Ақ Орда тарихы


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 43 бет
Таңдаулыға:   

Кіріспе.

Қазақстан тарихының түрлі аспектілерін, оның нақты тарихи даму жолдарын жан-жақты, терең ғылыми тұрғыда зерттеу және белгілі бір тарихи кезеңде Қазақстан аймағында өткен этно-саяси процестердің сипаттамасын беру тарих ғылымы үшін өзекті проблема болып табылады. Қазақстан тарихының аз зерттелген аспектілерін қарастыру халықтың тарихи зердесін қайтадан қалпына келтіруге септігін тигізеді. Қазақстан территориясындағы ұзаққа созылған этникалық процестер ХІҮ-ХҮ ғасырларда қазақ халқының қалыптасуы аяқталып, осы этнос негізінде алғашқы ұлттық мемлекет - Қазақ хандығының құрылуына әкелді. Қазақ халқының этно-саяси даму жолдарын анықтай алмай тұрып бұл процестердің күрделілігін ұғыну мүмкін емес. Осы аймақтағы тарихи процестердің кейінгі барысына негіз болған ХІІІ-ХҮ ғасырлардағы кезеңін ғылыми және обьективті түрде зерттеу міндеті туады. Және де осы кезеңдегі Шығыс Дешті Қыпшақтың аймағында орналасқан Ақ Орда тарихын жан-жақты әрі терең ғылыми тұрғыда зерттеу болып табылады.

Шығыс Дешті Қыпшақ территориясында моңғол дәуірінен кейінгі кезеңде жергілікті этникалық топтар негізінде құрылған алғашқы мемлекеттік құрылымға Ақ Орда мемлекеті жатады. ХІІІ-ХҮ ғасырларда Қазақстан территориясындағы әлеуметтік-этникалық, саяси-этникалық және мәдени процестерді анықтауда, сондай-ақ ХІҮ ғасыр ортасында қалыптасқан Қазақ хандығының құрылуының алғы шарттары мен қазақ халқының қалыптасу барысындағы этникалық кезеңді білуде - Ақ Орда тарихының маңызы өте ерекше.

Осындай маңызы жоғары тақырып болса да әлі күнге дейін Ақ Орда тарихына арналған ғылыми жұмыстар жеткілікті емес. Оның себептеріне: тақырыптың өте күрделілігі мен ауқымдылығы, дерек мәліметтерінің тапшылығы, қарама-қайшылықты пікірлердің көптігі және т. б. жатса керек. Аталған жайттар тақырыпты зерттеуге мүмкіншілік жоқ деген ой тудырмайды. Зерттеушілердің бүгінгі күнгі өкілдері болмаса да, ертеңгі күнгі ұрпақ өкілдерінен Ақ Орда тарихымен айналысатын мамандардың шығатыны сөзсіз.

Бұған қоса осындай тақырыпты таңдаудың тағы бір қажеттігі мынадай: Жошы ұлысының тарихи жазбаларында Ақ Орда тарихын зерттейтін арнайы жұмыстар жоқ, бір жағынан Жошы ұлысының жалпы тарихы бойынша зерттеулердің көбі біржақты болып келеді. Жошы ұлысына тәуелсіз екі ұлыс - Бату мен Орда ұрпақтарының билеген екі мемлекеті жатады, ал зерттеулерде көбіне Батыс бөлігіне көп көңіл бөлінеді. Бұл ғылыми-зерттеу жұмысы - сәл де болса тарихи ғылымдағы олқылықтың орнын толтыру болып табылады. Бұл тақырыптың ғылыми-танымдық мәні де осындай жоғары.

Мәселенің тарихнамасы. Тақырыптың өзектілігі оның зерттелу деңгейімен тығыз байланыста болады. Шығыс Дешті Қыпшақтың Жошы мемлекетінің құрамдас бөлігі ретіндегі этно-саяси тарихының түрлі аспектілері орыс, кеңес және қазақстандық шығыстану ғылымында екі жүз жылдан бері зерттеліп келеді. Осындай ұзақ жылғы ізденістердің нәтижесінде тарихи зерттеулер жүргізу үшін берік ғылыми негіздер жасалды. Ортағасырларды зерттеудегі жетістіктер Қазақстанның ортағасырлық тарихын зерттеудегі тарихи-шығыстану ізденістерінің мүмкіндіктері мен болашағын анықтауға себеп болады. Бұл бағытта, Қазақстандық медиевистиканың басты мәселесінің бірі - Қазақстан аймағында ХІІІ-ХҮ ғғ. Болған этникалық және саяси процестерді зерттеу болып табылады. Осы мерзім ішінде маңызды этно-саяси процестер өтті, бұл хронологиялық мерзімде қазақтардың этникалық және саяси қауымдастығының қалыптасуының соңғы кезеңдері аяқталады, ХҮ ғасырдың екінші жартысында, яғни осы кезең аяқталған соң, Қазақ мемлекеті құрылы бастады.

ХІІІ ғ. және ХҮ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қазақстандық аймақты зерттеу ісі Жошы ұлысының тарихи дамуымен тығыз байланысты жүргізілді. Алдымен моңғол империясының бөлігі ретінде болған бұл ұлыс кейін өз алдына бөлек мемлекетке айналды.

ХҮІІІ-ХХ ғғ. Басындағы орыс тарихшыларының М. М. Щербатов, В. Н. Татищев, Н. М. Карамзин т. б. еңбектерінде Жошы ұлысының тарихының кейбір деректері қарастырылады, бірақ негізінен, М. Г. Сафаргалиевтің көрсетуінше, олардың көбін орыс-татар байланыстары қызықтырды.

ХІІІ-ХҮ ғасырлардағы Шығыс Дешті Қыпшақ тарихын зерттеудегі келесі кезең Кеңес тарихнамасымен байланысты. Олардың қатарындағы П. П. Иванов пен М. П. Вяткиннің еңбектері Жошы ұлысының шығыс бөлігін зерттеудегі жаңа тарихнамалық кезеңнің басталуын көрсетеді. П. П. Ивановтың «Очерки по истории Средней Азии (ХҮІ - середина ХІХ веков) » еңбегінде ХІІІ-ХІҮ ғасырлардағы Шығыс Дешті Қыпшақтың қысқаша тарихын «Ескендір Анонимі» негізінде тоқталып өтеді. Хандарға сипаттама береді. Зерттеуші Ақ Орданың құрылуы мен оның саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайы арнайы зерттелмегеніне мән береді.

М. П. Вяткиннің «Очерки по истории Казахской ССР» еңбегінде Жошы ұлдарының ұлыстарының шекаралары шамамен көрсетіледі, негізгі Жошы ұлыстарының атына мән беріледі. Ақ Ордаға мемлекеттік статус беріп, тәуелсіз саясат жүргізді деп көрсетеді.

1950 жылы шыққан ірі кеңес тарихшылары Б. Д. Греков пен А. Ю. Якубовскийдің «Золотая Орда и ее падение» еңбегінде алғаш рет Жошы ұлысының тарихы комплексті түрде барлық белгілі деректер мен зерттеулер негізінде - құрылуынан ыдырауына дейінгі тарихы қарастырылды. Еңбекте Ақ Орда тарихы да қаралды. А. Ю. Якубовский Ақ Орда тарихына Жошы мемлекеті тарихымен бір контексте қарау тұрғысынан келді. Онда Ақ Орданың тарихи географиясы мен халқының этникалық құрамы мәселелері зерттелді.

Кеңес тарихнамасындағы тағы бір еңбек - М. Г. Сафаргалиевтің «Распад Золотой Орды» зерттеуі. Онда автор Көк Орда деп атаған Ақ Орда тарихы бүкіл Жошы ұлысымен байланысты қарастырылады.

ХІІІ-ХҮ ғасырдағы Шығыс Дешті Қыпшақ тарихының жеке проблемаларын зерттеу Г. А. Федоров-Давыдов, В. Л. Егоров, А. П. Григорьев, А. Г. Мухамадиев, Ю. Е. Варваровский т. б. еңбектерінде қарастырылады. Г. А. Федоров-Давыдовтың «Общественный строй Золотой Орды» монографиясында Жошы Ұлысының соның ішінде Шығыс Дешті Қыпшақтың әлеуметтік және саяси құрылысы мен дамуы зерттеледі. Алғаш рет Ақ Орда және Көк Орда мәселесі қарастырылады.

В. Л. Егоров Алтын Орданың тарихи географиясын зерттей отырып, Ақ Орда шекараларын нақты анықтап бермесе де, үстіртін тоқталып өтеді.

Бұл мәселеге А. П. Григорьев пен Ю. Е. Варваровский тоқталады. Орыс ханның Едіо бойына келуі мәселесі сонымен қатар нумизмат А. Г. Мухамедиевтің еңбегінде қарастырылады.

Шығыс Дешті Қыпшақ тарихының жекелеген аспектілері К. И. Петров, Б. А. Ахмедов, В. П. Юдин, А. Г. Нестеров, В. В. Трепавлов т. б. зерттеушілердің монографиялары мен мақалаларында зерттелді.

К. И. Петров Ақ Орда тарихын Алтын Ордадан тәуелсіз мемлекет ретінде қарастырып, Рашид ад-дин мен Натанзи мәліметтеріне сүйеніп қысқаша тарихын жазады.

Б. А. Ахмедов Барақтың Ұлықбекпен қарым-қатынасы, олардың соғыстары тарихынан хабардар етеді.

В. П. Юдиннің еңбектері Шығыс Дешті Қыпшақтың «шыңғыс намеде» бейнеленген тарихына арналады.

ХІҮ ғасырдың аяғы - Хү ғасырдың бірінші ширегіндегі Орда Ежен ұрпақтары мемлекетінің әлсіреу кезеңінде оның батыс және солтүстігінде маңғыт әулеті мен шайбанидтердің Сібір хандығы күшейеді. Олардың ара қатынасын А. Г. Нестеров пен В. В. Трепавлов қарастырады. В. В. Трепавлов моңғол империясының мемлекеттік құрылысындағы тарихи сабақтастық мәселесін зерттейді.

Өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан бастап Қазақстандық тарих ғылымында ортағасыр тарихын зерттеу маңызды орын алады. Н. С. Ибрагимов, Н. Н. Мингулов, В. П. Юдин, К. А. Пищулина, Т. И. Султанов, Б. Е. Көмеков, М. Х. Абусейтова, А. И. Исиннің еңбектері өзіміздің шығыстану мектебінің қалыптасқандығын көрсетті. Олардың еңбектерінде ХІІІ-ХҮ ғасырлардағы Шығыс Дешті Қыпшақ тарихы мәселелері қарастырылды. Н. Н. Мингуловтың «К некоторым вопросом изучение истории Ак - Орды» мақаласы ұзақ уақыт бойы бұл мемлекеттің тарихына арналған жалғыз жеке еңбек болды. К. А. Пищулина мен Т. И. Сұлтановтың еңбектерінде Ақ Орда мәселесі біршама зерттелді. А. И. Исиннің еңбегінде алғаш рет Орда Ежен ұлысының құрылу кезеңінен бастап ыдырауына дейінгі саяси тарихы, Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісу халқының Әмір Темір шабуылына қарсы күресінің барысы зерттеледі. Шығыс Дешті Қыпшақтың ХІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы тарихын, ол территориядағы моңғолдардың ұлыстық жүйесін зерттеуге Б. Я. Владимирцов, Е. И. Кычанов, Н. Ц. Мункуев т. б. еңбектері арналды. Жошы ұлысының құрылуы қарсаңындағы этно-саяси жағдайды И. П. Петрушевский, С. М. Ахинжанов, З. Қинаятұлы, С. М. Сыздықов т. б. зерттеушілер талдап зерттеді.

Деректік негізі. Ғылыми-зерттеу жұмысын жазу барысында Ақ Орда тарихына қатысты бірнеші ортағасырлық деректерді пайдаландық.

Соңғы ортағасырлардағы Қазақстанның тарихын зерттеу негізінен алғанда Шығыстың шектес және алыс елдерінен шыққан авторлар жазған жазба деректердің мәліметтеріне негізделеді.

Рашид ад-диннің «Жамиғат тауарих» (1310-1311жж. ) деген тарихи еңбегі ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы моңғол және түрік тайпалары мен халықтарының тарихы жөніндегі мейлінше елеулі еңбек болып табылады. Рашид ад-дин шығармасының негізіне ресми моңғол хроникалары, моңғолдар жаулап алған түрлі елдердің тарихи шығармалары, оқиғаға қатысушы хабарламашылардың материалдары алынған. Қазақстан моңғол ұлыстарының құрамына кірген кездегі оның топонимикасы, тарихи геогерафиясы, саяси тарихы жөніндегі деректер, Орда Ежен ұлысының тарихы, оның ұрпақтарының, басқа да Жошы ұрпақтарының генеологиясы жөніндегі мәліметтер келтірілген.

Рашид ад-диннің мәліметтері бұл тақырыпты кейінгі уақыт үшін дамытқан көптеген авторларға негіз болды. Олардың ішінде беймәлім автордың 1426 жылы Темір ұрпағы Шахрухтың тапсыруы бойынша жазылған және Жошы ұрпақтарының генеологиялық тармағы, атап айтқанда, Орыс хан мен оның ұрпақтарының шежіресі келтірілген «Муизз әл-ансаб фи шаджарат салатын могул» деген еңбегін атап өткен жөн.

Хронологиясы жағынан әмір Темірдің іс-әрекеттері туралы толып жатқан хикаялардың негізін салған алғашқы еңбек Низам ад-дин Шамидің «Зафарнамесі» болды, ол хижра бойынша 806 жылға (1403-1404жж. ) жеткізілген. Шамидің ХІҮ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанда болған саяси оқиғалар туралы мәліметтері негізінен әмір Темірдің Ақ Орда мен Моғолстанның, Орыс хан мен Тоғылық Темір ханға қарсы күресіне қатысты.

Шараф ад-дин әли Иаздидің «Зафар наме» еңбегі Шахрухтың ұлы Ибраһим сұлтан кезінде, 1419-1425 жылдар аралығында жазылғанымен, ол Темірді дәріптеу болып табылады. Иаздидің еңбегінде ХІҮ ғасырдың соңғы үштен бірінде Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда болған саяси оқиғалардың егжей-тегжейі, әмір Темірдің осы аудандар мен Тянь-Шанға жасаған жаулап алушылық жорықтарының бағыттары келтіріледі. Ақ Орда мен моғол хандарының әскери ұйымын және Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісудың байырғы халқы өмірін сипаттайтын деректер келтіріледі.

Муин ад-дин Натанзидың «Мунтахаб ат-таварих-и Муиини» деген еңбегі Қазақстан тарихын зерттеу үшін құнды дерек. «Ескендін анонимі! Деген атаумен бұл еңбекті ғылыми айналымға В. В. Бартольд енгізіп, оған бірнеше мақаласын арнады. Одан Шығыс Дешті Қыпшақтың, атап айтқанда Ақ Орданың тарихы жөніндегі материалдар В. Г. Тизенгаузеннің басылымында келтірілген.

Темір ұрпақтары тарихнамасының маңызды туындылары қатарында ХҮ ғасырдың екінші жартысындағы шығармалар ерекше орын алады. Олардың ішінде АБД ар-Раззак Самарқандидің «Матла ас-са дайн ва маджма әл-бахрайны» бар. Онда Иран мен Орта Азияның Хулагу және Темір ұрпақтарының 1304 жылдан 1471 жылға дейінгі тарихы баяндалған. ХІҮ-ХҮ ғасырлар шебіндегі Ақ Орданың құлдырауы кезіндегі Шығыс Дешті Қыпшақтағы оқиғалар туралы, Барақ ханның мемлекеттің ыдырауына қарсы әрекеті туралы мәліметтер мен басқа да деректердің ынта ықылас туғызатыны күмәнсіз.

Жазба деректердің негізгі тобын ХІ-ХҮІІ ғасырлардағы түркі тіліндегі шығармалар құрайды.

ХҮІ ғасырда «Шыңғыс наме» деген құнды тарихи шығарма туды. Оның авторы - Елбарыс ханның (1512-1525жж. ) қызметінде болған ықпалды отбасынан шыққан Хиуа тарихшысы Өтеміс қажы ибн Маулан Мұхамммед Досты. Ал оның ата-бабалары Хү ғасырдың 80-жылдарында Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан Шайбани Жәдігер ханның боданы болған.

«Шыңғыс наме» мәліметтерінің орта ғасырлардағы Қазақстан халқының саяси, этникалық-саяси, шаруашылық, әлеуметтік-мәдени өмірінің проблемаларын шешу үшін зор маңызы бар. Өтеміс қажының туындысы Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары билік еткен уақытты қамтиды және Алтын Орданың хандары туралы мәліметтері бар.

Қазақтың жалайыр тайпасының өкілі Қадырғали бек (1530-1605) бізге дейін жеткен, шартты түрде «Жамиғат тауарих» деген тұңғыш тарихи еңбекті жазды. Бұл шығарма ауызша тарихи аңыздар мен Рашид ад-диннің тарихи жинағы (ХІҮ ғ. ) негізінде жазылған.

Әбілғазының «Түрік шежіресі» еңбегі бар. Онда Орталық Азия аймағының көптеген өңірлерінің саяси, әлеуметтік-экономикалық тарихы, этнографиясы мен тарихи географиясы туралы едәуір ақпарат бар.

Құрылымы. Ғылыми жұмыс кіріспе, негізгі бөлім және қорытындыдан тұрады. Негізгі бөлім екі тараудан тұрады. І-тарау Шығыс Дешті Қыпшақ территориясында тәуелсіз мемлекет жүйесінің қалыптасуы (ХІІІ ғ. ІІ-жартысы), 2-тарау ХІҮ ғасырдың І жартысындағы Ақ Орда мемлекетінің саяси құрылымындағы өзгерістер деп аталады.

І-тарау. Шығыс Дешті Қыпшақ территориясында тәуелсіз мемлекет жүйесінің қалыптасуы (ХІІІ ғ. ІІ-жартысы ) .

ХІІІ ғасыр басындағы моңғолдардың Қазақстан мен Орта Азия территориясын жаулауы аталған аймақтың саяси картасын түбегейлі өзгеріске ұшыратқаны белгілі. Бұрынғы саяси құрылымдардың орнына жаңа құрылымдар пайда болды. Бірақ та саяси құрылымдар өзгергенімен жаулап алушылар аймақтың этникалық құрылымына түбегейлі өзгерістер енгізе алмады, тек этникалық процестерге ықпал ете алды.

ХІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап, Моңғол империясының құрамындағы жергілікті халықтардың саяси өмірдегі рөлі өсе бастайды. Бұл процесс моңғол қағандарының орталық билігінің әлсіреуімен қатар жүріп, нәтижесінде жергілікті этностарға негізделген Шыңғыс хан ұрпақтарының мемлекеттері пайда болады. Оған Қытайдағы Құбылай әулетінің, Ирандағы Хулагу әулетінің, Батыс Дешті Қыпшақтағы Батый әулетінің, Жетісу мен Шығыс Түркістандағы, Орта Азиядағы Шағатай әулетінің мемлекеттері дәлел бола алады. Ал Қазақстан жеріндегі моңғол жаулап алушылығынан кейінгі дәуірде этникалық негізде құрылған мемлекетке Орда Ежен әулетінің мемлекеті немесе Ақ Орда мемлекеті жатады.

Ақ Орда тарихы арқылы ХІІІ-ХҮ ғасырлардағы әлеуметтік-этникалық, саяси-этникалық және мәдени процестерді анықтауда, сондай-ақ ХҮ ғасыр ортасында қалыптасқан Қазақ хандығының құрылуының алғы шарттары мен қазақ халқының қалыптасуы барысындағы этникалық процесті біле аламыз. Сондықтан да Ақ Орда мемлекеті тарихының Отандық тарихта, оның ішінде Орта ғасырлық Қазақстан тарихында алатын орны ерекше.

Шығыс Дешті Қыпшақ территориясында Жошы Ұлысының құрылуы өлкенің әскери, саяси, этникалық дамуындағы өте маңызды фактор болып табылады. Жошы Ұлысы ортағасырлық Қазақстан территориясында болашақтағы мықты мемлекеттіліктің негізін салып берді. Дербес ұлыстық құрылыс, Жошының жүргізген әкімшілік-саяси істері ол қайтыс болғаннан кейін оның балалары жалғастырды. Әкесінің жүргізген саясатын жалғастыруда улкен баласы Орда Еженнің рөлі зор.

Шыңғыс ханның жаулап алған жерлерін төрт ұлына бөліп бергені баршаға мәлім. Жошыға тиген Дешті Қыпшақ жері өз ішінде Жошының ұлдары арасында ұлыстарға бөлінеді. Жазба дерек мәліметтеріне сүйенсек, Дешті Қыпшақта Жошының үш ұлы: Орда Ежен, Батый және Шайбан билік еткен. Жоғарғы билікке үлкен ұл Орда Еженнің толық құқы болса да, ол Жошының мұрагері етіп інісі Батыйды ұсынады. Батыйдың Ұлысы Дештінің батысында, ал ағасы Орда Ежен шығыста, Жошының бесінші ұлы Шайбан екі ағасының ортасындағы иеліктерге билік жүргізеді. Дешті Қыпшақта ұлыстардың құрылуы, 1225 жылдан кейін, яғни Жошы ханның өлімінен кейін жүзеге асады [1] .

Жошының үлкен ұлы мұрагерлік дәстүр бойынша әкесінен кейін оның алғашқы қонысы - Ертіс аймағын иемденді. Яғни, Орда Ежен ұлысы Дештінің шығысында: Ертістен Ұлытау мен Қаратауға дейінгі аймақ аралығында болып, орталығы Ертістің жоғарғы ағысы бойындағы Алакөл маңында орналасады. Бұл жөнінде ХІІІ ғасырдың 40-жылдары осы маңнан өткен Плано Карпини, ХІІІ ғасырдың соңында Марко Поло мәліметтер жазып қалдырған. Саяси құрылымның аты бұл кезеңде «Орда Ұлысы» деп аталғандығы деректерден белгілі. «»«»

Жошы өлгеннен кейін хан тағына мұрагерлердің отыру мәселесін Шыңғыс ханның өзі шешті. Авторы белгісіз "Шаджарат әл-атрак" дерегі бойынша, "Жошының баласы Бату, әкесінің өлімінен кейін өзінің ұлы атасы Шыңғысханның бұйрығы бойынша Дешті Қыпшақта сұлтан билігіне келді"[2] . Дәл осы процесс Әбілғазының "Түрік шежіресінде" төмендегідей беріледі: "Шыңғыс хан Жошы өлімінен соң, қатты қайғырып аза тұтты. Аза тұтып біткен соң, Өтшікенге: "Сен Дешті Қыпшаққа бар, Жошы ханның екінші баласы Бату, лақабы Сайып хан, соны әкесінің орнына отырғызып, інілері мен әмірлерді соған бағындыр. Егер інілері мен әмірлері сенің сөзіңді тыңдамаса, өзің анда қалып, маған хабарла, біз сенің айтқаныңды істелік", -деді. Өтшікен Жошының ұлысына жақындағанда Бату хан хабар алып, інілері мен балаларын алдынан жіберді, өзі олардың артынан шықты. Өтшікенмен көрісіп, қазаны аза қылды. Үш күннен соң Өтшікен Батуды әкесінің тағына отырғызып, Бату ханның інілері мен әмірлеріне Шыңғыс ханның айтқан сөздерін жеткізді, барлық халық оны қабыл қылды. Одан соң моңғол рәсімімен ұлық той жасап, Батуға аяқ берді, көп сыйлықтар үлестірді"[3] . Шыңғыс ханның Жошы ұлысының мұрагерін таңдаудағы мұндай шешіміне Жошының екінші ұлы Батудың талантты қолбасшы, тәжірибелі саясаткер болып, оның «Батыс елдерін жаулауда» және Мөңкені жалпы империялық таққа әкелуде дәлелдеуі ғана емес, оның үлкен ағасы әке тағынан бас тартып Батуға беруі әсер етті. Сонымен қатар, Рашид ад-дин "Орда Батудың хандық құруына келісті. Сөйтіп ол әке орнына таққа келді, "- деп жазады [4] .

Жошы хан Шыңғысханның тұңғыш ұлы, бірақ ол империяның жеке дара билеушісі емес, Жошы оның билігіндегі ел, жері империяның ұлы қағаны Шыңғысханның тікелей өз билігінде болғанынескерген жөн. Сондықтан ұлы қағанның көзі тірісінде оның өз ұрпақтары арасында тақ таластың тууы мүмкін емес. Өйткені қаған билігіндегі аймақтардың билік мәселесін қаған тікелей өзі шешетін болған. Бұл туралы әйгілі Көк дәптер (Ұлы жарғы) және 1219 жылы көктемде өткен құрылтай шешімдерінде белгіленген. Жарлық бойынша ұрпақ мұрагерлігін жасының үлкен, кішісіне қарай емес, білгір, біліктілігіне орай қаған кеңесі шешетін болған. Бұл туралы 1219 жылы көктемде болған құрылтай шешімінен айқын аңғаруға болады. Мұнда ұлы қағанның өзінің ресми мұрагері болып қағанның тұңғыш ұлы Жошы емес, үшінші ұлы Үгедей белгіленді. Сол жиында Үгедейдің: «Егер менің ұрпағымнан шөпке ораса мал жемейтін, бұғы аттым деп тышқан алатын жетесіз шықса қайтпекпін?», -деген. Бұл сауалға Шыңғысханның: «Егер олай бола қалса, менің басқа ұрпағымнан бір жетелі табылар», -деген жауабы көп жағдайды аңғартады. Мұнан ең әуелі ежелгі Түрік-моңғолдың мұрагерлік салтымен қатар, көшпенді ордалардың «демократиялық» дәстүрін аңғаруға болады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ақ Орда мемлекетінің территориясы және қоғамдық саяси құрылымы
Отандық тарих ғылымныда Алтын Орда туралы іргелі зерттеулер
Алтын орданың рухани мәдениетінің тарихы
Алтын Орданың саяси тарихы
В. П. Юдин еңбектері Қазақстан тарихының деректік негіздері
Батыс тарихнамасы. Негізгі зерттеулер және қалыптасқан тұжырымдар
ШЫҒЫС ДЕШТІ-ҚЫПШАҚ ТАРИХЫ БОЙЫНША ДЕРЕККӨЗДЕР МЕН ТАРИХНАМАСЫ
Ақ орда мемлекетінің құрылуы, саяси тарихы
Астанасы Алмалық қаласы
Алтын Орда кезеңінің ескерткіштері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz