Шәкәрім және Хафиз: өнер философиясындағы үндестік


Шәкәрім және Хафиз:
өнер философиясындағы үндестік
Жоспар
I Кіріспе
Шәкәрім мен Хафиз байланысы өнер философиясының аясында
II Негізгі бөлім
Хафиз бен Шәкәрім арасындағы шығармашылық бірлік
- Қожа Хафиз туралы бірер сөз.
- Хафиз және Шәкәрім шығармаларындағы рухани үндестік.
- Хафиз және Шәкәрім шығармаларындағы көркемдік-эстетикалық үндестік.
III Қорытынды.
Қазақтың сөз өнері қайнар бастауынан беріде Шығыс әдебиетімен етене байланыста екені қазіргі ғылымға белгілі. Шығыстық сюжеттердің қазақ әдебиетін жан-жақты дамытуға қосқан әсер-үлесі айтарлықтай. Түп негізі Шығыстан шыққанменен ұлт әдебиетінің қазынасына айналған шығармалар аз емес.
Шығыс әдебиетінің жауһар мұралары халқымызға қадым заманнан белгілі. Араб, Парсы елдерімен ежелден-ақ терең тамырлы мәдени, рухани байланысы бар қазақ даласына Ғазали, Рудаки, Омар, Руми, Низами, Сағди, Жәми сынды шығыс шайырлырының есімі түркілік дәуірлерден таныс.
Әсіресе өзінің ақындық ғұмырын:
«Физули, Шәмси, Сейхали,
Навои, Сағди, Фердауси
Хожа Хафиз - бу һаммаси
Мәдәт бер шағири фарияд» - /1, 36/
деп бастаған Хакім Абай мен оның ақындық мектебінен түлеген шәкірттерінің шығармаларында Шығыспен байланыс айқын ажар береді.
Абайдан соң шығармашылығында шығыс үлгілерін шебер қолданған - бұл Шәкәрім ақын. Әсіресе Шәкәрім үшін ең жақыны парсы поэзиясы болатын. Парсы ақындарының шығармаларын Шәкәрім еркін игерді. /2, 39/
Сондай ақындардың бірі - Қожа Хафиз Ширази.
Шәкәрім мен Хафиздің байланысы - бұл көрнек өнерінің құдіретімен қасиетті құндылықтарды ұлықтатаған қос ақынның шығармашылық бірлігі. Мұндай бірлік, яғни әр елде, әр дәуірде өмір сүрген екі ақынның рухани, идеялық, тіпті көркемдік көзқарастарының үндес болуы - бұл кездейсоқ не таңғаларлық дүние емес. Бұл адами құндылықтар мен ұлы мұраттардың, кемеңгер ойлардың қашанда баршаға ортақ болуымен түсіндіріледі. Бастысы бұл бірлік жан-жақты зерттелуі тиіс. Біріншіден, ақын болмысын, сол арқылы ұлт болмысын тану үшін, екіншіден, әдеби байланыстардың барысын білу үшін, үшіншіден, мәдениеттердің жалғастығын түсіну үшін.
Шәкәрім мен Хафиздің шығармашылық бірлігін зерттеу - қазақ әдебиеттануының өзекті міндеті. Бірақ бұл бірлікті жалғыз ғана әдебиеттегі байланыс ретінде жалаң қарастыру мүмкін емес. Бұл бірлік - әдебиеттану ғылымының ғана емес, мәдениеттану ілімінің де зерттеу объектісі. Өйткені бұл - қос ақыл алыбының көзқарас бірлігі - тұтас дүниетанымдар, ұлттық дүниетанымдар үндестігі. Әр ақын өз алдына үлкен мәдени құбылысты өмірге әкелді. Әр ақынның шығармашылығы олардың ұлттық мәдениетке, шығыстық мәдениетке, әлемдік мәдениетке қосқан орасан үлестері. Көзқарастарының тоғысуы - мәдениеттердің тоғысуы.
Бұл бірлік - эстетиканың зерттеу объектісі. Көркемдік көру қуаты қарымды өнер иелерінің сөз қасиетін құлпырту шеберлігі. Мұндай шеберлікті зерделеу ақынның көркем бейне тудыру қабілетін ғана емес, дүниені көркем танудың жалпы табиғатын, ұлттық ерекшелігін ұғынуға мүмкіндік береді.
Сондықтан Шәкәрім мен Хафиз шығармаларындағы байланысты тек бір ғылым аясында қарастыру жеткіліксіз. Оны тек әдебиеттанудың объектісі деп алған күнде де әрі мәдени, әрі әдеби, әрі эстетикалық мәні бар өнер философиясындағы құбылыс ретінде зерделеудің маңызы зор. Өйткені «әдебиеттанудың өзі ғылым болғандықтан, ғылыми-логикалық ой-жүйеге тән жүйелеп талдауды, қисын-байланыстарды көре білуді, теориялық ұғым-түсініктерді айқындауды қажет етеді. Бұл ретте әдебиеттанудың зерттеу тәсілдері философия, логика, эстетика, психология сияқты ғылымдармен ұштасады. ». /3, 75/
Зерттеу жұмыстың тақырыбын «Шәкәрім және Хафиз: өнер философиясындағы үндестік» деп алудағы мақсат - Шәкәрім мен Хафиз шығармаларындағы терең байланысты, рухани әрі көркемдік-эстетикалық үндестікті ашықтау. Сол арқылы Шәкәрім ақын шығармашылығының сырлы әлемі сан қырлы екенін дәлелдеу. Кемеңгер ақынның шынайы шеберлігін таныту.
Сайын далаға есімі сұлу жырларымен жеткен шығыс шайырларының бірі - Парсы әдебиетінің жарқын жұлдызы - әлемге аты мәшһүр Қожа Хафиз. Толық есімі Хожа Шамсуддин Мухаммед ибн Мухаммед Хафиз Ширази 1308 жылы, хижра бойынша 727 жылы Шираз шаһарында дүниеге келген атақты парсы шайыры. Күллі Шығыс әлеміне «лисан аль-ғайп», яғни «ғайыптан қонған тілі бар» атанған Қожа Хафиз парсы әдебиетін жер жаһанға әйгіледі. Мұсылмандық мәдениеттің ең бір жарқын көрінісі ретінде танылған сопылық поэзияның теңдессіз үлгілерін берді.
Хафиз мұраларының ең маңыздысы - бұл оның лирикалық сипаттағы ғазалдары.
Ғазал - формалық жағынан қазақтың егіз ұйқасына ұқсас аа, ба, са, да . . . түріндегі ұйқасқа құралып, ақынның ішкі халі мен сезімін баяндайтын, шығыс халықтарының поэзиясында кең таралған өлең түрі . . . Негізінен, кемі үш, көбі 12 бәйіттен түзілетін бірыңғай ұйқасы бар өлең. /3, 120/
Бәйіт - (арабша «шатыр» деген мағынада) - қос тармақты өлең шумағы, өлеңнің ырғақтық негізі бір тармақ емес, қостармақ деп саналады. Араб, парсы, түркі тілдес халықтар поэзиясында қостармақ өлең үлгісі жиі қолданылады. Төрттармақ өлең екі бәйіттен құралады. /3, 104/
Хафиз - шығыстық ғазал жанрын шыңына көтерген бірегей шайыр. «Хафиздің үлгі өрнектері кейінгі парсы ғазалына мектеп қызметін атқарды. Хафизден кейінгі шайырлар ғазал жанрында оның биігінен әрі көтеріле алмады деген ойды әдебиеттанушы ғалымдар тұжырымдайды», - деп жазады шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей. /4, 32/
Хафиз ғазалдарының өзіндік құндылығы - олардың мазмұн мен форма жағынан тамаша үйлесім тауып, әрдайымғы сонылығымен, сұлулығымен ерекшкленуінде. Әрі «иллләһи» сарындағы (Хақиқатқа ғашықтық) сарындағы сопылық табиғаты да Хафиз ғазалдарына айрықша ажар, зор мағына беретіні сөзсіз.
«Илләһи» сарын орта ғасырлардағы араб, парсы, түркі әдебиетіне түгел ортақ. Мұсылман Ренессансы дүниеге әкелген бұл сарынның арқауында Аллаға деген Ғашықтық, пәктікке, тазалыққа, адалдыққа ұмтылу сияқты ұғымдар жатыр. Белгілі философ Ғарифолла Есім осы ғашықтық сарындағы орта ғасыр әдебиеті туралы былай деп жазады:
«Ғашықтық - адамдардың бір-біріне сезім, рух жақындығын білдіретін ұғым. :ашықтық құмарлықтан өзге жол. Шынайы өмірде, көбінесе, таза рухани көріністің үлгісі ретінде айтылады.
Ислам дінінде сопылық дүниетанымда Ғашықтық пенденің өзінің Жаратушысына шексіз ынтықтығын білдіретін ұғым. Сопы - Аллаға ғашық адм . . . Жаратушыға ғашықтық оның жаратқан дүниесіне ғашық болу деген түсінік». /5, 327/
Хафиздің саф алтындай туындылары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Батыста да, Шығыста да өлең сүйер, өнер сүйер қауым Хафиз ғазалдарына тәнті бола алады. Бұл жайтты парсы тілінде жарық көрген Мүсен Рамазанидың «Хафиз отыз тілде»еңбегі /Тегеран, 1988/ дәләлдейді.
Хафиздің сырға толы сұлу ғазалдарын төл даламыздың төсіне жеткізген, төл әдебиет төріне ендірген - қазақ ақыны - Шәкәрім.
«Науаи, Сағди, Шәмси, Физули бар,
Сайхарли, Қожа Хафиз, Фердоусилер . . .
Бәйітші елден асқан шешен болып,
Әлемге сөздің нұрын жайған солар», - /6, 235/
Деп жырлаған Шәкәрім бабамыз бен Хафиз шайырдың шығармашылық байланысын Мұхтар Мағауин былайша ашықтайды:
«Мен түріктің пәк сұлуын тәңіріме теңер ем, - Самарқан мен Бұқараны бетіндегі жалғыз меңге берер ем», - деп шалқи шырқаған махаббат жыршысы Хафиздің өзін жарысқа шақырған Шәкәрім қазақ поэзиясында мүлде соны бағытқа із салады. Өлең өрнегі де, сөз саптасы да үйреншікті қалыптан бөлек. Ежелгі Шығыс поэзиясын еркін игерген, қазақтың дәстүрлі лирикасы қара өлеңнің қасиетін жете таныған, Абай өнегесін, Абай тағылымын кәміл ұғынған жас ақын тілі ұстарған, өзіндік жол тапқан қас шебер екенін аңғартады. » /7, 9/
Шәкәрім - Хафиз жолдарын қазақ тілінде сөйлеткен тұңғыш тұлға. Ақынның «Көрініске шоқынған», «Кешегі басшы піріміз», «Кел, аяқшы, кымыз құй», «Ей, жарымыз, ай нұры», «Анық ерге жолдас бол», «Тұр, аяқшы, бер қымыз», «Көңіл жібі қолымнан», «Егер сүйікті ол бала», «Мәжілісіңде досыңның» деп басталатын өлеңдері Хафизден тәржімаланған. Шәкәрім ақын өз қолымен таныстыру сөзін жазып, 1918 жылы «Абай» журналының 3-санында «Көрініске шоқынған» өлеңін жарыққа шығарды, қалғаны сол тұстарда халыққа мәлім болғанмен, өзінің көзі тірісінде жарияланған емес.
Шәкәрімнің Хафиз жырларына жасаған тәржімалары қазақ әдебиеттануының айдынында аз зерттелді деп айтуға болмас, құндылығы бағасыз бұл гауһарлар әлі де талай зерттеле түсетіні хақ. Күні бүгінге дейін тәржімаларды зерделегендер - Ө. Күмісбаев, И. Жеменей, А. Маралбек сынды әдебиетші ғалымдарымыз. Шәкәрім тәржімалары тікелей талданып, салыстырылып сарапталды да. Дегенмен олардың мән-мазмұнын, өзіндік ерекшелігінің қыр-сырын түрліше саралап, әр тараптан таныта түсуге болатыны шындық.
Шәкәрім тудырған тәржімалар - Хафиз өлеңдерінің жолма-жол, тура аудармасы емес, Шығыс дәстүріндегі «жауаптасу» жанры да емес, нәзирагөйлік жырлаудан да өзгеше. Бұл - нағыз түркілік дәстүрдегі тәржімалар. Сайын даланың тумысынан азат, рухы асқақ көшпенді жұртының төл ұрпақтарының түсінігіне сай нағыз төлтума шығармалар. Тіпті, түркілік дүниетанымға лайық туындылар десек те болады
Түркі жұртында Шығыс жырларын тәржімалау дәстүрі орта ғасырлардан келе жатыр. Шығыс классикалық әдебиетінің үлгілері XIII-XV ғасырларда ұлан-ғайыр қыпшақ даласына кеңінен тараған еді. Фирдоуси, Низами, Сағди сияқты шайырлардың шығармаларын Алтын Орда мен Орта Азия түркілерінің тіліне Құтып («Хұсрау уа Шырын»), Сайф Сараи («Гүлстан бит-турки»), Дүрбек сынды ақындар тамаша тәржімалай бастады. Олар түпнұсқа туындыларды түркілік ұғымға лайықтап, жанрлық, тілдік, көркемдік ерекшелігіне дейін ескере отырып, бірақ өзек-арқау, бастапқы мәннен алшақтамайтын, Ұлы даланың асыл қазынасына айналған шығармаларды өмірге әкелді. /8, 204/
Шәкәрім де көнеден жеткен рухани жалғастық - бірегей дәстүрден танған емес. Оның Хафизден қалам тербей тудырған тәржімаларында да жоғарыда аты аталған түркі дүниесінің ақындары салып кеткен сара жолдың іздері байқалады. Сол бір сарын аңғарылады. Мұны тәржімалар табиғатына үңіле отырып байқайсың.
Мәселен, Шәкәрімнің «Тұр, аяқшы, бер қымыз» өлеңіне мән берейік.
Тұр, аяқшы, бер қымыз.
Қайғыларға топырақ ат.
Шын сұлуды көр мінсз,
Неге керек өзге жат.
Пәлесіне дүниенің
Күні-түні сабыр қыл.
Таза болса мақсатың
Ақыры қолың жетер біл. /9, 275/
Шалыс ұйқасқа құралған 8 буынды екі шумақ өлең. Әрі көркем, әрі мағынасы да терең.
Бұл - Қожа Хафиздің 9 бәйітті ғазалынан тәржімаланған өлең. Тек Шәкәрім мұнда Хафиз ғазалының алғашқы бәйіті мен соңғы бәйітін ғана тәржімалаған. Бірақ бұл жайт Шәкәрімге айтар ойын жеткізбекке жетіп жатыр. Өйткені мәселе өлең жолдарының санында емес, берер мән-мағынасында, ғибратында болып тұр.
Сопылық сарынның ізгі ізімен Шәкәрім бізді ақ жолға, адалдыққа үндейді. Хафидің мақсұты да сол еді. Бірақ Шәкәрім оның ғазал бәйіттерін біздің түсінігімізге лайықтайды. Түпнұсқадағы сақи , яғни шарап құюшы сөзін қымыз құятын аяқшы деп, шарапты - қымыз , қиындықты - пәле , баршылықты мақсат деп береді. Байқасаңыз, баламалары - шығыстық дүниетаным емес, түркілік түсінікке сай ұғымдар. Бұл ұғымдардың әрқайсысының беретін мағыналары да терең. Мұндағы «аяқшы» - жол нұсқаушы, ұстаз, рухани пір ; «қымыз» - жол, ілім, иман ; «шын сұлу» - адлдық, әділет, Хақиқат , «пәле» - дүние, азғындық, пәле-жала ; «сабыр» - шыдам, тоқтау, адамның өзін-өзі жеңуі ; «мақсат» - ниет, ой, пиғыл. /10, 23/. Мұның бәрі - дәстүрлі сопылық поэзияға тән астары мол, арқалы ұғымдар.
Шәкәрім өз тәржімаларында Хафизге тән рефрендік дәстүрді қолданбайды. Рефрендік дәстүр - шығыстық поэзияға тән айшықтау құралы, өлеңнің соңғы бәйітінде ақын өзіне қаратпа түрінде тл қатады. Мәселен:
Мен Шираздың пәк сұлуын тәңіріме теңер ем,
Бір меңіне Самарқант пен Бұқараны берер ем . . .
Қайтсін менің іңкәрімді хаса сұлу қаламқас,
Зәру ме оған әдемілік әшекейге бөленген?. .
Қане, Хафиз, ғазалыңды тасфих ет те айта бер,
Құптан мезгіл шоқ жұлдыз боп тұрсын жайнап төбеден. /11, 67/
Шәкәрім өлеңнің ең соңғы бәйітіндегі Хафиздің өз есімін қайталап кету амалын аудармайды. Мұндай қаратпа түріндегі дәстүр, жалпы, ортағасырлық түркі поэзиясында да орын алған. Мәселен, Иассауидің хикметтері көп жағдайда, «Құл Қожа Ахмет», - деп өзіне қаратыла аяқталады. Бірақ бұл дәстүрдің дәл Шәкәрім тәржімаларына қажеті болмағаны анық. Шәкәрім тәржімалары - қазаққа арналған төлтума туындылар.
Келесі бір тәржімаға назар аударсақ:
Кел, аяқшы, қымыз құй,
Көпке бер де, маған бер.
Уақыт салды ауыр күй,
Жан қысылып ақты тер. /9, 148/
Бұл - «Кел, аяқшы, қымыз құй» өлеңінің алғашқы төрт жолы. Осы жолдарды Хафиз ғазалынан жолма-жол, сөзбе-сөз аударуға тырысқан орыс ақыны Липскеровтың аудармасымен салыстырайық:
Чашу полную, о кравчий,
Ты вручи мне как бывало.
Мне любовь казалась легкой,
Да беда все прибывала. /12, 124/
Бұл өлеңде де сақи «аяқшы» деп алмастырылған. Және бір ескерерлік жайт - орысша аудармада түпнұсқадағыдай «шарап толған ыдысты маған ұсын» десе, Шәкәрім «қымызды көпшілікке және маған бер» , - дейді. Яғни осы тұстан біз Шәкәрім тәржімасында көрініс берген «көпшілдік», «кең пейілділік» ұғымдарын байқаймыз. Ал бұл ұғымдар Шығыс адамы мен Батыс өкілінен гөрі таза түркіге, көшпендіге, исі қазаққа тән ұғымдар екені сөзсіз.
Енді осы тәржіманың соңғы шумағы:
Ақ тілегін іздесең,
Ақ жолынан айрылма.
Ақ жүрекке кез келсең,
Өзге адамға қайрылма! /9, 148/
Орысша аударма:
Вот Хафиза откровенье,
Если страсти ты предашься,
Все отринь -
Иного мира хоть бы не существовало. /12, 124/
Айырмашылық жер мен көктей. Орысша нұсқасында: «Егер сен шынайы қатты сезімге берілсең, одан ешуақ бас тартушы болма» , - десе, Шәкәрім: «Ақ жолында ақ адал, жақсы адамды кездестірсең, етегінен айрылма» , - деген қазақи өсиетін айтады.
Кел, аяқшы, қымыз құй,
Кесемізді нұрландыр, -
деп басталатын тәржімасында Шәкәрім Хафиз жырлаған табиғаты терең сопылық танымның өзін қазақ ұғымына лайықтап ұсынады.
Мәселен:
Кел, аяқшы, қымыз құй,
Кесемізді нұрландыр.
Домбырашы, тартшы күй,
Бізге уақыт берді қыр.
Жарқыраған кеседен,
Жар суретін көрдік біз.
Хабары жоқ кеседен
Не біледі сезімсіз.
Асыққа ажал келмейді,
Қандай қаза көрсе де.
Көңілі жанды өлмейді,
Тәні жанды өлсе де . . . /9, 147/
Ал түпнұсқаның жолма-жол аудармасы мынадай болар еді:
Әй, сақи, шарап нұрымен кесемізді нұрландыр.
Әнші, әндет, дүниеде біздің мұратқа жеткен күн.
Біз көргенбіз Жар жүзінің суретін
Сен бейхабарсың біздегі шарап ішудің ләззатынан . . .
Махаббаттан тірілген жүрек ешқашан өлмейді,
Осылай біз әлемнің мәңгі кітабына тіркелеміз . . . /11, 55-56 /
Тұнып тұрған сопылық таным. Мұндағы кесе - жүрек мағынасында, жар жүзі - Хақиқат, Алла. Сопы кеседен Алланың суретін, бейнесін, дидарын көруге ұмтылады. Хафиздегі «әнші» - жүрек халін Құдайын аңсайтындай күйге түсіруші немесе рухани ұстаз, ал Шәкәрім оны «домбырашы» деп береді. «Ғашық» , Шәкәрімше, «асық» (қазақтың сөзі) - Алласына ұмтылған, мәңгілік ғашығын сағынған, мәңгілік ғұмырды арман еткен сопының, момынның бейнесі.
«Сопылық (арабша суфь - «жүн», сондай-ақ «таза» мағынасында да қолданылған) - ислам дінінде VIII-IX ғасырларда Араб халифаты елдерінде пайда болған ілім. Кейіннен орталығы қазіргі Орта Азия жеріне ауысты… Сопылық ілімнің ізбасарлары өмірдің ең жоғарғы мақсаты адам жанының Құдаймен бірігуі немесе Құдайдың дидарын көру деп жариялады…» /12, 404/
Белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы ғалым Назира Нұртазина өз еңбегінде былай дейді:
«Исламды өркениет, ұлы мәдениет дәрежесіне көтерген сопылар еді. Ең биік мәдениет туындылары, поэзия, музыка, Шығыс тарихындағы небір даналық, сұлулық, ғашықтық, бекзаттық, қаһармандық үлгілері - барлығы да суфизмнің көрінісі, суфизмнен нәр алған. Мұсылман әлемінің, оның ішінде қазақ тарихында кездесетін қандай да болсын тұлғаны алсаңыз (патша, әулие, ақын) әйтеуір, оның суфизмге бір қатысы болғанын көресіз. Ол кезде суфизмді мұсылмандар даналық пен арлылықтың рәмізі, шынайы Исламның баламасы ретінде қабылдады». /13, 26/
Сол дәуірде-ақ талай жерге сапар шегіп, жеті жұрттың тілін білген Шәкәрім де осындай ізгілік мұраттары үшін шығыстың сопылық сарындағы поэзиясымен сусындаса керек.
Шәкәрім парсыша жетік білген, сопылықтан хабары бар сезімтал ақын Хафизді жақсы түсінген. «Кесе», «шарап» сөздері сопылық астарға ие. Сондай-ақ «сақи» сөзінің де шарап құюшы дегеннен басқа «пір» деген мағынасы бар екенін Шәкәрімнің білгендігі дау тудырмайды. Алайда Шәкәрім өмір сүрген кезеңде көпшілік сопылық ұғымдармен бейтаныс еді әрі «шарап», «шарап құюшы» деген ұғымдар да қазақ қоғамына жат болатын, сондықтан ақын Хафиздегі «мей» (парсыша) сөзін шарап, «сағиді» - шарап құюшы деп тәржімаламау себебі, ол кезде қазақтар шарапты маскүнемдікке жетелейтін, ислаият шарттарына қарсы, кереғар қағида ретінде қабылдауы мүмкін болғандықтан, саналы түрде осылай аударған. Тіпті Шәкәрімнің еркін аударған тәржімасында ғазалдың сопылық бояуы сақталмаған десе де болады. Шәкәрім оны қазақ өлеңінің қалыбына салып, таза ұлттық пішіндегі төлтума шығармаға айналдырған:
Сырт көрініс, қылған еп,
Бұзама деп қорқамын
Арақпен тең болар деп
Жалған сопы тұз-наны . . . /9, 147/
Түпнұсқадан тура аударма мынадай болар еді:
Қорқамын қиямет күні артық болмас сұрағанда,
Шейхтың адал наны біздің арам судан . . . /11, 67/
Сопылық сарынды зерттеп жүрген бірегей ғалымдардың бірі Ислам Жеменей Хафиз ғазалдарының астарлы табиғаты жөнінде мынадай пікір айтады:
«Хафиздің ғазалдарында екіұштылық тұспал мол болуына байланысты оны толық ұғыну парсы әдебиетін зерттеушілердің өзін де шатыстырып жүр. Кейбір адамдар оны софы деп санамайды. Себебі оның ғазалдарын оқи отырып, шарап ішіп, ән-күй тыңдап, той-думан, қызық қуған жан ретінде қабылдаймпыз.
Екінші жағынан ғибадатынан айнымаған, таза рухқа, кәміл иманға үндеген ақын. Хафиз ойының күрделілігі тұспалды сөздерінің көптігінде болып отыр. » /4, 70/
Шәкәрімнің Хафизден тәржімалаған өлеңдеріне тоқталғанда, біздер үшін оның Хафизден тұспалды ойды, астарлы мағына мен сопылық таным-түсінікті сол қалпында сақтап жеткізуі маңызды емес, бастысы - төлтума туындыға айналған шығармалардың қазақ үшін, көшпелі түркі жұртының ұрпағы үшін мән-маңызын, өзінділік құндылығын ескеру.
Шәкәрім тәржімалары - түркілік дүниетаным мен қазақи түсінікке лайықталған, Шығыстың өзіндік өнегесіне Ұлы даланың ғасырлар бойғы қойнауына жиған өсиет-нақылын қосып қайталанбас, ғибраты мол төлтума туындыға айналған дүниелер. Шығыстық сарын мен түркілік ырғақты түйістіре білудің тамаша үлгісі. Тәржімалардан біздер тағы бір мәрте, тек ізбасар ғана емес, Түркі әлемінде өзі де айрықша орын алатын, есімі зор мәнге ие, ойшыл, ұлы ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының шеберлігіне, кемеңгерлігіне тәнті боламыз.
Жалпы, Шәкәрім мен Хафиз шығармаларындағы байланыс тек ақынның шайыр шығармаларына жасаған тәржімаларымен ғана шектеліп қалмайды. Шәкәрім мен Қожа Хафиз арасындағы шығармашылық бірлік, рухани үндестік ақын туындыларында табиғи көрінеді. Әсіресе ақынның соңғы жылдары жазған шығармаларынан айқын ажыратуға болады. Бұл кездегі туындылары жайында ақынның өзі де толғнаа жырлаған ғой:
Қырықтан соңғы қырымды,
Сынамақ болсаң сырымды,
Көрейін десең нұрымды,
Жи-дағы оқы жырымды . . . /9, 201/
Шәкәрім Хафиз жырларына, жалпы шығыс шайырларына қажылық сапарынан соң ден қойған сияқты. Бір қызығы - Шәкәрім сөздерінде шығыстан гөрі батыстың ойшыл, ғұламалары көбірек аталады. Дегенмен де, Шығыс - Шәкәрім үшін жат бола алмаған. Ақын шығысын тілге тиек еткнде, қалай болғанда да қажылық сапарына қайырылмай тұра алмаймыз. Ахат Шәкәрімұлының естелігінде ақынның өз аузынан былай делінген:
«Сол сапарда неше ұлттың ғалымдарымен сөйлесіп, пікір алысып, керек кітаптарды алдым. Ол кітаптарды посылка етіп, Семейдегі Әниярдың атына жіберіп отырдым . . . Ертедегі Шығыс ақын-жазушы, ойшылдардың шығармаларын түгелдейалдым. » /14, 37/
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz