М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді сөйлемдер


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
ӘОЖ 811. 512. 122'367. 332. 2 Қолжазба құқығында
БӨРІБАЕВА САФУРА БОЛАТОВНА
М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді сөйлемдер
10. 02. 02 - қазақ тілі
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация
Ғылыми жетекші
филология ғылымдарының
докторы, профессор Т. Сайрамбаев
Қазақстан Республикасы
Алматы 2009
мазмұны
Кіріспе . . . 3
1 есімді сөйлемдердің синтаксистік жүйедегі орны . . . 9
1. 1 Тіл біліміндегі есімді сөйлемдер, олардың зерттелуі . . . 9
1. 2 М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді
сөйлемдердің қолдану аясы . . . 33
1. 3 Есімді сөйлемдердің ерекшелігі . . . 46
Бірінші тарау бойынша тұжырым . . . 55
2 «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді
сӨйлемдердің түрлері, қызметі . . . 57
2. 1 Есімді сөйлемдер . . . 57
2. 1. 1 Зат есімді есімді сөйлемдер . . . 57
2. 1. 2 Сын есімді есімді сөйлемдер . . . 61
2. 1. 3 Сан есімді есімді сөйлемдер . . . 64
2. 1. 4 Есімдікті есімді сөйлемдер . . . 67
2. 2 Құрама баяндауышты есімді сөйлемдер . . . 72
2. 2. 1 Зат есімді құрама баяндауышты есімді сөйлемдер . . . 72
2. 2. 2 Сын есімді құрама баяндауышты есімді сөйлемдер . . . 81
2. 2. 3 Сан есімді құрама баяндауышты есімді сөйлемдер . . . 86
2. 2. 4 Есімдікті құрама баяндауышты есімді сөйлемдер . . . 90
2. 3 Көмекші есімді құрама баяндауышты есімді сөйлемдер . . . 96
2. 4 «Бар», «жоқ» сөзді есімді сөйлемдер . . . 101
Екінші тарау бойынша тұжырым . . . 55
Қорытынды . . . 111
Пайдаланылған Әдебиеттер тізімі . . . 114
Қосымша . . . 118
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаты . Синтаксистің зерттейтін негізгі нысандарының бірі - сөйлем. Қазақ тіл білімінің дамуы, қалыптасу тарихында бүкіл синтаксис мамандары: А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, Х. Басымов, С. Жиенбаев, Ш. Х. Сарыбаев, М. Балақаев, Т. Қордабаев, Р. Әмір, Қ. Есенов, О. Төлегенов, М. Серғалиев, Т. Сайрамбаев, Б. Сағындықұлы, Ж. Садуақасов, Ж. Жакупов, Т. Ермекова сол сияқты К. Оңалбаева, Б. Елікбаев т. б. жас ғалымдар жай және құрмалас сөйлемнің түрлерін, бір-бірінен өзіндік айырмашылықтарын, ішкі мағыналық, сыртқы құрылымдық ерекшеліктерін жан-жақты зерттеді. Десек те бүгінгі таңда сөйлем түрлерінің тілімізде бар, бірақ ғылымда әлі зерттелмеген түрлері зерттеу нысанына ене бастады. Сондай-ақ сөйлемнің құрылымдық ерекшелігі, оған сөз таптарының тікелей әсері, оның сөйлем мағынасына ықпалы да қолға алынып келеді. Қазіргі лингвистиканың даму жағдайында тіл деңгейлері арасындағы байланысты анықтау қазақ тілінің грамматикалық жүйесіндегі негізгі бағыттардың бірі болып саналады. Грамматикалық бірліктер арасындағы парадигмалық қатынасты қарастыру функционалды грамматиканың міндеті болып табылады.
Қазақ тіліндегі есімді сөйлемдер бір жүйеге түсірілмеген, оған вербоцентристік көзқарастың ықпалы мол. Өйткені етістік шақ және модальділік қатынасты білдіреді деген көзқарас басым орын алған. Сол себепті де жалпы тіл білімінде (орыс тіл білімінде) есімді сөйлемдер толымсыз сөйлемдер деп немесе нөлдік тұлғадағы сөйлемдер деп қана танылды. Ал түркі тіл білімінде А. П. Поцелуевский, қазақ тіл білімінде М. Балақаев бірінші рет есімді сөйлемдерді жеке бөліп, оның етістікті сөйлемдерден ерекше екенін алғаш көрсетті. Біздің жұмысымызда қазақ әдебиетінің классигі, жазушы М. Әуезовтің «Абай» эпопеясындағы есімді сөйлемдер, түрлері, олардың берілу жолдары, жұмсалымдық мәселесіне назар аударылды. Соның бірі - автордың есімді сөйлемдер түрлерін молынан қолдануы және олардың жасалу ерекшеліктерін анықтау. Жалпы басқа түркі тілдерінде М. Әуезов сияқты жазушылардың еңбектерін тілдік жағынан талдау жан-жақты қолға алынған. Ал қазақ тілінде осы сияқты еңбектердің тілдік жағы тіпті сөз болмады десе де болғандай. Сөйлем синтаксисі өте күрделі. Осы күрделілік олардың түр-түрімен байланысты. Қазіргі кезде қазақ тілінде жай сөйлем, құрмалас сөйлем, жалаң, жайылма, жақты жақсыз, хабарлы, лепті, сұраулы, бұйрықты, болымды, болымсыз, толымды, толымсыз, белгілі жақты, белгісіз жақты, атаулы деп беріліп келеді. Осылайша сөйлемдерді беру қалыптасты да, дегенмен соңғы кезде осы сөйлемнің түрлері қатарына есімді, етістікті сөйлемдер дейтін де түрлері орын ала бастады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Есімді сөйлемдерде ой қысқа, нақты түрде жеткізілетіні белгілі. Есімді сөйлемдер стильге тек нақтылық пен қысқалық беріп қоймай, сонымен бірге мәтін көркемдігін арттырып, шығарма мәтініне эстетикалық мән, стилистикалық, экспрессивтік реңк беріп, коммуникативтік-прагматикалық қызметте жұмсалады. Сондықтан қазақ тіл біліміндегі ертеден келе жатқан есімді сөйлемдердің ерекшелігін М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан іздеу, етістікті сөйлемдерден өзгешелігі мен коммуникативтік мақсатын анықтау арнайы зерттеуді қажет етеді. М. Әуезов романдарының көркемдік күшінің ең негізгі ерекшеліктерінің бірі оның тіл шеберлігінде. Жазушы тілінің шеберлігі, оралымдығы оның авторлық баяндауларынан да, табиғат көріністерінен де, кейіпкерлердің сөздік, бейне сипаттарынан да әрдайым айқын көрініп отырады. Қазақтың ғасырлар бойы жасалып, молығып келген тіл байлығын жазушы толық меңгерген және сонысын өзінің романдарында мейлінше мол әрі шебер пайдаланған. Тарихи тақырыпқа арналған шығарма болғанымен М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақтың қазіргі әдеби тілімен жазылған және сонымен қатар оны белгілі дәрежеде байыта, молықтыра түскен, жаңа биікке көтерген. Бұл ретте М. Әуезов романдарының атқарған рөлі ерекше. Қазақтың қазіргі әдеби тілінің байлығы мен алуан түрлі қырын М. Әуезовтің Абай туралы романдары мейлінше анық көрсетті. Есімді сөйлемдерді тек «Абай жолы» эпопеясынан ғана іздеу, оның ерекшеліктерін көрсету мәселесінің де өзіндік ерекшеліктері бар.
Оның негізгі себебі мынада деп білеміз. Осы кезге дейін есімді, етістікті сөйлемдердің жасалуы, эволюциясы туралы түрліше көзқарастар бар. Сонда ірі ғалымдар есімді сөйлемдер бұрын қалыптасты десе, керісінше, етістікті сөйлемдер бұрын қалыптасты деген де көзқарастар орын алуда. Әрине ол ғылыми талас пікір.
Біз осы фактіні байқау үшін есімді, етістікті сөйлемдердің ХХ ғасырдағы тарихи шығармалардағы берілу дәрежесіне көңіл аудару барысында есімді сөйлемдер көп те, ал қазіргі шығармаларда керісінше етістік сөйлемдер көп деген шешімге келдік, мұның себебі, біздіңше, бұрынғы жазба әдебиеті мен ауыз әдебиетінде елді, жерді, табиғат құбылыстарын, қазақ халқының таным-сенімін, мінез-құлқын, тұрмыс-салтын таныту жағы ерекше болса, соңғы кездегі әдебиеттерде оқиға желісі көбінесе іс-әрекетке, талас-тартысқа құрылғандықтан етістікті сөйлемдер басым болатын сияқты.
Зерттеу пәні. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан қазақ әдеби тіліндегі есімді баяндауыштары зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, «бар», «жоқ» сөздері арқылы жасалған жай және құрмалас сөйлемдердің қолданысы, құрамы, өзіндік ерекшеліктері мен семантикасы.
Зерттеудің нысаны. Қазақ тіліндегі сөйлем синтаксисі.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді жай және құрмалас сөйлемдердің жасалу жолдары мен жұмсалымдық қызметін, мағыналық ерекшелігін айқындау зерттеудің басты мақсаты болып табылады. Осы мақсаттың негізінде төмендегідей міндеттер туындайды:
- қазақ, түркі, орыс тіл біліміндегі жай және құрмалас сөйлем баяндауыштары туралы айтылған пікірлерге шолу жасау;
- есім баяндауышты жай және құрмалас сөйлемнің М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы қолдану аясын анықтау;
- есімді сөйлемдердің өзіндік ерекшеліктерін нақтылау;
- есім баяндауыш болатын негізгі сөз таптарының тұлғалық ерекшеліктерін саралау;
- жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің баяндауыштарына функционалды-семантикалық талдау жасау;
- есімді құрама баяндауыштардағы көмекші сөздердің дәнекерлік қызметін көрсету.
Зерттеудің дереккөздері. Тілдік материал негізінде М. Әуезовтің 1942 жылы шыққан «Абай» тарихи романының бірінші кітабы, 1947 жылы шыққан екінші кітабы, түзетіліп 1952 жылы шыққан бірінші кітабы, «Абай жолы» роман-эпопеясының 1956 жылы түзетіліп басылып шыққан екінші кітабы, «Абай жолы» роман-эпопеясының 1961, 1989 жылдары жарық көрген 1, 2 кітабы, Қ. Б. Бектаевтың «М. Әуезовтің «Абай жолы» романының жиілік сөздігі алынды.
Зерттеудің әдістері. Жұмыс барысында жинақтау, сараптау, компоненттік және сөйлемдерді талдау, сипаттау, жүйелеу әдістері де негізге алынды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
- М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді сөйлемдердің қазақ тіл білімінде алғаш арнайы зерттеу нысанына айналды;
- М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының екінші басылымында есімді сөйлемдердің мол ұшырасуы дәлелденді;
- «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді сөйлемдердің парадигматикасы мен мәтін түзушілігі, олардың құрылымдық толықтығы, коммуникативті дербестігі мен мәнмәтінге мазмұн жағынан (шартты түрде) тәуелсіз бола алатындығы дәлелденді;
- есімді жай сөйлемдердің жасалуындағы баяндауыш, оның түрлері, тұлғасы, сөз таптары, көмекші сөздер, олардың дәнекерлігі арнайы қаралды;
- роман-эпопеядағы жай сөйлемнің хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті, болымды, болымсыз, жақты, жақсыз, жалаң, жайылма, толымды, толымсыз, атаулы түрлері анықталды; есім баяндауыштар құрмалас сөйлемнің салалас, сабақтас, көп бағыныңқылы сабақтас, аралас сөйлем түрлерінде кездесетіні анықталды;
- есімді құрмалас сөйлемдердің есімді, күрделі есімді, және құрама баяндауышты түрлерінің жасалуында есімдердің (зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, «бар», «жоқ» сөздерінің) өзіндік және тұлғалық ерекшеліктері айқындалды;
- есімді сөйлемдер (баяндауышы зат есім, сын есім, сан есім, есімдік сөз таптарынан және «бар», «жоқ» сөздері арқылы жасалған) мен құрама баяндауышты есімді сөйлемдердің пайыздық мөлшері анықталды.
Жұмыстың әдіснамалық негізі . Диссертацияда А. П. Поцелуевский, А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, М. Балақаев, Т. Қордабаев, Р. Әмір, Т. Сайрамбаев, Қ. Есенов, О. Төлегенов, М. Серғалиев, Б. Сағындықұлы, Т. Ермекова, К. Оңалбаева, Б. Елікбаев, т. б. ғалымдардың негізгі теориялық тұжырымдары мен пікірлері диссертациялық зерттеудің негізгі тұғырнамасы болды.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу барысында қол жеткен ғылыми нәтижелер мен тұжырымдар есімді сөйлем туралы теориялық зерттеулерге үлес қоса отырып, қазақ тіл білімінің синтаксис, морфология, тарихи грамматика салаларының дамуына қызмет етеді. Осы сала бойынша жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарына ықпалын тигізе алады. Диссертациялық жұмыс қорытындыларын жоғары оқу орындарында филология факультеттерінің студенттеріне қазақ тілінің синтаксис саласы бойынша және көркем мәтін лингвистикасын талдауда оқылатын дәрістер мен жүргізілетін практикалық сабақтарда, арнайы курстарда, орта мектептерде көмекші құрал ретінде пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының екінші басылымында есімді сөйлемдер мол ұшырасады және роман-эпопеядағы есімді сөйлемдердің өзіндік ерекшеліктері бар.
- М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының синтаксистік жүйесі есімді сөйлемдердің белсенділігімен сипатталады, есімді сөйлемдер шығарма мәтініне эстетикалық мән, стилистикалық, экспрессивтік реңк береді.
- Есімді сөйлемдерге талдау жасау барысында предикативтілік тек етістік сөз табына ғана тән емес екені анықталды. Есімді сөйлемдердің бастауышы мен баяндауышы предикативтілік қатынаста тұрады, шақ, модальділік қатынас баяндауышының құрамындағы көмекші сөздер арқылы көрінеді.
- М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді сөйлемдердің қолданылу сипатына қарап, бұл құрылымдар дербес синтаксистік құрылым ретінде анықталды, оның өзіндік синтаксистік мүмкіндіктері бар, парадигмалық жүйесі қалыптасқан.
- Зерттеу жұмысында есімді сөйлемдердің роман-эпопеяда кездесетін мынадай түрлері бар: 1) есімді сөйлемдер (зат есімді есімді сөйлемдер; сын есімді есімді сөйлемдер; сан есімді есімді сөйлемдер; есімдікті есімді сөйлемдер) ; 2) құрама баяндауышты есімді сөйлемдер (зат есімді құрама баяндауышты сөйлемдер; сын есімді құрама баяндауышты сөйлемдер; сан есімді құрама баяндауышты сөйлемдер; есімдікті құрама баяндауышты сөйлемдер; «бар», «жоқ» сөзді құрама баяндауышты есімді сөйлемдер) ; 3) «бар», «жоқ» сөзді есімді сөйлемдер; көмекші есімді құрама баяндауышты есімді сөйлемдер.
- «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді сөйлемдердің парадигматикасы мен мәтін түзушілігі, олардың құрылымдық толықтығы, коммуникативті дербестігі мен мәнмәтінге мазмұн жағынан (шартты түрде) тәуелсіз бола алады.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен тұжырымдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтында өткен «Түркітану мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (2001, 15 маусым), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Аханов тағылымы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (2002, 13 мамыр), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен профессор Р. С. Әмірдің 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ тіл білімінің мәселелері және оқыту әдістемесі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (2005, сәуір), «Тілтаным» журналында (2006, №4, 2008, №1), ҚазҰУ хабаршысында (2007, мамыр), «Қазақ тілі ғасырлар тоғысында: теориясы, тарихы және қазіргі жайы» атты профессор М. Балақаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда» (2007, 18 қазан), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қазақстандағы шығыс тілдерін оқыту мәселесі және шығыс елдері өкілдіктерінің орны» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (2008, 28 наурыз), 8 мақала түрінде жарияланды.
Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ филологиясы кафедрасында өткен лингвистикалық семинарда (№5 хаттама 25 желтоқсан 2007 ж. ) және қазақ филологиясы кафедрасының мәжілісінде (№10 хаттама 30 сәуір 2009 ж. ) талқыланды.
Жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспе, екі тарау, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 есімді сөйлемдердің синтаксистік жүйедегі орны
1. 1 Тіл біліміндегі есімді сөйлемдер, олардың зерттелуі
Қазақ тіл білімінде ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап синтаксистің объектісі сөз тіркесі және сөйлем болса, соның ішінде сөйлемнің орны қай жағынан болса да ең елеулі орын алады деп айтуымызға болады. Тіл - қарым-қатынас жасаудың құралы да, сөйлем - сол қарым-қатынас жасауда кісінің ойын айтудың негізгі формасы. Кісінің ойы әр алуан, әрқилы болғандықтан, соларды айту үшін жұмсалатын сөйлемдер, олардың құрамы да түрлі-түрлі болады [1, 106-107 бб. ] .
Сөйлем синтаксистік конструкциялардың ішкі құрылымдық ережесі негізінде ұйымдасқан коммуникативті бірлік ретінде адам ойын бейнелейді. Грамматикалық бірліктер арқылы өмірдің нақты көрінісі бейнеленетін сөйлемде, олардың лингвистикалық сипаттамасы тұрғысынан келгенде зерттеушілер арасында сөйлемнің лингвистикалық құрылымы төңірегінде түрлі көзқарастар қалыптасқан.
Тіл біліміндегі сөйлем туралы, оның түрлері жөніндегі түрлі көзқарастарға қарағанда, олар бір біріне қарама-қарсы болып келеді, енді бір пікірлер бірін-бірі толықтырып, жинақтау сипатына ие.
Сөйлем, оның ережелері туралы пікірлер өте көп. Сөйлемге берілген анықтамалар мен олардың белгілерін атауда тіл білімінде мына белгілер анықталған: предикативтілік, модальділік, коммуникативтілік, интонациялық.
Профессор М. Балақаев сөйлемге мынандай анықтама берді: «Предикаттық қатынас негізінде біршама аяқталған ойды білдіретін тиянақты сөздер тізбегін сөйлем дейміз» - дейді [1, 16 б. ] . Бұл анықтамадан предикаттық қатынас арқылы сөйлем бастауыш, баяндауыш негіз болатынын басты өлшем болу керек. Лингвистикалық әдебиеттерде баяндауыш қызметін етістік сөз табы атқарады деген көзқарас басым болып, есім сөздердің баяндауыштық қызметі ұзақ жылдар бойы назардан тыс қалып келді. Дегенмен барлық ситаксистік еңбектерде сөйлемнің түрлеріне қатысты, баяндауыштың жасалуына қатысты есім сөздер туралы айтылып отырды.
Қазақ тілінде сөйлемдердің зерттелуі ХІХ ғасырдан басталды деп айтуға болады.
1839 жылы Қазан қаласында басылып шыққан А. К. Казамбектің «Грамматика турецко-татарского языка» деген еңбегінде синтаксис мәселесін «Общее словосочетание» (ІІІ бөлімі) түрінде ат беріп қарастырған. Негізгі тарауларда сөздердің байланысы (словосочетание), есім мен етістік сөздердің (не формаларының) синтаксистік қызметі сөз болады. Автор «Словосочетаниені» немесе синтаксисті логиканың этимологиясымен байланысу (тіркесу) тәсілі деп түсінеді. Демек, «Словосочетаниенің» грамматикалық және логикалық тұрғыдан қаралатынын ескертеді» [2, 393 б. ] .
Ал сөйлем туралы «Кіріспеде» мынадай қысқаша түсінік берілген: «… предложение или суждение о предмете посредством сочетания нескольких слов» [2, 394 б. ] . Сөйлем мен байымдау (суждение) бір-біріне тепе-тең болып алынады. Сонымен бірге, сөйлемнің бастауыш пен баяндауыштан құралатыны, баяндауыштың бастауышқа байланысты мағына білдіретіні аталып кетеді. Сондай-ақ осы еңбекте бастауыш пен баяндауыштың қандай сөздермен жасалатыны және қандай типті болатыны көрсетілген.
Баяндауышты дара түрі туралы былай дейді: «Несоставным могут быть: 1. Имена существительные, как собственные, так нарицательные, собирательные и отвлеченные, определяющие или объясняющие подлежащего… 2. Имя прилагательное, прямо определяющее качество или состояние подлежащего. 3. Местоимения личные и притяжательные . . . 4. Имена числительные… 5. Неопределенное наклонение всякого глагола… 6. Наречие вообще» [2, 415-416 бб. ] .
Баяндауыш аталған сөз таптарынан болады деп, бірақ сол сөз таптарының кейбір мағыналық, морфологиялық өзгешеліктері ескертілмейді. Ал, етістік тұлғаларынан болатын баяндауыш туралы айтылмаған.
Профессор Қазамбектің осы еңбегі қазақ тіліне тікелей қатысты болмаса да, түркі тілдерін зерттеуде ерекше орын алады. 1861 жылы Қазан қаласында А. К. Қазамбектің шәкірттері шығарған Н. И. Ильминскийдің «Турецкая хрестоматиясының» ІІІ томы тікелей қазақ тілін зерттеуге арналды.
Қазақ тілін зерттеуде, оның ішінде грамматиканың ең күрделі саласының бірі синтаксис саласын зерттеген ғалым, профессор П. М. Мелиоранский болды. Ғалым өзінің «Краткая грамматика казах-киргизского языка» деген еңбегінде қазақ тілінің синтаксисін зерттеп, көбінесе жай сөйлемге, ал құрмалас сөйлемге азырақ тоқталады.
Профессор П. М. Мелиоранскийдің «Синтаксисінде» сөйлем құрылысы, бас мүшелер жайында былай айтылған: «При плавной, спокойной речи простые предложения состоят по крайней мере из двух членов: подлежащего и сказуемого; как подлежещее, так и именное сказуемое стоят в именительном падеже, и подлежащее стоит обыкновенно перед сказуемым. Сказуемым могут быть имена и глаголы. Если сказуемое выражено посредством имени (а равно именной глагольной формы), то для показания связи между ним и подлежащим употребляются при 1-ми 2-м лице обоих чисел предикативные местоименные аффиксы, а при третьем лице обоих чисел частица «-ды», «-ді» и т. д. Эти аффиксы, а особенно частица «-ды», «-ді», иногда опускаются.
Примечание. Если при именном подлежащем сказуемое выражено именем прилагательным, то при нем обыкновенно повторяется имя, служащее подлежащим. Например, «Твоя лошадь хороша» по-киргизски будет «Сенің атың жақсы ат» [3, 1-2 бб. ] .
Бұл еңбекте жай сөйлемнің құрылысы, жұмсалу ерекшеліктері, бастауыш пен баяндауыштардың морфологиялық, синтаксистік тұлғалары тар көлемде болса да анықталмаған.
Cөйлем түрлері, жай сөйлем, құрмалас сөйлем синтаксисін зерттеу сондай-ақ А. Байтұрсынов атымен де байланысты. 1925 жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан «Тіл-құралдары» (үш кітап) оқу орындарында оқулық есебінде жұмсалған елеулі еңбек болды. Онда грамматикалық атаулар мен дыбыс, буын, сөз, сөйлем, құрылыстары жайында жүйелі түрде мағлұматтар берілген. Синтаксиске қатысты бастапқы мағлұмат үшінші «Тіл-құралында» баяндалады [4, 6 б. ] . А. Байтұрсынов еңбегінде жалаң, жайылма, болымды, болымсыз, толымды, толымсыз, сұраулы, лепті, тілекті, жай сөйлем және құрмалас сөйлем түрлерін бөліп қарастырады. Автор сөйлемдердің түрін жеке бөліп қарастырғанымен, етістікті, есімді сөйлем түрлері туралы пікір қозғамайды. Алайда автордың бұл еңбегінде сөйлем түрлерін ажырату барысында мынадай есімді сөйлемдер кездеседі:
- Болымды сөйлем: Бурыл атта бұғау бар, оны да кесер егеу бар.
- Болымсыз сөйлем : Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес деген сөйлемде мұрат емес, ұят емес зат есімдері мен болымсыз етістік арқылы жасалған құрама баяндауыштар сөйлемді тиянақтап тұр.
- Толымды сөйлем: Ағаш көркі - жапырақ, адам көркі - шүберек.
- Жалаң сөйлем: Ет жасық. Қымыз - сусын. Аспан ашық.
- Жайылма сөйлем: Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада.
Бұл сөйлемдердегі баяндауыштары жапырақ , шүберек, сусын, балада, далада - зат есімнен, ашық, қымбат - сын есім сөз таптарынан жасалған есімді сөйлемдер.
-Лепті сөйлем: Уф, алла! Тамаша қарағанға нұрың қандай!
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz