Хүш – ХХ ғ. басындағы солтүстік және орталық Қазақстан қалаларының тарихнамасы


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 60 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Тарих факультеті

Деректану және тарихнама кафедрасы

Диплом жұмысы

ХҮШ - ХХ ғ. басындағы Солтүстік және Орталық Қазақстан қалаларының тарихнамасы

Орындаған:

4 - курс студенті

Ғылыми жетекші: т. ғ. д., профессор Т. Ә. Төлебаев

Норма бақылаушы: Рысбекова С. Т.

Кафедра меңгерушісінің

рұқсатымен қорғауға

жіберілді: т. ғ. д., профессор Қ. М. Атабаев

Алматы 2009

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

1 - ТАРАУ. СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҚАЛАЛАРЫ ТАРИХЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ . . . 7

1. 1 Петропавл қаласының тарихнамасы . . . 7

1. 2 Қостанай қаласының тарихнамасы . . . 23

ІІ-ТАРАУ. ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ҚАЛАЛАРЫНЫҢ ТАРИХНАМАСЫ . . . 27

1. 1 Ақмола қаласының қалыптасуының зерттелуі . . . 27

2. 2 Ақмоланың қала ретіндегі дамуының зерттелуі . . . 32

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 47

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 49

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан аумағында қалалардың қайта жаңғыруы мен пайда болуының ерекше кезеңінің бірі ХҮШ - ХХ ғ. басы болып есептеледі. Олардың кейбіреулері ортағасырдағы орындарында қайта жанданса, көпшілігі жаңа жағдайда, жаңаша сипатта пайда болып дамыды. Патша үкіметінің қазақ жері мен халқын бағындыратын әскери тірек-бекіністер ретінде қалыптасып, бірте-бірте әкімшіліктік, экономикалық орталықтарына айналды. Сондықтан да, қалалар тарихы олар орналасқан аумақтың, елдің өндірістік қатынастары мен өндіргіш күштерінің ерекшеліктерін, даму сатыларын да айқынырақ сипаттайды. Мұнымен қатар, біздің еліміздің тарихи дамуын кең әрі тереңірек түсінуде қалалар тарихы мен оған қатысты мәселелерді зерттеу мен шешудің үлкен маңызы бар. Қазақ даласындағы қалалардың қалыптасуы мен дамуы ішкі және сыртқы, экономикалық және саяси факторлардың өзара ықпалына түсуі арқылы да ерекшеленеді. Бұл әсіресе ХҮШ - ХХ ғ. басындағы Қазақстандық қалалар тарихының күрделілігін айқындайды. Өйткені дәл осы кезеңде, патша үкіметінің отаршылдық саясатының барысында, қазақ жерінде күрделі саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени өзгерістер жүрді. Ол өзгерістер ең алдымен қалалар арқылы таралып, ішкерілей енді. Сол себепті де Қазақстан тарихының маңызды бөлігі ретінде қалалар тарихына қызығушылық артты.

Сондықтан да аталған кезеңдегі қалалар тарихы бойынша көптеген еңбектер жарық көріп, арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ол еңбектердің көпшілігі кеңестік кезеңде жазылды және сол кездегі тоталитарлық тәртіптің саяси-идеологиялық, методологиялық ұстанымдарын басшылыққа алды. Сол себепті де оларда қалалардың негізделуі, экономикалық қатынастары, әсіресе әлеуметтік, демографиялық және мәдени дамуы туралы мәселелер біржақты, таптық-партиялық, кей жағдайларда «ұлыорыстық» ұстанымдар тұрғысында баяндалды. Оның үстіне қалалар тарихына арналған еңбектерді тарихшылар ғана емес, өлкетанушылар, жазушылар да жазды. Олардың мазмұны, зерттелу тереңдігі, зерттелген мәселелердің көпжақтылығы әртүрлі дәрежеде болды. Арнайы ғылыми зерттеу еңбектерімен қатар, қалалардың мерейтойлық датасына орай ғылыми-көпшіліктік очерктер мен кітапшалар да жарық көрді. Бұл соңғыларында ғылыми-анықтамалық аппарат болмады, деректік негізі әлсіз болды. Міне мұның барлығы қалалар тарихына арналған еңбектерді бүгінгі таңдағы тәуелсіз ой тұрғысында саралап, талдау қажеттігін және тақырыптың өзектілігін айқындайды.

Біз зерттеп отырған кезеңдегі Қазақстандағы қалалар бүгінгі күнде де еліміздің экономикалық-әлеуметтік және мәдени дамуында өзіндік рөл атқарып отыр. Ендеше олардың тарихы туралы мәселелерді жаңа тұрпаттағы көзқарас негізінде зерделеу, оның бүгінгі дамуының ерекшеліктерін түсінуге де мүмкіндік береді. Әсіресе капиталистік қатынастардың енуімен байланысты біз зерттеп отырған кезеңдегі қалаларда болып өткен үрдістердің тарихи еңбектерде қаншалықты деңгейде анықталғанын зерделеу, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері басталған нарықтық қатынастардың, урбанизацияның ерекшеліктерін түсінуге де көмектеседі. Демек қалалар тарихының зерттелу дәрежесін айқындап, оның әлі де болса толық ашылмай, айқындалмай қалған жақтарын анықтаудың бүгінгі күн үшін практикалық маңызы үлкен. Осы тұрғыдан алғанда да тақырыптың өзектілігі айқындала түседі.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақстандық қалалар тарихын арнайы тарихнамалық тұрғыда зерттеуге келетін болсақ оны А. С. Елагиннің 1974 жылғы Қазақстан қалалары тарихының жағдайы және оны одан әрі зерттеудің міндеттеріне арналған мақаласынан бастаған дұрыс1. Автор қалалардың пайда болуы мен дамуы тарих ғылымындағы орасан зор ғылыми-теориялық және практикалық маңызы бар өзекті мәселелердің бірі екендігіне кеңірек тоқталады. Жалпы мақаланың тек революцияға дейінгі ғана емес, кеңестік кезеңдегі қалалар тарихының зерттелу барысын да талдауға арналғандығын айта кету қажет. А. С. Елагин сол өзі өмір сүрген кеңестік кезеңдегі маркстік-лениндік деп аталған таптық-партиялық методологияны басшылыққа алады. Кеңестік идеологияны дәріптейді және ол кездегі жетістіктерді баса көрсетуге тырысады.

Біздің республикамызда да қалалар тарихын зерттеудің жүргізіліп жатқаны, кейбір мәселелерінің қалалардағы революциялық қозғалыстар туралы мәселемен байланысты зерттеулерде көрініс тапқанын көрсете отырып, 50-жылдардан бастап диссертациялық зерттеулердің де пайда болғанын айтады. Солардың ішінде А. А. Горячеваның Верныйдың тарихымен, К. М. Тұманшиннің ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы Петропавлдың экономикалық дамуы мәселесімен айналысқанын, бұл соңғысында қаланың әсіресе ХІХ ғ. 60-80 жыдарындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктерінің айқындалғанын атап өтеді

Жалпы алғанда А. С. Елагин Қазақстандағы қалалар тарихының зерттелу дәрежесінің басқа одақтас республикалармен салыстырғанда жеткіліксіз екендігі жөнінде тұжырым жасайды. Бұл бағытта жұмысты жандандыру үшін деректік негізін жетілдірудің маңызына тоқталады. Қалалар тарихы бойынша революцияға дейінгі кезеңнен көп мұра қалмағанын, барларының өзінде олардың географиялық ораласуы, 1867-1868 жылдардағы реформаларға дейінгі жағдайын сипаттау, тұрғындары, жәрмеңкелердің айналымы туралы кейбір статистикалық мәліметтерді келтіру, гербтерінің сипаттамасын беру дәрежесімен шектелетіні жөнінде пайымдаулар жасайды.

ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басындағы Қазақстан қалаларының тарихнамасы көрнекті тарихнамашылар Д. И. Дулатова мен Т. Ә. Төлебаевтың еңбектерінде арнайы қарастырылған.

Д. И. Дулатованың революцияға дейінгі Қазақстанның тарихнамасына арналған көлемді де ауқымды еңбегінде кеңестік тарихи еңбектердегі қалалар тарихнамасы жеке тақырыпша негізінде баяндалған2. Оны К. М. Туманшин мен Н. Г. Аполлованың еңбектерін талдаудан бастайды [7. -73-75бб] . Оларда Петропавл, Троицк және Орынбор қалаларының қалыптасуынан әлеуметтік-экономикалық орталыққа айналуына дейінгі тарихының мұрағаттық құжаттар негізінде сипатталғанын айта отырып, барлық мәселелердің қамтылмағанына тоқталады. Атап айтқанда К. М. Тұманшиннің қалалардың құрылуынна байланысты қазақтардың көшу аумағының тарылғандығы туралы қорытындысының тезистік сипатта болғаны, қала тұрғындарының әлеуметтік құрамына сауданың ықпалы жөнінде мәселені айқындау барысында Петропавл тұрғындарының санының өсу динамикасын талдамағаны, қала аумағының кеңеюуін, оның оязбен экономикалық байланысын жете зерттемегендігі дұрыс көрсетілген.

Қалалардың Қазақстанға капиталистік қатынастардың дамуындағы орны тұрғысында тарихнамалық талдау жасаған Т. Ә. Төлебаев өзінің еңбектерінде Ресейге қосу барысында қазақ жерінде әртүрлі дәрежедегі 30-дан астам қала пайда болғанын жазады3. Олардың тарихына арналған алғашқы еңбектер 1930-жылдары анықтамалар түрінде жарық көргенін, арнайы зерттеу жұмыстарының ХХ ғ. 50-жылдарының басында жанданғандығын айтады және оларды үш топқа бөледі: «1) ғылыми проблемалық зерттеулер; 2) ғылыми-көпшіліктік және өлкетанушылық еңбектер және 3) экономикалық-географиялық бағыттағы еңбектердегі тарихи шолулар». Біздің жалпы қалалар тарихына арналған еңбектерді осылай топтаудың дұрыс екенін атап айтқымыз келеді.

Жалпы алғанда жоғарыдағы тақырыптың тарихнамасы мәселенің ғылыми негізде арнайы, кешенді түрде зерттелмегендігін айқындайды. Сондықтан да бұл дипломдық жұмыстың тақырыбының өзектілігі, әрі қажеттігі тағы да анықтала түседі деп ойлаймыз.

Жұмыстың хронологиялық шеңбері. Диплом жұмысы ХҮШ -ХХ ғ. басындағы Қазақстандағы қалалар туралы кеңестік және тәуелсіздік кезеңдерінде - 1917 жылдан 2009 жылға дейінгі жарық көрген еңбектерді тарихнамалық тұрғыда зерттеуге арналған.

Диплом жұмысының деректік негізі. ХҮШ -ХХ ғ. басындағы Қазақстандағы қалалар тарихы туралы жазылған еңбектерді мазмұны, түрі бойынша бірнеше топқа бөлуге болады.

Олардың алғашқысы, сөз жоқ, монографиялық арнайы зерттеу еңбектері. Қалалар тарихын арнайы зерттеп ғылыми дәреже алу үшін жазылған диссертациялық еңбектер тарихнамалық деректердің келесі тобын құрайды.

Бұл аталған екі топтағы ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми және мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары, олардың ғылыми тұжырымдарының, концепцияларының қалыптасу барысын, жалпы қалалар тарихының дамуын айқындауға мүмкіндік береді.

Ғылыми-көпшіліктік және өлкетанушылық бағытта жазылған тарихшылардың, өлкетанушылардың, жазушылардың қалалардың мерейтойларына арналған кітаптары, кітапшалары мен мақалалары да құнды тарихнамалық деректер болып есептеледі.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты ХҮШ - ХХ ғ. басындағы Солтүстік және Орталық Қазақстандағы қалалар туралы еңбектерді тарихнамалық тұрғыда талдау. Бұл мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттерді шешуді қажет деп есептедік:

  • қалалардың қалыптасуы, оның ерекшеліктері мен барысы туралы пікірлерді айқындау,
  • қалалардың орны туралы көзқарастарды ерекшелеу;
  • кеңестік кезеңдегі партиялық бағыт пен жалған интернационализмнің, орыстандыру саясатының қалалар тарихын зерттеуге кері әсерін көрсету;
  • қалалар тарихының нашар зерттелген, әлі де зерттеуді қажет ететін тұстарын анықтау.

Жұмыстың нысаны мен пәні - Қазақстанның ХҮШ-ХХ ғ. басындағы қалалары қалыптасуы, дамуы туралы жазылған еңбектердегі көзқарастар мен тұжырымдар.

Диплом жұмысының теориялық-методологиялық негізі. Бүгінгі таңда дүниежүзілік әлеуметтанушы ғылым саласында методологиялық плюрализм бағыты кең орын алып отырғаны белгілі. Сондықтан да біз дәстүрлі және жаңа методологиялық мектептер мен бағыттарды қатар пайдалануға тырыстық. Ресейдің Қазақстандағы қалалардың, ондағы мәдениет пен білімнің дамуына ықпалы жөніндегі жекелеген еңбектердегі көзқарастарды талдау үшін өркениеттік көзқарастардағы тұжырымдамалық қорытындыларды пайдаландық. Бұл методологиялық бағыттарды пайдалану барысында салыстырмалы-тарихи, логикалық, мәселелік-хронологиялық талдау тәсілдері қолданылды.

Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1. Солтүстік Қазақстан қалалары тарихының зерттелуі.

1. 1 Петропавл қаласының тарихнамасы.

1960 жылы К. Туманшиннің 1861-1917 жылдардағы Петропавловск мен оның оязының даму тарихына арналған тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясының авторефераты жарияланды4. Онда қалалар тарихының үлкен ғылыми - теориялық және саяси мәні бар тарих ғылымындағы маңызды мәселенің бірі екендігі атап өтіледі. Зерттеуші сонымен қатар, сол кездегі қазақстандық тарихи әдебиетте қалалар мен ояздар тарихына арналған еңбектердің аз екендігін, ал өзінің тақырыбы көлемінде 1913 жылы шыққан Петропавл қаласының қысқаша тарихи очеркі баяндалған шағын кітапшадан басқа ештеңенің жоқтығын жазады.

Бұл автореферат бойынша байқалғаны диссертациялық жұмыстың бірінші тарауы «ХҮШ ғ. екінші жартысы - ХІХ ғ. бірінші жартысындағы Петропавловск мен оның оязының негізделуі мен дамуы» деп аталған. Бұл тарауда ХҮШ ғ. ортасында негізделген Жаңа-Есіл (Ново-Ишимск) бекіністер торабының бекіністерінің бірі болғандығы, соның негізінде қалыптасуы жөніндегі мәселені сол кездегі қазақ даласындағы жалпы тарихи оқиғалармен байланыстырыла сипатталған. Дегенмен зерттеуші сол кездегі кеңестік тоталитарлық биліктің идеологиясы бойынша «Қазақстанның Ресейге қосылуға мәжбүр болғандығы, бұл қосылудың прогрессивті маңызы» туралы концепцияны жетекшілікке алады. Қазақ жерінің ХҮП ғ. соңы мен ХҮШ ғ. ортасына дейін жоңғарлар шапқыншылығына ұшырағандығы, қазақ халқының оларға қарсы күрескендігі, бірақ саяси бытыраңқылығы мен феодалдық өзара қырқысулардың әсерінен оларға тойтарыс бере алмағандығы, осындай ауыр жағдайда қуатты көршісі Ресейден көмек күтіп, өз еркімен қосылғандығы, бұл қосылуға ішкі жағдайдың да, дәлірек айтқанда, Қазақстанның экономикалық және мәдени артта қалушылығының да әсер еткендігі, Ресейге қосылудың қазақ халқының өндіргіш күштерінің, материалдық және рухани мәдениетінің тезірек дамуға мүмкіндік алғандығы туралы шындыққа жанаспайтын тұжырымдарды баса көрсетеді.

Еңбекте сондай-ақ қайшылықты пікірлер де қатар жазылып отырады. Пікіріміз дәлелді болу үшін мына бір үзіндіні түпнұсқа бойынша келтірейік: «Присоединение Казахстана к России началась в 30-х годах ХҮШ в., когда Младший и Средний жузы добровольно приняли русское подданство. После этого в Младшем жузе установилось относительное спокойствие, Средний же жуз в результате антинародной политики ханов и султанов продолжал страдать от набегов джунгар. К захвату казахских земель и порабощению казахского народа стремились также манчжурские феодалы.

В такой сложной международной обстановке царское правительство стало спешно укреплять восточные границы государства. В 1745 г. в Сибирь было переброшено 5 полков пехоты и конницы, а затем началась подготовка к строительству Ново-Ишимской линии»5.

Бұл жерде байқайтынымыз, Кіші жүз Ресейге «қосылғаннан» кейін салыстырмалы түрде тынышталды, хандар мен сұлтандардың халыққа қарсы саясатының нәтижесінде Орта жүз жоңғарлар шапқыншылығынан зардап шекті, елді басып алуға манчжурлық феодалдар да ұмтылды, - деуді ХҮШ ғ. - 30 жылдарымен байланыстырады. Ал шын мәнінде Кіші және Орта жүз старшындары мен сұлтандарының өкілдері 1740 жылы Орынбордағы сьезде ант бергеннен кейін тек Орта жүздің бір бөлігі ғана Ресейге өтті, қалған негізгі солтустік-шығыс пен орталық Қазақстан аумағы ХІХ ғ. 20-40 жж. царизмнің әскери-саяси акцияларының салдарынан орыс империясының құрамына енгізілді6. 1738-1741 жылдардағы Ғалдан-Сереннің жорығынан кейін, дәлірек айтқанда оның өлімінен соң Жоңғария әлсіреп, олардың тарапынан Қазақстанға қауіп жойылды7. Ал мұндай жағдайды күрделі халықаралық жағдай деп сипаттау және сол арқылы орыс үкіметінің басқыншылық әрекетін ақтау сол, кеңестік кезеңдегі орыстандыру саясатының салдары деп бағалануы қажет деп ойлаймыз.

Бұдан соң автор, Жаңа-Есіл (Ново-Ишимская линия) жүйесін негіздеу барысында Н. В. Горбань, Р. М. Кабо, В. В. Покшишевский сияқты зерттеушілердің Қазақстандағы Ресейдің әскери-стратегиялық мүддесімен шектелетіндігін, ал мұнымен қатар оның сауда жүргізу мақсаттарының да болғандығын ескертуін қолдауға болады. Бірақ мұны тек пайда болып келе жатқан буржуазия табының ғана мүддесін есере отырып жасады деу мәселенің себептерін толық көрсетпейді. Біздіңше оның, яғни сауда жүргізудің астарында отар аймаққа айналдыруды тездету мақсаты жатқанын және оның басты себеп болғандығын автор жете түсінбеген, немесе жеткілікті дәрежеде мән бермеген.

Жаңа Есіл жүйесінің құрылысы 1752 жылы 22 маусымда басталып негізінен 1755 жылы аяқталғанын көрсете отырып, А. П. Чулошниковтың 8 қазақтардың бұл құрылысқа наразы болғандығы жөніндегі тұжырымын шындыққа сай емес деп есептейді. Біздіңше К. Туманшиннің бұл пікірі де таласты. Өйткені Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілісі Есіл мен Нұра бойын қамтығандығы және оның дүмпуі ұзақ уақытқа созылғаны белгілі. Автордың бұл тұжырымы да кеңестік саясаттың ықпалынан, яғни қазақтардың өз еркімен бағынғандығы туралы концепцияны қолдаудан туған деп есептейміз. Оның бұл көзқарасы Жаңа Есіл (Ново-Ишимская линия) жүйесінің қазақ халқы үшін маңызы туралы тұжырымдарына да ықпал еткен. Сол тұжырымдарының ішінде тек біреуі ғана дұрыс, шындықты бейнелейді. Ол Ресейге Орта жүздің көпшілік бөлігін қосуды бекіткендігі туралы жазғаны. Ал қалған екеуі сол кездегі саясаттың ықпалымен жазылған. Олай дейтініміз, Қазақстанға жоңғарлардың тереңдей енуіне жол бермеді деген бірінші тұжырымы шындыққа сай емес. Өйткені бұл кезде Жоңғария әлсіреп, оған Цин империясы тарапынан қауіп туа бастаған еді. Сондықтан өзара қырқысып жатқан жоңғарлардың өздерінің жағдайы ауыр болатын. Автор бұл жағдайды ескермеген. Ал, үшінші тұжырымында Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстың күшеюіне ықпал етті дей отырып, мұны прогрессивті құбылыс ретінде көрсетпек болады. Автордың бұл бағыты да нақтылауды қажет етеді деп ойлаймыз. Өйткені екі ел тең дәрежеде тұрып сауда байланысын жасаса оның тиімді болуы мүмкін. Бірақ бұл жерде Қазақстан отар жағдайда болды, сондықтан экономикалық байланыс деген экономикалық отарлау болғандығын естен шығармауымыз қажет. Демек ол қазақ халқы үшін көп прогрессивті құбылыс бола бермеді. Міне кеңестік кезеңдегі еңбектердегі көптеген тұжырымдардың осындай біржақты болғанын жаңа тарихи көзқарастар негізінде еңбектер жазғанда ескеруіміз, сыни тұрғыда талдауымыз қажет.

К. Тұманшин 1752 жылы маусымда қазақтың Қызылжар атты жерінде Петропавл бекінісі негізделді және ол кешікпей Жаңа Есіл жүйесіндегі басты бекініс пен қару-жарақ қоймасына айналды деп көрсетеді. Бұл жерден біз Петропавлдың қазақ жерін басып алу үшін негізгі әскери тірек ретінде негізделгендігін, алдағы отарлау әрекеттерінің пладстармы қызметін атқарғанын байқаймыз. Бірақ зерттеуші мәселенің бұл жағын сипаттауға емес, Петропавлдың саудадағы орнын көрсетуге көшкен. Автордың айтуынша ХҮШ ғасырдың 60-жылдарынан бастап қала Жаңа Есіл және Ертіс жүйелеріндегі бекіністердің барлығын басып озып, Қазақ даласы мен Орта Азиямен Ресейдің саудасында басты орынға айналды. Бұған оның тиімді керуен жолдарының бойында орналасуы ықпал етті.

Патша үкіметінің Қазақстан мен Орта Азиямен сауданың дамуын барынша қолдап отырғанын айта келе, Петропавлға Ресейдің түпкір-түпкірінен көпестердің келіп отыратынын ерекшелей көрсетеді. Зерттеуші қазақтармен сауданың отарлық сипатта болғандығын, орыс көпестеріне орасан зор пайда түсіп отырғандығын дұрыс атап көрсетеді. Бірақ, бірден, бұл саудада ақша айналымы болған жоқ, сондықтан айырбастың теңсіздігі көзге өте түсе қоймады деп жайма шуақтандырып өте шығады. Бұл оның таптық көзқарасынан гөрі орысшылдық түсінігінің басым болғандығын байқатады. Бұл кеңестік тоталитарлық өктемдіктің ықпалы екендігінде сөз жоқ. Зерттеуші соған бейімделуге мәжбүр болған.

1782 жылы патша үкіметі қаланың саудадағы маңызды орнын ескере отырып, онда шекаралық кеден орнатып, оған Омбы, Преснегорьковск Николаевск сияқты бірнеше кеденді бағындырды. ХҮШ ғ. соңында қаланың сауда айналымының көлемі тек Кяхтаға ғана жол беретін ірі сауда орталығына айналды. Ал Х1Х ғасырда Ресей мен Қазақстанның сауда байланыстары арта түсті. Орыс саудагерлері әртүрлі фабрика-зауыт бұйымдарын алып келіп, қазақтардың малдары мен мал өнімдерін сатып алды. ХІХ ғ. 20-жылдарының соңында мұндағы кеденге қазақтардың малдарының негізгі бөлігі, автордың есептеуінше 84 пайызы, айдап әкелінді. Осы кездері бірнеше мың рубльге дейінгі қомақты сауда айналымы бар жергілікті саудагерлер де пайда болды. Зерттеуші осыларды баяндай келе, орыс саудасының одан әрі өсуін ресейлік өнеркісіптің, соның ішінде мақта-мата өнеркәсібінің дамуымен байланыстыра түсіндіреді. 1833 және 1834 жылдары Петропавл кедені арқылы өткізіліп, Қазақ даласы мен Орта Азияға шығарылған әртүрлі тауарлардың құнын мұрағаттық құжаттар арқылы көрсете отырып, соның негізінен Қазақстанда сатылғанын жазады. Бұл кезеңде қаладағы сауда айналымының 7 млн. рубльге дейін жеткенін, гильдиялық көпестерінің саны бойынша Батыс Сібір қалаларының ішінде Төменнен кейінгі, екінші орында тұрғандығын, олардың Есіл, Үрбіт және Нижегород жәрмеңкелеріне барып сауда жасап отырғанын жазған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
СОҢҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХНАМАСЫ ЖӘНЕ ДЕРЕКТЕМЕЛЕРІ
Жаңа дәуір жүйесіндегі Қазақстан мен Ресей
XVI-XVIII ғғ. Қазақ-Орыс қарым-қатынастарының зерттелуі мен елшіліктер тарихы
Ежелгі Греция тарихы бойынша деректер
Қазақстанның экономикалық тарихы пәнінен дәрістер
Қазақстандағы қыстаулар мен елді мекендер тарихнамасы
Қалалар мен қалалық қоныстар
АЛТЫН ОРДА МЕН ТАТАР МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ
XV ғасыр – XVIII ғасырдың басындағы Қазақ хандығы
Қазақстан жаңа заман тарихы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz