Ортағасырлық Сауран қаласы – туристік нысан ретінде


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 7 бет
Таңдаулыға:   

Ортағасырлық Сауран қаласы - туристік нысан ретінде

Бейсебаев А. И.

Өткен тарихымыздың жоғын жоқтап, барын түгендеп жатқан тұста Отандық музей ісінде ескерткіштерді ашық аспан астындағы мұражай-қорыққа айналдыру үрдісі кең етек алуда. Себебі, мәдени жәдігерлеріміздің көбісі алғашқы қауым адамдарының тұрақтары мен қоныстары, обалар, қала жұрттары мен кесенелер және тағы да сол сияқты ескерткіштер кең сахарамызда көктегі жұлдыздардай шашылып жатыр. Олардың көбісі, магистральді автотрассалардың бойында орналасқан. Солардың бірі - Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 40 шақырым жерде, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының шекарасында орналасқан ортағасырлық Сауран қаласының жұрты.

Мәдени мұрамыздың Оңтүстік Қазақстанда орналасқан археологиялық ескерткіштерінің ішінде Сауран қаласының көне жұрты ерекше орын алады. Оны зерттеу, қорғау және ашық мұражайға айналдыру - «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде іске асырылып жатқан ауқымды жобаның мақсаты болып отыр. Осы орайда, Сауранның ашық аспан астындағы қала-мұражай ретінде Ұлы Жібек Жолы бойында елеулі туристік торапқа айналуға барлық мүмкіндігі бар.

Қала жұрты уақыт тоздыруның әсерінен 3-6 метр биіктікте сақталынған қамал дуалдарымен қоршалып жатыр. Қала аумағының пішіні сопақ алаңқай түрінде келеді. Ол солтүстік-шығыстан оңтүстік-батыс бағытымен 800 м-ге, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 500 м-ге ұзынынан созылып жатыр. Қала аумағы айналасындағы тегістіктен 2-2, 5 м биіктікке орналасқан. Қаланың қамал дуалдары биіктігі 2-3 метр келетін стилобаттың үстінен бой көтерген. Көзбен шолу барысында қамал дуалдары екі құрылыс кезеңін бастан өткергендігі анықталды. Алғашқы дуал белгілі бір уақытта тиянақты жөндеуден өткен болып отыр. Жөндеу жұмыстарының іздері дуалдың жақсы сақталған бөліктерінде айқын байқалады.

Қала жұртында соңғы жылдары жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде туристердің назарына ұсынуға тұрарлық көптеген ескерткіштер ашылды. Олардың қатарында Жұма-мешіт, мұнаралары шайқалмалы медересе, қала қақпасы, намазғақ, ханака, қоныс-жай бар. Енді осы нысандарға тоқталайық. Бірінші кезекте қала ішіндегі ескерткіштерді атап өтейік:

1. Қала қақпасы. Сауранның ішіне екі қақпа арқылы кіруге болады. Қаланың басты қақпасы қамал дуалдарының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Оның екі шетінде екі қабатты мұнаралар салынып, қақпа тұсындағы қамал дуалдары күшейтілген. Қақпаның кіреберісі қамал дуалдарының шығыңқы тұстарының есебінен дәліз түрінде жасалынған, ұзындығы жиырма метр келеді.

Қаланың екінші қақпасы (жақсы сақталмаған) қамал дуалдарының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Шығыс жақтағы мұнарада ойық түрінде жасалған (ені 1, 2 м, биіктігі 1, 7 м) қалаға кіретін жасырын есік орны байқалады.

2. Қамал дуалы. Қамал дуалының бойында шеті сыртқа шығарыла соғылған дөңгелек пішінді, екі қабатты төрт мұнараның болғаны байқалады. Үстіңгі қабаты тромптарға орнатылған күмбезбен жабылған. Оның қалдықтары әлі күнге дейін сақталған. Мұнаралардың қабырғаларында да оқ ату үшін жасалған ені шағын тесіктер бар.

Тереңдігі 1-3 м, ені 15-20 м шамасындағы ор қамал дуалдарын айналдыра қоршап жатыр. Оны қазғанда шығарылған топырақтан биіктігі 1-1, 5 м, ені 5 м шамасындағы үйінді қаланған.

3. Мұнаралары шайқалмалы медресе. Қамал дуалдарының солтүстік-шығыс қақпасынан қала ішіне ені 10 м келетін орталық бас көше алып барады. Одан қала көшелерінің торабы бастау алады. Бұл қазір биіктігі 1, 5-2 м дейін жететін төмпешіктерге айналған жекелеген зәулім құрылыстар мен тұрғын үйлер арасындағы қолаттардан кәдімгідей анық байқалады. Орталық көше солтүстік шығыс қақпадан 200 м жерде аумағы 120×40 метр келетін қаланың орталық алаңына келіп тіреледі. Алаңмен тоғысқан жерінде көшенің ені 16 м-ге дейін ұлғаяды.

Солтүстік-шығыс қақпадан орталық алаңға алып баратын көшені бойлай 210м жүргенде сол жақ бетте орналасқан, жалпы ауданы 100х100м болатын, беткі қабатында кірпіш үйіндісі қалған төбеде салынған қазба нәтижесінде мұнаралары шайқалмалы медресе орны аршылды.

Қазба жұмыстары барысында ғимаратты әрлеуге арналған әшекейленген сырлы кірпіштердің көптеген түрлері табылды. Олардың пішіндері трапеция, алтыбұрыш, тікбұрыш болып келеді. Трапеция пішініндегі әшекейлік тақташалар көк, ашық-көгілдір, жасыл, ақ және қоңыр түсті бояулармен аралас сырланған. Тік бұрышты тақташалар біркелкі, көк немесе жасыл сырлармен боялған.

Әрлеуге арналған боялмаған кірпіштердің 27 пішіні бар. Олардың ішінде көбірек кездесетіндері: алтыбұрыш, трапеция, жартылай келген алтыбұрыш және тік бұрышты пішіндер.

Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде күйдірілген кірпіштерден өріліп қаланған, қаланың орталық алаңы маңынан орын алып, өз заманының айтулы сәулет өнерінің кереметі саналған ғимарат орны ашылуда. Бұл құрылыс орны Бұхара билеушісі Убайдулланың әмірімен құрылысы 1515 жылы аяқталған, мұнаралары шайқалмалы медресе деп анықталып отыр. Васифи жылнамасында сол медресенің, әсіресе оның шайқалмалы мұнараларының суреттемесі бар. Олардың біреуі 1867 жылы, екіншісі 1878 жылы құлап, қираған көрінеді.

4. Жұма-мешіт . Ұзындығы 15 м-ге, ені 2 м-ге тең траншея 1, 5 метр тереңдікте (төбенің ең жоғарғы нүктесінен) күйдірілген шаршы кірпіштен төселген еден деңгейін анықтап берді. Қазба ғимаратты толықтай көлденең кесіп өткендіктен оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс дуалдарының қалдықтары анықталды. Сыртқы, оңтүстік-батыс (михраб) дуалы 5, 5 қатар кірпіштен 1, 4м. қалыңдықта қаланған. Сақталып қалған биіктігі 7-8 қатар кірпіш болып келеді. Солтүстік-шығыстағы дуал да осындай қалыңдықта болуы тиіс. Оның сақталған биіктігі 1, 2м. Олардың ортасында орналасқан бөлме (ені 9м. ) ортасынан ені 1, 4м. келетін тірек бағанамен бөлінген. Бір шеті қазба алаңынан тыс қалғандықтан, оның ұзындығы анықталмай қалды. Бағанадан солтүстік-шығыс дуалға қарай созылған ені 0, 7м кереге байқалады. Солтүстік-шығыс дуалда өткел болған секілді. Оның едені, дуалдың арғы жағы секілді күйдірілген кірпіштің сынықтарынан төселген. Бұл өткел дуал бойында орналасқан ені 1 м-ге жуық (3-4 қатар кірпіш деңгейінде қаланған) аласа сыпаға келіп тіреледі. Ашылған алаңдағы ғимарат бөлігінің көрінісі осындай. Осының негізінде бүкіл ғимараттың жобасын анықтауға болатын сияқты. Л. Ю. Маньковскаяның классификациялауы бойынша, бұл ғимаратты жұма мешіт үлгісіндегі екі қатарлы, бес нефті намазгох, түрі бойынша - алды ашық мешіт-айуан болған деп шамалаудың қисыны бар1.

Дуалды қалауға және еденді төсеуге көбінесе ені мен ұзындығы 25-27см., қалыңдығы 5см. шаршы кірпіштер пайдаланылған. Кірпіштің күйдірілуінің сапасы негізінен жоғары болып келеді. Толық күйдірілмеген кірпіш ғимараттың солтүстік-шығыс дуалының сақталынып қалған жоғарғы бөлігінде ғана пайдаланылған. Кірпіштер жай саз балшықпен қаланған. Дуалдардың сақталып калған қабырғаларында сылақ іздері байқалмады. Еден және дуал қалдықтарын басып қалған үйінділер арасынан кірпіштерді қалауға пайдаланылған әк пен алебастрдан жасалған ерітінді үлгілері табылды. Бұл ерітінді, сірә, күмбіздерді қалағанда ғана пайдаланылса керек.

Еден кірпіштерінде көп басылудан пайда болған «көнетоздық» іздері көрінеді. Кейбір кірпіштер шытынап кеткен. Солтүстік-шығыс дуал мен ортадағы бағана алдындағы еденнің кірпіштері жоқ.

Еденді басып қалған қабат сынық (және бүтін) күйдірілген кірпіштің топырақпен араласқан үйінділерінен кұралған. Тұрмыстық қыш ыдыстардың ұсақ сынықтары, өндірістік ақаулы керамика қалдықтары, сырлы тостаған мен табақтар жасау кезінде көзеші-шеберлер пайдаланған аспап - «сепоя» сынықтары өте сирек ұшырасты. Үйінділер арасынан қаптауыш жылтыр кірпіш пен тақташалардың қалдықтары да қазірше кездеспеді. Керамиканың жинап алынған қалдықтарын - бояуланған кесе, пиалай, табақ және басқаларды нышандарына қарай XVII-XVIII ғасырларға жатқызуға болады.

Қысқа мерзімді қазба жүмыстары барысында жинақталған мағлұматтар бізге төмендегідей ой қорытуға мүмкіндік береді. Сауранның солтүстік-шығыс кақпасынан бастау алатын басты көше бойында қаланың орталық алаңы орналасқан. Алаңды айнала діни және қоғамдық сипаттағы зәулім ғимараттар салынған. Қазіргі таңда олардың қалдықтары ғана көрініп жатыр. Алаңнын солтүстік-батыс шетін толық алып жатқан құрылыс кешенінің орнын бірқатар сыртқы белгілеріне қарап, қаланың бас мешіті деп шамалауға болады. Оның жанында, алаңның солтүстік-шығыс қанатының бойын ала тағы да осындай сипаттағы төбелер жатыр. Олар алаңға шығар жолдары болғаны анық байқалатын кең де тұйық ауланы құрайды. Мұны медресе ғимаратының қалдықтары деп болжаудың қисыны бар. Әдетте діни мекемелер мен қоғамдық ғимараттар (мешіттер, медреселер, ханакалар т. б. ) ортағасырлық қалалардың орталық алаңдарында өзіндік сәулет ансамбльдерін құрайтын болған. Мұның ең жақын мысалдары: Әмір Темір дәуіріндегі Самарқанд пен Бұхара. Сондықтан да біз көне қала орнының дәл осы жерінде «Сауран регистаны» орналасқан деп санасақ, тым үлкен тәуекелге бара қоймаймыз.

5. Ханақа . Мұнаралары шайқалмалы медресеге қарама-қарсы орналасқан төбедегі қазба нәтижесінде бұл жерден күйдірілген кірпіштен өріліп, сырлы және сырсыз тақташалармен әрленген, о баста ханақа болған ғимарат орны аршылды. Бұл екі ғимараттың бір-біріне қарама-қарсы орналасқаны олардың өз уақытында Орта Азия мұсылман сәулет өнерінде кең тараған сәулеттік ансамбль - «қосты» (кош) құрағанын көрсетеді.

Келесі нысандар қала сыртында орналасқан:

1. Намазғақ . Қамал дуалының оңтүстік-шығыс мұнарасынан шығысқа қарай 200-300 м қашықтықта қаланың кейінгі ортағасырлық зираты орналасқан. Шикі пахса қабырғалардың қалдықтары айналдыра қоршаған, ауданы 40-60×40-80 м келетін төртбұрышты алаңқайларда моласы ортасына ойылып түскен «төртқұлақ» түріндегі кішігірім зираттар, бейіт үстіне орнатылған жекелеген мавзолейлердің қирандылары мен қарапайым мола төмпешіктері бар.

2. Қоныс-жай . Ортағасырлық қалалардың экономикасында қала маңында орналасқан ауылшаруашылық аймақтың маңызы зор болды. Мұндай аймақтар Сауранның топогрфиясында анық байқалады. Оның, әсіресе, қамал сыртындағы солтүстік бөлігі жақсы дамыған. Өйткені Қаратаудан аққан шағын өзендер мен жер асты кәріздерінен су тартылған қала төңірегіндегі қоныс-жайлар дәл осы тұста көбірек ұшырасады. Қала сыртындағы үйінділерден қоныс-жайлардың орындарын аңғаруға болады. Тұрғын үй жанынан салынған қора-қопсылар да байқалады. Қора-қопсы әдетте қоныс-жай жерінің басым көпшілігін алып жатқан бау-бақша мен жүзімдік алқабының оқшаулау бір шетіне салынған. Қоныс-жайлардың учаскесінің аумағы әртүрлі, олар 60×80 м-ден 100×120 м-ге дейін жетеді. Олар батыстан шығысқа, немесе солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай тізбектеліп орналасқан. Қоныс-жай дуалдарының жанынан өтетін арықтар оларды жекелеген суармалы ықшамаудандарға біріктіреді. Үлкен арық жүйесі мен майда арықтар тармақтанып, суды қоныс-жайлардың ішіндегі аула мен бау-бақшаға жеткізеді.

Ортағасырлық Сауран төңірегінің құрылыс сипатын анықтау мақсатымен солтүстік-шығыс қақпадан солтүстік бағытта, 800 м аралықта орналасқан қоныс-жай орнында қазба жұмысы жүргізілді. Ескерткішті көзбен шолу барысында оның жақсы сақталғандығы анықталды. Оның жалпы өлшемі алынды: солтүстік қабырғасы 7, 7 м, шығыс қабырғасы 7, 6 м, оңтүстік қабырғасы 7, 2 м және батыс жақтағы қабырға ұзындығы 8 м; батыс қабырғада кіреберіс есік орналасқан. Қабырғалар өлшемі 30×20×8 см келетін шикі кірпіштен қаланған. Солтүстік және оңтүстік қабырғаларда жөндеу жұмыстарының ізі анықталды.

Құрылыстың бұрыштары, әсіресе оның оңтүстік-батыс бұрышы тәуір сақталған. Осы бұрышының биіктігі 3, 1 м. Үйдің ішкі аумағының өлшемдері мынадай: солтүстік қабырға - 5, 52 м., шығыс қабырға - 5, 41м, оңтүстік қабырға - 5, 30 м және батыс қабырға - 5, 20 м.

3. Ханака . Келесі зерттелген қоныс-жай бірінші жерден солтүстікке қарай, автокөлік жолы мен теміржол аралығында орналасқан. Бұл жерде уақыт тоздырып мүжілген, қабырғаларының сұлбасы сақталынған, шикі кесектен салынған екі ғимарат орны бар. Біз арғы жақта орналасқан, жеті бөлмеден тұратын қоныс-жайды зерттедік. Ішкі қабырғалары жақсы сақталынғандықтан оның құрылыс жобасын анық көруге болады. Жетінші және екінші бөлмелердің сыртқы қабырғаларынан басқаларының бәрі құлап қалған. Қабырғалардың бастапқы қалыңдығы 1, 2м болған. Шартты түрде бесінші және үшінші деп алынған бөлмелердің сыртқы қабырғалары ғимараттың ортақ аумағынан 1, 2-1, 3 м сыртқа шығып тұр.

Ғимараттың бұрыштарынан орын алған екі бөлме (№2, 4) мен орталық ауызүй (№8) күмбездермен жабылса керек. Бұл бөлмелердің бұрыштарының кей жерінде 2 м. биіктікте арка желкендерінің орындары байқалады. Тікбұрышты келген бөлмелер (№3, 5, 6, 7) бөренелермен жабылған жазық шатырлы болған сықылды.

Қоныс-жайды тұрғызу кезінде қабырғаға қаланған, кейіннен шіріп кеткен ағаш діңгектердің орындары байқалады. Олар қабырғаның бүлінген жерлерінде, 2, 5 м биіктікте кездеседі. Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аймағындағы жиі кездесетін бұл құрылыс тәсілі, жер сілкінісінен сақтандыру шарасы болып табылады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Оңтүстік Қазақстан облысы
Ұлы Жібек жолының тарихына шолу
Туризмді дамытудың шетелдік тәжірибесі
Алтын Орда дәуіріндегі Сыр өңірі қалаларының тарихы
Түркістан аймағындағы туризм
ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИСТІК-РЕКРЕАЦИЯЛЫҚ РЕСУРСТАРЫНЫҢ ТАЛДАУЫ
Ұлы жібек жолының Қазақстандық бөлігінің туристік әлеуетін бағалау және оның Қазақстан Республикасы туризмінің дамуындағы маңызын анықтау
Туған жер туралы
Алтын Орда дәуіріндегі Сыр бойы қалаларының қалыптасу тарих
Саурандағы археологиялық қазба жұмыстарының жүргізілуі және зерттеулер барысынданда аршылған нысандар
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz