Шаруа (фермер) қожалығының құрылу тәртібі және ерекшеліктері


Пән: Ауыл шаруашылығы
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 57 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Заң факультеті

Табиғи ресурстар және экологиялық құқық кафедрасы

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

Шаруа (фермер) қожалығының құрылу тәртібі және ерекшеліктері

Орындаған:

3 курс студенті Касымбекова А. Д.

Ғылыми жетекші:

з. ғ. к., оқытушы Ергөбек Ш. Қ.

Норма бақылаушы: Шуланбекова Г. Қ.

Табиғи ресурстар және экологиялық

құқық кафедра меңгерушісінің

рұқсатымен қорғауға жіберілді:

«»2010ж

з. ғ. д., доцент Еркінбаева Л. Қ.

Алматы, 2010

Мазмұны

КІРІСПЕ . . . 3

1 ШАРУА (ФЕРМЕР) ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТАБИҒАТЫ . . . 5

1. 1 Шаруа (фермер) қожалықтарының даму тарихы . . . 5

1. 2 Шаруа (фермер) қожалығының түсінігі . . . 10

1. 3 Шаруа қожалығының құрылу тәртібі мен қызмет ету негізі . . . 16

2 ШАРУА (ФЕРМЕР) ҚОЖАЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕКЕЛЕГЕН МӘСЕЛЕЛЕРІ . . . 21

2. 1 Шаруа (фермер) қожалығының жерге құқығы . . . 21

2. 2 Шаруа қожалығының еңбек қатынастарының

құқықтық реттелу . . . 32

2. 3 Шаруа қожалығының меншікке құқығы . . . 39

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 45

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 49

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Қазақстанның қазіргі заманғы жағдайында шаруа (фермер) қожалықтарына елеулі экономикалық міндеттер жүктелген. Оларды шешу ауыл шаруашылығының осы маңызды бөлігінің қызмет етуін реттейтін құқықтық тетікті жетілдірмеусіз мүмкін болмайды. Бұл орайда ең басты мәселе болып жерге меншік мәселесі табылады, өйткені ол ауыл шаруашылығы жерлері нарығының қызмет ету негізінде тұр.

Қазақстан әуел бастан ауыл шаруашылығы экономикада елеулі орынды иеленген мемлекеттердің біріне айналды. Өйткені көлемі жағынан үлкен аумақтың арқасында мемлекетте ауыл шаруашылығының түрлі салаларын дамытуға мүмкіндік қалыптасты.

2009 жылғы статистикалық мәліметке сәйкес, белсенді шаруа (фермер) қожалықтарының саны Қазақстан Республикасында 169, 5 мың бірлікті құраған. Онда 426557 адам еңбек етеді. Олардың 147, 9 мыңы (жалпы санның 87, 3 %) өсімдік шаруашылығымен, 14, 3 мыңы (8, 4 %) мал шаруашылығымен, қалған 4, 3 %-ы өсімдік және мал шаруашылығымен қатар айналысады екен. Осы мәліметтен көріп отырғанымыздай шаруа (фермер) қожалығының ауыл шаруашылығындағы рөлі мен маңызы елеулі болып табылады. Оның үстіне Қазақстан жерінде тарихи тұрғыдан шаруа қожалықтарын дамытуға қажетті барлық алғышарттар қалыптасқан. Оның тарихы жүздеген жылдарға дейін тереңге кетеді.

Шаруа қожалықтарында жер пайдалану құқығы меншік құқығына емес, жалға алуға негізделгендіктен оларда жердің сапасын арттыруға қаржы салуға ынта жоқ, өйткені жалға алушыларға, әдетте, ондай шығынның орны өтелмейді. Бұл жер ресурстарының тиімсіз пайдаланылуына алып келуде. Өз кезегінде, жер ресурстары жүйелі және тұрақты түрде жаңартылып отыруды, тыңайтуды қажет ететіні баршаға белгілі.

Шаруа қожалықтары туралы қазақстандық заңнама туралы айта отырып, мынаны атап өткен жөн: көптеген мәселелер әлі жеткілікті түрде реттелмеген, шаруа (фермер) қожалықтарын дамытуды тежейтін көптеген мәселелер бар. Атап айтақанда, ондай тежегіш фактор ретінде шаруа (фермер) қожалығын жүргізу үшін Қазақстан Республикасының азаматында жер пайдалану құқығында болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің бір әкімшілік ауданның (қаланың) аумағындағы шекті (ең жоғарғы) мөлшерінің әлемдік станларттардан төмен болуын атауға болады.

Жоғары айтылғандардың негізінде агроөнеркәсіп кешенінің маңызды элементі болып табылатын шаруа (фермер) қожалықтарының құрылу тәртібі мен қызмет ету мәселесі нарықтық экономика жағдайында өзекті тақырыптардың біріне айналғанына ешкім күмін келтірмейді деп ойлаймыз. Қайта мемлекеттің экономикасын дамытуда маңызды орынды иеленетін ауыл шаруашылығы саласы шаруа (фермер) қожалықтарын дамытусыз толық көлемде дами алмайтынын атап өткен жөн. Осыған орай бүгінгі таңда Қазақстанда шаруа (фермер) қожалықтарын дамыту үшін, олардың құқықтық мәртебесі мен қызмет ету негізін нығайту жолында тиісті әкімшілік, құқықтық, экономикалық шаралар атқарылуда.

Жұмыстың мақсаты болып шаруа (фермер) қожалықтарының құрылу тәртібі мен қызмет теу ерекшелігін талдау және оларды дамыту жөніндегі нақты ұсыныстар қалыптастыру табылды. Осы айтылған мақсатқа қол жеткізу үшін төмендегідей міндеттерді шешу белгіленді:

- Шаруа ( фермер) қожалығының түсінігін анықтау;

- Шаруа ( фермер ) қожалығының құрылу тәртібі мен қызмет ету негізін талдау;

- Шаруа (фермер) қожалығының жер пайдалану құқығын талдау;

- Шаруа қожалығының жер пайдалануы мен еңбек қатынастарын құқықтық реттеуді талдау;

- Шаруа қожалығындағы ортақ меншіктің құқықтық жағдайын саралау.

Жұмыстың объектісі - шаруа (фермер) қожалығының ұйымдық-құқықтық нысаны, оның қызмет ету тәртібін анықтайтын нормалар мен ережелер.

Жұмыстың пәні - шаруа (фермер) қожалығының құрылуы мен қызмет етуі барысында қалыптасатын, жүзеге асырылатын құқықтық қатынастар жиынтығы.

Жұмыстың теориялық және тәжірибелік маңызы . Жұмыстың объектісін зерттеу барысында қалыптасқан ғылыми қорытындылар, авторлық идеялар мен ұсыныстар құқықтану, соның ішінде аграрлық құқық мамандары тарапынан сұранысқа ие болады деп ойлаймыз. Сонымен қатар бұл зерттеу жұмысы аталған мамандық бойынша жоғары оқу орындарында білім беру процесінде, тәжірибе жүзінде пайдаланыла алады.

Тақырыптың зерттелу дәрежесі . Шаруа (фермер) қожалығының құқықтық мәртебесі, олардың құрылу тәртібі мен қызметінің құқықтық реттелуі қазіргі заманғы заң ғылымында өзекті тақырыптардың бірі болып табылады. Осыған орай бұл мәселеге қатысты отандық және шетелдік, соның ішінде ресейлік зерттеушілердің еңбектері бар. Атап айтқанда, қазақстандық авторлардың ішінде Е. Ш. Дусиповты, С. Жаркенованы, Л. А. Кусаинованы, Г. Мұқалдиеваны, Е. Ш. Рахметовты, А. С. Стамкуловты, Н. Б. Мухитдиновты және т. б. атауға болады.

Ресейлік авторлардың ішінде Ю. Н. Андреевтің, Л. Амосованың, Г. А. Волковтың, Б. В. Ерофеевтің, Н. Н. Ведениннің, В. Галовтың, С. Зинченконың, Н. Лебедеваның және т. б. еңбектері бар.

Зерттеу әдістері. Бұл жұмыстың методологиялық негізін формальды-құқықтық, салыстырмалы-құқықтық, құрылымдық, логикалық және т. б. ғылыми танымдық әдістер құрайды. Сонымен бірге, автор анализ, синтез, жалпылау сияқты жалпытанымдық ғылыми әдістерді де қолданды.

Жұмыстың құрылымы мен мазмұны оның мақсат-міндеттерімен анықталған. Жұмыс реферат, глоссарий, кіріспеден, негізгі бөлім мен қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жұмыстың негізгі бөлімі құрылымдық және мазмұндық тұрғыдан екі тарауға бөлінген. Олар, өз кезегінде, параграфтарға тармақталған.

1. ШАРУА (ФЕРМЕР) ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТАБИҒАТЫ

1. 1 Шаруа (фермер) қожалықтарының даму тарихы

Кез келген процестің тарихи тәжірибесін танып білу алдағы даму үшін маңызды екеніне ешкім күмән келтірмейді. Осыған орай біз шаруа қожалығының және оның жер пайдалану құқығын реттеген заңнаманың даму тарихына көз жүгірткенді жөн көрдік.

Қазақстанда шаруа қожалықтарының өркендеуі - бұл атаулы мемлекеттік-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық құбылыс болып табылады. Оны енгізу қажеттілігі нарықтық қатынастардың және кәсіпкерліктің дамуымен тығыз байланысты. Жеке мүдделілік және бәсекелестік жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ұстанымның өміршеңдігін нарықтық экономикасы бар дамыған елдердің және революцияға дейінгі Ресейдің шаруа қожалықтарының даму тәжірибесі дәлелдейді.

Революцияға дейінгі Ресейдің шаруа қожалықтарының даму тарихын зерттеу қажеттілігі Қазақстан тарихындағы маңызы фактімен - Қазақстанның 1734 жылы Ресейге қосылуымен түсіндіріледі. Осыған байланысты Қазақстан аумағындағы жер қатынастары Ресей империясының заңнамасымен тығыз байланыста дамыды [1, 356 б. ] .

Қазақстан аумағында жерге меншіктің болуы қарахандықтар мен оғыздардың ертефеодалды мемлекеті тұсынан белгілі. Қалалардың өсуі мен саудагерлер арасында алыс-берістің дамуы сол кезеңдегі Қазақ жеріндегі шаруашылықтың барлық нысандарының феодалдануына зор ықпал етті.

Жер шаруашылығы жағдайында жер пайдаланудың бөлектенуіне алғышарттар тез дамыды. Жер шаруашылығын жүргізуде қолдан өсімдіктер өсіру өнері маңызды рөлді иеленді.

Орта ғасырлардың тарихи жазбалары айғақтайтындай, Х-ХІ ғасырларда жер шаруашылығы тұрақтанған тұрғындармен жүргізілді. Олардың қатары малы жоқ көшпенділермен толыға түскен. Осылайша өндіріс құралы ретінде: жер, су және мал басы табылды. Осылар жерге деген феодалдық меншіктің пайда болуына негіз болды. Оның негізгі элементі болып жер шабындықтарына иелік ету табылды. Меншік иесі жерді кімнің иелігіне немесе пайдалануына беру, кімге бермеу, жер пайдаланушылардан қандай мөлшердегі сыйақы берілу керектігін өзі белгіледі.

Орта ғасырларда жер пайдаланумен, жерге меншік құқығымен байланысты мынадай үш құқықтық институт пайда болған: икта, союргал және вакф [2, 456 б. ] .

Икта термині жер салығын жинауға құқық беретін құжат, құқықтық негіз деген түсінікті білдірген. Икта ұстаушысы шаруалардан жерді пайдаланғаны үшін жер салығын жинап тұрған, бірақ ол жерге иелік ету құқығына ие болмаған.

Икта институты қараханидтер мен сельжұқтар дәуірінде кең таралған. Оның негізгі мақсаты әскери басшылар мен жергілікті шенеуніктерді қамтамасыз ету болды.

Союргал термині де феодалдық заманда кең таралған түсінік болды. ол моңғол тілінен аударғанда «сыйға беру» деген түсінікті білдірген. Бұл институт ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Алтын Орда мен Орта Азия дәуірінде жер пайдалану институты ретінде кең дамыған. Союргал мұрагерлік иелік етуді білдірді. Союргалға ие болған адам сол бір немесе өзге жерде өмір сүріп отырған тұрғындардан алым жинауға құқылы болған.

Келесі бір құқықтық институт - вакф. Вакф ұғымы - мешіттерге, діни орталықтарға берілген жерді білдірді. Вакфпен басқару құқығы мұрагерлік жолмен тек ер балаларға беріліп отырды. Вакф ретінде жарияланған барлық жерлерден алынған алым мен салық діни қазынаға түсіп отырған. Вакфқа тиесілі жерлермен қандай да бір мәмілелер жасауға тыйым салынатын. Вакф бойынша мұрагерліктің дінге қатысы жоқ адамдарға берілуіне жол берілмейтін, тыйым салынатын. Вакфқа қол сұқпаушылық шариғат нормаларымен қорғалатын.

Сонымен, қарастырылып отырған кезеңдегі жер қатынастары жүйесінде жерге иелік етудің үш нысаны болған:

1) толығымен субъектілердің меншігінде болған жерлер;

2) қызмет көрсету негізінде алынған жерлер;

3) діни орталықтардың (мешіттердің) жерлері.

ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап, Қазақстанның Ресей империясының құрамына қосылғаннан кейін жер қатынастары мен шаруашылық жүргізуде елеулі өзгерістер орын алды. Бұл кезеңде хандар мен сұлтандар жерге феодалдық меншік құқығын иеленген басты субъектілер болды.

Жер пайдалану мәселелерін реттейтін әдет нормалары бір рудың екінші бір рудың жерлерін пайдалануға тыйым салған. Бұл қазақ қауымында көшіп-қонудың белгілі бір құқықтық режимі болғаны айғақтайды. Сол режимге сәйкес көшпенділер феодалдар анықтап берген жерлерде ғана жүруге міндеттенген. Бұл режиміді кез келген бұзушылық сол бір немесе өзге субъектінің пайдалану құқығына қол сұғушылық деп қабылданған.

1861 жылғы шаруа реформасы және одан кейін орын алған басқа да буржуаздық реформалар Ресей мен Қазақстанды жаңа дәуірге жетеледі. Жаңа қоғамдық-экономикалық құрылым жерге деген меншіктің жаңа тәртібін талап етті [3, 59 б. ] .

1861 жылғы реформамен жер иеленудегі басты үрдіс анықталды. Ол феодалды жер меншігін нарықтық жер меншігіне айналдырды. Шаруа реформасының актілері шаруалардың тәуелділігін жоққа шығарды, жерге деген меншік құқығы феодалдарда белгілі бір шектеулермен ғана қалдырылды.

Қоғамдық өмірдегі өзгерістерге шаруашылық жер иеленудің көптеген нысандары сәйкес келді. Ауылдық қауымдарға біріккен шаруалар жалпы азаматтық заңдармен көзделмеген және шаруа жер құқығының өзіндік институттары болған жерлерге ие болды. Ондай нысандар ретінде мыналар пайда болды: а) қауымдық жер; б) аулалық (учаскелік) жер) в) хуторлық жер.

Столыпиндік аграрлық реформа жалпы алғанда өзінің мақсатына қол жеткізе алмады. Ауылдарды капитализациялау ауылдық қарама-қайшылықтарды ушықтырып жіберді. Реформа хуторлық шаруашылықтарды қауым есебінен пайда болуды ынтыландырды, ал бастапқы жоспарда олар бай феодалдардың жерлері есебінен құрылуға тиіс еді. Бірақ олардың жерлері еш өзгеріссіз сол қалпында қалған.

Шаруа - фермерлер класының дамуы Кеңес үкіметінің орнауымен үзіліп қалды. 1917 жылғы Қазан революциясынан кейін жерді кезең-кезеңмен ұлттандыру процесі басталды. Бірінші кезеңде «Жер туралы» декрет қабылданды. Онда жерді әлеуметтендірудің негізгі идеялары көрініс тауып, ішкі қарама-қайшылық тудырды. Өйткені жерге қатысты жеке меншікті жоққа шығару, жермен мәмілелер жасауға тыйым салу шаруа жер құқығының негізін бұзды. Бірдей жер пайдалануды енгізу қауымдық жер пайдалануға тән кемшіліктерге қайта оралуды білдірді. Екінші кезеңде «Жерді әлеуметтендіру туралы» 1918 жылғы 27 қаңтардағы декрет қабылданды. Шаруаларға жер пайдаланудың еркін нысандары ұсынылды: жеке шаруашылықтан бастап ұжымдық шаруашылыққа дейін.

Қоғамның осындай экономикалық жағдайында жерді әлеуметтендіру идеясы пайда болды. Оның белді авторларының бірі аргарлық-экономист А. В. Чаянов. Ол отбасылық еңбектік шаруашылық теориясын ойлап тапты. Оның теориясында негізгі орынды шаруаның және оның отбасы мүшелерінің жеке еңбегі иеленді. А. В. Чаянов агарлық өзгерістерді мынадай реформаларда деп есептеген:

1) барлық жер жалпы халықтың мұрасы болып, халықтың еңбектік пайдалануына түсу керек;

2) жерге жеке меншік алынып тасталу керек;

3) жерге еңбектік құқықтың танылуы [4, 5 б. ] .

Жерді ұлттандыру процесін 1922 жылғы Жер кодексі аяқтады. Барлық жер мемлекет меншігіне айналды. Сонымен бірге Жер кодексіне жерді жалға беру мен жалдамалы еңбекті пайдалану нормалары да енгізілді. Кодекс шаруаларға толық еркіндік белгіледі, өйткені жер пайдаланудың қауымдық, учаскелік және серіктестік нысандарын көздеді.

Белгілі ғалым А. С. Стамкулов атап өткендей, «РСФСР-дің Жер кодексі» негізінен жеке шаруа қожалықтарының жер пайдалану құқығын реттеді [5, 29 б. ] .

Жерге деген құқық жер пайдаланудың қауыммен белгіленген тәртібіне бағына отырып қауым құрамында да, оның құрамына кірмей жеке дара да жүзеге асырыла алды. Заңнама еңбек жер пайдаланушылардың құқықтарын қорғады.

1920 жылдардың аяғында кулактарды шектеу мен жою саясатына көшу нәтижесінде 1928 жылдан бастап жеке шаруа қожалықтары ығыстырыла бастады. Колхоздардың үстемдігі 1930, 1935, 1937 жылдардағы актілермен бекітілді.

Қазақстан, сталиндік басшылықтың ықпалына байланысты, ұжымдастыру негізінен 1932 жылдың көктеміне аяқталуға тиіс топқа жатқызылды. Егер 1928 жылы Қазақстанда барлық шаруашылықтардың 2% ұжымдастырылған болса, 1930 жылдың 1 қаңтарында ол 50, 5 %-ға жеткен, ал 1931 жылдың қазан айында - 65%-ға жуық шаруашылық ұжымдастырылған [6, 128 б. ] .

1937 жылы колхоздарға рсепубликаның барлық шаруа қожалықтарының 97, 5%-ы біріктірілген. 1937 жылдың аяғында республика колхоздары мемлекеттен мәңгілік тегін пайдалануға 65953 мың га ауылшаруашылық жерлерін алған. Қазақстанда әрбір колхоз ауласына 120 га жер тиесілі болды, бұл кезде одақ бойынша бұл көрсеткіш 20 га ғана болған. Бұл республика колхоздары мал шаруашылығы мен астық өндіруде орасан зор мүмкіндіктерге ие болды дегенді білдіреді [7, 135 б. ] .

Жалпы, ауыл экономикасындағы шаруашылықтың социалистік тәжірибесі шаруаның жерден алшақтауына алып келді, ол ауыл шаруашылығы өндірісінің өсіміне мүдделі емес жалдамалы жұмысшыға айналды.

Кеңестік билік заманында жер ұлттандырылып, мемлекеттік меншікке айналды. Жер қатынастарының тек жалғыз нысаны - жерді пайдалану ғана танылды. Мемлекет пен жер пайдаланушы арасындағы жер қатынастары жерді мақсатына сай берумен және алып қоюмен қалыптасты.

Осылайша, социализм тұсында жер жер пайдаланушыға тегін берілді, салық салынбады, жылжымайтын мүлік мәртебесіне ие болған жоқ, өндірістің жарғылық қорына кірген жоқ. Бұл жер ресурстарын тиімсіз пайдалануға алып келді.

«Жерді әлеуметтендіру» саясатының экономикалық тұрғыдан құлдырауы Қазақстанда және басқа да Тәуелсіз мемлекеттер достастығында шаруа қожалықтарының қайта жандануына елеулі аргумент болды.

Осы қалыптасқан жағдайда жер қатынастарын өзгерту мен жер реформасын жүргізудің объективті қажеттілігі туындады. Біздің республикада бұрынғы КСРО ыдырығаннан кейін жер қатынастарының даму тарихын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады. Жер заңнамасы нарықтық экономика жағдайларында жер қатынастарын құқықтық реттеу қажеттілігіне орай жетілдіріліп отырды, және жеке меншікке көшу процесі біртіндеп жүрді.

Бастапқы кезеңде (1990-1993 жылдары) Жер кодексі, «Жер реформасы туралы», «Қазақ ССР-дегі шаруа қожалығы туралы», «Жер салығы туралы» заңдар қабылданды. Олар жерде шаруашылық етудің өзге нысандарын қалыптастыруда белгілі бір рөл ойнағаны сөзсіз. Бірақ, халық шаруашылығының барлық салаларына нарықтық қатынастарды енгізгеннен кейін және жеке кәсіпкерлікті дамытқаннан кейін жерге деген мемлекеттің айрықша меншік құқығы бұл процестерде дамытудың тежегіш факторына айналды [8, 296 б. ] .

Жер қатынастарының дамуының екінші кезеңі (1993-1995 жылдары) жер заңнамасының нарық жағдайларына бейімделу кезеңі болып табылады. Бұл процестің дамуының логикалық жалғасы болып жерге жеке меншік институтын енгізу мәселесі, оны нарықтық айналымға түсіру және тиісінше тұтас жер заңнамасын қайта қалыптастыру болды.

«Жер туралы» заңдық күші бар Жарлықтың жариялануымен реформаны жүзеге асырудың үшінші кезең басталады. Бұл Жарлық ауыл шаруашылығы өндірісіне белсенді инвестициялық саясат жүргізуге кедергі болған өзекті мәселенің бірін шешті. Ол жерді азаматтар мен заңды тұлғалардың жеке меншігіне берудің шектері мен көлемін анықтады және жер нарығына жол ашты.

Шаруа қожалығын ауыл шаруашылығы өндірісінің жаңа ұйымдық-құқықтық нысаны ретінде тану КСРО-ның және одақтас республикалардың 1990 жылғы 28 ақпандағы Жер туралы заңнамасында көрініс тапты. Шаруа қожалықтары шаруашылық етуші дербес субъекті болуға және агроөнеркәсіп кешені жүйесінде ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін басқа өндірушілермен бірдей жағдайға ие болуға тиіс болды.

Бұрынғы КСРО-ның ыдырауы одақтас республикалардың заң шығару органдарына шаруа қожалықтарының құқықтық мәртебесін анықтауға шығармашылық тұрғыдан келуге мүмкіндік берді. Мәселен, Ресей Федерациясында заңнамамен өз азаматтарына жер учаскесін меншікке алу құқығы бекітіліп, шаруа қожалықтары заңды тұлға құқықтарымен қамтамасыз етілді.

1990 жылдардың басында Қазақстанда шаруа қожалықтары туралы заңды дайындау барысында ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудағы шаруа қожалықтарының рөліне, олардың құқықтық мәртебесіне, жерге меншік құқығына, шаруа қожалығында жалдамалы еңбекті пайдалану мүмкіндігіне, колхоздар мен совхоздардың тағдырына қатысты өткір пікір-талас орын алды. Бұл пікір-таластың нәтижесінде 1990 жылғы мамыр айында «Шаруа қожалығы туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Ол шаруа қожалықтарының құрылуының, қызмет етуінің және тоқтатылуының заңдық негізі болды. Заңда шаруа қожалығын дамытудың негізгі қағидалары мен оның қызмет етуінің құқықтық негізі көрініс тапты.

Ерікті негізде құрылған шаруа қожалықтарына мемлекеттік, кооперативтік, акционерлік және аралас ауылшаруашылығы кәсіпорындарымен қатар тең мәртебе берілді. Осылайша республиканың аграрлық сектор экономикасындағы меншіктің мемлекеттен жеке меншіккке өтуінің құқықтық негізі қаланды. Бұл заңда шаруа қожалығын құруда аса маңызды мәселенің бірі - өмірлік мұралық иелікке жер учаскесін алу шарттары мен тәртібі туралы мәселе реттелді.

«Шаруа қожалығы туралы» заңды күшіне енгізу туралы» Республиканың Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылғы 21 мамырдағы Қаулысына сәйкес, Министрлер Кабинетіне республиканың ерекшеліктері мен жағдайларын, экономикалық салдарын, жерде шаруашылық етудің нысандарын еркін таңдауды, жұмыстарды кезең-кезеңмен жүргізу қажеттілігін ескере отырып, шаруа қожалықтарын қолдаудың арнайы бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.

Шаруа қожалықтарын ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды жандандыруды қамтамасыз ету, олардың тиімді жұмысы үшін қажетті жағдайларды қалыптастыру мақсатында рсепубликаның Министрлер Кабинеті 1990 жылғы 3 желтоқсандағы № 474 Қаулысымен шаруа қожалықтарын қолдау мен дамытудың Бағдарламасын бекітті. Онда шаруа қожалықтарын жермен қамтамасыз ету, қаржыландыру, несиелендіру, материалды-техникалық және өнідрістік қамсыздандыру туралы шаралар көзделді.

Шаруа қожалықтарын қолдаудың одан кейінгі логикалық жалғасы болып Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 9 қыркүйекте «Шаруа қожалықтарын одан ары қолдау мен дамыту шаралары туралы» №857 Қаулысының қабылдануы табылды. Соған сәйкес жергілікті әкімшіліктердің басшыларына жергілікті бюджеттерде шаруа қожалықтарын қолдау мен дамыту үшін қосымша қаржы көздеу ұсынылды.

Шаруа қожалығының шаруашылықты жүргізуі үшін жер берудің жалпы тәртібі мен жағдайлары бастапқы кезеңде «Шаруа қожалығы туралы» заңмен және Жер кодексімен анықталды. Онда белгіленгендей шаруа қожалығын құру үшін жер беру туралы шешім жергілікті әкімшіліктермен азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде арнайы аудандық жер комиссияларының ұсыныстары бойынша қабылданды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шаруа қожалығының меншікке құқығы
Қазақстан Республикасындағы шаруа қожалығының негізгі мәселелері мен келешегі
Аграрлық кәсіпкерлікті құқықтық реттеу
Қазақстан Республикасындағы шаруа (фермер) қожалығының құқықтық жағдайы
Кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысандары
Шаруа қожалықтарының құқықтық және кәсіпкерлік даму негіздері
Қазақстан Республикасындағы шаруа қожалығығының қызметін реттеу
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЕҢБЕКШІ ҚАЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ШАРУА ФЕРМЕР ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕР ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ КАДАСТРЛЫҚ БАҒАЛАУ ЖОЛЫ
Шаруашылық - аралық жерге орналастыру
Нарт шаруа қожалығының жерін бағалау
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz