Судьяның кәсіби мамандығының кейбір мәселелері


Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі

Қазақ гуманитарлық заң университеті

Қылмыстық құқықтық пәндер циклы

Садыкбаев Жалгас Муратбекұлы

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

Судьяның кәсіби мамандығының кейбір мәселелері

050301-Құқықтану

Астана, 2008 ж.

Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі

Қазақ гуманитарлық заң университеті

Қылмыстық құқықтық пәндер циклы

Қорғауға жіберілді:Цикл менгерушісі“”2008ж.:

Қорғауға жіберілді:

Цикл менгерушісі

“”2008ж.

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

Судьяның кәсіби мамандығының кейбір мәселелері

5 курс студенті Садыкбаев Ж. М.

Ғылыми жетекшіаға оқытушы Муйденова Ә. Қ.

Норма қадағалаушысы

Астана - 2008 ж.

Кіріспе

Дипломдық жұмыс Қазақстан Республикасындағы судьяның кәсіптік қызметі мен жарамдылығын және жұмысының сапасын зерттеп зерделеуге арналған.

Сот жүйесi мен қызметiн түпкiлiктi қайта құру, сот iсiндегi кәсiпқойлықты, тәуелсiздiктi баянды ете отырып, сот iсiн жүргiзу тиiмдiлiгін жоғары дәрежеге жеткiзу, бүгiнгi күннiң бірден-бір көкейкестi мәселесi болып табылады.

Қара қылды қақ жарып төрелiк айту кәсiби бiлiмi терең, адамгершiлiгi мол, тәжiрибелi, өресi биiк, қиянатқа жаны қас, адамдарға ғана лайық. Өмiрде болатын әртүрлi жанжалдарға тоқтам салып, жүгiнуге келген тараптардың талабын қанағаттандыру үшiн заңға негiзделген қаншама ақыл, тәсiл, дарын керек.

Сот пен судьяның адам мен қоғам алдындағы жауапкершiлiгi өте жоғары. Адам тағдырына байланысты билiк айту, үкiм (шешiм, қаулы) шығару оңай емес. Күрмеуi қиын сұрақтардың жауабын тауып, шынайы шындықтың түбiне жету үшiн арнайы бiлiм, кәсiби даярлық, зеректiк, қабiлет, мол тәжiрибемен қатар, заңдарды жетiк бiлу және оны дұрыс талдап, қолдана бiлу керек.

Қазiр қалың көпшiлiк бұрынғыдай атқарушы билiкке көп шағымданбайды. Арыз-шағымын айтып, соттарға жүгiнуге бейiм. Бұл сот билiгiне халық сенiмiнiң артқандығының белгiсi.

Қазақстан Республикасының атынан әдiлдiктi жүзеге асыратын орган - сот болса, судья - сот билiгiн жүзеге асыратын, ерекше өкiлеттi тұлға, мемлекеттiк билiктiң өкiлi.

Қорғауға шығарылатын негізгі тұжырымдар.

Судьялар институтының әлеуметтік табиғаты демократиялық және құқықтық мемлекеттің өзіндік ерекшелігіне байланысты болады. Ал демократиялық ерекшелік - сот төрелігін атқаруға сауатты, жоғары білікті маманды тартумен өлшенеді.

Демократиялық құрылымды жүзеге асыру адамдарды заңды құрметтеу рухында тәрбиелеуге, өмірлік талаптарды жетілдіруге мүмкіндік береді. Мұндай міндеттерді жүзеге асыруға, әсіресе, азаматтарды құқықтық тұрғыда тәрбиелеуде судьялардың қызметінің үлкен үлесі бар.

Ескеретін жайт, судьялар институтының шынайы табиғи құрылымын өзгертпей тұрып та, сот қызметіне әлеумет жағынан бақылау, қадағалау жасауды кеңейтуге әбден болады.

Өз зерттеуімізде мәселені нақ осылай қою негізінде қорғауға мынандай тұжырымдарды шығарамыз:

Шешімдерді айқындау мен қабылдау әр кезде судья білімінің, оның құқықтық санасының тиісті деңгейін танытады. Кез келген жүйенің жұмыс істеу тиімділігі оның шешімдерінің сапасы, білімнің дұрыстығы мен оның негізінде жатқан сенімділігінің келісімділігімен анықталады. Бұл мағынада судьяның құқықтық санасының немесе оның шешімдерінде көрініс табатын білімінің мәнділігі мәселесін зерттеу ерекше өзектілік маңызына ие болады. Егер осындай жағдай орнатылса, әрбір қылмыстық іс бойынша судьяның білімі заң талаптарына сәйкестендіріліп, сот қателіктерін жою проблемасы біраз шешіліп, әрбір қылмыстық іс бойынша сот толық мақсатына іс жүзінде жетеді.

Судьяның білімі деген түсініктің мәнін анықтау құқықтық сана механизміндегі іс жүргізуді шешудің орнын және оның бұл механизмдегі функцияларын белгілеуге мүмкіндік береді. Судья білімі жүйесі, олардың құқықтық санасы сот әділдігінің жалпы жүйесінде қызмет етеді.

Судьяның қылмыстық іс бойынша шешім қабылдауы білімнің үш блогынан тұрады: құқықтық және этикалық білімдердің жүйесі; судьяның қоғамдық кәсіби және күнделікті тұрмыстағы тәжірибесі нәтижесінде алынған білімдер; қылмыстық іс бойынша дәлелденетін деректі жағдайлар жөніндегі білімдер. Аталған блоктар нақтылы іс жүргізу шешімінде біріктірілген. Дегенмен, осыдан ерекше белгілеуге тура келетін маңызды жағдай туындайды. Сот актілерінде объективтенген судья білімінің жүйесі: істің қарастырылуына дейінгі судьяның құқықтық білімі; нақтылы іс бойынша дәлеледеу затына кіретін деректерді зерттеу нәтижесінде алынған білімдер жүйесінен тұрады. Бұл жүйелер соттың таным үрдісінде және шешім қабылдаудағы берілген басқа жүйелермен өзара қауымдасып, байланысады, сонымен қатар нақтылы іс қараудағы судья алған дәлелдемелік ақпараттарды реттейді.

Зерттеудің әдістемелік негізін қоғамдық, әлеуметтік, құқықтық құбылыстарды зерттеудегі қалыптасқан ғылыми ұстанымдар мен таным категориялары құрайды. Зерттеу барысында танудың құқықтық ғылым үшін қажетті әдістері мен амалдары кеңінен қолданылды. Олар: тарихи қисындық, салыстырмалы, талдау, сауал-сұрақ, статистикалық және тағы басқа әдіс -тәсілдер.

Зерттеу жұмысының деректік негізі. Жұмыстың теориялық базасын С. З. Зиманов, С. Н. Сәбікенов, Б. Ж. Абдраимов, Е. Б. Абдрасулов, Н. А. Абдиканов, Т. К. Айтмұхамбетов, А. Н. Ағыбаев, З. О. Ашитов, Л. Ш. Берсугурова, М. Б. Валиев, Н. О. Дулатбеков, Н. А. Ережепов, А. А. Исаев, А. Н. Жаилғанова, Б. Ж. Жүнісов, Қ. Ә. Мәми, А. С. Нұралиева, И. И. Рогов, С. Тыныбеков, Б. Т. Тұрғараев, Ш. М. Шарипов, К. Х. Халиқов және тағы басқа заңгер ғалымдардың ғылыми зерттеу еңбектері құрайды.

Сондай-ақ зерттеу жұмысының нормативтік-құқықтық базасын Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы, Қазақстан Республикасының Сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы Конституциялық Заңы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі, Президенттің Жарлықтары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жалпы отырысы мәжілісінің қаулылары құрайды.

Зерттеу жұмысының тәжірибелік құндылығы мен теориялық маңыздылығы.

Зерттеу барысында жасалған қорытынды тұжырымдар Қазақстан Республикасының Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы Конституциялық заңын, Қылмыстық іс жүргізу заңы мен құқық қорғау органдары туралы заңдарды жетілдіруге, жалпы сот билігі қатынастарын құқықтық қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік құқықтық актілерді жетілдіруге, жаңа актілер қабылдауға теориялық негіз бола алады.

Зерттеу жұмысының құрылымы мен көлемі. Дипломдық жұмыстың құрылымы ғылыми зерттеудің негізгі мақсаты мен міндеттеріне сай келеді. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, бес тараушадан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Көлемі қойылған талапқа сай.


І тарау. Судьяның кәсіптік қызметі мен құқықтық санасы

Қазақстан Республикасы Президентінің 12. 02. 1994 жылғы бекіткен қаулысымен Қазақстан Республикасында Құқықтық реформалардың мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік және қоғамдық тіршіліктің құқықтық негізін одан әрі нығайтудың, заңдылық пен құқық тәртібін сақтаудың, әділ сот, прокуратура, заң және ішкі істер органдарының жұмысын жақсартудың қажеттілігін атап көрсетті. Қоғамның заң аясын реформалаудың қажеттілігі қоғамның экономикалық және саяси жүйесін қайта құруды жүзеге асыруды оған барабар құқықтық инфрақұрылымды жасауды талап етуден болып отыр. Бұл ретте құқық реформасы республикадағы саяси және экономикалық өзгерістермен қатар және оларды ретке салынған шеңберде ұстап тұру үшін тіпті озып кетумен де жүргізілуі мүмкін.

Мемлекеттік және қоғамдық тіршіліктің құқықтық негізін нығайту жөніндегі судья қызметінің тиімділігін арттыру бірқатар объективтік және субъективтік қозғаушы күштермен келісілген, мұның қатарында судьялардың қылмыстық істерді қарау кезінде заңдылық режимін нығайту, заңдылық деңгейі мен сот шешімдерінің негізділігін, судьяның кәсіптік құқықтық санасымен қылмыстық сот өндірісіне қатысатын азаматтардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау, сот кепілдігін арттыру айрықша аталу керек.

Заңдылық пен құқық тәртібін орнықтыру сот органдары мен азаматтық, қылмыстық және басқа істерді қарау мен шешудегі олардың қызмет жүйесін дамытудың заңдылықтарының бірі.

Сот шешімдерінің қаулысына, олардың заңдылығына және қылмыстық іс бойынша негізділігінің механизмі, оның азаматтарды құқықтық тәрбиелеудегі роліне байланысты кешенді мәселелерді зерттеуге бағытталған аса мән-маңызы болады.

Судьяның әрбір шешімі - құқық қолданудың дербес актісін - мемлекеттік биліктің ерекше органы - сот шығарады. Сот шешімі өзінің жаратылысында әрқашанда құқықтық және өнегелік мазмұндағы белгілі жәйттарды, яғни, судьяның саяси, құқықтық, этикалық біліміне сәйкес бағасы мен таным-білім нәтижесі болып табылады. Кез келген шешімнің негізінде оны қабылдаған адамның (субъектінің) білімі жатыр. Қылмыстық іс жүргізу шешімдері негізінде алдын ала анықтау органдары, тергеуші, прокурор, судья немесе сот өздерінің толық құқықтық шеңберінде заңмен белгіленген тәртіппен іс бойынша туындаған сұрақтарға жауап береді, мұның бәрін заңмен белгіленген іс жүргізу пішініне енген құқық актілері деп тану жөн. Мұндай шешімдер белгіленген жағдайлардан және қылмыстық сот өндірісі міндеттерінің жетістіктеріне бағытталған іс әрекеті туралы биліктің ерік-жігерінен құралған.

Шешімдерді жасау мен қабылдау әр кезде судья білімінің, оның құқықтық санасының тиісті деңгейін танытады. Кез келген жүйенің жұмыс істеу тиімділігі оның алдына қойылған мақсат жетістігі едәуір дәрежеде шешімдердің сапасын, өз кезегінде білімнің дұрыстығы мен оның негізінде жатқан сенімділігінің келісімділігімен анықталады. Өзінің табиғатында ақпараттық құжат (акт) болған судьяның әрқилы және күрделі бағасының, ақпараттың әрқилы түрлерінің сенімділігі, құқықтық, этникалық білім мен зерттелетін қылмыс оқиғасының бүге-шігесі туралы олардың шешімдерінде бекітілуі тиіс білім нәтижесінде шешім қабылданады. Бұл мағынада судьяның құқықтық санасының немесе оның шешімдерінде көрініс табатын білімінің мәнділігі мәселесін зерттеу ерекше өзектілік маңызына ие болады. Егер біз осындай жағдайды орната алсақ, әрбір қылмыстық іс бойынша судьяның білімі заң талаптарына сәйкестендірілер еді, онда сот қателіктерін жою проблемасы шешіліп, әрбір қылмыстық іс бойынша соттың барлық мақсатына іс жүзінде жетер едік. Тәжірибелік тұрғыдан фактілер туралы ақпаратты және қайсыбір сот актісінде шешілуге тиіс мәселелерді қандай жолмен алынғандығын зерттеу - дұрысында сот шешімінің заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз етудің субъективті қозғаушы күші ролін зерттеу.

Сот шешімдерінің стандарты нормативті реттелген, қылмыстық іс жүргізу құқықтық нормаларымен бекітілген, ал олардың мазмұны құқықтық және сондай әлеуметтік нормаларымен белгіленген. Осыдан - көрсетілген механизмді оқып-зерттеу қажеттілігі туындайды. Әділ сот мақсат-міндеттерінің теңдігін қамтамасыз ететін шарттар судьяның құқықтық санасы, оның саяси, кәсіптік, тұрмыстық тәжірибесі және процессуалдық шешімдердегі шоғырлануы мен қаралатын қылмыстық істің бүге-шігесін сеніммен оқып-зерттеу нәтижесінде алынған білім болып табылады. И. Л. Петрухин, Г. П. Батуров, Т. Г. Морщакова жүргізген зерттеулер құқық санасы заңдылықпен, негізділікпен және ол қабылдаған процессуалдық шешімдердің әділдігінің тығыз байланысын көрсетеді [49-50] .

Соңғы жылдары заңнаманы жетілдіру жөнінде үлкен жұмыстар жүргізілді. Сонымен бірге, бірсыпыра тиімді және өзекті нормативтік актілердің пәрмені тұрғындардың жекелеген бөлігі мен мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің құқықтық санасы деңгейінің әлі де ойдағыдай деңгейде еместігінен болып отыр. Бұл кемшіліктерден арылу - ұзақ уақытты, табандылықты және мұндай құбылысты жою үшін жан-жақты бағалауды талап ететін күрделі үрдіс.

Судья қызметін зерттей келе Н. В. Радутная судья қызметтің мына түрлерін жүзеге асырады деген қорытындыға келді: жобалаулық - сот талқылауын жобалау; танымдық - сот ісін қарастыру; коммуникативтік - сот ұжымымен, сот құрамымен келісімділік қарым-қатынаста болу [51, с. 45] .

Келтірілген жіктелімде кәсібі бойынша судьяға сот талқылауына жетекші ету міндеті жүктелген, әрі бұл әділ сот қызметін атқаруда судья үшін қызметтік міндеті болып табылады. Судьялар кәсібі бойынша шешімдер қатарын өз бетінше немесе тұрақты судьялардан тұратын алқада (аппеляциялық және қадағалау инстанциясы) қабылдайды. Судьяның кәсібі бойынша білімдердің қалыптасу үрдісін оқып білмей, мысалы, бірінші инстанцияның сотында шешім қабылдау механизмін табысты зерттеу мүмкін емес. Н. В. Радутная ұсынған судья қызметінің түрлерін жіктелімдеуді талдап, Н. В. Кудрявцев судьямен қабылданған шешімдер мен ол іске асырған әрекеттер тек кейбір жағдайларда ғана судьяның өз еркін көрсетеді деген ойға ерекше назарын аудартады. Қызметтің басқа да түрлерінде судья сот алқасының ұжымдық тәжірибесін жинастырады немесе үйлестіреді, ұжымдық шешім қабылдауға қатысып, өз позициясын басқалардың позициясымен сәйкестендіреді, байланыстырады. Судья қызметін жүзеге асыруда материалдық және іс жүргізу заңында бекітілген жалпыхалықтық еріктің маңызы зор [52, с. 150] . Сонымен бірге, қызметтің бұл барлық түрлерінде судьяның кәсіби құқықтық санасы көрініс табады.

В. Н. Кудрявцевтің лауазымды тұлғалардың құқықтық мінез-құлықтарының шығу тегі мен шарттарын жасаудағы едәуір салмақты үлесі және лауазымды тұлғалардың құқықтық мінез-құлқының негізгі мазмұнын құрайтын құқық қолдану қызметі құқықтық нормаларды жүзеге асырудағы дұрыс құрастырылған механизм - құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің жоғары дәрежесін талап етеді.

И. Л. Петрухиннің, Г. П. Батуровтың, Т. Г. Морщакованың, Н. В. Радутнаяның жұмыстарында кең ауқымды әлеуметтік зерттеу материалдары негізінде судьялардың жеке қасиеттері, олардың зиялылық, сипаттамалық, коммуникативтік қасиеттері, сонымен қатар, өзін-өзі бағалаудың ерекшеліктері талданған [49-50] .

Судьялардың кәсіби құқықтық санасының талдауын қарастырмақ бұрын, судья білімдерінің сипаттамасына, өз көрінісін іс жүргізу шешімінде табатын, оның заңдылығын, дәлелдігін және әділдігін айқындайтын білім түрлеріне тоқталу қажет.

Қылмыстық оқиғаның сотталушыға айып артылған деректі жағдайлары туралы судьяның білімі күнделікті құқықтық, этикалық терминдерде құрастырылған және ол жеке қылмыстық оқиға (қылмыстың оқиғасы) мен одан пайда болатын құқықтық зардаптарының дәлелденуінің (дәлелденбеуі) баяндалуы болып көрінеді. Бұған қоса судьяның білімі - нақтылы нәтижеге жетуге ұмтылатын (немесе ұмтылу керек) қызметтік жүйе. Басқаша айтқанда, соттық білім - танымдық қызмет пен судья (немесе судья құрамының) ойлауының өнімі. Оның қалыптасуы үрдісінде іс бойынша пайда болған сұрақтарды шешу үшін оның объективтік мағынасына сәйкес ақпараттарды сапалы іріктеп алу жүргізіледі. Судьяның білімі іс бойынша оның шешімдерінде қалыптасатын объективтік ақиқаттың деректерінің сот талқылауында зерттелетін әлеуметтік және құқықтық мәнін айқындайды. Қылмыстық сот ісін жүргізу аясында соттық шешімнің сипаты импровизациялық емес, ол шешімнің шығарылуының алдын ала белгілінген шығару рәсіміне бағынады. Соттық актінің мазмұны (мәні) судьялар өз шешімінде жауап берген құқықтық сұрақтарды әділ шешу үшін соттық білімнің заңдылығы мен дәлелдігі сияқты алдын ала анықталған белгілер негізінде бағалануы тиіс. Әр соттық шешім сананың белгілі нәтижелеріне негізделген, тағы ол судьяларда қалыптасқан эмпирикалық құқықтық пен этикалық түсініктердің нақтылы жүйесінде объективтік шындықтың бейнесін белгілейді. Фактілерді таңдау өз бетінше жүргізілмейді, ол соттық таным үрдісінің нақтылығын реттейтін қылмыстық және қылмыстық-іс жүргізу нормасында берілген. Соттық танымның өзгешелігі мынада: танымдық үрдіс объектіден (қылмыстық іс бойынша дәлелденетін жағдайлар) субъектіге (судьяларға) үздіксіз ауысу қозғалысында ашылады, соның нәтижесінде судьяда сот талқылауында зерттелетін объективті шындық құбылыстарының көрінісі қалыптасады.

Қылмыстық іс жүргізу қызметі барысында бірқатар факторлар заң талаптарына сайма-сай соттың фактілерді анықтаудың мәнді мазмұнын енгізеді. Бұл факторлардың іс бойынша ұсынылған болжауларды, судьяның құқықтық санасы мен құлықтылық санасының дәрежесін, оның кәсіби тәжірибесін, оның тұлғасының кәсіби және өмірлік бағыттылығын, сонымен қатар, істің деректі жағдайларының зерттелу толықтығын жатқызуға болады. Дәл осы факторлар сотта қалыптасатын сотталушының қылмыстық мінез-құлқының сезімтал және рационалдық бейнесінің өзгешелігін шарттайды. Оның үстіне материалдық және іс жүргізу заңы қылмыстық іс бойынша анықталған деректі мәліметтерімен қылмыстық іс бойынша туындайтын деректі және құқықтық мәселелерді сайма-сай шешу үшін айқындалған болып табылатын құқықтық белгілердің мәнді мазмұнын ұйымдастырады. Осылайша қылмыстық іс бойынша дәлелдеу заты - бұл нағыз ақиқаттың қажет үзінділері туралы заң шығарушының объективті білімі, оның анықталуынсыз нақтылы қылмыстық іс бойынша әділ соттың әлеуметтік мақсаттары мен міндеттерімен, әр іс бойынша объективтік ақиқатты анықтау міндетімен шартталған.

Іс жүргізу әдебиеттерінде қарастырылатын түсініктің мазмұнына қатысты бірнеше пікірлер бар [53-56] .

Берілген түсініктердің едәуір көңілге қонымды анықталуын А. М. Ларин келтіреді. «Дәлелдеу заты - бұл істі шешу кезіндегі қылмыстық, азаматтық, қылмыстық іс жүргізу құқықтарының нормаларын қолдану үшін, сонымен бірге, қылмыс жасауға мүмкіндік туғызатын себептер мен жағдайларды жою үшін негіз болып табылады» [57, с. 16] .

ҚР ҚІЖК-де мына жәйттарды дәлелдеу ескертілген: қылмыстың оқиғасын (орны, уақыты, тәсілдері мен басқа да жағдайлары) ; қылмысты жасаудағы айыпкердің кінәлілігі мен қылмыстың себептерін; айыпкердің жауапкершілігінің сипатына әсер ететін мән-жайлар, сонымен қатар, айыпкердің тұлғасын сипаттайтын басқа да мән-жайларды қылмыспен келтірілген зардаптардың сипаты мен көлемі, кәмелетке толмағандарды істері бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудағы айқындауға болатын жағдайлардың өзгешелігіне қатысты дәлелдеу затының алуан түрлілігі ҚР ҚІЖК баптарында көрсетілген.

Судьялардың аталған жағдайларын түсіну өзгешелігінің мәні мына жағдайларда: алғашында өзінің кәсіби құқықтық санасының негізінде судья, оның жеткіліктілігі мен заңдық дұрыстығы тұрғысынан алдын-ала тергеу органдары білімдерін меңгеріп алады, содан кейін сот талқылауының барысында судья жаңа деректерді ұғынады және меңгереді, сонымен қатар, олардың алдын ала тергеу органдарымен анықталуының дұрыстығын тексереді.

Сот сатыларында судья бір жағынан, қылмыстық іс бойынша дәлелденетін мән-жайларды танып-біледі, басқа жағынан, ол тергеуші, прокурор мен іс жүргізушінің актілерінде жинақталған білімдердің сенімділігін тексереді, басқаша айтқанда, болып өткен іс жүргізу сатысында алынған және соттық танымда орын басушы білімдер ретінде шығатын білімдердің дәлелдемелік және құқықтық дұрыстығын реттейді. Сондықтан, қылмыстық іс жүргізудің сатыларында қылмыстық іс бойынша дәлелдеу заты қоғамға қауіпті әрекеттер (әрекетсіздік), тұлғаның айыптылығы, қылмыс жасаған адам, ҚІЖК-де көрсетілген басқа да жағдайлармен қатар өткен қылмыстық сот сатыларына, сәйкес іс жүргізу актілерінде объективтіленген танымның нәтижелерінің дұрыстығынан тұрады.

Қылмыстық іс бойынша танымды қорытындылайтын іс жүргізу актілерінде тергеуші немесе судьялармен танылған нағыз шындық деректерінің идеалды бейнесі объектіленеді , сонымен қатар, автор берілген жағдайда бұл актіде бейнеленген және әлеуметтік деректің гносеологиялық мәртебесі бар білімдердің сәйкестілігі жайлы ой қозғалып жатыр деген жәйтті елемейді. Мұнда мәселені дұрыс түсінуді қиындататын әртүрлі түсініктер шатастырылады. Философия мен логикада идеалды объектілердің астарында біздің әлемде жоқ, бірақ өзінің бейнесі бар объектілер аңғарылады. Қылмыс пен оның салдары өткен іс жүргізу қызметі мен оның нәтижелерінің заңдылығы сияқты, демек, оларды біздің әлемде жоқ объектілер тобына жатқызуға болмайды деген дәлелдемеге сүйенудің қажеті жоқ. Өзінің гносеологиялық маңызында қылмыстық үрдістің өткен сатысындағы таным нәтижелерінің дұрыстығын бақылау мәні нақтылы іс жүргізу актісінде объектіленген білімдердің заң талаптарына (оның сенімділігі, заңгерлік дұрыстығы) сәйкестігін тексеруінде. Сондықтан, берілген акт оны танитын субъектіге (судьяға) қатысты идеалды объект ретінде қарастырмайды. Ол қылмыстық іс бойынша дәлелдеуге жататын жағдайлар туралы тергеушінің, прокурордың, судьяның алған білімдерін бекітудің ерекше формасы сияқты деректің гносеологиялық мәртебесіне ие болады.

Қылмыстық іс бойынша дәлелдеу заты судья сот ісін жүргізудің нақтылы сатысында қылмыстық істі қарастыру бойынша сот қызметін қорытындылайтын заңды және дәлелдемелік шешім қабылдау үшін соттық танымның нәтижесінде алынатын орнықты білімді жүйелейді.

Осылайша, жасалынған қылмыстың мән-жайларын танып-білу барысында судья қылмыстық іс бойынша дәлелдеу затына жататын деректердің бар немесе жоқтығы жөнінде жеткілікті және сенімді білім алуы тиіс.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан Республикасындағы судья мәртебесінің өзекті проблемалары
Қазақстан Республикасындағы судья мәртебесінің өзекті мәселелері
Судьяның тәуелсіздігі және оның тек қана заңға бағынуы
Әлеуметтік құқықтық саясатының түсінігі
Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі
Қазіргі заманымыздағы құқықтық сана
Бірінші сатыдағы сотта қылмыстық істі қарау
Азаматтық сот өндірісіндегі сот актілері
Азаматтық қоғам институттарын дамытудың кұқықтық негіздері
Қазақстан Республикасындағы соттарды мамандандырудың басты кезеңдері мен мақсаты
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz