Қарым-қатынас ұғымы және оның мәні жайлы


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 62 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Филология факультеті

Қазақ әдебиеті кафедрасы

Диплом жұмысы

Төлен Әбдіков прозасының көркемдік ерекшелігі

Орындаған:

4 курс студенті Н. Болат

Ғылыми жетекші: А. Жүсіпова

ф. ғ. к., доцент (қолы-күні)

Норма бақылаушы: П. Бисенбаев

аға оқытушы (қолы-күні)

Кафедра меңгерушісі: З. Бисенғали

ф. ғ. д., профессор (қолы-күні)

Қорғауға жіберілді:

« 20 » мамыр 2009 ж.

Мазмұны

Кіріспе 3

Негігі бөлім 8

1. Т. Әбдіков прозасындағы замана бейнесі 8

1. Т. Әбдіков шығармаларындағы кейіпкерлердің рухани әлемі 32

1. Т. Әбдіковтің "Өлара" романы: тартыс және мінез 40

Қорытынды 52

Пайдаланған әдебиеттер тізімі 55

Кіріспе

60 жылдардың аяғы, 70 жылдардың басына қарай қазақ әдебиеті жаңа сапалық сипаттарға ие бола бастады. Әдебиеттегі жағымды образды кеңес мемлекетін нығайтушы, қоғамдық тұлға, социалисті еңбектің озаты деп, суреттейтін қалыптасқан дәстүр шеңберінде шектелмей, жеке адамның жан дүниесін, ішкі сарайын, адам ретіндегі күйініш-сүйініштерін көркем түрде бейнелеу үрдісіне ұмтылыс жасала бастады. Әрине, бұған дейінгі қазақ әдебиетінде ондай сипат байқалмады деуге болмайды. Бұрын алдымен қоғамдық фон, саяси ұстаным, патриотизм, интернационализм мен еңбексүйгіштік сияқты кеңес адамына ғана тән болуы тиіс жақсы қасиеттерді алдымен ашып көрсету шарт болатын. Ал жеке адамның ішкі әлемін, оның қайшылықтары мен сезім-күйлерін бейнелеу заман талабымен толық қабыса бермейтін.

Осы кезеңде оқырман қауымды елеңдеткен адам тағдырын, оның жан дүниесіндегі құбылыстарды, алғашқы орынға шығару үрдісінің байқалуы еді. Әдебиеттің мәңгілік функциясы-идеялық эстетикалық сипаты рухани құндылық ретінде көңіл аудара бастады. Қазақ прозасына көркемдік серпін әкелді. Ә. Таразидің, С. Мұратбековтың, Ә. Кекілбаевтың, Д. Исабековтің, А. Сүлейменовтың, М. Мағауиннің, О. Бөкеевтің, Т. Әбдіковтің адамның жан дүниесін түрлі аспектіде, әр түрлі көркемдік деңгейде ашып көрсетуді мақсат еткен шығармалары, міне, осы кезеңнен бастап жарық көре бастады.

Бұл жазушылар өздерінің шығармалары арқылы қазақ прозасына өзіндік жаңалықтарын ала келді. Ол жаңалықтар ең алдымен, алдыңғы он жылдықтарға қарағанда, пішіндік тұрғыдан шығарма жасау жолдары ширай түсті. Жазушылар сюжет құру, композиция құрастыру, образ ашу мәселелерін тап-тинақтай етіп игере бастады.

Екіншіден, кеңес адамын, еңбекті, интернационализмді жырлау сияқты бұрынғы жылдарда көп кездесетін идеологиялық талаптардан гөрі, алдымен көркемдік-эстетикалық талаптарды басшылыққа алу үрдісі байқалды. Аталған авторлар кеңестік шындықты жырлау үшін жалаң деклорациямен публицистикалық ұрандарға ұрына беруді басшылыққа алмай, бірден жеке адамның жан дүниесіне үңілуді діттеді. Цензуралық тосқауылдың мықтылығына қарамастан, адам бойындағы қайшылықтар, асқынып кеткен кемшіліктер ашық түрде көркем шығарманың негізіне айналды. Бұрынғыдай ылғи қоғамды, мемлекетті ойлап, патриоттық сезіммен ғана өмір сүретін жасанды кейіпкерлердің орнына ең алдымен өз жағдайын, сосын ет жақындарының қамын жейтін, өз қиял-сезімін күйттей білетін шынайы кейіпкерлер басты.

Үшіншіден, қазақ әдеби тілінің мол мүмкіндігі ашылды. Әдеби тіл нормасын кеңейтуге болатындығын аталған авторлар әр түрлі деңгейде дәлелдей бастады. Атап айтқанда, Ә. Кекілбаев, А. Сүлейменов, М. Мағауин, О. Бөкеев, Т. Әбдіков сынды жаңа буын әкелген ең тосын тілдік өрнектер, бейнелі тіркестер қазақ тілін қаншалықты бай, қаншалықты икемді екенін

байқатты. Ал әдебиеттің басты пәні адамды суреттеу үшін қажет осынша бай тілдік қордың айналысқа енуі-ең алдымен аталған авторлар таланты мен ізденістерінің нәтижесі.

Осы кезеңде көркемдік соны ойлардың үлгілері ретінде С. Мұратбековтың "Жабайы алма", Ә. Кекілбаевтің "Күйші", А. Сүлейменовтың "Бесатар", Д. Исабековтің, О. Бөкеев пен Т. Әбдіковтердің шығармаларын атауға болады.

М. Мағауиннің "Тазының өлімі", "Бір атаның балалары" ─70 жылдардағы әдеби құбылыс болып табылатын шығармалар. Көркемдік талап тұрғысының сәтті жазылған бұл туындылардан бұрын соңды қазақ прозасында байқала бермеген пішіндік және мазмұндық жаңалықтар аңғарылады. "Тазының өлімінде" ойды астарлап жеткізуге бағытталған символикалық нышандар, философиялық түйіндеулер молырақ танылады. Бас кейіпкер тазы болғанмен, шығармада айтылатын негізгі мәселелер адам тағдыры, салт-дәстүрге деген заманалық көзқарас. Автор кеңес дәуірінде ашық айтуға болмайтын ұлттық мәселелерді, қазақи салт-дәстүр мен ой толғамдарды символикалық нышандар арқылы ишаралап, мезгеп ұсынады. Жалпы өзі өмір сүріп отырған саяси-идеологиялық режимге қарамастан, түпкі авторлық позициясын астарлап жеткізе біледі.

Ал О. Бөкеевтің "Бура", "Кербұғы" мазмұн тереңдігі, идея сонылығымен ерекшенелетін, автордың қоғамға, өмірге, табиғатқа көзқарасы тұрғысынан баяндалғандықтан философиялық ой тұжырымдарға елеулі орын берілген шығармасы. "Бура" әңгімесінің астарында халықтың ұлттығын, этностық сипатын жою жолында жүргізілген саясат негізінде "тың жерді игеру" ұранымен ең шұрайлы жерлерге басқа ұлт өкілдері қоныстанғандығы, қазақтың момындығы мен дәрменсіздігін пайдаланып, қазақты мүйіздеуге кіріскендігі, ата-баба қаны тамған, кіндік кесіп, кір жуған туған ауылын "талақ етуге" мәжбүр еткен заманның жымысқы саясаты сезіледі.

Осылайша, көркем прозаға ешкімге ұқсамайтын өз үні, өз көзқарасымен келген Оралхан шығармалары арқылы жаңа тыныс, тіпті жаңа көркемдік бағыт ала келді десе де болады. Оралхан ең алдымен пішіндік әрі мазмұнық ізденістер арқылы адамның жан дүниесіне мейлінше дендеп ене білді. Кеңес адамының артықшылығын, ұжымдық еңбекті жырлаған шығармалардан кейін О. Бөкеев әкелген тосын бояулар қазақ әдебиетін гүлдендіре түскендей болады. Жазушының бейнелі де бай тілді туындылары оқырмандар арасында кеңінен қолдау тауып келеді. Оның "Өлара", "Қайдасың қасқа құлыным", "Мұзтау", "Қар қызы", "Құм мінезі", "Сайтан көпірі", "Жетім ботасы" т. б. шығармалары лапылдаған романтика, төгілген лирика арқылы замандастарын жаңа бір қырынан көрсете білді. Адам мен табиғат, адам мен қоғам арасындағы күрделі қатынастарды кең аша отырып, жазушы сол арқылы оқырманға ой тастап, жауабын сол оқырманның өзіне қалдыратын сұрақтар қояды. Мұның өзі көркемдік тәсілдерді түрлендірудің бір жолы. Бөкеевтің қай шығармасын алсақ та терең тебіреніске, жүрек қылын дөп басатын лирикаға толы келеді.

Д. Исабековтің сол кезеңде өмірге келген "Тіршілік", "Дермене", "Гауһартас", "Сүйекші" повестері моральдық, адамгершілік, этикалық мәселелерді көтерумен ғана емес, сюжеттік канондарды, характерлерді сомдау тәсілдерін қолдану жағынан да жаңалық танытты. Мұнда ауыл жастары арасындағы махаббат сезім және сенім мәселелері─жас отаудың қалыптасуы, жас жұбайлардын өзара түсінісуі түрлі сынақтар арқылы көрініс табады. Образ жасаудың табиғилық, идея ашуға ықпал жасайтын сюжеттік желілердің іріктеліп алынуы, моральдық түйіндер өмір шындығына жақын келеді.

Т. Әбдіков шығармаларында дүниетаным, білім тереңдігі мен көркемдік шеберлік өрнектері жарасымды өрнек табады және қазақ әдебиетіне алғашқылардың бірі болып фантастикалық нышандарды өзінің "Тозақ оттары жымыңдайды", "Ақиқат" сияқты шығармалары арқылы әкелді. "Тозақ оттары жымыңдайды" повесінде автор моральдық рухани нормаларға мұрын шүйіре қарайтын жеке адамның трагедиялық халін нанымды сюжет пен ішкі әлемдегі тартысты суреттеу арқылы ашып көрсетеді.

"Бас сүйегі"─психологиялық талдауға құрылған. Онда адам өміріндегі қақтығыс, дағдарысқа толы күрделі шындық санасыздық ұғымы арқылы түсіндіріледі. Адам санасын билеп алған санасыздық түс көру, сандырақтау, аңғармай сөйлеу, еріксіз қозғалу сынды құбылыстарға жетелейді. Мүсінші-антрополог Хамит жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында кіші жүз руынан шыққан Жаубөрі батырдың бас сүйегін ашып, оның мүсінін жасамақшы болады. Патша отаршылдығына қарсы күресте ерлікпен қаза тапқан Жаубөрі батыр туралы тарихи деректерді толық білмегендіктен, сондай-ақ, қастер тұтар қасиеттен қаймықпағандықтан бес жыл уақытын бір мүсінге арнаса да ештеңе өндіре алмайды. Автор бес жыл ішіндегі Хамит санасындағы санасыздық құбылыстарға үңіледі. Әңгіменің өң бойындағы әрбір штрих, әрбір детальдар Хамит бейнесін аша түсу мақсатында қолданылған. Шашылған бөлме, түс көру, Мұқыш шалды іздеп келу, тарихқа үңілу т. б. сюжеттер мүсінші бейнесін аша түседі.

Фонтастикалық шығармаларымен қатар романтикалық туындыларды да дүниеге әкелді. Оған "Оң қол" әңгімесін айтуымызға болады. Жазушы жас қыздың өз қолы өзіне қастандық жасауы негізінде адам қолымен жасалатын сан алуан жауыздықтың себебін іздеп қана қоймай, ол жөнінде философиялық түйін жасайды. Дүниедегі бар жамандық атаулы адам қолымен жасалатынын көрсету үшін автор әңгіменің шешімін трагедиялық халмен айшықтаған. Сұлулыққа, өмірге құштар Алманың аяқ астынан мерт болуы да сондықтан.

Адам баласының мансап қуып азғындағанын, жан құмарлығына тән құмарлығын айырбастағанын "Мансап", "Жат перзентті" арқылы көреміз. Сондай-ақ, жетпісінші жылдардағы әдебиетте көтерілгені, бірегей қойылғаны "адам қайтсе қалады адам болып" мәселесі еді. Оның әдебиетте ұзақ баян тауып, ұтымды шешімделуіне аталған жазушылар елеулі еңбек сіңіргені ақиқат. Төлен Әбдіковте шығармашылық ізденістерін, негізінен, осы бір сүрлеудің айдынды жолға айналуына бағыштады. Осы туралы көрнекті ойшыл Әбіш Кекілбаев:"Ол да осынау әрі әлемдік, әрі мәңгілік проблеманың қазақ тіршілігіндегі көрінісін мейлінше етене жақын және терең жеткізуге күш салды. Сол арқылы өз буынының өмір жолын көркем шежірелеп шығуды місе тұтпай, өз халқының жиырмасыншы ғасырдағы бастан кешкен итырқылжыңдарының тарихи астарын жіті сараптай алған туындылар әкелді. Дүниеге әлі аяқтала қоймаған "Өлара" романының бірінші кітабы солай келді. Ол шамамадан тыс әсіре әспеттеліп келген кеңестік шындықтың, кеңестік қоғам қалыптастырмақшы болған көзқарастар мен мінез-құлық ұстанымдарының күйкі табиғатын қаз қалпында бейнелеуде табандылық таныта білді. Тоталитарлық идеологияның жауырды жаба тоқып, өзі жасаған әлеуметтік қиянаттарды әр қилы утопиялардың тасасына тығып, көлшектеп бағуға тырысқан саяси көлгірлігін ұтымды әшкерелеудің тосын көркемдік тәсілін тапты", -[1, 5 б. ] дейді.

Төлен Әбдіковтің өміріне қысқаша тоқталсақ, қаламгер 1942 жылдың 4 қыркүйегінде Қостанай облысы Жангелдин ауданының қазіргі Айса Нұрманов шаруашылына қарасты Көлқамыс елді мекенінде колхозшының отбасында дүниеге келген. 1965 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факуьтетін бітіргеннен кейін, "Қазақстан пионері" газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, 1970-1979 жылдары "Жалын" альманағының проза бөлімінің меңгерушісі, бас редакторының орынбасары болып жұмыс істеді. 1977 жылы "Қазақфильм" киностудиясының сценарийі бойынша редациялық коллегиясының бас редакторы болып тағайындалды. 1989-1991 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болды. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің мәдениет саласындағы көмекшісі болып тағайындалды. 1996-2007 жылдары Президент қасындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің хатшысы, Президент әкімшілігі Бөлім меңгерушісінің орынбасары, бас инспектор болып жұмыс істеді. Қазіргі кезде "Өркениет" Республикалық әдеби-көркем, қоғамдық журналының бас редакторы. Шығармалары "Көкжиек", "Күзгі жапырақтар", "Ақиқат", "Айтылмаған ақиқат", "Өлара", Таңдамалы шығармалары, "Оң қол", "Парасат майданы", "Әке". "Біз үшеу едік" атты драмасы республика театрларында қойылды. "Қыз Бәтіш пен Ерсейіт" повесі бойынша "Өтелмеген парыз" атты көркем фильм түсірілді. Грек мифологиясынан құралған "Эллада ерлері" кітабын қазақ тіліне аударды. Шығармалары бірнеше шет тілдеріне аударылып, орыс тілінде "Истина", одан кейін Санкт-Петербург қаласында "Славия" баспасында "Война умов" атты кітабы шықты. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекет сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы ПЕН-клубы сыйлығының лауреаты, Франц Кафка атындағы Европалық алтын медальдың иегері.

Т. Әбдіков прозасындағы замана бейнесі

Философиялық парасаттың терең сыршылдығымен таңдандыра елеңдеткен Төлен Әбдіков өз шығармасында ұлттық сезімді жоғары қояды. Адамның парасаты жазушы үшін алдына қойған үлкен мақсат сияқты. Халықтың жаны мен арманы шығарманың бас кейіпкерінің атынан шебер беріледі. Өз дәуірінің жастары алдындағы мәселені қозғай отыра автор жас жігітпен қыздар бейнесі арқылы әр адамды қоғам мен өмірдегі өз орнын тауып, адамгершілік қасиетті жоғары ұстауға шақырады. Қарыз бен мансап, ар мен ұят, еңбексүйгіштік пен арамтамақтық арасындағы арпалысында бірінші қасиеттің жеңіп шығуы қаламгердің негізгі тақырыбы.

Ал шығарманың негізгі идеясы-адалдық. Яғни әдебиет мұраттарындағы, тіл тазалығындағы, ұлт психалогиясындағы заман бейнесіндегі, қоғамдағы шындықты айта білуге деген адалдығы.

Төлен Әбдіков суреткерлігінің негізгі ерекшелігі - тазалық. Көркем шындықты терең философиялық ілім биігінен іріктеп, іске асырып ғана оқырманға ұсынар─талант тазалығы, ар тазалығы.

"Мен үшін ең қымбаттысы-шығарманың мінезі, жазушының шындық үшін жан пидалылығы"[2, 159б. ] ─деп қаламгердің өзі айтқандайын әңгімелерінен бастап, ″Өлара″раманын қамти қарасақ, арқауы босаң, оқиғаның жалған өрістеуіне, құрылған шығармасының жоқтығы. Көркем дүниелердің қай-қайсыда өз тақырыбының жүгін еркін көтеріп оқырман санасына өзгеше ой тастап, сәуле құяр автордың парасат тұжырымдарының ақиқат ауылынан алыс қонбағандығы, ақиқатты жазу жолындағы көзсіз батылдығы.

" Төлен Әбдіков күні кешегі озбыр заманның күні-түні желкеңе мініп алып, "осыны айт, осыны жаз" деп төбелеп баққан төтен нұсқауларының ешқайсысына да құлақ аспай, сыртқары қала біліпті. Тап іргесінде ақ топырақты аспанға боратып, тың игеріп жатыр екен деп, совхоз өңірін, қызыл топырақты көкке боратып, кен игеріп жатыр екен деп зауыт өмірін жазамын деп босқа арамтер болмапты. Өз заманының қаһарманын іздеп те әуре-сарсаңға түспепті. Қаламгердің көзі түсер кеңістікті ауыл мен қалаға, өз еліміз бен бөтен елге, суреткердің ойын бөлер уақытты өткен заман, осы заман, келер заманға жіктеп, бөліп-жарып жатпапты. Пәлен деген елді, пәлен деген заманды, пәлен деген қоғамды, пәлен деген адамды тебірентетін айрықша ен таңба салынған еншілі шындықты емес, әмбені тебіренте алатын әлеуметтік мәні зор ортақ шындықты іздепті", [3, 3б. ] ─деп Әбіш Кекілбаев Төлен Әбдіковтің ешбір жалған идея, жалған моральды мойындамағандығын, коммунистік идеологиямен қасиетті өнерді былғамағандығын және осы қасиетімен ерекшеленіп тұратындығын әділ бағалайды.

Т. Әбдіков шығармаларының тағы бір өзгешелігі өзінің ешкімге де ұқсамайтын кейіпкерлері және олардың терең психологиясы. Мынау жалған дүниенінің жапа тармағай сұрақтарына жан-жақты жауап беруге тырысқан жазушы адам баласының сан қилы әрекеттерін олардың дүниетанымы мен ішкі психологиялық әлемі арқылы шынайы суреттеп береді. Адам баласындағы тылсым арпалыстар адам психологиясындағы ұшы-қиырсыз ғажайыптар, адамгершілік, адамдық сияқты тамаша қасиеттер мен пендешілік, арамзалық сияқты алпауыт күштер майданы─Төлен Әбдіков шығармаларының негізгі сарыны.

Жазушының өзіндік ерекшелігі туралы О. Бөкеев: "Төлен прозасындағы мен аңғарған ерекшелік─идеясының тереңдігі мен философиялық ойының ауқымдылығы. Тақырыптық жағынан да соны, әркімнің міне шабуы мүмкін емес қыртыстылығы. Туындысының идеялық дәнін тым тереңге себетін жазушының сол кірпияз дәні өніп шығар құнарлы тақырыбын табуы оңайға түспес. Бәлкім, Төленнің әр кітабы дүниеге түйенінің боталағанындай болып, ыңыранып әрең келу сыры-осында шығар" [4, 4-5б. б. ] ─дейді.

Төлен Әбдіков шығармашылық үрдісінен байқалатын ерекшелігі бір шығармада айтылған ойдың келесі бір шығармада жалғасын тауып, қайта бұрыңғысынан мүлде соныланып, басқа ажар басқа келбетпен, басқаша үнмен айтылатыны. "Тозақ оттары жымыңдайды", "Қыз Бәтіш пен Ерсейіт" және "Әке" повестері бір-бірінің заңды жалғасы іспетті. Бұл үш туынды бір-біріне соншалық туыс, соншалық жақын дүниелер. Осы үш повесте айтылар ой, ұстанған бағыт─ұрпақ қалдыру. Жазушының "Тозақ оттары жымыңдайды" повесінде, сосын "Қыз Бәтіш пен Ерсейіт" повесінде айтқан ойлары "Әкеде" толыға түседі.

Қазақ прозасында әке тақырыбына қаншама шығармалар жазылса да Төленнің "Әке" повесінің көркемдік деңгейіне көтерілгендері шамалы. Повесть деп аталса да, романның жүгін көтерген шығармадан әке өмірін саралау арқылы үш ұрпақтың өмір сүрген дәуір кейпін көрсету көркем сөздің шын жүйрігінің ғана өресі жетер тірлік.

"Әке" повесінде хал үстінде жатқан әкенің өмірін ол оқырманның өзі аңғара бермейтін лирикалық шегіністер арқылы байыптап өтеді. Қаладан хабар ести сала жеткен ұл әкесінің төсегінің қасына отырып, бір кездегі әкесі айтқан әңгімелерді есіне түсіреді. Бұл, ұрпақтың өз тегіне көз жіберіп, өткенін зерделеуі болса, екіншіден өлім аузында жатқан жанның түйсігіндегі өзгерістерді дәл болжап, дәл шамалауының көрнісіндей.

Октябрь ойранынан соңғы бір тыншымаған аласапыран тірлік бір ғана Жармағанбет әулетінің трагедиясымен айқындалады. Тағдыр маңдайына сайдың тасындай бес ұл берген Жармағанбет "ырысы не деген қалың?"-деп, жұртты тамсандырған әулет. Халық басына туған зобалаң нәубет атаулының бәріне бір-бір ұлдан құрбандық беріп отырған. Нұржанды атты казактар атып кетсе, Қапсаттар бай мен кедейдің төбелесінде өлген. Әбсаттар ұлы ашаршылықта әйелі, бала-шағасымен түгел өліп, Дүйсен репрессияда кеткен.

Елді таңдай қақтырған өскен-өнген әулеттен қалған жалғыз тұяқ - Сейсен ғана. Арыстандай төрт ағасын ажал жұтып, бүтін бір әулеттің аманатын арқалап қалған жан өзінің бұл дүниеде жер басып жүргенін олқысынады. Өз бауырларының тындырған шаруасындай істі өзі тындыра алмайтынын, олардай бауырмал, ақжүрек бола алмағанын сезіне тұрып, "солар тірі болса менікінен гөрі үлкен істер тындырар еді-ау" дейтін өкінішке жақын сезім. Сөйте тұра, лирикалық кейіпкер─әкенің өзі де әлеуметке қадірлы болғанын, оның көңіліндегі аңсарын өзі ғана түсіне алатынын аңғаруға болады.

"Әке" повесінде ұрпақ қалдыру жолындағы қазақы иірімдер өте қанық.

"Менің есіме жамағайын біреудің бала көтермеген әйелі "босаныпты" деген хабар естігенде әкемнің жылағаны түсті. "Шіркін-ай, ұрпақ қалмай қояр ма деп қорқып жүруші едім, тоба, құдайдың жасаймын десе, жақсылығы аз ба?"-деп жаулықтай шұбатылған бет орамалмен көзін сүрткен. Мен кезінде соған мүлде түсіне алмай қойып едім. Айдаладағы біреудің әйелі босаныпты дегенге өз басым қанша зорлансам да, жылай алмаймын. Арыстай ағаларының бәрінен айырылып, жалғыз қалған бейшара әкем жан басының мынау тіршілікте қанша қымбат екенін менен гөрі жақсырақ білген болуы керек", [5, 81б. ] ─дейді автор.

Соғысқа кеткен жалғыз ұлын күтіп жүрген Ақсары кемпірдің уайымын беретін тұс та ерекше жылы. Жорабектің атын атамай сөз сөйлемейді. Біреумен кездессе :"Жорабек, үй ішің аман ба?", "Жорабек, бұ қай бала?" -деп кетерінде:"Ал, Жорабек, сау бол ", " Ойбай, Жорабек, мен кетейін", -деп тіпті үйге мал сүйкенсе де:"Алда, Жорабек, үйді қиратты-ау, мына жамандатқыр", -деп құрық алып, малды қуар еді" [5, 97б. ] . Повестің өн бойынан жалт етіп көрініс беріп, шағын эпизоттардың өзінде-ақ оқушының кеуде тұсын қозғап кететін оралымдар көп. Қара қағаз келген баласы Жорабек оралатынын естігенде кенет өліп кететін Ақсары кемпір сияқты, Әбдіков шығармаларына дендеп енген сайын біз күтпеген шындық, біз мән бермеген өмірлік жағдайлар кездесіп отырады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Құқықтық қатынас түсінігі және оның элементтері
Өзін-өзі тану сабағында коммуникативті мәдениетті қалыптастыру
«Педагогикалық мамандыққа кіріспе» оқу-әдістемелік кешені
Ізгілік ұғымын дамытудағы ғалымдар көзқарастарының рөлі
Тілдік санадағы мәдениет ұғымы
Оқушы тұлғасының қалыптасу процесінде отбасы тәрбиесінің ролі
Отан тағдырына деген жауапкершілік сезімін арттыру
Тұлға және әлеуметтік ұғымдар жайлы
Психологиялық консультация жайында
Ерікті болу қасиеті
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz