданыс тапқан екен. Бұлардың арасында нақты қолданыс тапқандары - пән сөз бен термин. Қалғандары жеке авторлар қолданысы мен кейбір басылым беттерінде ғана ұшырасқаны болмаса, жалпы қолданысқа көше алмады. Ал ұғым мазмұнын қамту жағынан да ретімен атар болсақ, пәнсөз, термин, атау сөздерін атауға болады.

Жалпы термин жөнінде нақты мыналарды айтуға болады.

1. Терминдер негізінен сөз немесе сөз тіркестері болады (кейде сөйлем түрінде де кездеседі) .

2. Терминдер негізінен тілдік бірліктер (символ-сөз, сан, географиялық таңба түріндегі терминдер де бар. Бірақ терминологиядағы олардың үлес салмағы термин-сөздерге қарағанда әлдеқайда төмен) .

3. Термин - белгілі бір терминологияның мүшесі (А. А. Реформатский) .

4. Термин деген - ұғым аты.

5. Терминнің міндетті түрде дефинициясы болады.

6. Терминдердің негізгі басым бөлігі жалпы есімдер, сөз табына қатысы жағынан зат есімдер болады.

7. Терминдер атауыштық қызмет атқарып, негізінен ғылым тілінде, арнаулы сала шеңберінде қолданылады.

Бұл аталғандарды терминтану саласындағы ғылыми еңбектердің көпшілігінде аталып көрсетілген, мамандар мойындаған терминнің басты белгілері деуге болады. Терминтану саласындағы зерттеу еңбектерінде, лингвистикалық ғылыми әдебиеттерде терминнің өзге де қасиеттері, өзіндік қырлары мен ерекшеліктері аталып жатады.

Термин құрамы жағынан түбір сөз де, туынды сөз де, күрделі сөз де, терминологиялық тіркес те болуы мүмкін.

Жалпы «Термин қандай болуы керек?» деген сұрақ қойылғанда оның мағынасы ұғым мазмұнын дәл қамтуы тиіс, қысқа да нұсқа болуы керек, бір мағыналы болуы керек, жарыспалылықтан, синонимдерден ада болуы керек деген көп керектерден тұратын талаптар қойылып жатады. Жалпы терминнің қандай болуы керектігі деген жөнінде айтылып, жазылып жататын талаптар аз емес. Тіл мамандары мен терминтанушылардың көпшілігінің еңбектерінде атап көрсетіліп жүрген терминге қойылатын талаптар мыналар:

1. Терминнің бірмағыналылығы. Терминнің негізінен бір арнаулы сала ішінде ғана бір мағынаны білдіруі, синонимдердің болмауы. «Бір таңбаланушыға - бір таңба, бір таңбаға - бір таңбаланушы» сәйкес келуі керек деген қағидаттан туындаған бұл талапты орындауға салалық мамандардың қай қайсысы да мүдделі. Кейде бұл талаптың да орындалмай қалып жататындығын кездестіруге болады.

2. Термин мағынасының дәлдігі. Термин атаудың өзі белгілейтін ұғымның мазмұнын қамтып, ұғымның негізгі басты белгілерінің термин мағынасы арқылы берілуі. Терминологиядағы шарттылық тұрғысынан келгенде бұл талап та үнемі орындала бермеуі мүмкін. Біз термин мағынасының дәлдігі туралы сөз қозғағанда бұл талапты оның дефинициясының дәл берілуіне қатысты қойған дұрыс деп пайымдаймыз.

3. Терминнің қысқалығы немесе ықшамдылығы. Бірнеше сөздің тіркесуінен тұратын көп сыңарлы терминді ұғым атауы ретінде, атаусөз ретінде қолдану қолайлылық туғыза бермейді. Атау сөздердің қысқа да нұсқа болғаны жақсы ақ. Тіл үнемділікті ұнатады. Тіліміздегі көптеген көп құрамды тіркестердің лексикалануы, біріккен, кіріккен сөздердің пайда болуы, күрделі атаулардың ықшамдалуы осы үнем заңының талаптары. Алайда терминологияда бұл талап үнемі орындала бермейді. Терминологиялық тіркестер, терминдер жүйесінде көптеп кездеседі. Терминнің көп құрамдылығы оның кемшілігі емес, қайта ондай атаулардың ұғым мазмұнын дәл беру тұрғысынан артықшылықтары бар деп санайтын ғалымдар да бар. Бұл тұрғыдан келгенде «термин мағынасының дәлдігі оның қысқалығынан маңызды. Сондықтан да терминнің көп сыңарлы болуын оның кемшілігі деп есептеуге болмайды. Егер қандай да бір ұғым бір-бірімен өзара жақсы үндескен сөздерден тұратын тіркеспен аталса, онда ол терминнің жүйелілігін және сол ұғымның өзге ұғымдармен байланысын көрсетеді», -деген көзқарас та бар.

4. Терминнің тілдегі сөзжасам заңдылықтарына сәйкес келуі. Терминдерді негізінен жалпы әдеби тілдегі атау сөздер сияқты ұлт тілінің сөзжасам тәсілдерін пайдалану арқылы жасалады. Салалық терминдердің көпшілігі әр саланың ғалымдарының, практик мамандардың қаламынан туындайды. Салалық мамандардың барлығы бірдей ұлт тілінің сөзжасам тәсілдерін, тілдік заңдылықтарды, дыбыстардың тіркесімі мен қосымшалардың жұмсалу ерекшелігін, сөздердің тіркесу қабілетін жетік біледі деп айту қиын. Оның үстіне ұтымды атау жасау үлкен талғампаздық пен шығармашылық қабілетті қажет ететін күрделі жұмыс. Сондықтан да терминологияда сөзжасам заңдылықтарын қанағаттандыра бермейтін термин-сөздер ұшырасып қалып жатады.

5. Терминнің туынды сөз жасауға қолайлы болуы. Бұл талап терминнің ықшам болуы қажет деген талаппен үндеседі. Қазақ тілі жалдамалы тілдер қатарына кіретіндіктен неғұрлым қысқа, ықшам атауларға сөз тудырушы жұрнақтарды үсті-үстіне жалғау арқылы бір түбірден немесе негізден бірнеше туынды сөз, жаңа атау жасауға болады. Ал көп құрамды атаулар бұл талапқа жауап бере бермейді.

6. Терминде эмоционалдылық пен экспрессиялықтың болмауы. Жалпы ғылым тілі бейнелікті, образдылықты емес, әр ұғымды өз атымен атауды қажет ететін дәлдікті, нақтылықты қалайды. Сол себептен де ғылым тілінің негізін құрайтын терминдердің эмоционалдық тұрғыдан бейтараптық танытып, оларға экспрессияның тән болмауы талап етіледі. Терминге эмоционалдылық пен экспрессиялық жат емес деп санайтын тілші терминолог ғалымдар да бар. Солардың бірі В. Н. Прохорова «терминнің эмоционалдылығы туралы» деген мақаласында лексика-семантикалық жолмен жасалған терминдердің метаформалылығы мен метономиялылығы оның эмоциялылығын білдіреді . . . Сондай-ақ егер термин белсенді қолданыстағы эмоционалды сөздерден жасалса, онда термин де сол эмоционалдық бояуды сақтайды, - дейді.

7. Эстетикалық талаптарға сай келуі. Терминнің дыбысталуы айтуға қолайсыздық туғызбай, естуге жағымды болуы. Құлаққа қораштау естілетін, айтуға ауыр, қарапайым лексика, жаргон, арго сөздердің термин ретінде таңдалмағаны жөн.

Енді терминология деген ұғымға тоқталар болсақ кең мағынасында «адамның кәсіптік қызмет саласындағы қолданылатын арнаулы лексиканы қамтитын, тілдің сөздік құрамының бөлігі». Терминология - арнаулы сала ұғымдарының жүйелік ерекшелігін көрсете отырып, оның коммуникативтік қажеттілігін өтеуге қызмет ететін атаулар жиынтығы.

Терминология терминінің өзі көп мағыналы термин. Ғалымдар оның бес түрлі мағынаны білдіретінін көрсетеді.

1. Термин-сөздердің жиынтығы немесе жалпы көптеген саны белгісіз терминдер;

2. Қандай да бір сала терминдерінің (ұғымдары мен атауларының) жиынтығы;

3. Терминдердің жасалуы, құрамы мен қызметі туралы ілім;

4. Белгілі бір тілде қолданылатын белгілі бір білім саласы терминдердің жасалуы, құрамы мен қызметі және олардың басқа тілдердегі баламалары туралы ілім;

5. Жалпы терминологиялық ілім.

(Суперанская А. В. и др. С. 14)

Осы көпмағыналылықтан арылу мақсатымен болса керек, соңғы оншақты жыл көлемінде Ресей ғалымдары термин, терминология мәселелерін зерттейтін ілімді терминоведение деп атап жүр. Бізде де ұғымдар ара- жігінің бұлайша ажыратылуын қолдайды. Сондықтан да терминоведение атауын терминтану деп атап жүрміз. Тілдегі барлық терминдер жиынтығын - терминология, ал белгілі бір арнаулы сала терминдерінің жиынтығын - салалық терминология, ал общая терминология атауын - жалпы терминтану деп бір ізді атаған дұрыс болар деп ойлаймыз.

Терминологиялық лексиканың әдеби тілге қатысы туралы мәселеге деген ғалымдардың көзқарасы да бірдей болмай келгендігі белгілі. А. Суперанская және басқа ғалымдар ондай пікірлерді үш топқа жіктейді:

1. Терминология - әдеби тіл лексикасының құрамына кіретін бір бөлігі.

2. Терминология - әдеби тілмен аз ғана ортақтығы бар ұлттық тілдің дербес лексикалық бөлігін құрайды.

3. Терминология - ешқандай да тіл емес, ол жасанды таңбалардың жүйесі болып табылады.

Бұл үш түрлі пікірдің алғашқы екеуінің қайсысы дұрыс деген мәселе туралы ойлануға, пікір таластыруға болар, ал үшіншісінің ғылыми негізі берік деп айта алмасақ керек. Терминдердің негізгі басым бөлігі белгілі бір ұлт тілі негізінде жасалған сөздер (символ-сөз терминдерді қоспағанда) екендігін ескерсек, бүкіл терминологияны жасанды таңбалар жиынтығы деп оны тілден мүлде бөліп қараудың реті бар деп айту қиын. Ал алдыңғы екі көзқарасты жақтаушылардың да алға тартатын өзіндік деректері мен дәлелдері бар. Қазақ тіл білімінде соңғы жылдарға дейін тек «Терминология -әдеби тіл лексикасының құрамына кіретін бір бөлігі» деген пікір ғана орын алып келді. Екінші көзқарасқа назар аударушы зерттеушілер бізде соңғы кездері ғана пайда болды. Жалпы терминологияның әдеби тілге қатысы туралы мәселе әлі де тілші-терминтанушы ғалымдар тарапынан терең де жан- жақты зерттеуді қажет етеді.

Салалық терминологияға келер болсақ: Ғылым мен техниканың, өндіріс пен өнердің сан түрлі сондай арнаулы салаларындағы деректі және дерексіз ұғымдардың атаулары мыңдап саналады. Сондай белгілі бір арнаулы сала атауларының жиынтығын - салалық терминология деп атайды. Мұндай терминдер жиынтығын география терминологиясы, математика терминологиясы, музыка терминологиясы деп өз саласының атымен қосып нақтылап та атай береді. Бұл салалардың атауларын негізінен осы салаларды зерттейтін ғалымдар мен практик мамандар жасайды.

  1. Терминқор қалыптастыруда пайдаланылатын ішкі көздер

Қазақ тілінің «терминологиялық лексикасын құрайтын терминдену тәсілімен жасалған елеулі бөлігі - ұлттық әдеби тілдің құрамындағы жалпы қолданыстағы сөздер негізінде жасалған. Жалпы қолданыстағы сөздер терминденудің барлық жолдар арқылы терминдене алады.

Термин пайда болу үшін ең алдымен белгілі бір терминдер жүйесіндегі орны нақтыланған ұғым болуға тиіс. Ол ұғымның орнының нақтылану деп біз сол ұғымды өзге ұғымдардан ажырататын оның өзіне ғана тән айрықша белгілері мен қасиеттерінің анықталуының айтып отырмыз. Яғни, бұл ұғымның қамтитын шекарасын, көлемін анықтау деген сөз. Одан әрі айқындалған ұғымның басты белгілерін көрсете отырып, оның мазмұнын толық ашатын анықтама беріледі. Ондай анықтаманың немесе терминнің дефинициясының дәл болуы аса қажет. Егер терминнің дефинициясы дәл берілмесе, онда ұғымның мазмұны да солғын ашылады. Соған сәйкес ондай ұғымды сөзбен белгілеу кезінде де ауытқушылық кетеді. Терминнің дефинициясы ұғымның басты белгілерін, көлемін көрсету арқылы сол ұғымның өзі қатысты болатын арнаулы салада қаншалықты деңгейде игерілгендігінен, зерттелгендігінен хабардар етеді.

Ұғымдар жүйесіндегі орны айқындалып, басы ашылған ұғымның қамтитын ауқымын негізгі белгілерін дәл көрсететін ғылыми анықтама берілгеннен кейін, анықтамаға сүйене отырып, сол ұғымға өзінің мазмұнына сәйкес келетін атау беру (ат қою) қажеттілігі туындайды. Ұғымға ат қоюдың, яғни терминжасам тәсілдерінің бірі - терминдену болып табылады.

Біздің терминологиямыздың басым бөлігін орыс және еуропа тілдерінен енген терминдер құрауы себептерінің бірі - сол салаларда қызмет істейтін салалық мамандардың, ғалымдардың қазақ тілін білмеуінен немесе нашар білуінен, еңбектерін өз тілінде жазбауынан деп білеміз. Ана тілін білмейтін маманның өз тілінен (немесе өзге ұлт өкілінің өзі білмейтін тілден) ұғымға атау іздеп, бас қатырмайтынын дәлелдеп жатудың реті жоқ.

Осыдан қырық жылдан астам уақыт бұрын (1948 жылы) академик Нығмет Сауранбаев: «Кезек күтпейтін үлкен бір мәселе - қазақ әдеби тілінің терминологиясын жасау мәселесі . . . Барлық ғылымның терминдерін жасау өте қажет. Ал оны қазақ тілін білетін әрбір ғылымның мамандары жасай алады, яғни қазақ әдеби тілінің терминін жасау қазақ, интеллигенциясының міндеті» /2, 69-79/-деген болатын.

Қазақ интеллигенциясы қазақша ойлап, қазақша сөйлеп, өз еңбектерін қазақ тілінде жазғанда ғана ондай міндетті атқара алады. Ұғымды және сол ұғымға атау беретін тілді жақсы білгенде ғана форма мен мазмұн бірлігіне қол жеткізуге болады. Мәселен, аса көрнекті тілші ғалым А. Байтұрсынұлы жасаған зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, үстеу, етістік, шылау сияқты терминдердің санамызға сіңіп, қалыптасып кетуінің, өміршеңдігінің сыры - автордың білікті тіл маманы ретінде терминделуші ұғымдардың мазмұнын, олардың тіл жүйесіндегі орны мен қызметін терең білуімен бірге, өзі ғылыми ұғымдар атауларын жасап отырған қазақ тілін жоғары деңгейде меңгергендігінде жатқаны дау туғызбаса керек.

Терминнің іші мен сырты үндесіп, затына аты май келуі - термин жасаушының ұғым атауының біз сөз етіп отырған екі жағына бірдей мән беріп, оларды ұштастыра білу шеберлігіне тікелей байланысты.

Жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуіне көп ретте тілде бұрыннан бар ұғым мен терминологиядағы терминделуші ұғымның қандай да бір ұқсастықтары себепкер болып табылады.

Жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі өзге тілдердің әсерінсіз бір ғана ұлттық тілдің шеңберінде де, сондай-ақ өзге бір тілдің әсерімен де жүзеге асуы мүмкін. Өзге тілдің әсерімен терминдену дегенде біз қазақ тілінің өзінің лексикалық материалын пайдалану арқылы семантикалық калька тәсілімен термин жасауды айтып отырмыз. Ондай терминдердің өзіндік ерекшеліктері - олар бір жағынан өзге тілден алмасқандығы олардың семантикасы арқылы аңғарылып тұрады.

Мәселен, өсімдіктанудағы гүл бөліктерін білдіретін ескек, желкен, қайықша терминдері орыс тіліндегі весло, парус, лодочка терминдерінің негізінде семантикалық калька жолымен жасалған. Калькалаудың аудармадан басты ерекшелігі - қабылданушы тілде жаңа сөз пайда болып, ол сөздің мағынасы сол жаңа сөздің мағынасымен сәйкес келеді. Қазақ тіліндегі терминдердің елеулі бөлігі калькалаудың түрлі тәсілдері арқылы жасалған.

Терминологиядағы жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі арқылы жасалған терминдердің ендігі бір бөлігінің таңбаланушылары да, таңбалаушылары да өзінің жасалуына негіз болған сөзбен сәйкес келеді. Мұндай лексикалық қабаттың әдеби тіл жүйесі мен оның терминологиялық кіші жүйесіне бірдей қызмет ететіндігі айтылып жүр.

В. П. Даниленко сөздің әдеби тілден терминологияға ауысу барысында өзге ұғымды белгіленуінің нәтижесінде омоним туындауын сөз алмасу құбылысы десе, әдеби тілдегі сөздің терминологияға өтуі кезінде омоним пайда болмай, сөздің бір мезгілде екі жүйеге бірдей (жалпы әдеби тіл жүйесі мен оның терминологиялық кіші жүйесіне) қызмет етуін сөздің «екі жақты қызметі» деп, ондай лексикалық қабатты алғашқыдан бөлек қарауды ұсынады /3, 29/.

Әрине, аталған құбылыстардың арасында автор көрсеткендей айырмашылықтардың бар екендігі рас. Бірақ соған қарамастан, олардың ұқсас жақтары да жоқ емес. Сол ұқсастықтардың маңыздылығын негізге ала отырып, біз бұл аталған екі құбылысты терминдену процесінің жүзеге асуының екі түрлі жолы деп түсінеміз.

Біріншіден, терминденуші сөз екі түрлі жағдайда да жалпы әдеби тіл мен оның терминологиялық жүйесіне бірдей қызмет етеді. Омоним туындаған жағдайда сөз екі басқа ұғымды белгілегенімен оның дыбыстық жағы, яғни лексема екі жүйеге де ортақ. Мұндағы ортақтық деңгейінің әркелкілігін олардың арасын бөлудің негізгі шарты ретінде тануға болмайды. Сонымен бірге, бұл ортақтықты екі құбылыстың басын біріктіретін басты белгі деуден де аулақпыз. Осы тұста тілдік таңбаның екі жүйеге де ортақ болуына көп жағдайда терминденуші сөз атау болған әдеби тілде бұрыннан бар ұғымдардың арасында қандай да бір ұқсастықтардың (форма, қызмет, т. б. ) болатынын да ескерген жөн. Ондай ұқсастық болмаған жағдайда, сол терминделуші ұғымға ұлттық тілде бұрыннан бар сөздің атау ретінде таңдалуына ешбір мщтивациялық негіз болмаған болар еді.

Мәселен, перде деп әдеби тілде «есікке, терезеге, театр сахнасына құрылған шымылдықты» айтсақ, өсімдіктануда «көптеген өсімдіктердегі ауалы қуысты бөліп тұратын, жасушалардан құралған бөгет қабатты» айтады.

Мұндағы термин және жалпы қолданыстағы сөздің омоним болуына негіз болған екі ұғымның да бір нәрсенің арасын бөліп тұратын қызметтерінің ұқсастығы.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Іс қағаздарын жүргізу тарихы және жіктемесі. Құжат ұғымы және функциясы
Мектеп математика курсындағы ұғымдарды қалыптастыру
Деректануда құжат - арнайы ақпарат жеткізуге арналған объект
Іс қағаздарын жүргізумен таныстыру
Когнитивтік парадигмадағы терминология
Дипломатиялық құжат тілінің терминдері
Қазақ тіліндегі аударматану ұғымындағы терминдердің тілдік табиғатын семасиологиялық, ономасиологиялық және когнитивтік лингвистика тұрғысынан зерттеу
Аударма теориясындағы эквиваленттілік ұғымы
Педагогикалық білім берудегі дәстүрлер мен инновациялар
Биология пәні бойынша іс-тәжірибе
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz