Ғибратты ғұмыр. Жинақ кітап. З-Ғ.Бисенғали, Ө.Әбдиманұлы, Ш. Шортанбаев, А. Жүсіпова


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 189 бет
Таңдаулыға:   

ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

Алматы

«Қазақ университеті»

2007

ББК

К

Ғибратты ғұмыр. /Құраст. : З-Ғ. Бисенғали, Ө. Әбдиманұлы, Ш. Шортанбаев, А. Жүсіпова. - Алматы: «Қазақ уинверситеті», 2007. - 250 бет.

ISBN

ББК

Жинақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп Ғылым академиясының Құрметті академигі, Еларалық қоғамдық Айтматов академиясының академигі, көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының 80 жылдық мерейтойына орай шығарылды. Ғалымның қайраткерлік келбетін, азаматтық тұлғасын және зерделі зерттеушілігін танытуға арналған белгілі қоғам және өнер қайраткерлерінің, көрнекті ғалымдар мен жас буын зерттеушілердің еңбектері енгізілген.

Жинақ әдебиеттанушы мамандарға, жоғары оқу орындары студенттері мен аспиранттарына, жалпы сөз өнерін қадірлейтін оқырман қауымға арналған.

Жауапты редактор

Қ. Әбдезұлы

Құрастырушылар:

З-Ғ. Бисенғали, Ө. Әбдиманұлы,

Ш. Шортанбаев, А. Жүсіпова

ISBN

© З-Ғ. Бисенғали, Ө. Әбдиманұлы,

Ш. Шортанбаев, А. Жүсіпова, 2007

ҚАЙРАТКЕР КЕЛБЕТІ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясының (Қазақстан бөлімі) Құрметті академигі, Еларалық қоғамдық Айтматов академиясының академигі, Қазақстан жазушылар одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының лауреаты, "Парасат" орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор ҚазМУ-дің құрметті кафедра меңгерушісі, жазушы-ғалым Т. Кәкішұлы 1927 жылы 15 тамыз күні Ақмола облысы Бұланды ауданындағы Алтынды кенішінде алтын өнеркәсібі жұмысшысының отбасында дүниеге келген.

1934-1944 жылдары әуелі Қаратал, кейін Даниловка орта мектебінде оқыған. Еңбек жолын 1944 жылы Ақмола облыстық қазақ драма театрында актер болып бастаған Т. Кәкішұлы 1945 жылы Қазақтың С. М. Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түседі. Оның толық курсын 1950 жылы тамамдайды. Университетте оқып жүргенде қаламының желі барын танытқан жасты қазақтың атақты фельетонисі С. Төлешов (псевдонимы- С. Шынаров) төртінші курсты бітіргеннен кейін 1949 жылы "Лениншіл жас" газеті редакциясының жұмысшы жастар бөлімінің меңгерушілігіне ұсынады. Оқуы мен жұмысын қосарлай атқарған Т. Кәкішұлы университет жолдамасымен қазіргі "Мектеп" баспасының жоғары оқу орындары оқулықтары редакциясының аға редакторы болып қызметке орналасады.

1951 жылдың күзінде ҚКП Орталық комитетінің баспасөз бөлімінің ұйғаруымен марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын тәржімалайтын аудармашылардың екі жылдық курсіне жіберіледі. Бір жыл оқығаннан кейін ҚКП Орталық Комитетінің жанындағы Партия тарихы институтына ғылыми қызметкерлікке ауыстырылады. Осы институтта Т. Кәкішұлы көптеген архивтік деректер негізінде қызықты да тартымды мақалалар жазып, өзінің негізгі мамаңдығына ыңғайлана түседі.

1958 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының аспирантурасына түседі де, оны мерзімінен бұрын бітіріп, 1960 жылы "Қазақ әдебиетінің қалыптасу дәуіріндегі идеялық-творчестволық мәселелер (1917-1929 ж. ж. ) " деген тақырыпта каңдидаттық диссертация қорғап, институттың аға ғылыми қызметкерлігіне жоғарылайды. Зерттеу нәтижесін Т. Кәкішұлы 1962 жылы "Октябрь өркені" атты монографияға айналдырады. Бұл кітап жас ғалымның өткір де толымды ойларының молдығына ғана емес, сонымен қатар қазақ әдебиеттану ғылымында тарихи-архивтік деректерді пайдалану, сөйтіп дәуір шындығын ашу үшін ғылыми ізденімпаздық жолға түсу мәселелерін күн тәртібіне қойды. Қазақ әдебиеті тарихынан ұмытыла бастаған Жиенғали Тілепбергенов, Елжас Бекенов сынды дарындар жайында Т. Кәкішұлы арнайы мақала жазып қана қоймай, олардың еңбектерін жинау, жариялау ісімен шұғылданады. 1957 жылы Саттар Ерубаевтың мұраларын түгелге жақын жинап, жеке кітап етіп шығарды. Оны толықтырып 1979 жылы екінші, 1994 жылы үшінші рет жариялады. 1959 жылы Сабыр Шәріповтің екі томдығын Қ. Жармағамбетовпен бірлесіп шығарса, С. Шәріповтің 100 жылдығына орай 1982 жылы екінші рет жариялады. 1960 жылдан бастап С. Сейфуллиннің алты томдығын шығаруға белсене қатысып, оның 4, 5, 6 томдарын құрастырады. 1969 жылы Жиенғали Тілепбергеновтің "Ізбасар" атты таңдамалы жинағын шығарса, Елжас Бекеновтің "Дала қоңырауына" алғы сөз жазды. Бұл күндері “Қазығұрт” баспасынан С. Сейфулиннің 12 томдығын шығаруда.

Өмірден озған қаламгерлердің шығармаларын ескі газет-журналдардан, архивтерден тауып, әдеби айналымға қосу - ғалымның қазақ қоғамдық санасына қосқан үлкен үлесі болып табылады. Ғалым зерттеулері әмәнда практикалық қажеттікпен астарласып жатады.

Профессор Т. Кәкішұлы қазақ әдебиетінің тарихын жасау жолындағы ғылыми-әлеуметтік мәні зор барша іске белсене араласып келеді. 1965-67 жылдары “Қазақ әдебиеті тарихының" ІІІ томының І және ІІ кітаптарына арнаулы тараулар мен бөлімдер жазды. Екінші кітаптың жауапты редакторының бірі болды. Е. Ысмайылов, М. Дүйсенов үшеуі бірігіп СССР Ғылым академиясының М. Горький атындағы дүниежүзілік әдебиет институты шығарған “Көп ұлтты совет әдебиетінің” (1970) алты томдық тарихының І томына қазақ әдебиеті туралы тарау жазды.

Т. Кәкішұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасы шығарған “Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы” атты басылымның жалпы редакторы болды. Еңбекті шет елдерде оқыту үшін француз, ағылшын, корей тілдеріне аударуға 2002 жылы тапсырыс берілді.

Т. Кәкішұлы әдебиет тарихын зерттеумен қатар, бүгінгі әдеби процеске де ойлылығымен, өткірлілігімен көзге түсетін сын мақалалар жазып отырады. Өзекті мәселелерге арналған жинақтарға арнайы мақалалар да жазады. Ғылыми-теориялық конференциялардың көпшілігіне атсалысып келеді.

Т. Кәкішұлының қоғамдық сана жоғары бағалаған ғылыми-зерттеу және әдеби сын мақалалары “Дәуір суреттері” атты монографиялық этюд түрінде 1967 жылы жарық көреді. Мұндағы дала дауылпаздары С. Сейфуллин, С. Мұқанов, Б. Майлин, С. Шәріпов, Ж. Тілепбергенов, Е. Бекенов, С. Ерубаев және т. б. жайындағы толғамды ойлар уақыт тезінің сынынан сүрінбей өткен дүниелер еді.

Сол жылы ғалымның ұзақ жылғы ізденістерінің жемісі “Сәкен Сейфуллин” атты кітапта жарық көрді.

1968 жылы тарихи-архивтік деректер негізінде жазылған “Қызыл сұңқар” атты тарихи-әдеби очеркі басылып шықты. Оның қазақ әдебиеті үшін жаңалық сипаты бар талай мақала, рецензияларда орынды айтылды. Автор өз еңбегін одақтық оқушы қауымға ұсыну үшін толықтыра өзгертіп, Мәскеудегі “Молодая гвардия” баспасының "Тамаша адамдар өмірі " сериясынан 1972 жылы орыс тілінде шығарады. Бұл үлкен әдеби құбылыс болды.

1968 жылдан бері Т. Кәкішұлы өзі оқып шыққан Қазақ ұлттық университетінде аға оқытушы, доцент, профессор болып қызмет атқаруда. Ұстаз әдебиет тарихымен ғана шектеліп қалмай, "Қазақ әдебиеті сынының тарихы" жалпы курсын, "Сәкеннің жаңашылдығы" және "ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі көркемдік ізденістер" жайында дәріс оқиды.

Т. Кәкішұлының ғылымдық-шығармашылық ерекшелігі әдеби-тарихи тың салаларды нақты деректер негізінде зерттеуден көрінеді. Сондықтан ғалым-ұстаз қаламынан туған дүниелерге зиялы қауым да, шәкірттер де, әдебиет сүюшілер де құлақ түріп отырады.

Соның нақты бір дәлелі - "Қазақ әдебиеті сынының туу және қалыптасу жолдары " атты 1971 жылы қорғаған докторлық диссертациясы. Ондаған жыл тірнектеп зерттеген михнатты еңбегі қазақ әдебиет сынының Октябрь революциясына дейін туғандығын, Ұлы Отан соғысына дейін жанрлық жағынан әбден қалыптасып, оңаша отау тіккеңдігін дәлелдеп беріп отыр. Оның алғашқы бөлімі 1971 жылы "Сын сапары" атты монография болып жарияланды. Екінші бөлімі - "Оңаша отау" 1982 жылы басылды. Қазақ әдебиеті сыны саласындағы еңбегі қазір республиканың жоғары оқу орындарының негізгі оқу құралына айналып, оның алғашқы бағдарламасын 1982 жылы жасап, 1994 жылы 25 баспа табақ көлемінде оқулығын шығарды. 2003 жылы “Ғылым” баспасынан қайтадан басылды. Қазақ совет әдебиетінің 20 жылдарын түбегейлі зерттеген, қазақ совет әдебиетінің негізін қалаған Сәкен Сейфуллиннің шығармашылық-әлеуметтік өмірбаянын жасаған профессор Т. Кәкішұлы қазақ әдебиеті сынының тарихы саласындағы еңбегі қазақ әдебиеттану ғылымына қосылған зор үлес болып, ғылыми мектеп жасап отыр. Соңғы кезде “Мағжан-Сәкен”, “Сәкен өткелдері”, “Мерей” (2 том), “Сандалтқан садақ”, “Сәкен аялаған арулар”, “Дәуір дауылпазы”, “Толғам”, “Сәбит Мұқанов ” сынды монографияларымен негіздей түсуде.

Т. Кәкішұлының саяхатшылығының да ғибратты жағы бар. Ол қай елде, қай қалада болмасын қазақ халқына, оның қайраткерлеріне қатысты деректерді іздестіретіндігі, "Ұштасқан үш өзенмен" (1978), "Жол үстінде 80 күн" (1983), "Жасампаз өлке" (1989) кітаптарынан көрінсе, Польша, Қытай, Иран, Түркия, Моңғолия, Франция сапарлары қазақ диаспорасының жай-күйімен байланысып жатады. "Жүргенге жөргем ілінеді" Т. Кәкішев сапарлары нақтылай түседі.

Филология ғылымдарының докторы, Қазақ университетінің әдебиет кафедрасының профессоры, сырттан және күндізгі оқытылатын филология факультетінің деканы болған Тұрсынбек Кәкішұлының қажырлы еңбегі 1979 жылы "Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген ғылым кайраткері" атағы берілумен атап өтілсе, 1998 жылы “Парасат” орденімен, 2005 жылы “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” деген құрметті атақтармен марапатталды.

Өзінің алғашқы ғылыми сапарында тың да соны соқпаққа түскен ғалымның қайта құру кезеңінде, әсіресе өтпелі дәуір тұсында азаматтық әуені айрықша естілуде. 1988 жылы "Қағидаға айналған қателерді түзетейік" атты көзсемсөзі "Алаштың ақиқатын ашып айтайыққа" ұласып, 1992 жылы ұлттық намысқа шырақ жағатын "Санадағы жаралар”, 2004 жылы “Толғам” атты кітаптары жарыққа шығып, ел-жұрттың алғысын алды. Радио-теледидардан айтқан жалынды сөздерін, конференциялардағы ащы да өткір ойларын қалың көпшіліктің ынта сала тыңдайтынын жоққа шығармау керек. Әсіресе қазақ тілінің тағдыры жайындағы күрестің бел ортасында жүргені Т. Кәкішұлының ғалымдық келбетін саналы азаматтығы мен қажымас табандылығы ажарлай түскені айдан анық.

1990 жылы қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасы құрылды. Оны алғашқы күннен профессор Т. Кәкішұлы басқарды. Азғана жыл ішінде сол кафедра жанынан “Қазақ фольклоры және әдебиет тарихы ” ғылыми тобы (лабораториясы) құрылып, оның құрамды бір бөлігі - “Қазақ диаспорасының рухани әлемі ”, яғни шет елдегі қазақтардың фольклорлық, этнографиялық, музыкалық, материалдық құндылықтарын зерттеуге үлес қосты. Қытай, Моңғолия және Ирандағы қазақ диаспораларына барған экспедицияларды өзі басқарып, “Моңғолия қазақтары” деген жинақты дүниежүзілік қазақ қауымдастығына басып шығаруға ұсынды.

Қазақстан жоғары оқу орындарына сіңірген еңбектері ескеріліп, 1995 жылы 5 қазанда Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясының (Қазақстан бөлімшесі) құрметті академигі болып сайланса, 1996 жылы 4 желтоқсанда Еларалық қоғамдық Айтматов академиясына толық мүшелікке қабылданды.

ЛЕБІЗДЕР ЛЕГІ

Мұхтар Әуезов

«Зерттеуден үнемі қалыспайтын, әр кезде совет шығармаларын зерттеген уақытта үлкен бір бөлімді меңгеріп жүрген, әлеуметтік-идеялық саяси мәні зор ең алғаш совет әдебиетінің пролетарлық бағытта, Ленин салған жолмен әдебиеттегі ұлтшылдықпен алысқан дәуірді зерттеу жұмысына көп араласқан Кәкішевтің сөздерін бағалы деп санаймын»

1959.

Сәбит Мұқанов

Сәкеннің өмірін және қызметін көптен бері шұқшия зерттеп жүрген адамның бірі - филология ғылымының кандидаты Тұрсынбек Кәкішев. “Қызыл сұңқар” атты кітапта Сәкеннің өмір жолында оқырмандарға бұрын мәлімсіз материалдар, деректер көп. Тұрсынбек оларды Сәкенді көрген, істес болған адамдармен жолығысу арқылы, Омбының, Қызылжардың (Петропавл), Ақмоланың архивтерін ақтару арқылы тапқан.

Бұған дейін Сәкеннің өмірбаяны қысқаша немесе эпизодты түрде баяндалса, Тұрсынбек Сәкеннің бай өмірін кеңінен толғап, жан-жақты толық сипаттайды.

“Қызыл сұңқардың” тағы бір құнды жағы, Тұрсынбек Сәкенге тән деректерге тоқталып қана қоймай, қазақ халқының тіршілігінде болған үлкен оқиғаларды Сәкен өміріне байланыстыра жазып, біраз шындықтың сырын ашуға талпынғандығында.

Мұндай еңбектер бізде көбірек жазылу керек-ау деп ойладым. Өйткені, біздің көне тарихымызда болсын, немесе советтік заманымызда болсын халық үшін, жаңа қоғам үшін күрескен азаматтарымыз аз емес. Оларды жұртшылыққа насихаттауымыз керек. Мұндай еңбектің тарихтық та, тәрбиелік те мәні зор.

1966.

Ғабит Мүсірепов

Сырт жағынан қарағанда Сәкен жайында бірнеше еңбектер жазылып қалған екен өзі. Соның ішінде сенің “Жизнь замечательных людей” сериясында шыққан кітабың тексеруі піскен еңбек сияқты. Мен көп нәрселерді өте терең ұғынғаныңды байқаймын. Точная науканың материалындай жақсы шыққан.

1974.

Есмағамбет Ысмайылов

Тұрсынбек Кәкішев қазақ әдебиеті тарихының деректері мен фактілерін, әсіресе революция дәуіріндегі әдеби қозғалыстың құпия сырларын ашуға қажет документтерді оқып біліп, көп тексеріп келе жатқан білімді де, ойлы да әдебиетші. Бұған оның көптеген мақалалары, “Октябрь өркені” атты кітабы, “Қазақ әдебиеті тарихына” жазған жеке тарау еңбектері, әдебиет сынының тарихы туралы монографиялық зерттеуі толық дәлел.

1966.

Әбділда Тәжібаев

Дамылсыз, сабырсыз, ойындағысын түгел ақтарғанша асығатын Тұрсынбек менің көз алдымда қартайып келеді. Оның достары: түзге шықса ат ойнатқан, үйге келсе құрт қайнатқан Тұрсынбек деп ойнайды. Мен оның демалысымда пәлен курортқа бардым дегенін естіген емеспін. Бір жылды Москва архивтерінде өткізсе, тағы бір жылдарын Сібір, Орта Азия қалаларының архивтерінде өткізіп қайтады. Қазан, Уфа оның өз мекеніне айналған секілді. Ол соның бәрінен шаш етектен олжаға батып, молығып қайтады.

Эпостық, этнографиялық, тарихи тың материалдар тауып қайту жағынан Тұрсынбек алдына жан салмаған жүйрік. Шығарған кітаптарына, қазақша көтеріп айтқанда, сан жетпейді. Тұрсынбекті мен аппақ пейілі ақаусыз, кісілік пен кішілігі бірдей жарасқан аса ірі азамат деп таныдым.

1993.

Мұхаметжан Қаратаев

Бұл диссертация, сөз жоқ үлкен еңбек, көп оқудың, ұзақ зерттеудің жемісі. Мұндай қомақты да құнарлы еңбек ғалымға тән талап, ізденгіштік, төзімділік тәрізді қасиет бар жерде ғана тууы мүмкін. Кәкішев жолдас нағыз ғалымдық зерттенімпаздық қабілетін танытып, өте бір маңызды жұмыс істеп шыққан.

Бұл дәуірдің арнаулы зерттеушісі де болмаған, оның фактыларын қазбалап іздеуге ешкімнің де батылы бармаған. Сондықтан да жиырмасыншы жылдардағы әдебиет даму процесіне арналған еңбектер жоқтың қасы болатын. Оқулық болсын, бірен-саран монографиялық еңбек болсын, бұл дәуірге келгенде аяғын аңдап басып, қауіпсіз жерлермен сырғытып өтетін. Осы себептермен қазақ совет әдебиетінің алғашқы қалыптасу дәуіріндегі ағымдар мен тартыстар, идеялық, творчестволық сарындар, көркемдік әдістер мен тәсілдер деген мәселелер ашылмай, қазақ әдебиеттану ғылымының бұл бір ойсырап келген олқы саласы болатын. Талқыға түсіп отырған диссертацияны осы олқылықты толықтыру жөніндегі тұңғыш қадамның бірі деп айта аламыз. Сол дәуірдің рухына бөлеп көп нәрсені көзіне елестетеді, көп ескірген фактыларды жаңғыртады.

1959.

Мәлік Ғабдуллин

Филология ғылымдарының кандидаты Тұрсынбек Кәкішев үздіксіз өсіп келе жатқан талантты ғалым және әдебиет сыншысы екені әмбеге аян. Әдебиет тарихының, теориясы мен сынының өзекті мәселелері бойынша оның жариялаған көптеген еңбектері бар. Бұл диссертация айрықша қажетті және күрделі зерттеу екенін ерекше баса айту керек, өйткені мұнда қазақ әдебиет сынының туу және қалыптасу тарихы алғаш баяндалған. Екінші жақтан, осы проблеманы күн тәртібіне қойып, оның оңтайлы да дәлелді шешімін табу арқылы автор тек өзінің ғана емес, қазақ әдебиеттану ғылымының қазіргі теориялық өресін де танытып отыр.

Менің көзім мынаған анық жетті. Жұмыстың бірінші бөлімі ғылымға қосылған зор үлес, соны жаңалық. Автор нақты да бай деректерге сүйене отырып, қазақ әдебиеті сынының туу шағын тарихи сорапта мықтап дәлелдеген.

1971.

Галина Серебрякова

“Дорогой тов. Турсынбек!”

Конечно, ни при каких условиях я не взялась бы за роль переводчика, но для Сакена с которым судьба меня так тесно сплела, я не могу не сделать исключения.

Спасибо за Ваше умное, доброе письмо. Я понимаю, как хочется Вам поддержать мой дух, творческий накал. Спасибо!

1963.

Сайфи Құдаш

Осы күнде қанаты қайырылған қырандай боп жатырмын. Кәрілік пен сырқат екеуі одақтасып алды да, менің саулығымның төбесіне тоқтаусыз сойыл сілтеп, шоқпар үйіріп тұр.

Болашақ музейдің ең қымбат естеліктері фотолар, журналдар, “Ғалия” туралы болған доностар және басқа да материалдар менің архивімде сақтаулы. Мен музейге 35 экспонат бердім.

“Садақ” журналын шығаруға Бейімбет күш салды. Журналдың ең соңғы редакторларының бірі Жиенғали Тілепбергенов болды.

Алматыда сақтаулы “Садақтың” үш санының фотокопиясын Уфаға, музейге, мәңгілікке қонақ етіп жолдауыңызды сұраймын.

“Ғалияда” оқыған қазақ шәкірттерінің топтаса түскен бір фотосын жіберемін. Мүмкін болса, солардың есімін, фамилияларын анықтап жіберіңіз.

Содан соң, Б. Майлин, Ж. Тілепбергенов, Н. Манаев және басқалардың суреттерін табуға тырысыңыз! Кітаптары шыққан адамдардың кітаптарын да жібере салсаңыз, нұр үстіне нұр болар еді.

“Ғалия” медресесінде музей құрылып, художниктер өз жұмытарын атқарып жатыр. Мен ойыммен де, көздеріммен де алаңдай қарап, Тұрсынбектен хат, хат ішінде затлы жазбалар, фотолар күтем, шырағым!

Сарғайтпа, қартыңды!

1972.

Ғафу Қайырбеков

Тұрсынбек Кәкішевке

Қол журнал -

Кім есінде, - “Садақ” атты?

Кім оны

Қайда, қай кез қадап атты?

Осындай сұрақтардың соқтығысы

Оятты кеудедегі отты күшті,

Жоғалған сол “Садақты” табамын деп

Жол шекті қазақта бір оқымысты

Жас еді ол, жыртық қалта, жарты құртпен

Жол шекті тек көңілінде жақсы үмітпен

Соңында қалды жас жар, қалды достар

Тіл тістеп мынау істің артын күткен

Заулады ол талай жолдың бетін бұрап,

Жеткізбей қиын мақсат, ауыр мұрат,

Алдынан архивтерін жайып салды

Байырғы Қазан, Уфа, Петроград

Жөн сұрап башқұрт, татар шалдарынан,

Сан өтті ғұламаның алдарынан,

Сан айлар сандалысы, сарсаңымен

Кітаптың парағындай аударылған

Тапты ол, айтты алғыс ата-мекен,

“Садақ” та баяғыша атады екен

Сондағы тапқан оның Ұлы олжасы

Кәдімгі шын оқымысты атағы екен. 1987.

Құрметті Тұрсынбек Кәкішұлы

Сізді 80 жастың сеңгірін бағындырған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, деніңізге саулық, үй-іші, ағайын-туысқандарыңызға амандық, ел бірлігі, татулығы, тыныштығы мен берекесі, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамып, өркендеп, қанат жаюы жолындағы абыройлы да беделді, қиындығы мен қызығы мол еңбегіңізге ақжолтай табыс тілейміз. Жүзіңізден шат күлкі, шаңырағыңыздан қуаныш, құт-береке кетпесін.

Құрметті Тұрсеке. Арқа өңірінің қалың жұртшылығы сізді қашан да мәдениеттілік пен парасаттылық, білімпаздылық пен сұңғылалық иесі деп біліп, сол игі қасиеттеріңіз үшін аса қадірлеп құрметтейді.

Сіз «Сәкентанудың» іргетасын қалаған, әдеби сынға өзіндік үлес қосқан аға буын ғалымдардың маңдайалды майталманысыз, әдебиет пен мәдениетте сіңірген еңбегіңіз еленіп үкімет тарапынан көптеген наградалармен марапатталдыңыз. Осының барлығы қайырлы-құтты болып, еңбегіңіз әрдайым жана берсін. Ұл-қыздарыңыз қызығын көріп, еліміздің елеулісі, халқымыздың қалаулысы бола беріңіз.

Құрметпен Ақмола облысының әкімі Мәжит Есенбаев

Аса құрметті қадірменді Тұрсынбек аға 80 жасқа толған үлкен мерейтойыңыз құтты болсын. Халқымыз өзіңізді әдебиет пен мәдениет саласының айтулы маманы, жан жақты дарын иесі, ұлтжанжы әрі зиялы азамат ретінде жақсы біледі әрі ерекше қадірлейді. Еліміздің әдебиеті мен мәдениетінде бүгінде сіздің алатын орныңыз аса айшықты деп айта аламыз. Сіз осынау ғибратты ғұмырыңызда бүкіл дарыныңыз бен қажыр қайратыңызды туған еліміздің игілігіне жұмсау арқылы Отанға одан да әрі жемісті қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп жүрсіз, оны әлі де көрсете бересіз деп сенеміз. Зор денсаулық отбасыңызға амандық пен береке бақыт, шығармашылық қызметіңізге алдағы уақытта да кең көкжиек тілеймін.

Құрметпен Ақмола облысының

мәдениет басқармасының бастығы

Н. Сейітжанова

ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ СЫН

Жаны жайсаң ғалым

Әзілхан Нұршайықов,

Қазақстанның халық жазушысы

Мен шинелімді сүйретіп, соғыстан келіп, университетке түскенде ол сонда оқып жүрген еді. Қалың қара шашты, айтқанынан қайтпайтын, қайсар студент болатын.

Енді қасқа бас профессор. Атақты академик. Халықтың марқасқа азаматтарының бірі.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ әдебиеті мамандығы бойынша жазылған Белгібай Шалабаевтың ғылыми - сын, әдеби аударма еңбектері атты тақырыптағы кандидаттық диссертациясының қолжазбасын талқылау
ХХ ғасыр басындағы әдебиет тарихы
ХХ басында қазақ жазба әдебиеті
Төлен Әбдіковтің прозалық шығармаларының жанрлық, тақырыптық және көркемдік ерекшеліктері
ХХ ғасырдың басындағы ірі саяси- қоғамдық өзгерістердің ұлттық әдебиетке тигізген ықпал
Ұларбек Нұрғалымұлының прозалық шығармаларындағы ұлттық болмыс
ХХ ғасырдың басында қазақ даласындағы тарихи-әлеуметтік, рухани, мәдени өзгерістерге сәйкес жаңа идеологияның қалыптасуы
Шәкәрім тілінің ерекшелігі
Ілияс Жансүгіров ақындығы
А. Байтұрсынұлы және Алаш әдебиеті
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz