Астронимдер


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 47 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

Реферат

Кіріспе . . . 3-4

1 Тілді зерттеудің салыстырмалы-тарихи жӘне лингвомӘдени аялары

1. 1 Лексиканы салыстырмалы-тарихи және салғастырмалы зерттеу мәселелері . . . 5-6

1. 2 Тілді лингвомәдени талдау мәдени ақпарат

трансляторы ретінде . . . 7-8

2 Астронимдердің ішкі формасындағы тарихи-мӘдени ақпараттың зерттелуі

2. 1 Ежелгі славяндардың мифологиялық суретіндегі

ғарыш пен табиғат . . . 9-16

2. 2 Қазақ, орыс әлем суреттеріндегі астронимдер . . . 16-26

2. 3 Ежелгі дүниетаным метафоралығы және қазақ және орыс тілдерінің астрономиялық лексикасындағы метафоралар . . . 27-38

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 39-40

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМ . . . 41-43

РЕФЕРАТ

Тірек сөздер: астроним, салыстырмалы-тарихи талдау, лингвомәдениеттану, әлемнің тілдік суреті, ішкі форма, мифологема, архетип, метафора, кейіптеу.

Жұмыс көлемі - 43 бет.

Мақсаты: қазақ және орыс асрономиялық лексикасын әлемнің тілдік суретінің бөлігі ретінде салыстырмалы-тарихи тұрғыда талдау.

Міндеттер:

1) ежелгі славяндар мен түркілер дүниетанымының даму сатыларының астронимдердегі көрінісі тұрғысынан тарихи-мәдени, этимологиялық талдау жасау;

2) астронимдерде сақталған архетиптер мен мифологемаларды анықтау;

3) салғастырылатын сөздердің тарихи тағдырын зерделеу, этимологиялық ұқсастықтар мен айырмашылықтар деңгейін ашу;

4) Ежелгі славяндар мен түркілердің метафоралық көзқарасын көрсететін тура және кері метафораларды сипаттау, “астронимдер” ЛСТ-ы.

Зерттеу пәні - қазақ және орыс тілдерінің астрономиялық лексикасы.

Зерттеу материалы қазақ, орыс тілдеріндегі сөздер және үндіеуропа, алтай (түркі) тілдеріндегі оларға сәйкес сөздерді; фразеологизмдерді қамтиды.

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. , салыстырмалы-тарихи, этнолингвистикалық зерттеулер жиынтығы ғарыштық құбылыстарды, олардың ассоциативтік және семантикалық байланыстарын білдіретін сөздердің пайда болу, даму жағдайын анықтай алады.

Лексика мен фразеология этнолингвистикалық және салыстырмалы-тарихи зерттеулер үшін аса берекелі сала болып табылады. Морфологияда аса мәнді және фонологияда да өте қатты әсер ететін жүйенің бұл тілдік деңгейлерге ықпалы аз. “Лексиканың біршама мозаикалығы оның дамуының теңсіздік деңгейін жоғарылатады және лексикалық мозаиканың жекелеген ұяшықтарының формалық түрде де, мазмұндық түрде де консервациялануына септігін тигізеді. Лексиканың автономдығы (әсіресе есім сөздер саласында айқын көрініс табатын) жеке сөздің тілдің өзге деңгейлерінде жоғалған сипаттарын (құбылыстар, формалар, жиі жағдайда мән-мағына) ” және архаикалық, лексикалық деңгей сипаттарын сақтап қалуға мүмкіндік береді [1, 186-б. ] .

Сөздердің жекелеген лексико-граммитикалық топтарының (ЛГТ) тарихын зерттеудің өзектілігі белгілі бола бастады. “Астронимдер” ЛГТ-н қарастыру арқылы халық менталитетін жақсырақ түсінуге, рухани тереңдей енуге, “әлем суретін” осы халықтың көзімен көруге болады.

Туыс емес тілдердегі ЛГТ-ды салғастыра зерттеуге арналған жұмыстар салыстырмалы түрде аз. Семантикалық жүйелердің объективті типологиясын құруға жетелейтін және тілдік әмбебаптық типологиясын қалыптастыруға қажет өлшемдерді аша алатын жұмыстар дәл осылар екендігін айта кеткен жөн. Мұның үстіне, қазақ астрономиялық лексикасының зерттелуі алғашқы сатысында.

Талданып жатқан ЛГТ сөздерін білдіретін түрлі термендер бар: “астроним”, “космоним”, “астрономиялық лексика”, “астрологиялық лексика”.

Зерттеудің дереккөздері ретінде қазақ және орыс тілдерінің түсіндірмелі, фразеологиялық, этимологиялық, салыстырмалы-тарихи, диалектілік сөздіктері, В. И. Дальдің сөздігі [5], Т. Жанұзақов сөздігінің материалдары [6, 7], қазақ, орыс тіліндегі шығармаларының, халық шығармашылығының мәтіндері пайдаланылды.

Жұмыстың құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Кіріспеде тақырып таңдаудың негіздемесі, өзектілігі, зерттеудің мақсаты мен міндеттері берілген, келешекте қазақ және орыс астрономиялық лексикасын салыстырмалы-салғастырмалы аяда зерттеу қажеттілігі айқындалады.

“Тілді зерттеудің салыстырмалы-тарихи және лингвомәдени аялары” атты бірінші тарау “Лексиканы салыстырмалы-тарихи және салғастырмалы зерттеу мәселелері”, “Тілді лингвомәдени талдау мәдени ақпарат трансляторы ретінде” деген тармақтарды қамтып, мәселенің теориялық аспектілері баяндалады.

“Астронимдердің ішкі формасындағы тарихи-мәдени ақпараттың зерттелуі” деген екінші тарау “Ежелгі славяндардың мифологиялық суретіндегі ғарыш пен табиғат”, “Қазақ, орыс әлем суреттеріндегі астронимдер”, “Ежелгі дүниетаным метафоралығы және қазақ және орыс тілдерінің астрономиялық лексикасындағы метафоралар” атты тармақтардан құралып, қазақ, орыс тілдерінің астрономиялық лексикасына салыстырмалы-тарихи, этимологиялық, лингвомәдени талдаулар жасалады.

Қорытындыда зерттеудің тұжырымдары келтірілген.

1 ТІЛДІ ЗЕРТТЕУДІҢ САЛЫСТЫРМАЛЫ-ТАРИХИ ЖӘНЕ ЛИНГВОМӘДЕНИ АЯЛАРЫ

1. 1. Лексиканы салыстырмалы-тарихи және салғастырмалы тұрғыда зерттеу мәселелері

Салыстырмалы-тарихи тіл білімі берілген тілдердің пайда болуын, олардың арасындағы тарихи (туыстық) қарым-қатынастардың сипатын айқындау, жекелеген тілдердің параллельді өрбуі мен ажырауының себептерін, бір тілдің екінші бір тілге ықпал жасау жолдары мен алғышарттарының ашу, т. б. міндет етіп қояды. Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің міндеттеріне тілдерді салыстыру, ортақ сөздер мен түбірлерді, т. б. ажырату, тілдер арасындағы тұрақты фонетикалық сәйкестіктерді табу, фонетикалық өзгерістердің уақыттық қатыстылығы мен бірізділігін анықтау, ортақ сөздердің, түбірлер мен қосымшалардың ежелгі замандағы болжамды дыбысталуын қалпына келтіру.

Туыстас тілдер құрылымындағы ұқсастықтарды, сөздік пен грамматикадағы сәйкестіктерді бұл құрылымдардың барлығының бір ата-тілге (язык-предок) тоғысатындығымен түсіндіруге болады деген болжам салыстырмалы-тарихи тіл білімі дамуының алғашқы кезеңінде-ақ пайда болды. Француз ғалымы А. Мейе: “Егер екі тіл бұрын қолданыста болған бір тілдің әртүрлі эволюциясының нәтижесі болып табылса, онда олар туыстас тілдер деп аталады”, - деп жазады [9, 50-б. ] .

Салыстырмалы-тарихи тіл білімі үндіеуропалық тілдерді олардың ортақ көзден шығуы аясында қарастырады. Ол мазмұндық тұрғыдағы диахрондық ұқсас бірліктерге қатысты түрлі деңгейлердегі формальді элементтер арасындағы тұрақты сәйкестіктер жүйесін зерттеуді, сондай-ақ сол сәйкестіктерді зерделеуді негізге алады.

Үндіеуропалық және алтайлық тіл білімі қазіргі лингвистикада өзекті болып табылатын келесі мәселелермен айналысады: үндіеуропа және алтай семьяларының тілдері арасындағы қарым-қатынастар, туыстас тілдердің ортақ көздері, семья тілдері арасындағы байланыстың формальді құрылымы ретіндегі үндіеуропа және алтай тілдерінің жүйесі (салыстырмалы-тарихи грамматика), ежелгі үндіеуропалықтар мен алтайлықтардың өмірлік жағдайындағы тілдік материалды реконструкциялау (тұрмыс, отбасы және некелік қарым-қатынас жүйесі, дін, мифология, т. б. ) .

Қазіргі үндіеуропа тілдерінің тарихы ұзақ. Олардың дамуының алғашқы кезеңдерінен бастап тұңғыш жазба ескерткіштер пайда болғанға дейін көп уақыт өтті. Көне баспа мәтін, қолжазба түрінде сақталған кезеңмен салыстырғанда ұзақ уақытты қамтитын және кей тілдер үшін аса маңызды болып табылатын жазу пайда болғанға дейінгі дәуірді ескермей қазіргі тілдердің құрылымын түсіну мүмкін емес.

Көптеген тілдер тарихының жазу пайда болғанға дейінгі кезеңі - рулық, тайпалық тілдер өмір сүрген уақыт. Туған тілде жазу көбінесе халықтық пен халық тілі қалыптасқан уақытта, феодализмнің алғашқы кезеңінде пайда болады. Салыстырмалы грамматиканы қарастырғанда тілдер тарихындағы жазу пайда болғанға дейінгі кезеңге көп көңіл бөлу керек. Тіл білімінде “тарихқа дейінгі кезең” туралы ілім қалыптасқан. Аталған ілім ерте дәуірлердегі үндіеуропа тілдерінің түрлі тағдырларын жекелей де, жалпы түрде де зерттеу мазмұнына сәйкес. Бұл тілдің қоғам тарихынан, алғашқы қауымдық ұжым тарихынан ажырауынан ғана емес, тілдік үдерістердің өзін зерттеуден де көрініс тапқан. Салыстырмалы-тарихи әдістің қолданылуындағы жалпы алғышарт - аталған тілдерде генетикалық тұрғыда ұқсас бірліктердің, яғни, дәл бір бірлікте тоғысатын және оның жекелеген тілдердегі әртүрлі дамуының нәтижелерін көрсететін бірліктердің болуы.

Туыстас тілдердегі сөздерді, бізге ежелгі ескерткіштер мен орыс архаикалық говорлары арқылы жеткен көнерген сөздер мен олардың бұрынғы мағыналарын салғастыра отырып, сөздердің бірізді сатылану түріндегі өзгеру үдерісін анықтауға және белгілі бір мөлшерде сипаттауға болады.

В. В. Колесов былай деп жазады: “ . . . егер бұлай айту мүмкін болса, өткен ғасырлар гносеологиясы онтологиялы болып келеді. Алайда біз өз бабаларымыздың нені және қалай ашқанын түсініп, олардың танымдық әлемінің суретін тым болмағанда жалпылай қалыпқа келтіру және өзіміз үшін осы қол жеткізулерді өркениет пен адамгершілік рухтың ұлттық сипаттағы жетістіктері деп түсіндіруіміз қажет. Өйткені кез келген мәдениет . . . ұлттық сипатта қалыптасады және өркендейді” [10, 8-б. ] .

Осылайша, үндіеуропа және алтай тілдері бір ата-тілдің (праязык) түрлі эволюцтяларының нәтижелері болып табылады. Сондықтан, сөз тарихын, ол өсіп шыққан дәнді қалпына келтіру үшін салыстырмалы-тарихи әдіс қолданылуы қажет.

“Салыстырмалы филология көмекке келмегенде адамзат тарихының алғашқы парақтары мәңгіге ақтаңдақ қалпында қалып қояр еді. М. Мюллер әділ байқағандай, бұрын біз бұлыңғыр дақтарды ғана көріп жүрген болсақ, ол (салыстырмалы филология) ғалымдарға енді белгілі бір бейнелерді анықтауға болатын телескоп ұсынды. Сөздерді талдап, оларды алғашқы түбірлеріне жеткізу арқылы және олардың ұмытылған мәнін қалпына келтіру арқылы ол бізге тарихқа дейінгі әлемді ашты, сол кездің танымы, әдет-ғұрпы, діні туралы жұмбақтарды шешуге септігін тигізді” [11, 10-б. ] .

Үндіеуропа халықтары мифологиялық танымдарының көпшілігі алыста қалған арийлер дәуіріне жетелейді; рубасылық тайпалардан бөлініп шығып, шалғай жерлерге қоныстанған халықтар бай сөздік қорымен қоса өздерімен бірге танымдарын да ала кеткен. Сондықтан халықтық ырым-жоралғыларды салыстыра зерттеген жөн. Жекелеген сөздер сияқты, тұтас ертегі де және ғұрып та бар жерде бірдей тағдыр кешпейді: бір халықта өзгеріске ұшыраған кейде басқа халықта толықтай сақталады. Олардың бір-бірінен ажыраған бөлшектеріәр жерде сақталады, кейін тұтасып, бір-біріне түсініктеме беріп тұрады және “ешбір зорлықсыз біртұтастанады. Салыстырмалы әдіс аңыз-ертегілерді алғашқы қалпына келтіруге мүмкіндік береді, сол арқылы ғалым тұжырымдарын айрықша тегеурінді етеді” [11, 11-б. ] .

1. 2 “Тілді лингвомәдени талдау мәдени ақпарат трансляторы ретінде”

Тіл адамның ғаламды және ондағы өзін танып, түсіндіруге ұмтылған көп ғасырларлық талпыныстары туралы хикаятты сақтап келеді. Тілдің мәдениетпен әсіресе тығыз байланыста болуының себебі содан болса керек: ол мәдениетке етене енеді, сонда өркендейді, соны білдіреді. К. Леви-Стросс айтқандай, тіл бір мезгілде мәдениет өнімі және оның маңызды құрамдас бөлігі, мәдениеттің өмір сүру жағдайы болып табылады.

Тіл - бұл мәдениеттегі адам болмысының үстінгі қабатынан орын алған дүние. Сондықтан ХХ ғасырдан бастап (Я. Гримм, Р. Раск, В. фон Гумбольдт, А. А. Потебня) бүгінгі таңға дейін тіл мен мәдениет арасындағы қарым-қатынас, өзара әсер ету мәселелері - тіл білімінің орталық зерттеу нысандарының бірі.

Қазіргі уақытта тіл мен мәдениеттің өзара байланысы мен әсер етуі идеясына негізделген бірнеше маңызды ғылыми бағыттарды атауға болады. Ең алдымен, Д. К. Зеленин, А. Кайдаров [16], М. М. Копыленко [17], А. А. Шахматов, А. А. Потебня, А. Н. Афанасьев және т. б. еңбектерінен тамыр тартқан этнолингвистикалық бағытты атаған жөн.

Қазіргі этнолингвистика орталығында тілдің белгілі материалды немесе мәдени-тарихи кешендерге қатысты лексикалық жүйесінің элементтері ғана орын алады. Осы бағыт аясында маңызды екі мәселе төңірегінде белгіленген екі дербес бұтақтарды ажыратуға болады:

1) Этникалық территорияны тіл бойынша реконструкциялау (мұнда, ең алдымен, Р. А. Агеева, С. Б. Бернштейн, В. В. Иванов, Т. В. Гамкрелидзе және басқаларының еңбектері қамтылады) ;

2) этностың материалды және рухани мәдениетін тіл мағлұматтары бойынша реконструкциялау - В. В. Иванов, В. Н. Топоров, Т. В. Цивьян, Т. М. Судник, Н. И. Толстой және оның мектебінің еңбектері.

Сондай-ақ қазіргі дербес ғылыми бағыт ретінде Е. М. Верещагин, В. Г. Костомаров еңбектерімен танылған лингвоелтануды атауға болады.

В. Н. Телий, В. В. Воробьев және т. б. идеяларына сүйенген лингвомәдениеттануды да дербес бағыт деп есептеуге болады.

Лингвомәдениеттану - лингвистика мен мәдениеттану шегінде пайда болған және тілде бедерленіп, бекітілген халық мәдениеті көріністерін зерттейтін ғылым.

Лингвомәдениеттану нысаны - мәдени ақпараттың тасымалдаушысы (транстлятор) болып табылатын тіл мен халықтың тарихи жадысы - мәдениеттің өзара әсер-ықпалын зерттеу.

Бұл ғылымның зерттеу пәні - мәдениетте символикалық, эталондық, бейнелілік-метафоралық мағынаға ие болып, мифтерде, аңыздарда, салттарда, ғұрыптарда, фольклорлық, діни дискурстарда, т. б. сөз болатын архетиптік және прототиптік адам санасының нәтижелерін жинақтайтын тіл бірліктері.

Тіл - адамның әлем жайлы білімінің қалыптасуы мен өмір сүруінің маңызды тәсілі. Адам шындық (действительность) үдерісінде объективті әлемді көрсете отырып, таным нәтижелерін сөз арқылы белгілейді. Әлемнің тілдік суреті шындық жайлы объективті білімді толықтырады. Түрлі тұжырымдамаларда (концепция) бірде “тілдік аралық әлем”, бірде “әлемнің тілдік репрезентациясы”, кейде “әлемнің тілдік моделі”, “әлемнің тілдік суреті” деп аталып жүргендер тілдік формада бедерленген сол білімдердің жиынтығы болып табылады. Көп таралғандығына байланысты біз соңғы нұсқаны таңдаймыз.

Лингвомәдениеттануда әлемнің тілдік суретінің келесі анықтамалары кездеседі:

Әлемнің тілдік картинасы - тілдік формада бедерленген білімдер жиынтығы (В. А. Маслова) .

Әлемнің тілдік картинасы -“Тілде белгіленген және сол тілдік ұжымға тән шындықты қабылдау желісі . . . бұл тіл айнасы арқылы әлемсезінудің өзінше бір түрі” (Е. С. Яковлева, Ю. Д. Апресян) .

Әлемнің тілдік картинасы - жалпыхалықтық әлем картинасының адамның әлемді тіл арқылы көруі нәтижелерін қамтитын және әлемге деген белгілі бір бағдар беретін мейлінше терең қатпары (В. И. Постовалова) .

Әлемнің тілдік картинасы - халықтың көп ғасырлық тәжірибесі негізінде жасалған және тілдік номинациялар құралымен жүзеге асырылатын бүкіл ғаламның тұтастық, бөлшектелген әлем түріндегі көрінісі. Ол өз құрылымымен және тіл арқылы танылатын бөліктерді, ең алдымен, адамды, оның материалды, рухани өмірін, екіншіден оны қоршаған ортаның барлығын: кеңістік пен уақыт, тірі және өлі табиғат, адам тудырған мифтер саласы мен социумды қамтиды (Н. Ю. Шведова) .

Осылайша, ұлттық мінез ерекшеліктерін, халықтың ділін тіл арқылы ашуға болады. Тілде бекітілген мәдени дәстүрлердің тұтас кешендерін де, тілдік бірліктердің қазіргі мағынасынан көрінетін мифологиялық білімдерді де тіл арқылы анықтауға болады.

Тіл адамзат мәдениеті мен адамдар тарихының баға жетпес қоймасы болып табылады. Адам ойлап тапқан тіл - оның тарихының бір бөлігі, ол адамның материалды, рухани өмірінің дамуына сәйкес өзгеріп, өркендеп отырады. Оның тағдырында адамзат болмысының барша жетістіктері мен шығындары, барлық оңды тәжірибелері мен қателіктері көрініс табады.

Ежелгі тілдік деректерге жүгіну қазіргі үдерістердің, мәдени білімдерді қамтыған тілдің құбылыстарының шығу арналарын жете түсінуге жол ашады.

Осылай, салыстырмалы-тарихи тіл білімінің әдістері сол көне тілдік жағдаяттарды реконструкциялап, алғашқы архаикалық тіл қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Алғашқы адамның тілінде қарама-қайшы құбылыстар бір сөзбен ғана берілгендігі былай дәлелденген: өмір мен өлім, жан мен тән - барлығы бірге: су, от, жел - жасқы да, жаман да бір мезгілде.

2 “Астронимдердің ішкі формасындағы тарихи-мӘдени ақпараттың зерттелуі”

2. 1 “Ежелгі славяндардың мифологиялық суретіндегі ғарыш пен табиғат”

Шынайы әлем көрінісі ретіндегі әлем картинасы мен сол көріністің белгіленуі ретіндегі әлемнің тілдік картинасының арасындағы қатынастар күрделі. Әлем картинасы кеңістіктік (жоғары - төмен, оң - сол, шығыс - батыс), уақыттық (күн - түн, қыс - жаз), сандық, этикалық және басқа өлшемдермен берілуі мүмкін. Оның қалыптасуына тіл, дәстүр, табиғат пен ландшафт, тәрбие, оқу, және басқа әлеуметтік факторлар әсер етеді. Әлемнің тілдік картинасы әлемнің арнайы картиналары қатарынан (химиялық, физикалық, т. б. ) орын алмай, олардың алдында болады және соларды қалыптастырады. Себебі адам әлем мен өзін тек жалпы адамзаттық, ұлттық тұрғыдағы қоғамдық-тарихи тәжірибелері бекітілген тілдің көмегімен ғана түсіне алады. Ұлттық тәжірибе тілдің барлық деңгейдегі өзіндік ерекшеліктерін анықтайды. Тіл ерекшеліктеріне байланысты оны қолданушылар санасында әлемнің белгілі бір тілдік картинасы қалыптасады және адамдар әлемді сол арқылы көріп таниды.

Адам мен табиғат қарым-қатынасына тән үш кезең бар. Бұл кезеңдер тілде көрініс тапқан.

1) Антропоморфизм - табиғат күштерінің тұлғаландырылуы адамның неғұрлым күштімен - табиғатпен салыстырғандағы соғұрлым әлсіз күйі.

Ежелгі тасқа табынудың негізі табиғатты құдай тұту болатын. Адам еріксіз өзінің не жануарлар денесінің формаларын, мейлінше мінсіз, шынайы құдіретті құбылысқа сай формаларды құдай стихиясына балады [қараңыз: 11, 16-32-бб] .

Ежелгі адам өзін табиғат бірлікте санады, табиғаттың түрлі құбылыстарын өзінің өмірлік жағдаятымен, тілектерімен түсіндіреді. Табиғат пен құбылыстарды құдай деп білген адам оларды тек жан мен санаға ие етіп қойған жоқ, сондай-ақ сыртқы түр-тұрпатын да өзіне ұқсастырды. Бұл кезең анимизм (латынша: anima - жан) деп те аталады.

Тілде бұл мынадай метафора-кейіптеулерден көрінеді: күн отырды, жапырақтар сыбырлайды, ауаның райының қыңырлығы (құбылуы), соқыр жаңбыр және т. б.

“Жеміс беретін тамырға табынумен қатар құдай кейпі мен символы есебіндегі жануарлар культі де қалыптасты. Жердің барлық қасиеттері бірдей дәрежеде соларға телінді. Құрбақа, тасбақа, жылан және басқа сол сияқты хтоникалық жаратылыстардың айрықша мәнге ие болып, тіпті көрнекті саналуы осыдан шыққан… Адамдар оларды ерік, ақыл-ой, жан, сезімге ие деп өздерінен жоғары қойып, ерекше күшті және ғажайып құдіретті деп есептеген” [23, 58 б] .

Дүниенің өзі ғарыштық зор жануар ретінде пайымдалды, осыған байналысты: авест. anghi - “Дүние”, ежелгі үнділерде ahi, латынша angius “жылан”, ежелгі үнділерде loka - “Дүние”, немісше Schlange “жылан”, орыс тілінде змея, ежелгі сев. Heimr “Дүние” [24, 56-57 бб] .

2) Антропоцентризм: адам - табиғат тәжі, Жерді билеуші, адам өзін табиғат күштеріне қарсы қояды. Өзін өзі тануда жетіле түскен адам алдында табиғат адам патшалық еткен берекесіздік патшалығы, мағынасыз жазмыш ретінде ашыла түседі.

Бұл кезеңге келесі метафоралар тән: жас ағындары, ашу дауылы, махаббат теңізі, бұршақтай жауған сөгіс, сарғайған сағыныш, ғылым жемістері, піскен теория, бедеу идея, т. б.

3) Антропокосмизм (ХІХ ғасырдың соңы - бүкіл ХХ ғасыр) : адам енді әлем кіндігі емес. Ол өз орнының табиғат үстінде емес, оның ішінде екенін түйсінеді. Адамның барша шығармашылық еңбегі, соның ішінде тіл тұрғысындағы іс-әрекеті табиғатпен арадағы тығыз байланысқа сүйенеді.

Орыс халқының мыңдаған жылдарды қамтитын тарихының оқиғаларын сақтап, жинаған ұлттық орыс тілі осы тілді қолданушы орыс халқының менталитетінің, ішкі әлемінің, өмірінің айнасы іспеттес. К. Д. Ушинскийдің мына сөздері соған дәлел: “Халықтың тілі - оның рухани өмірінің ешқашан тозбайтын және әркез қайта бүр жаратын түс (цвет) . Тілде барлық халық және олардың Отаны жанжана түседі. Халықтық тілдің жарқын, тұнық тұңғиықтарында туған елдің тек табиғаты ғана емес, сонымен қоса халықтың рухани өмірінің бүкіл тарихы да көрініс табады. Міне, халық мінезін терең білу үшін бірден-бір әрі үздік құрал оның тілін меңгеру екендігі сондықтан”.

Күн, Ай және жұлдыздар ежелгі адамдарға кеңістік пен уақытты бағдарлауда көмектесетін. Бұрынғы заманда Күн бойынша жарықтың географиялық жақтарын оңай анықтаған, жарықтың орналасуына қарай - тәуліктің жарық бөлігінің сәттері мен үзіктерін, теңелу күндері мен күн тұруын анықтаған; “шығу - кіру” (восход - заход) күндері бойынша күнді есептеген; түнгі уақытта жолсілтеуші жұлдыз болып солтүстікке бағыттайтын әрі қозғалмайтын Шолпан жұлдызы саналған, Үркер бағдар қызметін атқарған, Ай фазаларына, шоқжұлдыздар тобының, Таразының, Жеті қарақшының, Лираның қозғалысына, Сүмбіле жұлдызының шығуына қарай ай кезеңдерін, түнгі уақыттарды, жылдың табиға-климаттық, биологиялық және шаруашылық маусымдарын анықтаған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Фразеологиялық сөз тіркес
СӨЗ МАҒЫНАСЫ ЖӘНЕ АҚПАРАТ
Қосарланған зат есімдер
Ағылшын тіліндегі фразеологизмдердің шығу төркіні
Әлемнің тілдік бейнесі – ағылшын және қазақ антропонимдерінде
Когнитивті лингвистика ғылымының теориялық мәселелері
Қазақ тіліндегі жалқы есімдер
Даулы мәтіндердің авторизациясы: ХХ ғасырдың I ширегі
Қазақ дүниетанымының ономастикалық концептілердің дүниенің тілдік бейнесінің этномәдени ерекшеліктерін айқындау
Ертіс атауының этимологиясы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz